Бюджетті жоспарлау және атқару сатыларында азаматтық бюджетті жасау, ұсыну және жариялау қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 21 мамырдағы № 244 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 22 мамырда № 36140 болып тіркелді.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4 т. қараңыз

      Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 39-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Бюджетті жоспарлау және атқару сатыларында азаматтық бюджетті жасау, ұсыну және жариялау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) бекітілсін.

      2. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң кейбiр бұйрықтарының күшi жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Бюджет заңнамасы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін;

      2) осы бұйрықты ресми жарияланған күнінен кейін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрық Қағидалардың 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 13-тармағының 4)-тармақшасы мен 19-тармағы 4)-тармақшасының төртінші бөлігін қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
М. Такиев

  Қазақстан Реcпубликасының
Қаржы министрі
2025 жылғы 21 мамырдағы
№ 244 бұйрығымен
бекітілген

Бюджетті жоспарлау және атқару сатыларында азаматтық бюджетті жасау, ұсыну және жариялау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Бюджетті жоспарлау және атқару сатыларында азаматтық бюджетті жасау, ұсыну және жариялау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің (бұдан әрі – Бюджет кодексі) 39-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және қоғамды республикалық және жергілікті бюджеттердің қалыптасуы мен атқарылуы туралы хабардар ету мақсатында азаматтық бюджетті жасау, ұсыну және жариялау тәртібін айқындайды.

      2. Азаматтық бюджет – Бюджет кодексінің 40-бабына сәйкес жұртшылыққа қолжетімді нысанда жарияланатын республикалық және жергілікті бюджеттердің негізгі ережелерін ашатын ақпарат.

      3. Азаматтық бюджетті жариялау орталық, жергілікті мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ресми интернет-ресурстарында, оның ішінде міндетті түрде ашық бюджеттердің интернет-порталында Қазақстан Республикасының ақпаратқа қол жеткізу, мемлекеттік құпиялар туралы, әкімшілік рәсімдер, қоғамдық кеңестер, ақпараттандыру туралы заңнамасының талаптары сақтала отырып, "Азаматтық бюджет" жеке құрылған қойындыда жүзеге асырылады.

      4. Азаматтық бюджет бюджеттік процестің мынадай: бюджетті жоспарлау (қалыптастыру, бекіту, нақтылау), атқару кезеңдерінде жасалады.

      5. Азаматтық бюджетті қалыптастыру мен жариялауды:

      республикалық бюджетті жоспарлау сатысында бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган;

      республикалық бюджетті атқару сатысында бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган

      жергілікті бюджеттерді жоспарлау сатысында облыстық әкімдік, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) әкімдігі, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдар;

      облыстық әкімдік, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімдігі, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты, жергілікті бюджеттердің атқарылу сатысында бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органдар;

      бюджеттік бағдарламалар бөлінісінде бюджет шығыстары бойынша бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері;

      квазимемлекеттік сектор субъектілері алатын бюджет қаражаты бойынша қамтамасыз етеді.

      6. Азаматтық бюджеттің мазмұны қысқа, түсінікті және азаматтардың қабылдауы қол жетімді түрде шығарылады, оны жариялаған кезде инфографика, суреттер, схемалар, диаграммалар, кестелер және басқа да таныстыру нысандары пайдаланылады. Көлемді материалдар машина оқитын форматта ұсынылады (кестелер – Excel-де, мәтіндік материал – Word-та).

      7. Азаматтық бюджеттің бөлімдері осы өңір үшін ерекше болып табылатын ақпаратпен толықтырылады.

2-тарау. Азаматтық бюджетті жасау тәртібі

1-параграф. Қазақстан Республикасының бюджеттік процесінің қысқаша сипаттамасы

      8. Азаматтық бюджетті жасау кезінде бюджеттік жоспарлау, бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi органдардың және мемлекеттiк жоспарлау, бюджеттi атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органдардың, облыс әкімдіктерінің, республикалық маңызы бар қала, астана, аудандық (облыстық маңызы бар қала) әкімдіктерінің, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдері аппараттарының ресми интернет-ресурстарында (бұдан әрі – интернет-ресурстар) "Азаматтық бюджет" салымында Қазақстан Республикасының бюджеттік процесінің қысқаша сипаттамасы орналастырылады.

      9. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдар, облыстық әкімдіктер, республикалық маңызы бар қала, астана әкімдіктері, аудандық (облыстық маңызы бар қалалар) әкімдіктер, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің аппараттары бюджет процесін сипаттау кезінде бюджетті жоспарлаудың негізгі рәсімдерін көрсетеді:

      республикалық бюджетті, облыстық бюджетті, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетін, аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджетті, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджетін кім және қалай жоспарлайды;

      республикалық бюджетті, облыстық бюджетті, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетін, аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджетті, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджетін кім қарайды және қандай нормативтік құқықтық актілерге сәйкес бекітіледі;

      Бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органдар, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің аппараттары бюджет процесін сипаттау кезінде бюджетті атқарудың негізгі рәсімдерін көрсетеді:

      республикалық бюджеттің, облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетінің, аудандық (облыстық маңызы бар қала), аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджетінің атқарылуын кім қамтамасыз етеді;

      түсімдер мен шығыстар бойынша тиісті бюджетті атқарудың негізгі кезеңдері;

      ұлттық ресурстарды пайдалану көздері мен бағыттары туралы ақпаратты;

      бюджет процесінің барлық кезеңдерінде бюджеттік сыныптамаға сәйкес егжей-тегжейлі деректер;

      Бюджет кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда түзетулердің қысқаша ақпараты, түзетулердің қашан және қандай себептермен енгізілгені көрсетіледі;

      есепті қаржы жылына бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есептің жасалуы, қаралуы және бекітілуі көрсетіледі.

2-параграф. Бюджетті жоспарлау (қалыптастыру, бекіту, нақтылау) сатысында

      10. "Бюджетті жоспарлау (қалыптастыру, бекіту, нақтылау) сатысында" деген бөлім "Қазақстан Республикасының негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері" немесе "Өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері", "Бюджеттің түсімдері мен шығыстары", тиісті бюджеттің "Дефициті (профициті)" деген кіші бөлімдерді және түсіндірме сипатындағы басқа да бюджеттік ақпаратты қамтиды.

      11. "Қазақстан Республикасының негiзгi әлеуметтiк-экономикалық көрсеткiштерi" деген кіші бөлім Қазақстан Республикасының негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері бойынша болжамды ақпаратты қамтиды, оның ішінде: жалпы ішкі өнім (бұдан әрі – ЖІӨ) көлемі; ЖІӨ-нің нақты өзгеруі, алдыңғы жылға қарағанда пайызбен; халықтың жан басына шаққандағы ЖІӨ; мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі; мұнайдың орташа жылдық әлемдік бағасы; инфляция; тауарлардың экспорты мен импорты; сауда теңгерімі сальдосы мен тиісті кезеңге бюджеттік шығыстардың мемлекеттік саясаты туралы жалпы көрініс беретін жоспарланған үш жылдық кезеңге республикалық бюджеттің негізгі өлшемдері.

      Республикалық деңгейде мынадай көрсеткіштерді қамтитын негізгі әлеуметтік көрсеткіштер көрсетіледі: ең төменгі күнкөріс деңгейі, айлық есептік көрсеткіш, ең төменгі жалақы мөлшері, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері, ең төменгі зейнетақы мөлшері, жұмыссыздық деңгейi.

      12. "Өңірдің негiзгi әлеуметтiк-экономикалық даму көрсеткiштерi" деген кіші бөлім тиісті кезеңге бюджеттік шығыстардың мемлекеттік саясаты туралы жалпы көрініс беретін жоспарланған үш жылдық кезеңге облыстық деңгейде, республикалық маңызы бар қала, астана деңгейінде негiзгi әлеуметтiк-экономикалық даму көрсеткiштерi, алдыңғы жылдармен салыстырғандағы жалпы өңірлік өнімнің (бұдан әрі – ЖӨӨ) болжамды деңгейі бойынша ақпаратты қамтиды.

      Жергілікті бюджеттер деңгейінде айлық есептік көрсеткіш, ең төменгі жалақы мөлшері, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері, ең төменгі зейнетақы мөлшері, стипендия, жәрдемақы мөлшері көрсетіледі.

      13. "Бюджеттің түсімдері мен шығыстары" деген кіші бөлім алдыңғы жылдармен салыстыру жолымен үш жылдық кезеңге жоспарланып отырған бюджет түсімдері мен шығыстары туралы ақпаратты қамтиды.

      Бюджет түсімдерінде мыналар:

      1) салық түсiмдерi;

      2) салықтық емес түсімдер;

      3) негiзгi капиталды сатудан түсетін түсімдер;

      ЗҚАИ-ның ескертпесі

      4) тармақша 01.01.2026 бастап қолданысқа енгізіледі осы бұйрықтың 4-т. сәйкес.

      4) арнайы түсімдер;

      5) трансферттер түсімдері бойынша талдамалы ақпарат көрсетіледі.

      Бюджет шығыстарында функционалдық топтар бөлінісінде алдыңғы жылдармен салыстырғанда жоспарланатын үш жылдық кезеңге арналған негізгі басым бағыттар туралы ақпарат келтіріледі.

      14. Бюджеттің "Тапшылығы (профициті)" деген кіші бөлімде республикалық бюджет туралы заңға сәйкес республикалық бюджеттің немесе тиісті кезеңге арналған жергілікті бюджет туралы мәслихат шешіміне сәйкес жергілікті бюджеттердің тапшылығын қаржыландыру көлемінің (профицитін пайдалану) деректері көрсетіледі

      Республикалық бюджеттің мұнай емес тапшылығы (профициті) бойынша деректер көрсетіледі.

      15. Республикалық бюджет деңгейіндегі азаматтық бюджетке елдің жалпыұлттық басымдықтарына қол жеткізу жөніндегі шараларды қамтамасыз ету үшін басым бюджеттік қаржыландырудың бағыттарын көрсететін және республикалық бюджет жобасында белгіленген шешімдерді ашатын ақпарат енгізіледі.

      Мемлекеттік басқару секторының борыштық міндеттемелерінің жай-күйі туралы ақпарат, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша және оларды орындауға республикалық бюджет жобасында бюджет қаражаты көзделетін мемлекеттік тапсырмалар туралы ақпарат, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының түсімдері мен шығыстарының болжамы көзделеді.

      Азаматтық бюджетке оның шығыстарының негізгі бағыттары бойынша республикалық бюджет жобасына мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарын алдын ала бағалау туралы ақпарат енгізіледі.

      16. Жергілікті бюджет деңгейіндегі азаматтық бюджетке жергілікті бюджет жобасына енгізілген шешімдерді ашып көрсететін ақпарат, жергілікті атқарушы орган борышының жай-күйі туралы, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мәліметтер және халық қатысатын бюджетті іске асыру жөніндегі ақпарат енгізіледі.

      Азаматтық бюджетке оның шығыстарының негізгі бағыттары бойынша облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеті жобасына ревизиялық комиссиялардың алдын ала бағалау туралы ақпарат енгізіледі.

      17. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері "Бюджетті жоспарлау (қалыптастыру, бекіту, нақтылау) сатысында" деген бөлімді:

      бюджеттік бағдарламалардың паспорттарында көзделген іс-шараларды, жоспарланатын шығыстарды сипаттай отырып және сомаларды миллион теңгеде көрсете отырып бюджеттік бағдарламалар, халық пен ел үшін жоспарланатын пайданы көрсете отырып, тікелей және түпкілікті нәтижелер көрсеткіштері туралы (көрсетілетін қызметтерді (жұмыстарды) түпкілікті алушы ел халқы болып табылатын бюджеттік бағдарламалар бойынша ақпарат, оның ішінде мектептер, ауруханалар, автомобиль жолдары және басқа да объектілер құрылысы, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер туралы, сондай-ақ жұмыс орындарын құру, жалақыны ұлғайту бойынша ақпарат енгізіледі);

      бюджеттік инвестициялық жобаларға, заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарын қалыптастыруға және (немесе) ұлғайтуға мәлімделетін шығыстардың экономикалық әсерін бағалау туралы;

      халық қатысатын бюджетті туралы (халық қатысатын бюджетті іске асыруды жүзеге асыратын жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері үшін) ақпараттарды енгізе отырып, жасайды.

      18. Квазимемлекеттік сектор субъектілері бөлінетін бюджет қаражаты бойынша іс-шаралар сипаттамасы мен ақпараттарды, іс-шаралар жоспарларының немесе даму жоспарларының жоспарланған нысаналы индикаторлары туралы ақпаратты қоса отырып, "Бюджетті жоспарлау (қалыптастыру, бекіту, нақтылау) сатысында" деген бөлімді жасайды.

3-параграф. Бюджеттi атқару сатысында

      19. "Бюджетті атқару сатысында" деген бөлімде республикалық немесе жергілікті бюджеттердің атқарылуы туралы ақпарат қамтылады.

      "Бюджетті атқару сатысында" деген бөлім ай сайынғы негізде қалыптастырылады. Бір рет жартыжылдықтың қорытындысы шығарылады (жартыжылдық шолу). Жылдың қорытындысы бойынша жылдық азаматтық бюджет (жылдық шолу) жасалады.

      Ай сайынғы азаматтық бюджетте бюджеттің атқарылу сатысында мынадай: бюджеттің түсімдері мен шығыстары бойынша атқарылу сипатындағы ақпарат көрсетіледі.

      Бюджет түсімдерінде:

      1) салықтық түсімдер;

      2) салықтық емес түсімдер;

      3) негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер;

      ЗҚАИ-ның ескертпесі

      4)-тармақшасының төртінші бөлігі 01.01.2026 бастап қолданысқа енгізіледі осы бұйрықтың 4-т. сәйкес.

      4) арнайы түсімдер;

      5) трансферттер түсімдері бойынша талдамалық ақпарат көрсетіледі.

      Кірістер бойынша есепті кезеңге жоспарлы деректермен салыстырғандағы, есепті жылға жоспарлы деректермен салыстырғандағы, сондай-ақ тиісті есепті күнге алдыңғы кезеңдердің (кемінде соңғы үш жыл) нақты деректермен салыстырғандағы есепті деректер көрсетіледі. Есепті кезеңде кірістердің өсуі және (немесе) азаюы қандай түсімдердің есебінен болғаны туралы ақпарат ашылады.

      Шығыстар бойынша есепті кезеңге жоспарлы цифрлармен салыстырғандағы, есепті жылға жоспарлы цифрлармен салыстырғандағы, сондай-ақ тиісті есепті күнге алдыңғы кезеңдердің (кемінде соңғы үш жыл) нақты цифрларымен салыстырғандағы ағымдағы атқару көрсетіледі. Шығыстардың негізгі басым бағыттары көрсетіледі (деректер үдемелі қорытындымен көрсетіледі).

      Бюджетті атқару сатысында азаматтық бюджетті жартыжылдықта және жылдық шолуда ай сайынғы негізде берілетін ақпаратқа қосымша мыналарға:

      негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің (ЖІӨ және (немесе) ЖӨӨ, инфляция деңгейі, жұмыссыздық деңгейі) атқарылуына;

      нақты атқарылуы ескеріле отырып, толық қаржы жылына экономикалық болжамды, кірістер мен шығыстар болжамын қоса алғанда, бюджетті нақтылау себептері мен көздерін көрсете отырып, бекітілген бюджетпен салыстырғандағы тиісті қаржы жылына бюджет параметрлерін нақтылауға талдау жүргізіледі.

      Бюджетті атқару сатысындағы азаматтық бюджеттің жылдық шолуында нәтижелердің қол жеткізілген (қол жеткізілмеген) көрсеткіштерін, сондай-ақ халық пен ел үшін алынған пайда нәтижелері туралы, бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бойынша бөлінген қаражатты игеру (көрсетілетін қызметтерді (жұмыстарды) түпкілікті алушы ел халқы болып табылатын бюджеттік бағдарламалар бойынша ақпарат, оның ішінде мектептер, ауруханалар, автомобиль жолдарының құрылысы бойынша жобалардың жүзеге асуы және басқа да объектілер, жұмыстар, қызметтер туралы, сондай-ақ жұмыс орындарын құру, жалақыны ұлғайту бойынша ақпарат енгізіледі) туралы талдау да көрсетіледі.

      Бюджетті атқару жөніндегі, оның ішінде жүргізіліп отырған бюджет саясаты және оны іске асыру туралы талдамалық ақпарат көрсетіледі.

      Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары ұсынымдарының орындалуы туралы ақпарат көрсетіледі.

      20. Республикалық бюджет бойынша азаматтық бюджетте мемлекеттік басқару секторы міндеттемелерінің жай-күйі туралы ақпарат ашылады, республикалық деңгейдегі мемлекеттік борыш бойынша борыштың құрылымы бойынша бөліністе соңғы бес жылдағы мемлекеттік борыштың серпіні қамтылады (Қазақстан Республикасы Үкіметінің борышы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің борышы, жергілікті атқарушы органдардың борышы), мемлекеттік борыштың ЖІӨ-ге қатынасының сақталуы көрсетіледі.

      Жартыжылдық және жылдық негіздегі мемлекеттік борышқа сәйкес егжей-тегжейлі деректер көрсетіледі.

      Бюджеттен тыс қорлардың (Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры, Жәбірленушілерге өтемақы қоры, Арнаулы мемлекеттік қор) түсімдері мен шығыстары туралы ақпарат көрсетіледі.

      21. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мемлекеттік органның даму жоспарының көрсеткіштерін, бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуы туралы есептерді, тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақша түсімдері мен шығыстары жоспарларының орындалуы туралы есептерді, қайырымдылықтан түсетін ақшаның түсімі мен жұмсалуы туралы есептерді және мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау қорытындылары бойынша ақпаратты орындау нәтижелерін орналастыра отырып, "Бюджетті атқару сатысында" бөлімін жасайды.

      Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері азаматтар үшін қолжетімді нысанда нәтижелердің қол жеткізілген (қол жеткізілмеген) көрсеткіштерін, халық пен ел үшін алынған пайда нәтижелері туралы, бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бойынша бөлінген қаражатты игеру (көрсетілетін қызметтерді (жұмыстарды) түпкілікті алушы ел халқы болып табылатын бюджеттік бағдарламалар бойынша ақпарат, оның ішінде мектептер, ауруханалар, автомобиль жолдары құрылысы бойынша жобалардың жүзеге асыру және басқа да объектілер, жұмыстар, қызметтер туралы, сондай-ақ жұмыс орындарын құру, жалақыны ұлғайту бойынша ақпарат енгізіледі) туралы ақпаратты да орналастырады;

      Жергілікті бюджеттер деңгейінде халық қатысатын бюджетті іске асыруды жүзеге асыратын жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері халық қатысатын бюджеттің іске асырылуы туралы ақпаратты орналастырады.

      22. Квазимемлекеттік сектор субъектілері алынған бюджет қаражаты бойынша бөлінген бюджет қаражаты бойынша, іс-шаралар жоспарларының немесе даму жоспарларының нысаналы индикаторларының орындалуы туралы орындалған іс-шаралар мен нәтижелердің сипаттамасын, сондай-ақ мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау қорытындылары бойынша ақпаратты орналастыра отырып, "Бюджетті атқару сатысында" деген бөлімді жасайды.

3-тарау. Азаматтық бюджетті жариялау тәртібі

      23. Азаматтық бюджетті жариялау осы Қағидалардың 3-тармағына сәйкес қазақ және орыс тілдерінде жүзеге асырылады.

      Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдері аппараттарының ресми интернет ресурстары болмаған кезде аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің "Азаматтық бюджет" деген салымы жоғары тұрған бюджетті мемлекеттік жоспарлау және бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органдардың интернет-ресурсында орналастырылады.

      Пайдаланушылардың қолайлылығын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік жоспарлау, бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органның "Азаматтық бюджет" деген салымы бойынша интернет-ресурстарға өзара сілтеме жасауға жол беріледі.

      Азаматтық бюджетті бюджеттік жоспарлау және бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган, облыстық әкімдіктер, республикалық маңызы бар қала, астана әкімдіктері, аудандық (облыстық маңызы бар қалалар) әкімдіктер, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараттары, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері және квазимемлекеттік сектор субъектілері де ашық бюджеттердің интернет-порталында қазақ және орыс тілдерінде орналастырады

      24. Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда Қазақстан Республикасының бюджет процесінің заңнамалық базасы және бюджет процесінің схемасы жиырма күнтізбелік күн ішінде тиісті нормативтік құқықтық актілер қолданысқа енгізілгеннен кейін жаңартылады.

      25. "Бюджетті жоспарлау (қалыптастыру, бекіту, нақтылау) сатысында" деген кіші бөлім бойынша осы Қағидалардың 2-тарауының 2-параграфына сәйкес мынадай ақпарат орналастырылады:

      бюджетті жоспарлау (қалыптастыру) бойынша бюджет жобасын тиісті деңгейдің өкілді органына қарауға енгізу мерзіміне дейін бес жұмыс күні бұрын;

      бюджетті бекіту (нақтылау) бойынша тиісті деңгейдегі өкілді орган бюджетті қабылдағаннан кейін күнтізбелік жиырма күн ішінде.

      26. Бюджетті атқару жөніндегі орталық және жергілікті уәкілетті органдардың, облыстық әкімдіктің, республикалық маңызы бар қала, астана әкімдігінің, аудандық (облыстық маңызы бар қала) әкімдіктің, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының "Бюджетті атқару сатысында" деген бөлімі бойынша ақпарат:

      есепті айдан кейінгі айдың 25-ші күніне дейінгі ай сайынғы ақпарат;

      тиісті жылдың 1-ші қыркүйегінен кешіктірмей жарты жылдық шолу;

      есепті қаржы жылындағы тексеру нәтижелері бойынша мемлекеттік аудит органдарының ұсынымдарымен бір мезгілде тиісті деңгейдегі өкілді орган бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті бекіткеннен кейінгі бір ай ішіндегі жылдық шолу орналастырылыды.

      Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері және квазимемлекеттік сектор субъектілері "Бюджетті атқару сатысында" деген бөлім бойынша ақпаратты тиісті деңгейдегі өкілді орган бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті бекіткеннен кейін бір ай ішінде орналастырады.

      27. Қаржы жылының соңындағы борыштың жай-күйі туралы талдамалы ақпаратты қамтитын мемлекеттік борыш жөніндегі ақпаратты бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган қалыптастырады және жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Парламентінде республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есеп бекітілгеннен кейін бір ай ішінде ресми интернет-ресурста орналастырылады.

      28. Мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің осы Бюджетті жоспарлау мен атқару сатыларында азаматтық бюджетті жасау, ұсыну және жариялау қағидаларының ережелері Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің мемлекеттік құпиялар, жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметін жүзеге асыру, сыртқы саяси қызметті, елдің қорғаныс қабілеті мен ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін реттейтін актілерінде белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып қолданылады.

  Қазақстан Реcпубликасының
Қаржы министрі
2025 жылғы 21 мамырдағы
№ 244 Бұйрығына
қосымша

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің күші жойылған кейбір бұйрықтарының тізбесі

      1. "Бюджеттік жоспарлау және бюджеттерді атқару сатыларында азаматтық бюджетті жасау мен ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 9 қаңтардағы № 15 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16261 болып тіркелді);

      2. "Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2022 жылғы 5 наурыздағы № 249 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің өзгерістер енгізілетін кейбір бұйрықтарының тізбесінің 3-тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 27069 болып тіркелді);

      3. "Бюджеттік жоспарлау және бюджеттерді атқару сатыларында азаматтық бюджетті жасау мен ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 9 қаңтардағы № 15 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 2023 жылғы 10 қазандағы № 1080 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33535 болып тіркелді).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады