Арнайы кедендік рәсім қолданылатын тауарлардың санаттары, тауарлардың осындай санаттарын арнайы кедендік рәсімге орналастыру шарттары және оны қолдану тәртібі туралы

Жаңа

Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2019 жылғы 29 наурыздағы № 23 шешімі.

      Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінің 253-бабының 3-тармағына, 254-бабына және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 98 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық комиссияның жұмыс регламентіне № 1 қосымшаның 6 және 62-тармақтарына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі шешті:

      1. Арнайы кедендік рәсім Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін (әкелінген) және WorldSkills ("Ворлдскиллс") кәсіпқой шеберлік бойынша ресми халықаралық жарыс іс-шараларын ұйымдастыруға және өткізуге ғана арналған шетелдік тауарларға қатысты қолданылады деп белгіленсін.

      2. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін (әкелінген) және WorldSkills ("Ворлдскиллс") кәсіпқой шеберлік бойынша ресми халықаралық жарыс іс-шараларын ұйымдастыруға және өткізуге арналған шетелдік тауарларды арнайы кедендік рәсімге орналастыру шарттары және оны осындай тауарларға қатысты қолдану тәртібі бекітілсін.

      3. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 10 күн өткен соң күшіне енеді.

      Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің мүшелері:

Армения
Республикасынан

Беларусь
Республикасынан

Қазақстан
Республикасынан

Қырғыз
Республикасынан

Ресей
Федерациясынан

М. Григорян

И. Петришенко

Ә. Смайылов

Ж. Разаков

А. Силуанов

  Еуразиялық экономикалық
комисссия Кеңесінің
2019 жылғы 29 наурыздағы
№ 23 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН

Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін (әкелінген) және WorldSkills ("Ворлдскиллс") кәсіпқой шеберлік бойынша ресми халықаралық жарыс іс-шараларын ұйымдастыруға және өткізуге арналған шетелдік тауарларды арнайы кедендік рәсіммен орналастыру шарттары және оны осындай тауарларға қатысты қолдану тәртібі

      1. Осы құжат Еуразиялық экономикалық одақтың (бұдан әрі – Одақ) кедендік аумағына әкелінетін (әкелінген) және WorldSkills ("Ворлдскиллс") кәсіпқой шеберлік бойынша ресми халықаралық жарыс іс-шараларын (жарыс іс-шараларының өзін және ұйымдастыруға, өткізуге, бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға, оларды ұйымдастырушылар ұйымдастырған немесе мақұлдаған жарыс іс-шараларының ашылуына, жабылуына және қорытындыларын шығаруға байланысты ілеспе іс-шараларды қоса алғанда) ұйымдастыру және өткізу кезінде пайдалануға ғана арналған шетелдік тауарларды орналастыру шарттарын айқындайды және мұндай тауарларға қатысты арнайы кедендік рәсімді қолдану тәртібін белгілейді (бұдан әрі тиісінше – тауарлар, іс-шаралар).

      2. Арнайы кедендік рәсім:

      а) аумағында іс-шаралар өткізілетін Одаққа мүше мемлекеттің (бұдан әрі – мүше мемлекет) заңнамасына сәйкес акциздер (акциз салығы немесе акциз алымы) салынатын тауарларға;

      б) Одақтың кедендік аумағына әкелуге тыйым салынған тауарларға;

      в) тауарлар тізбесінің мынадай:

      2.16 (азаматтық мақсаттағы, оның ішінде басқа тауарлардың құрамына кіріктірілген не кіретін радиоэлектрондық құралдар және (немесе) жоғары жиілікті құрылғылар);

      2.19 (шифрлау (криптографиялық) құралдары) бөлімдеріне енгізілген тауарларды қоспағанда, Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2015 жылғы 21 сәуірдегі № 30 шешіміне № 2 қосымшада көзделген тізбеге сәйкес оларға қатысты Одақтың кедендік аумағына әкелудің және (немесе) Одақтың кедендік аумағынан әкетудің рұқсат ету тәртібі белгіленген тауарларға қатысты қолданылмайды.

      3. Арнайы кедендік рәсіммен орналастырылған тауарлар шетелдік тауарлардың мәртебесін сақтайды.

      4. Тауарларды арнайы кедендік рәсіммен орналастыру шарттары:

      а) аумағында іс-шара өткізілетін мүше мемлекеттің кеден органына іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу, атауын көрсете отырып, тауарлардың нысаналы мақсаты және ұйымдастыруға және өткізуге арналған іс-шаралар өткізілетін орын мәселелері, тауарлардың атауы мен саны, тауарларды өткізетін тұлға туралы мәліметтер, тауарлардың декларанты туралы мәліметтер, сондай-ақ тауарларды кедендік декларациялау кезінде оларды сәйкестендіру үшін қажетті мәліметтер құзыретіне жататын осы мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген органның (ұйымның) жазбаша растауын ұсыну;

      б) тарифтік емес реттеу шаралары мен техникалық реттеу шараларын қоспағанда, Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 7-бабына сәйкес тыйым салулар мен шектеулерді сақтау болып табылады.

      5. Арнайы кедендік рәсімге сәйкес тауарларға декларация берілгенге дейін тауарларды шығаруға мәлімдеуге жол берілмейді.

      6. Арнайы кедендік рәсімге сәйкес тауарларды пайдалану шарттары мыналар болып табылады:

      а) осы құжаттың 7-тармағына сәйкес белгіленген арнайы кедендік рәсімнің қолданылу мерзімін сақтау;

      б) осы құжаттың 8-тармағында белгіленген арнайы кедендік рәсіммен орналастырылған тауарларды иелену және пайдалану бойынша шектеулерді сақтау.

      7. Тауарларды арнайы кедендік рәсіммен орналастыру кезінде аумағында іс-шаралар өткізілетін мүше мемлекеттің кеден органы тауарларды Одақтың кедендік аумағына әкелу мақсаттары мен мән-жайларын негізге ала отырып, декларант мәлімдеген мерзім негізінде осы тармақтың екінші абзацын ескере отырып, іс-шаралар аяқталған күннен бастап 6 айдан аспайтын осы кедендік рәсімнің қолданылу мерзімін белгілейді.

      Аумағында іс-шаралар өткізілетін мүше мемлекеттің заңнамасында онда айқындалған жағдайлар үшін ұйымдастыру мен өткізу үшін тауарлар арналған іс-шаралар аяқталған күннен бастап 12 айдан аспайтын арнайы кедендік рәсімнің өзге шекті қолданылу мерзімі белгіленуі мүмкін.

      Кеден органы белгілеген декларанттың дәлелді өтініші бойынша арнайы кедендік рәсімнің қолданылу мерзімі осы тармақтың бірінші абзацында көрсетілген немесе аумағында іс-шаралар өткізілетін мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген мерзім шегінде осы тармақтың екінші абзацына сәйкес ұзартылуы мүмкін.

      8. Арнайы кедендік рәсіммен орналастырылған тауарлар осы тармақтың екінші абзацына сәйкес оларды пайдалануға (табыс етуге) немесе осы тармақтың үшінші абзацына сәйкес өзге тұлғаларға иеленуге және пайдалануға беруге жол берілетін жағдайларды қоспағанда, декларанттың нақты иелігінде және пайдалануында болуға тиіс.

      Тауарларға қатысты өкілеттіктері бар тұлғалар немесе олардың өкілдері аумағында іс-шаралар өткізілетін мүше мемлекетте арнайы кедендік рәсіммен орналастырылған тауарлармен осындай тауарларды сақтауға, олардың сақталуын қамтамасыз етуге, іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу мақсаттары үшін пайдалануға дайындауға байланысты әдеттегі операцияларды жасауға, сондай-ақ осындай тауарларды іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу кезінде пайдалануға, оның ішінде осындай пайдалану процесінде толық немесе ішінара жұмсауға (тұтынуға) немесе іс-шараларға қатысушыларға наградтау атрибуттары ретінде табыс етуге құқылы.

      Декларанттың арнайы кедендік рәсіммен орналастырылған тауарларды осындай тауарларға техникалық қызмет көрсету, оларды сақтау, тасымалдау (тасу) мақсатында, сондай-ақ, егер мұндай тауарлар өздерінің тұтынушылық қасиеттерін жоғалтса және өздері арналған сапада оларды одан әрі пайдалануға жарамсыз деп танылса, аумағында іс-шаралар өткізілетін мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес көму, залалсыздандыру, кәдеге жарату немесе өзге тәсілмен жою үшін өзге тұлғалардың иелігіне және пайдалануына беруіне жол беріледі.

      Арнайы кедендік рәсіммен орналастырылған тауарларды өзге тәсілмен өткізуді не иеліктен шығаруды қоса алғанда, қандай да бір коммерциялық қызмет үшін пайдалануға, мұндай тауарларды жалға беруге және оларды пайдалана отырып ақылы қызметтер көрсетуге, сондай-ақ осы тауарларды өзге мүше мемлекеттердің аумағына әкетуге жол берілмейді.

      Арнайы кедендік рәсіммен орналастырылған тауарларды өзге тұлғалардың иелігіне және пайдалануына беру, сондай-ақ мұндай тауарларды жоғалту осы тауарлардың декларантын осы тармақта белгіленген арнайы кедендік рәсімге сәйкес тауарларды пайдаланудың өзге де шарттарын сақтаудан, осы құжаттың 9-тармағына сәйкес арнайы кедендік рәсімнің қолданылуын аяқтаудан босатпайды, сондай-ақ осы кедендік рәсімнің қолданылу мерзімін тоқтата тұрмайды және ұзартпайды.

      9. Кеден органы белгілеген арнайы кедендік рәсімнің қолданылу мерзімі өткенге дейін осы құжаттың 7-тармағына сәйкес осы кедендік рәсімнің қолданылуы:

      а) арнайы кедендік рәсіммен орналастырылған тауарларды осы құжаттың 11-тармағын ескере отырып, Кодексте көзделген тәртіппен және шарттарда шетелдік тауарларға қатысты қолданылады кедендік рәсімдермен орналастырумен аяқталады. Бұл ретте мұндай тауарлар кедендік рәсімдерге бір немесе бірнеше партиямен орналастырылуы мүмкін;

      б) арнайы кедендік рәсіммен орналастырылған тауарларды, егер мұндай тауарлардың Одақтың кедендік аумағынан кету орны аумағында іс-шаралар өткізілетін мүше мемлекетте болған жағдайда, Одақтың кедендік аумағынан әкетумен;

      в) аумағында іс-шаралар өткізілетін мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес кеден органдарының арнайы кедендік рәсіммен орналастырылған тауарлардың авария немесе еңсерілмейтін күш әрекетінің салдарынан жойылу және (немесе) қайтарымсыз жоғалу фактісін не осы тауарлардың тасымалдаудың (тасудың) және (немесе) сақтаудың қалыпты жағдайлары кезінде табиғи кему нәтижесінде қайтарымсыз жоғалу фактісін тануымен;

      г) аумағында іс-шаралар өткізілетін мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес кеден органдарының осы құжаттың 8-тармағының екінші абзацына сәйкес арнайы кедендік рәсіммен орналастырылған тауарларды іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу кезінде пайдалану процесінде жұмсау (тұтыну) фактісін немесе іс-шараларға қатысушыларға наградтау атрибуттары ретінде табыс ету фактісін тануымен;

      д) кеден органдарының аумағында іс-шаралар өткізілетін мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес осы мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес өзінің тұтыну қасиеттерін жоғалтқан немесе өздері арналған сапада оларды одан әрі пайдалану үшін жарамсыз деп танылған тауарларды көму, залалсыздандыру, кәдеге жарату немесе өзге тәсілмен жою фактісін тануымен аяқталады.

      10. Кеден органы белгілеген арнайы кедендік рәсімнің қолданылу мерзімі өткеннен кейін осы құжаттың 7-тармағына сәйкес осы кедендік рәсімнің қолданылуы тоқтатылады.

      11. Арнайы кедендік рәсімнің қолданылуы тауарларды ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастырумен аяқталған жағдайда:

      а) кедендік әкелу баждарының, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының ставкалары, мұндай тауарлардың кедендік құны және (немесе) олардың заттай көріністегі физикалық сипаттамасы (саны, массасы, көлемі немесе өзге де сипаттамасы) кеден органы оларды ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастыру үшін берілген тауарларға арналған декларацияны тіркеген күні айқындалады.

      б) мұндай тауарларға оларды ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастыру үшін берілген тауарларға арналған декларацияны тіркеу күніне қолданылатын тыйым салулар мен шектеулер қолданылады.

      12. Осы құжаттың 9-тармағының "б" – "д" тармақшаларына сәйкес арнайы кедендік рәсімнің қолданылуының аяқталуына байланысты кедендік операцияларды жасау тәртібі, сондай-ақ осы құжаттың 9-тармағының "б" – "д" тармақшаларына сәйкес арнайы кедендік рәсімді аяқтау үшін негіздердің болуын растайтын құжаттардың тізбесі аумағында іс-шаралар өткізілетін мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес белгіленеді.

      13. Арнайы кедендік рәсімге орналастырылған, іс-шараларға қатысушыларға наградтау атрибуттары ретінде табыс етілген тауарлар Одақ тауарларының мәртебесін алады және аумағында іс-шаралар өткізілетін мүше мемлекеттің кеден органы оларды табыс ету фактісін таныған күннен бастап кедендік бақылауда жоқ деп есептеледі.

      14. Өздерінің тұтынушылық қасиеттерін жоғалтқан және оларды олар арналған сапада одан әрі пайдалануға жарамсыз деп танылған арнайы кедендік рәсіммен орналастырылған тауарлар аумағында іс-шаралар өткізілетін мүше мемлекеттің кеден органы осындай мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес оларды көму, залалсыздандыру, кәдеге жарату немесе өзге тәсілмен жою фактісін таныған күннен бастап кедендік бақылауда жоқ деп есептеледі.

      15. Өзіне сәйкес тауарлар арнайы кедендік рәсіммен орналастырылатын тауарларға арналған декларацияны кеден органы тіркеген сәттен бастап декларантта арнайы кедендік рәсіммен орналастырылатын (орналастырылған) тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндет туындайды.

      16. Декларанттың арнайы кедендік рәсіммен орналастырылатын (орналастырылған) тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеті мынадай мән-жайлардың бірі:

      а) тауарларға арналған декларацияны тіркеу кезінде туындаған кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттерге қатысты – арнайы кедендік рәсімге сәйкес тауарларды шығарудан бас тарту

      б) тауарларға арналған декларацияны тіркеу кезінде туындайтын кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндетке қатысты Кодекстің 113-бабының 1-тармағына сәйкес тауарларға арналған декларацияны кері қайтарып алу және (немесе) Кодекстің 118-бабы 4-тармағының екінші абзацына сәйкес тауарларды шығарудың күшін жою;

      в) осы құжаттың 7-тармағына сәйкес кеден органы белгілеген арнайы кедендік рәсімнің қолданылу мерзімі өткенге дейін, оның ішінде осы құжаттың 17-тармағының "а" – "в" тармақшаларында көрсетілген мән-жайлар басталғаннан кейін осы құжаттың 9-тармағына сәйкес арнайы кедендік рәсімнің қолданылуы аяқталған;

      г) арнайы кедендік рәсімнің қолданылуы тоқтатылған тауарларды Кодекстің 129-бабының 6-тармағына сәйкес уақытша сақтауға орналастыру;

      д) арнайы кедендік рәсімнің қолданылуы тоқтатылған тауарларды Кодекстің 129-бабының 7-тармағына сәйкес кедендік рәсімдермен орналастыру;

      е) кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттерді орындау және (немесе) оларды осы құжаттың 18-тармағына сәйкес есептелген және төленуге жататын мөлшерде өндіріп алу;

      ж) кеден органының аумағында іс-шаралар өткізілетін мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес осындай жойылуға немесе қайтарымсыз жоғалтуға дейін осы тауарларға қатысты кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу мерзімі басталған жағдайларды қоспағанда, осы тауарлардың авария немесе еңсерілмейтін күш әсерінің салдарынан жойылу және (немесе) қайтарымсыз жоғалу фактісін не осы тауарлардың тасымалдаудың (тасудың) және (немесе) сақтаудың қалыпты жағдайларында табиғи кему нәтижесінде қайтарымсыз жоғалу фактісін тануы;

      з) аумағында іс-шаралар өткізілетін мүше мемлекеттің меншігіне (кірісіне) арнайы кедендік рәсіммен орналастырылған тауарларды осы мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес тәркілеу немесе айналымы;

      и) Кодекстің 51-тарауына сәйкес арнайы кедендік рәсіммен орналастырылған тауарларды кеден органының ұстауы болған кезде тоқтатылады.

      17. Мынадай мән-жайлар болған кезде:

      а) арнайы кедендік рәсіммен орналастырылған тауарларды осы құжаттың 1-тармағында көрсетілген мақсаттарда пайдаланылмаған жағдайда, арнайы кедендік рәсімнің қолданылуы аяқталғанға дейін – мұндай пайдаланудың бірінші күні, ал егер бұл күн белгіленбесе – тауарларды арнайы кедендік рәсіммен орналастыру күні;

      б) арнайы кедендік рәсіммен орналастырылған тауарларды осы құжаттың 8-тармағының талаптарын бұза отырып тұлғаға (тұлғаларға) осындай кедендік рәсімнің қолданылуы аяқталғанға дейін берген және (немесе) пайдаланған жағдайда – мұндай тауарларды берген және (немесе) пайдаланған күн, ал егер бұл күн анықталмаса – тауарларды арнайы кедендік рәсіммен орналастырған күн;

      в) аварияның немесе еңсерілмейтін күш әсерінің салдарынан жойылуды және (немесе) біржола жоғалуды не тасымалдаудың (тасудың) және (немесе) сақтаудың қалыпты жағдайы кезіндегі табиғи кему нәтижесінде қайтарымсыз жоғалуды қоспағанда, арнайы кедендік рәсіммен орналастырылған тауарлар жоғалған жағдайда – мұндай тауарлардың жоғалған күні, ал егер бұл күн белгіленбесе – тауарларды арнайы кедендік рәсіммен орналастыру күні;

      г) осы құжаттың 9-тармағына сәйкес арнайы кедендік рәсімнің қолданылуы аяқталмаған кезде – осы құжаттың 7-тармағына сәйкес кеден органы белгілеген арнайы кедендік рәсімнің қолданылу мерзімі өткен күн кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу мерзімі деп есептеледі.

      18. Осы құжаттың 17-тармағында көрсетілген мән-жайлар туындаған кезде кедендік әкелу баждары, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, егер арнайы кедендік рәсіммен орналастырылған тауарлар кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу бойынша тарифтік преференцияларды және жеңілдіктер қолданбай ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастырылғандай төленуге жатады.

      Кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын есептеу үшін кеден органы тауарларды арнайы кедендік рәсіммен орналастыру үшін берілген тауарларға арналған декларацияны тіркеген күні қолданыстағы кедендік әкелу баждарының, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының ставкалары қолданылады.

      Егер кеден органында тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін қажетті нақты мәліметтері болмаса, тауарлардың кедендік құны кеден органында бар мәліметтер негізінде айқындалады.

      Кейіннен тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін қажетті нақты мәліметтер анықталған кезде тауарлардың кедендік құны осындай нақты мәліметтер негізінде айқындалады және Кодекстің 10 және 11-тарауларына және 76 және 77-баптарына сәйкес кедендік әкелу баждарының, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының артық төленген және (немесе) артық өндіріп алынған сомаларын қайтару (есепке жатқызу) не төленбеген сомаларды өндіріп алу жүзеге асырылады.

      19. Осы құжаттың 10-тармағына сәйкес арнайы кедендік рәсімнің қолданылуы аяқталған не Кодекстің 129-бабының 6-тармағына сәйкес арнайы кедендік рәсіммен орналастырылған тауарларды уақытша сақтауға орналастырған не мұндай тауарларды Кодекстің 129-бабының 7-тармағына сәйкес шетелдік тауарларға қолданылатын кедендік рәсімдермен орналастырылған не Кодекстің 51-тарауына сәйкес кеден органдары мұндай тауарларды ұстаған жағдайда, кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу және (немесе) оларды өндіріп алу (толық немесе ішінара) жөніндегі міндеттер орындалғаннан кейін осы құжатқа сәйкес төленген және (немесе) өндіріп алынған кедендік баждардың, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының сомалары Кодекстің 10-тарауына және 76-бабына сәйкес қайтаруға (есепке жатқызуға) жатады.

      20. Арнайы кедендік рәсімнің қолданылуын тоқтата тұру және қайта бастау мәселелерін қоса алғанда, арнайы кедендік рәсімді қолданудың өзге де мәселелері Кодекстің 19-тарауына сәйкес реттеледі.

      21. Тауарларға қатысты мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау (бақылау), ветеринариялық және карантиндік фитосанитариялық бақылау (қадағалау) Одақтың кедендік аумағында және Одақтың кедендік шекарасында Одақтың құқығына кіретін актілерге, сондай-ақ аумағында іс-шаралар өткізілетін мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады