"Орталық Азия - Қытай" форматы Хатшылығының бюджетін қалыптастыру және атқару тәртібі туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 23 мамырдағы № 889 Жарлығы.

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған "Орталық Азия - Қытай" форматы Хатшылығының бюджетін қалыптастыру және атқару тәртібі туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. "Орталық Азия - Қытай" форматы Хатшылығының бюджетін қалыптастыру және атқару тәртібі туралы келісімге Қазақстан Республикасының атынан қол қойылсын.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2025 жылғы 23 мамырдағы
№ 889 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
Жоба

"Орталық Азия - Қытай" форматы хатшылығының бюджетін қалыптастыру және атқару тәртібі туралы

КЕЛІСІМ

      "Орталық Азия - Қытай" форматына (бұдан әрі - Формат) қатысушы мемлекеттер - бұдан әрі қатысушы мемлекеттер деп аталатын Қытай Халық Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      арнаулы шоттар - белгілі бір іс-шаралар мен мақсаттарды жүзеге асыруға бағытталған ақша қаражатының қозғалысын есепке алу үшін пайдаланылатын шоттар;

      бюджет (тұрақты) - Хатшылықтың міндеттері мен функцияларын қаржылай қамтамасыз етуге арналған ақша қаражатының құралу және пайдаланылу нысаны. Ол қатысушы мемлекеттердің үлестік жарналарынан және өзге түсімдерден тиісті бюджет жылына қалыптастырылады;

      бюджеттік (қаржылық) жыл - 1 қаңтардан бастап 31 желтоқсанды қоса алғандағы кезең;

      Жалпы қор - Хатшылықтың тұрақты бюджеті бойынша түсімдер мен шығыстар үшін бюджеттің осы Келісімнің 2-бабында қабылданған валютасымен ашылған шот;

      қаржылық бақылау - бюджеттің жасалу, қаралу және атқарылу тәртібін, сондай-ақ бюджет қаражатының толықтырылуын, бөлінуін және пайдаланылуын тексеру және ішкі, сол сияқты сыртқы бақылау;

      міндеттеме - шарттық қатынастарға түсу немесе Хатшылықтың қаржылық жауапкершілігіне алып келетін, тиісті рұқсаттар алынған мәмілелердің басқа да түрлері;

      нысаналы қор - Хатшылықтың қызметіне байланысты нысаналы шығыстарды қаржыландыру мақсатында ақша қаражатының қозғалысын есепке алу үшін ашылған шот;

      өзге түсімдер - белгіленген үлестік, нысаналы ерікті жарналар мен ақшалай нысандағы сыйларды, сондай-ақ ағымдағы қаржы кезеңінде шығыстарды тікелей өтеу нәтижесінде алынған сомаларды қоспағанда, түсімдердің барлық түрлері;

      Резервтік қор - Хатшылық қызметіне байланысты күтпеген және төтенше шығыстарды қаржыландыру мақсатында ақша қаражатының қозғалысын есепке алу үшін ашылған шот;

      Саммит - "Орталық Азия - Қытай" форматына қатысушы мемлекеттер басшыларының кездесуі;

      сыртқы аудит - Хатшылықтың қаржы-шаруашылық қызметін Форматтың Сыртқы істер министрлерінің кездесуі (бұдан әрі - Сыртқы істер министрлерінің кездесуі) тағайындаған тұлға(-лар) немесе институт(-тар) жүзеге асыратын тексеру;

      түсімдер - Хатшылық бюджетіне белгіленген (есепке жазылған) үлестік жарналар және өзге түсімдер түрінде түскен қаражат;

      үлестік жарналар - сол қаржы жылы ішінде Хатшылықтың қызметіне байланысты шығыстарды қаржыландыру үшін Форматқа қатысушы мемлекеттер үшін белгіленген (есепке жазылған) сомалар. Үлестік жарналардың мөлшері қоса беріледі;

      ішкі аудит - шығыстардың қалыптасуын бақылау, жоспарлы көрсеткіштер мен нормативтерден ауытқуларды анықтау, ауытқулардың себептерін талдау, қаржы-шаруашылық қызметі резервтерін іздеу және Хатшылықтың Бас хатшысын (бұдан әрі - Бас хатшы) қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету.

2-бап

      Хатшылықтың бюджеті қаржы жылы болып табылатын күнтізбелік бір жыл мерзімге жасалады және Сыртқы істер министрлерінің кездесуінде бекітіледі.

      Хатшылықтың бюджеті қаржы жылына жататын барлық түсімдер мен шығыстарды қамтиды және АҚШ долларымен қалыптастырылады. Жыл сайынғы жарналар АҚШ долларымен есепке жазылады және төленеді.

3-бап

      Қатысушы мемлекеттер Хатшылықтың бюджетіне жыл сайынғы үлестік жарналарды осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын қосымшаға сәйкес енгізеді.

      Үлестік жарналардың мөлшері бір немесе бірнеше қатысушы мемлекеттің ұсынысы бойынша және басқа қатысушы мемлекеттердің келісімімен өзгертілуі мүмкін.

4-бап

      Қатысушы мемлекеттердің үлестік жарналарды төлеуі бекітілген бюджет шегінде Хатшылықтың болу мемлекетінің банкіндегі шотқа жүргізіледі.

      Есепке жазылған үлестік жарналар Бас хатшыдан тиесілі жарналар туралы хабарлама алынған күннен бастап отыз күн ішінде немесе күнтізбелік жылдың бірінші күніне толық көлемде төленуге тиіс.

      Егер қатысушы мемлекет тиесілі үлестік жарналарды осы мерзімдерде толық көлемде енгізе алмайтын жағдайда болса, ол оларды кезең-кезеңімен аудара алады, бұл туралы Бас хатшыны алдын ала хабардар етеді. Бұл ретте бірінші тоқсанның бірінші айы ішінде міндетті (есепке жазылған) жарналардың жалпы сомасының кемінде 30 пайызы және екінші және үшінші тоқсандардың бірінші айлары ішінде кемінде 35 пайыздан аударылуға тиіс.

      Хатшылықтың бюджеті қаржы жылы басталғанға дейін бекітілмеген жағдайда қатысушы мемлекеттер жарналарды Хатшылықтың бюджеті бекітілгенге дейін ай сайын алдыңғы бюджет жылының тұрақты бюджетінің атқарылуының 1/12 мөлшерінде аударады.

5-бап

      Бас хатшы келесі қаржы жылына арналған бюджеттің жобасын Хатшылықтың ұсыныстарына сәйкес қалыптастырады және бюджет жобасын кезекті қаржы жылы басталғанға дейін кемінде сегіз ай бұрын барлық қатысушы мемлекеттерге жібереді. Қатысушы мемлекеттер мақұлдағаннан кейін бюджеттің жобасы Сыртқы істер министрлері кездесуінің бекітуіне ұсынылады.

      Сыртқы істер министрлерінің кездесуі бюджетті бекіткеннен немесе қайта қарағаннан кейін Бас хатшы қатысушы мемлекеттерді төленуге тиесілі үлестік жарналар туралы хабардар етеді.

      Бас хатшы үлестік жарналардың түскені туралы мәліметтерді қатысушы мемлекеттерге сұрау салулар бойынша ұсынады.

      Хатшылық осы Келісімнің негізінде қаржылық ережелерді, қағидаларды және есепке алу жүйесін әзірлейді және қажет болған жағдайда оларға түзетулер енгізеді. Хатшылық қатысушы мемлекеттермен келісу бойынша оларды Сыртқы істер министрлері кездесуінің бекітуіне ұсынады.

      Қытай тарапы жіберетін, бюджеттік бақылауға, қаржы мен активтерді басқаруға және бухгалтерлік есепке жауапты қаржыгер лауазымы Хатшылықтың штат кестесінде айқындалған.

      Хатшылық бюджетінің атқарылуы туралы жылдық есепті Бас хатшы қатысушы мемлекеттердің мақұлдауымен Сыртқы істер министрлері кездесуінің бекітуіне жібереді.

      Бас хатшы көрсетілген өкілеттіктерді жазбаша нысанда өз орынбасарларының біріне бере алады.

      Бюджетті қалыптастыру кезінде үнемдеу режимін қатаң сақтау және нақты нәтижеге қол жеткізу қажет.

6-бап

      Бас хатшы Сыртқы істер министрлерінің кездесуі бекіткен бюджет сомасы шегінде сол қаржы жылы ішінде міндеттемелер қабылдауға және төлемдер жүргізуге құқылы.

      Бас хатшы қаржы жылы аяқталғаннан кейін 12 ай ішінде сол қаржы жылы ішінде берілген тауарлар мен көрсетілген қызметтер бойынша міндеттемелерді, сондай-ақ басқа да қалған қаржылық міндеттемелерді толық жабады.

      Қаржы жылы басталғанға дейін Сыртқы істер министрлерінің кездесуі бюджетті бекітпеген жағдайда Бас хатшы алдыңғы тұрақты бюджеттің атқарылу сомасының 1/12 шегінде ай сайынғы негізде міндеттемелер қабылдауға және төлемдер жүргізуге уәкілетті.

7-бап

      Тұрақты бюджет бойынша түсімдер мен шығыстарды есепке алу үшін Жалпы қор құрылады. Қатысушы мемлекеттер ағымдағы қаржы кезеңіне төлейтін үлестік жарналар және өзге түсімдер Қордың ақша қаражатының көзі болып табылады.

      Хатшылықтың қызметіне байланысты күтпеген және төтенше шығыстарды жабу үшін Резервтік қор құрылуы мүмкін. Резервтік қор құруға, сондай-ақ ондағы қаражаттың көлеміне және оны пайдалану тәртібіне қатысты шешімді Бас хатшының ұсынуы бойынша Сыртқы істер министрлерінің кездесуі айқындайды.

      Ерікті жарналарды, ақшалай немесе өзге де нысандағы сыйларды Хатшылық осы қаражат мақсатының Форматтың мақсаттары мен міндеттеріне қайшы келмеуі және Хатшылықтың шоттар мен активтерді басқару жүйесіне интеграциялануы шартымен белгіленген тәртіппен қатысушы мемлекеттердің мақұлдауымен қабылдай алады.

      Бас хатшы қатысушы мемлекеттердің мақұлдауымен нысаналы қорлар мен арнаулы шоттар құра алады және олар бойынша Сыртқы істер министрлері кездесуінің алдында есеп беруге тиіс. Әрбір нысаналы қор мен арнаулы шот қаражатының мақсаты мен шекті көлемін қатысушы мемлекеттер анық айқындауға және мақұлдауға тиіс.

      Жоғарыда аталған қорлар мен шоттарды басқару осы Келісімнің 5-бабында аталған қаржылық ережелер мен қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.

8-бап

      Бас хатшы Хатшылық қызметінің барлық қаржылық аспектілері үшін жауапты болады және осы Келісімге сәйкес Хатшылықтың қаржы ресурстарының лайықты әрі тиімді басқарылуы үшін Сыртқы істер министрлері кездесуінің алдында есеп береді.

      Хатшылықта ішкі және сыртқы аудитті қоса алғанда, қаржылық бақылаудың қажетті тетігі қамтамасыз етіледі.

9-бап

      Есепке жазылған жыл сайынғы үлестік жарналардың қатысушы мемлекет төлемеген сомалары осы мемлекеттің Хатшылық алдындағы міндетті түрде өтелуге жататын берешегі болып табылады.

      Берешегінің сомасы алдыңғы бюджет жылы үшін тиесілі үлестік жарналар сомасынан асатын қатысушы мемлекет берешек толық өтелгенге дейін өз азаматтарын Хатшылыққа лауазымдарға ұсыну құқығынан айырылуы мүмкін. Егер Сыртқы істер министрлерінің кездесуі төлемеу осындай мемлекетке байланысты емес мән-жайлардан туындады деп шешсе, ол қатысушы мемлекеттердің ұсынуы бойынша бұл шараны қолданбау туралы шешім қабылдауы мүмкін.

      Берешегінің сомасы өзіне алдыңғы екі бюджет жылы үшін тиесілі болған жарналар сомасынан асатын қатысушы мемлекетке қатысты Саммиттің шешімі тәртібімен оның Форматқа қатысуын тоқтата тұру туралы шешім қабылдануы мүмкін. Егер Саммит төлемеу осындай мемлекетке байланысты емес мән-жайлардан туындады деп шешсе, ол Сыртқы істер министрлері кездесуінің ұсынуы бойынша бұл шараға жүгінбеуі мүмкін.

      Қатысушы мемлекеттің Хатшылық алдындағы қаржылық міндеттемелері осы мемлекеттің Форматқа мүшелігі тоқтатылғанына (мүшелігі тоқтатыла тұрғанына, өз еркімен шығуына) қарамастан, толық орындалуға жатады.

      Осы бапты орындауға байланысты нақты мәселелерді реттеу тәртібі осы Келісімнің 5-бабында аталған қаржылық ережелерде және қағидаларда айқындалады.

10-бап

      Форматтың немесе оның Хатшылығының қызметі тоқтатылған жағдайда Хатшылықтың мүлкін сатып алу және сату мәселелерін қоса алғанда, осыған байланысты қаржылық және мүліктік мәселелерді реттеу тәртібін Сыртқы істер министрлерінің кездесуі осы Келісімнің ережелерін ескере отырып айқындайды.

      Жылжымалы және жылжымайтын мүлікті сатудан түскен ақша қаражаты қолданыстағы міндеттемелер орындалғаннан кейін қатысушы мемлекеттер арасында олардың бюджетке үлестік жарналарының мөлшеріне барабар бөлінеді.

      Хатшылық қызметінің тоқтатылуына байланысты міндеттемелерді орындау үшін ақша қаражаты жеткіліксіз болған жағдайда оны қатысушы мемлекеттер өздерінің бюджетке үлестік жарналарының мөлшеріне барабар жабады.

      Қатысушы мемлекет Форматтан шыққан жағдайда, егер бұл мемлекетте міндетті жарналарды төлеу бойынша берешек болса, берешек осы мемлекеттің қаражаты есебінен өтеледі.

11-бап

      Осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің келісімі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын және жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

12-бап

      Осы Келісімді түсіндіру немесе іске асыру кезінде туындайтын даулы мәселелер қатысушы мемлекеттер арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.

13-бап

      Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрлігі осы Келісімнің депозитарийі болып табылады.

      Осы Келісім қатысушы мемлекеттердің оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшіне енеді.

      Депозитарий қатысушы мемлекеттер мен Хатшылықты осы Келісімнің күшіне енетін күні туралы хабардар етеді.

      Барлық қатысушы мемлекеттер қол қойғаннан кейін Келісімнің төлнұсқа данасы депозитарийге сақтауға тапсырылады. Депозитарий осы Келісімнің куәландырылған көшірмелерін қатысушы мемлекеттерге және Хатшылыққа жібереді.

      Қатысушы мемлекет осы Келісімнен шығуының болжамды күніне дейін кемінде 6 ай бұрын депозитарийге өзінің осындай ниеті туралы жазбаша хабарлама жіберіп, осы Келісімнен шыға алады. Тиісті қатысушы мемлекет өзінің осы Келісімге қатысуы кезінде туындаған барлық қаржылық міндеттемелерді Келісімнен шығатын кезге дейін орындауға тиіс.

      Осы Келісім орыс және қытай тілдерінде бір төлнұсқа данада жасалды әрі екі мәтіннің де күші бірдей.

      Қытай Халық Республикасы үшін
      Қазақстан Республикасы үшін
      Қырғыз Республикасы үшін
      Тәжікстан Республикасы үшін
      Өзбекстан Республикасы үшін

  "Орталық Азия - Қытай"
форматы Хатшылығының
бюджетін қалыптастыру
және атқару тәртібі туралы
келісімге
ҚОСЫМША

"Орталық Азия-Қытай" форматына қатысушы мемлекеттердің үлестік жарналарының МӨЛШЕРІ

      Қытай Халық Республикасы - 60 %

      Қазақстан Республикасы - 10 %

      Қырғыз Республикасы - 10 %

      Тәжікстан Республикасы - 10 %

      Өзбекстан Республикасы - 10 %

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады