"Атырау" арнайы экономикалық аймағын құру туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 1 желтоқсандағы № 1028 қаулысы

      "Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Атырау" арнайы экономикалық аймағы (бұдан әрі – "Атырау" АЭА) 2036 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі кезеңге құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған:

      1) "Атырау" АЭА туралы ереже;

      2) "Атырау" АЭА нысаналы индикаторлары бекітілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2025 жылғы 1 желтоқсандағы
  № 1028 қаулысымен
бекітілген

"Атырау" арнайы экономикалық аймағы туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. "Атырау" арнайы экономикалық аймағы (бұдан әрі – АЭА) осы Ережеге қосымшаға сәйкес Атырау облысының аумағында Атырау облысы Атырау – Доссор тас жолы бойындағы Атырау қаласының және Жылыой ауданының әкімшілік-аумақтық шекаралары шегінде орналасқан.

      АЭА аумағы 450 гектарды құрайды және Қазақстан Республикасы аумағының ажырамас бөлігі болып табылады.

      2. АЭА:

      1) өнімділігі жоғары, бәсекеге қабілетті заманауи өндірістерді жедел дамыту, көрсетілетін қызметтерді ұсынудың жаңа сапалы деңгейін қалыптастыру, экономика және өңір салаларына инвестициялар тарту, жаңа технологияларды ендіру, сондай-ақ халықтың жұмыспен қамтылуын арттыру;

      2) өңдеу өнеркәсібін дамыту және қосымша құны жоғары химия, мұнай-химия, металлургия, металл емес минералды өнімдерді, металл өңдеу, резеңке және пластмасса бұйымдарын және өзге де өнімдерді өндіру мақсатында құрылады.

      3. АЭА қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясымен, "Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен (бұдан әрі – Заң) және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасымен реттеледі.

      Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамада қамтылғаннан өзге қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

      4. АЭА аумағында арнайы құқықтық режим белгіленеді.

2-тарау. "Атырау" арнайы экономикалық аймағын басқару

      5. АЭА басқару Заңға сәйкес жүзеге асырылады.

3-тарау. "Атырау" арнайы экономикалық аймағының аумағында салық салу

      6. АЭА аумағында салық салу Қазақстан Республикасының салық заңнамасымен реттеледі.

4-тарау. Кедендік реттеу

      7. АЭА аумағында немесе оның бір бөлігінде еркін кеден аймағының кедендік рәсімі қолданылады.

      8. Еркін кеден аймағы кедендік рәсімі қолданылатын АЭА аумағы кедендік бақылау аймағы болып табылады. АЭА аумағы кедендік бақылау жүргізу мақсатында жайластырылуы тиіс. АЭА аумағын жайластыруға қойылатын талаптарды, оның ішінде осындай аумақтың периметрін қоршау және бейнебақылау жүйесімен жарақтандыру жөніндегі талаптарды кеден ісі саласындағы уәкілетті орган белгілейді.

5-тарау. Шетел азаматтарының "Атырау" арнайы экономикалық аймағының аумағында болу тәртібі

      9. АЭА аумағында шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ олардың көлік құралдарының Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық келісімдерде белгіленген кіру, шығу, транзитпен өту және болу тәртібі қолданылады.

6-тарау. Қорытынды ережелер

      10. Осы Ережеде белгіленген шарттар Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен өзгертілуі мүмкін.

      11. АЭА Заңда көзделген негіздер бойынша таратылады.

      12. АЭА құрылған мерзімінің аяқталуына байланысты оны таратқан кезде Атырау облысының әкімдігі:

      1) көрсетілген мерзім өткенге дейін кемінде үш айдан кешіктірмей бұқаралық ақпарат құралдарында АЭА-ның алдағы таратылуы, оның таратылуына байланысты өтініштер мен наразылықтарды қабылдау тәртібі мен мерзімдері туралы хабарландыру жариялайды;

      2) қызметін АЭА аумағында жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғаларға оның аумағында орналасқан тауарларды өзге кедендік рәсім арқылы қайта рәсімдеу тәртібін түсіндіруді қамтамасыз етеді;

      3) АЭА таратылғаннан кейін бір ай мерзімде Қазақстан Республикасы Президентіне және Қазақстан Республикасының Үкіметіне АЭА қызметінің нәтижелері туралы есеп ұсынады.

      13. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен АЭА мерзімінен бұрын таратылған кезде рәсім осы Ереженің 12-тармағында көзделген рәсімдер сақтала отырып, алты ай мерзімнен кешіктірілмей аяқталуға тиіс.

      14. АЭА-ның осы Ережемен реттелмеген қызметі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

  "Атырау" арнайы экономикалық
аймағы туралы ережеге
қосымша

"Атырау" арнайы экономикалық аймағы шекарасының жоспары

     


Р/с

Аймақтардың атауы:

Ауданы, гектар

1.

Атырау – Доссор тас жолы бойындағы өнеркәсіптік аймақ

400

3.

Жылыой ауданында қосалқы аймақ

50


Жиыны:

450

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2025 жылғы 1 желтоқсандағы
  № 1028 қаулысымен
бекітілген

"Атырау" арнайы экономикалық аймағының нысаналы индикаторлары

Р/с

Мақсаттар, міндеттер және көрсеткіштер

Өлшем бірлігі*

2028 жылға қарай нысаналы индикаторға қол жеткізу

2032 жылға қарай нысаналы индикаторға қол жеткізу

2036 жылға қарай нысаналы индикаторға қол жеткізу

1

2

3

4

5

6

1

Инвестициялардың жалпы көлемі, оның ішінде:

млрд теңге

10

212

320

1.1.

шетелдік инвестициялар көлемі

млрд
теңге

4

80

120

1.2.

отандық инвестициялар көлемі

млрд
теңге

6

132

200

2

АЭА аумағында тауарларды және көрсетілетін қызметтерді (жұмыстарды) өндіру көлемі

млрд
теңге

120

260

410

3

Қатысушылар (компаниялар) саны

бірл.

10

40

70

4

Қызметтің қосалқы түрін жүзеге асыратын адамдардың саны

адам

35

65

75

5

АЭА аумағында құрылатын жұмыс орындарының саны

адам

580

1100

2500

6

АЭА аумағындағы өндірістің жалпы көлеміндегі қазақстандық қамту үлесі

%

70 %

75 %

85 %

      * - индикаторлардың көрсеткіштері өсу қорытындысымен келтірілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады