Қолданушылар назарына!
Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін ЗҚАИ мазмұнды жасады.
Осы Заң адамдардың өмiрi мен денсаулығын, олардың мүлкін, қоршаған ортаны қорғау мақсатында атом энергиясын пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеудiң құқықтық негiзi мен қағидаттарын айқындайды және ядролық қаруды таратпау режимiн, атом энергиясын пайдалану кезiнде ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге бағытталады.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) алып қою деңгейі – ядролық материалдардың, радиоактивті заттар мен электрофизикалық қондырғылардың, радиоактивті қалдықтардың сипаттамаларын айқындайтын, уәкілетті орган белгілеген физикалық шама мәндері;
1-1) арнайы қарыз алу құқықтары – Халықаралық валюта қоры айқындаған және ол операциялар мен мәмілелер үшін пайдаланатын есептік бірлік;
1-2) атом электр станциясы (бұдан әрі – АЭС) – ядролық және энергетикалық қондырғыларды пайдалана отырып, тапсырыс берілген режимдерде және қолдану шарттарында электр және (немесе) жылу энергиясын өндіруге арналған негізгі және көмекші жабдықтар кешені;
2) атом энергиясы – ядролық реакциялардан және радиоактивті ыдырау кезінде босатылатын энергия, сондай-ақ генерацияланатын иондандырушы сәулелер энергиясы;
3) атом энергиясы пайдаланылатын объектілер – иондандырушы сәулелену көздері, радиоактивті қалдықтар және пайдаланылып болған ядролық отын, ядролық, радиациялық, электрофизикалық қондырғылар, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істейтін объектілер, сақтау және көму пункттері, көліктік қаптама комплектілері және ядролық материалдар;
4) атом энергиясы пайдаланылатын объектілерді пайдалану – атом энергиясын пайдалану саласында жеке немесе заңды тұлға жүзеге асыратын әкімшілік, шаруашылық және инженерлік-техникалық қызмет;
5) атом энергиясы пайдаланылатын объектілермен жұмыс істеу – атом энергиясы пайдаланылатын объектілерді салу, реконструкциялау, дайындау, алу, беру, жеткізу, иелену, пайдалану, пайдаға асыру, пайдалануға беру және пайдаланудан шығару, қайта өңдеу, монтаждау, жөндеу, техникалық қызмет көрсету, зарядтау, қайта зарядтау, бөлшектеу, кәдеге жарату, консервациялау, тасымалдау, импорттау, экспорттау, активсіздендіру, кейіннен кәдеге жарату, сақтау, көму кезінде олармен қолмен жасалатын және (немесе) автоматтандырылған операциялардың, әрекеттердің жиынтығы;
6) атом энергиясы пайдаланылатын объектінің өмірлік циклі – атом энергиясы пайдаланылатын объектілерді орналастыру, жобалау, шығару, құрылысы немесе салу, пайдалануға беру, пайдалану, реконструкциялау, күрделі жөндеу, пайдаланудан шығару, тасымалдау, айналымы, сақтау, көму және кәдеге жарату;
6-1) атом энергиясын пайдалану саласындағы ғылыми-техникалық қолдау ұйымы – атом энергиясы пайдаланылатын объектілердің өмірлік циклінің барлық кезеңінде олардың қауіпсіздігіне тәуелсіз сараптама мен бағалау жүргізуді қоса алғанда, атом энергиясын пайдалану саласындағы ғылыми-техникалық қолдау жөніндегі қызметті, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыратын ұйым;
6-2) атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау органы (бұдан әрі – бақылау және қадағалау органы) – өз құзыреті шеңберінде атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын уәкілетті органның ведомствосы;
7) атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау – атом энергиясын пайдалану саласындағы уәкілетті органның өз құзыреті шегінде жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасының талаптарын сақтауын қамтамасыз етуге бағытталған қызметі;
8) атом энергиясын пайдалану саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – атом энергиясын пайдалану саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган;
8-1) АЭС ұлттық операторы – уәкілетті орган айқындайтын, Қазақстан Республикасында АЭС жобалауды, салуды, пайдалануды және пайдаланудан шығаруды жүзеге асыратын, жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлға;
9) иондандырушы сәулелену көздері – радиоактивті заттар, құрамында радиоактивті заттар бар аппараттар немесе құрылғылар, сондай-ақ иондандырушы сәуле шығаратын немесе шығаруға қабілетті электрофизикалық аппараттар немесе құрылғылар;
10) иондандырушы сәулелену көздерінің тізілімі – иондандырушы сәулелену көздерін экспорттау мен импорттау кезінде орнын ауыстыру туралы мәліметтерді қоса алғанда, Қазақстан Республикасының аумағында олардың бар-жоғы, орын ауыстыруы және орналасқан жері туралы мәліметтердің ұдайы жаңартылып тұратын жиынтығын білдіретін, иондандырушы сәулелену көздерінің дерекқоры;
11) кейіннен кәдеге жарату – күрделі құрылыстардың (үйлердің, ғимараттардың, кешендердің) пайдаға асырылуы (пайдаланылуы, қолданылуы) тоқтатылғаннан кейін, регенерацияланатын элементтерді (конструкцияларды, материалдарды, жабдықтарды) бір мезгілде қалпына келтіріп және қайталап пайдаланып, сондай-ақ регенерацияға жатпайтын элементтер мен қалдықтарды қайта өңдей отырып, оларды бөлшектеу және бұзу жөніндегі жұмыстар кешені;
11-1) көліктік қаптама комплекті – тасу кезінде радиоактивті құрамды толық орналастыру мен ұстап тұру үшін қажетті элементтердің жиынтығы;
12) көму – пайдаланылып болған ядролық отынды немесе радиоактивті қалдықтарды көму пунктіне оларды алып қою ниетінсіз орналастыру;
13) көму пункті – пайдаланылып болған ядролық отынды немесе радиоактивті қалдықтарды көмуге арналған ядролық немесе радиациялық қондырғы;
14) көму пунктін жабу – көму пунктін қауіпсіз жағдайға келтіріп, көмгеннен кейін барлық операцияларды аяқтау;
15) қондырғыны пайдалануға беру – ядролық немесе радиациялық немесе электрофизикалық қондырғының компоненттері мен жүйелерін оның құрылысы аяқталғаннан және қажетті сынақтар жүргізілгеннен кейін жұмыс жағдайына келтіру жөніндегі құжатпен ресімделетін қызмет;
16) қондырғыны пайдаланудан шығару – ядролық немесе радиациялық немесе электрофизикалық қондырғыны пайдалануды тоқтату және қондырғы мен оны орналастыру алаңының қауіпсіздік жөніндегі талаптарға сәйкес келетін түпкілікті жай-күйін қамтамасыз ете отырып, оны мемлекеттік бақылаудан алып тастау жөніндегі құжатпен ресімделетін қызмет;
17) пайдаланушы ұйым – атом энергиясы пайдаланылатын объектілермен жұмыс істеу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;
18) пайдаланылып болған ядролық отын – ядролық реакторда сәулеленген және одан біржола алып тасталған ядролық отын;
19) персонал – иондандырушы сәулелену көздерімен тұрақты немесе уақытша жұмыс істейтін немесе еңбек жағдайларына байланысты олардың әсер ету аясында болатын жеке тұлғалар;
20) радиациялық қатер – сәуле алу нәтижесінде, оның салдарының ауырлығын ескере отырып, адамның өміріне немесе денсаулығына, жеке және заңды тұлғалардың мүлкіне, қоршаған ортаға зиян келтіру ықтималдығы;
21) радиациялық қауіпсіздік – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нормаларға сәйкес персоналға, халыққа және қоршаған ортаға радиациялық әсерді шектейтін іс-шаралар кешенімен қамтамасыз етілген, атом энергиясы пайдаланылатын объектінің қасиеттері мен сипаттамаларының жай-күйі;
22) радиациялық қауіптілік санаты – атом энергиясы пайдаланылатын объектімен жұмыс істеген кезде немесе ықтимал авария жағдайларында халық және (немесе) қоршаған орта үшін оның радиациялық қауіптілік дәрежесі бойынша атом энергиясы пайдаланылатын объектінің сипаттамасы;
23) радиациялық қондырғы – өзіне қатысты үй-жайларды, құрылысжайлар мен жабдықтарды қоса алғанда, ядролық материалдармен және (немесе) радиоактивті заттармен жұмыс істеу жүзеге асырылатын, ядролық болып табылмайтын арнайы қондырғы;
24) радиоактивті заттар – құрамында радионуклидтер бар, кез келген агрегаттық жағдайдағы, шығу тегі табиғи немесе техногендік кез келген материалдар;
25) радиоактивті қалдықтар – құрамында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген алып қою деңгейінен жоғары радионуклидтер бар, жер қойнауынан алынған және үйінділер мен қалдық қоймаларына жинап қойылатын, одан әрі пайдаланылуы көзделмейтін материалдар мен заттар, бұйымдар мен жабдықтар, сондай-ақ тау жыныстары, кендер мен қалдықтар;
26) радионуклидті көз – құрамында радиоактивті заттар бар, оны пайдалы қолдану үшін арнайы жасалған немесе қандай да бір қызмет түрінің жанама өнімі болып табылатын иондандырушы сәулелену көзі;
27) сақтау – ядролық отынды, ядролық материалдарды, радиоактивті заттарды, радионуклидті көздерді, пайдаланылып болған ядролық отынды, радиоактивті қалдықтарды сақтау пункттеріне олармен одан әрі жұмыс істеу үшін оларды алу мүмкіндігі көзделетін уақытша орналастыру;
28) сақтау пункті – ядролық отынды, ядролық материалдарды, радиоактивті заттарды, радионуклидті көздерді, пайдаланылып болған ядролық отынды, радиоактивті қалдықтарды сақтауға арналған ядролық немесе радиациялық қондырғы;
28-1) тұрақты мемлекеттік бақылау мен қадағалау режимі – бақылау және қадағалау органының уәкілетті лауазымды адамдарының атом энергиясы пайдаланылатын объектінің өмірлік циклінің барлық кезеңінде тікелей радиациялық қауіптілігі 1-санаттағы қондырғыларда тұрақты болу және қауіпсіздік жай-күйін бақылау жөніндегі іс-шараларды өткізу арқылы бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруын көздейтін режим;
29) алып тасталды – ҚР 07.07.2026 № 336-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.30) физикалық қорғау – атом энергиясы пайдаланылатын объектіге рұқсатсыз қол жеткізуіне жол бермеу жөніндегі ұйымдастырушылық және техникалық шаралардың бірыңғай жүйесі;
31) электрофизикалық қондырғы – өзіне қатысты үй-жайларды, құрылыстар мен жабдықтарды қоса алғанда, иондандырушы сәулелерді генерациялайтын немесе генерациялауға қабілетті арнайы, ядролық немесе радиациялық болып табылмайтын қондырғы;
32) ядролық қауiпсiздiк – ядролық авариялардың мүмкiн болмайтындығы белгiлi бiр ықтималдықпен қамтамасыз етілетін, атом энергиясы пайдаланылатын объектiнiң қасиеттері мен сипаттамаларының жай-күйі;
33) ядролық қондырғы – табиғи уранды немесе торийді өндіруге және (немесе) қайта өңдеуге арналған қондырғыларды қоспағанда, үй-жайларды, құрылысжайлар мен жабдықтарды қоса алғанда, санамаланған қызмет түрлерінің біреуі немесе бірнешеуі: ядролық материалды шығару, қайта өңдеу, пайдалану, тасымалдау, сақтау, көму жүзеге асырылатын қондырғы;
33-1) ядролық қондырғылардың бірыңғай операторы – бір алаң шегінде орналастырылған ядролық қондырғылардың басқа операторларының дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамын тікелей және (немесе) жанама түрде иеленетін ядролық қондырғы операторы;
33-2) ядролық қондырғы операторы – Қазақстан Республикасының бір немесе бірнеше ядролық қондырғыны пайдаланатын заңды тұлғасы;
34) ядролық материалдар – бөлiнетiн (ыдырайтын) радионуклидтерден тұратын немесе оларды шығаруға қабілетті материалдар;
34-1) ядролық мұра объектілері – ядролық жарылыстарды бейбіт мақсатта жүргізуді қоса алғанда, атом энергиясын пайдалану саласындағы қызмет, сондай-ақ 1992 жылғы 1 қаңтарға дейін осындай объектілерде жүзеге асырылған және тоқтатылған және радиациялық қауіпсіздік пен оңалтуды қамтамасыз етуді талап ететін уран өндіру және оны қайта өңдеу жөніндегі қызмет нәтижесінде пайда болған радиоактивті қалдықтар және (немесе) радиоактивті ластанған материалдар бар тарихи қалыптасқан объектілер, құрылыстар, аумақтар учаскелері;
34-2) ядролық нұқсан – ядролық қондырғымен немесе ядролық қондырғыдан келіп түсетін, онда шығарылған немесе ядролық қондырғыға бағытталған ядролық материалмен жұмыс істеу нәтижесінде иондандырушы сәулеленудің әсері салдарынан келтірілген, адамның өміріне немесе денсаулығына, қоршаған ортаға зиянды, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың залалдарын, сондай-ақ алдын алу шараларына арналған шығындарды қоса алғандағы нұқсан;
34-3) ядролық оқыс оқиға – ядролық нұқсан келтіретін немесе ядролық нұқсан келтіру қаупін туғызатын оқиға не оқиғалар сериясы;
35) ядролық физикалық қауіпсіздік – атом энергиясы пайдаланылатын объектілерге және (немесе) пайдаланушы ұйымға қатысты ұрлау, диверсия, рұқсатсыз қол жеткізу, заңсыз беру, жұмыс істеу фактілеріне немесе басқа да құқыққа қарсы әрекеттерге жол бермеуге, анықтауға және (немесе) ден қоюға бағытталған ұйымдастырушылық және техникалық шаралардың бірыңғай жүйесінің жай-күйі.
Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 14.05.2020 № 329-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 25.02.2021 № 12-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.07.2026 № 336-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.2-бап. Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3. АЭС ұлттық операторының, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы тікелей немесе жанама түрде АЭС ұлттық операторына тиесілі заңды тұлғалардың атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы жобаларды іске асыру үшін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуы бөлігінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының күші Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасымен реттелген құқықтық қатынастарға қолданылмайды.
Әкімшілік, шаруашылық, кеңселік, көліктік және өзге де жалпы мақсаттағы тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 08.07.2026 № 340-VIII (Атом электр станциялары ұлттық операторының қызметіне қатысты нормалар қолданысқа енгізілген күннен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.2-тарау. АТОМ ЭНЕРГИЯСЫН ПАЙДАЛАНУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
3-бап. Атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік реттеу
Атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік реттеу:
1) жеке және заңды тұлғалардың атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметіне;
2) атом энергиясы пайдаланылатын объектілердің өмірлік циклімен байланысты жұмыстарды орындау кезіндегі жеке және заңды тұлғалардың қызметіне;
3) ядролық сынақтар мониторингіне;
4) бұрынғы ядролық сынақ полигондары аумақтарындағы және жүргізілген ядролық сынақтар салдарынан ластанған басқа да аумақтардағы қызметке;
5) ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасына;
6) атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналды даярлауға және аттестаттауға қатысты қолданылады.
Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 25.02.2021 № 12-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.4-бап. Атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік реттеудің мақсаты, міндеттері мен қағидаттары
Ескерту. 4-баптың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР 07.07.2026 № 336-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
1. Атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік реттеудің мақсаты – атом энергиясын пайдалану кезінде ядролық, радиациялық, ядролық физикалық қауіпсіздікті, сондай-ақ атом энергиясын пайдаланудың негізгі халықаралық қағидаттарын сақтауды қамтамасыз ету.
Атом энергиясын пайдалану кезінде адамдардың өмірі мен денсаулығын, олардың мүлкін тиімді қорғау, қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету, ядролық, радиациялық, ядролық физикалық қауіпсіздікті, ядролық қаруды таратпау режимін ұстап тұру атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік реттеудің міндеттері болып табылады.
2. Атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік реттеу:
1) атом энергиясын пайдалану кезінде адамдардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін, қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету;
2) қауіпсіздікті қамтамасыз етудің атом энергиясын пайдаланудың басқа аспектілерінен басымдығы;
3) атом энергиясы пайдаланылатын объектінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мемлекеттік бақылаудың міндеттілігі мен үздіксіздігі;
4) атом энергиясы пайдаланылатын объектiлер қауіпсіздігінің
жай-күйі мен халыққа және қоршаған ортаға әсерi туралы ақпараттың қолжетімділігі, объективтiлiгi және уақтылығы;
5) адамдардың өмірі мен денсаулығына, жеке және заңды тұлғалардың мүлкіне, сондай-ақ қоршаған ортаға атом энергиясы пайдаланылатын объектілердің радиациялық әсерімен келтірілген зиянды өтеудің міндеттілігі;
6) қоршаған ортаның нормативтен тыс радиоактивтік ластануына жол бермеу;
7) өзінің радиоактивті қалдықтарының кері импортын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында басқа мемлекеттердің радиоактивті қалдықтарының және пайдаланылып болған ядролық отынының импортына және олардың көмілуіне жол бермеу;
8) атом энергиясын пайдалану саласындағы қауіпсіздікті мемлекеттік реттеудің міндеттілігі қағидаттарына негізделеді.
3. Қазақстан Республикасының аумағында жеке және заңды тұлғалардың ядролық қаруды әзiрлеу, жасау, шығару, сынау, сақтау немесе тарату мақсатында атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметiне тыйым салынады.
Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 07.07.2026 № 336-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.5-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;
2) ядролық қондырғыларды және көму пункттерін салу ауданы, олардың құрылысы және құрылысын болғызбау туралы шешімдер қабылдайды;
3) ядролық қондырғыны пайдаланудан мерзімінен бұрын шығару немесе көму пункттерін жабу туралы шешім қабылдайды;
4) алып тасталды - ҚР 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;5) алып тасталды - ҚР 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
6) ядролық қондырғыларды және көму пункттерін орналастыру алаңын таңдау қағидаларын бекітеді;
7) ядролық және радиациялық аварияларға ден қоюдың ұлттық жоспарын бекітеді;
8) алып тасталды - ҚР 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;8-1) келтірілген ядролық нұқсан ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының осы Заңның 26-2-бабында белгіленген азаматтық-құқықтық жауаптылық шегінен асып түсетін бөлігінде, келтірілген ядролық нұқсан толық өтелгенге дейінгі қажетті соманы беру арқылы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда келтірілген ядролық нұқсанды өтеу үшін ақша төлеуді қамтамасыз етеді;
8-2) осы Заңның 26-2-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларда және тәртіппен радиациялық қауіптілігі бірінші санаттағы ядролық қондырғы операторының азаматтық-құқықтық жауаптылық шегін айқындайды;
8-3) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар шеңберінде іске асырылатын АЭС жобаларын қаржыландыру үшін АЭС ұлттық операторына бюджеттік кредит желісі нысанында бюджеттік кредит берудің ерекше тәртібі мен арнаулы талаптарын айқындайды.
9) алып тасталды - ҚР 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;Ескерту. 5-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 14.05.2020 № 329-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 25.02.2021 № 12-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.07.2026 № 336-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
6-бап. Уәкілетті органның құзыреті
Уәкілетті орган:
1) стратегиялық, реттеушілік, іске асыру және бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асырады;
2) мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының Қазақстан Республикасының Президенті айқындаған негізгі бағыттары және мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының, оның қорғаныс қабілетінің, қауіпсіздігінің, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің Қазақстан Республикасының Үкіметі әзірлеген негізгі бағыттары негізінде және оларды орындау үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырады;
3) АЭС ұлттық операторын айқындайды;
4) атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
5) атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады;
6) атом энергиясын пайдалану саласында тергеп-тексеруді жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
7) атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті лицензиялауды жүзеге асырады;
8) осы Заңның мақсаты мен міндеттеріне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес атом энергиясын пайдалану саласындағы нормативтік құқықтық актілерді, техникалық регламенттерді және нормативтік-техникалық құжаттарды әзірлейді және бекітеді;
9) ядролық материалдарды және ядролық қондырғыларды физикалық қорғау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
10) иондандырушы сәулелену көздерін және сақтау пункттерін физикалық қорғау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
11) ядролық және радиациялық қондырғыларды пайдаланудан шығару қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
12) Қазақстан Республикасының аумағында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік инспекцияларын ұйымдастыру тәртібін әзірлейді;
13) ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасын жүзеге асыратын ұйымдарды аккредиттеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
14) ядролық материалдарды мемлекеттік есепке алу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
15) иондандырушы сәулелену көздерін мемлекеттік есепке алу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
16) радионуклидті көздермен жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздік қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
17) ядролық және радиациялық аварияларға ден қоюдың ұлттық жоспарын әзірлейді;
18) ядролық материалдарды, радиоактивті заттар мен радиоактивті қалдықтарды тасымалдау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
19) ядролық қондырғыларды және көму пункттерін орналастыру алаңын таңдау қағидаларын әзірлейді;
20) ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасын жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
21) атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналдың біліктілігін арттыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
22) атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналды аттестаттау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
23) халықтың және (немесе) қоршаған ортаның қауіпсіздігіне қатер төнген жағдайда Қазақстан Республикасының Үкіметіне ядролық қондырғыларды пайдаланудан мерзімінен бұрын шығару немесе пайдаланылып болған ядролық отынды көму пункттерін жабу туралы ұсыну енгізеді;
24) ядролық материалдарды, иондандырушы сәулелену көздерін мемлекеттік есепке қою немесе мемлекеттік есептен шығару туралы шешім қабылдайды;
25) ядролық материалдардың мемлекеттік есебін жүргізеді;
26) иондандырушы сәулелену көздерінің мемлекеттік есебін жүргізеді;
27) атом энергиясын пайдалану саласындағы өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылауды жүзеге асырады;
28) атом энергиясын пайдалану саласындағы ғылыми-техникалық қолдау ұйымдарын айқындау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
29) көліктік қаптама комплектілерінің конструкцияларын бекітеді, сондай-ақ басқа елдердің уәкілетті органдары бекіткен сертификаттар-рұқсаттар күшін Қазақстан Республикасының аумағында оларға қолданады;
30) ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік, ядролық қаруды таратпау режимін қамтамасыз ету және ядролық сынақтарды мониторингтеу жөніндегі зерттеулерді ұйымдастырады;
31) атом энергиясын пайдалану саласында мемлекеттік реттеуге жататын ядролық материалдар, радиоактивті заттар мен электрофизикалық қондырғылар, радиоактивті қалдықтар үшін алып қою деңгейлерін белгілейді;
32) атом энергиясын пайдалану саласында тұрақты мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүргізу қағидаларын бекітеді;
33) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Ескерту. 6-бап жаңа редакцияда – ҚР 07.07.2026 № 336-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.6-1-бап. АЭС жобаларын іске асыру үшін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді берушілердің тізілімі
1. АЭС жобаларын іске асыру үшін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді берушілердің тізілімі уәкілетті орган бекітетін, АЭС жобаларын іске асыру үшін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді берушілердің тізілімін қалыптастыру мен жүргізу қағидаларына сәйкес қалыптастырылатын, АЭС жобаларын іске асыру үшін тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің білікті әлеуетті өнім берушілерінің тізбесін білдіреді.
2. АЭС жобаларын іске асыру үшін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді берушілердің тізілімін қалыптастыру мен жүргізуді уәкілетті орган жүзеге асырады.
Ескерту. 2-тарау 6-1-баппен толықтырылды – ҚР 08.07.2026 № 340-VIII (Атом электр станциялары ұлттық операторының қызметіне қатысты нормалар қолданысқа енгізілген күннен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.6-2-бап. АЭС жобаларын іске асыру үшін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімі
1. АЭС жобаларын іске асыру үшін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімін (бұдан әрі – жосықсыз қатысушылардың тізілімі) уәкілетті орган қалыптастырады.
2. Жосықсыз қатысушылардың тізілімі тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің әлеуетті өнім берушілерінің немесе өнім берушілерінің тізбесін білдіреді, оған:
1) сатып алу процесінде анық емес ақпарат беру;
2) сатып алу жеңімпазы деп танылған әлеуетті өнім берушінің сатып алу туралы шарт жасасудан жалтаруы немесе бас тартуы;
3) өнім берушінің тауарларды беру, қызметтерді көрсету, жұмыстарды орындау бөлігінде сатып алу туралы шарт бойынша өз міндеттемелерін толық және тиісінше орындауы жағдайларын қоспағанда, тендер тәсілімен өткізілген сатып алулар бойынша сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді шартта белгіленген мерзімде шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізудің соңғы мерзімі өткенге дейін енгізбеу;
4) сатып алу туралы шарттың орындалмау немесе тиісінше орындалмау фактісін анықтаған, заңды күшіне енген сот шешімінің (қаулысының) болуы негізінде енгізіледі.
3. Жосықсыз қатысушылардың тізілімі:
1) осы баптың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда уәкілетті орган шешімінің;
2) осы баптың 2-тармағының 4) тармақшасында көзделген жағдайда заңды күшіне енген сот шешімінің (қаулысының) негізінде қалыптастырылады.
4. Осы баптың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген негіз бойынша жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізілген әлеуетті өнім берушілер оларды сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы шешім қабылданған күннен бастап жиырма төрт ай бойы сатып алуға қатысуға жіберілмейді.
Осы баптың 2-тармағының 4) тармақшасында көзделген негіздер бойынша жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізілген әлеуетті өнім берушілер немесе өнім берушілер осындай әлеуетті өнім берушілерді немесе өнім берушілерді сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы сот шешімі (қаулысы) заңды күшіне енген күннен бастап жиырма төрт ай бойы сатып алуға қатысуға жіберілмейді.
5. Мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне, квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуға жосықсыз қатысушыларының тізіліміне немесе Ұлттық әл-ауқат қорының сенімсіз өнім берушілерінің (өнім берушілерінің) тізбесіне енгізілген әлеуетті өнім берушілер және (немесе) өнім берушілер АЭС ұлттық операторының сатып алуына қатысуға жіберілмейді.
6. Жосықсыз қатысушылардың тізілімінен шығаруға мыналар негіз болады:
1) осы баптың 4-тармағында белгіленген мерзімдердің аяқталуы;
2) әлеуетті өнім берушіні немесе өнім берушіні сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы шешімнің күшін жою туралы заңды күшіне енген сот актісінің болуы;
3) әлеуетті өнім берушінің оны жосықсыз қатысушылардың тізілімінен шығару туралы жолданымын келісім комиссиясының қарау қорытындысы бойынша қабылданған уәкілетті органның шешімі.
Келісім комиссиясының ережесі мен жұмыс істеу тәртібін уәкілетті орган бекітеді.
7. Әлеуетті өнім берушіні немесе өнім берушіні жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізу туралы шешімге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шағым жасалуы мүмкін.
Ескерту. 2-тарау 6-2-баппен толықтырылды – ҚР 08.07.2026 № 340-VIII (Атом электр станциялары ұлттық операторының қызметіне қатысты нормалар қолданысқа енгізілген күннен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.7-бап. Атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау
1. Атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды (бұдан әрі – мемлекеттік бақылау мен қадағалау) бақылау және қадағалау органы осы Заңға сәйкес тексеру, қашықтан бақылау, тұрақты мемлекеттік бақылау мен қадағалау, тергеп-тексеру және "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес рұқсат және (немесе) рұқсатқа қосымша берілгенге дейін өтініш берушінің біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сәйкестігі тұрғысынан рұқсаттық бақылау (бұдан әрі – рұқсаттық бақылау) нысанында жүзеге асырады.
2. Атом энергиясын пайдалану саласындағы және (немесе) радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар, олардың филиалдары мен өкілдіктері, мемлекеттік органдар мемлекеттік бақылау мен қадағалау субъектілері (бұдан әрі – бақылау мен қадағалау субъектілері) болып саналады.
Мемлекеттік бақылау мен қадағалау субъектісінің меншік құқығындағы немесе өзге де заңды негіздегі, мемлекеттік бақылау мен қадағалауға жататын мүлкі мемлекеттік бақылау мен қадағалау объектісі (бұдан әрі – бақылау мен қадағалау объектісі) болып саналады.
3. Бақылау және қадағалау органы Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы және (немесе) радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы заңнамасы талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады.
Ескерту. 7-бап жаңа редакцияда – ҚР 07.07.2026 № 336-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.7-1-бап. Қызметін ядролық қондырғылармен және ықтимал радиациялық қауіптілігі І және ІІ санаттардағы объектілермен жүзеге асыратын субъектілерді тексеруді жүзеге асыру тәртібі
Ескерту. 7-1-бап алып тасталды– ҚР 30.12.2021 № 95-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
7-2-бап. Атом энергиясын пайдалану саласындағы тексерулер
1. Бақылау мен қадағалау субъектісін (объектісін) тексеру (бұдан әрі – тексеру) – бақылау және қадағалау органының осы Заңның 7-бабының 3-тармағына сәйкес талаптардың сақталуы тұрғысынан бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) қатысты қызметі.
Тексеру бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы жүзеге асырылады, оның нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда бақылау мен қадағалау субъектісі (объектісі) тексеру нәтижелері туралы акт және анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама жасайды.
2. Тексерулер жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер болып бөлінеді.
3. Жоспарлы тексерулер радиациялық қауіптілігі 1, 2 және 3-санаттардағы қондырғылармен қызметті жүзеге асыратын бақылау мен қадағалау субъектілеріне қатысты жүргізіледі.
Жоспардан тыс тексерулер радиациялық қауіптілігі 1, 2, 3 және 4-санаттардағы қондырғылармен қызметті жүзеге асыратын бақылау мен қадағалау субъектілеріне қатысты жүргізіледі.
4. Жоспарлы тексерулер бақылау және қадағалау органы бекіткен тексерулердің жылдық тізіміне сәйкес тексеруді тағайындау туралы актінің негізінде жоспарлы тексеру жүргізілген жылдың алдындағы жылдың 10 желтоқсанына дейінгі мерзімде жүргізіледі.
Жоспарлы тексерулердің жылдық тізімі бақылау мен қадағалау субъектілерін (объектілерін) тәуекел дәрежесі бойынша жатқызу ескеріле отырып қалыптастырылады және тексеру жүргізілетін жылдың алдындағы жылдың 20 желтоқсанынан кешіктірілмей бақылау және қадағалау органының интернет-ресурсында орналастырылады.
Бақылау мен қадағалау субъектілері (объектілері) қатер дәрежесі бойынша:
1) қатер дәрежесі жоғары субъектілер – радиациялық қауіптілігі 1-санаттағы қондырғылармен қызметті жүзеге асыратын бақылау мен қадағалау субъектілері;
2) қатер дәрежесі орташа субъектілер – радиациялық қауіптілігі 2-санаттағы қондырғылармен және ядролық отын мен оның құрамдастарын дайындау жөніндегі, табиғи уранды немесе торийді, сондай-ақ Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің төмен байытылған уран банкін өндіру және (немесе) қайта өңдеу жөніндегі қондырғылар бөлігінде радиациялық қауіптілігі 3-санаттағы қондырғылармен қызметті жүзеге асыратын бақылау мен қадағалау субъектілері;
3) қатер дәрежесі төмен субъектілер – ядролық отын мен оның құрамдастарын дайындау жөніндегі, табиғи уранды немесе торийді, сондай-ақ Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің төмен байытылған уран банкін өндіру және (немесе) қайта өңдеу жөніндегі қондырғыларды қоспағанда, радиациялық қауіптілігі 3-санаттағы қондырғылармен қызметті жүзеге асыратын бақылау мен қадағалау субъектілері (объектілері) болып бөлінеді.
Жоғары, орташа және төмен қатер дәрежесіне жатқызылған бақылау мен қадағалау субъектілерін (объектілерін) жоспарлы тексеру жылына бір реттен жиілетпей жүргізіледі.
Бақылау мен қадағалау субъектілеріне (объектілеріне) қатысты жоспарлы тексерулер жүргізудің жылдық тізімдері оларға қатысты жоспарлы тексеру тағайындалған объектілерді міндетті түрде көрсете отырып қалыптастырылады.
Жоспарлы тексерулер жүргізудің жылдық тізімдеріне жоғары және орташа қатер дәрежесіне жатқызылған бақылау мен қадағалау субъектілерінің барлық объектілері міндетті түрде енгізіледі.
Қатер дәрежесі төмен бақылау мен қадағалау субъектілерінің объектілері жоспарлы тексерулердің жылдық тізімдеріне:
1) алдыңғы тексерулер нәтижелері;
2) мемлекеттік цифрлық жүйелердің мәліметтері;
3) бақылау мен қадағалау субъектісі (объектісі) ұсынатын есептілік пен мәліметтерді мониторингтеу нәтижелері;
4) радиациялық оқыс оқиғалар туралы мәліметтер;
5) нұсқамалардың орындалуы туралы ақпарат;
6) мемлекеттік органдар мен ұйымдар ұсынатын мәліметтерді талдау нәтижелері;
7) жеке және заңды тұлғалардың растайтын фактілер ұсынылған жолданымдары негізінде қалыптастырылатын ақпарат ескеріліп енгізіледі.
Тексерулер жүргізудің жылдық тізіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу тексерілетін бақылау мен қадағалау субъектісі (объектісі) таратылған, қайта ұйымдастырылған, оның атауы өзгерген, сондай-ақ табиғи, техногендік және (немесе) әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдай туындаған, төтенше жағдай режимі енгізілген, эпидемияның, карантиндік объектілер ошақтарының және аса қауіпті зиянды организмдердің, жұқпалы, паразиттік аурулардың, уланудың таралуы, радиациялық авариялар мен соған байланысты шектеулер орын алған немесе орын алу қаупі төнген жағдайларда жүзеге асырылады.
Тексерулер тізімінің нысанын уәкілетті орган бекітеді.
5. Бақылау және қадағалау органы, егер осы бапта өзгеше көзделмесе, бақылау мен қадағалау субъектісін (объектісін) не оның уәкілетті адамын, өз құзыреті шегінде құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органды жоспарлы тексеруді жүргізудің басталғаны туралы оның басталу күнін көрсете отырып, тексеру басталардан кемінде бір жұмыс күні бұрын жазбаша түрде хабардар етуге міндетті.
Төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген тексеру жүргізудің басталғаны туралы хабарлама мынадай жағдайларда:
1) қолма-қол – хабарламада алғаны туралы белгі жасалған күннен бастап;
2) поштамен – хабарламасы бар тапсырысты хатпен;
3) ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларына, оның ішінде "цифрлық үкімет" веб-порталында тіркелген құрылғыларға, жедел хабар алмасу сервистеріне, электрондық поштамен жіберілген жағдайда, бақылау және қадағалау органы бақылау мен қадағалау субъектісінің (объектісінің) ресми өзара іс-қимыл жасау үшін пайдаланылатын мекенжайына жіберген күннен бастап тиісті түрде табыс етілді деп есептеледі.
6. Адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне төнетін тікелей қатердің алдын алу және (немесе) оны жою мақсатында нақты бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) қатысты жоспардан тыс тексеруді тағайындау үшін негіз болған нақты фактілер мен мән-жайлар бойынша бақылау және қадағалау органы тағайындайтын тексеру жоспардан тыс тексеру болып саналады.
Осы баптың 7-тармағының 3), 4), 5), 7), 8) және 10) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, жоспардан тыс тексеруді жүргізу кезінде бақылау және қадағалау органы бақылау мен қадағалау субъектісін (объектісін) тексеруді жүргізудің нысанасын көрсете отырып, бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бақылау мен қадағалау субъектісін (объектісін) жоспардан тыс тексеруді жүргізудің басталғаны туралы оның басталуынан кемінде бір тәулік бұрын хабарлауға міндетті.
7. Бақылау мен қадағалау субъектілеріне (объектілеріне) жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін негіздер:
1) жедел ден қою шараларын қолдануға негіз болатын бұзушылықтардың жойылуын бақылау;
2) тергеп-тексеру нәтижелері бойынша іс-шаралардың орындалуын бақылау;
3) қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындыда көрсетілген іс-шаралардың орындалмауы, оның ішінде анықталған бұзушылықтардың жойылғаны және (немесе) бұзушылықтардың жойылмағаны туралы ақпараттың берілмеуі;
4) Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы және (немесе) радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы заңнамасының талаптарын бұзудың нақты фактілері мен мән-жайлары бойынша жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары;
5) егер бақылау мен қадағалау субъектісі (объектісі) анықталған бұзушылықтардың жойылғаны туралы ақпаратты бір реттен артық ұсынбаса және (немесе) анықталған бұзушылықтарды жоймаса, жоспарлы және жоспардан тыс тексеру нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалардың орындалуын бақылау;
6) прокурордың адамның өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтірудің нақты фактілері бойынша не зиян келтіру қаупі туралы талабы;
7) мемлекеттік органдардың, уәкілетті органның құрылымдық бөлімшелерінің адамның өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға зиян келтірудің, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы және (немесе) радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы заңнамасы талаптарының бұзылуының нақты фактілері бойынша жолданымдары;
8) ядролық, радиациялық немесе ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты, ядролық қондырғы жүйелеріндегі, жабдықтарындағы, құжаттамасындағы өзгерістер туралы ақпарат;
9) бақылау мен қадағалау субъектісінің (объектісінің) бастапқы тексерумен келіспейтіні туралы жолданымына байланысты қайта тексеру (жедел ден қою шараларын қолданудың заңсыздығы);
10) осы Заңның 9-бабына сәйкес атом энергиясын пайдалану саласындағы лицензияның болмауы және (немесе) қолданылу мерзімінің өтуі туралы рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізіліміндегі ақпарат;
11) Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде көзделген негіздер бойынша қылмыстық қудалау органының тапсырмасы;
12) Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы және (немесе) радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы заңнамасының талаптарын бұзу бойынша бақылау мен қадағалау субъектілеріне (объектілеріне) қатысты шаралар қабылдау туралы жоғары тұрған мемлекеттік органның бірінші басшысының тапсырмасы;
13) тұрақты бақылау мен қадағалау жүргізу барысында берілген, анықталған бұзушылықтарды жою туралы жедел нұсқамалардың орындалмауы;
14) масс-медиадағы, мемлекеттік органдардың цифрлық жүйелеріндегі Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы және (немесе) радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы заңнамасының талаптарын бұзу туралы жарияланымдар мен хабарлар;
15) тексеруді жүзеге асыру үшін қажетті ақпарат алу мақсатында, тексерілетін субъект азаматтық-құқықтық қатынастарда болған үшінші тұлғаларға қатысты қарсы тексеру.
8. Жоспардан тыс тексеру нысанасына жатпайтын, ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік деңгейін төмендетуге алып келетін, Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы және (немесе) радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы заңнамасының талаптарын бұзу фактілері анықталған кезде олар тексеру нәтижелері туралы актіде көрсетіледі.
9. Анонимдік жолданымдар келіп түскен жағдайда жоспардан тыс тексерулер жүргізілмейді.
Ескерту. 7-2-баппен толықтырылды – ҚР 06.04.2024 № 71-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен; жаңа редакцияда – ҚР 07.07.2026 № 336-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.7-3-бап. Тұрақты мемлекеттік бақылау мен қадағалау режимі
1. Радиациялық қауіптілігі 1-санаттағы қондырғылармен қызметті жүзеге асыратын бақылау мен қадағалау субъектілеріне қатысты тұрақты мемлекеттік бақылау мен қадағалау режимі белгіленеді.
2. Тұрақты мемлекеттік бақылау мен қадағалау бақылау және қадағалау органының уәкілетті лауазымды адамдарының тікелей радиациялық қауіптілігі 1-санаттағы қондырғыларда тұрақты болуы және қауіпсіздіктің жай-күйін бақылау мен қадағалау жөніндегі іс-шараларды жүргізуі арқылы жүзеге асырылады.
3. Радиациялық қауіптілігі 1-санаттағы қондырғылармен қызметті жүзеге асыратын бақылау мен қадағалау субъектілерінің осы қондырғылардың өмірлік циклінің барлық кезеңінде ядролық, радиациялық, ядролық физикалық қауіпсіздік жөніндегі талаптарды, ядролық қаруды таратпау режимін сақтауы, сондай-ақ радиациялық қауіптілігі 1-санаттағы қондырғылардың, олардың жүйелері мен элементтерінің көрсетілген талаптарға сәйкестігі тұрақты мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың нысанасы болады.
4. Тұрақты мемлекеттік бақылау мен қадағалау осы Заңға және уәкілетті орган бекітетін атом энергиясын пайдалану саласында тұрақты мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүргізу қағидаларына сәйкес жүргізіледі.
5. Тұрақты мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүргізуге уәкілетті лауазымды адамдардың тізімдерін бақылау және қадағалау органының аумақтық бөлімшесінің басшысы мынадай шарттарды сақтай отырып бекітеді:
1) радиациялық қауіптілігі 1-санаттағы бір қондырғыға бақылау және қадағалау органының кемінде екі лауазымды адамы тағайындалады;
2) радиациялық қауіптілігі 1-санаттағы бір қондырғыға лауазымды адамдарды тағайындау мерзімі үш жылдан аспайды;
3) лауазымды адамдарды радиациялық қауіптілігі 1-санаттағы қондырғылар арасында әрбір үш жыл сайын ротациялау жүргізіледі.
6. Тұрақты мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүргізуге уәкілетті лауазымды адамдардың өзекті тізімдері бақылау мен қадағалау субъектілеріне жыл сайын тұрақты мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүргізілген жылдың алдындағы жылдың 10 желтоқсанына дейінгі мерзімде жіберіледі.
7. Бұл ретте тұрақты мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүргізуге уәкілетті лауазымды адамдардың құрамы бақылау және қадағалау органының аумақтық бөлімшесі басшысының шешімімен өзгеруі мүмкін, бұл туралы бақылау мен қадағалау субъектісі (объектісі) шешім қабылданғаннан кейін хабардар етіледі.
8. Радиациялық қауіптілігі 1-санаттағы қондырғылармен қызметті жүзеге асыратын бақылау мен қадағалау субъектілері уәкілетті адамдар қызметтік куәлігін көрсеткен кезде уәкілетті лауазымды адамдардың объектілерге, олардың жүйелері мен элементтеріне, сондай-ақ құжаттарға кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз етуге міндетті.
9. Тұрақты мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүргізу барысында атом энергиясын пайдалану саласындағы және (немесе) радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы заңнама талаптарының бұзылуы, сондай-ақ объектілердің, олардың жүйелері мен элементтерінің көрсетілген талаптарға сәйкес келмеуі анықталған жағдайларда уәкілетті лауазымды адам бұзушылықтарды жою туралы жедел нұсқама ресімдейді және береді.
10. Бұзушылықтарды жою мерзімдері оны орындаудың нақты мүмкіндігіне әсер ететін мән-жайлар ескеріле отырып айқындалады.
11. Бақылау мен қадағалау субъектісіне байланысты емес себептер бойынша жедел нұсқаманы (жедел нұсқаманың тармағын) белгіленген мерзімде орындау мүмкін болмаған жағдайда, бақылау мен қадағалау субъектісі нұсқаманы орындау мерзімі аяқталғанға дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей жедел нұсқаманы берген уәкілетті лауазымды адамға қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі өтеу шараларын көрсете отырып және көрсетілген шаралардың тиімділігі мен жеткіліктілігін негіздей отырып, жедел нұсқаманың (жедел нұсқама тармағының) орындалу мерзімін ұзарту туралы уәжді өтінішхатпен жүгінуге құқылы.
12. Жедел нұсқаманы берген бақылау және қадағалау органының уәкілетті лауазымды адамы баяндалған дәлелдерді ескере отырып, жедел нұсқаманы орындау мерзімдерін ұзарту туралы өтінішті алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде нақты орындау мерзімдерін көрсете отырып, анықталған бұзушылықтарды жою туралы жедел нұсқаманы орындау мерзімдерін ұзарту туралы немесе уәжді негіздемемен ұзартудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
13. Бұзушылықтарды жою туралы жедел нұсқамаларды белгіленген мерзімде орындамау осы Заңда белгіленген тәртіппен бақылау мен қадағалау субъектісін (объектісін) жоспардан тыс тексеруді тағайындау үшін негіз болады.
14. Бақылау және қадағалау органының уәкілетті лауазымды адамдарының тұрақты мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүргізу кезінде:
1) бақылау мен қадағалау субъектісінің (объектісінің) аумағында, үй-жайларында тұрақты болуға, жабдықтарына, элементтеріне, жүйелеріне, техникалық құралдарына, материалдарына, сондай-ақ құжаттары мен қауіпсіздікті бақылау құралдарына кедергісіз қол жеткізуге;
2) ядролық қауіпсіздікті және (немесе) радиациялық қауіпсіздікті және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздікті бағалау мен сараптамалар жүргізу үшін атом энергиясын пайдалану саласындағы ғылыми-техникалық қолдау ұйымының мамандарын тартуға;
3) мемлекеттік бақылау мен қадағалау нысанасына сәйкес құжаттарды (мәліметтерді) қағаз және электрондық жеткізгіштерде не олардың көшірмелерін алуға, сондай-ақ автоматтандырылған дерекқорларға (цифрлық жүйелерге) қол жеткізуге;
4) аудио-, фото- және бейнетүсірілімді жүзеге асыруға;
5) регистрограммаларды, осциллограммаларды, техникалық бақылау құралдарының, қадағалау және тіркеп-белгілеу аспаптарының жазбаларын, жедел журналдардан үзінді көшірмелерді, түсініктеме жазбаларды, схемаларды, сызбаларды, фото-, аудио- және бейнематериалдарды, сауалнама парақтарын және мемлекеттік бақылау мен қадағалау нысанасына жататын басқа да материалдарды пайдалануға;
6) түсініктеме алу үшін бақылау мен қадағалау субъектісін шақыруға;
7) ядролық қауіпсіздікке және (немесе) радиациялық қауіпсіздікке және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздікке зерттеулер, сынақтар мен сараптамалар жүргізуге бастама жасауға;
8) аварияға қарсы жаттығулар мен оқу-жаттығуларға қатысуға құқығы бар.
15. Бақылау және қадағалау органының уәкілетті лауазымды адамдары мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүргізу кезінде:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, бақылау мен қадағалау субъектілерінің (объектілерінің) құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға;
2) осы Заңда және уәкілетті орган бекітетін атом энергиясын пайдалану саласындағы тұрақты мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүргізу қағидаларында белгіленген тәртіп негізінде және соған қатаң сәйкестікте тұрақты мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүргізуге;
3) егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүргізу кезеңінде бақылау мен қадағалау субъектілерінің (объектілерінің) белгіленген жұмыс режиміне кедергі келтірмеуге;
4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берілген, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау және жолын кесу жөніндегі өкілеттікті уақтылы және толық көлемде жүзеге асыруға;
5) бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) не оның уәкілетті өкіліне мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүргізу кезінде қатысуға, мемлекеттік бақылау мен қадағалау нысанасына қатысты мәселелер бойынша түсіндірмелер беруіне кедергі келтірмеуге;
6) бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) мемлекеттік бақылау мен қадағалау нысанасына жататын қажетті ақпаратты беруге;
7) бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) анықталған бұзушылықтарды жою туралы жедел нұсқаманы табыс етуге;
8) тұрақты мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүргізу нәтижесінде алынған құжаттар мен мәліметтердің сақталуын және құпиялылығын қамтамасыз етуге міндетті.
16. Бақылау мен қадағалау субъектілері не олардың уәкілетті адамдары тұрақты мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүргізу кезінде:
1) бақылау және қадағалау органының лауазымды адамдарын:
тұрақты мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүргізу бақылау және қадағалау органының тиісті өкілеттіктері жоқ лауазымды адамдарына тапсырылған;
осы Заңда белгіленген талаптар өрескел бұзылған жағдайларда тұрақты мемлекеттік бақылау мен қадағалауға жібермеуге;
2) ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік деңгейінің төмендеуіне алып келетін, Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы және (немесе) радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы заңнамасының талаптарын бұзу фактілері анықталған жағдайларды қоспағанда, құжаттар мен мәліметтерді, егер олар тексеру нысанасына жатпаса, ұсынбауға;
3) бақылау және қадағалау органы лауазымды адамдарының бұзушылықтарды жою туралы жедел нұсқамасына, сондай-ақ әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға;
4) бақылау және қадағалау органының уәкілетті лауазымды адамының бақылау мен қадағалау субъектілерінің қызметін шектейтін, заңға негізделмеген тыйым салуларын орындамауға;
5) бақылау және қадағалау органының уәкілетті лауазымды адамдарының қызметіне кедергі келтірмей, тұрақты мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру процесін, сондай-ақ бақылау және қадағалау органының уәкілетті лауазымды адамдарының тұрақты мемлекеттік бақылау мен қадағалау шеңберінде жүргізетін жекелеген әрекеттерін аудио-, фото- және бейнетүсірілім арқылы тіркеп-белгілеуге құқылы.
17. Бақылау мен қадағалау субъектілері не олардың уәкілетті адамдары тұрақты мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүргізу кезінде:
1) бақылау және қадағалау органының уәкілетті лауазымды адамдарының бақылау мен қадағалау субъектісінің (объектісінің) аумағына, үй-жайларына, жабдықтарына, элементтеріне, жүйелеріне, техникалық құралдарына, материалдарына, сондай-ақ құжаттары мен қауіпсіздікті бақылау құралдарына кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз етуге;
2) қызметтік үй-жай (жұмыс орнын), жеке қорғану құралдарын, байланыс құралдарын және объектінің цифрлық жүйелеріне қолжетімділік беруді қоса алғанда, бақылау және қадағалау органының уәкілетті лауазымды адамдарын олардың өз өкілеттіктерін жүзеге асыруы үшін қажетті жағдайлармен қамтамасыз етуге;
3) коммерциялық, салықтық не заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғау жөніндегі талаптарды сақтай отырып, бақылау және қадағалау органының уәкілетті лауазымды адамдарына тұрақты мемлекеттік бақылау мен қадағалау нысанасына сәйкес құжаттардың (мәліметтердің) көшірмелерін қағаз және электрондық жеткізгіштерде ұсынуға, сондай-ақ автоматтандырылған дерекқорларға (цифрлық жүйелерге) қолжетімділік беруге;
4) жедел нұсқаманың екінші данасында алғаны туралы белгі қоюға;
5) бақылау және қадағалау органының уәкілетті лауазымды адамдарының тұрақты мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүргізу кезінде осы объект үшін белгіленген нормативтерге сәйкес зиянды және қауіпті өндірістік ықпал ету факторларынан қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті.
18. Бақылау мен қадағалау субъектісі жедел нұсқамада көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген жағдайда, жедел нұсқама берілген күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күні ішінде бақылау және қадағалау органының аумақтық бөлімшесіне қарсылық жіберуге құқылы.
Қарсылықта бақылау мен қадағалау субъектісі бақылау және қадағалау органына жіберілетін ескертулерді және (немесе) дәлелдерді баяндауға міндетті.
Бақылау және қадағалау органының аумақтық бөлімшесі қарсылықты алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде ескертулерді және (немесе) дәлелдерді ескере отырып, қарсылықты қабылдау немесе қабылдаудан дәлелді негіздемемен бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Ескерту. 7-3-баппен толықтырылды – ҚР 06.04.2024 № 71-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен; жаңа редакцияда – ҚР 07.07.2026 № 336-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.1. Қашықтан бақылауды бақылау және қадағалау органы атом энергиясын пайдалану объектілерімен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік пен сенімділікке әсер ететін бұзушылықтарды анықтау тұрғысынан бақылау мен қадағалау субъектілерінің (объектілерінің) қызметін талдау арқылы тұрақты негізде жүргізеді.
2. Қашықтан бақылауды бақылау және қадағалау органы осы баптың 1-тармағына сәйкес бұзушылыққа жол берген бақылау мен қадағалау субъектілеріне (объектілеріне) қатысты бақылау мен қадағалау субъектілерінің (объектілерінің) қызметін және цифрлық жүйелер деректерін, бақылау мен қадағалау субъектілері (объектілері) ұсынған есептілікті, ашық көздерді, бұқаралық ақпарат құралдарын, сондай-ақ бақылау мен қадағалау субъектісінің (объектісінің) қызметі туралы басқа да мәліметтерді, оның ішінде мемлекеттік органдармен ведомствоаралық өзара іс-қимыл жасау шеңберінде алынған ақпаратты талдау негізінде жүргізеді.
3. Қашықтан бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда, бұзушылықтар анықталған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде бұзушылықтарды жою туралы қорытынды жасалады және бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) жіберіледі.
Қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындының нысанын уәкілетті орган бекітеді.
4. Бақылау және қадағалау органы қашықтан бақылауды жүргізу шеңберінде:
1) бақылау мен қадағалау субъектілерінен (объектілерінен) және олардың лауазымды адамдарынан мәліметтер мен құжаттарды не олардың көшірмелерін жазбаша түрде сұратуға;
2) бақылау нысанасына қатысты түсініктемелер алу үшін бақылау мен қадағалау субъектілерін шақыруға құқылы.
5. Бақылау мен қадағалау субъектілері (объектілері) бақылау және қадағалау органының сұрау салуында көрсетілген мәліметтер мен құжаттарды бақылау және қадағалау органы белгілеген мерзімдерде ұсынуға міндетті.
6. Қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытынды екі данада жасалады. Бір данасы бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) жіберіледі, екінші данасы бақылау және қадағалау органында қалады.
Төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытынды мынадай жағдайларда:
1) қолма-қол – қорытындыда алғаны туралы белгі жасалған күннен бастап;
2) поштамен – хабарламасы бар тапсырысты хатпен;
3) ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларына, оның ішінде "цифрлық үкімет" веб-порталында тіркелген құрылғыларға, жедел хабар алмасу сервистеріне, электрондық поштамен жіберілген жағдайда, бақылау және қадағалау органы бақылау мен қадағалау субъектісінің (объектісінің) ресми өзара іс-қимыл жасау үшін пайдаланылатын мекенжайына жіберген күннен бастап тиісті түрде табыс етілді деп есептеледі.
7. Қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындыны алған бақылау мен қадағалау субъектісі оны табыс еткен күннен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні ішінде қашықтықтан бақылау жүргізген бақылау және қадағалау органына анықталған бұзушылықтарды жоюдың нақты мерзімдерін көрсете отырып, оларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын ұсынуға міндетті.
Қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындыда көрсетілген мерзімдер өткеннен кейін бақылау мен қадағалау субъектісі қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындының орындалуы туралы ақпарат береді.
Бақылау мен қадағалау субъектісі (объектісі) қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындының орындалуы туралы берілген ақпаратқа бұзушылықты жою фактісін дәлелдейтін материалдарды қоса береді.
8. Бақылау мен қадағалау субъектісі қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындыда көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген жағдайда, қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындыны жіберген, қашықтан бақылауды жүргізген бақылау және қадағалау органына қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытынды табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қарсылық жіберуге құқылы.
Бақылау мен қадағалау субъектісі қарсылықта бақылау және қадағалау органына жіберілетін ескертулерді және (немесе) дәлелдерді баяндауға міндетті.
Қашықтан бақылауды жүргізген бақылау және қадағалау органы қарсылықты алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде ескертулерді және (немесе) дәлелдерді ескере отырып, қарсылықты қабылдау немесе қабылдаудан дәлелді негіздемемен бас тарту туралы шешім қабылдайды.
9. Қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындыны белгіленген мерзімде орындамау осы Заңға сәйкес бақылау мен қадағалау субъектісін (объектісін) жоспардан тыс тексеруді тағайындау үшін негіз болады.
10. Атом энергиясын пайдалану саласында қашықтан бақылауды жүзеге асыру құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органда тіркеуді және бақылау мен қадағалау субъектісін (объектісін) алдын ала хабардар етуді талап етпейді.
Ескерту. 7-4-бапен толықтырылды – ҚР 07.07.2026 № 336-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.7-5-бап. Атом энергиясын пайдалану саласындағы тергеп-тексеру
1. Атом энергиясын пайдалану саласындағы тергеп-тексеру (бұдан әрі – тергеп-тексеру) мынадай негіздерде жүргізіледі:
1) адамның өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтірудің нақты фактілері бойынша, мұндай факт адамдардың кең тобына қатысты болған және бұзушылыққа жол берген нақты тұлғаны (нақты тұлғаларды) анықтау талап етілетін жағдайларда жеке және (немесе) заңды тұлғалардың, сондай-ақ мемлекеттік органдардың жолданымдары;
2) ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздікке байланысты, олардың алдындағы мән-жайларды анықтау, олардың себептерін, бұзушылықтардың сипатын анықтау, салдарын жою және осындай бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі іс-шараларды айқындау қажеттілігі туындайтын авариялар мен оқыс оқиғалар туралы ақпарат.
2. Тергеп-тексеруді бақылау және қадағалау органының лауазымды адамдары осы Заңға және атом энергиясын пайдалану саласында тергеп-тексеруді жүргізу қағидаларына сәйкес жүргізеді.
3. Тергеп-тексеруге қажет болған жағдайда атом энергиясын пайдалану саласындағы ғылыми-техникалық қолдау ұйымының мамандары, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың мамандары, консультанттары мен сарапшылары, атом энергиясын пайдалану саласындағы халықаралық сарапшылар тартылады.
Тартылған сарапшылар мен мамандардың қорытындылары тексеру нәтижелері бойынша материалдарға міндетті түрде қоса тіркеледі.
4. Бақылау мен қадағалау субъектілері тергеп-тексеру шеңберінде:
1) бақылау және қадағалау органының лауазымды адамына немесе комиссия мүшелеріне, тартылған сарапшылар мен мамандарға болуы туралы талап бақылау мен қадағалау субъектісінің ішкі құжаттарында көзделген арнайы киім мен жеке қорғану құралдарын беруді;
2) тергеп-тексеруге қатысты, оның ішінде мұрағаттық құжаттарды және (немесе) материалдарды, жазбаша және (немесе) ауызша нысанда түсініктемелерді ұсынуды;
3) зерттеп қарауды, қарап тексеруді жүргізу үшін кедергісіз мүмкіндікті;
4) бақылау және қадағалау органының лауазымды адамдарының, комиссия мүшелерінің, тартылған сарапшылар мен мамандардың тергеп-тексеру нысанасына жататын объектінің аумағына (әкімшілік ғимараттарға, құрылыстарға, құрылысжайларға, үй-жайларға және басқа да объектілерге) кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге міндетті.
5. Тергеп-тексеруді жүргізу барысында Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзудың себептері анықталады, тергеп-тексеруді жүргізуге негіз болған, Қазақстан Республикасы заңнамасы талаптарының бұзылуына жол берген бақылау мен қадағалау субъектілері (объектілері) айқындалады.
6. Тергеп-тексеру нәтижелері бойынша тергеп-тексеру нәтижелері туралы акт жасалады, онда анықталған бұзушылықтар, оларды жою жөніндегі нұсқаулар, анықталған бұзушылықтарды жою мерзімдері де көрсетіледі.
Анықталған бұзушылықтарды жою мерзімдері тергеп-тексеру нәтижелері туралы актіні орындаудың нақты мүмкіндігіне әсер ететін мән-жайлар ескеріле отырып айқындалады және ол табыс етілген күннен бастап кемінде күнтізбелік он күнді құрайды.
Бақылау мен қадағалау субъектісі тергеп-тексеру нәтижелері туралы актіде көзделген мерзімдер өткенге дейін бұзушылықты жою фактісін дәлелдейтін материалдарды (қажет болған кезде) қоса бере отырып, анықталған бұзушылықтардың жойылғаны туралы ақпарат беруге міндетті.
7. Анықталған бұзушылықтарды жою үшін қосымша уақыт және (немесе) қаржы шығыны қажет болған жағдайда, бақылау мен қадағалау субъектісі өзіне тергеп-тексеру нәтижелері туралы акт табыс етілген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей анықталған бұзушылықтарды жою мерзімдерін ұзарту туралы өтінішпен бақылау және қадағалау органына жүгінуге құқылы.
8. Қазақстан Республикасы заңнамасы талаптарының бұзылуына жол берген бақылау мен қадағалау субъектісі анықталған жағдайда адамдарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылыққа тарту жөнінде шаралар қабылданады.
Әкімшілік құқық бұзушылық белгілерін көрсететін жеткілікті деректер анықталған кезде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалады.
9. Анықталған бұзушылықтардың жойылғаны туралы ақпарат берілген жағдайда немесе оларды жою мерзімдері өткеннен кейін жоспардан тыс тексеру жүргізіледі.
10. Атом энергиясын пайдалану саласында тергеп-тексерулерді жүргізу тәртібінің сақталмауы тергеп-тексеруді тағайындау, оның мерзімдерін ұзарту және нәтижелері туралы актілерді жарамсыз деп тануға және (немесе) олардың күшін жоюға негіз болады.
11. Тергеп-тексеруді жүргізу қорытындылары, мемлекеттік құпияларды не Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, бақылау және қадағалау органының интернет-ресурсында тергеп-тексеру аяқталған күннен кейін он жұмыс күні ішінде жарияланады.
12. Тергеп-тексеру нәтижелері туралы актіге шағым жасау актінің орындалуын тоқтата тұрмайды.
Ескерту. 7-5-бапен толықтырылды – ҚР 07.07.2026 № 336-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.7-6-бап. Атом энергиясын пайдалану саласындағы жедел ден қою шаралары және оларды қолдану тәртібі
1. Бақылау және қадағалау органы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру барысында және (немесе) оның нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы және (немесе) радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылықтар анықталған жағдайларда, егер бақылау мен қадағалау субъектісінің (объектісінің) қызметі жеке және заңды тұлғалардың құқықтарына, бостандықтары мен заңды мүдделеріне, адамдардың өмірі мен денсаулығына, мүлікке, қоршаған ортаға, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретін болса, атом энергиясын пайдалану саласындағы жедел ден қою шараларын (бұдан әрі – жедел ден қою шаралары) қолданады.
2. Тексеруді және (немесе) тергеп-тексеруді жүзеге асыру барысында және (немесе) оларды жүргізу нәтижелері бойынша бақылау мен қадағалау субъектілеріне (объектілеріне) қолданылатын ықпал ету тәсілдері жедел ден қою шаралары болып саналады, олардың түрлері осы бапта көзделеді.
3. Жедел ден қою шаралары мынадай түрлерді қамтиды:
1) бақылау мен қадағалау субъектілерінің (объектілерінің) қызметін тоқтата тұру;
2) бақылау мен қадағалау субъектісінің (объектісінің) атом энергиясын пайдалану саласында өнім өндіру, аспаптар мен қондырғылар дайындау, қызметтер көрсету, жұмыстарды орындау жөніндегі қызметіне немесе кәсіпкерлік қызметтің жекелеген түрлеріне тыйым салу;
3) халықтың пайдалануы мен қолдануына, сондай-ақ кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызметте пайдалану мен қолдануға арналған өнімдерді, аспаптар мен қондырғыларды әкелуге, Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға және өткізуге тыйым салу;
4) адамдарды жұмыстан уақытша шеттету.
4. Адамдардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн, қоршаған ортаның белгiленген нормалардан жоғары радиоактивтiк ластануына алып келетін, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген талаптарды бұзу жедел ден қою шараларын қолдануға негiз болады.
Бұзылуы жедел ден қою шараларын қолдануға алып келетін талаптардың тізбесін, сондай-ақ талаптарды нақты бұзуға қатысты жедел ден қою шараларының нақты түрін айқындауды осы шараның қолданылу мерзімін (қажет болған жағдайда) көрсете отырып, уәкілетті орган бекітеді.
5. Бақылау және қадағалау органы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру барысында және (немесе) оның нәтижелері бойынша жедел ден қою шараларын қолдануға негіз болатын талаптарды бұзушылықтарды анықтаған кезде уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша қадағалау актісін ресімдейді.
Қадағалау актісі рәсімделеді және бақылау мен қадағалау субъектісіне төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберіледі және мынадай жағдайларда:
1) қолма-қол – қорытындыда алғаны туралы белгі жасалған күннен бастап;
2) поштамен – хабарламасы бар тапсырысты хатпен;
3) ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларына, оның ішінде "цифрлық үкімет" веб-порталында тіркелген құрылғыларға, жедел хабар алмасу сервистеріне, электрондық поштамен жіберілген жағдайда, бақылау және қадағалау органы бақылау мен қадағалау субъектісінің (объектісінің) ресми өзара іс-қимыл жасау үшін пайдаланылатын мекенжайына жіберген күннен бастап тиісті түрде табыс етілді деп есептеледі.
6. Қадағалау актісін қолма-қол табыс етілген кезде оны қабылдаудан бас тартылған жағдайда, оған тиісті жазба енгізіледі және актіні қабылдаудан бас тарту фактісін тіркеп-белгілейтін бейнежазба жүзеге асырылады. Қадағалау актісі оның табыс етілгені туралы хабарламасы бар хатпен бақылау мен қадағалау субъектісінің заңды мекенжайына, тұрған жеріне немесе нақты мекенжайына жіберіледі.
7. Қадағалау актісін алудан бас тарту оны орындамауға негіз болмайды.
8. Мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру барысында және (немесе) оның нәтижелері бойынша анықталған, жедел ден қою шараларын қолдануға негіз болатын, талаптарды бұзушылықтар тексеру, тергеп-тексеру нәтижелері туралы актілерде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы және (немесе) радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамада және жедел нұсқамада көрсетіледі.
9. Бақылау мен қадағалау субъектісі жедел ден қою шараларын қолдануға негіз болатын талаптарды анықталған бұзушылықтарды тергеп-тексеру нәтижелері туралы актіде, Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы және (немесе) радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамада және жедел нұсқамада көрсетілген мерзімдерде жоюға міндетті.
10. Тексеру, тергеп-тексеру және тұрақты мемлекеттік бақылау мен қадағалау нәтижелері бойынша талаптарды анықталған бұзушылықтарды жою мерзімдері өткеннен кейін жедел ден қою шараларын қолдануға негіз болатын анықталған бұзушылықтардың жойылғанын бақылау бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізіледі.
Бақылау және қадағалау органы осы Заңның 7-2-бабы 7-тармағының 1) тармақшасына сәйкес жоспардан тыс тексеру нәтижелері туралы актінің негізінде жедел ден қою шараларын қолдануға негіз болатын талаптарды анықталған бұзушылықтардың жойылғанын растаған жағдайда қадағалау актісінің қолданысы тоқтатылады.
11. Жедел ден қою шараларын қолдануға негіз болатын талаптарды анықталған бұзушылықтар жойылмаған жағдайда жоспардан тыс тексеру нәтижелері бойынша бұзушылықтарға жол берген адамдарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылыққа тарту жөнінде, сондай-ақ сотқа талап қою арқылы мәжбүрлеп орындату жөнінде шаралар қабылданады.
12. Бақылау мен қадағалау субъектісі тергеп-тексеру нәтижелері туралы актіде, Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы және (немесе) радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамада және жедел нұсқамада көзделген мерзімдер өткенге дейін бұзушылықтардың жойылу фактісін дәлелдейтін материалдарды қоса бере отырып, талаптарды анықталған бұзушылықтардың жойылғаны туралы ақпарат беруге міндетті.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген ақпарат берілген жағдайда осы баптың 10-тармағының екінші бөлігіне сәйкес жоспардан тыс тексеру жүргізіледі.
13. Бақылау мен қадағалау субъектісі жедел ден қою шараларын қолдануға алып келген мемлекеттік бақылау мен қадағалау нәтижелерімен келіспеген жағдайда қадағалау актісін жарамсыз деп тану және оның күшін жою туралы шағым бере алады.
Шағым Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 29-тарауында көзделген тәртіппен жоғары тұрған мемлекеттік органға не Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа беріледі.
Шағым беру қадағалау актісінің орындалуын тоқтата тұрмайды.
14. Қадағалау актісін жарамсыз деп тануға және оның күшін жоюға:
1) жедел ден қою шараларын қолдануға негіздердің болмауы;
2) жедел ден қою шараларының осы шараларға сәйкес келмейтін негіз бойынша қолданылуы;
3) бақылау және қадағалау органының жедел ден қою шараларын өз құзыретіне кірмейтін мәселелер бойынша қолдануы негіз болады.
15. Жедел ден қою шараларын қолдану туралы ақпарат өз құзыреті шегінде мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органға Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы айқындаған тәртіппен жіберіледі.
Ескерту. 7-6-бапен толықтырылды – ҚР 07.07.2026 № 336-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.7-7-бап. Тексерулерді жүзеге асыру тәртібі
1. Тексеруге келген бақылау және қадағалау органының лауазымды адамдары бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне):
1) тексеруді тағайындау туралы актіні;
2) қызметтік куәлігін не сәйкестендіру картасын көрсетуге міндетті.
2. Тексеруді тағайындау туралы актіде мыналар көрсетіледі:
1) актінің күні мен нөмірі;
2) мемлекеттік органның атауы;
3) тексеруді жүргізуге уәкілеттік берілген адамдардың тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;
4) тексеруді жүргізуге тартылатын мамандар, консультанттар мен сарапшылар, сондай-ақ ведомстволық бағынысты ұйымдардың лауазымды адамдары туралы мәліметтер (қажет болған кезде);
5) бақылау мен қадағалау субъектісінің (объектісінің) атауы, оның тұрған жері, сәйкестендіру нөмірі, объектілердің тізбесі;
6) тексерудің түрі;
7) тексерудің нысанасы;
8) тексеруді жүргізу мерзімі;
9) тексеруді жүргізудің негіздері;
10) тексерілетін кезең;
11) бақылау мен қадағалау субъектісінің (объектісінің) құқықтары мен міндеттері;
12) актіге қол қоюға уәкілеттік берілген лауазымды адамның қолтаңбасы;
13) бақылау мен қадағалау субъектісі (объектісі) басшысының не оның уәкілетті адамының актіні алғаны немесе алудан бас тартқаны туралы қолтаңба.
3. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) не оның уәкілетті адамына тексеруді тағайындау туралы акт табыс етілген күн тексеру жүргізудің басталуы болып есептеледі.
Төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген тексеруді тағайындау туралы акт мынадай жағдайларда:
1) қолма-қол – қорытындыда алғаны туралы белгі жасалған күннен бастап;
2) поштамен – хабарламасы бар тапсырысты хатпен;
3) ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларына, оның ішінде "цифрлық үкімет" веб-порталында тіркелген құрылғыларға, жедел хабар алмасу сервистеріне, электрондық поштамен жіберілген жағдайда, бақылау және қадағалау органы бақылау мен қадағалау субъектісінің (объектісінің) ресми өзара іс-қимыл жасау үшін пайдаланылатын мекенжайына жіберген күннен бастап тиісті түрде табыс етілді деп есептеледі.
Тексеруді тағайындау туралы акт тексеруді тағайындаған бақылау және қадағалау органының тексерулерді тіркеу журналында тіркеледі.
4. Тексеруді тағайындау туралы акт қолма-қол табыс етілген кезде қабылдаудан бас тартылған жағдайда, оған тиісті жазба енгізіледі және актіні қабылдаудан бас тарту фактісін тіркеп-белгілейтін бейнежазба жүзеге асырылады.
Тексеруді тағайындау туралы актіні алудан бас тарту оны орындамауға және тексерудің күшін жоюға негіз болмайды.
5. Тексеруді тағайындау туралы актіні қабылдаудан бас тартылған, сондай-ақ бақылау және қадағалау органы лауазымды адамдарының тексеру субъектісіне (объектісіне), тексеру жүргізу үшін қажетті материалдарға, жабдыққа қол жеткізуіне кедергі келтірілген жағдайларда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалады.
6. Тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілген лауазымды адам (лауазымды адамдар) ғана тексеруді жүргізе алады.
Бұл ретте тексеруді жүргізетін лауазымды адамдардың құрамы бақылау және қадағалау органының шешімімен өзгеруі мүмкін, бұл туралы бақылау мен қадағалау субъектісі (объектісі) ауыстырудың себебі көрсетіле отырып, тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілмеген адамдардың тексеруге қатысуы басталғанға дейін хабардар етіледі.
7. Тексеруді жүргізу мерзімдері алдағы жұмыстардың көлемі, сондай-ақ тексеру нысанасы ескеріле отырып белгіленеді және:
1) жоспарлы тексерулерді жүргізу кезінде қатердің жоғары дәрежесіне жатқызылған бақылау мен қадағалау субъектілері (объектілері) үшін – жиырма жұмыс күнінен, қатердің орташа және төмен дәрежелеріне жатқызылған бақылау мен қадағалау субъектілері (объектілері) үшін – он бес жұмыс күнінен;
2) жоспардан тыс тексерулер жүргізу кезінде – он бес жұмыс күнінен аспауға тиіс.
8. Бақылау және қадағалау органының басшысы (не оны алмастыратын адам) арнаулы зерттеулер, сынақтар, сараптамалар жүргізу қажет болған кезде, сондай-ақ жұмыс көлемінің едәуір болуына байланысты тексеруді жүргізу мерзімін отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімге бір рет қана ұзарта алады.
Тексеруді жүргізу мерзімдерін ұзарту тексеру мерзімі аяқталғанға дейін бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) хабарлама табыс етіле отырып, тексеру мерзімдерін ұзарту туралы қосымша актімен ресімделеді, онда тексеруді тағайындау туралы алдыңғы актінің тіркелген күні мен нөмірі және ұзарту себебі көрсетіледі.
9. Бақылау және қадағалау органының басшысы (не оны алмастыратын адам) тексеруді:
1) мерзімі отыз жұмыс күнінен асатын арнаулы зерттеулер, сынақтар мен сараптамалар жүргізілген жағдайда (қорытынды алынғанға дейін);
2) үшінші тұлғалардан мерзімі отыз жұмыс күнінен асатын мәліметтер мен құжаттарды алу қажет болған кезде (оларды алғанға дейін);
3) тексеруді жүргізуге кедергі келтіретін еңсерілмейтін күш мән-жайлары туындаған кезде;
4) өзіне қатысты тексеру жүргізілетін субъектінің орналасқан жері анықталмаған жағдайда бір рет қана тоқтата тұруы мүмкін.
Тексеруді тоқтата тұру тексеру мерзімі аяқталғанға дейін бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) хабарлама табыс етіле отырып, тексеруді тоқтата тұру туралы актімен ресімделеді, онда тексеруді тағайындау туралы алдыңғы актінің тіркелген күні мен нөмірі және тоқтата тұру себебі көрсетіледі.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген, тексеруді тоқтата тұру үшін негіздер тоқтатылғаннан кейін тексеру тоқтатыла тұрған мерзімінен бастап қайта басталады.
Тексеруді қайта бастау тексеруді тоқтата тұру мерзімі аяқталғанға дейін бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) хабарлама табыс етіле отырып, тексеруді қайта бастау туралы актімен ресімделеді, онда тексеруді қайта бастау күні көрсетіледі.
Төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген тексеруді тоқтата тұру туралы акт және тексеруді қайта бастау туралы акт мынадай жағдайларда:
1) қолма-қол – хабарламада алғаны туралы белгі жасалған күннен бастап;
2) поштамен – хабарламасы бар тапсырысты хатпен;
3) ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларына, оның ішінде "цифрлық үкімет" веб-порталында тіркелген құрылғыларға, жедел хабар алмасу сервистеріне, электрондық поштамен жіберілген жағдайда, бақылау және қадағалау органы бақылау мен қадағалау субъектісінің (объектісінің) ресми өзара іс-қимыл жасау үшін пайдаланылатын мекенжайына жіберген күннен бастап тиісті түрде табыс етілді деп есептеледі.
10. Бақылау және қадағалау органының лауазымды адамы (лауазымды адамдары) тексеру нәтижелері бойынша тексеру нәтижелері туралы акт және бұзушылықтар анықталған жағдайда, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама жасайды.
Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы және (немесе) радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылықтар анықталған кезде әкімшілік іс жүргізуді қозғауға негіздер болған кезде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалады.
11. Тексеру нәтижелері туралы актіде мыналар көрсетіледі:
1) актінің жасалған күні мен орны;
2) мемлекеттік органның атауы;
3) тексеруді тағайындау туралы актінің (олар болған кезде тексеру мерзімін ұзарту, тексеруді тоқтата тұру туралы қосымша актілердің) күні мен нөмірі;
4) тексеруді жүргізген адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;
5) бақылау мен қадағалау субъектісінің (объектісінің) атауы, оның орналасқан жері немесе бақылау мен қадағалау субъектісінің тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), тексеру жүргізу кезінде қатысқан жеке немесе заңды тұлға өкілінің лауазымы;
6) тексеруді жүргізу кезеңі;
7) тексерудің түрі;
8) тексеру нәтижелері туралы, оның ішінде анықталған бұзушылықтар туралы мәліметтер;
9) тексеру нәтижелері туралы актімен танысу немесе танысудан бас тарту, сондай-ақ тексеру жүргізу кезінде қатысқан адамдар туралы мәліметтер, олардың қолтаңбасы немесе қол қоюдан бас тарту туралы жазба;
10) тексеруді жүргізген лауазымды адамның (лауазымды адамдардың) қолтаңбасы.
Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы және (немесе) радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылықтар болмаған жағдайда, тексеру нәтижелері туралы актіде тиісті жазба жасалады.
12. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамада мыналар көрсетіледі:
1) нұсқаманың жасалған күні мен орны;
2) мемлекеттік органның атауы;
3) тексеру жүргізген адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;
4) бақылау мен қадағалау субъектісінің (объектісінің) атауы, оның тұрған жері немесе өзіне қатысты тексеру жүргізу тағайындалған жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), тексеруді жүргізу кезінде қатысқан жеке немесе заңды тұлға өкілінің лауазымы (болған кезде);
5) тексеруді жүргізу күні, орны және кезеңі;
6) Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы және (немесе) радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес анықталған бұзушылықтардың тізбесі;
7) анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі нұсқаулар және оларды жою мерзімдері;
8) бақылау мен қадағалау субъектісінің (объектісінің) не оның уәкілетті адамының нұсқамамен танысуы немесе танысудан бас тартуы туралы мәліметтер, олардың қолтаңбасы немесе қол қоюдан бас тартуы туралы жазбасы;
9) тексеруді жүргізген лауазымды адамның (лауазымды адамдардың) қолтаңбасы.
Жүргізілген зерттеулердің (сынақтардың), сараптамалардың қорытындылары және тексеру нәтижелеріне байланысты басқа да құжаттар немесе олардың көшірмелері (зақымдалған жабдықты, регистрограмманы, осциллограмманы қарап тексеру актісі, техникалық бақылау құралдарының, байқау және тіркеп-белгілеу аспаптарының жазбалары, жедел журналдардан үзінді-көшірмелер, түсініктеме жазбалар, схемалар, сызбалар, фото-, аудио- және бейнематериалдар, сауалнама парақтары мен басқа да материалдар) бар болса, олар анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаға қоса беріледі.
13. Тексеруді тағайындау туралы актінің, тексеру нәтижелері туралы актінің, тексеруді ұзарту туралы актінің, тексеруді тоқтата тұру туралы актінің, тексеруді қайта бастау туралы актінің, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың нысандарын уәкілетті орган бекітеді.
14. Тексеру нәтижелері туралы акт, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама үш данада жасалады.
Бақылау және қадағалау органы тексеру нәтижелері туралы актінің, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың бірінші даналарын үш жұмыс күні ішінде электрондық нысанда, өз құзыреті шегінде құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органға тапсырады, тексеру нәтижелері туралы актінің, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың екінші даналарын қағаз жеткізгіште қол қойғызып немесе электрондық нысанда бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) не оның уәкілетті адамына танысу және анықталған бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдау және басқа да әрекеттер жасау үшін табыс етеді, үшінші даналары бақылау және қадағалау органында қалады.
Төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген тексеру нәтижелері туралы акт, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама мынадай жағдайларда:
1) қолма-қол – тексеру нәтижелері туралы актіде, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамада алғаны туралы белгі жасалған күннен бастап;
2) поштамен – хабарламасы бар тапсырысты хатпен;
3) ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларына, оның ішінде "цифрлық үкімет" веб-порталында тіркелген құрылғыларға, жедел хабар алмасу сервистеріне, электрондық поштамен жіберілген жағдайда, бақылау және қадағалау органы бақылау мен қадағалау субъектісінің (объектісінің) ресми өзара іс-қимыл жасау үшін пайдаланылатын мекенжайына жіберген күннен бастап тиісті түрде табыс етілді деп есептеледі.
15. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) тексеруді тағайындау туралы актіде (тексеру мерзімін ұзарту туралы қосымша акт болған кезде, сонда) көрсетілген тексеруді аяқтау мерзімінен кешіктірмей тексеру нәтижелері туралы актіні табыс еткен күн тексеру мерзімінің аяқталуы болып есептеледі.
16. Тексеру нәтижелері бойынша ескертулер және (немесе) қарсылықтар болған жағдайда бақылау мен қадағалау субъектісі (объектісі) не оның уәкілетті адамы оларды жазбаша түрде баяндап, өзіне тексеру нәтижелері туралы акт табыс етілген күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей бақылау және қадағалау органына жібереді.
Ескертулер және (немесе) қарсылықтар тексеру нәтижелері туралы актіге қоса беріледі, ол туралы тиісті белгі қойылады.
17. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы орындау мерзімдері оны орындаудың нақты мүмкіндігіне әсер ететін мән-жайлар ескеріле отырып айқындалады және анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын қоса бере отырып, кемінде бес жұмыс күнін құрайды.
Анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы орындау мерзімдерін айқындау кезінде:
1) бақылау мен қадағалау субъектісінде (объектісінде) бұзушылықтарды жою бойынша ұйымдастырушылық, техникалық және қаржылық мүмкіндіктердің болуы;
2) пайдаланылатын өндірістік объектілердің техникалық жай-күйінің ерекшеліктері;
3) мемлекеттік органдарда, жергілікті атқарушы органдарда "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына 1, 2 және 3-қосымшаларда көзделген тиісті рұқсатты алу немесе хабарламаны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де міндетті қорытындыларды, келісімдерді және басқа да құжаттарды беру мерзімдері ескеріледі.
18. Бақылау мен қадағалау субъектісі қосымша уақыт және (немесе) қаржы шығыны қажет болған жағдайда, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама өзіне табыс етілген күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей, тексеруді жүргізген бақылау және қадағалау органына анықталған бұзушылықтарды жоюдың нақты мерзімдері көрсетілген анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын қоса бере отырып, оларды жою мерзімдерін ұзарту туралы өтінішпен жүгінуге құқылы.
Бақылау мен қадағалау субъектісі анықталған бұзушылықтарды жою мерзімдерін ұзарту туралы өтініште анықталған бұзушылықтарды жою бойынша қабылданатын шараларды және оларды жою мерзімдерін ұзартудың объективті себептерін баяндауға міндетті.
Тексеруді жүргізген бақылау және қадағалау органы анықталған бұзушылықтарды жою мерзімдерін ұзарту туралы өтінішті алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде баяндалған дәлелдерді ескере отырып, анықталған бұзушылықтарды жою мерзімдерін ұзарту және анықталған бұзушылықтарды жоюдың нақты мерзімдері көрсетілген, оларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы немесе ұзартудан уәжді негіздемемен бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Бақылау мен қадағалау субъектісі (объектісі) ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 10-на дейінгі мерзімде бақылау және қадағалау органына жою мерзімі басталған анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы ақпарат береді.
Бақылау мен қадағалау субъектісі (объектісі) анықталған бұзушылықтарды жою туралы берілген ақпаратқа бұзушылықты жою фактісін дәлелдейтін материалдарды қоса береді.
Анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарының нысанын уәкілетті орган бекітеді.
19. Бақылау мен қадағалау субъектісі (объектісі) анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамада, анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарында көрсетілген анықталған бұзушылықтарды жою мерзімі өткеннен кейін тексеруді жүргізген бақылау және қадағалау органына анықталған бұзушылықтардың жойылғаны туралы ақпаратты анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамада және анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарында белгіленген мерзім ішінде беруге міндетті.
20. Бақылау мен қадағалау субъектісі (объектісі) анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың, анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы ақпаратты белгіленген мерзімде ұсынбаған немесе толық ұсынбаған жағдайда, бақылау және қадағалау органы екі жұмыс күні ішінде бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың және анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы ақпаратты беру қажеттілігі туралы сұрау салуды жібереді.
Анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың, анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы ақпарат белгіленген мерзімде ұсынылмаған немесе толық ұсынылмаған жағдайда, бақылау және қадағалау органы нұсқаманың орындалуын бақылау бойынша жоспардан тыс тексеруді тағайындайды.
21. Бақылау мен қадағалау субъектісі (объектісі) анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамада және анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарында көрсетілген анықталған бұзушылықтар мерзімінен бұрын жойылған жағдайда, тексеруді жүргізген бақылау және қадағалау органына бұзушылықтарды жою фактісін дәлелдейтін материалдарды қоса бере отырып, анықталған бұзушылықтардың жойылғаны туралы ақпарат беруге міндетті.
22. Бақылау мен қадағалау субъектісі тексеру қорытындыларына Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасай алады.
Бақылау мен қадағалау субъектісінің (объектісінің) тексеру нәтижелері туралы актінің, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың күшін жою туралы өтінішін жоғары тұрған мемлекеттік органның (лауазымды адамның) қарауы өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Жоғары тұрған мемлекеттік органның тексеру нәтижелерін жарамсыз деп тануы олардың күшін ішінара не толық көлемде жоюға негіз болады.
Толық көлемде жарамсыз деп танылған тексеру нәтижелері туралы акт, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама бақылау мен қадағалау субъектілерінің (объектілерінің) белгіленген талаптарды бұзуының дәлелі бола алмайды.
23. Тексеру жүргізу қажеттілігі кәсiпорын жұмыскерлерiнің және халықтың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн бұзушылықтарды дереу жоюды талап еткен жағдайда, тiкелей жасалу кезінде бұзушылықтардың жолын кесу және дәлелдемелердi бекiту үшiн кезек күттiрмейтiн әрекеттер жасау қажет болған кезде тексерулер жұмыстан тыс уақытта (тәулiктiң түнгi уақытында, демалыс немесе мереке күндерiнде) жүргiзiлуi мүмкiн.
Жұмыстан тыс уақытта тексеруді жүргізу жөніндегі шешім бақылау және қадағалау органының бірінші басшысының не оны алмастыратын адамның бұйрығымен ресімделеді.
Жұмыстан тыс уақытта тексеруді жүргізу туралы бұйрықтың нысанын уәкілетті орган бекітеді.
24. Егер тексеруді жүргізу нәтижесінде бақылау мен қадағалау субъектісінің (объектісінің) Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы және (немесе) радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарды бұзу фактісі анықталатын болса, әкімшілік құқық бұзушылық құрамының белгілерін көрсететін жеткілікті деректер болған кезде бақылау және қадағалау органының лауазымды адамдары өкілеттіктері шегінде бұзушылықтарға жол берген адамдарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа тарту жөнінде шаралар қабылдайды.
Ескерту. 7-7-бапен толықтырылды – ҚР 07.07.2026 № 336-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.7-8-бап. Бақылау және қадағалау органының лауазымды адамдарының құқықтары мен міндеттері
1. Бақылау және қадағалау органының лауазымды адамдарының мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүргізуі кезінде:
1) бақылау мен қадағалау субъектісінің (объектісінің) аумағы мен үй-жайларына кедергісіз кіруге;
2) мемлекеттік бақылау мен қадағалау нысанасына сәйкес құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін қағаз және электрондық жеткізгіштерде алуға, сондай-ақ автоматтандырылған дерекқорларға (цифрлық жүйелерге) қолжетімділік алуға;
3) аудио-, фото- және бейнетүсірілімді жүзеге асыруға;
4) регистрограмманы, осциллограмманы, техникалық бақылау құралдарының, байқау және тіркеп-белгілеу аспаптарының жазбаларын, жедел журналдардан үзінді-көшірмелерді, түсініктеме жазбаларды, схемаларды, сызбаларды, фото-, аудио- және бейнематериалдарды, сауалнама парақтарын және мемлекеттік бақылау мен қадағалау нысанасына жататын басқа да материалдарды пайдалануға;
5) түсініктеме алу үшін бақылау мен қадағалау субъектісін шақыртуға;
6) ведомстволық бағынысты және өзге де ұйымдардың мамандарын, консультанттары мен сарапшыларын, сондай-ақ лауазымды адамдарын тартуға;
7) Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы және (немесе) радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы заңнамасын бұзушылықтар бойынша, оның ішінде мемлекеттік бақылау мен қадағалау қорытындылары бойынша анықталған бұзушылықтар бойынша сотқа жүгінуге және олар туралы істерді сот қараған кезде қатысуға құқығы бар.
2. Ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік деңгейін төмендетуге алып келетін, Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы және (немесе) радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы заңнамасының талаптарын бұзу фактілері анықталған жағдайларды қоспағанда, бақылау және қадағалау органының лауазымды адамдарына мемлекеттік бақылау мен қадағалау нысанасына жатпайтын талаптарды қоюына және өтініштермен жүгінуіне тыйым салынады.
3. Бақылау және қадағалау органының лауазымды адамдары мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүргізу кезінде:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, бақылау мен қадағалау субъектілерінің (объектілерінің) құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға;
2) мемлекеттік бақылау мен қадағалауды осы Заңда белгіленген тәртіп негізінде және соған қатаң сәйкестікте жүргізуге;
3) егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүргізу кезеңінде бақылау мен қадағалау субъектілері (объектілері) жұмысының белгіленген режиміне кедергі келтірмеуге;
4) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау және жолын кесу бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берілген өкілеттіктерді уақтылы және толық көлемде жүзеге асыруға;
5) мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүргізу кезінде бақылау мен қадағалау субъектісінің (объектісінің) не оның уәкілетті өкілінің қатысуына, мемлекеттік бақылау мен қадағалау нысанасына қатысты мәселелер бойынша түсіндірмелер беруіне кедергі келтірмеуге;
6) бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) мемлекеттік бақылау мен қадағалау нысанасына жататын қажетті ақпаратты беруге;
7) бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындыны, тексеру нәтижелері туралы актіні, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы табыс етуге;
8) мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүргізу нәтижесінде алынған құжаттар мен мәліметтердің сақталуын және құпиялылығын қамтамасыз етуге міндетті.
Ескерту. 7-8-бапен толықтырылды – ҚР 07.07.2026 № 336-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.7-9-бап. Бақылау мен қадағалау субъектісінің (объектісінің) не оның уәкілетті адамының мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру кезіндегі құқықтары мен міндеттері
1. Бақылау мен қадағалау субъектілері (объектілері) не олардың уәкілетті адамдары мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүзеге асырылған кезде:
1) бақылау және қадағалау органының тексеру жүргізу үшін келген лауазымды адамдарын:
тексеруді жүргізу жиілігі сақталмаған;
тексеруді тағайындау туралы актіде (олар болған кезде мерзімді ұзарту, тоқтата тұру туралы қосымша актілерде) көрсетілген тексеру мерзімдері асып кеткен не өтіп кеткен;
жасалған не дайындалып жатқан қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы арызда немесе хабарда, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзу туралы өзге де жолданымдарда көрсетілген уақыт аралығының шегінен шығатын кезеңде тексеру тағайындалған;
тексеруді және (немесе) тергеп-тексеруді жүргізу тиісті өкілеттіктері жоқ лауазымды адамдарға тапсырылған;
тексеруді тағайындау туралы бір актіде бірнеше бақылау мен қадағалау субъектілері (объектілері) көрсетілген;
тексеру мерзімдері осы Заңда белгіленген мерзімнен асырып ұзартылған;
осы Заңда белгіленген талаптар өрескел бұзылған;
бақылау және қадағалау органының лауазымды адамдары осы Заңның 7-7-бабының 1-тармағында көрсетілген құжаттарды ұсынбаған жағдайларда тексеруге жібермеуге;
2) ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік деңгейін төмендетуге алып келетін, Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы және (немесе) радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы заңнамасының талаптарын бұзу фактілері анықталған жағдайларды қоспағанда, құжаттар мен мәліметтерді, егер олар тексеру нысанасына, сондай-ақ тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілген кезеңге жатпайтын болса, ұсынбауға;
3) тексеруді тағайындау туралы актіге, тексеру нәтижелері туралы актіге, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаға, сондай-ақ бақылау және қадағалау органы лауазымды адамдарының әрекетіне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға;
4) бақылау және қадағалау органының немесе лауазымды адамдардың бақылау мен қадағалау субъектілерінің (объектілерінің) қызметін шектейтін, заңға негізделмеген тыйым салуларын орындамауға;
5) мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру процесін, сондай-ақ бақылау және қадағалау органы лауазымды адамдарының мемлекеттік бақылау мен қадағалау шеңберінде жасайтын жекелеген әрекеттерін бақылау және қадағалау органы лауазымды адамдарының қызметіне кедергі келтірмей, аудио-, фото- және бейнетүсірілім арқылы тіркеп-белгілеуге;
6) үшінші тұлғаларды өз мүдделері мен құқықтарын білдіру, сондай-ақ үшінші тұлғалардың осы тармақтың 5) тармақшасында көзделген әрекеттерді жүзеге асыруы мақсатында мемлекеттік бақылау мен қадағалауға қатысуға тартуға құқылы.
2. Бақылау мен қадағалау субъектілері (объектілері) не олардың уәкілетті адамдары мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүргізілген кезде:
1) бақылау және қадағалау органы лауазымды адамдарының бақылау мен қадағалау субъектісінің (объектісінің) аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге;
2) объектінің қызметтік үй-жайын (жұмыс орнын), байланыс құралдарын және цифрлық жүйелеріне қолжетімділік беруді қоса алғанда, бақылау және қадағалау органының лауазымды адамдарын олардың өз өкілеттіктерін жүзеге асыруы үшін қажетті жағдайлармен қамтамасыз етуге;
3) коммерциялық, салықтық не заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғау жөніндегі талаптарды сақтай отырып, бақылау және қадағалау органының лауазымды адамдарына мемлекеттік бақылау мен қадағалау нысанасына сәйкес құжаттардың (мәліметтердің) көшірмелерін қағаз және электрондық жеткізгіштерде ұсынуға, сондай-ақ автоматтандырылған дерекқорларға (цифрлық жүйелерге) қолжетімділік беруге;
4) тексеруді тағайындау туралы актінің екінші данасына алғаны туралы белгі қоюға;
5) мемлекеттік бақылау мен қадағалау аяқталған күні тексеру нәтижелері туралы актінің екінші данасына алғаны туралы белгі қоюға;
6) анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың екінші данасына алғаны туралы белгі қоюға;
7) егер осы Заңда не Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында өзгеше көзделмесе, тексерілетін құжаттарға мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүргізу кезеңінде өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне жол бермеуге;
8) мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүргізу үшін бақылау мен қадағалау объектісіне келген адамдардың осы объект үшін белгіленген нормативтерге сәйкес зиянды және қауіпті өндірістік әсер ету факторларынан қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;
9) тағайындау туралы актіні алған жағдайда бақылау мен қадағалау субъектісі (объектісі) басшысының не оның уәкілетті адамының тексеруді тексеру тағайындалған мерзімдерде бақылау мен қадағалау объектісі тұрған жерде болуын қамтамасыз етуге міндетті.
Ескерту. 7-9-бапен толықтырылды – ҚР 07.07.2026 № 336-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.7-10-бап. Осы Заңның талаптарын өрескел бұзып жүргізілген тексерулердің жарамсыздығы
1. Егер бақылау және қадағалау органы тексеруді осы Заңда белгіленген, тексеруді ұйымдастыру мен жүргізуге қойылатын талаптарды өрескел бұзып жүргізсе, тексерулер жарамсыз деп танылады.
2. Осы Заңның талаптарын өрескел бұзушылықтарға мыналар жатады:
1) тексеруді жүргізу негіздерінің болмауы;
2) тексеруді тағайындау туралы актінің болмауы;
3) тексеру мерзімдерінің сақталмауы;
4) тексеруді жүргізу кезеңділігінің бұзылуы;
5) бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) тексеруді тағайындау туралы актінің ұсынылмауы;
6) бақылау және қадағалау органының өз құзыретіне кірмейтін мәселелер бойынша тексеру тағайындауы.
Ескерту. 7-10-бапен толықтырылды – ҚР 07.07.2026 № 336-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен. 3-тарау. АТОМ ЭНЕРГИЯСЫН ПАЙДАЛАНУ САЛАСЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТТІ
ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ШАРТТАРЫ МЕН ТӘРТІБІ
8-бап. Атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асырудың жалпы шарттары
1. Атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар:
1) атом энергиясын пайдалану саласындағы тиісті қызмет түріне лицензиясы болуға;
2) атом энергиясы пайдаланылатын объектілермен нысаналы жұмыс істеуді қамтамасыз етуге;
3) атом энергиясы пайдаланылатын объектінің жобалау және пайдалану сипаттамалары мен өлшемдерінің ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау талаптарына және (немесе) ядролық қаруды таратпау режимінің талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етуге;
4) Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасында белгіленген ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік талаптарының орындалуын қамтамасыз ететін ұйымдастырушылық құрылымы және ішкі құжаттарының жүйесі болуға;
5) Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес ядролық материалдарды есепке алу жөніндегі талаптардың орындалуын қамтамасыз ететін ұйымдастырушылық құрылымы және ішкі құжаттарының жүйесі болуға;
6) Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес иондандырушы сәулелену көздерін есепке алу жөніндегі талаптардың орындалуын қамтамасыз ететін ұйымдастырушылық құрылымы және ішкі құжаттарының жүйесі болуға;
7) ядролық материалдарды есепке алу мен бақылауды қамтамасыз етуге және уәкілетті органға олардың бар-жоғы, орын ауыстыруы және орналасқан жері туралы есептер ұсынуға;
8) иондандырушы сәулелену көздерін есепке алу мен бақылауды қамтамасыз етуге және уәкілетті органға олардың бар-жоғы, орын ауыстыруы және орналасқан жері туралы есептер ұсынуға;
9) уәкілетті органға ядролық, радиациялық немесе ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты жүйелердегі, жабдықтардағы, ядролық қондырғының жобалау және пайдалану құжаттамасындағы кез келген көзделіп отырған өзгерістер туралы хабар беруге;
10) уәкілетті органға ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздікке байланысты авариялар мен оқыс оқиғалар туралы хабарлауға;
11) өмірлік циклінің бүкіл кезеңі ішінде ядролық қондырғыны қауіпсіз пайдалану және оған техникалық қызмет көрсету үшін қажетті ұйымдастырушылық, қаржылық, материалдық-техникалық ресурстарына ие болуға және білікті персоналы болуға;
12) ядролық қондырғыны пайдаланудан шығару, көму пунктін жабу, кейіннен кәдеге жарату, радиоактивті қалдықтарды көму, радиациялық авариялардың салдарын жою, адамдардың өмірі мен денсаулығына, жеке және заңды тұлғалардың мүлкіне, сондай-ақ қоршаған ортаға келтірілген зиянды өтеу бойынша жұмыстарды қамтамасыз ету үшін қаржы құралдарын көздеуге;
13) Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасында белгіленген ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік талаптарын сақтауға;
14) атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыру кезінде ядролық және радиациялық қауіпті жұмыстарға жіберілген жұмыскерлердің сәуле алу мөлшерін есепке алу мен талдауды жүргізуге және олардың өтемақы алу құқықтарын іске асыруды қамтамасыз етуге;
15) атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналды даярлауды, біліктілігін сақтауды және уақтылы аттестаттауды жүзеге асыруға міндетті.
2. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерді пайдалануды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың және (немесе) мұндай объектілердің меншік иелерінің атом энергиясы пайдаланылатын объектілерді басқа жеке және заңды тұлғаларға, егер бұл тұлғалардың атом энергиясын пайдалану саласындағы тиісті қызмет түріне лицензиялары болмаса, беруге құқығы жоқ.
3. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар қызметін тоқтатқан кезде қызметті қауіпсіз тоқтату жөніндегі мынадай іс-шараларды орындауға:
1) ядролық материалдарды және (немесе) иондандырушы сәулелену көздерін атом энергиясы пайдаланылатын объектілермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын, олармен жұмыс істеуге тиісті лицензиялары бар жеке және заңды тұлғаларға беруге;
2) радиоактивті қалдықтарды және (немесе) пайдаланылған радионуклидті көздерді сақтау немесе көму пункттеріне беруге;
3) пайдаланылып болған ядролық отынды сақтау немесе көму пункттеріне не атом энергиясы пайдаланылатын объектілермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын, ядролық материалдармен жұмыс істеуге тиісті лицензиялары бар заңды тұлғаларға беруге;
4) қоршаған ортаны қалпына келтіру, аумақтарды рекультивациялау, тоқтатылатын қызметті жүзеге асыру кезінде ластанған жабдықтар мен үй-жайларды активсіздендіру бойынша жұмыстар жүргізуге міндетті.
Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 25.02.2021 № 12-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.12.2022 № 173-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.9-бап. Атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті лицензиялау
1. Атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті лицензиялау осы Заңға және Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Атом энергиясын пайдалану саласында лицензиялар мынадай қызмет түрлеріне беріледі:
1) атом энергиясы пайдаланылатын объектiлердiң өмірлiк циклінің кезеңдерiне байланысты жұмыстарды орындау;
2) ядролық материалдармен жұмыс iстеу;
3) радиоактивтi заттармен, құрамында радиоактивтi заттар бар аспаптармен және қондырғылармен жұмыс iстеу;
4) иондандырушы сәулеленудi генерациялайтын аспаптармен және қондырғылармен жұмыс iстеу;
5) атом энергиясын пайдалану саласында қызметтер көрсету;
6) радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу;
7) ядролық материалдарды, радиоактивті заттарды, иондандырушы сәулеленудің радиоизотоптық көздерін, радиоактивті қалдықтарды транзиттік тасымалдауды қоса алғанда, Қазақстан Республикасы аумағының шегінде тасымалдау;
8) бұрынғы ядролық сынақ полигондары аумақтарындағы және жүргiзілген ядролық сынақтар салдарынан ластанған басқа да аумақтардағы қызмет.
Лицензия мынадай қызмет түрлеріне берілмейді:
1) алып қою деңгейінен төмен ядролық материалдармен жұмыс істеу;
2) алып қою деңгейінен төмен радиоактивтi заттармен, құрамында радиоактивтi заттар бар аспаптармен және қондырғылармен жұмыс iстеу;
3) алып қою деңгейінен төмен, иондандырушы сәулеленудi генерациялайтын аспаптармен және қондырғылармен жұмыс iстеу.
2. Осы баптың 1-тармағы екінші бөлігінің 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7) және 8) тармақшаларында көрсетілген қызмет түрлері үшін лицензия және (немесе) лицензияға қосымша алу өтінішін қарау мерзімі Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес айқындалады.
3. Алып тасталды – ҚР 25.02.2021 № 12-VII (01.01.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.4. Лицензияға қосымшада лицензия берудің ерекше шарттары ретінде аспаптардың, қондырғылардың, материалдардың, заттардың, қалдықтардың түрі көрсетіледі, бұлармен лицензиат мынадай тізбе бойынша жұмыс жүргізеді:
1) ядролық отын және оның компоненттерін дайындайтын қондырғылар;
2) атом энергетикалық станциялары;
3) ядролық (атом) зерттеу реакторлары;
4) термоядролық реакторлар;
5) табиғи уран өндіретін және қайта өңдейтін қондырғылар;
6) активтілігі жоғары радиоактивті қалдықтарды сақтау пункттері;
7) активтілігі орташа радиоактивті қалдықтарды сақтау пункттері;
8) активтілігі төмен радиоактивті қалдықтарды сақтау пункттері;
9) пайдаланылып болған ядролық отынды сақтау пункттері;
10) радионуклидті көздерді сақтау пункттері;
11) активтілігі жоғары радиоактивті қалдықтарды көму пункттері;
12) активтілігі орташа радиоактивті қалдықтарды көму пункттері;
13) активтілігі төмен радиоактивті қалдықтарды көму пункттері;
14) пайдаланылып болған ядролық отынды көму пункттері;
15) пайдаланылған радионуклидті көздерді көму пункттері;
16) изотоптық құрамы көрсетілген ядролық материалдар;
17) радиоактивті заттар;
18) радиофармпрепараттар;
19) нейтрон генераторлары;
20) құрамында уран бар заттар;
21) құрамында торий бар заттар;
22) табиғи уранның қайта өңделген өнімдері;
23) белсенділігі көрсетілген жабық радионуклидті көздер;
24) активтілігі жоғары радиоактивті қалдықтар;
25) активтілігі орташа радиоактивті қалдықтар;
26) активтілігі төмен радиоактивті қалдықтар;
27) радиоизотоптық спектрометрлер, талдағыштар, датчиктер, өлшеуіштер;
28) рентгендік спектрометрлер, талдағыштар, датчиктер, өлшеуіштер;
29) стационарлық радиоизотоптық дефектоскоптар;
30) көшпелі радиоизотоптық дефектоскоптар;
31) стационарлық рентгендік дефектоскоптар;
32) көшпелі рентгендік дефектоскоптар;
33) қол жүгін, багажды, көлікті, материалдарды, заттарды жете тексеруге арналған радиоизотоптық қондырғылар;
34) қол жүгін, багажды, көлікті, материалдарды, заттарды жете тексеруге арналған рентген жабдығы;
35) адамды жеке-дара жете тексеруге арналған рентген жабдығы;
36) энергиясы 10 МэВ дейін электрондарды үдеткіштер;
37) энергиясы 10 МэВ жоғары электрондарды үдеткіштер;
38) энергиясы 2 МэВ/нуклонға дейін иондарды үдеткіштер;
39) энергиясы 2 МэВ/нуклоннан жоғары иондарды үдеткіштер;
40) зарядталған бөлшектерді медициналық үдеткіштер;
41) жалпы мақсаттағы медициналық рентген қондырғылары;
42) медициналық рентгендік дентальдық жабдық;
43) медициналық рентгендік маммографиялық қондырғылар;
44) медициналық рентгендік ангиографиялық жабдық;
45) медициналық компьютерлік рентгендік томографтар;
46) медициналық радиоизотоптық диагностикалық жабдық;
47) медициналық рентгендік терапиялық жабдық;
48) медициналық рентгендік симуляторлар;
49) медициналық гамма-терапиялық қондырғылар.
4-1. Рұқсат және (немесе) рұқсатқа қосымша берілгенге дейін өтініш берушінің біліктілік немесе рұқсат талаптарына сай келуін тексеру кезінде құжаттардың түпнұсқасының болмауы рұқсат және (немесе) рұқсатқа қосымша беруден бас тарту үшін негіз болып табылады.
5. Атом энергиясын пайдалану саласындағы қызмет түрлеріне лицензиялардың қолданылуы мынадай жағдайларда:
1) радиациялық авариялар және (немесе) оқыс оқиғалар кезінде;
2) тексерулер нәтижесінде анықталған ядролық және (немесе) радиациялық және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік, ядролық материалдарды, иондандырушы сәулелену көздерін есепке алу талаптары бұзылған кезде;
3) лицензия алу кезінде лицензиат ұсынған материалдарда анық емес мәліметтер анықталған кезде;
4) Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылықты жою туралы нұсқамалар белгіленген мерзімдерде орындалмаған кезде алты айдан аспайтын мерзімге тоқтатыла тұруы мүмкін.
6. Лицензияның қолданылуы тоқтатыла тұрған кезде лицензиат ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді жалғастырады.
7. Лицензияны тоқтата тұру немесе одан айыру Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 25.02.2021 № 12-VII (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.10-бап. Қондырғылардың радиациялық қауіптілік санаттары
1. Ядролық, радиациялық, электрофизикалық қондырғылар мынадай төрт радиациялық қауіптілік санатына бөлінеді:
1) 1-санат – авария кезінде олардың санитариялық-қорғау аймағының шегінен тысқары жерде халыққа радиациялық әсері болуы мүмкін қондырғылар;
2) 2-санат – авария кезінде радиациялық әсер олардың санитариялық-қорғау аймағының аумағымен шектелетін қондырғылар;
3) 3-санат – радиациялық әсері оларды орналастыру алаңымен шектелетін қондырғылар;
4) 4-санат – радиациялық әсері атом энергиясын пайдалана отырып қызметті жүзеге асыруға байланысты жұмыстар жүргізілетін үй-жайлармен немесе жұмыс орнымен ғана шектелетін қондырғылар.
2. Ядролық, радиациялық, электрофизикалық қондырғылардың радиациялық қауіптілік санаттарын атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын және (немесе) қондырғылардың меншік иелері болып табылатын жеке және заңды тұлғалар радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға және Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес айқындайды.
3. Заңды тұлғалар ғана радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттардағы ядролық қондырғылардың, радиациялық қондырғылардың меншік иелері бола алады.
Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 25.02.2021 № 12-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.11-бап. Радионуклидті көздердің қауіптілік санаттары
1. Радиациялық қорғануды оңтайландыру және ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында радионуклидті көздер адамға қауіпті әсер туғызатын шекті белсенділікке көздің белсенділігінің қатысымен айқындалатын бес қауіптілік санатына бөлінеді:
1) 1-санат – белсенділігі шекті белсенділікке қатысты 1000-нан астам мәнге ие көздер;
2) 2-санат – белсенділігі шекті белсенділікке қатысты 10-нан 1000-ға дейінгі мәнге ие көздер;
3) 3-санат – белсенділігі шекті белсенділікке қатысты 1-ден 10-ға дейінгі мәнге ие көздер;
4) 4-санат – белсенділігі шекті белсенділікке қатысты 0,01-ден 1-ге дейінгі мәнге ие көздер;
5) 5-санат – белсенділігі алып қою деңгейінен жоғары мәнге ие және белсенділігі шекті белсенділікке қатысты 0,01-ден кем мәнге ие көздер.
2. Әртүрлі радиоизотоптар үшін шекті белсенділік шамасының мәндерін уәкілетті орган белгілейді.
12-бап. Ядролық қондырғылар мен көму пункттерін салу
1. Ядролық қондырғыларды және көму пункттерін салу және салу ауданы туралы шешімді аумағында қондырғыны немесе көму пунктін салу жоспарланатын жергілікті өкілді органдардың келісімімен Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) елдің және оның жекелеген өңірлерінің шаруашылық міндеттерін шешу үшін оларға деген қажеттіліктерді;
2) Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасының талаптарына сай келетін көрсетілген объектілерді орналастыру үшін қажетті жағдайлардың болуын;
3) жақын орналасқан азаматтық және әскери объектілер тарапынан көрсетілген объектілерге қауіпсіздік қатерінің жоқ екендігін;
4) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында белгіленген талаптарды;
5) көрсетілген объектілерді орналастырудың өңірдің өнеркәсіптік, ауыл шаруашылық және әлеуметтік дамуына ықтимал әлеуметтік және экономикалық салдарын ескере отырып, қабылдайды.
2. Салу және салу ауданы туралы шешім қабылданғаннан кейін ядролық қондырғыны немесе көму пунктін орналастыру алаңын таңдау жұмыстары жүргізіледі.
3. Ядролық қондырғыны немесе көму пунктін орналастыру алаңы:
1) табиғи және (немесе) техногендік сипаттағы ықтимал сыртқы әсерлер;
2) радиоактивті заттардың ықтимал көшірілуі;
3) ядролық қондырғыны немесе көму пунктін пайдалану нәтижесінде немесе оқыс оқиғалардың немесе авариялардың туындауы салдарынан халыққа және қоршаған ортаға келтірілетін нұқсанды болғызбау мүмкіндігі ескеріле отырып, айқындалуға тиіс.
4. Ядролық қондырғыны немесе көму пунктін жобалау, салу және пайдалануға беру осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Ядролық қондырғыларды және көму пункттерін салудың, реконструкциялаудың, пайдаланудан шығарудың жобалау құжаттары міндетті түрде экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық сараптамалардан өткізіледі.
6. Ядролық қондырғыларды және көму пункттерін салуға заңды тұлғаларға ғана рұқсат етіледі.
7. Ұлттық қауіпсіздікке қатер төнген жағдайларда, Қазақстан Республикасының Үкіметі ядролық қондырғыны немесе көму пунктін салуды тоқтату туралы шешім қабылдауға құқылы.
8. АЭС жобалауды, салуды, пайдалануды және пайдаланудан шығаруды АЭС ұлттық операторы және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы тікелей немесе жанама түрде АЭС ұлттық операторына тиесілі заңды тұлғалар ғана жүзеге асырады.
Ескерту. 12-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 25.02.2021 № 12-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.07.2026 № 336-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.12-1-бап. АЭС ұлттық операторы
1. АЭС ұлттық операторы:
1) АЭС жобаларын іске асырады;
2) АЭС объектілерінде ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді;
3) АЭС ұлттық операторының және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы тікелей немесе жанама түрде АЭС ұлттық операторына тиесілі заңды тұлғалардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларына сәйкес атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы жобаларды іске асыру үшін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүргізуді ұйымдастырады және қамтамасыз етеді;
4) АЭС персоналын даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін жетілдіріп отыруды ұйымдастыруға қатысады;
5) АЭС жобаларын іске асыру үшін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді берушілердің тізілімін қалыптастыруға қатысады;
6) АЭС жобаларын іске асыру шеңберінде тапсырыс беруші ретінде әрекет етеді;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
Ескерту. 12-1-баппен толықтырылды – ҚР 07.07.2026 № 336-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.12-2-бап. АЭС ұлттық операторына бюджеттік кредит берудің ерекшеліктері
1. АЭС ұлттық операторына бюджеттік кредит желісі нысанында бюджеттік кредит беру Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес ақылылық, мерзімділік және қайтарымдылық қағидаттарында мынадай ерекшеліктер ескеріле отырып жүзеге асырылады:
1) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар негізінде жүзеге асырылатын АЭС жобаларын қаржыландыру үшін бюджеттік кредит желісі нысанындағы бюджеттік кредит беру бюджеттік кредитті беру, пайдалану, оған қызмет көрсету және өтеу туралы шешім қабылдау рәсімін қамтитын процесті білдіреді;
2) бюджеттік кредит желісі АЭС жобаларын іске асыру мерзімі кезеңінде қаражаттың траншпен (бөліктермен) бөлінуін білдіреді;
3) бюджеттік кредит желісі мынадай нысандарда беріледі:
ақшалай нысанда – АЭС ұлттық операторына қолма-қол ақшаны бақылау шотына ақша қаражатын аудара отырып, республикалық бюджет қаражатынан бөлінеді;
аккредитивтік нысанда – бюджеттік кредит желісі бойынша берешекті ұлғайту есебіне уәкілетті органмен, мемлекеттік қазынашылықпен келісілген АЭС ұлттық операторының тапсырмасы бойынша, қаражат көзі экспорттық кредит қаражаты болып табылатын кредиттік қаражатты пайдалану шеңберінде төлем міндеттемелерін орындай отырып;
аралас нысанда – қарыз қаражатының бір бөлігі АЭС ұлттық операторының қолма-қол ақшаны бақылау шотына аударылады, ал қалған бөлігі – мемлекеттік қазынашылықтың аккредитивті орындауы арқылы бюджеттік кредит желісі бойынша берешекті ұлғайту есебіне аударылады;
4) бюджеттік кредит желісі осы бапта белгіленген, Қазақстан Республикасы бюджет заңнамасының мынадай:
қарыз алушының міндеттемелерін орындауды бюджеттік кредит желісі бойынша қамтамасыз етудің болуы;
бюджеттік кредит берудің орындылығын айқындау;
қарыз алушының кредит алуға қабілеттілігін бюджеттік кредит желісі бойынша растау;
инвестициялық ұсынысты, техникалық-экономикалық негіздемені және қаржылық-экономикалық негіздемені әзірлеу сияқты жекелеген талаптарын қолданбауға жол беретін ерекшеліктер ескеріле отырып беріледі;
5) жобаны мемлекеттік инвестициялық жобалар портфеліне енгізу Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар негізінде жүзеге асырылады.
Ескерту. 12-2-баппен толықтырылды – ҚР 07.07.2026 № 336-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.12-3-бап. АЭС ұлттық операторының, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы тікелей немесе жанама түрде АЭС ұлттық операторына тиесілі заңды тұлғалардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуы
1. АЭС ұлттық операторының, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы тікелей немесе жанама түрде АЭС ұлттық операторына тиесілі заңды тұлғалардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуы уәкілетті орган бекітетін АЭС ұлттық операторының, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы тікелей немесе жанама түрде АЭС ұлттық операторына тиесілі заңды тұлғалардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
2. АЭС жобаларын іске асыру үшін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді берушілердің тізіліміне енгізілген әлеуетті өнім берушілер арасында "толық бітіріп берілетін" құрылыс бойынша кешенді жұмыстарды сатып алу туралы шарттарды орындау шеңберінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу мынадай қағидаттарға сәйкес жүзеге асырылады:
1) ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздіктің басымдығы;
2) сатып алу үшін пайдаланылатын ақшаны оңтайлы және тиімді жұмсау;
3) өнім берушілердің коммерциялық құпияға құқықтары және (немесе) заңды мүдделері сақтала отырып, сатып алу процесінің ашықтығы және айқындығы;
4) қазақстандық тауар өндірушілерге, сондай-ақ жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің қазақстандық өнім берушілеріне Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға қайшы келмейтін шамада қолдау көрсету;
5) әлеуетті өнім берушілер арасындағы адал бәсекелестік, сатып алуға қатысушылар арасындағы сөз байласуға жол бермеу;
6) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайлардан басқа, әлеуетті өнім берушілерге сатып алуды өткізу рәсіміне қатысу үшін тең мүмкіндіктер беру;
7) сатып алынатын тауарлардағы зияткерлік меншік объектілеріне құқықтардың сақталуы.
Ескерту. 2-тарау 12-3-баппен толықтырылды – ҚР 08.07.2026 № 340-VIII (Атом электр станциялары ұлттық операторының қызметіне қатысты нормалар қолданысқа енгізілген күннен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.13-бап. Ядролық физикалық қауіпсіздік
1. Атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыру кезінде пайдаланушы ұйым ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
2. Ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында атом энергиясы пайдаланылатын объектілерді физикалық қорғау жүзеге асырылады, ол:
1) атом энергиясы пайдаланылатын объектіні ядролық материалдарды рұқсатсыз алып қоюдан, ұрлаудан немесе ядролық қондырғыны заңсыз басып алудан қорғауды;
2) атом энергиясы пайдаланылатын объектілерді диверсиядан қорғауды;
3) атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде болуы ықтимал диверсияның радиологиялық салдарын жеңілдетуді немесе барынша азайтуды қамтамасыз етуге тиіс.
3. Радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттардағы ядролық қондырғыларды күзетуді ішкі істер органдарының мамандандырылған күзет бөлімшелері жүзеге асырады.
14-бап. Ядролық материалдар мен иондандырушы сәулелену көздерiн мемлекеттік есепке алу
1. Ядролық материалдар мен иондандырушы сәулелену көздерi уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен мемлекеттiк есепке алынуға жатады.
2. Ядролық материалдар мен иондандырушы сәулелену көздерін мемлекеттік есепке алу ядролық материалдардың, иондандырушы сәулелену көздерінің қолда бар санын, олармен жұмыс істеу кезінде олардың орын ауыстыруын және орналасқан жерін айқындауды қамтамасыз етеді.
3. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар уәкілетті органға ядролық материалдар мен иондандырушы сәулелену көздерiнің бар-жоғы, орын ауыстыруы және орналасқан жері туралы есептерді ұсынады.
4. Уәкілетті орган иондандырушы сәулелену көздерінің бар-жоғы, орын ауыстыруы және орналасқан жері туралы алынған ақпаратқа талдау мен салыстыруды жүзеге асырады және оны иондандырушы сәулелену көздерінің тізіліміне енгізеді.
15-бап. Атом энергиясын пайдалану саласында экспорт пен импортты жүзеге асыру
1. Ядролық және арнайы ядролық емес материалдардың, жабдықтардың, қондырғылардың, технологиялардың, иондандырушы сәулелену көздерінің, қосарланған мақсаттағы жабдықтардың және тиісті тауарлар мен технологиялардың, оларды шығаруға байланысты жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің экспорты мен импорты уәкілетті органның келісуі бойынша өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы органның біржолғы лицензиясы негізінде жүзеге асырылады.
2. Өнімнің немесе зияткерлік шығармашылық қызмет нәтижелерінің экспортына, егер мұндай өнім немесе зияткерлік шығармашылық қызмет нәтижелері ядролық қаруды немесе оның компоненттерін әзірлеуде, жасауда, сынауда және беруде пайдаланатындығы экспорттаушыға анық белгілі болса, тыйым салынады.
3. Атом энергиясын пайдалану саласында өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау саласындағы нормалар мен талаптарды қамтамасыз ету мақсатында экспорттаушылар Қазақстан Республикасының өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау саласындағы заңнамасына сәйкес өзіндік ерекшелігі бар тауарларды фирмаішілік бақылау жүйелерін құрады.
Ескерту. 15-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 28.12.2022 № 173-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.16-бап. Ядролық материалдарды, радиоактивті заттарды және радиоактивті қалдықтарды тасымалдау
1. Ядролық материалдарды, радиоактивті заттарды және радиоактивті қалдықтарды тасымалдау Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
2. Ядролық материалдарды, радиоактивті заттарды және радиоактивті қалдықтарды тасымалдау көліктік қаптама комплектілерін дайындауға және оларға қызмет көрсетуге, сондай-ақ жүктерді дайындауға, тиеуге, жөнелтуге, транзиттік сақтауды қоса алғанда, тасуға, соңғы межелі пунктте түсіруге және қабылдап алуға байланысты, оның ішінде авариялық жағдайлармен байланысты барлық операциялар мен жағдайларды қамтиды.
3. Жүк жөнелтуші, тасымалдаушы және жүк алушы ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тасымалдауды қауіпсіз орындауға қажетті жағдайларды жасауға міндетті.
4. Ядролық материалдарды, радиоактивті заттарды және радиоактивті қалдықтарды тасымалдау атом энергиясын пайдалану саласындағы тиісті қызмет түріне лицензиясы болған кезде жүзеге асырылады.
5. Ядролық материалдарды, радиоактивті заттарды және радиоактивті қалдықтарды тасымалдау тасуға рұқсат етілген ядролық материалдар, радиоактивті заттар және радиоактивті қалдықтар қаптамасының коды мен типі, тасу шарттары, тіркеу нөмірі мен күні, олардың қолданылу мерзімі көрсетіле отырып, конструкциясын уәкілетті орган бекітетін көліктік қаптама комплектілерінде жүзеге асырылады.
Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 25.02.2021 № 12-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.17-бап. Радиоактивті қалдықтармен және пайдаланылып болған ядролық отынмен жұмыс істеу
1. Қазақстан Республикасының аумағында түзілген радиоактивті қалдықтар ықтимал қауіп төндіруі мүмкін бүкіл уақыт кезеңінде халық пен қоршаған ортаны радиациялық қорғауды қамтамасыз ететіндей түрде көмілуге тиіс.
2. Радиоактивті қалдықтардың түзілуіне алып келетін, атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар оларды барынша азайту шараларын қабылдауға міндетті.
3. Пайдаланылып болған ядролық отынды және радиоактивті қалдықтарды қауіпсіз орналастыру олардың түзілуіне алып келетін қызметтің кез келген түрінің міндетті кезеңі ретінде жобалау және пайдалану құжаттамасында көзделуге тиіс.
4. Пайдаланылып болған ядролық отынмен жұмыс істеуге заңды тұлғалар ғана жіберіледі.
5. Радиоактивті қалдықтармен және пайдаланылып болған ядролық отынмен жұмыс істеу қызметі лицензия негізінде жүзеге асырылады.
6. Радиоактивті қалдықтармен және (немесе) пайдаланылып болған ядролық отынмен жұмыс істеу Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы заңнамасына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге тиіс.
7. Радиоактивті қалдықтармен және пайдаланылып болған ядролық отынмен жұмыс істеу кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптар сақталуға тиіс.
Ескерту. 17-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 25.02.2021 № 12-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.07.2026 № 336-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.18-бап. Бұрынғы ядролық сынақ полигондарының аумақтарындағы және жүргізілген ядролық сынақтар салдарынан ластанған басқа да аумақтардағы қызметті жүзеге асыру
1. Бұрынғы ядролық сынақ полигондарының аумақтарындағы және жүргізілген ядролық сынақтар салдарынан ластанған басқа да аумақтардағы қызмет осы Заңға және Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес лицензиялануға жатады.
2. Бұрынғы ядролық сынақ полигондарының аумақтарында және жүргізілген ядролық сынақтар салдарынан ластанған басқа да аумақтарда осы аумақтардың шекаралары олардың радиоактивті ластануы ескеріле отырып белгіленеді.
3. Осы бапта көрсетілген аумақтарда орналасқан радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу, ядролық мұра объектілерін оңалту ерекшеліктері Қазақстан Республикасының радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы заңнамасында және Қазақстан Республикасының Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы заңнамасында айқындалады.
Ескерту. 18-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 07.07.2026 № 336-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.19-бап. Құрамында алып қою деңгейлерінен жоғары табиғи радионуклидтер бар материалдардың пайдаланылуын бақылау
1. Атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметке жатпайтын өндірістік қызметте пайдаланылатын материалдардың құрамында алып қою деңгейлерінен жоғары табиғи радионуклидтердің болуына байланысты жұмыскерлер мен тұрғындардың сәуле алуы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган бекіткен гигиеналық нормативтерден аспауға тиіс.
2. Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары жұмыскерлер мен тұрғындарды құрамында алып қою деңгейлерінен жоғары табиғи радионуклидтер бар материалдардан нормативтен тыс сәуле алудан қорғау мақсатында радиациялық бақылауды жүзеге асырады.
20-бап. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналдың біліктілігі
1. Ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздікті, авариялық әзірлікті қамтамасыз ету және ядролық және (немесе) радиациялық аварияларға ден қою үшін атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналдың тиісті біліктілігі болуға тиіс.
2. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персонал мынадай санаттарға бөлінеді:
1) мамандар – жоғары буын басшыларын, аға басшыларды (бөлімдер мен секторлардың бастықтарын); кіші буын басшыларын (аға операторларды, техникалық қызмет көрсету және техникалық қолдау топтарының бастықтарын және олардың орынбасарларын) қамтитын персонал; қызметі атом энергиясы пайдаланылатын объектіні пайдалануға байланысты инженерлік және (немесе) ғылыми персонал;
2) техниктер – бақылау-өлшеу аппаратурасының техниктерін, радиациялық бақылау техниктерін, химиялық зертхана техниктерін, техник-механиктерді, техник-электриктерді және электрондық аппаратура техниктерін қамтитын персонал, сондай-ақ ядролық қондырғыны пайдалануға байланысты жұмыстармен тікелей айналысатын өзге де мамандандырылған персонал;
3) жұмысшылар – дәнекерлеушілерді, слесарьларды, механиктерді, электриктерді, механизмдер операторларын қамтитын персонал және басқа да білікті жұмысшы персонал.
3. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персонал уәкілетті орган бекіткен біліктілік талаптарына сай болуға тиіс.
4. Атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың атом энергиясы пайдаланылатын объектілердегі еңбек қызметіне біліктілік талаптарына сай келмейтін және (немесе) мәлімделген жұмыс түріне медициналық қарсы көрсетілімдері бар жұмыскерлерді жіберуіне тыйым салынады.
5. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналдың тиісті кәсіби деңгейін қолдау және білімі мен дағдыларын арттырудағы қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар уәкілетті орган айқындаған тәртіппен персоналдың біліктілігін арттыруды қамтамасыз етеді.
21-бап. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналды аттестаттау
1. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персонал біліктілігі мен кәсіптік даярлығы деңгейінің атқаратын лауазымына сәйкес келуіне уәкілетті орган айқындаған тәртіппен аттестаттаудан өтеді.
2. Персоналды аттестаттау ядролық, радиациялық, ядролық физикалық қауіпсіздік нормалары мен талаптарын білуін тексеру, сондай-ақ еңбек міндеттерін атқару кезінде шешімдер қабылдау қабілетін айқындау мақсатында жүргізіледі.
3. Уәкілетті орган:
1) атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыру кезінде қондырғыны тікелей басқару, ядролық, радиациялық, ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету лауазымдық міндеттеріне кіретін мамандарды;
2) ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді бақылау, ядролық материалдарды, иондандырушы сәулелену көздерін, радиоактивті қалдықтарды есепке алу және бақылау лауазымдық міндеттеріне кіретін ядролық қондырғы персоналын;
3) радиациялық қауіпсіздікті бақылау, иондандырушы сәулелену көздерін есепке алу және бақылау лауазымдық міндеттеріне кіретін радиациялық, электрофизикалық қондырғы персоналын аттестаттауды өткізеді.
Өзге персоналды атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналды аттестаттау қағидаларына сәйкес аттестаттайды.
4. Персоналды аттестаттау мынадай түрлерге бөлінеді:
1) бастапқы аттестаттау;
2) мерзімді аттестаттау;
3) кезектен тыс аттестаттау;
4) қайта аттестаттау.
5. Персоналды бастапқы аттестаттау жұмыскер лауазымға тағайындалғаннан кейін бір ай ішінде жүргізіледі. Мерзімді аттестаттау үш жылда бір рет өткізіледі. Кезектен тыс аттестаттау мынадай жағдайларда:
1) атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде оқыс оқиғалар туындағанда – олардың туындауына жол берген адамдарға қатысты;
2) бақылау және қадағалау органының тексерулері, тергеп-тексерулері және қашықтан бақылауы нәтижесінде анықталған ядролық және (немесе) радиациялық және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік, ядролық материалдарды, иондандырушы сәулелену көздерін есепке алу талаптары бұзылғанда – бұзушылыққа жол берген адамдарға қатысты;
3) атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғаның шешімі бойынша тағайындалады.
Қайта аттестаттау бастапқы немесе мерзімді немесе кезектен тыс аттестаттау қорытындысы бойынша теріс нәтиже алынған жағдайда тағайындалады.
6. Жұмыскер бастапқы немесе мерзімді немесе кезектен тыс аттестаттау нәтижелері бойынша теріс қорытынды алған жағдайда, ол Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес қайта аттестаттау нәтижелерін алғанға дейін жұмысынан шеттетіледі.
Қайта аттестаттау қорытындысы бойынша біліктілігінің және кәсіптік даярлығының жеткіліксіздігі салдарынан атқаратын лауазымына немесе орындайтын жұмысына сәйкес келмейтіні туралы теріс қорытынды алған жұмыскермен еңбек шарты Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес тоқтатылады.
Ескерту. 21-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 25.02.2021 № 12-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.07.2026 № 336-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.22-бап. Қондырғыларды пайдаланудан шығару, ядролық немесе радиациялық қондырғыны пайдаланудан мерзімінен бұрын шығару және көму пункттерін жабу
1. Пайдаланушы ұйым ядролық қондырғыны немесе көму пунктін жобалау сатысында ядролық қондырғыны пайдаланудан шығарудың немесе көму пунктін жабудың алдын ала жоспарын Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес әзірлейді.
2. Пайдаланудан шығарудың алдын ала жоспары ядролық қондырғыны пайдаланудан шығару немесе көму пунктін жабу кезеңдерінің, негізгі конструкцияларды бөлшектеу әдістерінің, жұмыстардың құнын бағалау мен оларды орындау мерзімдерінің, қажетті ресурстардың сипатын, ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шараларды, ядролық қондырғыны пайдаланудан шығарғаннан кейін немесе көму пунктін жапқаннан кейін оларды орналастыру алаңының негізгі нормалары мен сипаттамаларын қамтиды.
3. Ядролық қондырғыны немесе көму пунктін пайдалану кезінде пайдаланудан шығарудың алдын ала жоспары жаңа техникалық және технологиялық әзірлемелер, ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік талаптарының өзгерістері, жұмыстардың құны мен талап етілетін ресурстар ескеріле отырып, қайта қаралуға және жаңғыртылуға жатады.
4. Ядролық қондырғыны пайдаланудан шығару немесе көму пунктін жабу туралы шешім қабылдау кезінде пайдаланушы ұйым сол уақытта қолда бар технологияларды, әдістемелерді, экономикалық көрсеткіштерді, Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасының талаптарын ескере отырып, пайдаланудан шығарудың түпкілікті жоспарын жасайды. Пайдаланудан шығарудың түпкілікті жоспары ядролық қондырғыны пайдаланудан шығару немесе көму пунктін жабу жөніндегі жұмыстарды жобалау және жүргізу үшін негіз болып табылады.
5. Пайдаланушы ұйым қондырғыны пайдалануды тоқтату туралы шешімді өмірлік циклдің кез келген кезеңінде дербес қабылдайды. Бұл ретте пайдаланушы ұйым қабылданған шешім, пайдаланудан шығару жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру басталатын күн мен оның мерзімдері туралы уәкілетті органды хабардар етеді. Пайдаланушы ұйым пайдаланудан шығару жоспары бойынша жұмыстардың толық көлемде орындалуын қамтамасыз етеді.
6. Ядролық қондырғыны пайдаланудан мерзімінен бұрын шығару туралы шешімді ядролық және (немесе) радиациялық аварияға алып келген немесе алып келуі мүмкін, ядролық қондырғыны қауіпсіз пайдалану талаптары бұзылған жағдайда және пайдаланушы ұйымның ядролық қондырғыны одан әрі қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуге негізделген мүмкіндігі болмаған жағдайда, уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
7. Көму пунктін жабу туралы шешімді оны жабу жөніндегі іс-шаралар аяқталған кезде уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды. Уәкілетті органның ұсынуы:
1) көму пунктін пайдалану салдарынан ластанған аумақты рекультивациялауды;
2) көму пункті орналасқан алаңдағы радиациялық ахуалды бақылап өлшеуді жүргізуді;
3) көму пунктінің заттарын, материалдарын, конструкциясын, көму пункті орналасқан алаңның геотектоникалық, геологиялық және геофизикалық сипаттамаларын толық сипаттай отырып, құжаттама топтамасын архивке беру үшін ресімдеуді қамтитын, пайдаланушы ұйым орындаған көму пунктін жабу жөніндегі іс-шараларға негізделеді.
Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 07.07.2026 № 336-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.23-бап. Авариялық әзірлік және ден қою
1. Ядролық және радиациялық аварияларға ден қоюдың ұлттық жоспары:
1) ядролық немесе радиациялық аварияның әсер ету факторлары авариялық ядролық, радиациялық немесе электрофизикалық қондырғы орналасқан алаңның шегінен тысқары шыққан немесе олардың шығу қатері болған жағдайда;
2) әсері немесе әсер ету қатері Қазақстан Республикасының аумағына таралатын, басқа мемлекеттің аумағында орын алған трансшекаралық ядролық немесе радиациялық авариялар кезінде уәкілетті органның шешімімен қолданысқа енгізіледі.
2. Ядролық және радиациялық аварияларға ден қоюдың ұлттық жоспары:
1) Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органдарының, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың ядролық немесе радиациялық авария жағдайындағы құқықтары мен міндеттерін;
2) ядролық және радиациялық аварияларға әзірлік және ден қою жөніндегі әрекеттер мен іс-шараларды басқару тәртібін;
3) ядролық немесе радиациялық авария жағдайында және оның салдарын жою жағдайында ұйымдар мен мемлекеттік органдардың әрекеттерін үйлестіруді айқындайды.
3. Уәкілетті орган тиісті ядролық немесе радиациялық авария туралы ақпаратты алған кезде ол жөнінде, сондай-ақ ядролық және радиациялық аварияларға ден қоюдың ұлттық жоспарын қолданысқа енгізу туралы азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органға дереу хабарлайды.
4. Пайдаланушы ұйымдар аварияларға қарсы іс-шаралар жоспарларын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әзірлейді және бекітеді. Аварияларға қарсы іс-шаралар жоспарларында оқыс оқиғалар кезінде және авариялар мен олардың салдарын жою кезінде ядролық, радиациялық немесе электрофизикалық қондырғының радиациялық қауіптілік санатына сәйкес персоналға, тұрғындарға және қоршаған ортаға ықтимал әсерді барынша азайту жөніндегі әрекеттер тәртібі мен іс-шаралар көзделеді.
5. Пайдаланушы ұйымдар атом энергиясы пайдаланылатын объектілермен жұмыс істеудің барлық кезеңінде авариялық әзірлік және ден қою жөніндегі іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етеді.
6. Атом энергиясын пайдалану саласында трансшекаралық авариялар немесе оқыс оқиғалар туындаған жағдайда, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес уәкілетті орган азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп, құлақтандыру және ден қою жөніндегі шараларды қабылдайды.
4-тарау. Ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасы. Ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасын жүзеге асыратын ұйымдарды аккредиттеу
Ескерту. 4-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР 25.02.2021 № 12-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
24-бап. Ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасы
1. Ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасы радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттардағы ядролық қондырғылардың, радиациялық қондырғылардың қауіпсіздігін олар ықтимал қауіп төндіруі мүмкін бүкіл уақыт кезеңіне тәуелсіз бағалауды жүзеге асыру мақсатында жүргізіледі.
2. Ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасы ядролық, радиациялық және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты жүйелерде, жабдықтарда, ядролық және радиациялық қондырғылардың жобалау және пайдалану құжаттамасында өзгерістер болған кезде қайта жүргізіледі.
Пайдаланушы ұйым уәкілетті органды және ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасын бұрын жүргізген сараптама ұйымын ядролық және радиациялық қондырғының жобалау және пайдалану құжаттамасын ұсына отырып, жоспарланып отырған өзгерістер туралы бір мезгілде жазбаша хабардар етеді.
3. Ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасын осы қызмет түрін жүзеге асыруға уәкілетті органда аккредиттелген ұйымдар жүргізеді. Бұл ретте пайдаланушы ұйымның лауазымды адамдарымен жақын туыстық немесе жекжаттық қарым-қатынаста тұрған адам, сондай-ақ пайдаланушы ұйыммен еңбек қатынастарында немесе өзге де шарттық қатынастарда тұрған жеке тұлғалар сарапшы бола алмайды.
4. Ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасына құжаттарды пайдаланушы ұйым ұсынады.
5. Ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасын жүргізу нәтижелері бойынша сараптама объектісін іске асыру жөнінде шешім қабылдауға жол беру мен ықтималдық туралы қорытынды беріледі.
6. Сараптаманың теріс қорытындысын алу сараптама қорытындысында көрсетілген барлық ескертулерді жойған пайдаланушы ұйымды сараптама жүргізу үшін қайта өтініш беру құқығынан айырмайды.
7. Ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасын қаржыландыру пайдаланушы ұйымның қаражаты немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да көздер есебінен жүзеге асырылады.
Ескерту. 24-бап жаңа редакцияда – ҚР 25.02.2021 № 12-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.25-бап. Ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасының объектілері
Ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасына мыналар жатады:
1) радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттардағы ядролық қондырғыларды, радиациялық қондырғыларды орналастыру және салу алаңдарын таңдау жөніндегі жобалау құжаттамасы;
2) радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттардағы ядролық қондырғылардың, радиациялық қондырғылардың жобалау және пайдалану құжаттамасы;
3) радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттардағы ядролық қондырғыларды, радиациялық қондырғыларды техникалық жаңғыртуға арналған жобалау құжаттамасы;
4) радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттардағы ядролық қондырғыларды, радиациялық қондырғыларды пайдаланудан шығару жөніндегі жобалау және пайдалану құжаттамасы.
Ескерту. 25-бап жаңа редакцияда – ҚР 25.02.2021 № 12-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.25-1-бап. Атом энергиясын пайдалану саласындағы ғылыми-техникалық қолдау ұйымдары
1. Атом саласын дамытуды ғылыми-техникалық қолдауды және атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік реттеуді қамтамасыз ету, сондай-ақ Қазақстан Республикасында ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында ғылыми-техникалық қолдау жүйесі қалыптастырылады.
2. Ғылыми-техникалық қолдау жүйесі:
атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік реттеу мақсаттары үшін ғылыми-техникалық қолдау;
атом саласын дамыту үшін ғылыми-техникалық қолдау бағыттары бойынша қалыптастырылады.
3. Атом энергиясын пайдалану саласындағы ғылыми-техникалық қолдау ұйымын (бұдан әрі – ғылыми-техникалық қолдау ұйымы):
атом саласын дамыту мақсаттары үшін – уәкілетті орган;
атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік реттеу мақсаттары үшін – бақылау және қадағалау органы айқындайды.
Ғылыми-техникалық қолдау ұйымдарын айқындау тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
4. Ғылыми-техникалық қолдау ұйымы атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік реттеу мақсаттары үшін:
мемлекеттік бақылау мен қадағалау жөніндегі қызметті ғылыми-техникалық қолдауды жүзеге асырады;
қауіпсіздікті негіздеу жөніндегі есептерді, жобалау және пайдалану құжаттамасын, есептеулер мен талдаулардың нәтижелерін, сондай-ақ рұқсат беру рәсімдері мен бақылау іс-шаралары шеңберінде ұсынылатын өзге де материалдарды қоса алғанда, атом энергиясын пайдалану объектілерінің қауіпсіздігін негіздейтін құжаттарды талдауды және бағалауды (бұдан әрі ˗ қауіпсіздік жөніндегі құжаттарды бағалау) жүргізеді;
бақылау және қадағалау органының бақылау іс-шараларына консультанттар мен сарапшылар ретінде қатысуға тартылады;
ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындайды;
халықаралық ұйымдармен және ғылыми-техникалық қолдау ұйымдарымен өзара ic-қимыл жасауды жүзеге асырады;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік бөлігінде нормативтік құқықтық және нормативтік-техникалық базаны әзірлеуге қатысады;
атом энергиясын пайдалану объектілеріне қатысты ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасын жүзеге асырады;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды орындайды.
5. Бақылау және қадағалау органы:
қауіпсіздік жөніндегі құжаттарды бағалауды жүргізуге арналған тапсырмаларды қалыптастырады және береді;
қауіпсіздік жөніндегі құжаттарды бағалау нәтижелерін қабылдау туралы не оны пысықтау қажеттігі туралы шешімдер қабылдайды.
6. Рұқсат беру рәсімдері шеңберінде жүргізілетін қауіпсіздік жөніндегі құжаттарды бағалау өтініш берушінің қаражаты есебінен қаржыландырылады.
7. Ғылыми-техникалық қолдау ұйымы атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік реттеу мақсаттары үшін мүдделер қақтығыстарын болғызбау, анықтау және реттеу жөнінде шаралар қабылдауға, сондай-ақ олардың туындау фактілері туралы бақылау және қадағалау органын хабардар етуге міндетті.
8. Ғылыми-техникалық қолдау ұйымы атом саласын дамыту мақсаттары үшін:
мемлекеттік саясатты сараптамалық-талдамалық сүйемелдеуді жүзеге асырады;
АЭС салуды қоса алғанда, атом энергиясын пайдалану саласындағы жобаларды сүйемелдеуге қатысады;
технологияларды, жобалық шешімдерді талдауды жүргізеді және қорытындылар дайындайды;
халықаралық сарапшылармен өзара іс-қимыл жасауды қоса алғанда, жобаларды ғылыми-техникалық сүйемелдеуді жүзеге асырады;
ұлттық құзыреттерді дамытуға, өндірісті оқшаулауға және отандық ұйымдарды тартуға жәрдемдеседі;
АЭС жобаларын іске асыру үшін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді берушілердің тізіліміне енгізу үшін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді әлеуетті берушілердің өтінімдерін қарау қорытындылары бойынша өтеулі негізде ұсынымдар береді;
қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жататын, мемлекеттік реттеу шеңберінде белгіленетін талаптарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес нормативтік құқықтық және нормативтік-техникалық базаны әзірлеуге қатысады;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды орындайды.
9. Атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік реттеу мақсаттары үшін ғылыми-техникалық қолдау ұйымдарының қызметін қаржыландыру:
қауіпсіздік жөніндегі құжаттарды бағалауды жүргізуден алынатын қаражат;
атом энергиясын пайдалану саласында жұмыстар орындағаны және қызметтер көрсеткені үшін алынатын қаражат;
ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындау;
халықаралық бағдарламалар мен жобалар;
Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.
10. Атом саласын дамыту мақсаттары үшін ғылыми-техникалық қолдау ұйымдарының қызметін қаржыландыру:
атом энергиясын пайдалану саласында жұмыстар орындағаны және қызметтер көрсеткені және олармен байланысты ғылыми, техникалық және өндірістік қызметтің өзге де бағыттары үшін алынатын қаражат;
АЭС жобаларын іске асыру үшін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді берушілердің тізіліміне енгізу мақсатында тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді әлеуетті берушілердің өтінімдерін қарау қорытындылары бойынша ұсынымдар дайындау шеңберінде алынатын қаражат;
қарыз және нысаналы қаржыландыру;
Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.
11. Мүдделер қақтығысын болғызбау мақсатында бір ұйым шеңберінде атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік реттеу және атом саласын дамыту мақсаттары үшін ғылыми-техникалық қолдау функцияларын қоса атқаруға жол берілмейді.
12. Уәкілетті орган мен бақылау және қадағалау органы, құзыреттерді дамытуды және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауды қоса алғанда, ғылыми-техникалық қолдау жүйесін дамытуды және оның орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
Ескерту. 25-1-баппен толықтырылды – ҚР 07.07.2026 № 336-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.26-бап. Ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасын жүзеге асыратын ұйымдарды аккредиттеу
Ескерту. 26-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді – ҚР 25.02.2021 № 12-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
1. Уәкілетті орган ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасын жүзеге асыратын ұйымдарды аккредиттеуден өткізеді.
2. Аккредиттеу жүргізудің нәтижелері бойынша аккредиттеу туралы куәлік беріледі. Аккредиттеу туралы куәліктің қолданылу мерзімі үш жылды құрайды. Аккредиттеу туралы куәлік аккредиттеу саласын, аккредиттеу саласындағы жұмыс түрлерін, қолданылатын есеп-қисап әдістемелері мен бағдарламалық-техникалық құралдарды қамтиды.
3. Ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасын жүзеге асыратын ұйымның:
1) аккредиттеу саласында немесе аккредиттеу саласымен тікелей байланысты қызметте кемінде бес жыл практикалық жұмыс тәжірибесі;
2) аккредиттеудің тиісті саласындағы жұмыстардың орындалуын қамтамасыз етуге қабілетті білікті персоналы;
3) мәлімделген жұмыс түрлерін орындау үшін бағдарламалық-техникалық құралдары және (немесе) есеп-қисап әдістемелері болуға тиіс.
4. Аккредиттеу туралы құжаттарды қарауды уәкілетті орган олар келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
5. Мыналар:
1) ұсынылған құжаттарда анық емес ақпараттың болуы;
2) ұсынылған құжаттардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;
3) өтініш берушінің персоналы біліктілігінің мәлімделген аккредиттеу саласына сәйкес келмеуі;
4) есеп-қисап әдістемелері мен бағдарламалық құралдарының мәлімделген аккредиттеу саласына сәйкес келмеуі;
5) мәлімделген қызмет түрімен айналысуға тыйым салу туралы сот шешімінің болуы өтініш берушіні аккредиттеуден бас тартуға негіз болып табылады.
Аккредиттеуден бас тарту туралы шешімге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
6. Аккредиттелген ұйымдар:
1) уәкілетті органның сұрау салуы бойынша аккредиттеу саласындағы қызметті жүзеге асыруға байланысты құжаттаманы ұсынуға;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыстарды орындау барысында алынған құпия ақпаратты жария етпеуге міндетті.
7. Уәкілетті орган ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасын жүзеге асыратын аккредиттелген ұйымдардың тізілімін жүргізеді.
8. Алып тасталды – ҚР 25.02.2021 № 12-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.Ескерту. 26-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 25.02.2021 № 12-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
4-1-тарау. Келтірілген ядролық нұқсан үшін ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының азаматтық-құқықтық жауаптылығы және оны қаржылық қамтамасыз ету
Ескерту. Заң 4-1-тараумен толықтырылды – ҚР 14.05.2020 № 329-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
26-1-бап. Келтірілген ядролық нұқсан үшін ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының азаматтық-құқықтық жауаптылығы
1. Осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, ядролық қондырғы операторы немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторы кінәсіна қарамастан, келтірілген ядролық нұқсан үшін азаматтық-құқықтық жауаптылықта болады.
2. Ядролық қондырғы операторы немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторы келтірілген ядролық нұқсан оператордың ядролық қондырғысы беретін және (немесе) онда шығарылған ядролық материалмен байланысты және өзге ядролық қондырғы операторы Қазақстан Республикасының заңнамасына және (немесе) олардың арасында жасалған шарттың талаптарына сәйкес ядролық материал үшін жауаптылықты өзіне қабылдаған кезге дейін болған ядролық оқыс оқиғадан туындады деген дәлелдемелер негізінде осындай нұқсан үшін азаматтық-құқықтық жауаптылықта болады.
Ядролық оқыс оқиға ядролық нұқсан үшін жауаптылық мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың тарапы болып табылмайтын мемлекет аумағының шегіндегі шетелдік заңды тұлғаға берілетін ядролық материалмен байланысты болған жағдайда, ядролық қондырғы операторы немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторы ядролық материал оны болатын мемлекеттің аумағына жеткізген көлік құралынан түсірілгенге дейін азаматтық-құқықтық жауаптылықта болады.
Ядролық оқыс оқиға ядролық нұқсан үшін жауаптылық мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың тарапы болып табылмайтын мемлекет аумағының шегіндегі шетелдік заңды тұлғадан ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының келісуі бойынша берілетін ядролық материалмен байланысты болған жағдайда, ядролық қондырғы операторы немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторы ядролық материал әкетілетін мемлекеттің аумағынан көлік құралына тиелгеннен кейін азаматтық-құқықтық жауаптылықта болады.
3. Осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының азаматтық-құқықтық жауаптылығы келтірілген ядролық нұқсанға оның келтірілген жеріне қарамастан қолданылады.
4. Егер келтірілген ядролық нұқсанмен қатар, ядролық оқыс оқиғамен келтірілген залалдардан ажырату мүмкін болмайтын өзге де залалдар болса, онда мұндай залалдар ядролық нұқсан деп танылады және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының өтеуіне жатады.
26-2-бап. Келтірілген ядролық нұқсан үшін ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының азаматтық-құқықтық жауаптылық шегі
1. Келтірілген ядролық нұқсан үшін ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының бір ядролық оқыс оқиғаға азаматтық-құқықтық жауаптылық шегі:
1) радиациялық қауіптіліктің бірінші санатына жатқызылатын ядролық қондырғылар үшін бір жүз елу миллион арнайы қарыз алу құқықтарын;
2) радиациялық қауіптіліктің екінші және үшінші санаттарына жатқызылатын ядролық қондырғылар үшін бес миллион арнайы қарыз алу құқықтарын құрайды.
2. Ядролық қондырғылардың, ядролық материалдардың, радиоактивті қалдықтардың типін, құрамын, қуатын және басқа да техникалық өлшемдерін, сондай-ақ олардың санын ескере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі радиациялық қауіптілігі бірінші санаттағы ядролық қондырғының операторына келтірілген ядролық нұқсан үшін азаматтық-құқықтық жауаптылықтың өзгеше шегін, бірақ бес миллион арнайы қарыз алу құқықтарына балама шектен төмен емес шекті айқындауға құқылы.
26-3-бап. Келтірілген ядролық нұқсан үшін ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының азаматтық-құқықтық жауаптылығын қаржылық қамтамасыз ету
1. Уәкілетті органның қарамағындағы ядролық қондырғыларды қоспағанда, ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының осы Заңның 26-2-бабында белгіленген азаматтық-құқықтық жауаптылық шегінде қаржылық қамтамасыз етуі болуға міндетті.
Бір алаң шегінде орналастырылған бірнеше ядролық қондырғыларға қатысты ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының азаматтық-құқықтық жауаптылығы ядролық қондырғылардың радиациялық қауіптілігінің неғұрлым жоғары санаты негізге алына отырып, мөлшері бір ядролық қондырғы үшін айқындалатын қаржылық қамтамасыз етумен ұсынылуы мүмкін.
2. Келтірілген ядролық нұқсан үшін азаматтық-құқықтық жауаптылықты қаржылық қамтамасыз ету тәсілдерін ядролық қондырғы операторы немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторы айқындайды.
Келтірілген ядролық нұқсанды өтеген жағдайда ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының азаматтық-құқықтық жауаптылығын қаржылық қамтамасыз ету келтірілген ядролық нұқсан үшін ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының азаматтық-құқықтық жауаптылығын сақтандырудан немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзгеше қамтамасыз етуден тұрады.
3. Сақтандырушыны қоса алғанда, ядролық қондырғы операторына немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторына осы Заңның 26-2-бабында белгіленген азаматтық-құқықтық жауаптылық шегінде қаржылық қамтамасыз ету берген заңды тұлға оны және уәкілетті органды қаржылық қамтамасыз ету тоқтатыла тұратын немесе тоқтатылатын күнге дейін кемінде күнтізбелік бір жүз елу күн бұрын жазбаша нысанда хабардар етпей, біржақты тәртіппен қаржылық қамтамасыз етуді тоқтата тұруға немесе тоқтатуға құқылы емес.
4. Ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының азаматтық-құқықтық жауаптылықты қаржылық қамтамасыз етуінің болуын тексеру осы Заңның 7-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
Ескерту. 26-3-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 30.12.2021 № 95-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.26-4-бап. Келтірілген ядролық нұқсан үшін ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының азаматтық-құқықтық жауаптылығын сақтандыру шарты
1. Келтірілген ядролық нұқсан үшін ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының азаматтық-құқықтық жауаптылығын сақтандыру осы Заңда белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының бір немесе бірнеше ядролық қондырғыға қатысты келтірілген ядролық нұқсан үшін ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының азаматтық-құқықтық жауаптылығын сақтандыруды жүзеге асыруға құқығы бар.
3. Келтірілген ядролық нұқсан үшін ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының азаматтық-құқықтық жауаптылығын сақтандыру шартында мынадай талаптар қамтылуға тиіс:
1) ядролық нұқсан қарулы қақтығыс, әскери іс-қимылдар, азаматтық соғыс немесе көтеріліс салдарынан туындаған, сондай-ақ жеке және (немесе) заңды тұлғаның пиғылы немесе өрескел абайсыздығы салдарынан толық немесе ішінара келтірілгенде осындай тұлғаға келтірілген ядролық нұқсанды өтеуді төлеу бөлігіндегі жағдайларды қоспағанда, ядролық оқыс оқиға болған жағдайда сақтандырушының сақтандыру төлемін жүргізу міндеті;
2) осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, сақтандыру төлемін жүзеге асыруға міндетті не жүзеге асырған сақтандырушыға сақтанушының залалдарды (суброгацияны) өтеу құқықтарының өтуінен бас тарту;
3) пайда алушының, сақтандырылушының, сондай-ақ сақтанушының орнына уәкілетті органның сақтандырушыны сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабардар ету құқығы;
4) сақтандырушыны сақтандыру жағдайының басталғаны туралы оның басталған кезінен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар ету міндеті.
4. Бір алаң шегінде орналастырылған ядролық қондырғылардың барлығына немесе бірнешеуіне қатысты ядролық қондырғы операторымен немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторымен жасалған, келтірілген ядролық нұқсан үшін азаматтық-құқықтық жауаптылықты сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сомасы ядролық қондырғылардың радиациялық қауіптілігінің неғұрлым жоғары санаты негізге алына отырып, бір ядролық қондырғы үшін айқындалады.
5. Егер ядролық қондырғы операторы немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторы сақтандырушы өтеген залалдар үшін жауапты жеке немесе заңды тұлғаға өзінің талап ету құқығынан бас тартса немесе бұл құқықты жүзеге асыру ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының кінәсінан мүмкін болмаса, сақтандырушы сақтандыру төлемін жүзеге асырудан босатылмайды.
26-5-бап. Талап қоюдың ескіруі
1. Адамның өміріне немесе денсаулығына келтірілген ядролық нұқсанды өтеумен байланысты талаптар бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі ядролық оқыс оқиға басталған күннен бастап отыз жыл деп белгіленеді. Ядролық оқыс оқиға басталған күннен бастап отыз жыл өткен соң қойылған талаптар өткен уақыт үшін, бірақ талап қоюдың алдындағы үш жылдан аспайтын уақытқа қанағаттандырылады.
2. Қоршаған ортаға зиян мен жеке және заңды тұлғалардың залалдарын, сондай-ақ алдын алу шараларына арналған шығындарды қоса алғандағы, келтірілген ядролық нұқсанды өтеумен байланысты талаптар бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі ядролық оқыс оқиға басталған күннен бастап он жыл деп белгіленеді.
Келтірілген ядролық нұқсан үшін азаматтық-құқықтық жауаптылықта болатын ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының немесе осы Заңда көзделген оны қаржылық қамтамасыз ету тәртібімен мұндай нұқсанды өтеген кез келген басқа заңды тұлғаның:
1) азаматтық-құқықтық шартта көзделген;
2) ядролық нұқсанның келтірілуіне кінәлі жеке тұлғаға регресс құқығын қоспағанда, кері талап ету (регресс) құқығы жоқ.
26-7-бап. Ядролық қондырғы операторын немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторын келтірілген ядролық нұқсан үшін азаматтық-құқықтық жауаптылықтан босату тәртібі және негіздері
1. Ядролық қондырғы операторын немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторын келтірілген ядролық нұқсан үшін азаматтық-құқықтық жауаптылықтан босату сот тәртібімен жүргізіледі.
2. Ядролық нұқсан қарулы қақтығыс, әскери іс-қимылдар, азаматтық соғыс немесе көтеріліс салдарынан туындады, сондай-ақ жеке және (немесе) заңды тұлғаның пиғылы немесе өрескел абайсыздығы салдарынан толық немесе ішінара келтірілді деген дәлелдемелер болғанда осындай тұлғаға келтірілген ядролық нұқсанды өтеуді төлеу бөлігіндегі жағдайда ядролық қондырғы операторы немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторы келтірілген ядролық нұқсан үшін азаматтық-құқықтық жауаптылықтан босатылады.
5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
27-бап. Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
28-бап. Атом энергиясы пайдаланылатын объектiлермен тиісінше жұмыс істемеу салдарынан келтірілген зиянды өтеу
1. Атом энергиясы пайдаланылатын объектiлермен тиісінше жұмыс істемеу салдарынан жеке және заңды тұлғаларға келтірілген зиян Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өтелуге жатады.
2. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілермен тиісінше жұмыс істемеуге кінәлі жеке және заңды тұлғалар, жерді рекультивациялауға және топырақ құнарлылығын қалпына келтіруге жұмсалған шығындарды қоса алғанда, жерге, суға, өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне келтірілген нұқсанды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтеуге міндетті.
29-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
2. "Атом энергиясын пайдалану туралы" 1997 жылғы 14 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 7, 83-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2007 ж., № 1, 4-құжат; № 2, 18-құжат; № 8, 52-құжат; 2009 ж., № 18, 84-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат; 2012 ж., № 15, 97-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 10, 52-құжат; № 19-І, 19-ІІ, 96-құжат; 2015 жылғы 3 қарашада "Егемен Қазақстан" және "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңы) күші жойылды деп танылсын.
|
Қазақстан Республикасының Президенті |
Н. Назарбаев |
