2018 жылғы 28 қыркүйектегі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстармен күрестегі ынтымақтастығы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қою жөнінде

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 7 қазандағы № 1516 Жарлығы.

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған 2018 жылғы 28 қыркүйектегі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстармен күрестегі ынтымақтастығы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын.

      2. 2018 жылғы 28 қыркүйектегі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстармен күрестегі ынтымақтастығы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға Қазақстан Республикасының атынан қол қойылсын.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2026 жылғы 7 қазандағы
№ 1516 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
Жоба

2018 жылғы 28 қыркүйектегі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстармен күрестегі ынтымақтастығы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы ХАТТАМА

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын 2018 жылғы 28 қыркүйектегі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстармен күрестегі ынтымақтастығы туралы келісімге (бұдан әрі - Келісім) қатысушы мемлекеттер

      ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстармен күрестің тиімділігін арттыру мақсатында

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Келісімге мынадай өзгерістер енгізілсін:

      1. 1-бапта:

      1.1. Екінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "зиянды бағдарлама - компьютерлік (цифрлық) ақпаратты санкциясыз жоюға, бұғаттауға, түрлендіруге, көшіруге, таратуға немесе оны қорғау құралдарын бейтараптандыруға, ақпараттық және компьютерлік жүйелердің жұмысын бұзуға, сондай-ақ оларға санкциясыз қол жеткізуге әдейі арналған, арнайы енгізілген өзгерістерімен жасалған немесе қолданыстағы бағдарлама;".

      1.2. Екінші абзацтан кейін мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:

      "ақпараттық-телекоммуникациялық желі - ақпаратты байланыс арналары арқылы беруге арналған технологиялық жүйе, оған қол жеткізу есептеу техникасы құралдары пайдаланылып жүзеге асырылады;".

      1.3. Үшінші абзац мынадай мазмұндағы сөйлеммен толықтырылсын:

      "Осы терминмен ақпараттық-коммуникациялық (ақпараттық- телекоммуникациялық) технологиялар да қамтылады;".

      1.4. Үшінші - жетінші абзацтар тиісінше төртінші - сегізінші абзацтар болып есептелсін.

      1.5. Мынадай мазмұндағы абзацтармен толықтырылсын:

      "құжаттың электрондық көшірмесі (бейнесі) - қағаз түріндегі құжаттың сканерлеу (фотосуретке түсіру) құралдарының көмегімен электрондық нысанға айналдырылған көшірмесі;

      қылмыстардың электрондық цифрлық іздері - жасалған қылмыстардың мән-жайларын және оларды жасаған адамдарды анықтауға мүмкіндік беретін криминалистикалық маңызы бар компьютерлік (цифрлық) ақпарат.".

      2. 2-баптың 1-тармағындағы "ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстардың" деген сөздер "ақпараттық технологиялар саласындағы немесе оларды пайдаланып жасалатын қылмыстардың" деген сөздермен ауыстырылсын.

      3. 3-баптың 1-тармағында:

      3.1. "б" тармақшасы "бағдарламаларды" деген сөзден кейін "заңсыз" деген сөзбен толықтырылсын.

      3.2. "г" тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "г) компьютерлік (цифрлық) ақпаратты енгізу, жою, бұғаттау, модификациялау немесе компьютерлік (цифрлық) ақпаратты сақтау, өңдеу, беру құралдарының, ақпараттық-телекоммуникациялық желілердің жұмыс істеуіне өзге де жолмен араласу арқылы не басқа жеке немесе заңды тұлғаны ақпараттық-коммуникациялық құрылғыларды пайдалана отырып қандай да бір әрекет жасауға итермелеу мақсатында оны алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы не электрондық төлем құралдары мен төлем құралдарын заңсыз пайдалану арқылы мүлікті жымқыруды;".

      3.3. "д" тармақшасындағы "Интернет" ақпараттық-телекоммуникациялық желісін немесе электр байланысының өзге де арналарын" деген сөздер "ақпараттық-телекоммуникациялық желілерді немесе өзге де байланыс арналарын" деген сөздермен ауыстырылсын.

      3.4. "е" тармақшасы "өткізуді" деген сөзден кейін ", заңсыз пайдалануды" деген сөздермен толықтырылсын.

      3.5. "ж" тармақшасындағы "авторлықты" деген сөзден кейін "иемденуді қоса алғанда, авторлық және сабақтас құқықтарды бұзуды" деген сөздермен ауыстырылсын.

      3.6. "з" тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "з) нәсілдік, ұлттық, діни, тілдік белгілері немесе өзге де әлеуметтік тиесілігі бойынша нәсілдік, ұлттық, діни не өзге де әлеуметтік араздықты не өшпенділікті қоздыруға бағытталған не терроризмді насихаттауды немесе жария түрде ақтауды, террористік әрекетті жүзеге асыруға шақыруларды қамтитын материалдарды ақпараттық-телекоммуникациялық желілерді немесе өзге де байланыс арналарын пайдаланып таратуды;".

      3.7. "з" тармақшасындағы "таратуды қылмыстық жазаланатын әрекеттер ретінде таниды." деген сөздер "таратуды;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы "и" тармақшасымен толықтырылсын:

      "и) ақпараттық технологиялар пайдаланылып жасалған өзге де қауіпті қылмыс түрлерін, оның ішінде:

      есірткі, психотроптық заттардың, сол тектестер мен олардың прекурсорларының, сондай-ақ оларды дайындауға қажетті материалдар мен технологиялардың заңсыз айналымын;

      қарудың, атыс қаруының негізгі бөліктерінің, оқ-дәрілердің, жарылғыш құрылғылар мен жарылғыш заттардың заңсыз айналымын;

      дайындалып жатқан жарылыс, өрт қою немесе адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өзге де әрекеттер туралы көрінеу жалған хабарлар таратуды;

      қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруды (жылыстатуды);

      жалған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды таратуды;

      адамдарды, адам ағзалары мен тіндерін саудалауды;

      күш қолданып және (немесе) кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған азғындық немесе өзге де сексуалдық сипаттағы әрекеттерді;

      өзін-өзі өлтіру тәсілдері туралы ақпарат тарату немесе өзін-өзі өлтіруге шақыру арқылы басқа адамды өзін-өзі өлтіруге не адамның өміріне қауіп төндіретін өзге де әрекеттер жасауға итермелеуге бағытталған әрекетті;

      басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін не оның беделін түсіретін көрінеу жалған мәліметтер таратуды;

      ерекше қорғалатын түрлерге жататын ерекше бағалы жабайы жануарлардың, биологиялық ресурстардың заңсыз айналымын;

      жалдануды, жалданушыларды азғырып көндіруді, оқытып-үйретуді, қаржыландыру мен пайдалануды қылмыстық жазаланатын әрекеттер ретінде таниды.".

      4. 1 және 3-баптардағы түрлі септіктердегі "компьютерлік ақпарат" деген сөздер тиісті септіктерде "компьютерлік (цифрлық) ақпарат" деген сөздермен ауыстырылсын.

      5. 4-бапта:

      5.1. 1-тармақтағы "құзыретті органдар арасында тікелей" деген сөздер "құзыретті органдар арқылы" деген сөздермен ауыстырылсын.

      5.2. 3-тармақтағы "тікелей" деген сөз алып тасталсын.

      5.3. Мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:

      "4. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің аумағында ұйымдасқан қылмысқа және қылмыстың басқа да қауіпті түрлеріне қарсы күресті үйлестіру бюросы осы Келісімді іске асыру мақсатында құзыретті органдарға өзара іс-қимылды ұйымдастыруда жәрдем көрсетеді.".

      6. 5-бапта:

      6.1. "а" тармақшасының бесінші абзацындағы "халықаралық шарттары туралы ақпарат алмасу" деген сөздер "халықаралық шарттары туралы" деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы абзацтармен толықтырылсын:

      "қылмыстардың электрондық цифрлық іздері туралы;

      қабылданатын ден қою шаралары туралы;

      құзыретті органдар пайдаланатын компьютерлік жүйелер, бағдарламалық құралдар туралы ақпарат алмасу;".

      6.2. "д" тармақшасы "өнімдер жасау" деген сөздерден кейін ", оның ішінде қылмыстардың электрондық цифрлық іздерін қамтитын деректер банкін қалыптастыру" деген сөздермен толықтырылсын.

      7. 6-бапта:

      7.1. 2-тармақтың бірінші абзацының екінші сөйлемі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Сұрау салулар құжаттың электрондық көшірмесі (бейнесі) түрінде ведомстволық электрондық пошта сервистері арқылы не өзге де байланыс арналары пайдаланылып, түпнұсқасы кейіннен (қажет болған жағдайда) жолданып немесе ауызша берілуі мүмкін, алайда бүдан кейін 3 тәулік ішінде олар жазбаша расталуға тиіс.".

      7.2. 4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Берілген немесе жазбаша нысанда расталған сұрау салу сүрау салушы Тараптың құзыретті органының (оның бөлімшесінің) ресми бланкісінде жасалады, оған орталық аппараттың уәкілетті бөлімшесінің басшысы немесе өңірлік деңгейден төмен емес аумақтық бөлімшенің басшысы қол қояды.".

      8. 7-баптың 1-тармағындағы "сұрау салушы Тараптың құзыретті органы көрсеткен мерзімдерде" деген сөздер "оны алған күннен бастап 30 тәуліктен аспайтын мерзімде" деген сөздермен ауыстырылсын.

      9. 7-баптың 2 және 3-тармақтарындағы, 11-баптың 2-тармағындағы "дереу" деген сөз "3 тәулік ішінде" деген сөздермен ауыстырылсын.

      10. 12-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "12-бап Шығыстар

      Тараптардың құзыретті органдары осы Келісімді іске асыру барысында туындайтын шығыстарды дербес көтереді. Шығыстарды жүзеге асырудың өзге тәртібі мүдделі Тараптардың жеке келісімімен белгіленуі мүмкін.".

2-бап

      Осы Хаттама қол қойылған күннен бастап 60 күн өткен соң уақытша қолданылады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы үшінші жазбаша хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Мемлекетішілік рәсімдерді кейінірек орындаған Тараптар үшін осы Хаттама депозитарий тиісті құжаттарды алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Осы Хаттамаға қол қою кезінде кез келген Тарап өзінің осы Хаттаманы уақытша қолданбайтынын не оны осы Хаттамада көзделген күннен өзге күннен бастап уақытша қолданатынын мәлімдеуге құқылы.

3-бап

      Осы Хаттама күшіне енгеннен кейін Келісімге қатысушы кез келген мемлекеттің депозитарийге қосылу туралы құжатты беру арқылы қосылуы үшін ашық.

      Қосылатын мемлекет үшін осы Хаттама депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      __________жылғы_________ _______________қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Хаттамаға қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

      Әзербайжан Республикасы үшін Ресей Федерациясы үшін
      Армения Республикасы үшін Тәжікстан Республикасы үшін
      Беларусь Республикасы үшін Түрікменстан үшін
      Қазақстан Республикасы үшін Өзбекстан Республикасы үшін
      Қырғыз Республикасы үшін Украина үшін
      Молдова Республикасы үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады