Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 19 сәуірдегі № 304 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2024 жылғы 19 сәуірдегі
№ 304 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар

      1. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 03.12.2025 № 1033 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. "Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы № 1358 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу қағидаларында:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Осы Қағидалардың талаптары Қазақстан Республикасының Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес жылжымайтын мүлік объектілеріне жатпайтын уақытша құрылыстарға, шаруашылық-тұрмыстық және өзге құрылыстарға, сондай-ақ заңсыз салынған объектілерге, бағалы киімге, сән-салтанат заттарына не қымбат бағалы металдардан жасалған, көркемдік құндылығы бар заттарға, сондай-ақ төтенше жағдайлар туындаған кезде сақтандыру объектісі болып табылған, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында айқындалған тәртіппен сақтандырушының қаражаты есебінен өтелетін мүлікке қолданылмайды.

      Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезіндегі жекелеген жағдайларда тұрғынжайға уақытша (маусымдық) тұруға арналған, қираған немесе әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында төтенше жағдай жарияланған кезде меншік құқығында басқа тұрғынжайы жоқ меншік иелері үшін тұруға жарамсыз болып қалған құрылыс жатады.";

      мынадай мазмұндағы 9-1-тармақпен толықтырылсын:

      "9-1. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай салдарынан тұрғынжай үйге ішінара зақым келген жағдайда жергілікті атқарушы орган техникалық тексеру және сметалық құжаттама негізінде оны мынадай жолмен қалпына келтіру тетіктерінің бірін айқындайды:

      1) жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін мердігер ұйымды тарту;

      2) жөндеу жұмыстарын өз бетінше жүзеге асыру туралы шешім қабылдаған азаматтардың шығыстарын төлеу.";

      мынадай мазмұндағы 14-1-тармақпен толықтырылсын:

      "14-1. Қаражат бөлу туралы шешім қабылданғаннан кейін жергілікті атқарушы орган 5 жұмыс күні ішінде тұрғын үй иесімен жөндеу жұмыстарын мердігер ұйымның жүзеге асыруына немесе жөндеу жұмыстарын өз бетінше жүзеге асыру үшін қаражат төлеуге келісім жасасады.

      Жөндеу жұмыстары өз бетінше жүзеге асырылатын болса, келісімде төлем алған тұрғынжай иесінің төлем күнінен бастап алты ай ішінде қалпына келтіру жұмыстарының орындалғаны туралы фото тіркеп есеп беруі туралы ақпарат қамтылады.

      Тиісті есеп ұсынылмаған жағдайда жергілікті атқарушы орган бөлінген қаражатты қайтаруға мәжбүрлеу туралы сот органдарына жүгінуге құқылы.";

      мынадай мазмұндағы 15-1-тармақпен толықтырылсын:

      "15-1. Азаматтар жөндеу жұмыстарын өз бетінше жүзеге асырған кезде қаражат екінші деңгейдегі банктерде, Ұлттық пошта операторында немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүргізуге лицензиясы бар өзге ұйымдарда ашылған азаматтардың дербес немесе карт-шотына аударылады.".

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады