ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы қаулы 01.01.2027 ж. бастап қолданысқа енгізіледі
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Жаңарту және броньнан шығару тәртібімен мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығару қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 17 қазандағы № 1108 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
"Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 34) тармақшасына және 94-1-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";
көрсетілген қаулымен бекітілген Жаңарту және броньнан шығару тәртібімен мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығару қағидаларында:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Осы Жаңарту және броньнан шығару тәртібімен мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығару қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 11-бабының 34) тармақшысына және 94-1-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және материалдық құндылықтарды төтенше жағдайлар мен олардың салдарының алдын алу және оларды жою жөнінде шаралар қабылдау, нарыққа реттеушілік әсер ету, босқындарға көмек көрсету, гуманитарлық көмек көрсету, басқа мемлекеттік органдардың балансына беру үшін шығару жағдайларын қоспағанда, жаңарту және броньнан шығару тәртібімен оларды мемлекеттік материалдық резервтен шығару тәртібін айқындайды.";
мынадай мазмұндағы 11-1), 11-2) және 11-3) тармақшалармен толықтырылсын:
"11-1) жұмылдыру тапсырмасын орындайтын мемлекеттік орган – жұмылдыру тапсырмасын орындайтын орталық атқарушы орган, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган;
11-2) жұмылдыру тапсырыстары белгіленген ұйымдар – жұмылдыру резервінің материалдық құндылықтарын шарт негізінде сақтауды және сақтауға байланысты қызметтер көрсетуді жүзеге асыратын заңды тұлғалар;
11-3) жұмылдыру резервін сатушы – жұмылдыру тапсырмасын орындайтын мемлекеттік органның жұмылдыру резерві саласындағы өткізу функцияларын жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі;";
15) және 16) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
"15) мемлекеттік материалдық резерв жүйесінің ведомстволық бағынысты ұйымы (бұдан әрі – ведомстволық бағынысты ұйым) – мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын шарт негізінде қалыптастыруды және сақтауды жүзеге асыратын заңды тұлға;
16) мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – мемлекеттік материалдық резерв саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;";
21) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"21) материалдық резервті сатушы – жұмылдыру тапсырмасын орындайтын мемлекеттік органдардың жұмылдыру резервін қоспағанда, уәкілетті органның мемлекеттік материалдық резерв саласындағы өткізу функцияларын жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі;";
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"4. Аукциондарды, жабық тендерлерді ұйымдастыру үшін материалдық резервті сатушы мынадай құрамда комиссия құрады:
1) уәкілетті орган ведомствосының (бұдан әрі – ведомство) басшысы немесе оны алмастыратын адам (комиссия төрағасы);
2) ведомство басшысының орынбасары немесе оны алмастыратын адам;
3) жұмылдыру тапсырмасын орындайтын мемлекеттік органдардың жұмылдыру резервін қоспағанда, ведомствоның мемлекеттік материалдық резервінің (бұдан әрі – материалдық резерв) материалдық құндылықтарын шығару жөніндегі ведомствоның құрылымдық бөлімшесінің басшысы немесе оны алмастыратын адам;
4) ведомствоның материалдық резервінің материалдық құндылықтарын есепке алуға және бақылауға жауапты ведомствоның құрылымдық бөлімшесінің басшысы немесе оны алмастыратын адам;
5) ведомствоның бухгалтерлік қызметінің басшысы немесе оны алмастыратын адам;
6) ведомствоның заң қызметінің басшысы немесе оны алмастыратын адам;
7) ведомстволық бағынысты ұйымның басшысы немесе басшысының орынбасары немесе оны алмастыратын адам;
8) ведомстволық бағынысты ұйымның технологиялық бөлімінің басшысы немесе оны алмастыратын адам;
9) ведомствоның материалдық резервінің материалдық құндылықтарын шығару жөніндегі ведомствоның құрылымдық бөлімшеcінің жұмыскері (комиссия хатшысы).";
мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен құрады:
"4-1. Аукциондарды, жабық тендерлерді ұйымдастыру үшін жұмылдыру резервін сатушы мынадай құрамда комиссия құрады:
1) жұмылдыру тапсырмасын орындайтын мемлекеттік органның басшысы немесе оны алмастыратын адам (комиссия төрағасы);
2) жұмылдыру тапсырмасын орындайтын мемлекеттік орган басшысының орынбасары немесе оны алмастыратын адам;
3) жұмылдыру тапсырмасын орындайтын мемлекеттік органның жұмылдыру резервінің материалдық құндылықтарын шығару жөніндегі құрылымдық бөлімшесінің басшысы немесе оны алмастыратын адам;
4) жұмылдыру тапсырмасын орындайтын мемлекеттік органның жұмылдыру резервінің материалдық құндылықтарын есепке алуға және бақылауға жауапты құрылымдық бөлімшенің басшысы немесе оны алмастыратын адам;
5) жұмылдыру тапсырмасын орындайтын мемлекеттік органның бухгалтерлік қызметінің басшысы немесе оны алмастыратын адам;
6) жұмылдыру тапсырмасын орындайтын мемлекеттік органның заң қызметінің басшысы немесе оны алмастыратын адам;
7) жұмылдыру тапсырысы белгіленген ұйымның басшысы немесе басшысының орынбасары немесе оны алмастыратын адам;
8) жұмылдыру тапсырысы белгіленген ұйымның технологиялық бөлімінің басшысы немесе оны алмастыратын адам;
9) жұмылдыру тапсырмасын орындайтын мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесінің жұмыскері (комиссия хатшысы).";
9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"9. Комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) материалдық резервті сатушының, жұмылдыру резервін сатушының (бұдан әрі – сатушы) басшысы бекітетін өз жұмысының регламентін әзірлейді;
2) сату объектілерін айқындайды;
3) сату объектісін аукционнан, жабық тендерден алу туралы шешім қабылдайды.";
33 және 34-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"33. Аукционға жіберілген қатысушыға тізілімнің веб-порталы беретін аукциондық нөмір бойынша аукцион залына кіруге рұқсат беріледі.
Аукционға қатысушылар аукцион басталғанға дейін бір сағат ішінде аукцион залына ЭЦҚ және аукцион нөмірін пайдалана отырып кіреді. Аукцион сату объектісінің бастапқы құнын аукцион залында автоматты түрде орналастыру арқылы аукцион өткізу туралы хабарламада көрсетілген Астана қаласының уақыты бойынша басталады.
34. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген мереке және демалыс күндерін қоспағанда, аукцион залында аукцион сейсенбі – жұма аралағында өтеді. Аукцион Астана қаласының уақыты бойынша сағат 10:00-ден 17:00-ге дейінгі кезеңде өткізіледі, бұл ретте аукцион Астана қаласының уақыты бойынша сағат 15:00-ден кешіктірілмей басталады.";
49-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"49. Мүдделі мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп күнтізбелік 15 (он бес) күннен аспайтын мерзімде осы Қағидалардың 3-тармағында көзделген ереженің негізінде жабық тендер өткізу қажеттігі туралы негізделген қорытынды жібереді.
Қорытындыны алғаннан кейін уәкілетті орган немесе жұмылдыру тапсырмасын орындайтын мемлекеттік орган заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтар броньнан шығару тәртібімен шығарылған кезде сату объектісін жабық тендерге қою туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысының жобасын әзірлейді.";
53-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"53. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген мереке және демалыс күндерін қоспағанда, жабық тендер тізілімінің веб-порталында сейсенбі – жұма аралығында өтеді. Жабық тендер Астана қаласының уақыты бойынша сағат 10:00-ден 13:00-ге дейінгі кезеңде өткізіледі.";
68 және 69-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"68. Сақтау пунктінен, ведомстволық бағынысты ұйымнан және жұмылдыру тапсырысы белгіленген ұйымнан материалдық құндылықтарды беру уәкілетті орган бекіткен тәртіппен жазылатын наряд негізінде жүзеге асырылады.
69. Материалдық құндылықтарды беру қабылдау-тапсыру актісі бойынша ресімделеді.
Қабылдау-тапсыру актісіне сатып алушы мен басшы, бас бухгалтер, сақтау пунктінің, ведомстволық бағынысты ұйымның және жұмылдыру тапсырысы белгіленген ұйымның материалдық-жауапты тұлғалары қол қояды.
Қабылдау-тапсыру актісін сақтау пункті, ведомстволық бағынысты ұйым және жұмылдыру тапсырысы белгіленген ұйым мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтар шығарылған күннен бастап 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірмей сатушыға жібереді.
Қабылдау-тапсыру актісінің түпнұсқасын алған сәттен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде сатушы қол қойылған қабылдау-тапсыру актісі туралы мәліметтерді тізілімнің веб-порталына енгізеді.".
2. Осы қаулы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
|
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
