Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта кәсіпкерлік жобаларын қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 14 сәуірдегі № 354 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта кәсіпкерлік жобаларын қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспары (бұдан әрі – Жоспар) бекітілсін.

      2. "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамы (келісім бойынша) "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" акционерлік қоғамымен (келісім бойынша) бірлесіп:

      1) Жоспардың уақтылы орындалуын қамтамасыз етсін;

      2) 2014 жылғы 15 маусымға қарай Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне Жоспардың іске асырылуы туралы ақпарат берсін.

      3. Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі 2014 жылғы 1 шілдеге дейін Қазақстан Республикасының Үкіметіне Жоспардың орындалуы туралы жиынтық ақпарат берсін.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
К.Мәсімов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2014 жылғы 14 сәуірдегі
№ 354 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта кәсіпкерлік жобаларын қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспары

1. Ағымдағы жағдайды талдау

      2014 жылы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның (бұдан әрі – ҮИИДМБ) алғашқы бесжылдығы аяқталады. ҮИИДМБ алдын ала қорытындысы оның елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізгенін айғақтайды. Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 2008 жылмен салыстырғанда нақты мәнде 22,5 % ұлғайды, өңдеуші сектордағы еңбек өнімділігінің деңгейі 37,3 мың АҚШ долларынан 58,5 мың АҚШ долларына дейін ұлғайды. ҮИИДМБ іске асыру шеңберінде 651 жоба пайдалануға беріліп, оларда 67 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды.

      Оң үрдістерге қарамастан, республикада салалардың дамуындағы теңгерімсіздік сақталып отыр, экономиканың өсуіндегі өндірістік секторлардың маңыздылығы төмендеп барады, негізгі капиталға шетелдік инвестицияның құйылуы және республика экспортындағы шикізат емес өнімнің үлесі азаю үстінде. Егер өңдеу өнеркәсібі өнімінің өсу серпінін қарастыратын болсақ, оның қарқыны соңғы жылдар ішінде төмендеп кеткен: өсу қарқыны 13,6 %-ға жеткен 2010 жылмен салыстырғанда 2013 жылдың қорытындысы бойынша өсу деңгейі тек 1,6% болып отыр. Бұдан басқа, жалпы ішкі өнімнің (бұдан әрі – ЖІӨ) озыңқы қарқынмен өсуі есебінен оның да құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі азайып келеді. 2010 – 2013 жылдар ішінде өңдеу өнеркәсібі секторының ЖІӨ-ге үлесі 0,7 пайыздық тармаққа қысқарып, 10,6 %-ды құрады. Бұл ретте ҮИИДМБ-ның 2015 жылғы нысаналы индикаторы өңдеу өнеркәсібінің ЖІӨ құрылымындағы үлесін кемінде 12,5 % деңгейіне дейін жеткізу болып табылады.



      Секторды қаржыландыруды қалпына келтіру процесінің ұзаққа созылуы өңдеу өнеркәсібіндегі өсу қарқынының баяулауының негізгі себептерінің бірі болып табылады. Соңғы тоғыз жыл ішінде өңдеу өнеркәсібіне кредит берудегі үш кезеңді бөліп көрсетуге болады:

      1) дағдарысқа дейінгі кезең (2008 жылға дейін) – екінші деңгейдегі банктердің (бұдан әрі – ЕДБ) несие қоржынының біртіндеп ұлғаюы;

      2) дағдарыс кезеңі (2008 – 2010 жылдар) – кредит беруді тоқтата тұру және несие қоржынын 440 – 455 млрд. теңге деңгейінде тіркеу;

      3) дағдарыстан кейінгі кезең – соңғы 4 жылда қоржынның 455 млрд. теңгеден 876 млрд. теңгеге дейін 2 есеге артуы.



      2010 жылы "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасының іске қосылуы ЕДБ кредит беруі үшін өңдеуші секторды тартымдырақ етті. Өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпкерлікті қаржылай қолдаудың көрсетілген бағдарламада көзделген сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау және кредиттерге кепілдік беру сияқты шаралары жыл сайын берілетін қаржы көлемін 383 млрд. теңгеден 938 млрд. теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, бұл шаралар ЕДБ-дағы өтімділікті экономиканың басым секторларына кредит беруге тартуға бағытталған болатын. ЕДБ-ны мемлекет тарапынан қорландыру жүзеге асырылған жоқ.

      Дегенмен, қазіргі уақытта өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны бәсеңдеген кезде экономиканың осы секторының кәсіпорындары үшін, әсіресе, шағын және орта кәсіпкерлік (бұдан әрі – ШОК) үшін қаржы қаражатына деген тапшылықтың қалыптасқаны айқындала түсті. Егер өңдеу өнеркәсібі өнімінің жалпы көлеміндегі ШОК өнімінің үлесін қарастырар болсақ, 2010 – 2013 жылдары ол 22,8 %-дан 15,4 %-ға дейін төмендеген. Мұндай төмендеу ЕДБ кредиттерінің жалпы көлемінде өнеркәсіптегі шағын кәсіпкерлікке берілетін кредиттер үлесінің азаюы аясында орын алғанының маңызы аз емес: 2010 жылғы 19,4 %-дан 2013 жылы 12,3 %-ға дейін азайды, ал 2013 жылы жедел деректер бойынша кредиттің абсолютті мәнде 20 млрд. теңгеге азаюымен бірге, өңдеу өнеркәсібіндегі ШОК өнімін шығару 85 млрд. теңгеге төмендеді.



      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (бұдан әрі – ҚРҰБ) зерттеу деректері бойынша өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының кредитке деген сұранысы жалпы экономикаға қарағанда жоғары.

      ЕДБ ұсынатын сыйақы мөлшерлемелері экономиканың нақты секторындағы кәсіпорындар межелегеннен едәуір жоғары. Өңдеу өнеркәсібіндегі ұзақ мерзімді кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесі орта есеппен 11,4 % деңгейінде болса, ҚРҰБ зерттеуіне сәйкес экономиканың нақты секторындағы (оның ішінде өңдеу өнеркәсібіндегі) кәсіпорындар үшін қолайлы пайыздық мөлшерлеме теңгемен 8,7 % және шетел валютасында 6,9 % деңгейінде. Соңғы бірнеше жылдар бойы межелі (қолайлы) пайыздық мөлшерлеме деңгейін экономиканың нақты секторындағы кәсіпорындардың азайту үрдісі байқалып келеді, яғни экономиканың басым секторларындағы кәсіпорындар бүгінде неғұрлым төмен пайыздық мөлшерлеме бойынша қарыз капиталын қажет етеді.

      Бұл ретте, өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындарына кредит беруге деген ЕДБ қызығушылығы өткен кезеңмен салыстырғанда біршама төмендеп кетті – кредит бөлгісі келетін ЕДБ саны 47 %-дан 35 %-ға дейін азайды.

      Сондай-ақ, теңгенің құнсыздануы да өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын қаржыландыруға келеңсіз әсерін тигізді. Банктік емес заңды тұлғалар кредиттерінің 37 %-ға жуығын шетел валютасындағы кредиттер құрайды. Бағамдық айырма нәтижесінде кредиттерге қызмет көрсету бойынша өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарына түсетін жүктеме 570 млрд. теңгеге немесе жиынтық несие берешегінің 7 %-ына өсті.

      Осылайша, өңдеу өнеркәсібінің жобалары үшін кредит қаражатының қолжетімділігін арттыру қажеттігі өндеу өнеркәсібіндегі шағын және орта кәсіпкерлік жобаларын қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі қосымша жаңа шаралар қабылдауды талап етеді.

2. Мақсатқа қол жеткізу және алға қойылған міндеттерді іске асыру тетіктері

      Ескерту. 2-бөлім жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 29.04.2026 № 346 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі өңдеу өнеркәсібіндегі ШОК жобаларына кейіннен кредит беру үшін ЕДБ-ны қаржыландыру бойынша шара қолданатын болады.

      Өңдеу өнеркәсібіндегі ШОК жобаларын Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатынан қаржыландырудың жалпы көлемі 100 (жүз) миллиард теңгені құрайды.

      Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын пайдалану "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" акционерлік қоғамының (бұдан әрі – "Даму" КДҚ" АҚ) қаражатын өңдеу өнеркәсібіндегі ШОК субъектілерін қаржыландыру үшін ЕДБ-ге шартты түрде орналастыру жолымен жүзеге асырылады. Мақсатқа сай пайдалану шарты "Alatau City Bank" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – "Alatau City Bank" АҚ) берген қарыздарға қолданылмайды.

      Бұл мақсат үшін "Бәйтерек" ұлттық инвестициялық холдингі" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – "Бәйтерек" ҰИХ" АҚ) облигациялар айналысы басталған күннен бастап 20 жылға дейінгі мерзімге жылдық 0,1 % сыйақы мөлшерлемесі бойынша 100 (жүз) миллиард теңге сомасына облигация шығару жолымен Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан қарыз алуды жүзеге асырады. Облигациялық қарызды өтеу мерзімі – айналыс мерзімінің соңында, 2024 жылдан бастап эмитенттің бастамасы бойынша мерзімінен бұрын өтеу құқығы болады.

      Қаражатты алғаннан кейін "Бәйтерек" ҰИХ" АҚ "Даму" КДҚ" АҚ-ға жасалған тиісті кредиттік шарт талаптарына сәйкес қаражатты мерзім соңында бір сомамен өтеу шартымен жылдық 0,15 % сыйақы мөлшерлемесі бойынша 20 жылға дейінгі мерзімге 100 (жүз) миллиард теңге сомасына кредит береді.

3. Қаражатты екінші деңгейдегі банктерге шартты түрде орналастырудың шарттары мен тетіктері

      Ескерту. 3-бөлім жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 29.04.2026 № 346 қаулысымен.

      ЕДБ тізбесі мен олар бойынша лимиттер сомасын "Бәйтерек" ҰИХ" АҚ Қазақстан Республикасының экономикасын жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның (бұдан әрі – Мемлекеттік комиссия) қарауына шығарады. Мемлекеттік комиссия түпкі қарыз алушылар үшін жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін қалыптастыру тәсілдері бойынша ұсынымдар тұжырымдайды.

      "Бәйтерек" ҰИХ" АҚ, "Даму" КДҚ" АҚ және ЕДБ Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінетін қаражаттан төлем жүргізу үшін ҚРҰБ-да жеке банктік шот ашады.

      "Бәйтерек" ҰИХ" АҚ Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жасалған кредиттік шарт бойынша қаражат сомасын "Даму" КДҚ" АҚ-ның ҚРҰБ-дағы жеке банктік шотына орналастырады.

      "Даму" КДҚ" АҚ Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес ЕДБ-мен кредиттік келісімдер жасасуды жүзеге асырады.

      "Даму" КДҚ" АҚ алынған кредит қаражатын ЕДБ-да жылдық 2,0 %-дан аспайтын мөлшерлемемен орналастырады.

      "Даму" КДҚ" АҚ кредит қаражатын ЕДБ-ның ҚРҰБ-дағы жеке банктік шотына орналастыруды Мемлекеттік комиссия мақұлдаған лимиттер шегінде қамтамасыз етпей жүзеге асырады.

      ЕДБ кредит валютасы – теңге.

      ЕДБ кредит мерзімі – 20 жылға дейін.

      Қаражат ЕДБ шотына түскен күннен бастап ЕДБ-ның кредиттік қаражатты игеру мерзімі:

      инвестициялық мақсаттарға берілетін кредиттер бойынша – 3 ай;

      айналым қаражатын толықтыру және бұрын берілген ЕДБ қарыздарын қайта қаржыландыру мақсаттарына берілетін кредиттер бойынша – 3 ай.

      Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу шарттары мен тәртібі кредиттік келісімде белгіленеді.

      ЕДБ орналастырылған кредит қаражатының мақсатқа сай пайдаланылуы мен игерілуі бойынша "Даму" КДҚ" АҚ алдында есеп береді.

      ЕДБ есептерін ұсыну тәртібі, нысаны мен кезеңділігі, сондай-ақ ЕДБ-ге кредит берудің осы Жоспарда көзделмеген өзге шарттары, оның ішінде: экспорттық түсімнің бар-жоғын айқындауға арналған ковенанттар тиісті кредиттік келісімде белгіленеді. Экспорт алдындағы/экспорттық қаржыландыру және/немесе экспортқа бағдарланған жобаларды қаржыландыру үшін іріктеу кезінде басымдық осындай жобаны қаржыландыру басталған күннен бастап 1 (бір) қаржы жылынан кейін экспорттық түсімнің жыл сайын кемінде 5 % өсуін қамтамасыз ететін жобаларға берілуге тиіс. ШОК субъектілерінің экспорттық түсімінің көлемін мұндай жобаны қаржыландыру туралы шешім қабылданғанға дейін алдыңғы 2 (екі) жыл ішіндегі экспорттық түсімнің орташа жылдық көлемі деңгейінде сақталуын қамтамасыз ететін экспорт алдындағы/экспорттық қаржыландыруға және/немесе экспортқа бағдарланған жобаларды қаржыландыруға жол беріледі.

      ЕДБ бөлінетін қаражатты ШОК субъектілерінің қолданыстағы инвестициялық кредиттерін орналастырылған қаражат сомасының 50 %-ына дейін қайта қаржыландыру мақсатына жібереді.

      ЕДБ тарапынан ерте дегенде 2026 жылғы 1 қаңтардан қаржыландырылған өңдеу өнеркәсібіндегі ШОК субъектілеріне жаңа жобаларға берілген ЕДБ-нің қарыздары бойынша қайта қаржыландыруға жол беріледі.

      2019 жылдан бастап ШОК субъектілерін қаржыландырудан қайтарылған қаражат есебінен 50 (елу) миллиард теңге Қазақстан Республикасының Ұлттық қор қаражатының айналыс мерзімінің соңына дейін қайтарылатын негізде экспорттау алдындағы/экспорттық қаржыландыруға және/немесе экспортқа бағдарланған жобаларды қаржыландыруға жіберілетін болады.

      Экспорт алдындағы/экспорттық қаржыландыру – өнімді өндіруге және экспортқа өткізуге байланысты айналым қаражатын толықтыруға ШОК субъектілерінің жобасын қаржыландыру. Экспортқа бағдарланған жобаларды қаржыландыру – кейіннен экспорт үшін өнім өндіру мақсатында инвестициялық шығындарды жүзеге асыруға ШОК субъектілеріне қаражат беру.

      Пропорцияларды сақтау ЕДБ-нің қаражатын екінші рет орналастыруға қолданылмайды.

      "Даму" КДҚ" АҚ босаған кредит қаражатын ЕДБ-ға қайтадан кредит беруге жұмсайды.

      ЕДБ орналастырылатын қаражатты мақсатқа сай пайдаланбаған, толықтай немесе ішінара игермеген жағдайларда, сондай-ақ кредиттік келісімде көзделген өзге де жағдайлар туындаған кезде "Даму" КДҚ" АҚ ЕДБ-ге қатысты кредиттік келісімнің талаптарына сәйкес шаралар, оның ішінде кредиттік келісімдерді мерзімінен бұрын бұзу және/немесе орналастырылған қаражатты, кейін оларды басқа ЕДБ-лер арасында қайта бөле отырып кері қайтарып алу және/немесе ЕДБ портфелін (ШОК субъектілеріне банктік қарыз шарттары бойынша құқықтарды (талаптарды) басқа ЕДБ-ге беру мәселесіне бастама көтеру шараларын қолданады. Қайтарып алынған, ЕДБ мерзімінен бұрын өтеген қаражатты қайта бөлу, сондай-ақ ЕДБ портфелін (ШОК субъектілеріне банктік қарыз шарттары бойынша құқықтарды (талаптарды) басқа ЕДБ-ге беру ЕДБ арасында Мемлекеттік комиссияның ұсынымдарын ескере отырып жүзеге асырылады.

      ЕДБ ай сайынғы негізде ШОК субъектілерінің бұрын берілген қарыздарын өтеу есебінен босаған қаражатты ҚРҰБ-дағы өзінің жеке банктік шоттарына есепке жазуды жүзеге асырады. Бұл ретте ЕДБ үш ай ішінде қаражатты ШОК субъектілеріне одан әрі кредит беруге жібереді не "Даму" КДҚ" АҚ-ның ҚРҰБ-дағы жеке банктік шоттарына мерзімінен бұрын қайтарады.

      "Alatau City Bank" АҚ берген қарыздарға:

      мақсатқа сай пайдалану шарты;

      ҚРҰБ-да шот ашу бойынша ЕДБ-ға қойылатын талаптар;

      "Даму" КДҚ" АҚ-ға орналастырылған кредиттік қаражатты мақсатқа сай пайдалану жөнінде есеп беру бойынша ЕДБ-ға қойылатын талаптар қолданылмайды.

4. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру шарттары

      Ескерту. 4-бөлім жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 29.04.2026 № 346 қаулысымен.

      Нысаналы топ – осы Жоспарға 1-қосымшаға сәйкес жобаларды өңдеу өнеркәсібінде іске асыратын және (немесе) іске асыруды жоспарлап отырған ШОК субъектілері.

      Мына ШОК субъектілері қатысушы бола алмайды:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дәрілік зат ретінде тіркелген құрамында спирт бар медициналық мақсаттағы өнім (бальзамдардан басқа) шығару көзделетін жобаларды қоспағанда, акцизделетін тауар шығару көзделетін жобаларды іске асыратын;

      2) акцияларының (жарғылық капиталғы қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы тікелей мемлекеттік кәсіпорындарға/мекемелерге, ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге, ұлттық компанияларға тиесілі;

      3) жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар қайта ұйымдастырылған және (немесе) кредит сомасы 60 (алпыс) миллион теңгеден аспайтын жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік тіркелгенінен бері алты айдан аз уақыт өткен;

      4) кредиттің мақсаты қайта қаржыландыру болып табылатын жағдайларды қоспағанда, кредиттік бюроның деректеріне сәйкес кредит берілген немесе кредиттік өтінім берілген сәтте күнтізбелік тоқсан күннен астам мерзімге кешіктірілген несиелік берешегі бар;

      5) "Банктік және сақтандыру қызметінің, бағалы қағаздар рыногының кәсіби қатысушылары қызметінің және бағалы қағаздар рыногындағы лицензияланатын басқа да қызмет түрлерінің, акционерлік инвестициялық қорлар және микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар қызметінің мақсаттары үшін офшорлық аймақтардың тізбесін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басқармасының 2020 жылғы 24 ақпандағы № 8 қаулысында көрсетілген офшорлық аймақтарда тіркелген, сондай-ақ қатысушылары және (немесе) акционерлері офшорлық аймақтарда тіркелген.

      ШОК субъектілерінің мақұлданған өтінімдеріне кредит беру мақсатында ЕДБ ҚРҰБ-дағы жеке банктік шотынан қаражатты есептен шығару үшін қажетті соманы "Даму" КДҚ" АҚ-мен алдын ала келісуді жүзеге асырады. Бұл ретте қаражаттың мақсатқа сай пайдаланылуын түпкілікті тексеруді "Даму" КДҚ" АҚ ШОК субъектілері жобаны іске асыратын жерге барғаннан кейін жүзеге асырады.

      Кредиттер ШОК субъектілеріне мақсатқа сай пайдалану, ақылылық, мерзімділік, қайтарымдылық және қамтамасыз етілу шарттарымен беріледі.

      Кредит валютасы – теңге.

      ШОК субъектілеріне кредит беру мақсаты:

      1) негізгі құралдардың түпкілікті қарыз алушылар үшін жаңаларын (яғни түпкілікті қарыз алушылар алғаш пайдаланатын) сатып алу, құру және жаңғырту;

      2) әрбір ЕДБ-ге кредит қаражаты сомасының 50 %-ына дейін қолданыстағы инвестициялық кредиттерді қайта қаржыландыру;

      3) экспорт алдындағы/экспорттық қаржыландыру және/немесе экспортқа бағдарланған жобаларды қаржыландыру мақсаттары үшін айналым қаражатын толықтыру және (немесе) инвестициялық жобаларды қаржыландыру.

      ЕДБ тарапынан ерте дегенде 2026 жылғы 1 қаңтардан қаржыландырылған өңдеу өнеркәсібіндегі ШОК субъектілеріне жаңа жобаларға берілген ЕДБ-нің қарыздары бойынша қайта қаржыландыруға жол беріледі.

      Өзге шарттар кредиттік келісімде айқындалады.

      ШОК субъектілері үшін номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылына 12,6 %-дан аспайды, бұл ретте сыйақы мөлшерлемесінің көрсетілген мөлшері Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын ЕДБ қаражатымен микширлеу есебінен белгіленеді.

      Бір ШОК субъектісіне/байланысты тұлғалар тобы үшін қаржыландырудың ең жоғары лимиті – "Даму қоры" АҚ қаражатын шартты түрде орналастырудың барлық бағдарламалары бойынша ағымдағы міндеттемелер ескерілгенде 7 (жеті) миллиард теңге.

      ШОК субъектілеріне кредит беру мерзімі – 10 жылға дейін.

      Уәкілетті орган сұрау салуды алған күннен кейін 7 (жеті) жұмыс күні ішінде жобаны қаржыландырудың салалық орындылығы немесе орынсыздығы туралы қорытынды береді.

      Осы бөлімнің шарттары "Alatau City Bank" АҚ берген қарыздарға қолданылмайды.

5. Екінші деңгейдегі банктерге қойылатын талаптар

      Халықаралық рейтинг агенттігі берген кредит рейтингінің "В-" төмен болмауы.

      Қазақстан Республикасының кемінде 5 өңірінде филиалдар желісінің болуы.

      Қаражат берілген күні жұмыс істемей тұрған кредиттерінің деңгейі 15 %-дан жоғары ЕДБ үшін ҚРҰБ-мен жеке келісім жасасу талабы қосымша белгіленеді. Жеке келісімде ЕДБ-ның жұмыс істемей тұрған кредиттер деңгейін ҚРҰБ белгілеген мерзімде 15 %-ға дейін төмендету міндеті көзделетін болады. ЕДБ жеке келісімнің шарттарын орындамаған жағдайда, қаражатты "Даму" КДҚ" АҚ-ға қайтару көзделеді.

6. Мемлекеттік қолдаудың қосымша шаралары

      Ескерту. 6-бөлім жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 29.04.2026 № 346 қаулысымен.

      Осы Жоспар шеңберінде қаражат алатын ШОК субъектілерінің жаңа жобаларын қаржыландыруды ынталандыру үшін "Даму" КДҚ" АҚ іске асыратын бағдарламалар шеңберінде "Даму" КДҚ" АҚ-ның жаңа жобалар бойынша кредиттерге кепілдік беру тетігін қолдануы көзделеді.

7. Мониторинг

      Ескерту. 7-бөлімге өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 26.02.2016 № 119; 29.12.2018 № 937; 29.04.2026 № 346 қаулыларымен.

      "Даму" КДҚ" АҚ:

      1) ЕДБ-ның қаражатты мақсатты пайдаланылуы мен уақтылы игерілуіне;

      2) ШОК субъектілері алған қаражаттың мақсатты пайдаланылуына;

      3) ЕДБ-нің бұрын берілген қарыздарды өтеуден босатылатын қаражат есебінен ШОК субъектілерін уақтылы қаржыландыруына мониторингті жүзеге асырады.

      Бөлінетін қаражаттың экономикалық нәтижелеріне мониторинг жүргізу мақсатында ШОК субъектілерінің келісімі болған жағдайда, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті "Даму" КДҚ" АҚ-ға салықтық құпия болып табылатын мынадай мәліметтерді: салық салуға жатпайтын кірістерді ескере отырып, жиынтық жылдық кіріс, шетелдік көздерден түсетін кірістер, салық салынатын кіріс, сатылған тауарлар (жұмыстар, көрсетілген қызметтер) бойынша жұмсалған шығыстар, жұмыскерлердің есепке жазылған кірістері бойынша жұмсалған шығыстар, таза кіріс, жұмыскерлердің саны (адам), бір жұмыскерге есептегенде орташа айлық жалақы, салықтық төлемдердің сомалары туралы ақпаратты ұсынады.

      "Даму" КДҚ" АҚ осы Жоспарды іске асыруға қатысатын ЕДБ-ның қаржы-экономикалық жағдайын талдауды тұрақты түрде жүзеге асыратын болады.

      ЕДБ тұрақты негізде "Даму" КДҚ" АҚ-ға қаражаттың игерілуі туралы есеп жіберіп тұратын болады, есеп беру нысаны мен мерзімдері тиісті кредиттік келісімде көрсетіледі. Бұл ақпаратты "Даму" КДҚ" АҚ Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 19 мамырдағы № 879 Жарлығымен құрылған Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген қаражаттың жұмсалуын мониторингтеу жөніндегі комиссияға (бұдан әрі – Комиссия) және "Бәйтерек" ҰИХ" АҚ-ға береді.

      ЕДБ қаржыландырылған ШОК субъектілеріне мониторинг жүргізеді. Бұл ретте ШОК субъектісінің қаржыландырылған әрбір жобасы бойынша жеке кредит досьесі жүргізіледі, онда ШОК субъектісінің қаражатты мақсатты пайдаланғанын растайтын құжаттар сақталуы тиіс.

      "Даму" КДҚ" АҚ Жоспар шеңберінде бөлінетін қаражат бойынша ЕДБ төлем тәртібін қадағалайтын болады.

      "Даму" КДҚ" АҚ Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатының есебінен ЕДБ-ден қарыздар алған түпкілікті қарыз алушылар және ЕДБ-ге кредит беру жөнінде өтініш білдірген, сондай-ақ ЕДБ-нің кредит беру туралы оң шешімін алған кәсіпкерлік субъектілері туралы ақпаратты, оның ішінде банктік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын, "Даму" КДҚ" АҚ мен ЕДБ арасында жасалған кредиттік келісімдердің талаптарына сәйкес ЕДБ-ден алынған ақпаратты Комиссияға және оның құрамына кіретін мемлекеттік органдар мен ұйымдарға ұсынады.

      "Даму" КДҚ" АҚ-ның осы Жоспарды іске асыруға қатысатын ЕДБ-ның қаржылық-экономикалық жағдайын талдауды тұрақты негізде жүзеге асыру міндеттемесін қоспағанда, осы бөлімнің шарттары "Alatau City Bank" АҚ берген қарыздарға қолданылмайды.

  Қазақстан Республикасының
Үкіметі мен Қазақстан
Республикасы Ұлттық
Банкінің өңдеу өнеркәсібіндегі
шағын және орта кәсіпкерлік
жобаларын қаржыландыруды
қамтамасыз ету жөніндегі
бірлескен іс-қимыл жоспарына
1-қосымша

Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жобаларын қаржыландыру үшін өңдеу өнеркәсібі салаларының тізбесі

      Ескерту. 1-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 29.04.2026 № 346 қаулысымен.

Секция

Атауы

ЭҚЖЖ коды

1

2

3

С

Өңдеу өнеркәсібі

10-33


Тамақ өнімдерінің өндірісі

10


Сусындар өндірісі

11


Тоқыма бұйымдарының өндірісі

13


Киім өндірісі

14


Былғары және оған қатысты өнімдер өндірісі

15


Жиһаздан басқа ағаш және тығын бұйымдарының өндірісі; сабаннан және тоқуға арналған материалдардан жасалған бұйымдар өндірісі

16


Қағаз және қағаз өнімдерінің өндірісі

17


Полиграфиялық қызмет және жазып алынған ақпарат жеткізгіштерді тыңдатып көрсету

18


Кокс және мұнай өңдеу өнімдерінің өндірісі

19


Химия өнеркәсібі өнімдерінің өндірісі

20


Негізгі фармацевтикалық өнімдер мен препараттар өндірісі

21


Резеңке және пластмасса бұйымдарының өндірісі

22


Өзге де металл емес минералды өнімдер өндірісі

23


Металлургия өнеркәсібі

24


Машиналар мен жабдықтардан басқа, дайын металл бұйымдардың өндірісі

25


Компьютерлер, электрондық және оптикалық жабдықтар өндірісі

26


Электр жабдықтарының өндірісі

27


Басқа да санаттарға енгізілмеген машиналар мен жабдықтар өндірісі

28


Автомобильдер, тіркемелер және жартылай тіркемелер өндірісі

29


Өзге де көлік құралдарының өндірісі

30


Жиһаз өндірісі

31


Өзге де дайын бұйымдар өндірісі

32


Машиналар мен жабдықтарды жөндеу және орнату

33

  Қазақстан Республикасының
Үкіметі мен Қазақстан
Республикасы Ұлттық
Банкінің өңдеу өнеркәсібіндегі
шағын және орта кәсіпкерлік
жобаларын қаржыландыруды
қамтамасыз ету жөніндегі
бірлескен іс-қимыл жоспарына
1-1-қосымша

Қаржыландырылатын тамақ өнеркәсібі салаларының тізбесі

      Ескерту. Қаулы 1-1-қосымшамен толықтырылды – ҚР Үкіметінің 12.02.2019 № 57 қаулысымен; алып тасталды - ҚР Үкіметінің 29.04.2026 № 346 қаулысымен.

  Қазақстан Республикасының
Үкіметі мен Қазақстан
Республикасы Ұлттық Банкінің
өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және
орта кәсіпкерлік
жобаларын қаржыландыруды
қамтамасыз ету жөніндегі
бірлескен іс-қимыл жоспарына
2-қосымша

"Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" акционерлік қоғамы мен екінші
деңгейдегі банктер арасындағы өңдеу өнеркәсібі саласындағы
шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне кейіннен кредит беру
үшін қаражатты екінші деңгейдегі банктерге орналастыру туралы
кредиттік келісім

      Ескерту. 2-қосымша алып тасталды - ҚР Үкіметінің 26.02.2016 № 119 қаулысымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады