Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы Бәсекелестіктің жалпы қағидаттары мен қағидалары туралы хаттаманың (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа (бұдан әрі – Шарт) № 19 қосымша) 10-тармағының 1 – 3-тармақшаларына, Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2012 жылғы 23 қарашадағы № 99 шешімімен бекітілген Трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің жалпы қағидаларының бұзылуы туралы істерді қарау тәртібінің (бұдан әрі – Істерді қарау тәртібі) 44 және 45-тармақтарына сәйкес трансшекаралық нарықтарда ветеринариялық препараттарды және жемшөп қоспаларын көтерме саудада өткізуде бәсекелестіктің жалпы қағидаларының бұзылуы туралы іс бойынша (бұдан әрі – іс) трансшекаралық нарықтарда бәсекелестіктің жалпы қағидаларын бұзушылықтың болмауы туралы мәселені қарады.
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2024 жылғы 23 желтоқсандағы № 152 шешіміне сәйкес қайта басталған істің материалдарын қарау нәтижелері бойынша Еуразиялық экономикалық одақтың бәсекелестік саласындағы құқығына кіретін халықаралық шарттар мен актілердің ережелеріне сүйене отырып, істің нақты мән-жайын және осы Шешімнің сипаттамалық және дәлелдемелік бөліктерінде ұсынылған істі қарау жөніндегі комиссияның қорытындыларын қосымшаға сәйкес зерделей отырып, Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:
1. "Белйодобром" жеке біртұтас сауда кәсіпорны (Беларусь Республикасы, Минск облысы, Смолевичский ауданы, Озерицко-Слободской ауылдық кеңесі, Слобода агроқалашығы, Оршанский көшесі, 15-үй, ТН 190252937, тіркелген күні – 2001 жылғы 28 маусым, ТЕАН 190252937) (бұдан әрі –"Белйодобром" БК) және "Белфармаком" жауапкершілігі шектеулі қоғамы (Ресей Федерациясы, Белгород облысы, Белгород қаласы, 5 тамыз көшесі, 2-үй, А корпусы, НМТН 1083123013489, тіркелген күні – 2008 жылғы 6 тамыз, РНН 3123184191) (бұдан әрі – "Белфармаком" ЖШҚ), сондай-ақ "Белйодобром" БК лауазымды тұлғасы В.Б. Козловский (дербес деректері жарияланбайды) және "Белфармаком" ЖШҚ лауазымды тұлғалары А.В. Верзун, Д.В. Григорьев, С.А. Калугин, П.А. Подгорнов және А.Н. Родин (дербес дерекетрі жарияланбайды) тарапынан тауар нарығын аумақтық қағидат бойынша бөлуге әкеп соғуы мүмкін ветеринариялық препараттар мен жемшөп қоспаларын көтерме сауда жасау нарығында сату аумағын шектеу және осы ережелерді іске асыру туралы ережелерді қамтитын 2016 жылғы 25 шілдедегі және 2018 жылғы 3 мамырдағы (2016 жылғы 25 шілдеден бастап 2022 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі кезеңде қолданыста болған) шарттарды жасасуда көрсетілген Шарттың 76-бабы 3-тармағының 3-тармақшасының және 5-тармағының бұзылуының болмауы танылсын және Істерді қарау тәртібінің 46-тармағының 1-тармақшасы негізінде аталған тұлғаларға қатысты істі қарау тоқтатылсын.
2. "Ветеринариялық препараттар зауыты" акционерлік қоғамы (Ресей Федерациясы, Владимир облысы, Гусь-Хрустальный қаласы, Химзаводская көшесі, 2-үй, НМТН 1023300593216, тіркелген күні – 1993 жылғы 27 мамыр, СТН 3304001940) (бұдан әрі – "ВПЗ" АҚ) және "Белйодобром" БК, сондай-ақ "ВПЗ" АҚ лауазымды тұлғасы М.Л. Яхаев (дербес деректері жарияланбайды) және "Белйодобром" БК лауазымды тұлғасы В.Б. Козловски (дербес деректері жарияланбайды) тарапынан тауар нарығын аумақтық қағидат бойынша бөлуге әкеп соғуы мүмкін ветеринариялық препараттар мен жемшөп қоспаларын көтерме сауда жасау нарығында сату аумағын шектеу және осы ережелерді іске асыру туралы ережелерді қамтитын 2017 жылғы 1 қаңтардағы (2017 жылғы 1 қаңтардан бастап 2020 жылғы 1 қазанға дейінгі кезеңде қолданыста болған) шартты жасасуда көрсетілген Шарттың 76-бабы 3-тармағының 3-тармақшасының және 5-тармағының бұзылуының болмауы танылсын және Істерді қарау тәртібінің 46-тармағының 1 және 4-тармақшалары негізінде аталған тұлғаларға қатысты істі қарау тоқтатылсын.
3. Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының "Трансшекаралық нарықтарда бәсекелестіктің жалпы қағидаларын бұзудың болуы туралы" 2024 жылғы 28 мамырдағы № 61 шешімінің күші жойылсын.
4. Осы Шешімге белгіленген тәртіппен Еуразиялық экономикалық одақ Сотына шағымдануға болады.
5. Осы Шешім ресми жарияланған күннен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.
|
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы Төрағасының міндетін уақытша атқарушы |
Б. Сұлтанов |
| Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2025 жылғы 19 тамыздағы № 73 шешіміне ҚОСЫМША |
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2025 жылғы 19 тамыздағы № 73 шешімінің СИПАТТАМАЛЫҚ және ДӘЛЕЛДЕМЕЛІК БӨЛІКТЕРІ
Еуразиялық экономикалық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) Беларусь Республикасы Монополияға қарсы реттеу және сауда министрлігінің (2022 жылғы 28 ақпандағы кіріс № 3542 хаты) "Белфармаком" жауапкершілігі шектеулі қоғамы (Ресей Федерациясы, Белгород облысы, Белгород қаласы, 5 тамыз көшесі, 2-үй, А корпусы, НМТН 1083123013489, тіркелген күні – 2008 жылғы 6 тамыз,ЖСН 3123184191) (бұдан әрі – "Белфармаком" ЖШҚ), "Ветеринариялық препараттар зауыты" акционерлік қоғамы (Ресей Федерациясы, Владимир облысы, Гусь-Хрустальный қаласы, Химзаводская көшесі, 2-үй, НМТН 1023300593216, тіркелген күні – 1993 жылғы 27 мамыр, СТН 3304001940) (бұдан әрі – "ВПЗ" АҚ) және "Белйодобром" біртұтас кәсіпорны (Беларусь Республикасы, Минск облысы, Смолевичский ауданы, Озерицко-Слободской ауылдық кеңесі, Слобода агроқалашығы, Оршанская көшесі, 15-үй, ТН 190252937, тіркелген күні – 2001 жылғы 28 маусым, ТЕН 190252937) (бұдан әрі – "Белйодобром" БК) тарапынан 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 76-бабының 3 – 6-тармақтарының ережелерін бұзудың ықтимал белгілерінің болуы туралы материалдарды (бұдан әрі – материалдар) қарады, трансшекаралық нарықтарда бәсекелестіктің жалпы қағидаларының бұзылуына тергеп-тексеру жүргізді және трансшекаралық нарықтарда бәсекелестіктің жалпы қағидаларының бұзылуы туралы істі қарады.
Трансшекаралық нарықтарда бәсекелестіктің жалпы қағидаларының бұзылуы туралы істі қарау нәтижелері бойынша Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының "Трансшекаралық нарықтарда бәсекелестіктің жалпы қағидаларын бұзудың болуы туралы" 2024 жылғы 28 мамырдағы № 61 шешімімен (бұдан әрі – № 61 шешім) "Белфармаком" ЖШҚ, "Белйодобром" БК, "ВПЗ" АҚ және олардың лауазымды тұлғалары А.В. Верзун, Д.В. Григорьев, В.Б. Козловский, П.А. Подгорнов, А.Н. Родин және М.Л. Яхаев тарапынан тауар нарығын аумақтық қағидат бойынша бөлуге әкеп соғуы мүмкін ветеринариялық препараттар мен жемшөп қоспаларын көтерме сауда жасау нарығында сату аумағын шектеу және осы ережелерді ісе асыру туралы ережелерді қамтитын шарттарды жасасу кезінде көрсетілген Шарттың 76-бабы 5-тармағының бұзылуының болуы танылған болатын.
Еуразиялық экономикалық одақ Сотының "Белйодобром" БК және "Белфармаком" ЖШҚ № 61 шешімді даулауы туралы іс бойынша 2024 жылғы 29 қазандағы шешімімен (бұдан әрі – Сот шешімі) № 61 шешімнің 1-тармағының "а" және "б" тармақшалары Шартқа және Еуразиялық экономикалық одақ (бұдан әрі – Одақ) шеңберіндегі халықаралық шарттарға сәйкес келмейді және "Белйодобром" БК және "Белфармаком" ЖШҚ кәсіпкерлік және өзге экономикалық қызмет саласындағы құқықтары мен заңды мүдделерін бұзады деп танылды.
Сот Шешімін орындау үшін Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының "Еуразиялық экономикалық одақ Соты Алқасының 2024 жылғы 29 қазандағы шешімін орындау туралы" 2024 жылғы 23 желтоқсандағы № 152 шешімі қабылданды, оның 2-тармағына сәйкес Комиссия Алқасы Комиссияның 2022 жылғы 21 желтоқсандағы № 77/ұйғ ұйғарымымен қозғалған трансшекаралық нарықтарда бәсекелестіктің жалпы қағидаларының бұзылуы туралы істі (бұдан әрі – іс) қарауды қайта бастады.
2025 жылғы 30 қаңтардағы № 2/ұйғ ұйғарымымен істі қарау жөніндегі комиссия мынадай құрамда:
істі қарау жөніндегі комиссияның төрағасы С.В. Максимов;
істі қарау жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары И.А. Ивантей;
істі қарау жөніндегі комиссия мүшелері: А.Б. Әбділдаева, Ш.Т. Жүсіпбекова, А.Л. Сейталиев және С.С. Суменков
істі қарауды қайта бастады.
Істі қарауға қатысқан тұлғалар:
құзыретіне бәсекелестік (монополияға қарсы) саясатты іске асыру және (немесе) жүргізу кіретін Одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі –мүше мемлекеттер) уәкілетті органдарының өкілдері: А.В. Войно, Я.А. Петрушина, О.А. Савинова, Е.О. Ганина, В.В. Лазарева және К.В. Володченко;
сенімхат бойынша жауапкерлердің өкілдері: О.А. Митина, В.Е. Петухова, К.Ю. Киселева және И.М. Яхаев.
Іс материалдарын қарау нәтижелері бойынша, оның ішінде жауапкерлердің жаңа мән-жайларды, Шарттың 76-бабының 5-тармағында көзделген бұзушылықты жасағанын жоққа шығаратын жаңа мән-жайларды, наразылықтар мен дәлелдерді зерделеу нәтижелері бойынша, сондай-ақ істі қарауға қатысқан тұлғаларды, қаралатын істің мән-жайлары туралы мәліметтерді иеленетін басқа да тұлғаларды тыңдау нәтижелері бойынша мыналар анықталды.
Материалдарды қарау шеңберінде Комиссияның уәкілетті құрылымдық бөлімшесі Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2012 жылғы 23 қарашадағы № 97 шешімімен бекітілген Трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің жалпы қағидаларын бұзу туралы өтініштерді (материалдарды) қарау тәртібінің 1312-тармағына (бұдан әрі – Өтініштерді қарау тәртібі) және Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2013 жылғы 30 қаңтардағы № 7 шешімімен бекітілген Бәсекелестіктік жай-күйін бағалау әдістемесіне (бұдан әрі – Әдістеме) сәйкес ветеринариялық препараттарды және жемшөп қоспаларын көтерме сату нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйін бағалау жүргізілді.
Бәсекелестіктің жалпы қағидаттары мен қағидалары туралы хаттаманың (Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 19 қосымша) (бұдан әрі – Хаттама) 11-тармағына және Әдістеменің 61 – 63-тармақтарына сәйкес бәсекелестіктің жай-күйін бағалаудың негізгі нәтижелері құпия ақпаратты қорғауға қойылатын талаптар бұзылмайтын бөлігінде баяндалған.
Әдістеменің ІІ бөліміне сәйкес тауар нарығын зерттеудің уақыт аралығы ретінде 2019 жылдан 2022 жылғы маусымға дейінгі кезең айқындалған.
Әдістеменің ІІІ бөліміне сәйкес тауар нарығының өнім шекаралары ветеринариялық препараттар мен жемшөп қоспаларын (бұдан әрі тиісінше – тауар нарығы, тауар) көтерме сату ретінде айқындалған.
Әдістеменің IV бөліміне сәйкес тауар нарығының географиялық шекаралары Беларусь Республикасы мен Ресей Федерациясының аумақтарын қамтитыны белгіленген.
Әдістеменің V және VI бөлімдерінің ережелерін ескере отырып, тауар нарығында әрекет ететін шаруашылық жүргізуші субъектілер (нарық субъектілері) белгіленді және тауар нарығында әрекет ететін шаруашылық жүргізуші субъектілердің (нарық субъектілерінің) үлестері мен тауар нарығының көлемін есептеу жүргізілді. Бұл ақпарат құпия болып табылатындығына байланысты осы құжатта берілмейді.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2012 жылғы 19 желтоқсандағы № 29 шешімімен бекітілген Нарықты трансшекаралыққа жатқызу критерийлерінің (бұдан әрі – Критерийлер) 2-тармағы негізінде тауар 2 және одан да көп мүше мемлекеттердің аумақтарында айналысқа шығарылатыны, осыған байланысты тауар нарығы трансшекаралық болып табылатыны белгіленген.
Критерийлердің 4-тармағын ескере отырып, шаруашылық жүргізуші субъектілердің Шарттың 76-бабының 3 – 5-тармақтарында белгіленген тыйым салуларды бұзуының жолын кесуді Комиссия жүзеге асырады, өйткені жауапкерлер Беларусь Республикасы мен Ресей Федерациясында заңды тұлға ретінде тіркелген.
Хаттамаға Өтініштерді қарау тәртібінің 1312-тармағына және Әдістемеге сәйкес трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің жай-күйін бағалауды жүргізуге байланысты материалдарды қарау тоқтатылды, ол туралы 2022 жылғы 14 наурыздағы № 12/ұйғ тиісті ұйғарымы шығарылды (қарау 2022 жылғы 23 тамыздағы № 44/ұйғ ұйғарымымен қайта басталды).
Хаттаманың 132-тармағында көзделген жағдайлардың болуына байланысты бәсекелестіктің жалпы қағидаларын бұзу белгілерін қамтитын әрекеттерді (әрекетсіздікті) тоқтату қажеттілігі туралы және (немесе) осындай бұзушылық белгілерінің туындауына ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою туралы және осындай әрекеттердің (әрекетсіздіктің) салдарын жою бойынша шаралар қабылдау туралы ескерту берілген жоқ.
Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2012 жылғы 23 қарашадағы № 98 шешімімен бекітілген Трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің жалпы қағидаларын бұзушылықтарға тергеп-тексеруді жүргізу тәртібінің 3-тармағының 1-тармақшасына, Хаттаманың 10-тармағның 4-тармақшасына және 12-тармағына, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2013 жылғы 14 мамырдағы № 112 шешімінің 1-тармағына сәйкес материалдарды қарау нәтижелері бойынша Комиссия трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің жалпы қағидаларының бұзылуын тергеп-тексеруді жүргізу туралы 2022 жылғы 23 тамыздағы № 43/ұйғ ұйғарымын (бұдан әрі – тергеп-тексеру) шығарды және "Белфармаком" ЖШҚ, "ВПЗ" АҚ және "Белйодобром" БК қатысты тиісті тергеп-тексеру жүргізді.
Жүргізілген тергеп-тексеру нәтижелері бойынша Шарттың 76-бабы 3-тармағының 3-тармақшасын бұзу белгілері бойынша іс қозғалды.
2023 жылғы 27 ақпандағы № 26/ұйғ және 2023 жылғы 11 сәуірдегі № 35/ұйғ ұйғарырымдарымен жауапкерлердің лауазымды тұлғалары тартылды: А.В. Верзун, Д.В. Григорьев, С.А. Калугин, В.Б. Козловский, П.А. Подгорнов, А.Н. Родин және М.Л. Яхаев іс бойынша жауапкер ретінде тартылды.
Шешім қабылдау үшін қосымша мәліметтер алу қажеттілігіне байланысты істі қарау мерзімі 2023 жылғы 20 маусымға дейін ұзартылды, бұл туралы 2023 жылғы 16 наурыздағы № 31/ұйғ ұйғарымы шығарылды. Осы ұйғарыммен істің мән-жайы туралы мәліметтерді иеленетін тұлға ретінде "Меркурий Универсал" жауапкершілігі шектеулі қоғамы (Беларусь Республикасы, Минск облысы, Дзержинск ауданы, Дзержинск қаласы, Стадионная көшесі, 11-үй, ТН 190203921, тіркелген күні – 2001 жылғы 14 ақпан, ТЕН 190203921) (бұдан әрі – "Меркурий Универсал" ЖШҚ) тартылды.
Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2012 жылғы 23 қарашадағы № 99 шешімімен бекітілген Трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің жалпы қағидаларын бұзу туралы істерді қарау тәртібінің (бұдан әрі – Істерді қарау тәртібі) 23-тармағына сәйкес 2023 жылғы 16 маусымда істі қарау аяқталды, оның нәтижелері бойынша көрсетілген Тәртіптің 44-тармағына сәйкес № 61 шешім қабылданды.
Іс материалдарының мазмұны "Белйодобром" БК мен "Белфармаком" ЖШҚ арасында және "Белйодобром" БК мен "ВПЗ" АҚ арасында жасалған 2 дербес шарттың бар екенін көрсетеді.
"Белфармаком" ЖШҚ мен "Белйодобром" БК арасындағы шартта бәсекелестіктің жалпы қағидаларының бұзылуы белгілері
"Белфармаком" ЖШҚ мен "Белйодобром" БК арасында 2016 жылғы 25 шілдеде № 61 шарт (бұдан әрі – 2016-шарт) жасалған, оған сәйкес "Белйодобром" БК үшін тауар сату аумағы айқындалған (2016-шарттың 1.6-тармағы). "Белфармаком" ЖШҚ "Белйодобром" БК-ға бекітілмеген түпкілікті тұтынушыларға тауарды сатуға бағытталған кез келген әрекеттен бас тарту, сондай-ақ олармен келіссөздер жүргізбеу және осындай түпкілікті тұтынушыға бекітілген өзге жеткізушіден тауар сатып алудан бас тартуға әкеп соқтыратын өзге де әрекеттерді жүзеге асырмау міндетін "Белйодобром" БК-ға жүктейді (2016-шарттың 3.2.8-тармағы).
"Белфармаком" ЖШҚ мен "Белйодобром" БК арасында жасалған 2018 жылғы 3 мамырдағы н/ж дилерлік шарттың (бұдан әрі – 2018-шарт) талаптары бойынша "Белйодобром" БК тауарды тек ведомстволық бағынысты аумақта ғана өткізуді жүзеге асыруға міндетті және өндірушінің, яғни "Белфармаком" ЖШҚ-ның жазбаша келісімінсіз келіссөздер жүргізуге және тауарды ведомстволық бағынысты аумақтан тыс өткізуге, тауарды Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерге (ведомстволық бағынысты аумақтан басқа) және алыс шет елдерге экспорттауға, сондай-ақ ведомстволық бағынысты аумақтан тыс филиалдар құруға құқығы жоқ (2018-шарттың 3-тармағы).
"Белфармаком" ЖШҚ мен "Белйодобром" БК арасында 2023 жылғы 1 қаңтарда № 1/23 шарт (бұдан әрі – 2023-шарт) жасалған, онда бәсекелестіктің жалпы қағидаларының бұзылуы белгілерін қамтитын ережелер жоқ, сонымен бірге 2022 жылғы 31 желтоқсанда 2016-шарттың және 2018-шарттың қолданылуы тоқтатылған.
Осылайша, "Белфармаком" ЖШҚ мен "Белйодобром" БК тарапынан келісім жасасу бөлігінде бәсекелестіктің жалпы қағидаларының ықтимал бұзылуы белгілерін қамтитын бағаланатын қолданылу кезеңі деп 2016-шарт және 2018-шарт қолданылатын кезең белгіленген, атап айтқанда, 2016 жылғы 25 шілдеден бастап 2022 жылғы 31 желтоқсанға дейін.
Жауапкерлердің түсіндірмелері
"Белфармаком" ЖШҚ түсіндірмелерінде ("Белфармаком" ЖШҚ-ның 2022 жылғы 5 тамыздағы шығыс № 32 хаты) 2018-шартта пайдаланылатын "ведомстволық бағынысты аумақ" тіркесі дилер өнімді өткізетін аумақты білдіретінін мәлімдеді. Мұндай аумақ Беларусь Республикасы болып табылады.
"Белйодобром" БК түсіндірмелерінде ("Белйодобром" БК-ның 2022 жылғы 3 тамыздағы шығыс № 623 хаты) 2018-шартқа сәйкес тараптар ведомстволық бағынысты аумақ деп Беларусь Республикасының аумағы түсіндірілетіні көрсетіледі. "Белйодобром" БК тауарды өткізуді тек Беларусь Республикасының аумағында ғана жүзеге асырады. Сондықтан ол өзге аумақта тауарды өткізу туралы қандайда бір келіссөздер жүргізілмеген.
2016 жылғы 25 маусымнан бастап 2022 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі кезеңде "Белфармаком" ЖШҚ-ның атқарушы органдарының өкілеттіктерін жүзеге асыратын лауазымды тұлғалары А.В. Верзун (2009 жылғы 9 ақпаннан бастап 2020 жылғы тамызға дейін Коммерциялық директордың функцияларын атқарушы), П.А. Подгорнов (2020 жылғы 6 қарашадан бастап 2021 жылғы 19 қазанға дейін Бас директордың функцияларын атқарушы), С.А. Калугин (2021 жылғы 21 қазаннан бастап істі қарау аяқталған күнге дейін Бас директор болып табылатын) және А.Н. Родин (2021 жылғы 6 қазаннан бастап істі қарау аяқталған күнге дейін Атқарушы директор болып табылатын) болып табылады.
Іс бойынша жауапкер ретінде тартылған А.В. Верзун мен Д.В. Григорьев олардың іс-әрекеттерінде бәсекелестіктің жалпы қағидаларын бұзудың болуына қатысты келісу немесе келіспеу туралы ұстанымын ұсынбаған.
П.А. Подгорнов өзінің түсіндірмесінде (2023 жылғы 18 мамырдағы кіріс № 9051 хаты) 2020 жылғы 6 қарашадан бастап 2021 жылғы 19 қазанға дейін "Белфармаком" ЖШҚ-ның Бас директоры болғанын хабарлады. "Белфармаком" ЖШҚ мен "Белйодобром" БК арасында жасалған шарттар қолданыста болған, олар бойынша тауарларды жеткізу жүргізілген. "Белфармаком" ЖШҚ Бас директорының міндеттерін атқару кезінде оның тарапынан мүше мемлекеттердің заңнамасын бұзушылыққа жол берілмеген, осыған байланысты ол іс бойынша жауапкершілікке тартылмауы тиіс деп санайды.
С.А. Калугиннің түсіндірмесіне сәйкес ("Белфармаком" ЖШҚ-ның 2023 жылғы 6 сәуірдегі кіріс № 6161 хаты), ол "Белфармаком" ЖШҚ мен "Белйодобром" БК жасаған шарттардың кейбір тармақтары трансшекаралық нарықтарда бәсекелестіктің жалпы қағидаларын бұзу белгілерін қамтитыны туралы білгеннен кейін осы шарттарды бұзу және "Белйодобром" БК-мен даулы тармақтары жоқ жаңа шарт жасасу туралы шешім қабылдаған. Қазіргі уақытта "Белфармаком" ЖШҚ-да құрылтайшылардың бастамасы бойынша басшылар арасында өкілеттіктерді шектеу бар. Бас директор әкімшілік функцияларды жүзеге асырумен және жалпы басшылық етумен айналысады, кез келген ұйымдардағы, мекемелердегі "Белфармаком" ЖШҚ-ның өкілі болып табылады және Жарғы негізінде Қоғамның құжаттарына қол қояды. Атқарушы директор коммерциялық қызметтің қызметіне басшылық етеді және тиісті сенімхат негізінде осы қызметке байланысты құжаттарға қол қояды. Атқарушы директор – коммерциялық сипаттағы шарттарды жасасу туралы, ал Бас директор – басқа қалған шарттар бойынша шешім қабылдайды ("Белфармаком" ЖШҚ-ның 2023 жылғы 4 сәуірдегі шығыс № 17 хаты).
"Белфармаком" ЖШҚ-ның жарғылық құжаттарына сәйкес тауарларды өткізу аумағын шектеу туралы ережелерді қамтитын шарттарды іске асыруға жауапты лауазымды тұлға болып табылатын "Белфармаком" ЖШҚ-ның атқарушы директоры А.Н. Родин де осыған ұқсас түсініктемесі ұсынды ("Белфармаком" ЖШҚ-ның 2023 жылғы 25 сәуірдегі кіріс № 7623 хаты).
Тиісті лауазымға тағайындалған күннен бастап 1 жылдан астам уақыт өткеннен кейін осындай белгілерді жою жөнінде шаралар қабылдаған "Белфармаком" ЖШҚ-ның атқарушы директоры А.Н. Родинді қоспағанда, іс бойынша жауапкер болып табылатын лауазымды тұлғалар Комиссияға бәсекелестіктің жалпы қағидаларын бұзушылықтарды тоқтату және (немесе) жою жөніндегі шараларды қабылдағанын растайтын құжаттарды ұсынбаған.
"Белфармаком" ЖШҚ 2025 жылғы 10 ақпандағы № БФК/25/7 хатпен Комиссия қосымша сұратқан ақпаратты, сондай-ақ "Белфармаком" ЖШҚ мен оның лауазымды тұлғалары С.А. Калугиннің, П.А. Подгорновтың, А.Н. Родиннің іс-әрекеттерінде сату аумақтарын шектеу туралы ережелерді қамтитын шарттарлы жасасуда көрінетін Шарттың 76-бабының 5-тармағын бұзушылықтың болуына байланысты дәлелдерге қатысты наразылықты ұсынды. "Белфармаком" ЖШҚ жол беру критерийлерінің болуын, сондай-ақ бәсекелестікті жою үшін шектеулер мен мүмкіндіктердің болмауын ескере отырып, "Белфармаком" ЖШҚ мен "Белйодобром" БК арасында жасалған шарттар жарамды деп таныла алады деп есептейді.
Сонымен бірге "Белйодобром" БК 2025 жылғы 10 ақпандағы № 84 хатпен Комиссия қосымша сұратқан ақпаратты және "Белйодобром" БК мен оның лауазымды тұлғасы В.Б. Козловскийдің іс-әрекеттерінде тауар нарығын аумақтық қағидат бойынша бөлуге алып келуі мүмкін сату аумағын шектеу туралы ережелерді қамтитын шарттарды жасасуда көрінетін Шарттың 76-бабының 5-тармағын бұзушылықтың болуымен келіспейтіні туралы ұстанымын ұсынды. "Белйодобром" БК "Белйодобром" БК және "Белфармаком" ЖШҚ арасында, "Белйодобром" БК және "ВПЗ" АҚ арасында жасалған шарттар өз табиғаты бойынша сатылас келісім болып табылады және Шарттың 76-бабының 4-тармағында өзделген талаптарды қамтымайды, демек, Шарттың нормаларын бұзбайды деп есептейді.
"Белйодобром" БК және "ВПЗ" АҚ арасындағы шартта қамтылған бәсекелестіктің жалпы қағидаларын бұзушылық белгілері
"ВПЗ" АҚ мен "Белйодобром" БК арасында жасалған 2017 жылғы 1 қаңтардағы № 02-01/17-Б шартқа (бұдан әрі – 2017-шарт) сәйкес "ВПЗ" АҚ өндірген ветеринариялық препараттар мен жемшөп қоспаларын көтерме сату Беларусь Республикасының аумағымен шектелген (2017-шарттың 2.3-тармағы).
"Белйодобром" БК "ВПЗ" АҚ-мен жасалған сатуға аумақтық шектеу көзделген шартқа сәйкес кәсіпорын өнімді тек Беларусь Республикасының аумағында ғана өткізуді жүзеге асырғанын хабарлады.
"Белйодобром" БК "Ружаны Агро" ашық акционерлік қоғамы (Беларусь Республикасы) атына 2019 жылғы 26 қарашада жолдаған хатында Беларусь Республикасының аумағында "ВПЗ" АҚ-ның ресми өкілі болып табылатыны туралы хабарлаған.
"ВПЗ" АҚ 2020 жылғы 16 наурызда "Меркурий Универсал" ЖШҚ атына наразылық хат жолдап, "Меркурий Универсал" ЖШҚ-ның Беларусь Республикасының нарығында "ВПЗ" АҚ маркасымен белгіленген тауарды жеткізетін жағдайлар жиілеп кетуіне алаңдаушылық білдіретіні туралы хабарлады. Беларусь Республикасының аумағында "ВПЗ" АҚ-ның өкілі "Белйодобром" БК болып табылады және тауарды сату жөніндегі барлық құқықтар оған тиесілі.
Сонымен бірге "Белйодобром" БК 2020 жылғы 17 наурызда "Меркурий Универсал" ЖШҚ атына хабарлама жіберіп, онда Беларусь Республикасында "ВПЗ" АҚ-ның ресми өкілі болып табылатыны және Беларусь Республикасының аумағында оның тауарларын сату бойынша қызметті жүзеге асыратыны туралы хабарлаған.
2020 жылғы 6 мамырда "Скидельский" Агрокомбинаты" ашық акционерлік қоғамы (Беларусь Республикасы, Гродно облысы, Гродно ауданы, Скидель қаласы, Промышленная көшесі, 1-үй, ТН 500030539, тіркелген күні – 1997 жылғы 26 ақпан, СЕН 500030539) "Меркурий Универсал" ЖШҚ атына хат жолдап, онда "ВПЗ" АҚ ресми сауда өкілдігін растайтын құжаттарды ұсынбағандықтан, ұсынылып отырған тауарға қатысты ұсыныс қабылданбағаны туралы хабарлаған.
"Белйодобром" БК Беларусь Республикасының Монополияға қарсы реттеу және сауда министрлігінің атына 2020 жылғы 8 мамырда жолдаған хатында "ВПЗ" АҚ-ның Беларусь Республикасы аумағындағы ресми өкілі болып табылатыны туралы, сондай-ақ Ресей зауыттарының дилері (тұрақты өкілі) бола отырып, өзінің дилерлік жеңілдігі бар екені туралы, бұл оған ауыл шаруашылығы ұйымдарымен шарттар жасасу кезінде оларға барынша тиімді ынтымақтастық талаптарын ұсынуға мүмкіндік беретіні туралы хабарлайды.
"ВПЗ" АҚ хатына (2022 жылғы 25 шілдедегі кіріс № 13891) сәйкес оның Беларусь Республикасындағы жалғыз өкілі "Белйодобром" БК болып табылады.
"ВПЗ" АҚ мен "Белйодобром" БК арасындағы 2018 жылдан бастап 2022 жылға дейінгі кезеңде жасалған шарттарға сәйкес (2018 жылғы 1 қаңтардағы № 01-01/18-Б, 2018 жылғы 21 желтоқсандағы н/ж, 2019 жылғы 1 қаңтардағы № 01-01/19-Б, 2019 жылғы 27 желтоқсандағы н/ж, 2020 жылғы 1 қаңтардағы № 01-01/20- Б, 2021 жылғы 1 қаңтардағы № 01-01/21-Б, 2022 жылғы 1 қаңтардағы № 01-01/22-Б) "Белйодобром" БК Беларусь Республикасы аумағында "ВПЗ" АҚ-ның ресми дистрибьюторы болып табылады. Сонымен қатар, 2017 жылдан бастап 2022 жылға дейінгі кезеңде "ВПЗ" АҚ Беларусь Республикасының аумағында тауар сатуды тек "Белйодобром" БК мекенжайында ғана жүзеге асырған, ал ол осы тауарды көрсетілген аумақтан тыс жерде сатпаған.
"Белйодобром" БК істі қарау шеңберінде Комиссия атына жазған хатымен (2023 жылғы 9 мамырдағы шығыс № 173, 2023 жылғы 29 мамырдағы кіріс № 5564) "ВПЗ" АҚ-мен 2017 жылғы 1 қаңтарда жасалған шарттың 2020 жылғы 1 қазаннан бастап бұзылғаны туралы ақпаратты ұсынды.
Осылайша, "ВПЗ" АҚ және "Белйодобром" БК тарапынан бәсекелестіктің жалпы қағидаларының ықтимал бұзылу кезеңі 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап 2020 жылғы 1 қазанға дейін деп белгіленген.
Трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің жалпы қағидаларының бұзылуы белгілерін жою үшін қабылданған шараларға қатысты "ВПЗ" АҚ 2017-шарттың қолданылуы 2020 жылғы 1 қазаннан бастап тоқтатылғаны туралы ақпаратты ұсынғанын хабарлады.
Жауапкерлердің түсіндірмелері
"ВПЗ" АҚ-ның Комиссияға ұсынған түсіндірмелеріне сәйкес ("ВПЗ" АҚ-ның 2023 жылғы 22 мамырдағы шығыс № R5/15, 2023 жылғы 23 мамырдағы кіріс № 9317 хаты) 2016 жылдан бастап істі қарау аяқталған күнге дейінгі кезеңде шарттар жасасу туралы шешім қабылдайтын лауазымды тұлға "ВПЗ" АҚ Бас директоры М.Л. Яхаев болып табылады.
М.Л. Яхаев Комиссияға бәсекелестіктің жалпы қағидаларының бұзылуы белгілерін жою жөніндегі шаралар қабылданғанын растайтын құжаттарды ұсынды.
"Белйодобром" БК-ның хатына (2023 жылғы 16 ақпандағы кіріс № 2764) сәйкес ол Комиссия белгілеген Беларусь Республикасының аумағында тіркелген шаруашылық жүргізуші субъектілер үшін Ресей Федерациясының аумағында "ВПЗ" АҚ өндірген тауарды сатып алудың экономикалық орындылығын анықтау фактісіне дау айтпайды. Кәсіпорын тауар нарығының географиялық шекараларын айқындау критерийлерін ескере отырып, "Белйодобром" БК мен "ВПЗ" АҚ өз қызметін жүзеге асыратын тауар нарығы трансшекаралық болып табылады деп есептейді. "Белйодобром" БК-ның "ВПЗ" АҚ тауарын Беларусь Республикасынан тыс жерлерде сатуға объективті мүмкіндігі болды, бірақ ол экономикалық тиімді болмады. Бұған қоса, көрсетілген шарттарда белгіленген шектеулерді бұзғаны үшін қандайда бір жауапкершілік көзделмеген.
"Белйодобром" БК 2023 жылғы 16 ақпандағы хатында (2023 жылғы 10 ақпандағы шығыс № 105) "Белфармаком" ЖШҚ-мен, оның ішінде "ВПЗ" АҚ-мен шарттар жасасу туралы шешім қабылдайтын лауазымды тұлға оның атқарушы органы болып табылатын және 2002 жылғы 16 қаңтардағы № 01-ОК бұйрығы негізінде әрекет ететін "Белйодобром" БК-ның меншік иесі – В.Б. Козловский болып табылатынын хабарлады. Директордың өкілеттігі "Белйодобром" БК жарғысының 5.2-тармағында және лауазымдық нұсқаулықта айқындалған.
В.Б. Козловский "Белйодобром" БК Беларусь Республикасының аумағында коммерциялық қызметпен айналысатынын және елден тыс жерлерде қандайда бір тауарды өткізуді мақсат етпейтіні туралы хабарлады: "Бізге Беларусь Республикасында тіркелмеген шаруашылық жүргізуші субъектілер жүгінген жағдайда біз мұндай қызметті жүзеге асырмайтынымызды және егер олар "ПВЗ" АҚ немесе "Белфармаком" ЖШҚ өндірген тауарды сатып алуға мүдделі болса, онда тікелей өздеріне хабарласу керек екені туралы хабарлаймыз.".
В.Б. Козловский Комиссияға трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің жалпы қағидаларының бқзылуы белгілерін жою жөніндегі шаралар қабылданғанын растайтын құжаттарды ұсынды.
"ВПЗ" АҚ 2025 жылғы 10 ақпандағы № 23/15-29 хатпен Комиссия қосымша сұратқан ақпаратты, сондай-ақ "ВПЗ" АҚ-ның және оның лауазымды тұлғасы М.Л. Яхаевтың іс-әрекеттерінде сату аумағын шектеу туралы ережелерді қамтитын шартты жасасуда көрінетін Шарттың 76-бабының 5-тармағын бұзудың болуына байланысты дәлелдерге қатысты наразылығын ұсынды. "ВПЗ" АҚ 2017-шартта көрсетілген сату аумағын шектеуге тыйым салу контрагенттің "ВПЗ" АҚ-мен келісілген іс-әрекетінің нәтижесі болып табылмайды деп есептейді және 2017-шартты жасасу ветеринариялық препараттар мен жемшөп қоспалары нарығында бәсекелестіктің бұзылуын көздемейді деп санайды.
Істі қарау жөніндегі комиссияның қорытындылары
Істі қарау жөніндегі комиссия істі қарауға қатысқан тұлғаларды тыңдады, келіп түскен сенімхаттарды қарады және талқылады, олар бойынша тиісті шешімдер қабылдады, бұл істі қарау жөніндегі комиссия отырыстарының хаттамаларында көрсетілген, дәлелдемелерді зерттеді, істі қарауға қатысқан тұлғалардың істі қарауға қатысқан басқа тұлғалар ұсынған дәлелдемелерге қатысты пікірлері мен түсіндірмелерін тыңдады.
Шарттың 76-бабы 3-тармағының 3-тармақшасына сәйкес мүше мемлекеттердің бір тауар нарығында әрекет ететін, бәсекелес болып табылатын шаруашылық жүргізуші субъектілері (нарық субъектілері) арасындағы тауар нарығын аумақтық қағидат бойынша бөлуге әкеп соғатын немесе әкеп соғуы мүмкін келісімдерге тыйым салынады.
Шарттың 76-бабының 4-тармағына сәйкес шаруашылық жүргізуші субъектілер (нарық субъектілері) арасында Шартқа № 19 қосымшада белгіленген жол беру критерийлеріне сәйкес жол беріледі деп танылатын "сатылы" келісімдерді қоспағанда, егер:
сатушы сатып алушы үшін тауарды қайта сатудың мейлінше жоғары бағасын белгілейтін жағдайды қоспағанда, мұндай келісімдер тауарды қайта сату бағасын белгілеуге әкеп соқса немесе әкеп соғуы мүмкін болса;
мұндай келісімдерде сатып алушының сатушыға бәсекелес болып табылатын шаруашылық жүргізуші субъектінің (нарық субъектісінің) тауарын сатпау міндеттемесі көзделсе, "сатылы" келісімдерге тыйым салынады. Мұндай тыйым салу сатып алушының тауарларды тауар белгісімен не сатушыны немесе өндірушіні дараландырудың өзге құралымен сатуды ұйымдастыруы туралы келісімдерге қолданылмайды.
Шарттың 76-бабының 5-тармағына сәйкес, егер мұндай келісімдер бәсекелестікті шектеуге әкеп соғады немесе әкеп соғуы мүмкін деп белгіленсе, Шартқа № 19 қосымшада белгіленген жол беру критерийлеріне сәйкес жол беріледі деп танылатын "сатылы" келісімдерді қоспағанда, шаруашылық жүргізуші субъектілер (нарық субъектілері) арасындағы өзге келісімдерге тыйым салынады.
"Белйодобром" БК мен "ВПЗ" АҚ арасындағы, сондай-ақ "Белйодобром" БК мен "Белфармаком" ЖШҚ арасындағы шарттар өзге келісімдерге жатады, өйткені "Белйодобром" БК "ВПЗ" АҚ-мен және "Белфармаком" ЖШҚ-мен бір тауар нарығында бәсекелес болмай тауарды сатып алады, ал "ВПЗ" АҚ және "Белфармаком" ЖШҚ өндірушілер бола отырып, тауарды жеткізеді және олардың іс-әрекеттері Шарттың 76-бабы 3-тармағының 3-тармақшасында көрсетілген тауар нарығын аумақтық қағидат бойынша бөлу салдарына алып келуі мүмкін.
Істі қарау жөніндегі комиссия "Белйодобром" БК мен "Белфармаком" ЖШҚ арасындағы 2016-шарт және 2018-шарт, сондай-ақ "ВПЗ" АҚ мен "Белйодобром" БК арасындағы 2017-шарт тауар нарығын аумақтық қағидат бойынша бөлудің көрсетілген салдарларына әкеп соғуы мүмкін өзге де тыйым салынған келісімдердің белгілерін қамтитынын анықтады, бұл жауапкерлердің іс-әрекеттерінде Шарттың 76-бабы 3-тармағының 3-тармақшасын және 4-тармағын бұзу белгілерінің болуын жоққа шығарады.
Жасауға тыйым салу Шарттың 76-бабының 5-тармағында белгіленген өзге келісімдерді саралау Хаттаманың 5 және 6-тармақтарына белгіленген шаруашылық жүргізуші субъектілер келісімдерінің жол беру критерийлерін ескере отырып жүзеге асырылады.
Хаттаманың 5-тармағына сәйкес, егер олар шаруашылық жүргізуші субъектілерге (нарық субъектілеріне) осы келісімдердің мақсаттарына қол жеткізу үшін қажетті болып табылмайтын шектеулер қоймаса және тиісті тауар нарығында бәсекелестікті жою үшін мүмкіндік жасамаса және егер шаруашылық жүргізуші субъектілер (нарық субъектілері) мұндай келісімдерді қолдану нәтижесінде:
тауарлар өндіруді (өткізуді) жетілдіруге немесе техникалық (экономикалық) прогреске ынталандыруға не әлемдік тауар нарығында мүше мемлекеттердің тауар өндірісінің бәсекеге қабілеттігін арттыруға;
тиісті тұлғалардың мұндай іс-қимылдарды жасаудан иеленетін артықшылықтардың (пайдалардың) мөлшерлес бөлігін тұтынушылардың алуына әкеп соқса немесе әкеп соғуы мүмкін деп дәлелдесе тауар нарығын аумақтық қағидат бойынша бөлуге әкеп соғуы мүмкін немесе әкеп соққан "Белфармаком" ЖШҚ мен "Белйодобром" БК арасындағы, сондай-ақ "Белйодобром" БК мен "ВПЗ" АҚ арасындағы өзге келісімдер жарамды деп танылуы мүмкін.
Жауапкерлер арасындағы шарттарды талдау шарттардың мәні тауарды сату жөніндегі қызметті шектеу, яғни сату аумағын шектеу екенін көрсетеді. Сонымен қатар, жауапкерлер дәлелдемелер ұсынған жоқ, сол сияқты Істі қарау жөніндегі комиссия іс материалдарын талдау нәтижелері бойынша жауапкерлер жасасқан шарттардың тауарларды өндіруді (өткізуді) жетілдіру немесе техникалық (экономикалық) прогресті ынталандыру не мүше мемлекеттерде өндірілген тауарлардың әлемдік тауар нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатын көздегенін анықтаған жоқ. Бұған қоса, жауапкерлердің келісімдері тұтынушыларға осындай келісімдерден артықшылықтардың (пайданың) мөлшерлес бөлігін алуға мүмкіндір бергені де анықталмады.
Осылайша, Істі қарау жөніндегі комиссия жауапкерлердің іс-әрекеттерінде белгіленген нарықты аумақтық қағида бойынша бөлуге алып келуі мүмкін өзге де келісімдерді жасасу белгілеріне байланысты жауаперлерге осы келісімдердің мақсаттарына қол жеткізу үшін қажетті болып табылмайтын шектеулер қойылады және тиісті тауар нарығында бәсекелестікті жою үшін мүмкіндік туады деген қорытындыға келеді. Жауапкерлер сонымен бірге олардың өзге келісімдерді жасасу бойынша іс-әрекеттері Хаттаманың 5-тармағының 1 және 2-тармақшаларының ережелерін іске асыру мақсатын көздегеніне дәлелдер ұсынбады.
Жауапкерлердің іс-әрекеттерінде трансшекаралық нарықтарда бәсекелестіктің жалпы қағидаларын бұзу белгілерінің болмауына қатысты мынадай дәлелдер келтіреді:
тауар нарығын аумақтық қағидаты бойынша бөлу туралы шарттарды нақты іске асырудың болмауы;
іс материалдарында белорустық сатып алушылардың өз өнімдерін сатып алудан бас тартуы, сондай-ақ "Меркурий Универсал" ЖШҚ не Беларусь Республикасында тіркелген өзге де ұйымдардың өндірушінің атына ынтымақтастық туралы өтінішпен жүгінуі туралы дәлелдердің болмауы.
Істі қарау жөніндегі комиссия жауапкерлердің көрсетілген дәлелдемелерін мыналарды ескере отырып істің нақты мән-жайларына негізделмеген және негізсіз деп бағалайды.
Шарттың 76-бабы 5-тармағының диспозициясы тыйым салынған келісімдердің салдарлары үшін ғана емес, сонымен бірге бәсекелестікті шектеуге алып келуі мүмкін келісімдерді жасасу үшін де жауапкершілікті көздейді.
Істі қарау барысында жауапкерлердің нарықты аумақтық қағидаты бойынша бөлу туралы келісімге нақты сәйкестігін растайтын мән-жайлар анықталды.
Мәселен, істі қарауға қатысу үшін іс бойынша мәліметтерді иеленетін тұлға ретінде "Меркурий Универсал" ЖШҚ тартылды. Іс бойынша шешімде "Меркурий Универсал" ЖШҚ-ның жауапкерлермен де, нарықтың басқа субъектілерімен де хат-хабарларының мазмұны келтірілген, олардан Беларусь Республикасының нарығына жеткізу үшін туындаған кедергілер, сол арқылы нарықты аумақтық қағидаты бойынша бәсекелестік шектеулердің болуы туралы анық қорытынды жасауға болады.
Жауапкерлер жасасқан келісімнің салдары "Белйодобром" БК-дан басқа біреуден сатып алу мүмкін болмаған жағдайда Беларусь Республикасының аумағында "Белфармаком" ЖШҚ және "ВПЗ" АҚ өндірген тауарды айналысқа шығару мүмкіндігі және "Белйодобром" БК үшін көрсетілген тауарды Беларусь Республикасының аумағынан тыс әкетуге қатысты шектеулердің болуы болып табылады. Жауапкерлер құрған жағдайда тұтынушы өзіне ұсынылатын талаптарға келісуге, сол себепті тауарларды бәсекелестікте таңдау мүмкіндігінен айырылуға мәжбүр болады, соның салдарынан жауапкерлердің көрсетілген іс-әрекеттері Одақ құқығымен тыйым салынған өзге келісімдерді жасасуға және нарықты аумақтық қағидат бойынша бөлуге әкеп соғуы мүмкін.
Хаттаманың 6-тармағының 2-тармақшасында көзделген жол беру критерийлерін ескере отырып, тауар нарығын аумақтық қағидат бойынша бөлуге әкеп соғуы мүмкін немесе әкеп соққан "Белфармаком" ЖШҚ және "Белйодобром" БК арасындағы, сондай-ақ "Белйодобром" БК және "ВПЗ" АҚ арасындағы өзге келісімдер, егер осындай келісімнің қатысушысы болып табылатын әрбір шаруашылық жүргізуші субъектінің (нарық субъектісінің) сатылас келісімнің мәні болып табылатын тауардың тауар нарығындағы үлесі 20 пайыздан аспайтын болса, жарамды болып табылады.
Әдістеменің V және VI бөлімдерінің ережелерін ескере отырып, "ВПЗ" АҚ мен "Белйодобром" БК арасында жасалған 2017-шарт бойынша келісімнің қатысушысы болып табылатын әрбір шаруашылық жүргізуші субъектінің (нарық субъектісінің) 2019 жылдан бастап 2022 жылғы маусымға дейінгі кезеңде ветеринариялық препараттар мен жемшөп қоспалары нарығындағы үлесі 20 пайыздан аспайды. "Белфармаком" ЖШҚ және "Белйодобром" БК арасында жасалған 2016-шарт және 2018-шарт бойынша келісімнің қатысушысы болып табылатын әрбір шаруашылық жүргізуші субъектінің (нарық субъектісінің) 2019 жылдан бастап 2022 жылғы маусымға дейінгі кезеңде ветеринариялық препараттар мен жемжөп қоспалары нарығындағы үлесі де 20 пайыздан аспайды. Тиісті ақпарат құпия болып табылатындығына байланысты осы құжатта тауар нарықтарындағы үлестерді есептеу нәтижелері келтірілмейді.
Жауапкерлер, бәселекестік (монополияға қарсы) саясатты іске асыру және (немесе) жүргізу құзыретіне кіретін мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдары және өзге де тұлғалар қаралған іс шеңберінде өз ұстанымдарын жазбаша нысанда ұсынды, олар іс материалдарына қоса тіркелді және ескерілді. Жауапкерлер бәсекелестіктің жалпы қағидаларын бұзу фактісін мойындаған жоқ, бұл туралы олар іс материалдарына қоса тіркелген өз ұстанымдарын жазбаша нысанда ұсынды. Сонымен қатар жауапкерлер трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің жалпы қағидаларын бұзу белгілерін жою жөнінде шаралар қабылдады.
"Белфармаком" ЖШҚ-ның (А.В. Верзун, Д.В. Григорьев, П.А. Подгорнов және А.Н. Родин), "Белйодобром" БК-ның (В.Б. Козловский) және "ВПЗ" АҚ-ның (М.Л. Яхаев) лауазымды тұлғалары сату аумағын шектеу туралы ережелерді қамтитын шарттарға қол қою арқылы келісімдер жасаса отырып, шаруашылық жүргізуші субъектілердің басшылары болып табылды (С.А. Калугин 2021 жылғы 20 қазаннан бастап қазіргі уақытқа дейін) және (немесе) ұйымдастырушылық-өкімдік және әкімшілік-шаруашылық функцияларды атқарды.
Істі қарау шеңберінде "Белфармаком" ЖШҚ, "Белйодобром" БК, "ВПЗ" АҚ және олардың лауазымды тұлғаларына Істерді қарау тәртібінің 13-тармағында көзделген іс жүргізу құқытарын іске асыру мүмкіндігі қамтамасыз етілді. Бұған қоса, олардан іс бойынша түсініктемелер, тауар нарығында алатын үлесі (тауар көлемі) туралы мәліметтер, сондай-ақ бәсекелестіктің жалпы қағидаларын бұзу белгілерімен келісу немесе келіспеу туралы ұстанымдары сұратылды.
С.А. Калугин, В.Б. Козловский, П.А. Подгорнов, А.Н. Родин және М.Л. Яхаев трансшекаралық нарықтарда бәсекелестіктің жалпы қағидаларын бұзғаны үшін кінәлі болуына келіспейтіні туралы ұстанымдарын ұсынды.
Бұл ретте А.В. Верзун және Д.В. Григорьев трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің жалпы қағидаларын бұзу белгілерінің болуына келісетіні немесе келіспейтіні туралы ұстанымдарын ұсынбады.
Іс бойынша жиналған материалдардың жиынтығын бағалай отырып, Істі қарау жөніндегі комиссия іс бойынша жауапкер болып табылатын "Белфармаком" ЖШҚ-ның, "Белйодобром" БК-ның, "ВПЗ" АҚ-ның және олардың лауазымды тұлғаларының іс-әрекеттерінде Хаттаманың 6-тармағының 2-тармақшасына сәйкес жауапкерлерде – шаруашылық жүргізуші субъектілерде (нарық субъектілерінде) тауар нарығында келісімнің жол беру критерийі болып табылатын 20 пайыздан асатын үлесінің болмауына орай тыйым салынған өзге келісімдердің белгілері анықталмады деп есептейді, осыған байланысты Шарттың 76-бабының 5-тармағында көзделген трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің жалпы қағидаларын бұзушылықтың болмауы туралы шешім қабылдау қажеттілігі туралы қорытындыға келді.
Істерді қарау тәртібінің 23-тармағына сәйкес Істі қарау жөніндегі комиссияның төрағасы С.В. Максимов 2025 жылғы 10 наурызда істі қараудың аяқталғаны туралы жариялады.