Еуразиялық экономикалық комиссия туралы ереженің (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 1 қосымша) 3-тармағының 1, 4 және 20-тармақшаларына, 24-тармағының 15-тармақшасына, Санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шараларды қолдану туралы хаттаманың (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 12 қосымша) 3, 9 және 18-тармақтарына, Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі 7-бабының 2-тармағына және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 98 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық комиссияның Жұмыс регламентіне № 1 қосымшаның 48 және 50-тармақтарына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі шешті:
1. Санитариялық, ветеринариялық-санитариялық, карантиндік фитосанитариялық шаралар мен радиациялық талаптарды, сондай-ақ экспорттық бақылау шараларын және әскери мақсаттағы өнімге қатысты шараларды қоспағанда, тыйымдар мен шектеулерді қолданбай, WorldSkills ("Ворлдскиллс") кәсіпқой шеберлік бойынша халықаралық ресми жарыс іс-шараларын (бұдан әрі – Іс-шаралар) ұйымдастыру мен өткізуге арналған және арнайы кедендік рәсімге орналастыруға рұқсат етілген тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың (бұдан әрі – Одақ) кедендік аумағына әкелуге, сондай-ақ арнайы кедендік рәсімнің қолданысы аяқталған кезде осы тауарларды Одақтың кедендік аумағынан әкетуге рұқсат берілсін.
2. Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2015 жылғы 21 сәуірдегі № 30 шешіміне № 2 қосымшада көзделген тізбенің 2.16 (азаматтық мақсаттағы (радиоэлектронды құралдар және (немесе) жиілігі жоғары құрылғылар, соның ішінде басқа тауарларға кіріктіре орнатылған не олардың құрамына кіретін), 2.19 (шифрлау (криптографиялық) құралдары) бөлімдеріне енгізілген, аумағында Іс-шаралар өткізілетін Одаққа мүше мемлекетте (бұдан әрі – мүше мемлекет) аккредиттелген шетелдік жеке тұлғалар кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен байланысы жоқ кәсіптік қызметте осындай Іс-шараларға қатысу үшін пайдаланатын жеке пайдалануға арналған тауарларды тарифтік реттеу шараларын қолданбай Одақтың кедендік аумағына әкелуге, сондай-ақ Одақтың кедендік аумағынан әкетуге рұқсат берілсін.
3. Осы Шешімнің 1-тармағында көрсетілген, мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауға (бақылауға) жататын тауарларға қатысты мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауды (бақылауды) мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары осы Шешімнің 4-тармағында белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып жүзеге асырады.
4. Осы Шешімнің 1-тармағында көрсетілген, Кеден одағы комиссиясының 2010 жылғы 28 мамырдағы № 299 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасында және кедендік аумағында мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауға (бақылауға) жататын өнімнің (тауарлардың) бірыңғай тізбесіне енгізілген тауарларды Одақтың кедендік аумағына әкелу оларды мемлекеттік тіркемей, мемлекеттік тіркеу туралы куәлік бермей жүзеге асырылады.
5. Аумағында Іс-шаралар өткізілетін мүше мемлекеттің кеден ісі саласындағы бақылау мен қадағалау функцияларын жүзеге асыратын атқарушы билік органы осы Шешімнің 1-тармағында көрсетілген тауарларды арнайы кедендік рәсімге орналастыруға құқылы және осындай тауарларды жөнелтушілер және (немесе) алушылар болып табылатын тұлғалар туралы ақпаратты басқа мүше мемлекеттердің кеден органдарының назарына жеткізуді қамтамасыз етсін.
6. Осы Шешімнің күші Одақтың кедендік аумағына осы Шешім күшіне енген күннен бастап әкелінетін тауарларға, сондай-ақ осы Шешім күшіне енгенге дейін Іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу кезінде пайдалану мақсатында Одақтың кедендік аумағында тұрған және арнайы кедендік рәсімге орналастырылған тауарларға қолданылады.
7. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 10 күн өткен соң күшіне енеді.
Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің мүшелері:
|
Армения Республикасынан |
Беларусь Республикасынан |
Қазақстан Республикасынан |
Қырғыз Республикасынан |
Ресей Федерациясынан |
|---|---|---|---|---|
| М. Григорян | И. Петришенко | Ә. Смайылов | Ж. Разаков | А. Силуанов |