"Қайтып оралуға арналған куәлікті ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидаларын және қайтып оралуға арналған куәліктің үлгісі мен оны қорғауға қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 31 шілдедегі № 11-1-4/407 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің м.а. 2025 жылғы 21 мамырдағы № 11-1-4/292 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 27 мамырда № 36152 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қайтып оралуға арналған куәлікті ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидаларын және қайтып оралуға арналған куәліктің үлгісі мен оны қорғауға қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 31 шілдедегі № 11-1-4/407 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33227 тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қайтып оралуға арналған куәлікті ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидаларында:

      1-тармақтың орыс тіліндегі мәтініне өзгеріс енгізіледі, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді;

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Қайтып оралуға арналған куәлікті алу үшін шетелдердегі мекемелерге:

      1) еркін нысандағы өтініш немесе шет мемлекеттің құзыретті органының қолдаухаты (Қазақстан Республикасының азаматы, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адам Қазақстан Республикасына шығарып жіберілген немесе Қазақстан Республикасына берілген жағдайда);

      2) жеке басын куәландыратын құжатты жоғалтқаны туралы өтініш беру фактісін растайтын шет мемлекеттің құзыретті органы берген құжат (жоғалтқан жағдайда);

      3) өлшемі 3,5х4,5 сантиметр түрлі-түсті екі фотосурет;

      4) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" Қазақстан Республикасының Кодексінің 626-бабы 4) тармақшасына сәйкес консулдық алымның төленгенін растайтын құжаттың түпнұсқасы;

      5) жеке басын куәландыратын құжаттардың (болған кезде) бірінің түпнұсқасы немесе цифрлық құжаттар сервисі арқылы берілетін жеке басты куәландыратын электронды құжат, ал ол болмаған жағдайда осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес толтырылған сауалнама-өтініш;

      6) жынысының өзгеру фактісін растайтын шет мемлекеттің медициналық мекемесі берген тиісті құжат тапсырылады (жынысын өзгерткен жағдайда).

      Өтініш беруші осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес құжаттарды шетелдегі мекемеге тапсырған кезде, өтініштің қағаз жеткізгіште қабылданғанын растау оның көшірмесіндегі алынған күні, тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) және құжаттар топтамасын қабылдау уақыты көрсетілген белгі болып табылады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген тізбеге сәйкес құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған және (немесе) қолданылу мерзімі өтіп кеткен құжаттар ұсынылған жағдайда, шетелдердегі мекеме өтінішті қабылдаудан бас тартады.

      Өтінішті қабылдаудан бас тарту, бас тартуға негіз болған себептер жойылғаннан кейін өтініш беруші қайта жүгінген жағдайда, өтінішті қараудан бас тартуға негіз болып табылмайды.";

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Жеке басты куәландыратын құжаттардың бірінің түпнұсқасы болмаған кезде шетелдегі мекеме:

      1) осы Қағидалардың 6-тармағының 1) немесе 2) тармақшаларында көрсетілген негіздерді растау үшін құжаттарды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне (бұдан әрі – Ішкі істер министрлігі) Қазақстан Республикасының азаматтығын немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасында тұрақты тұруын растау үшін сұрау салуды жолдайды;

      2) осы Қағидалардың 6-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген негізді растау үшін құжаттарды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне (бұдан әрі – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі) Қазақстан Республикасында қолданыстағы босқын мәртебесін растау үшін сұрау салуды жолдайды.";

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Шетелдегі мекеме осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген негіздерді растаған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей қайтып оралуға арналған куәлікті ресімдейді және береді.";

      12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Қайтып оралуға арналған куәлікті ресімдеуден:

      1) өтініш беруші қайтып оралуға арналған куәлігін ресімдеу үшін ұсынған құжаттардың және (немесе) олардың ішіндегі деректердің (мәліметтердің) шындыққа сәйкес еместігінің анықталуы;

      2) өтініш берушінің және (немесе) қайтып оралуға арналған куәлігін ресімдеу үшін ұсынылған материалдардың, объектілердің, деректер мен мәліметтердің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;

      3) өтініш берушінің жеке деректерін жинауға және өңдеуге жазбаша келісімінің болмауы.

      Қайтып оралуға арналған куәлігін ресімдеуден бас тартуға негіз анықталған жағдайда, шетелдегі мекеме әкімшілік акт қабылданғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей өтініш берушіні қайтып оралуға арналған куәлігін ресімдеуден бас тарту туралы алдын ала шешім жөнінде, сондай-ақ өтініш берушіге алдын ала шешім бойынша өз ұстанымын білдіру мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін тыңдаудың уақыты, күні, орны және өткізу тәсілі туралы хабардар етеді.

      Тыңдау нәтижелері бойынша шетелдегі мекеме қайтып оралуға арналған куәлігін ресімдейді немесе оны ресімдеуден бас тартады.";

      көрсетілген бұйрыққа 2-қосымшада:

      5-тармақтың төртінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-беттің екінші жартысының бірінші ширегінде сол жағынан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген. "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы. Техникалық шарттар" ҚР СТ 989-2014 Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандарттарына сәйкес диаметрі 28 мм Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы алтын түстес.";

      7-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "3-беттің сол жағының жоғарғы бұрышында "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы. Техникалық шарттар" ҚР СТ 989-2014 Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандарттарына сәйкес диаметрі 13 мм Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген.".

      2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрінің
міндетін атқарушы
А. Рахметуллин

      "Келісілді"

      Қазақстан Республикасы

      Ішкі істер министрлігі

      "Келісілді"

      Қазақстан Республикасы

      Еңбек және халықты

      әлеуметтік қорғау министрлігі

      "Келісілді"

      Қазақстан Республикасы

      Цифрлық даму, инновациялар және

      аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

      "Келісілді"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық қауіпсіздік комитеті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады