Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабының 2-3-тармағына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес Шемонаиха аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Осы шешімнің 1-қосымшасына сәйкес Әлеуметтік көмек көрсетудің, мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары бекітілсін.
2. Осы шешімнің 2-қосымшасына сәйкес Шемонаиха аудандық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Шемонаиха аудандық мәслихатының 2024 жылғы 9 ақпандағы № 13/4-VIII шешіміне 1-қосымша |
Шемонаиха ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары
Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха аудандық мәслихатының 14.08.2026 № 50/4-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы әлеуметтік көмек көрсетудің, мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) қаулысына сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" (бұдан әрі – мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты "бір терезе" қағидаты бойынша ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;
2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
3) әлеуметтік көмек – Шемонаиха ауданының жергілікті атқарушы органымен мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;
4) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – жергілікті бюджет есебінен қаржыланатын, әлеуметтік көмекті жүзеге асыратын "Шемонаиха ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;
5) әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйым – екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының тиісті түрлеріне қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар ұйымдар, "Қазпошта" акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелері;
6) ең төмен күнкөріс деңгейі – Қазақстан Республикасының ең төменгі тұтыну себетінің құнына тең бір адамға шаққандағы қажетті ең төменгі ақшалай кіріс;
7) жан басына шаққандағы орташа кірісі – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;
8) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
9) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіби және өзге де мерекелері;
10) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
11) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайына зерттеп-қарау жүргізу үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;
12) шекті мөлшер – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері;
13) цифрлық құжаттар сервисі – "электрондық үкімет" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторға бекітіп берілген және ақпараттандыру объектілерінен алынған мәліметтер негізінде қалыптастырылған электрондық түрдегі құжаттарды көрсетуге және пайдалануға арналған объектісі;
14) "электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан әрі – портал) – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, барлық шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік және өзге де қызметтерге қол жеткізудің "ортақ терезесі" дегенді білдіретін ақпараттандыру объектісі;
15) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы.
3. Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 71-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 10-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көрсетілген әлеуметтік қолдау шаралары осы Қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.
4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, күнтізбелік жылда бір рет) көрсетіледі, өтініш берген айдан бастап жүзеге асырылады.
5. Осы Қағидалар Шемонаиха ауданының аумағында тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелген тұлғаларға қолданылады.
6. Учаскелік және арнайы комиссиялар өз қызметін Шығыс Қазақстан облысы әкімдігімен бекітілген ережелердің негізінде жүзеге асырады.
2-тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі
7. Атаулы күндер мен мереке күндеріне орай әлеуметтік көмек мезгіл-мезгіл (жылына 1 рет) ақшалай төлемдер түрінде көрсетіледі.
Мереке күндері мен атаулы күндерге әлеуметтік көмек кемінде 2,5 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде белгіленеді және күнтізбелік жылда бір рет тағайындалады.
Бірнеше негіздер болған кезде мереке күндері мен атаулы күндерге әлеуметтік көмек тек бір негіз бойынша тағайындалады.
8. Атаулы күндер мен мереке күндеріне орай әлеуметтік көмек азаматтардың мынадай санаттарына көрсетіледі:
1) Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні – 15 ақпан;
бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы (әрі қарай – КСР) үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерiне, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса алғанда) – 150 000 (жүз елу мың) теңге;
оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлерге – 150 000 (жүз елу мың) теңге;
Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерiне – 150 000 (жүз елу мың) теңге;
бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлеріне – 150 000 (жүз елу мың) теңге;
Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлерге – 150 000 (жүз елу мың) теңге;
бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілеріне – 150 000 (жүз елу мың) теңге;
Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына – 150 000 (жүз елу мың) теңге;
2) Халықаралық әйелдер күні – 8 наурыз:
"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көп балалы аналарға – 15 000 (он бес мың) теңге;
төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары, оның ішінде білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімде оқитын (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) балалары бар көп балалы отбасыларға – 15 000 (он бес мың) теңге;
3) Отан қорғаушылар күні – 7 мамыр:
1992 жылғы қыркүйектен 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжік-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне - 150 000 (жүз елу мың) теңге;
2003 жылғы тамыздан 2008 жылғы қазан аралығындағы кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне - 150 000 (жүз елу мың) теңге;
1986 жылдан 1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілерге, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына - 150 000 (жүз елу мың) теңге;
1986-1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға – 150 000 (жүз елу мың) теңге;
1988-1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюшылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға - 150 000 (жүз елу мың) теңге;
Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдарға және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына – 70 000 (жетпіс мың) теңге;
бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасыларына – 15 000 (он бес мың) теңге;
4) Жеңіс күні – 9 мамыр:
Ұлы Отан соғысына қатысушыларына, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағын қорғау бойынша басқа да ұрыс операциялары кезiнде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтар мен мекемелерде қызмет өткерген әскери қызметшiлеріне, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушiлерiне – 5 000 000 (бес миллион) теңге;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде майданда, ұрыс қимылдары ауданында, майдан маңындағы теміржол учаскелерінде, қорғаныс шептерінің, әскери-теңіз базалары мен әуеайлақтардың құрылысжайларында жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген майдандағы армия мен флоттың әскери қызметшілеріне, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушілеріне, сондай-ақ жұмысшылар мен қызметшілеріне – 5 000 000 (бес миллион) теңге;
майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда Ұлы Отан соғысы кезеңінде қызмет өткерген әскери қызметшiлеріне, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына 130 000 (жүз отыз мың) теңге;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде белсенді армияның құрамына кірген әскери бөлімдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық лауазымдарды атқарған Кеңес Армиясының, Әскери-Теңіз Флотының, бұрынғы КСР Одағының әскерлері мен ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының жалдамалы құрамының адамдарына - 130 000 (жүз отыз мың)теңге;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген бөлiмдердiң, штабтар мен мекемелердiң құрамында полк балалары (тәрбиеленушiлерi) және юнгалар ретiнде болған адамдарға –130 000 (жүз отыз мың) теңге;
Екiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында шет елдердiң аумағында партизан отрядтары, астыртын топтар және басқа да фашизмге қарсы құралымдар құрамында фашистiк Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан адамдарға – 130 000 (жүз отыз мың) теңге;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде әскери қызметшілердің жағдайына көшірілген қатынас жолдары халық комиссариатының, Байланыс халық комиссариатының, кәсіпшілік және көлік кемелерінің өзгермелі құрамының және авиацияның ұшу-көтеру құрамының арнайы құрамаларының қызметкерлеріне - 130 000 (жүз отыз мың) теңге;
Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтарға – 130 000 (жүз отыз мың) теңге;
Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарға – 130 000 (жүз отыз мың) теңге;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысының қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) – 130 000 (жүз отыз мың) теңге;
Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға – 130 000 (жүз отыз мың) теңге;
1941 жылғы 22 маусымнан 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі және мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адамдарға – 80 000 (сексен мың) теңге;
5) Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні– 31 мамыр:
саяси қуғын-сүргін құрбаны деп танылған немесе саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен, мүгедектігі бар немесе зейнеткер болып табылатын азаматтарға –13 000 (он үш мың) теңге;
6) Семей ядролық полигонының жабылу күні - 29 тамыз:
18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға (мүгедектігі бар балалардың ата-аналарының біріне немесе өзге де заңды өкілдеріне) – 15 000 (он бес мың) теңге;
7) Тәуелсіздік күні – 16 желтоқсан:
Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін, осы оқиғаларда қасақана кісі өлтіргені және милиция қызметкерінің, халық жасақшысының өміріне қастандық жасағаны үшін сотталған, өздеріне қатысты қылмыстық істерді қайта қараудың қолданылып жүрген тәртібі сақталатын адамдарды қоспағанда, қуғын-сүргіндерге ұшыраған тұлғаларға – 200 000 (екі жүз мың) теңге;
9. Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін:
1) дүлей апат салдарынан азаматқа (отбасына) не оның жылжымайтын мүлкіне зиян келуі;
2) өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның жылжымайтын мүлкіне зиян келуі;
3) әлеуметтік маңызы бар аурулардың болуы;
4) республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленетін бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы негіз болып табылады.
10. Ақшалай нысандағы бір реттік әлеуметтік көмек алушылардың келесі санаттарына:
1) жан басына шаққандағы орташа кірісі есепке алынып:
әлеуметтік маңызы бар аурулары бар азаматтарға (отбасыларға) - 20 айлық есептік көрсеткіш;
жан басына шаққандағы орташа табысы жергілікті өкілетті органдар белгілеген шектен аспайтын азаматтарға (отбасыларға) - 100 айлық есептік көрсеткішке дейін;
2) жан басына шаққандағы орташа кірісі есепке алынбай:
дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның жылжымайтын мүлкіне зиян келген жағдайда - 100 айлық есептік көрсеткіш.
Дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан мүлікке залал келтірілген кезде әлеуметтік көмек зардап шеккен мүліктің орналасқан жері бойынша оның меншік иесінің тіркелген жеріне қарамастан көрсетіледі.
Осы негіздер бойынша жүгіну мерзімдері оқиғалар басталған күннен бастап үш ай ішінде жасалады.
Бірінші топтағы мүгедектігі бар адамды санаторий-курорттық емдеуге алып жүретін адамның жергілікті атқарушы органдардың санаторийлік-курорттық ұйымда болу құнын санаторий-курорттық емделу құнын өтеу үшін кірістерді есепке алмағанда, уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын санаториялық-курорттық емдеу құнын өтеу ретінде ұсынылатын кепілдендірілген соманың жетпіс пайызы мөлшерінде жылына 1 рет өтеуге құқығы бар (жұмыс берушінің кінәсінен еңбек жарақатын немесе кәсіптік ауруға шалдыққан мүгедектігі бар адамдарды қоспағанда).
Өтемақы санаториялық-курорттық ұйымында тұру фактісін растайтын құжаттарды ұсынған кезде төленеді.
Осы негіз бойынша жүгіну мерзімдері оқиғалар басталған күннен бастап екі ай ішінде жасалады.
11. Ақшалай нысандағы мерзімді (ай сайын) әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа кірісі есепке алынбай:
адамның иммун тапшылығын вирусын (АИТВ) жұқтырған және диспансерлік есепте тұрған балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне ең төмен күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінде;
Шығыс Қазақстан облысы Денсаулық сақтау басқармасының "Шемонаиха ауданының аудандық ауруханасы" шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының ұсынылған тізіміне сәйкес туберкулез ауруымен ауыратын және емнің амбулаториялық сатысындағы азаматтарға – 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетіледі.
12. Осы Қағидалардың 10-тармағының 1) тармақшасында көзделген негіздер бойынша көмек тағайындау үшін жан басына шаққандағы орташа табыс шегі Қазақстан Республикасының ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселік шамасы мөлшерінде белгіленеді.
3-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі
13. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына берілетін әлеуметтік көмекті алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан (немесе Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 167-бабына сәйкес берілген сенімхат бойынша өкілі) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне немесе мемлекеттік корпорацияға осы Үлгілік қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінішпен немесе осы Үлгілік қағидаларға 1-1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша порталға электрондық түрдегі өтінішпен жүгінеді.
Жазбаша өтініш берген кезде құжаттарды қабылдайтын маман "электрондық үкімет" шлюзі арқылы мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың тиісті ақпараттық жүйелеріне (бұдан әрі – АЖ) осы Үлгілік қағидаларға 1-2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша сұрау салулар қалыптастырады.
АЖ-да мәліметтер сәйкес келмеген (болмаған) кезде өтініш беруші өтінішке мынадай құжаттарды қоса береді:
1) жеке басын куәландыратын құжат не цифрлық құжаттар сервисінен алынған электрондық құжат (жеке басты сәйкестендіру үшін);
2) адамның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер (адамның (отбасы мүшелерінің) табысына қарамай тағайындалатын әлеуметтік көмекті алу үшін адамның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер ұсынылмайды);
3) мұқтаждар санатына жатқызу негіздерінің болу фактісін растайтын төменде санамаланған құжаттардың бірі:
дүлей зілзала салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келу фактісін растайтын құжат;
өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келу фактісін растайтын құжат;
әлеуметтік мәні бар сырқатының болу фактісін растайтын құжат.
Салыстырып тексеру үшін құжаттардың төлнұсқалары және көшірмелері ұсынылады. Салыстырып тексерілгеннен кейін құжаттардың төлнұсқасы өтініш берушіге қайтарылады.
Өтініш беруші құжаттар топтамасын толық ұсынбаған және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынған кезде осы Үлгілік қағидаларға 1-3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуметтік көмек көрсетуге өтінішті қабылдаудан бас тарту туралы қолхат беріледі.
Өтініш беруші әлеуметтік көмекке портал арқылы электрондық түрде жүгінген кезде мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың АЖ-на қажетті мәліметтерді алу үшін өтініш берушінің өзі сұрау салады.
Бұл ретте мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың АЖ-нан келіп түскен электрондық өтініш пен мәліметтерді өтініш беруші өзінің ЭЦҚ-мен куәландырады.
14. Әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру жергілікті бюджетте көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.
Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек сомаларын Мемлекеттік корпорацияға аударады.
Мемлекеттік корпорация әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органнан алынған әлеуметтік көмек сомаларын әлеуметтік көмек алушылардың банктік шоттарына аударады.
Әлеуметтік көмекті есептеу және көрсету кезінде тиындармен есептелген барлық сомалар тиындар сомасына қарамастан бір теңгеге дейін дөңгелектенуге жатады.
15. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:
1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;
2) тұлғаның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден өтініш беруші бас тартқан, жалтарған;
3) тұлғаның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа кірісі әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді органдар белгілеген шектен артық болған;
4) уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінен әлеуметтік көмек тағайындау, осы негіз бойынша төлемді жүзеге асыруға өтініш беру фактісін растайтын мәліметтер алынған жағдайларда жүзеге асырылады.
16. Әлеуметтік көмек:
1) алушы қайтыс болған;
2) алушының тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктен тыс тұрақты тұруға кеткен;
3) алушы мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберілген;
4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;
5) әлеуметтік көмек көрсетуге негіз болмай қалғаны туралы мәліметтер анықталған жағдайларда тоқтатылады.
Осы тармақтың 3) тармақшасы осы Қағидалардың 9-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша тағайындалған әлеуметтік көмек төлеуге қолданылмайды.
Осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмек төлеу көрсетілген мән-жайлар басталғаннан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.
Осы тармақтың 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмек төлеу көрсетілген мән-жайлар басталған күннен бастап тоқтатылады.
17. Әлеуметтік көмектің артық төленген сомалары ерікті түрде қайтарылуға жатады, заңсыз алынған сомалар ерікті немесе сот тәртібімен қайтарылуға жатады.
18. Әлеуметтік көмек көрсетудің мониторингі мен есебін уәкілетті орган "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқоры және отбасының цифрлық картасымен интеграциялау негізінде жүргізеді.
19. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган қабылдаған әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім негізінде мемлекеттік корпорация:
біржолғы төлемдер бойынша - күн сайын;
ай сайынғы төлемдер бойынша төлем жасалатын айдың алдындағы айдың 27-і күні әлеуметтік көмек төлеу үшін бюджет қаражатына сұранысты қалыптастырады.
20. Сұраныс қалыптастырылғаннан кейін мемлекеттік корпорация келесі жұмыс күнінен кешіктірмей әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінім жібереді.
Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінім түскеннен кейін екі жұмыс күні ішінде мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомалары туралы өтінімде көзделген сома шегінде ақшалай қаражат аударады.
Айдың 27-і күнінен кейін түскен әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомалары туралы өтінімдер бойынша ақшалай қаражатты әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган келесі айдың 1-і күнінен кейін мемлекеттік корпорацияға аударады.
| Шемонаиха аудандық мәслихатының 2024 жылғы 9 ақпандағы № 13/4-VIII шешіміне 2 қосымша |
Шемонаиха аудандық мәслихатының күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі
1. Шемонаиха аудандық мәслихатының 2020 жылғы 3 қыркүйектегі № 56/6-VI "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7537 болып тіркелген).
2. Шемонаиха аудандық мәслихатының 2021 жылғы 31 наурыздағы № 4/17-VII "Шемонаиха аудандық мәслихатының 2020 жылғы 3 қыркүйектегі № 56/6-VI "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8583 болып тіркелген).
3. Шемонаиха аудандық мәслихатының 2022 жылғы 30 наурыздағы № 16/5-VII "Шемонаиха аудандық мәслихатының 2020 жылғы 3 қыркүйектегі № 56/6-VI "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгеріс енгізу туралы" шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 27547 болып тіркелген).
4. Шемонаиха аудандық мәслихатының 2022 жылғы 27 қыркүйектегі № 23/9-VII "Шемонаиха аудандық мәслихатының 2020 жылғы 3 қыркүйектегі № 56/6-VI "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29896 болып тіркелген).
