"Ядролық қондырғыларды және көму пункттерін орналастыру алаңын таңдау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 24 мамырдағы № 301 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 16 қазандағы № 924 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Ядролық қондырғыларды және көму пункттерін орналастыру алаңын таңдау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 24 мамырдағы № 301 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Атом энергиясын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 6) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";

      көрсетілген қаулымен бекітілген Ядролық қондырғыларды және көму пункттерін орналастыру алаңын таңдау қағидалары осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2026 жылғы 16 қазандағы
№ 924 қаулысына
қосымша
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2016 жылғы 24 мамырдағы
№ 301 қаулысымен бекітілген

Ядролық қондырғыларды және көму пункттерін орналастыру алаңын таңдау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ядролық қондырғыларды және көму пункттерін орналастыру алаңын таңдау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Атом энергиясын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 6) тармақшасына сәйкес әзірленді және ядролық қондырғылар мен көму пункттерін (бұдан әрі – ЯҚКП) орналастыру алаңын таңдау тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) табиғи сипаттағы сыртқы әсер – ЯҚКП-ға қатысты сыртқы табиғи сипаттағы процестерден, құбылыстардан және факторлардан туындайтын әсер;

      2) техногендік сипаттағы сыртқы әсер – адамның қызметінен немесе оның техниканы және технологияларды ЯҚКП алаңынан тыс жерде де, оның шегінде де пайдалануынан туындайтын әсер;

      3) алаңды таңдау – ЯҚКП үшін қолайлы алаңды зерттеу және іріктеу процесі;

      4) алаңды таңдауды жүзеге асыратын ұйым – Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі ұлттық оператор, Атом электр станцияларының (бұдан әрі – АЭС) ұлттық операторы, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталындағы қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы тікелей немесе жанама түрде АЭС ұлттық операторына тиесілі заңды тұлға не ЯҚКП орналастыруды жоспарлайтын және "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына 1-қосымшаның 17-тармағына сәйкес атом энергиясын пайдалану объектілерінің өмірлік циклі кезеңдеріне байланысты жұмыстарды орындауға лицензиясы бар өзге де заңды тұлға;

      5) ЯҚКП алаңы – ЯҚКП-ның негізгі және қосалқы құрылыстарын орналастыруға арналған аумақ;

      6) ЯҚКП орналастыру үшін кандидат алаң (бұдан әрі – кандидат алаң) – алдын ала талдау нәтижелері бойынша одан әрі қараудан шығарылмаған және ЯҚКП орналастыру алаңын таңдау мақсатында одан әрі зерттелетін, бағаланатын, салыстырып талданатын және сараланатын әлеуетті алаң;

      7) ЯҚКП орналастырылатын әлеуетті алаң (бұдан әрі – әлеуетті алаң) – ЯҚКП орналастыру ауданындағы бастапқы деректерді талдау нәтижелері бойынша одан әрі зерттеу және ЯҚКП орналастыру мүмкіндігін алдын ала талдау үшін айқындалған аумақ;

      8) ядролық қондырғыларды және көму пункттерін орналастыру ауданы (бұдан әрі – ЯҚКП орналастыру ауданы) – ЯҚКП орналастыруға арналған әлеуетті алаңдарды іріктеу мақсатында зерттелетін аумақ.

      3. ЯҚКП салу және ол салынатын аудан туралы шешім қабылданғаннан кейін алаңды таңдау:

      1) табиғи және (немесе) техногендік сипаттағы ықтимал сыртқы әсерлер;

      2) радиоактивті заттардың ықтимал таралуы;

      3) ЯҚКП-ны пайдалану, оқыс оқиғалар немесе авариялардың туындауы нәтижесінде халыққа және қоршаған ортаға келтірілетін залалдың алдын алу мүмкіндігі ескеріле отырып жүзеге асырылады.

      4. Алаңды таңдау мынадай кезеңдерді қамтиды:

      1) әлеуетті алаңдарды зерттеу және кандидат алаңдарды айқындау;

      2) кандидат алаңдарды зерттеу және бағалау;

      3) кандидат алаңдарға салыстырмалы талдау жүргізу және оларды саралау;

      4) алаңды іріктеу.

      5. Алаңды таңдау қауіпсіздікке ықпал ететін факторларды, оның ішінде:

      1) аумақтық жоспарлауды;

      2) жерді пайдалануға қойылатын шектеулерді;

      3) су ресурстарымен қамтамасыз етілуін;

      4) көлік және энергетикалық инфрақұрылымның болуын талдау негізінде жүзеге асырылады.

2-тарау. Алаңды таңдау тәртібі

1-параграф. Әлеуетті алаңдарды зерттеу, кандидат алаңдарды айқындау және зерттеу

      6. Әлеуетті алаңдарды зерттеу мыналарды қамтиды:

      әлеуетті алаңдар туралы бастапқы деректерді жинау және талдау;

      әлеуетті алаңдарға осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігі тұрғысынан алдын ала талдау жүргізу;

      ЯҚКП орналастыру мүмкіндігін жоққа шығаратын факторлар анықталған әлеуетті алаңдарды одан әрі қараудан шығару;

      алдын ала талдау нәтижелері бойынша одан әрі қараудан шығарылмаған және кандидат алаңдар ретінде одан әрі зерттелетін және бағаланатын әлеуетті алаңдарды айқындау.

      7. Мына:

      1) белсенді жарылымдарда;

      2) сейсмикалық белсенділігі ең жоғары есептік жер сілкінісінің қарқындылығы Медведев – Шпонхойер – Карник сейсмикалық қарқындылық шәкілі бойынша 8 балдан асатын аумақтарда;

      3) сульфатты, тұзды карст, термокарст таралған аумақтарда;

      4) ерекше қорғалатын мемлекеттік орман қорының аумақтарында және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда;

      5) вулкандардың (оның ішінде балшық вулкандарының) атқылауының вулкандық бомбалар, лава ағындары, пирокластикалық ағындар, қызған күл және улы газдар ағындары, сел ағындары түріндегі әсеріне ұшырайтын аумақтарда;

      6) су қорғау белдеулерінің шегінде орналасқан аумақтарда және (немесе) Қазақстан Республикасының Су кодексіне сәйкес пайдалануға жол берілмейтін не пайдаланылуы шектелетін аумақтарда;

      7) ықтимал апатты су басу аймақтарында орналасқан әлеуетті алаңдар ЯҚКП орналастыруға жарамсыз болып танылады.

      8. Аумақтарында ЯҚКП орналастыру мүмкіндігін жоққа шығаратын факторларға жатпайтын ықтимал қауіпті процестер, құбылыстар немесе факторлар бар әлеуетті алаңдар ЯҚКП орналастыру үшін қолайсыз болып танылады.

      9. Қолайсыз алаңдарда ЯҚКП орналастыруға әрбір анықталған табиғи және техногендік процесс, құбылыс немесе фактор бойынша олардың ЯҚКП қауіпсіздігіне әсерін жоққа шығаруға немесе азайтуға бағытталған техникалық және ұйымдастырушылық іс-шараларды әзірлеу және орындау, сондай-ақ көрсетілген іс-шаралардың тиімділігін есептеудің және қауіпсіздікті бағалаудың нәтижелерімен растау шартымен жол беріледі.

      10. Кандидат алаңдарды зерттеу:

      1) инженерлік-геологиялық және сейсмотектоникалық зерттеулерді;

      2) гидрологиялық және гидрогеологиялық зерттеулерді;

      3) метеорологиялық зерттеулер және атмосфералық дисперсияны бағалауды;

      4) табиғи және техногендік сыртқы әсерлерді талдауды;

      5) демографиялық сипаттамалар мен жер пайдалануды талдауды;

      6) геодезиялық зерттеулерді талдауды қамтиды.

      11. Кандидат алаңдарды зерттеу барысында осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген бір немесе бірнеше өлшемшарт бойынша ЯҚКП орналастыру мүмкіндігін жоққа шығаратын факторлар анықталған жағдайда осындай кандидат алаңдар үшін осы Қағидалардың 10-тармағында көзделген зерттеулерді одан әрі жүргізу талап етілмейді.

      12. Кандидат алаңдарды зерттеу барысында кандидат алаңдардың параметрлері, сондай-ақ ЯҚКП орналастыру ауданына тән табиғи және техногендік сипаты сыртқы әсерлер зерттеледі және бағаланады. Бағалау экстремалды, бірақ физикалық тұрғыдан мүмкін болатын құбылыстарды, бірнеше сыртқы оқиғаның ықтимал үйлесуін, олардың ықтимал өзара әсерін, дамуын және салдарын ескере отырып жүргізіледі. Бұл ретте көрсетілген факторлардың ЯҚКП қауіпсіздігіне ықтимал әсері және халық, персонал мен қоршаған орта үшін радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкіндігі бағаланады.

      13. ЯҚКП орналастыру ауданында және кандидат алаңдарда іргелес аумақтың қазіргі және перспективалық даму жағдайларын ескере отырып, орналастырылатын объектілердің қауіпсіздігіне әсер етуге қабілетті техногендік қауіп көздері анықталады.

      14. Кандидат алаңдарда табиғи текті сыртқы әсерлерді бағалау кезінде мынадай геологиялық, гидрологиялық және гидрогеологиялық процестер мен құбылыстар ескеріледі:

      1) гравитациялық, беткейлік процестер, олар бойынша:

      рельеф элементтерінің жерасты суларымен, тектоникалық бұзылыстармен, көмілген рельеф нысандарымен байланысын ескере отырып, алаң бедерінің гравитациялық, беткейлік процестерге әсері бағаланады;

      ЯҚКП қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін беткейлердің статикалық және динамикалық беріктігі, орнықтылығын жоғалту мүмкіндігі зерттеледі және бағаланады (опырылу, құлама, шөгінділердің сырғуы, дисперсия, солифлюкция, қатпарлы деформациялар, сығылып шығу);

      табиғи және техногендік факторлардың әсерінен алаңда карсттық, суффозиялық және карсттық-суффозиялық процестердің болуы, қарқындылығы және даму мүмкіндігі, олардың ЯҚКП қауіпсіздігіне әсері зерттеледі және бағаланады;

      2) жер сілкіністері және тектоникалық белсенді жарылымдар, олар бойынша:

      ЯҚКП орналастырылатын ауданға сейсмологиялық, геологиялық және тектоникалық бағалау жүргізіледі, аспаптар тіркеген және тарихи жер сілкіністері, индукцияланған сейсмикалылық жағдайлары ескеріледі;

      сейсмикалылық параметрлері ықтималдық және детерминистік әдістерді пайдалана отырып айқындалады;

      ауданның сейсмотектоникалық сипаттамалары мен алаңның ерекше жағдайларын ескере отырып, алаңның сейсмикалылығының екі деңгейі – жылына орташа қайталануы 10⁻⁴ болатын Медведев – Шпонхойер – Карник сейсмикалық қарқындылық шәкілі бойынша баллмен ең жоғары есептік жер сілкінісі және жылына орташа қайталануы 10⁻³ болатын ең жоғары қарқындылықтағы жобалық жер сілкінісі белгіленеді;

      тербелістердің ең жоғары үдеулерінің параметрлері, өшу коэффициенттерінің әртүрлі мәндері үшін топырақ реакцияларының жиілік диапазондары, процестің уақыт бойынша өту тәуелділігі белгіленеді;

      белсенді жарылымдардың болуы және сипаттамалары белгіленеді;

      болған жер сілкіністерін ескере отырып, негіздердің геологиялық және физикалық сипаттамалары айқындалады, жергілікті тектоника, оның ішінде жер бетінде және тереңдікте ауытқулардың бар-жоғы бағаланады;

      3) гидрологиялық процестер, құбылыстар, олар бойынша:

      орналастыру ауданында бар және (немесе) оған тән ықтимал көздерден кандидат алаңның үнемі, ауық-ауық уақытша су астында қалуы және оған су жайылуы мүмкіндігі зерттеледі және бағаланады;

      судың келуі мен жел толқындарының үйлесу мүмкіндігі зерттеледі, қайталануы жылына 10⁻⁴ дейін болатын су астында қалудың және су жайылуының ең жоғары деңгейі, дебиті, ұзақтығы және қайталану жиілігі бағаланады;

      табиғи немесе техногендік оқиғалар салдарынан туындауы мүмкін цунами мен сейштердің ЯҚКП қауіпсіздігіне әсер ету мүмкіндігі зерттеледі және бағаланады, жағалау конфигурациясын ескере отырып, ықтимал ең жоғары цунами мен сейштердің параметрлері (пайда болу жиілігі, толқынның мөлшері мен биіктігі) бағаланады.

      15. ЯҚКП қауіпсіздігіне деформация модулі Е≤20 МПа болатын әртүрлі құрамдағы және генезистегі әлсіз суға қаныққан, сұйылатын, шөгуге бейім, ісінетін, тұзданған, көпжылдық тоңды, элювиалды арнайы топырақтардың әсері бағаланады.

      16. Кандидат алаңдардың шегінде өзіндік ерекшелігі бар топырақтың бар-жоғы, олардың түрі, қуаты, физикалық-механикалық қасиеттері белгіленеді.

      17. Өзіндік ерекшелігі бар топырақтың ықпалына байланысты біркелкі емес шөгудің, қисаюдың, сұйылудың туындау ықтималдығы бағаланады.

      18. Метеорологиялық процестер мен құбылыстарды есепке алғанда орналастыру ауданы бойынша дауыл мен құйынның туындау ықтималдығы мен ЯҚКП-ға әсер ету параметрлері (қарқындылық класы, ең жоғары екпіндеу және үйірілу жылдамдықтары, қысым және қысымның өзгеруі, жауын-шашын мөлшері, ұшатын заттардың әсері) бағаланады.

      19. Табиғи процестер мен құбылыстарды есепке алғанда ЯҚКП орналастыру қауіпсіздігіне әсерін тигізетін табиғи сипатты сыртқы әсерлердің параметрлері, оның ішінде мынадай процестер мен құбылыстар: жағалаудың шайылуы, сел, экстремалды жел, жауын-шашын, ауа мен судың температурасы, қар, мұздану, сең, көктайғақ, найзағай, бұршақ, шаңды және құмды дауылдар, тынық ауа райы, көтеріңкі инверсиялар, тұман, желдетілмейтін тұйық таулы-аңғарлы ландшафттар, шөлейттену, табиғи радиациялық фонның жоғарылауы зерттеледі және ескеріледі.

      20. ЯҚКП орналастыру ауданында және кандидат алаңдарда жарылыстар, өрт, радиоактивті, жарылыс қауіпті, жанғыш, уытты және коррозиялық белсенді заттардың шығарындысымен авариялар болуы мүмкін әлеуетті техногендік қауіп көздерін анықтау бойынша зерттеулер жүргізіледі.

      21. Әрбір кандидат алаңның шекарасынан отыз километрлік аймақ шегінде оқу-жаттығу, бомба тастау және атыс жүргізу үшін пайдаланылатын әскери объектілердің немесе әуе дәліздерінің бар-жоғы ескеріледі.

      22. Әрбір кандидат алаңның шекарасынан он километрлік аймақ шегінде детонациялық және дефлаграциялық жарылыс көзі ретінде химиялық заттармен, жарылғыш заттармен және отынмен жұмыс істейтін стационарлық, жылжымалы, азаматтық және әскери объектілердің саны мен сипаттамалары ескеріледі.

      23. Әрбір кандидат алаңның шекарасынан он километрлік аймақ шегінде оқ-дәрі мен жарылғыш материалдар қоймаларының бар-жоғы айқындалады.

      Анықталған қоймалар үшін жарылыстың қайталану салдарының ЯҚКП-ға әсері, оның ішінде жер сілкінуі, фрагменттер мен басқа да заттардың ұшып таралуы, сондай-ақ оның таралуының жергілікті жағдайларын ескере отырып, газ бұлтының әсері бағаланады.

      24. Әрбір кандидат алаңның шекарасынан жеті километрлік аймақ шегінде өрт пен түтінденудің ықтимал көздері, оның ішінде жанғыш материалдарды сақтауға арналған қойма үй-жайлары, мұнай және газ құбырлары, ормандар мен шымтезекті алқаптар айқындалады.

      25. Әрбір кандидат алаңның шекарасынан бес километрлік аймақ шегінде өрт қауіпті, уытты және (немесе) күйдіргіш заттармен жұмыс жүргізілетін кәсіпорындар мен жылжымалы көздер (автомобиль көлігі, теміржол, су көлігі) айқындалады.

      26. Кандидат алаңдар үшін ЯҚКП-ның өмірлік циклі бойындағы авиациялық ахуалдың өзгеру болжамын ескере отырып, авиациялық апаттардың туындау мүмкіндігі ескеріледі және олардың ықтимал салдары, оның ішінде қайталану салдары бағаланады.

      27. ЯҚКП орналастыру ауданында және кандидат алаңдарда игерілген аумақтардың, шахталардың, мұнай және газ қазбаларының, қысымды гидротехникалық құрылыстардың және ЯҚКП қауіпсіздігіне әсер етуге қабілетті факторлардың бар-жоғы зерттеледі және олардың әсері ескеріледі.

      28. Анықталған техногендік қауіп көздері мен факторлары үшін туындау ықтималдығы жылына 1×10⁻⁶ және одан жоғары болған жағдайда олардың ЯҚКП-ға ықтимал әсерінің сипаты, ауқымы және ұзақтығы айқындалады, сондай-ақ осындай әсердің ықтимал салдары бағаланады.

      29. ЯҚКП-ның халыққа және қоршаған ортаға ықтимал әсері кандидат алаңдарда және олардың шегінен тыс жерлерде авариялық ден қою жөніндегі іс-шараларды іске асыру мүмкіндігін ескере отырып, болжанатын авариялар сценарийлерін (шығарынды көзінің параметрлерін қоса алғанда) қарау арқылы бағаланады. Көрсетілген бағалау ЯҚКП конструкциясын және онда көзделген қауіпсіздікті қамтамасыз ету құралдарын бекіту кезінде негізделеді және расталады.

      30. ЯҚКП-дан радиоактивті шығарындылардың тасымалдануы салдарынан радиоактивті заттардың таралуы және халық пен қоршаған ортаға әсер етуі мүмкін тікелей және жанама жолдар анықталады және бағаланады. Бұл ретте ЯҚКП орналастыру ауданы мен кандидат алаңдардың сипаттамалары, оның ішінде аудан бойынша халықтың орналасуы ескеріледі.

      31. Атмосфералық дисперсия кандидат алаңдар үшін ЯҚКП орналастыру ауданына тән әлсіз желді, тынық ауа райы, ауа температурасын, жер бетіндегі және көтерілген инверсияларды, атмосфераның тұрақтылығын, жауын-шашынды, тұманды ескере отырып бағаланады.

      32. Кандидат алаңдар үшін радионуклидтердің жерүсті және жерасты суларындағы көшіп-қонуының және су айдындарының түбінде радионуклидтердің жиналуының сипаттамалары мыналарды:

      1) дренаждық және жерасты суларының ықтимал радиоактивті ластануын;

      2) радионуклидтердің физикалық-химиялық қасиеттерін;

      3) геохимиялық реакциялардың кинетикасын және тау жыныстарының минералогиялық ерекшеліктерінің ықтимал өзгеруін;

      4) су өткізгіш және су өткізбейтін қабаттардың, аэрация аймағы топырақтарының және топырақ жамылғысының литологиялық құрамын және қуатын;

      5) радионуклидтерге және қауіпті химиялық заттарға қатысты тау жыныстарының, топырақтың және жер қыртысының үстіңгі қабаты сорбциялық қабілетін;

      6) ластанған ағындардың су шығатын орындарға (су ағындарына, су айдындарына, су алу ұңғымаларына және су пайдаланудың өзге де объектілеріне) қарай қозғалысының бағыты мен жылдамдығын;

      7) су тұтқыш жиектер мен кешендердің сипаттамалары мен қабатталуын;

      8) жерасты және жерүсті суларының гидравликалық байланысын;

      9) су айдындарының, гидротехникалық құрылыстардың сипаттамаларын, су пайдалану туралы деректерді, су деңгейлері мен шығыстарын, өзендердегі ағыс жылдамдығын, сондай-ақ радионуклидтердің тасымалдануы мен тұну тетіктерін ескере отырып айқындалады.

2-параграф. Кандидат алаңдарды бағалау және алаңды іріктеу

      33. Кандидат алаңдарды бағалау және олардың арасынан алаңды іріктеу осы Қағидалардың талаптарына сәйкес оларды зерттеу нәтижелері бойынша жүзеге асырылады және мыналарды:

      кандидат алаңдарды бағалауды;

      кандидат алаңдарға салыстырмалы талдау жүргізуді;

      салыстырмалы талдау нәтижелері бойынша кандидат алаңдарды саралауды;

      ЯҚКП орналастыру үшін барынша қолайлы алаңды айқындауды;

      алаңды таңдауды негіздеуді қамтиды.

      34. Кандидат алаңдарды бағалау Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы заңнамасына, сондай-ақ осы Қағидаларға сәйкес кандидат алаңның ЯҚКП орналастыруға жарамдылығын бағалау кезінде ескерілетін табиғи және техногендік әсерлердің, сондай-ақ өзге де факторлардың сипаттамаларын айқындау үшін жүргізіледі.

      ЯҚКП-ның жобалау құжаттары міндетті түрде мемлекеттік экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық сараптамадан өтеді.

      Радиациялық қауіптіліктің 1 және 2-санаттарындағы ЯҚКП орналастыру алаңдарын таңдау және салу жөніндегі жобалау құжаттамасы ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасынан өтуге тиіс.

      ЯҚКП орналастыру алаңын таңдау бойынша ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасы Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 10 тамыздағы № 307 бұйрығымен бекітілген (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33289 болып тіркелген) ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) Ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасын жүргізу қағидаларында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жүргізіледі

      35. Әрбір кандидат алаңның жарамдылығын бағалау бір алаңдағы бірнеше объектіге, сондай-ақ көршілес алаңдардағы объектілерге табиғи және техногендік сипаттағы сыртқы қауіпті факторлардың әсер ету ықтималдығын ескере отырып жүргізіледі.

      Әрбір кандидат алаңды бағалау нәтижелері бойынша кандидат алаңның ЯҚКП орналастыруға жарамдылығын бағалау туралы есеп ресімделеді, онда:

      1) табиғи жағдайлардың (оның ішінде геология, климат, гидрология), көлік инфрақұрылымының және тарихи-мәдени мұраның сипаттамасы;

      2) табиғи және техногендік текті әсерлердің сипаттамасы (оның ішінде сейсмикалылық, су тасқындары, техногендік қауіп көздері);

      3) орналастыру ауданының демографиялық сипаттамалары, оның ішінде халықтың орналасуы және қорғау іс-шараларын жоспарлау аймақтары;

      4) есептік және модельдік зерттеулердің нәтижелері (оның ішінде сейсмикалық есептеулер, гидрологиялық модельдеу, атмосфералық дисперсия);

      5) кандидат алаңның ЯҚКП орналастыруға жарамдылығы туралы қорытынды қамтылады.

      36. Кандидат алаңдарға салыстырмалы талдау олардың зерттелуі мен бағалау нәтижелері бойынша бастапқы деректер мен бағалау нәтижелерін осы Қағидалардың 5-тармағында көзделген факторларды, сондай-ақ осы Қағидалардың 12–32-тармақтарына сәйкес зерттелетін және бағаланатын сипаттамаларды, процестерді, құбылыстар мен факторларды ескере отырып салыстыру арқылы жүргізіледі.

      Кандидат алаңдардың салыстырмалылығын қамтамасыз ету үшін салыстырмалы талдау көлемі мен сапасы бойынша салыстырылатын және салыстырмалы талдау жүргізу үшін жеткілікті кандидат алаңдарды зерттеу мен бағалаудың бастапқы деректері мен нәтижелері негізінде жүргізіледі.

      Кандидат алаңдарды саралау қауіпсіздікке байланысты және қауіпсіздікке байланысты емес олардың сипаттамаларының жиынтығын ескере отырып, салыстырмалы талдау нәтижелері негізінде жүргізіледі.

      Саралау нәтижелері бойынша кандидат алаңдар басымдық беру тәртібімен бөлінеді.

      Алаңды іріктеу кандидат алаңдарды саралау нәтижелері бойынша қабылданған шешімді негіздей отырып жүзеге асырылады.

      ЯҚКП орналастыру алаңын таңдау жөніндегі жобалау құжаттамасы кандидат алаңдарды зерттеу мен бағалау нәтижелерін, кандидат алаңдарға жүргізілген салыстырмалы талдау мен саралау нәтижелерін, сондай-ақ алаңды таңдаудың негіздемесін қамтиды.

      37. Көму пунктін орналастыру орнын таңдауды негіздеу үшін көму пунктін орналастыру орындарының баламалы нұсқалары міндетті түрде қаралып, оның қауіпсіздігіне салыстырмалы талдау жүргізілуге тиіс.

      Көму пунктін орналастыру орнын таңдау нәтижелерін алаңды таңдауды жүзеге асыратын ұйым объектіні орналастыру қауіпсіздігінің негіздемесі туралы есеп түрінде ресімдейді және уәкілетті органмен келісуге тиіс.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады