Ескерту. Бірлескен бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Бас Прокурорының 10.04.2026 № 59 және ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі Төрағасының 10.04.2026 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бірлескен бұйрығымен.
"Құқық қорғау қызметі туралы" 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 2-1 тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫЗ:
1. Қоса беріліп отырған Прокуратура органдарына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке және экономикалық тергеу қызметіне кіретін адамдар үшін алғашқы кәсіптік даярлыққа іріктеудің және оны өткізу шарттарының, сондай-ақ оларды алғашқы кәсіптік даярлықтан шығару негіздерінің қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы:
1) осы бірлескен бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бірлескен бұйрықты Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының қызметін ұйымдастыруға жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасарына, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) төрағасының бірінші орынбасарына, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитеті төрағасының құқық қорғау блогына жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Ғ. Нұрдәулетов _________________ |
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Е. Жамаубаев ___________________ |
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсыіс-қимыл агенттігінің(Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет)төрағасы А. Шпекбаев ____________________ |
Прокуратура органдарына және экономикалық тергеп-тексеру қызметіне кіретін адамдар үшін алғашқы кәсіптік даярлыққа іріктеу тәртібі және одан өту шарттары, сондай-ақ оларды алғашқы кәсіптік даярлықтан шығару негіздерінің қағидалары
Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Бас Прокурорының 10.04.2026 № 59 және ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі Төрағасының 10.04.2026 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бірлескен бұйрығымен.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы прокуратура органдарына және экономикалық тергеп-тексеру қызметіне кіретін адамдар үшін алғашқы кәсіптік даярлыққа іріктеудің және одан өту шарттарының, сондай-ақ оларды алғашқы кәсіптік даярлықтан шығару негіздерінің қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) прокуратура органдарына және экономикалық тергеп-тексеру қызметіне кіретін адамдар үшін алғашқы кәсіптік даярлыққа іріктеу (бұдан әрі – іріктеу), алғашқы кәсіптік даярлықтан өту шарттарын және оларды алғашқы кәсіптік даярлықтан шығару негіздерін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) ақпараттық автоматтандырылған дерекқор (ақпараттық жүйе) – құқық қорғау қызметіне кіру мәселелері бойынша жоспарлауға, іріктеуге (құжаттарды қабылдауға) және персоналды басқаруға байланысты қызметті автоматтандыруға арналған ақпаратты, жинауды, сақтауды, беруді және өңдеуді қамтамасыз ететін бағдарламалық-аппараттық кешен;
2) бәсекеге қабілеттілік көрсеткіші (ақпараттық рейтинг) – құқық қорғау органының ақпараттық кадр жүйесі арқылы қалыптастырылған, қызметке кандидаттың және қызметкердің кәсіби құзыреттеріне, сондай-ақ лауазым үшін негізгі көрсеткіштеріне және кәсіби жетістіктері туралы объективті деректеріне негізделген кәсіби әлеуетінің қалыптасқан сандық мәні (өлшемшарттар);
3) жасанды интеллект – адамның интеллектуалды қызметінің нәтижелерімен салыстырылатын немесе олардан асып түсетін нәтижелерді қамтамасыз ететін, адамға тән когнитивті функцияларды имитациялай алатын функционалдық қабілет;
4) жеке кабинет – ақпараттық жүйеде тіркелгеннен кейін қолжетімді және құқық қорғау органымен электрондық өзара іс қимылды қамтамасыз ететін кандидаттың жеке парақшасы;
5) кандидат – алғашқы кәсіптік даярлыққа іріктеуден өтетін тұлға;
6) оқу жетістіктерін бағалаудың балдық-рейтингтік әріптік жүйесі – халықаралық практикада қабылданған цифрлық баламасы бар әріптік жүйеге сәйкес келетін балдардағы оқу жетістіктерінің деңгейін бағалау жүйесі;
7) проктор – іріктеу кезеңдерінен өту рәсімін тексеруді жүзеге асыратын тұлға;
8) онлайн прокторинг – жазбаны сақтауды, тұлғаны тануды және сәйкестендіруді, бас пен дененің қозғалысын талдауды, шудың деңгейін анықтауды, мультифейсті тануды, бөлмені 360 градус режимінде жазуға сұрау салуды, күдікті оқиғаларды логирлеуді қамтамасыз ететін жеке тұлғаны верификациялау және кандидаттың кейстік тапсырмалардан, эссе және психологиялық-әлеуметтік зерттеуден өту кезеңдерінің нәтижелерін растау жүйесі;
9) сарапшы – тақырыпты түсінуін, талдамалық жұмыстың сапасын және хаттың сапасын айқындау мақсатында кандидат эссесінің мазмұнын бағалауды жүзеге асыратын тұлға;
10) тағылымдама – кәсіби құзыретін қалыптастыру, дамыту және бағалау мақсатында тәлімгердің басшылығымен курсанттың кәсіптік міндеттерді уақытша орындауын көздейтін, құқық қорғау органдарында одан әрі қызметін өткеру және бастапқы кәсіптік даярлықты ұйымдастыру және өту бойынша келісімшарт негізінде оқу бағдарламасына сәйкес белгіленген мерзімде жүзеге асырылатын практикалық оқыту нысаны;
11) тағылымдама жөніндегі Комиссия – тәлімгерлік жөніндегі жұмыстың қызметі мен тиімділігін үйлестіретін жұмыс органы;
12) тәлімгер – құқық қорғау қызметіне бірінші рет кіретін адамға бекітіліп берілетін және оның кәсіби бейімделуіне оған практикалық көмек көрсететін құқық қорғау органының қызметкері;
13) тәлімгерлік – курсанттың кәсіби, лауазымдық және тұлғааралық бейімделу процесі;
14) техникалық қолдау – ақпараттық жүйенің үздіксіз жұмысына байланысты мәселелер бойынша кандидаттарға көмек көрсететін қызмет;
15) курсант – алғашқы кәсіптік даярлыққа қабылданған тұлға.
3. Прокуратура органдарының және экономикалық тергеп-тексеру қызметінің (бұдан әрі - құқық қорғау органы) орта басшы құрамының лауазымдарына түсетін тұлғалар Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында (бұдан әрі - Академия) алғашқы кәсіптік даярлықтан өтеді.
4. Алғашқы кәсіптік даярлықтың міндеті кәсіптік дағдыларды игеруге бағытталған құқық қорғау қызметіне түсетін тұлғаларды кәсіптік оқыту болып табылады.
5. Іріктеуге мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органда тестілеуден, оның ішінде жеке қасиеттерін бағалаудан өткен тұлғалар қатысады.
Ақпараттық қауіпсіздік, киберқылмысқа қарсы іс-қимыл және деректерді талдау саласындағы кандидаттар үшін (бұдан әрі - Ақпараттық технологиялар саласындағы кандидаттар) іріктеудің арнайы өлшемшартары белгіленеді.
2-тарау. Кандидаттардың іріктеуден өту үшін ақпараттық жүйеде тіркелу тәртібі, қажетті талаптар және іріктеу кезеңдерінің өткізілуін бақылау
6. Іріктеу ақпараттық жүйе арқылы жүзеге асырылады, онда кандидат жеке сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі - ЖСН) арқылы тиісті тіркеуден өтеді.
Кандидатты тіркеу рәсімінен кейін жеке кабинет ақпараттық жүйеде автоматты түрде құрылады.
7. Тіркелген кандидаттардың жеке кабинетке кіруі электрондық цифрлық қолтаңба және авторландырудың өзге де тәсілдері арқылы жүзеге асырылады.
8. Тіркеу кезінде кандидат құпиялылық саясатымен, пайдаланушының келісімімен танысуға, дербес деректерді жинауға және өңдеуге өзінің келісімін растауға және мынадай:
1) интернет желісіне кемінде 10 мб/сек жылдамдықпен қосылған дербес компьютерге, сондай-ақ дұрыс жұмыс істейтін веб-камера мен микрофонға қолжетімділіктің болуы туралы, көрсетілген компьютерлік техника болмаған жағдайда кандидат аумақтық құқық қорғау органдарының арнайы жабдықталған үй-жайларында іріктеу кезеңдерінен өтуге келісім беру;
2) кандидат іріктеуден өту тәртібін сақтамаған, дәйексіз ақпарат пен құжаттарды ұсынған жағдайларда, сондай-ақ тапсырмаларды орындауға өзге де тұлғаларды тарту фактілері анықталған жағдайда іріктеудің кез келген кезеңінде алып тастау туралы келісім беру;
3) іріктеудің барлық кезеңдеріндегі кейстік тапсырмалардың, эссе және өзге де мәліметтердің мазмұнына қатысты ақпаратты үшінші тұлғаларға таратпау туралы міндеттемелерді қабылдауға міндетті.
9. Тіркелгеннен кейін кандидатқа кездейсоқ тәртіпте жеке нөмір беріледі, ол іріктеудің барлық кезеңдерінде кандидаттың деректерін иесіздендіру үшін қолданылады.
10. Осы Қағидалардың 20-тармағында көрсетілген құжаттарды жүктеген кандидат цифрылық жүйеде іріктеу кезеңдеріне кіріседі.
11. Кезеңдерден өту кандидаттың таңдауы бойынша қазақ немесе орыс тілдерінде жүзеге асырылады.
12. Жекелеген кезеңдердің өтуін бақылауды проктор және прокторинг жүйесі жүзеге асырады.
13. Іріктеу кезеңдерінен өту кезінде кандидат:
жеке қатысуды және бөгде тұлғалардың болмауын қамтамасыз етеді;
орнынан кетпейді;
экраннан бұрылмайды;
кескінді жаппайды;
бейнекамераны өшірмейді;
жүйенің сұрауы бойынша ол іріктеу кезінде орналасқан бөлмені (360 градус) жан-жақты шолуды жүргізеді;
телефонмен сөйлеспейді;
басқа тұғалармен дербес компьютерге қол жеткізуіне мүмкіндік беретін үшінші тарап бағдарламалық құралын (қашықтан қол жеткізу бағдарламаларын), аудио гарнитураны (құлаққаптарды), көмекші электрондық, баспа, қағаз және басқа материалдарды, сондай-ақ заттарды пайдаланбайды және олардың болмауын қамтамасыз етеді.
Проктордың және (немесе) прокторинг жүйесінің аталған талаптарды сақтамауы кандидатты іріктеу кезеңдерінен алып тастауға жатады, ал оның нәтижелері жойылады.
14. Кандидатқа тәуелді емес себептермен, атап айтқанда ақпараттық жүйенің техникалық ақаулары, электр энергиясының не интернеттің ажыратылуы бойынша кезеңдерден өту мүмкін болмаған жағдайда, осы фактіні растайтын тиісті ұйым, оның ішінде мүліктің меншік иелері бірлестігі үш жұмыс күні ішінде берген құжат болған кезде кандидатқа қайта өту мүмкіндігі беріледі.
Аталған құжат болмаған кезде кандидат іріктеудің кез келген кезеңінде өткен нәтижелердің күшін жоя отырып, алып тастауға жатады.
15. Кезеңді қайта өту туралы шешім қабылданған жағдайда, құқық қорғау органының кадр қызметі кандидатты мерзімінен бұрын, бірақ кезең өтуге дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар етеді.
16. Ақпараттық жүйеде осы Қағидалардың 17-тармағындағы 4), 5), 6), 9) тармақшаларында көзделген кезеңдерден өтпеген, сондай-ақ 7), 8) тармақшаларында көрсетілген кезеңдерге дәлелсіз себептермен келмеген кандидатқа іріктеудің одан әрі кезеңдеріне өтуіне жол берілмейді.
3-тарау. Іріктеу тәртібі мен кезеңдері
17. Іріктеу ақпараттық жүйеде бірқатар мынадай кезекті кезеңдерден:
1) іріктеуді өткізу туралы хабарландыруды жариялау;
2) іріктеуге қатысуға ниет білдірген Қазақстан Республикасының азаматтарынан құжаттарды қабылдау;
3) құжаттардың дұрыстығы мен толықтығын, сондай-ақ құқық қорғау қызметіне түсу үшін кандидатқа қойылатын белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігін тексеру;
4) кейстік міндеттерді шешу;
5) эссе жазу;
6) психологиялық-социологиялық зерттеуден өту;
7) әскери-дәрігерлік комиссияларда (бұдан әрі - ӘДК) медициналық және психофизиологиялық куәландырудан өту;
8) полиграфологиялық зерттеуден өту;
9) ақпараттық жүйеде онлайн режимінде әңгімелесуден өтуді қамтиды.
18. Іріктеуді өткізу туралы хабарландыру (бұдан әрі - хабарландыру) ақпараттық жүйеде, сондай-ақ құқық қорғау органдарының интернет-ресурстарында орналастырылады.
Бұл ретте, хабарландыру қазақ және орыс тілдерінде жарияланады.
19. Хабарландыруда мынадай:
1) құжаттарды қабылдау мерзімі (хабарландыру жарияланған күннен бастап бір күнтізбелік ай);
2) негізгі функционалдық міндеттері, жалақы мөлшері көрсетілген лауазымдардың атауы;
3) кандидатқа құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін реттейтін құқықтық актілерде белгіленген негізгі талаптар;
4) қызметкердің құқық қорғау қызметінде болуына байланысты шектеулер және "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер;
5) кандидат іріктеу кезеңдерінен (кейстік міндеттер, эссе, психологиялық-социологиялық және полиграфологиялық зерттеу, әңгімелесу) өте алатын құқық қорғау органының аумақтық бөлімшесінің орналасқан жері, байланыс телефон нөмірлері туралы мәліметтер болуға тиіс.
Хабарландыруда Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына қайшы келмейтін қосымша ақпарат болуы мүмкін.
20. Кандидат ақпараттық жүйенің жеке кабинетіне мынадай құжаттарды жүктейді және толтырады:
1) электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қол қойылған іріктеуге рұқсат беру және кез келген өңірде қызмет өткеруге келісім беру туралы арыз;
2) "Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес нострификация рәсімінен өткенін немесе танылғанын растайтын білім туралы құжаттарды және оларға қосымшаларды (шетелдік білім беру мекемелері берген дипломдар үшін, салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларды), сондай-ақ білімін растайтын өзге де мәліметтерді кандидат өз қолымен жүктейді;
3) ақпараттық жүйеде белгіленген үлгіге сәйкес егжей-тегжейлі өмірбаяны;
4) өлшемі 10 мбайттан аспайтын 3х4 ағымдағы фотосуреті;
5) кандидаттың қалауы бойынша қосымша сипаттайтын құжаттардың, оның ішінде ақпараттық технологиялар саласындағы (сертификаттар, куәліктер, дипломдар, грамоталар, наградалар және басқалар) көшірмелері.
21. Ақпараттық жүйе құжаттарды қабылдау мерзімі аяқталған күннен бастап он жұмыс күні ішінде құжаттарды кандидаттың құқық қорғау қызметіне кіру үшін белгіленген біліктілік талаптары сәйкестігіне, сондай-ақ олардың дұрыстығы мен толықтығына тексеруді жүзеге асырады.
Сонымен қатар ақпараттық жүйе кандидаттың "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 2-тармағында белгіленген талаптарға сәйкестігіне интеграция қамтамасыз етілген ақпараттық ресурстар арқылы тексеру жүргізеді.
22. Бір мезгілде тексеруді құқық қорғау органдарының өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бөлімшесі (бұдан әрі - қауіпсіздік қызметі) жүзеге асырады, олар тексеру нәтижелері бойынша қорытындыларды ӘДК және полиграфологиялық зерттеу кезеңінен өтуге дейін күнтізбелік бес күннен кешіктірмей құқық қорғау органдарының кадр қызметіне жібереді.
23. 21 және 22-тармақтарда көрсетілген тексеруден өтпеген кандидат іріктеудің кез келген кезеңінде қатысудан алып тастауға жатады.
24. Құқық қорғау органдарының кадр қызметтері ақпараттық жүйеде кандидаттармен кейстік міндеттерді жүргізу күні мен уақыты көрсетілген Кестені қалыптастырады және орналастырады.
25. Кандидат қалыптасқан Кестеге сәйкес ақпараттық жүйеде кейстік міндеттерден өту үшін күн мен уақытты таңдайды және осы кезең басталғанға дейін бес минут бұрын ақпараттық жүйеге қосылады.
26. Кейстік міндеттерден өтуді бастамас бұрын кандидат прокторинг жүйесін қолдану шарттарымен танысады.
27. Кандидаттар арасында кейстік міндеттерді бөлу кездейсоқ тәртіппен кандидат таңдаған салалық бағытқа сәйкес жүзеге асырылады.
Ақпараттық технологиялар саласындағы кандидаттар үшін жағдайды модуляциялау және тиісті жоба құрып, оны әңгімелесуде таныстырылымымен жекелеген кейстік міндеттер белгіленеді.
28. Кезеңнің ұзақтығы 180 минутты құрайды.
29. Кейстік міндеттерден өту нәтижелерін бағалау ақпараттық жүйесі автоматты түрде жүзеге асырады.
Дұрыс жауаптардың жартысын және одан да көбін жинаған кандидаттар кезеңнен сәтті өтті деп есептеледі және келесі кезеңге өтеді.
30. Құқық қорғау органдарының кадр қызметтері ақпараттық жүйеде кандидаттардың эссе жазу күні мен уақыты көрсетілген Кестені қалыптастырады және орналастырады.
31. Кандидат қалыптасқан Кестеге сәйкес ақпараттық жүйеде эссе жазу күні мен уақытын таңдайды және осы кезең басталғанға дейін бес минут бұрын ақпараттық жүйеге қосылады.
32. Кандидат таңдаған салалық бағытқа сәйкес, көлемі 500-ден кем емес және 800 сөзден аспайтын кездейсоқ тәртіпте тақырып бойынша эссе жазады.
Эсседе берілген тақырып бойынша проблемалық мәселелерді талдау, дәлелді ұстаным және негізделген қорытынды көрсетіледі
33. Кезеңнің ұзақтығы 90 минутты құрайды.
34. Кандидат эссе кезеңінен өтпес бұрын прокторинг жүйесін қолдану шарттарымен танысады.
35. Эссе жазу нәтижелері жасанды интеллект қолдану арқылы тексеріледі, ал қорытынды бағаны кандидаттар туралы дербестендірілген ақпаратқа қол жеткізе алмайтын сарапшы қояды.
36. 21 және одан көп балл жинаған кандидаттар осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес бағалау өлшемшартары бойынша келесі кезеңге өтеді.
37. Психологиялық-әлеуметтанулық зерттеу ғылыми негізделген әдістерді қолдана отырып, кандидаттардың психологиялық, іскерлік және жеке қасиеттерін зерттеуге бағытталған психодиагностикалық зерттеуді қамтиды.
Психологиялық-әлеуметтанулық зерттеудің нәтижесі автоматты ақпараттық жүйемен қалыптасады.
Психологиялық-әлеуметтанулық зерттеу нәтижелеріне психолог-полиграфолог, құқық қорғау органдары комиссиясының төрағалары, мүшелері мен хатшылары ғана қол жеткізе алады.
38. Құқық қорғау органдарының кадр қызметтері ақпараттық жүйеде психологиялық-әлеуметтанулық зерттеуден өту үшін күндер мен уақыттарды көрсете отырып, Кесте қалыптастырады және орналастырады.
39. Кандидат қалыптасқан Кестеге сәйкес ақпараттық жүйеде психологиялық-әлеуметтанулық зерттеуден өту үшін күн мен уақытты таңдайды және осы кезең басталғанға дейін бес минут бұрын ақпараттық жүйеге қосылады.
40. Кандидат психологиялық-социологиялық зерттеу кезеңінен өтпес бұрын прокторинг жүйесін қолдану шарттарымен танысады.
41. Кезеңнің ұзақтығы 180 минутты құрайды.
42. Осы Қағидалардың 17-тармағының 4), 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген кезеңдерден өткен кандидат үшін ақпараттық жүйеде ӘДК-ден өтуге жолдама автоматты түрде қалыптастырылады.
43. Кандидат ӘДК-ден өту үшін құқық қорғау органының аумақтық бөлімшесінің орналасқан жері бойынша әскери-дәрігерлік комиссияға жүгінеді.
44. Кандидаттың ӘДК-ден өту нәтижелерін ақпараттық жүйеде аумақтық әскери-дәрігерлік комиссия қалыптастырады.
45. Денсаулық жағдайы бойынша қызмет өткеруге жарамсыз деп танылған және (немесе) психофизиологиялық куәландырудың теріс нәтижелерін алған кандидат іріктеудің одан әрі кезеңдеріне өтпейді.
46. Кандидаттарды полиграфологиялық зерттеу Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 маусымдағы №683 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарында полиграфологиялық зерттеуден өту қағидаларында айқындалатын тәртіппен құқық қорғау органының аумақтық бөлімшелерінде жүргізіледі.
47. Полиграфологиялық зерттеудің теріс нәтижелерін алған кандидат іріктеудің одан әрі кезеңдеріне өтпейді.
48. Әңгімелесу өткізу үшін әрбір құқық қорғау органында комиссия құрылады, оның құрамына кемінде бес мүше және оның хатшысы кіруге тиіс.
Комиссия хатшысының дауыс беру құқығы жоқ.
49. Комиссия мүшелерінің құрамын құқық қорғау органының басшысы бекітеді және әңгімелесу күніне кездейсоқ тәртіппен, оның ішінде оның төрағасы айқындалады.
Комиссия құрамына кіретін адамдардың заңтану саласындағы кәсіби білімі, функционалдық бағыты бойынша кемінде жеті жыл жұмыс тәжірибесі және мінсіз беделі болуы қажет.
Комиссия құрамына ақпараттық технологиялар саласындағы кандидаттармен әңгімелесу үшін осы салада арнайы білімі бар қызметкерлер енгізіледі.
Мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда Комиссия мүшелері туындаған мүдделерге қақтығысы туралы немесе оның туындау мүмкіндігі туралы Комиссия төрағасын жазбаша нысанда белгілі болған бойда хабардар етеді.
Аталған адамдардың өтініштері бойынша Комиссияның төрағасы немесе басқа көздерден ақпарат алған кезде мүдделер қақтығысының алдын алу және реттеу бойынша мынадай шараларды уақтылы қабылдайды:
1) осы тармақта көрсетілген адамдарды комиссиясы мүшесінің міндеттерін орындаудан алшақтатады және оны басқа лауазымды адаммен ауыстыруды жүзеге асырады;
2) мүдделер қақтығысын жою жөнінде шаралар қабылдайды.
50. Құқық қорғау органдарының кадр қызметтері әңгімелесу өткізілетін күндер мен уақытты көрсете отырып, ақпараттық жүйеде Кесте қалыптастырады және орналастырады.
51. Кандидат қалыптастырылған Кестеге сәйкес ақпараттық жүйеде әңгімелесуден өту күні мен уақытын таңдайды және осы кезең басталғанға дейін бес минут бұрын ақпараттық жүйеге қосылады.
52. Комиссия жұмысының ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін әңгімелесуге байқаушылар қатыса алады.
53. Әңгімелесуге байқаушылар ретінде Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, басқа мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің (үкіметтік емес ұйымдардың), саяси партиялардың өкілдері және құқық қорғау органдарының ардагерлері қатыса алады.
54. Байқаушы ретінде әңгімелесуге қатысу үшін тұлға әңгімелесу басталғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей кадр қызметінде тіркеледі.
55. Тіркелу үшін тұлға кадр қызметіне жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін не оның электрондық нысанын және көрсетілген ұйымдардың бірінде еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесін ұсынады.
56. Кадр қызметі әңгімелесу басталғанға дейін құжаттардың көшірмелерін түпнұсқаларымен салыстырып тексереді.
57. Әңгімелесуде кандидат үш минут ішінде өзін және қызмет бағыттарын, тиісті сала немесе кәсіпті дамытудағы көзқарасын таныстырады.
Ақпараттық технологиялар саласындағы кандидаттар үшін өзі жасаған жобаны таныстыру үшін қосымша бес минут бөлінеді.
Кандидаттың таныстырылымы комиссия мүшелерімен осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес бағаланады.
58. Кандидатқа бөлінген уақыт өткеннен кейін комиссия мүшелері кандидатқа жеті минут ішінде сұрақтар қоюға, сондай-ақ оның таныстырылымына түсініктеме беруге құқылы.
59. Әңгімелесу барысында бақылаушылар кандидаттарға сұрақтар қоймайды. Байқаушылардың комиссия жұмысына кедергі келтіретін іс-әрекеттер жасауына, кандидаттардың дербес деректерін, кандидаттар қатысатын іріктеу рәсімдеріне қатысты мәліметтерді жария етуіне, олардың техникалық жазу құралдарын пайдалануына жол берілмейді.
60. Комиссияның шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер оған комиссия хатшысын қоспағанда, отырысқа қатысқан Комиссия мүшелері арасынан көпшілік дауыс берілсе, қабылданды деп есептеледі.
61. Дауыстар тең болған жағдайда комиссия төрағасы дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.
62. Шешім ақпараттық жүйеде хаттама түрінде автоматты режимде ресімделеді және оған комиссия төрағасы, мүшелері және хатшысы электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қол қояды.
63. Комиссия отырысы, егер оның құрамының кемінде үштен екісі қатысса, құқықты деп есептеледі.
64. Әңгімелесу әдептілік және ізгі ниет жағдайында әрбір кандидатпен жеке жүргізіледі.
65. Әңгімелесу барысында жазылған техникалық жазу құралдары ақпараттық жүйеде бір жыл бойы сақталады.
66. Шешім қабылдау кезінде комиссия іріктеудің барлық кезеңдерінің және мемлекеттік тілді тестілеудің нәтижелерін ескереді.
Комиссия әңгімелесу қорытындысы бойынша мынадай:
1) "Алғашқы кәсіптік даярлықтан өтуге ұсынылсын";
2) "Алғашқы кәсіптік даярлықтан өтуден бас тартылсын" шешімдердің бірін қабылдайды
67. Іріктеу нәтижелері ақпараттық жүйеде және құқық қорғау органдарының интернет-ресурстарында соңғы кандидаттың әңгімелесуі аяқталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жарияланады.
68. Әңгімелесу нәтижелерімен келіспеген кандидат іріктеу нәтижелері ақпараттық жүйеде жарияланғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде апелляцияға бере алады.
69. Апелляциялық комиссия құқық қорғау органында құрылады және кемінде бес мүшеден, оның ішінде төрағадан тұрады.
Комиссия құрамына кіретін адамдардың заңтану саласындағы кәсіби білімі, функционалдық бағыты бойынша кемінде жеті жыл жұмыс тәжірибесі және мінсіз беделі болуы қажет.
70. Апелляциялық комиссияның құрамына әңгімелесу кезеңін өткізген комиссия мүшелері кіре алмайды.
71. Апелляциялық комиссияның шешімі мүшелердің жалпы санының 2/3 (үштен екісі) болған кезде құқылы және комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған кезде төрағаның дауысы шешуші болып табылады.
72. Апелляциялық комиссияның отырысында нәтижелер қаралады, сондай-ақ іріктеу кезеңдерін жазудың техникалық құралдары зерделенеді.
73. Қажет болған жағдайда апелляциялық комиссияның отырысына комиссия мүшелері және (немесе) кандидат қосылуы мүмкін.
74. Қарау нәтижелері бойынша апелляциялық комиссия мынадай екі шешімнің бірін қабылдайды:
1) іріктеу нәтижелерін өзгеріссіз, ал апелляцияны қанағаттандырусыз қалдырылсын;
2) кандидаттың апелляциясы қанағаттандырылсын.
Апелляциялық комиссияның шешімі ақпараттық жүйеде хаттама түрінде автоматты режимде ресімделеді және оған комиссия төрағасы, мүшелері және хатшысы электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қол қояды.
75. Апелляция рәсімі аяқталғаннан кейін Академия ректорының бұйрығымен құқық қорғау органдарының кадрларына қажеттілікке байланысты ақпараттық рейтингті ескере отырып, ең көп балл жинаған барлық кандидаттар алғашқы кәсіптік даярлыққа қабылданады.
76. Ақпараттық жүйеде алғашқы кәсіптік даярлық курсанттармен 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша электрондық цифрлық қолтаңба арқылы құқық қорғау органы, Академия және курсант үшжақты келісімшартқа қол қойылады.
77. Келісімшартта курсанттың, құқық қорғау органының және құқық қорғау органының білім беру ұйымының өзара міндеттемелері мен жауапкершілігі белгіленеді, сондай-ақ алғашқы кәсіптік даярлығы аяқталғаннан кейін құқық қорғау органдарында одан әрі қызмет өткеру шарттары мен мерзімдері көзделеді.
78. Алғашқы кәсіптік даярлықтың курсанттары алғашқы кәсіптік даярлыққа қабылдау туралы шешім шығарылған сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде тұрғылықты жері бойынша құқық қорғау органының кадр қызметіне міндетті арнайы тексеру жүргізу үшін мынадай:
1) Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың не оның жеке сәйкестендіру нөмірін қамтитын электрондық нысанының көшірмесін;
2) білімі туралы құжаттың (құжаттардың) нотариалды куәландырылған көшірмесін (көшірмелері);
Басқа мемлекеттерде, халықаралық немесе шетелдік оқу орындарында (олардың филиалдарында) білім алған курсант білім туралы құжатты (құжаттарды) тану немесе нострификациялау туралы куәлігін (куәліктерді);
3) 3х4 өлшемді түрлі-түсті фотосуреті (2 дана);
4) кандидат пен оның жұбайының (зайыбының) тұрғылықты жері бойынша Мемлекеттік кірістер органдарына "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес кірістері мен мүлкі туралы декларацияны ұсынғанын растайтын құжаттарын ұсынады.
79. Атын, әкесінің атын (бар болса), тегін ауыстырған кезде кандидат не оның жақын туыстары атын, әкесінің атын (бар болса), тегін (атын, әкесінің атын (бар болса), тегін ауыстыруды мемлекеттік тіркеу туралы құжаттың көшірмесін ұсынады.
80. Аумақтық құқық қорғау органдарының кадр қызметтері құжаттарды тапсырған сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде міндетті арнайы тексеру жүргізу үшін құжаттарды жібереді.
81. Курсанттардың полиграфологиялық зерттеулер мен ӘДК, арнайы тексеруден өту нәтижелерін кадр қызметтері нәтижелерді алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде Академияға жібереді.
4-тарау. Алғашқы кәсіптік даярлықтан өту шарттары
82. Алғашқы кәсіптік даярлық үш кезеңнен тұрады:
1) Академияда оқу;
2) тағылымдамадан өту;
3) қорытынды емтихан.
83. Курсанттардың алғашқы кәсіптік даярлығы білім беру бағдарламаларына сәйкес Академиямен жүзеге асырылады.
84. Білім беру бағдарламасы Академияның оқу-әдістемелік кеңесінің отырысында талқыланады және Академия ректоры бекітеді.
85. Қажет болған жағдайда білім беру бағдарламаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
86. Оқытудың негізгі өлшемшартары практикалық бағыт, оқу іс-шараларының әртүрлі нысандарын қолдану арқылы оқыту процесіне кешенді көзқарас, отандық және халықаралық тәжірибені және ғылым мен практиканың жаңа жетістіктерін пайдалану болып табылады.
87. Білім беру процесінің нысаны, тәртібі мен мазмұны Академия ректорының бұйрықтарымен айқындалады.
88. Оқу нәтижелерін бағалау үшін осы Қағидалардың 4-қосымшасына сәйкес оқу жетістіктерін бағалаудың балдық-рейтингтік әріптік жүйесі пайдаланылады.
89. Прокуратура органдарына және экономикалық тергеп-тексеру қызметіне түсетін курсанттарды оқыту ұзақтығы бес айды құрайды.
90. Академияда оқу кезеңінде курсант тегін тамақпен және оқу орнының жатақханасында тұрумен қамтамасыз етіледі.
91. Академияда оқу кезеңінде курсант:
1) Академия ректорының бұйрықтарымен белгіленген Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының, күнделікті тәртіп пен тәртіптің талаптарын сақтайды;
2) сабақтардың барлық түрлеріне қатысады және тапсырмалардың барлық түрлерін белгіленген мерзімде орындайды, білім беру бағдарламаларында көзделген және бекітілген бақылаудың барлық түрлерін уақтылы тапсырады, өз бетінше жұмыс істеуге бөлінген уақытты тиімді пайдаланады;
3) Академияның профессорлық-оқытушылық, оқу-көмекші және өзге де құрамына құрмет көрсетеді;
4) Академия жатақханасында тұрады;
5) мемлекеттік мүліктің, оның ішінде Академияның мүлкінің сақталуын қамтамасыз етеді;
6) онымен құқық бұзушылық жасау, оны әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылыққа тарту, сондай-ақ қылмыстық процеске не әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша іс жүргізуге қатысу фактілері туралы дереу хабарлайды;
7) оқу аудиторияларын, оқу-әдістемелік кабинеттерді, спорт, оқу, акті залдарын, компьютерлік сыныптарды, кітапхананы, оқу-әдістемелік және ғылыми базаларды пайдаланады;
8) оқытылатын білім беру бағдарламалары бойынша топтық және жеке консультациялар алады.
92. Курсант Академияда оқу кезеңінде құжаттарды тапсыру орны бойынша құқық қорғау органдарының аумақтық бөлімшелерінде тағылымдамадан өту үшін жіберіледі.
93. Тағылымдама басталғанға дейін Академия тағылымдамадан өту кезеңін көрсете отырып, курсантты тағылымдамаға жіберу туралы бұйрық шығарады, ол тағылымдамадан өту орны бойынша аумақтық құқық қорғау органының кадр қызметіне жіберіледі.
94. Прокуратура органдарына және экономикалық тергеп-тексеру қызметіне түсетін курсанттар үшін тағылымдаманың ұзақтығы бір айды құрайды.
95. Тағылымдаманы ұйымдастыруды үйлестіру тағылымдама жөніндегі комиссияға жүктеледі.
96. Тағылымдама жөніндегі комиссияны құқық қорғау органының уәкілетті басшысы бекітеді және кемінде бес адамнан тұрады.
97. Тағылымдама жөніндегі комиссияның құрамына кадр қызметінің қызметкерлері, құқық қорғау органының құрылымдық бөлімшесінің басшылары мен қызметкерлері кіреді.
Тағылымдама жөніндегі комиссияның төрағасы ретінде кадр жұмысына жетекшілік ететін құқық қорғау органы уәкілетті басшысының орынбасары айқындалады.
98. Тағылымдама мыналарды:
1) жеке тағылымдама жоспарын (бұдан әрі - жоспар) әзірлеуді;
2) тәлімгер бекітуді;
3) жоспарды іске асыруды;
4) курсанттың жоспардың іске асырылуы туралы есепті жасауын;
5) тәлімгердің курсанттарға мінездеме дайындауын қамтиды.
99. Тағылымдама кезеңінде құқық қорғау органының уәкілетті басшысы не құқық қорғау органының құрылымдық бөлімшесінің басшысы курсантты ақпараттық қауіпсіздік қызметі белгілеген шектеулермен ақпараттық жүйелерге қол жеткізуді қоса алғанда, жұмыс үшін қажетті жағдайлармен қамтамасыз етеді.
100. Тағылымдама басшысын, тәлімгерді бекіту және оны ауыстыру құқық қорғау органының уәкілетті басшысының бұйрығымен ресімделеді.
101. Тәлімгер тиісті кәсіптік даярлығы, практикалық тәжірибесі бар және органдарда кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар қызметкерлер қатарынан бекітіледі.
102. Бір тәлімгерге үштен артық емес курсант бекітіледі.
103. Осы Қағидалардың 102-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес келетін қызметкер болмаған жағдайда, тәлімгер болып құқық қорғау органының құрылымдық бөлімшесінің басшысы тағайындалады.
104. Тәлімгерді ауыстыру мынадай:
1) тәлімгерді жұмыстан шығару немесе басқа жұмысқа ауысу;
2) объективті себептер бойынша тәлімгерлікті жүзеге асырудың мүмкін еместігі (ауру, іссапарда, демалыста, неке-отбасы қатынастарында болу) жағдайларында жүргізіледі.
Тәлімгерді ауыстыру бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жүзеге асырылады.
105. Тәлімгер тәлімгер болып бекітілгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде тағылымдаманың барлық кезеңіне арналған жоспарды әзірлейді және бекітеді және оны іске асырудың жай-күйі мен толықтығы үшін дербес жауапты болады.
106. Тәлімгер:
1) курсанттың оқу уақыты режимін күнделікті бақылауға және есепке алуға, сондай-ақ оның тағылымдама жоспарын іске асыруын жүзеге асыруға;
2) курсантқа кәсіптік дағдылар мен кәсіптік шеберлікті дамытуға көмек көрсетуге;
3) курсанттың қиындықтарды еңсеру, жүктелген міндеттерді өз бетінше және сапалы орындау қабілетін дамытуға;
4) курсанттың жеке және іскерлік қасиеттерін, оның қызметке деген көзқарасын, әріптестерімен және өзге де азаматтармен қарым-қатынас жасау қабілетін, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қызметтік әдеп нормаларын, қызметтік және еңбек тәртібін сақтауын зерделеуге;
5) курсантта ұжымшылдық сезімін оятуға және ұжымның қоғамдық өміріне белсенді қатысуын баулуға;
6) курсанттың еңбек және атқарушылық тәртіпті бұзуының жолын кесуге міндетті.
107. Тағылымдама кезеңінде курсант:
1) тағылымдама кезеңінде Жоспардың іске асырылуы (еркін нысанда), басқа да орындалған тапсырмалар, алған білімдері мен дағдылары туралы есепті күн сайын дайындайды және тәлімгерге ұсынады, сондай-ақ оларды растайтын құжаттарды қоса бере отырып, Академияның ақпараттық жүйесіне жүктейді;
2) мемлекеттік құпияларға рұқсат беруді талап ететін режимдік объектілерде жүзеге асырылатын іс-шараларды, сондай-ақ оның өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайларды қоспағанда, тәлімгердің тапсырмалары шегінде әрекет етеді, құқық қорғау органдары өткізетін іс-шараларға қатысады;
3) тағылымдама процесінде алынған мәліметтерді жария етпейді;
4) құқық қорғау органының қызметкерлері мен жұмыскерлеріне, курсанттарға құрмет көрсетеді, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірмейді;
5) қызметтік мүлік пен техникалық құралдарға ұқыпты қарайды;
6) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарын, белгіленген күн тәртібін, атқарушылық және еңбек тәртібін сақтайды және үш жақты келісімшартта көзделген міндеттемелерге сәйкес жауапты;
7) тәлімгерге құқық бұзушылық жасау, әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылыққа тарту, сондай-ақ қылмыстық процеске не әкімшілік іс жүргізуге қатысу фактілері туралы дереу хабарлайды;
8) киімдегі іскерлік стильді ұстанады.
108. Курсант тағылымдама аяқталғанға дейін үш жұмыс күні бұрын тәлімгерге Жоспардың іске асырылуы туралы есеп береді.
Тәлімгер тағылымдама аяқталардан бір күн бұрын Академия әзірлеген өлшемшарттарға сәйкес тағылымдама жөніндегі комиссияның отырысына материалдар дайындайды, онда Жоспар іс-шараларын, өзге де тапсырмаларды іске асыру қорытындылары, курсанттың білім деңгейі, дағдылар мен ептілігін дамыту, қызметтік міндеттерін өз бетінше орындау қабілеті, қызметтік құжаттаманы дайындау сапасы, сондай-ақ курсанттың құқық қорғау органы (мамандандыру) қызметінің қандай да бір бағытына бейімділігі көрсетіледі.
109. Тағылымдама аяқталғаннан кейін курсант мен тәлімгер тағылымдама жөніндегі комиссияның отырысында тыңдалады, оны қарау нәтижелері хаттамамен ресімделеді.
110. Тәлімгермен тағылымдама аяқталған соң екі жұмыс күні ішінде мінездеме, жоспардың іске асырылуы туралы есепті және тағылымдама жөніндегі комиссияның хаттамасын растайтын құжаттармен бірге Академияға жіберіледі.
111. Тағылымдама аяқталғаннан кейін курсант үш жұмыс күні ішінде Академияға келеді.
Тағылымдаманы қорғау Академияда курсанттың есебін тыңдау түрінде, қажет болған жағдайда бейнеконференция арқылы тәлімгерді қосу арқылы жүзеге асырылады.
Тағылымдама нәтижелері балдық-рейтингтік әріптік жүйе бойынша бағаланады.
112. Тағылымдама аяқталғаннан кейін курсанттар оқу процесін жалғастыру үшін үш жұмыс күні ішінде Академияға келеді, содан кейін бітіру емтихандарын тапсырады.
113. Оқу бітіру емтиханының нысаны, тәртібі мен мазмұны Академия Ректорының бұйрығымен айқындалады.
114. Оқу бітіру емтиханды өткізу кестесін Академия жасайды және емтихан комиссиясының мүшелері мен курсанттардың назарына оны өткізу күніне дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей жеткізіледі.
115. Оқу бітіру емтиханның нәтижелерін емтихан комиссиялары бағалайды, олардың құрамын Академия ректоры бекітеді.
116. Оқу бітіру емтихан нәтижелері оқу бітіру емтихан тапсырылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде бағаланады.
117. Алғашқы кәсіптік даярлық бойынша білім беру бағдарламасының талаптарын орындаған курсант Академия Ректорының бұйрығымен белгіленген нысан бойынша сертификат алады және оны лауазымға одан әрі тағайындау туралы мәселені шешу үшін құқық қорғау органының кадрларына қабылданады.
118. Академия курсанттарын құқық қорғау органының аумақтық органдардың кадрларына бөлу және қабылдау әрбір курсанттың құжаттарды тапсыру аймағын, сондай-ақ аумақтық құқық қорғау органдарында бос лауазымдардың болуын ескеріп, кездейсоқ таңдау алгоритмін қолдана отырып, ақпараттық жүйемен автоматты режимде жүзеге асырылады.
5-тарау. Алғашқы кәсіптік даярлықтан шығару тәртібі және негіздері
119. Алғашқы кәсіптік даярлықтан шығарудың негіздері:
1) қолданыстағы заңнаманы, ішкі тәртіп ережелерін, тұру және тәртіпті бұзу;
2) бір оқу күні қатарынан үш сағаттан артық дәлелсіз себептермен оқу және/немесе тағылымдамадан өту орны бойынша курсанттың болмауы;
3) курсанттың оқу (тағылымдама) кезеңінде алкогольдік және (немесе) есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде болуы, оның ішінде осындай масаңдық тудыратын заттарды қолдануы;
4) Академия белгілейтін бақылаудың кез келген кезеңінде "F" (қанағаттанарлықсыз) бағасын алу;
5) міндетті арнайы тексерудің теріс нәтижелері;
6) бастапқы кәсіптік даярлықтан өту кезінде келісімшарт талаптарын орындамау немесе тиісінше орындамау, оның ішінде оқыту аяқталғаннан кейін құқық қорғау органында қызмет өткеруден бас тарту, тәртіптік жазаға тартуға алып келген оқыту режимі мен тәртіпті бұзу, ақпаратты жасыру немесе оқуға түсу немесе оқу кезеңінде көрінеу анық емес мәліметтер беру, курсанттың және құқық қорғау органының болашақ қызметкерінің мәртебесіне сәйкес келмейтін әрекеттерді жасау, келісімшарт талаптарын өзге де елеулі түрде бұзу;
7) курсанттың өз қалауы;
8) оқуды жалғастыруға мүмкіндік бермейтін отбасылық мән-жайлар немесе денсаулық жағдайы бойынша;
9) келісімшарттың өзге де талаптарын орындамау немесе тиісінше орындамау болып табылады.
120. Академия мен түлек қызметіне қабылданған жұмыс беруші арасында тұрақты кері байланыс қамтамасыз етіледі.
Қызметтің бірінші жылы ішінде екі рет (жартыжылдықтың қорытындысы бойынша) кадр бөлімшелері жұмыс берушінің (құқық қорғау органының уәкілетті басшысы) түлектің кәсіби даярлығы, дағдылары мен құзыреттерін дамыту дәрежесін сипаттайтын ақпаратты (анықтамалар) Академияға жіберілуін қамтамасыз етеді.
Көрсетілген ақпаратта (анықтамада) жетістіктер, сондай-ақ жекелеген білімді, дағдылар мен құзыреттерді дайындау мен дамытудағы олқылықтар көрсетіледі.
121. Жұмыс берушілерден келіп түсетін ақпаратты (анықтамаларды) Академия алғашқы кәсіптік даярлық бойынша білім беру процесін жетілдіру жөнінде шаралар қабылдау мақсатында жинақтайды және талдайды.
Эссені бағалау өлшемшарттары
№ | Бағалау өлшемшарттары | Ең жоғары баллдар |
1 | Тақырыпты түсіну және жұмыс мазмұнының қойылған міндетке сәйкестігі | 8 |
2 | Құрылымы (ойдың логикалылығы, жүйелілігі, баяндау дәйектілігі) | 8 |
3 | Талдамалық жұмыстың сапасы (сындарлы ойлау, уәждеме, пайымдар мен қорытындылар) | 8 |
4 | Жазу сапасы (академиялық стилі, сауаттылығы) | 8 |
5 | Құқық қорғау қызметінің қағидаттарына сәйкестігі, жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясатты түсіну | 8 |
6 | Барлығы: | 40 |
Үміткердің таныстырылымын бағалау өлшемшарттары
№ | Бағалау өлшемшарттары | Ең жоғары баллдар |
1 | Қарым-қатынас және сөйлеу мәдениеті | 5 |
2 | Мінез-құлық тепе-теңдігі | 5 |
3 | Жеке жетістіктер | 5 |
4 | Мамандық таңдаудағы ынталандыру және сенімділік | 5 |
5 | Барлығы: | 20 |
Құқық қорғау органдарында алғашқы кәсіптік даярлықты және одан әрі қызмет өткеруді ұйымдастыруға және одан өтуге |
Контракт на организацию и прохождение первоначальной профессиональной подготовки и дальнейшего прохождения службы в правоохранительных органах | ||
7.Тараптардың мекен-жайлары, деректемелері және қолдары/ | |||
"Академия"/"Академия" |
"Курсант / алғашқы кәсіптік даярлықты аяқтаған тұлға" / |
"Құқық қорғау органы"/ | |
Оқу жетістіктерін балдық-рейтингтік әріптік бағалау жүйесі Оқу жетістіктерін бағалау
Әріптік жүйе бойынша бағалау | Балдардың цифрлық баламасы | %-дық мәні (мазмұны) | Дәстүрлі жүйе бойынша баға |
A | 4,0 | 95 – 100 | Өте жақсы |
A- | 3,67 | 90 – 94 | |
B+ | 3,33 | 85 – 89 | Жақсы |
B | 3,0 | 80 – 84 | |
B- | 2,67 | 75 – 79 | |
C+ | 2,33 | 70 – 74 | |
C | 2,0 | 65 – 69 | Қанағаттанарлық |
C- | 1,67 | 60 – 64 | |
D+ | 1,33 | 55 – 59 | |
D | 1,0 | 50 – 54 | |
F | 0 | 0 – 49 | Қанағаттанарлықсыз |