Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларына арналған резервті бөлу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 3 шiлдедегi № 505 қаулысы

      Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 18-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларына арналған резервті бөлу қағидалары бекітілсін.

      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:

      1) "Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларына арналған резервті бөлу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № 528 қаулысы;

      2) "Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларына арналған резервті бөлу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № 528 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 24 қаңтардағы № 30 қаулысы.

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2025 жылғы 3 шілдедегі
№ 505 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларына арналған резервті бөлу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларына арналған резервті бөлу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 18-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларына арналған резервті бөлу тәртібін айқындайды.

      2. Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларына арналған резерв Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауларын және Қазақстан Республикасы Президентінің басқа да бастамаларын іске асыруға байланысты ағымдағы қаржы жылында күтпеген және кейінге қалдырмай қаржыландыруды талап ететін шығындарды қаржыландыруға арналған трансферттер түсімдерін есепке алмағанда, кезекті қаржы жылына арналған республикалық бюджет кірістерінің жоспарланатын көлемінің кемінде бір жарым және үш пайызынан аспайтын мөлшерде жоспарлы кезеңнің бірінші жылына арналған республикалық бюджет құрамында қалыптастырылады.

      3. Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларына арналған резерв бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган әкімшілендіретін жеке бөлінетін бюджеттік бағдарлама бойынша көзделеді және ағымдағы қаржы жылы ішінде бөлінеді.

2-тарау. Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларына арналған резервті бөлу тәртібі

      4. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмалары негізінде, Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауларын және ағымдағы қаржы жылында кейінге қалдырмай қаржыландыруды талап ететін күтпеген шығындармен байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің басқа да бастамаларын іске асыру шеңберінде тиісті бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға есеп-қисаптары мен негіздемелері бар өтінішхатты жібереді.

      5. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі ұсынған есеп-қисаптар мен негіздемелер бар өтінішхатты қарауы ол келіп түскен күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

      6. Құжаттардың толық топтамасы ұсынылмаған және (немесе) ұсынылған құжаттар бойынша ескертулер болған жағдайда бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган оларды пысықтауға қайтарады.

      Бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiсi пысықталған материалдарды олар қайтарылған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнi iшiнде бюджеттік жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органға ұсынады.

      7. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі ақпарат пен есеп-қисаптардың толықтығы мен анықтығын қамтамасыз етеді.

      8. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган материалдарды қарау қорытындысы бойынша өтінішхатқа қорытындыны қалыптастырады және 5 (бес) жұмыс күнi iшiнде қорытындыны материалдармен бірге Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне келісуге енгізеді.

      Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі келіскен қорытындыны алғаннан кейін бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларына арналған резервтен қаражат бөлу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасын дайындайды.

      Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі теріс қорытынды берген жағдайда Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларына арналған резервтен қаражат бөлу жүзеге асырылмайды.

      Қаражат бір мезгілде бірнеше бюджеттік бағдарламалардың әкімшісіне бөлінген кезде Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларына арналған резервтен қаражат бөлу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасын бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейді.

      9. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларына арналған резервтен қаражат бөлу туралы шешім қабылдағаннан кейін бюджетті атқару барысында бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері 5 (бес) жұмыс күні ішінде тиісті қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізеді.

      10. Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларына арналған резервтен бөлінген қаражатты пайдалану Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің талаптарына, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын бюджеттің қазынашылық атқарылуы және оларға кассалық қызмет көрсету рәсімдеріне (бұдан әрі – бюджеттің қазынашылық атқарылуы рәсімдері) сәйкес жүзеге асырылады.

      11. Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларына арналған резервтен бөлінген ақша қаржы жылы ішінде пайдаланылмаған жағдайда тиісті бюджеттік бағдарламаның әкімшісі Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларына арналған резервті қалпына келтіру арқылы бөлінген ақшаны ағымдағы қаржы жылының 20 желтоқсанына дейін қайтаруды қамтамасыз етеді.

      Бюджеттік бағдарламаның әкімшісі Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларына арналған резервтен қаржы жылы ішінде пайдаланылмаған ақшаны, бюджет қаражатының үнемделуін және (немесе) бөлінген ақшаның пайдаланылмаған бөлігінің қалдығын ағымдағы қаржы жылының 20 желтоқсанына дейін Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларына арналған резервті қалпына келтіру арқылы қайтаруды және бюджеттің қазынашылық атқарылуы рәсімдерінде айқындалған тәртіппен тиісті қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізуді қамтамасыз етеді.

      Бюджет қаражаты үнемделген немесе қаржы жылы ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларына арналған резервтен алынған ақша ішінара пайдаланылған жағдайда тиісті жергілікті атқарушы орган бұл туралы қаражат бөлген жоғары тұрған бюджеттің бюджеттік бағдарламаларының әкімшісіне хабарлайды.

      Төмен тұрған бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті орган жоғары тұрған бюджеттің бюджеттік бағдарламалары әкімшісінің тиісті қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізгеннен кейін бюджеттің қазынашылық атқарылуы рәсімдерінде айқындалған тәртіппен тиісті жергілікті бюджетті түзетуді жүзеге асырады.

      Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларына арналған резервтен алынған пайдаланылмаған ақшаны, бюджет қаражатының үнемделуін және (немесе) пайдаланылмаған бөліктің қалдығын қайтаруды төмен тұрған бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті орган жоғары тұрған бюджеттің бюджеттік бағдарламасы әкімшісінің кассалық шығыстарын қалпына келтіру арқылы бюджет түсімдері сыныптамасының тиісті кодынан жүзеге асырады.

      12. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларына арналған резервтен ақшаның пайдаланылуы және оның қалдықтары туралы ақпаратты ай сайын ұсынады.

      13. Қазақстан Республикасы Президентінің орта мерзімді сипаттағы, екінші және одан кейінгі жылдарға арналған бастамаларын қаржыландыру Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жоспарлы тәртіппен жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады