Ақтау қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Маңғыстау облысы Ақтау қалалық мәслихатының 2024 жылғы 19 сәуірдегі № 12/76 шешімі. Маңғыстау облысы Әділет департаментінде 2024 жылғы 25 сәуірде № 4702-12 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №523 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес, Ақтау қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы Ақтау қалалық мәслихатының 06.10.2025 № 24/159 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      1.Осы шешімнің 1 қосымшасына сәйкес Ақтау қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары бекітілсін.

      2.Осы шешімнің 2 қосымшасына сәйкес тізбе бойынша Ақтау қалалық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3.Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ақтау қалалық мәслихатының төрағасы С. Закенов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      "Маңғыстау облысының жұмыспен

      қамтуды үйлестіру және әлеуметтік

      бағдарламалар басқармасы"

      мемлекеттік мекемесі

  Ақтау қалалық мәслихатының
  2024 жылғы 19 сәуірдегі
  № 12/76 шешіміне 1 қосымша

Ақтау қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ақтау қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №523 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша қала әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) әлеуметтік көмек – жергілікті атқарушы орган мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;

      4) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – "Ақтау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      5) әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйым – екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының тиісті түрлеріне қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар ұйымдар, "Қазпошта" акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелері;

      6) ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;

      7) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;

      8) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      9) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;

      10) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      11) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайына зерттеп-қарау жүргізу үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;

      12) цифрлық құжаттар сервисі – "электрондық үкімет" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторға бекітіп берілген және ақпараттандыру объектілерінен алынған мәліметтер негізінде қалыптастырылған электрондық түрдегі құжаттарды көрсетуге және пайдалануға арналған объектісі;

      13) шекті мөлшер – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері;

      14) "электрондық үкімет" веб-порталы – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, барлық шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік және өзге де қызметтерге қол жеткізудің "ортақ терезесі" дегенді білдіретін ақпараттандыру объектісі;

      15) электрондық цифрлық қолтаңба – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы.

      Ескерту. 2 - тармақ жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы Ақтау қалалық мәслихатының 21.02.2025 № 19/123 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      3. Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 71-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көзделген әлеуметтік қолдау шаралары осы Қағидаларда айқындалған тәртіппен көрсетіледі.

      4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, жылына 1 рет) көрсетіледі.

2-тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      5. Мереке күндері мен атаулы күндерге әлеуметтік көмек бір рет ақшалай нысанда келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі:

      1) 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні:

      "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға – 15 000 (он бес мың) теңге мөлшерінде;

      2) 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі мерекесі:

      барлық топтағы мүгедектігі бар адамдарға, жеті жасқа дейiнгi мүгедектігі бар балаларға, жетіден он сегіз жасқа дейiнгi бiрiншi, екiнші, үшiншi топтағы мүгедектігі бар балаларға – 110 000 (жүз он мың) теңге мөлшерінде;

      3) 9 мамыр - Жеңіс күні:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне – 5 000 000 (бес миллион) теңге мөлшерінде;

      жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген адамдарға – 259 500 (екі жүз елу тоғыз мың бес жүз) теңге мөлшерінде;

      216 250 (екі жүз он алты мың екі жүз елу) теңге мөлшерінде:

      жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдарға;

      басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне;

      173 000 (жүз жетпіс үш мың) теңге мөлшерінде:

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының (бұдан әрі - КСР Одағы) ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға;

      1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн (қызметтік мiндеттерді) атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан қаза болған (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердің, партизандардың, астыртын әрекет етушiлердің, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 4 – 6 баптарында аталған адамдардың отбасыларына;

      Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, жергiлiктi әуе шабуылына қарсы қорғаныстың объектiлiк және авариялық командаларының өзiн-өзi қорғау топтарының жеке құрамы қатарындағы адамдардың отбасыларына, Ленинград қаласының госпитальдары мен ауруханаларының қаза тапқан жұмыскерлерінiң отбасыларына;

      бұрынғы КСР Одағы Қорғаныс министрлiгiнің, ішкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының әскери мiндеттілер жиындарына шақырылған, қоғамға жат көрiнiстерге байланысты төтенше жағдайлар кезiнде қоғамдық тәртiптi қорғау жөнiндегi міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлерінiң, басшы және қатардағы құрам адамдарының отбасыларына;

      Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына;

      бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасыларына;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларына;

      сәуле ауруының салдарынан қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың, сондай-ақ қайтыс болуы белгіленген тәртіппен Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың және ядролық сынақтардың әсеріне байланысты болған азаматтардың отбасыларына;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның, сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адамдар деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысына қатысушының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына);

      1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға;

      Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің ата-аналарына және екінші рет некеге тұрмаған жесірлеріне, екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына);

      4) 29 тамыз- Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні:

      Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен тұлғаларға – 43 250 (қырық үш мың екі жүз елу) теңге мөлшерінде;

      асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушыларға (балаларға) –34 600 (отыз төрт мың алты жүз) теңге мөлшерінде;

      5) 1 қазан – Қарттар күні:

      70 (жетпіс) жастан асқан зейнеткерлерге - 15 000 (он бес мың) теңге мөлшерінде;

      6) 16 желтоқсан- Тәуелсіздік күні:

      "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен ақталған, Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқан тұлғаларға – 216 250 (екі жүз он алты мың екі жүз елу) теңге мөлшерінде.

      Бірнеше негіз болған жағдайда мереке күндеріне және атаулы күндерге орай әлеуметтік көмек бір негіз бойынша ғана тағайындалады.

      Ескерту. 5 - тармақ жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы Ақтау қалалық мәслихатының 22.04.2026 № 31/193 (01.05.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      6. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек жылына бір рет өмірлік қиын жағдайға тап болған санаттағы азаматтарға өтініш берілген айдан бастап көрсетіледі:

      1) дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келгенде, осы жағдай туындаған сәттен бастап он екі айдың ішінде, табысын есепке алмай – 450 000 (төрт жүз елу мың) теңгеден аспайтын мөлшерде;

      2) әлеуметтік мәні бар аурулары (қатерлі ісіктер, туберкулез, адамның иммунитет тапшылығы вирусын тудыратын ауру) бар, мүгедектігі бойынша мемлекеттік жәрдемақы алмайтын тұлғаларға, табыстарын есепке алмай – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      3) Қазақстан Республикасы бойынша ең төмен күнкөріс деңгейінің 1 еселенген шамасынан төмен, өтініш берген тоқсан алдындағы жан басына шаққандағы орташа табысы бар тұлғаларға - 50 000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ескерту. 6 - тармақ жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы Ақтау қалалық мәслихатының 22.04.2026 № 31/193 (01.05.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      6-1. Азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек жылына бір рет Қазақстан Республикасының аумағында санаторлық-курорттық емделуге, келесі санаттағы азаматтарға өтініші бойынша көрсетіледі:

      1) Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне және жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдарға, олардың жесiрлерiне, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына, 1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға, тылда еңбек еткен және әскери қызмет өткерген адамдарға Қазақстан Республикасының аумағында санаторийлік-курорттық емделуге табыстарын есепке алмай, бірақ кепілдік берілген сомадан артық емес және темір жол көлігінде жол жүру құнын төлеу (бұл ретте көрсетілген тұлғалар бір мезгілде мүгедектігі бар адамдар санатына да жататын болса, таңдауы бойынша тек бір негіз (бір санат) бойынша ұсынылады);

      2) бірінші топтағы мүгедектігі бар адамды санаторийлік-курорттық емдеуге алып жүретін адамның уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын санаторийлік-курорттық емдеу құнын өтеу ретінде ұсынылатын кепілдік берілген соманың жетпіс пайызы мөлшерінде, табыстарын есепке алмай, санаторийлік-курорттық ұйымда болу құнын жергілікті атқарушы органдардан өтетіп алуға құқығы бар (жұмыс берушінің кінәсінен жұмыста мертігуге ұшыраған немесе кәсіптік ауруға шалдыққан мүгедектігі бар адамдарды қоспағанда).

      Ескерту. Шешім 6-1 тармақпен толықтырылды - Маңғыстау облысы Ақтау қалалық маслихатының 22.04.2026 № 31/193  (01.05.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      6-2. Азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек жылына бір рет табыстарын есепке алмай, келесі санаттағы азаматтарға өтініші бойынша көрсетіледі:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне коммуналдық көрсетілетін қызметтерді төлеуге және тұрғын үйді күтіп-ұстауға, табыстарын есепке алмай, ай сайын - нақты шығындар мөлшерінде.

      Әлеуметтік көмектердің мөлшері қажеттілігіне қарай жергілікті бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып, әр үш жыл сайын қайта қаралуы мүмкін.

      Ескерту. Шешім 6-2 тармақпен толықтырылды - Маңғыстау облысы Ақтау қалалық маслихатының 22.04.2026 № 31/193  (01.05.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

3-тарау. Қорытынды ереже

      7. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру қаланың бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      8. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік көмек көрсету сомаларын аударады.

      Мемлекеттік корпорация әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органнан алынған әлеуметтік көмек сомаларын әлеуметтік көмек алушылардың банктік шоттарына аударады.

      Ескерту. 8 - тармақ жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы Ақтау қалалық мәслихатының 21.02.2025 № 19/123 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      9. Әлеуметтік көмек көрсетуді мониторингтеу мен есепке алуды уәкілетті орган "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

  Ақтау қалалық мәслихатының
  2024 жылғы 19 сәуірдегі
  № 12/76 шешіміне 2 қосымша

Ақтау қалалық мәслихатының күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Ақтау қаласында тұратын мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы" Ақтау қалалық мәслихатының 2021 жылғы 16 сәуірдегі №2/18 шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 4501 болып тіркелген).

      2. "Маңғыстау облысы Ақтау қалалық мәслихатының 2021 жылғы 16 сәуірдегі №2/18 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Ақтау қаласында тұратын мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгеріс енгізу туралы" Ақтау қалалық мәслихатының 2022 жылғы 31 наурыздағы №12/100 шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде №27614 болып тіркелген).

      3. "Маңғыстау облысы Ақтау қалалық мәслихатының 2021 жылғы 16 сәуірдегі №2/18 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Ақтау қаласында тұратын мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" Ақтау қалалық мәслихатының 2022 жылғы 4 қазандағы №18/147      шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде №30199 болып тіркелген).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады