"Қазақстан Республикасының Президенті туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 20-бабына сәйкес:
1. Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің жанындағы Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы (бұдан әрі - Ведомствоаралық жұмыс тобы) құрылсын.
2. Қоса беріліп отырған:
1) Ведомствоаралық жұмыс тобы туралы ереже;
2) Ведомствоаралық жұмыс тобының құрамы бекітілсін.
3. Осы өкімнің орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
|
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ.Тоқаев |
| Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 26 қаңтардағы № 277 өкімімен БЕКІТІЛГЕН |
Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің жанындағы Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы туралы
ЕРЕЖЕ
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің жанындағы Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы (бұдан әрі - ВАЖТ) осы салада мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен іске асыруға жәрдемдесу мақсатында құрылды.
2. ВАЖТ өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерін, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін және осы Ережені басшылыққа алады.
2-тарау. ВАЖТ-тың міндеттері, функциялары және өкілеттіктері
3. ВАЖТ-тың негізгі міндеттері:
1) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл (бұдан әрі - КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚІ) саласындағы мемлекеттік саясатты айқындау және іске асыру үшін жағдайлар жасау;
2) КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚІ жүйесін жетілдіруге жәрдемдесу;
3) КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚІ саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға жәрдемдесу;
4) Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін ескере отырып, оның КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚІ саласындағы халықаралық-құқықтық міндеттемелерді қабылдауына және іске асыруына жәрдемдесу;
5) Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де міндеттер.
4. ВАЖТ жүктелген міндеттерге сәйкес:
1) мемлекеттік органдардың КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚІ саласындағы қызметінің негізгі бағыттары бойынша ұсыныстарды әзірлеуге қатысады;
2) мемлекеттік органдардың КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚІ саласындағы ұстанымдарын олардың жедел және қызметтік жұмысына араласпай ведомствоаралық келісуді жүзеге асырады;
3) КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚІ саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру нәтижелерін қарайды;
4) мемлекеттік органдардың КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚІ жүйесін жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын қарайды;
5) КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚІ саласында халықаралық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі шараларды әзірлеуге қатысады;
6) КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚІ саласында мемлекеттің қызметін жетілдіруге бағытталған өзге де функцияларды орындайды.
5. ВАЖТ:
1) мемлекеттік органдардан қажетті материалдар мен ақпаратты белгіленген тәртіппен сұратуға және алуға;
2) отырыстарда ВАЖТ мүшелерін тыңдауға, осы Ереженің 9-тармағында санамаланған адамдарды ВАЖТ отырыстарына шақыруға;
3) жекелеген жұмыс түрлерін жүзеге асыру үшін сарапшылар мен ғалымдарды белгіленген тәртіппен тартуға;
4) жүктелген міндеттер, функциялар мен өкілеттіктер шегінде шешімдер қабылдауға уәкілетті.
3-тарау. ВАЖТ жұмысын ұйымдастыру және оның жұмыс тәртібі
6. ВАЖТ басшыдан, оның орынбасарынан және ВАЖТ-тың өзге де мүшелерінен тұрады.
ВАЖТ басшысы ВАЖТ қызметін басқарады, отырыстардың күн тәртібін айқындайды және отырыстарда төрағалық етеді.
ВАЖТ басшысының орынбасары ВАЖТ жұмыс органының қызметін қамтамасыз етеді және ВАЖТ басшысы болмаған жағдайда оның отырыстарында төрағалық етеді.
ВАЖТ басшысы болмаған жағдайда ВАЖТ отырысының күн тәртібін оның орынбасары айқындайды.
ВАЖТ хатшысы белгіленген тәртіппен ВАЖТ отырыстарының хаттамасын жасауды және ВАЖТ іс жүргізуін ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.
ВАЖТ хатшысы ВАЖТ мүшесі болмайды.
7. ВАЖТ-тың жұмыс органы (бұдан әрі - Жұмыс органы) Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі болып табылады.
Жұмыс органы:
1) ВАЖТ-тың қызметі мен отырыстарын ұйымдастыруды, ВАЖТ мүшелерімен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді;
2) ВАЖТ-тың жұмыс жоспарын ВАЖТ басшысына бекітуге енгізеді;
3) ВАЖТ отырыстарының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды оның басшысына енгізеді;
4) ВАЖТ отырыстарының материалдарын қалыптастырады және ВАЖТ басшысына енгізеді.
8. ВАЖТ мүшелері:
1) Жұмыс органына ВАЖТ-тың жұмыс жоспары және отырыстардың күн тәртібі бойынша ұсыныстар енгізеді;
2) ВАЖТ шешімдерін іске асыру бойынша қабылданған шаралар туралы Жұмыс органын хабардар етеді;
3) ВАЖТ отырыстарына материалдарды дайындауға қатысады.
9. ВАЖТ отырыстарына ВАЖТ-тың құрамына кірмейтін мемлекеттік органдардың, қаржылық мониторинг субъектілерінің, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардың өкілдері шақырылуы мүмкін.
ВАЖТ қызметін қамтамасыз ету мақсатында зерттеу, талдау және басқа да жұмыс түрлерін орындау үшін белгіленген тәртіппен сарапшылар мен ғалымдар тартылуы мүмкін.
10. ВАЖТ отырыстары күнтізбелік бір жылға жасалатын және ВАЖТ басшысы бекітетін оның жұмыс жоспарына сәйкес өткізіледі.
ВАЖТ-тың жұмыс жоспарының жобасын Жұмыс органы әзірлейді, ол ВАЖТ мүшелерімен келісіледі және жоспарланатын жылдың алдындағы жылдың бірінші желтоқсанынан кешіктірілмей, ВАЖТ басшысына бекітуге енгізіледі.
ВАЖТ басшысының шешімі бойынша ВАЖТ-тың жұмыс жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, ал қажет болған кезде кезектен тыс және жоспардан тыс отырыстар өткізілуі мүмкін.
11. ВАЖТ отырыстары жарты жылда бір реттен сиретпей өткізіледі және егер оған ВАЖТ мүшелерінің жалпы санының кемінде жартысы қатысса, заңды деп саналады.
ВАЖТ басшысының шешімі бойынша оның отырысы бейнеконференция байланысы форматында өткізілуі мүмкін.
12. Жұмыс органы ВАЖТ отырысының материалдарын ВАЖТ басшысымен келісу үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне ВАЖТ отырысына дейін он бес жұмыс күнінен кешіктірмей енгізеді.
ВАЖТ басшысымен келісілгеннен кейін материалдарды Жұмыс органы ВАЖТ мүшелеріне отырысқа дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей (шұғыл жағдайда - бір жұмыс күнінен кешіктірмей) ұсынады.
13. ВАЖТ шешімі оның отырысқа қатысып отырған мүшелері санының жай көпшілік дауысымен қабылданады.
Дауыстар тең болған кезде отырыста төрағалық етуші жақтап дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.
Шешімге отырыста төрағалық етуші мен әрбір дауыс берген ВАЖТ мүшесі қол қояды.
14. ВАЖТ шешімі қабылданған күнінен кейін бес жұмыс күнінен кешіктірілмей, ВАЖТ мүшелеріне және құзыретті мемлекеттік органдарға жіберіледі.
ВАЖТ шешімін алған мемлекеттік орган және оның жауапты лауазымды адамдары Жұмыс органын жүргізілген жұмыс пен оның нәтижелері туралы белгіленген мерзімде хабардар етеді.
15. ВАЖТ Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша қайта ұйымдастырылады және таратылады.
| Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 26 қаңтардағы № 277 өкімімен БЕКІТІЛГЕН |
Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің жанындағы Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының (бұдан әрі - ВАЖТ)
ҚҰРАМЫ
Қазақстан Республикасы Президентінің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі - ВАЖТ басшысы;
Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы - ВАЖТ басшысының орынбасары;
Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі Қаржылық мониторинг субъектілерімен жұмыс департаментінің басшысы - ВАЖТ хатшысы.
ВАЖТ мүшелері:
Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Әлеуметтік-экономикалық саясат бөлімінің меңгерушісі;
Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі;
Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Мемлекеттік құқық бөлімінің меңгерушісі;
Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары;
Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының бірінші орынбасары;
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары;
Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары;
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары;
Қазақстан Республикасының Әділет вице-министрі.