Бір тұлғаның дербес не бір немесе бірнеше тұлғамен бірлесіп заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның шешімдерін басқаша айқындау мүмкіндігінің болу жағдайын белгілеу туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 2 шілдедегі № 113 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 9 шілдеде № 18996 болып тіркелді.

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 07.04.2026 № 56 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.) қаулысымен.

      "Сақтандыру қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 3-бабының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 07.04.2026 № 56 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.) қаулысымен.

      1. Бір тұлғаның дербес не бір немесе бірнеше тұлғамен бірлесіп заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның шешімдерін басқаша айқындау мүмкіндігі болуының бір заңды тұлғаның басқа заңды тұлғаны немесе оның лауазымды тұлғасы (тәуелсіз директорды қоспағанда) және (немесе) ірі акционері (ірі қатысушысы) қаржыландыратын тұлғаның лауазымды тұлғасы және (немесе) басшы қызметкері (тәуелсіз директорды қоспағанда) болып табылатын заңды тұлға болып табылмайтын ұйымды (бұдан әрі – бақылаудағы ұйым) заңды тұлғаның меншікті капиталынан асатын мөлшерде қаржыландыру жағдайы белгіленсін.

      Осы тармақтың мақсаттары үшін:

      бақылаудағы ұйым деп заңды тұлға немесе шешімдерін сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы дербес не бір немесе бірнеше тұлғамен бірлесіп айқындайтын заңды тұлға болып табылмайтын ұйым не шешімдерін заңды тұлға дербес не бір немесе бірнеше тұлғамен бірлесіп айқындайтын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы болып табылатын заңды тұлға;

      заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның шешімдерін дербес не бір немесе бірнеше тұлғамен бірлесіп айқындайтын тұлға деп сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының шешімдерін дербес не бірлесіп айқындайтын заңды тұлға не заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның шешімдерін дербес не бір немесе бірнеше тұлғамен айқындайтын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы түсініледі.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 07.04.2026 № 56 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.) қаулысымен.

      2. "Бір тұлғаның дербес не бір немесе бірнеше тұлғамен бірлесіп заңды тұлғаның шешімдерін шартқа (растайтын құжаттарға) байланысты немесе басқаша айқындау мүмкіндігі туралы нұсқаулықты бекіту жөнінде" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 4 шілдедегі № 217 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7854 болып тіркелген, 2012 жылғы 26 қыркүйекте "Егемен Қазақстан" газетінде № 622-630 (27701) жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және реттеу департаменті (Сәлімбаев Д.Н.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберуді;

      3) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін;

      4) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2), 3) тармақшаларында және 4-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Сыртқы коммуникациялар департаменті – Ұлттық Банктің баспасөз қызметі осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.

      6. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк Төрағасы Е. Досаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады