Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі 105-бабының 5-тармағына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:
1. Қосымшаға сәйкес Кеден одағы Комиссиясының 2010 жылғы № 257 шешімімен бекітілген Тауарлар декларациясын толтыру тәртібіне өзгерістер енгізілсін.
2. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.
|
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы |
М. Мясникович |
| Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2021 жылғы 23 наурыздағы № 35 шешіміне ҚОСЫМША |
Тауарлар декларациясын толтыру тәртібіне енгізілетін Өзгерістер
1. 15-тармақтың 29-тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"29) 31-баған. "Жүк орындары және тауарлардың сипаттамасы"
31 Жүк орындары және тауарлардың сипаттамасы | Таңбалануы және саны – Контейнерлердің нөмірлері – Саны және айрықша ерекшеліктері |
Бағанда алынуы кеден органдарына жүктелген кедендік және өзге де төлемдерді есептеу мен өндіріп алу, ішкі нарықты қорғау шараларын қолдану, тыйым салулар мен шектеулердің сақталуын қамтамасыз ету, кеден органдарының зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау жөнінде шаралар қабылдауы, сәйкестендіру, ЕАЭО СЭҚ ТН-ға сәйкес он таңбалы бір сыныптау кодына жатқызу үшін, сондай-ақ жүк орындары туралы қажетті декларацияланатын тауар туралы мәліметтер көрсетіледі.
Осы бағанда мәлімделетін мәліметтер реттік нөмірі қойылып, жаңа жолдан көрсетіледі.
1 нөмірімен:
тауардың атауы (фирмалық, коммерциялық немесе өзге де дәстүрлі атауы) және өндіруші (дайындаушы) (ол туралы мәліметтер болған кезде), тауар таңбалары, маркалары, модельдері, артикулдары, сорттары, стандарттары және өзге де техникалық және коммерциялық сипаттамалары туралы мәліметтер, сондай-ақ декларацияланатын тауардың сандық және сапалық құрамы туралы мәліметтер көрсетіледі;
негізгі немесе қосымша өлшем бірлігінен (саны мен шартты белгіленімі) ерекшеленетін өлшем бірліктеріндегі, оның ішінде кедендік баждарды, салықтарды есептеу кезінде пайдаланылатын қосымша сипаттамалар мен параметрлердің сыныптауышына сәйкес тауардың сипаттамалары мен параметрлері туралы мәліметтер, сондай-ақ егер мұндай мәліметтер алынуы кеден органдарына жүктелген кедендік және өзге де төлемдерді есептеу мен өндіріп алу, ішкі нарықты қорғау шараларын қолдану және (немесе) тыйым салулар мен шектеулердің сақталуын қамтамасыз ету үшін қажет болған жағдайда, тауардың шығарылған (жасалған) күні;
мұнайды, мұнай өнімдерін, газды декларациялау кезінде олар өндірілген кен орны туралы мәліметтер, егер мұндай мәліметтер ЕАЭО СЭҚ ТН-ға сәйкес сыныптау кодын айқындауға ықпал етсе, қосымша көрсетіледі;
зияткерлік меншік объектілерінің кедендік тізіліміне енгізілген зияткерлік меншік объектілері бар тауарларды декларациялау кезінде осы тізілім бойынша зияткерлік меншік объектісінің тіркеу нөмірі (ол болған кезде) қосымша көрсетіледі.
Тауарлардың жекелеген санаттарына қатысты 1 нөмірлі бағанды толтыру кезінде, егер осы мәліметтер осы тармақшаның төртінші – алтыншы абзацтарына (кестеден кейін) сәйкес көрсетілмеген жағдайда, № 2 және 3-қосымшаларға сәйкес тізбелер бойынша мәліметтер көрсетіледі.
ТД 31-бағанында 1 нөмірімен мәлімделетін тауарлардың жекелеген санаттарын сипаттауға қойылатын қосымша талаптар Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімімен және (немесе) Одаққа мүше мемлекеттің заңнамасымен белгіленуі мүмкін.
2 нөмірімен:
орамасы бар тауар үшін үтір арқылы – тауар орналасқан жүк орындарының жалпы саны (егер тауар жүк орындарын толық алмайтын болса, онда қосымша жақшада тауар ішінара алатын жүк орындарының саны көрсетіледі, сызықша "–" арқылы "орынның бір бөлігі" жазбасын жазумен), жүк, орама және орама материалдары түрлерінің сыныптауышына сәйкес әрбір түр бойынша орама санын "–" сызықша қоя отырып, тауар орамасы түрлерінің коды көрсетіледі.
Бұл ретте орама деп үйіп тасымалданатын орау материалдарын (сабан, қағаз, шыны талшық, жоңқа және т. б.) қоспағанда, тауарларды орауға, қорғауға, орналастыруға және бекітуге немесе бөлуге арналған немесе сол үшін пайдаланылатын бұйымдар мен материалдар түсініледі;
көлік құралының жабдықталған ыдыстарында орамасыз, шашып, үйіп, құйып тасымалданатын тауар үшін жүк, орама және орау материалдары түрлерінің сыныптауышына сәйкес код көрсетіледі;
егер декларацияланатын тауар табандықтарда болса – жүк, орама және орау материалдары түрлерінің сыныптауышына сәйкес табандықтың кодын "/" бөлу белгісі арқылы көрсете отырып, табандықтар және олардың саны туралы мәліметтер көрсетіледі.
Бұл ретте табандық деп көліктік топтаманы тасымалдау, тиеу (түсіру) немесе механикалық аппараттардың көмегімен қатарлау мақсатында оны қалыптастыру үшін төсемінде тауарлардың белгілі бір санын бірге орналастыруға болатын құрылғы түсініледі. Бұл құрылғы тіреулермен өзара байланысқан екі төсемнен немесе аяқтарға тірелген бір төсемнен тұрады. Құрылғы оны ашалы тиегіштердің немесе тегендерді тасымалдау арбаларының көмегімен тиеуге (түсіруге) мүмкіндік беретін жалпы биіктігі барынша аз болуы тиіс, сондай-ақ қондырмасы болуы немесе болмауы мүмкін.
Егер тауардың тұтыну және (немесе) жеке ыдысы болса, онда 2.1 нөмірімен үтір арқылы бос орынсыз жүк, орама және орау материалдары түрлерінің сыныптауышына сәйкес осындай ыдыс түрлерінің кодтары көрсетіледі.
Беларусь Республикасында 2 нөмірімен осындай тауар оралған жүк орындарының түрі мен саны көрсетіледі.
3 нөмірімен:
контейнерлермен тасымалданатын тауарлар үшін – жүктің, орама және орау материалдары түрлерінің сыныптауышына сәйкес контейнерлердің түрі, қос нүкте арқылы олардың нөмірлері көрсетіледі. Егер декларацияланатын тауарлар бүкіл контейнерді алмайтын болса, нөмірден кейін "бөлік" деген жазу жазылады.
Беларусь Республикасында 3 нөмірімен үтір арқылы контейнерлердің нөмірлері көрсетіледі.
4 нөмірімен:
таңбаланған акцизделетін тауарлар үшін – әрбір серия бойынша акциздік және (немесе) арнайы маркалардың сериясы, нөмірі және саны көрсетіледі.
Қатарынан келетін акциздік және (немесе) арнайы маркалардың нөмірлері туралы мәліметтер бөлу белгісін "–" сызықша қою арқылы тиісті диапазонның бірінші және соңғы нөмірі көрсетіледі.
Армения Республикасында 4 нөмірімен, егер тауарлар Армения Республикасының салықтар мен алымдар саласындағы заңнамасына сәйкес осындай маркалармен таңбаланған болса, әрбір серия бойынша акциздік және (немесе) арнайы маркалардың саны көрсетіледі.
Беларусь Республикасында 4 нөмірімен акциздік маркалардың саны көрсетіледі.
5 нөмірімен:
жеткізудің әртүрлі шарттарына сәйкес өткізілетін тауарлар үшін (ТД 20-бағанында "Әртүрлі" деп көрсетілген), үтір арқылы географиялық пункттердің (келісілген жеткізу орындарының) атауларының әрбір жеткізу шартының коды (жеткізу базисі) үшін беру шарттарының сыныптауышына сәйкес декларацияланатын тауарды беру шарттарының кодтары (жеткізу базистері) "/" бөлу белгісі арқылы көрсетіледі.
Егер ТД кедендік аумақта қайта өңдеу шарттары туралы құжат ретінде пайдаланылса, тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастыру кезінде 6 нөмірімен:
қайта өңдеу өнімдерінің мәлімделген шығу нормасы;
қайта өңдеу өнімдерінің атауы мен саны;
қайта өңдеу өнімдеріндегі әкелінген тауарларды сәйкестендіру тәсілдері;
қалдықтар мен бөлшектердің ЕАЭО СЭҚ ТН сәйкес атауы және коды;
шетелдік тауарларды баламалы тауарлармен ауыстыру туралы мәліметтер көрсетіледі.
Одақтың құқығын құрайтын халықаралық шарттарда және актілерде немесе Одаққа мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген мерзімдерге сәйкес тауарларды декларациялау ерекшеліктерін (тауарларды мерзімді, уақытша декларациялау кезінде және т. б.) қолдану кезінде 7 нөмірімен мынадай мәліметтер:
"XX.XX.XXXX кезеңнен бастап XX.XX.ХХXX кезеңде жеткізу көрсетіледі, мұнда цифрлық символдармен тауарларды жеткізу кезеңінің басталған "күні, айы, жылы" және аяқталған "күні, айы, жылы" көрсетіледі.
10 нөмірімен:
Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2015 жылғы 23 қарашадағы № 70 шешімімен бекітілген бақылау (сәйкестендіру) белгілерімен таңбалауға жататын тауарлар тізбесіне енгізілген тауарлар үшін (бұдан әрі – бақылау белгілерімен таңбалауға жататын тауарлардың тізбесі) және кері импорт немесе ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімдерімен орналастырылатын, сондай-ақ Одаққа мүше мемлекеттердің заңнамасында көзделген жағдайларда, мұндай тауарларды еркін кедендік аймақтың кедендік рәсімімен орналастырғанға дейін – қойылған бақылау (сәйкестендіру) белгілерінің саны және "," бөлу белгісі арқылы қос нүктеден кейін бос орынсыз олардың сәйкестендіру нөмірлері (сәйкестендіргіштер) көрсетіледі.
Қатарынан келетін бақылау (сәйкестендіру) белгілерінің сәйкестендіру нөмірлері (сәйкестендіргіштер) тиісті диапазонның бірінші және соңғы нөмірлерін "–" бөлу белгісін қою арқылы көрсетіледі.
Егер кері импорт және ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімдерімен орналастырылатын тауарларды бақылау (сәйкестендіру) белгілерімен таңбалау тауарлар шығарылғаннан кейін Одаққа мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын болса, қойылған бақылау (сәйкестендіру) белгілері мен олардың сәйкестендіру нөмірлері (сәйкестендіргіштер) санының орнына 2 таңбалы "ПВ" әріптік коды көрсетіледі.
2018 жылғы 2 ақпандағы (көрсетілген күнгі жағдай бойынша тиісті тауарды таңбалау тәртібін белгілейтін Ресей Федерациясының нормативтік құқықтық актісі күшіне енді) Еуразиялық экономикалық одақта тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы келісім күшіне енген күні немесе ол күшіне енгеннен кейін көрсетілген Келісімнің 7-бабы ескеріле отырып, Қырғыз Республикасының заңнамасына немесе Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес тиісінше Қырғыз Республикасының аумағында немесе Ресей Федерациясының аумағында сәйкестендіру құралдарымен таңбалауға жататын және ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен немесе кері импорт кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарлар үшін Қырғыз Республикасында және Ресей Федерациясында 13 нөмірімен мынадай мәліметтер көрсетіледі:
тауардың әрбір бірлігіне немесе тұтыну орамасына (ал ол болмаған жағдайда – бастапқы орамаға) немесе материалдық жеткізгішке қойылған сәйкестендіру құралдарындағы сәйкестендіру кодтарының жалпы саны (бұдан әрі – тауарларды сәйкестендіру кодтары);
таңбалау деңгейінің кодтық белгіленімі ("0" - сәйкестендіру құралы тауарға немесе тұтыну орамасына (ал ол болмаған жағдайда – бастапқы орамаға қойылған) немесе материалдық тасымалдағышқа қойылған, "1" – сәйкестендіру құралы топтық орамаға қойылған, "2" - көліктік ораманың сәйкестендіру коды көліктік орамаға қойылған), сондай-ақ (ТД қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде берілген кезде "/" бөлгіш белгісі арқылы) тауарларды сәйкестендіру кодтары немесе топтық орамаға басылған сәйкестендіру құралдарындағы сәйкестендіру кодтары (бұдан әрі – топтық ораманың сәйкестендіру кодтары) немесе көліктік ораманың сәйкестендіру кодтары;
Қырғыз Республикасының заңнамасына немесе Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес қалыптастырылған біріктірілген кедендік кодтар (бұдан әрі – біріктірілген кедендік код) (бар болса) көрсетіледі.
ТД электрондық құжат түрінде берілген кезде тауарларды сәйкестендіру кодтарының жалпы саны туралы мәліметтер және таңбалау деңгейінің кодтық белгіленімі ТД құрылымының тиісті деректемелерінде, ал ТД қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде берілген кезде ":" бөлу белгісі арқылы көрсетіледі.
Сәйкестендіру кодтары біріктірілген кедендік кодқа қосылған тауарлар үшін таңбалау деңгейінің кодтық белгісі көрсетілмейді.
ТД электрондық құжат түрінде берілген кезде біріктірілген кедендік кодтар, тауарларды сәйкестендіру кодтары, топтық ораманы сәйкестендіру кодтары, көліктік ораманы сәйкестендіру кодтары әрбір осындай код бойынша ТД құрылымының тиісті деректемелерін толтыру арқылы, ал ТД қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде берілген кезде үтір арқылы көрсетіледі.
Тауарларды сәйкестендіру кодтарын, топтық ораманы сәйкестендіру кодтарын, қатарынан келетін көліктік ораманы сәйкестендіру кодтарын көрсеткен кезде тиісті диапазонның бірінші және соңғы нөмірлері көрсетіледі. ТД электрондық құжат түрінде берілген кезде бұл мәліметтер ТД құрылымының тиісті деректемелерін толтыру арқылы, ал ТД қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде берілген кезде "–" бөлу белгісі арқылы көрсетіледі.
Тауарларды сәйкестендіру кодтары, топтық ораманы сәйкестендіру кодтары, көліктік ораманы сәйкестендіру кодтары, сондай-ақ біріктірілген кедендік кодтар осындай кодтарда қамтылған әріптер тіркелімі сақтала отырып, ТД-да көрсетіледі.
Барлық сәйкестендіру кодтары біріктірілген кедендік кодқа жинақталған тауарларды бір тауар ретінде декларациялау кезінде біріктірілген кедендік код көрсетіледі.
Бір мезгілде тауарларды сәйкестендіру кодтары, топтық ораманы сәйкестендіру кодтары (ол болған кезде) және көліктік ораманы сәйкестендіру кодтары бар тауарларды бір тауар ретінде декларациялау кезінде, егер барлық тауарлардың көліктік ораманың сәйкестендіру коды қойылған көліктік орамасы болған жағдайда, көліктік ораманы сәйкестендіру кодтары көрсетіледі.
Бір мезгілде тауарларды сәйкестендіру кодтары және топтық ораманы сәйкестендіру кодтары бар тауарларды бір тауар ретінде декларациялау кезінде, егер барлық тауарлардың топтық ораманы сәйкестендіру құралы қойылған топтық орамасы немесе егер тауарларды сәйкестендіру кодтары және (немесе) топтық ораманы сәйкестендіру кодтары осындай кодқа біріктірілген жағдайда, біріктірілген кедендік коды болған жағдайда топтық ораманы сәйкестендіру кодтары көрсетіледі.
Біріктірілген кедендік кодтар, көліктік қаптаманың сәйкестендіру кодтары және (немесе) топтық қаптаманың сәйкестендіру кодтары бар және жоқ тауарларды бір тауар ретінде декларациялау кезінде мұндай кодтар мынадай ретпен көрсетіледі:
біріктірілген кедендік кодтар (көліктік ораманы сәйкестендіру коды салынған көліктік орамасы жоқ тауарлар үшін);
көліктік ораманы сәйкестендіру кодтары (көліктік ораманы сәйкестендіру коды бар көліктік орамасы бар тауарлар үшін);
топтық ораманы сәйкестендіру кодтары (сәйкестендіру құралы қойылған топтық орамасы бар және сәйкестендіру кодтары біріктірілген кедендік кодқа жинақталған тауарлар үшін);
тауарларды сәйкестендіру кодтары (көліктік ораманың сәйкестендіру коды қойылған көліктік орамасы және сәйкестендіру құралы қойылған топтық орамасы жоқ және сәйкестендіру кодтары біріктірілген кедендік кодқа жинақталмаған тауарлар үшін).
Көрсетілген кодтары бар және жоқ тауарларды бір тауар ретінде декларациялау кезінде ТД электрондық құжат түрінде берілген кезде әрбір таңбалау деңгейі бойынша біріктірілген кедендік кодтар мен сәйкестендіру кодтары ТД құрылымының тиісті деректемелерін толтыру арқылы, ал ТД қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде берілген кезде – тауарларды сәйкестендіру кодтарының жалпы санынан және ":" бөлу белгісінен кейін, әрбір таңбалау деңгейі үшін таңбалау деңгейінің кодтық белгіленімінен бастап жеке жолмен көрсетіледі.
Әртүрлі ТД-да не бір ТД-да жекелеген тауарлармен декларацияланатын тауарларда біріктірілген бір кедендік код не көліктік ораманы сәйкестендірудің бір коды не топтық ораманы сәйкестендірудің бір коды болған жағдайда, мұндай код көрсетілмейді. Мұндай жағдайда тауарларды сәйкестендіру кодтарының жалпы саны, таңбалау деңгейінің кодтық белгіленімі, сондай-ақ тауарларды сәйкестендіру кодтары немесе топтық ораманы сәйкестендіру кодтары немесе басқа ТД-да декларацияланатын тауарлар не бір ТД-дағы жекелеген тауарлар туралы мәліметтерді қамтымайтын көліктік ораманы сәйкестендіру кодтары көрсетіледі.
2019 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген тауарларды (бұдан әрі – бақылауға жататын тауарлар) бақылау механизмі туралы келісімнің 2-бабының 2-тармағына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия бекітетін тізбеге енгізілген, ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарларға қатысты 15 нөмірімен бақылауды жүзеге асыру мақсатында пайдаланылатын тауардың сандық өлшем бірлігіндегі тауардың саны, осындай өлшем бірлігінің шартты белгіленімі және (немесе) коды көрсетіледі.
Санамаланған мәліметтер мынадай тәртіппен көрсетіледі:
егер бақылауды жүзеге асыру мақсатында пайдаланылатын тауардың сандық өлшем бірлігі ЕАЭО СЭҚ ТН-ға сәйкес негізгі өлшем бірлігімен сәйкес келсе (килограмм), онда мәліметтер ТД-ның 35-бағанынан ауыстырылады;
егер бақылауды жүзеге асыру мақсатында пайдаланылатын тауардың сандық өлшем бірлігі ЕАЭО СЭҚ ТН-ға сәйкес ТД-ның 41-бағанында көрсетілген қосымша өлшем бірлігімен сәйкес келсе, онда мәліметтер ТД-ның 41-бағанынан ауыстырылады;
егер бақылауды жүзеге асыру мақсатында пайдаланылатын тауардың сандық өлшем бірлігі осы бағандағы 1 нөмірімен көрсетілген өлшем бірлігіне сәйкес келсе, онда мәліметтер осы бағанның 1 нөмірінен ауыстырылады;
егер бақылауды жүзеге асыру мақсатында пайдаланылатын тауардың сандық өлшем бірлігі ТД 35 және 41-бағандарында және осы бағанның 1 нөмірімен көрсетілген тауардың өлшем бірліктерінің ешқайсысымен сәйкес келмесе, онда бақылауды жүзеге асыру мақсатында пайдаланылатын тауардың сандық өлшем бірлігіндегі тауардың саны, өлшем бірліктерінің және Еуразиялық экономикалық одақ шотының сыныптауышына сәйкес өлшем бірлігінің шартты белгіленімі мен коды көрсетіледі.
Бұл мәліметтер ТД құрылымының тиісті деректемелерінде электрондық құжат түрінде, ал ТД-да қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде бос орын арқылы көрсетіледі;".
2. 31-тармақшаның үшінші абзацы (кестеден кейін) мынадай редакцияда жазылсын:
"егер декларацияланатын тауарлар бақылау белгілерімен таңбалануға жататын тауарлар тізбесіне не 2018 жылғы 2 ақпандағы Еуразиялық экономикалық одақтағы тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы келісімге сәйкес бекітілетін сәйкестендіру құралдарымен таңбалауға жататын тауарлар тізбесіне енгізілсе, бірақ бақылау (сәйкестендіру) белгілерімен немесе өзге де сәйкестендіру құралдарымен таңбалауға қойылатын талаптар оларға көрсетілген Келісімнің 8-бабына сәйкес қолданылмаса, "М" әрпі;".