Кұқық бұзушылық профилактикасына қатысатын азаматтарды көтермелеу қағидаларын, түрлерін, мерзімдерін, сондай-ақ ақшалай сыйақы мөлшерін айқындау туралы

Жаңа

Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2026 жылғы 5 мамырдағы № 108 қаулысы

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" және "Құқық бұзушылық профилактикасы туралы" Қазақстан Республикасы Заңдарына сәйкес Батыс Қазақстан облысы әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын азаматтарды көтермелеу қағидалары бекітілсін.

      2. Құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын азаматтарды көтермелеу түрлері, сондай-ақ ақшалай сыйақының мөлшері осы қаулының қосымшасына сәйкес айқындалсын.

      3. "Батыс Қазақстан облысы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі осы қаулының Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде оның ресми жариялануын қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Облыс әкімі Н. Төреғалиев

  Батыс Қазақстан облысы
әкімдігінің 2026 жылғы
"05" мамырдағы № 108
қаулысымен бекітілді

Құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын азаматтарды көтермелеу қағидалары

      1. Осы Қағида Батыс Қазақстан облысында құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын азаматтарды көтермелеу тәртібін айқындайды.

      2. Құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын азаматтарды көтермелеу мәселелерін Батыс Қазақстан облысы әкімдігі құрған құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын азаматтарды көтермелеу жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) қарайды.

      3. "Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Батыс Қазақстан облысының Полиция департаменті" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – облыстың ПД) құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын азаматтарды көтермелеу туралы ұсынымды тоқсан сайын Комиссияның қарауына енгізеді.

      4. Хаттама нысанында қабылданатын Комиссия шешімі көтермелеу үшін негіз болып табылады.

      5. Көтермелеудің нақты түрі, сондай-ақ ақшалай сыйақының мөлшері Комиссия хаттамасында көрсетіледі.

      6. Комиссия жергілікті атқарушы органдарда қоғамдық көмекші ретінде тіркелмеген азаматтарды, егер олар құқық бұзушылықтардың алдын алуға, жолын кесуге немесе ашуға ықпал еткен болса, "Құқық бұзушылық профилактикасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен көтермелеуге құқылы.

      7. Әкімшілік құқық бұзушылық фактісінің фото - және бейнежазбасы қоса берілген хабарламаны уәкілетті органдарға жіберген азаматтар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті атқарушы органдардың шешімдері бойынша бұзушыдан өндіріп алынған айыппұл сомасынан ақшалай сыйақымен көтермеленуі мүмкін. Азамат сыйақы алушы ретінде қайырымдылық ұйымын көрсетуге құқылы.

      8. Ақшалай сыйақы төлеу облыстық бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.

      9. Облыстың ПД құқық бұзушылық профилактикасына қосқан үлесі үшін азаматтарға алғыс жариялауды, грамотамен наградтауды, сондай-ақ ақшалай сыйақы төлеуді салтанатты түрде жүзеге асырады.

  Батыс Қазақстан облысы
әкімдігінің 2026 жылғы
"05" мамырдағы № 108
қаулысына қосымша

Құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын азаматтарды көтермелеу түрлері, сондай-ақ ақшалай сыйақының мөлшері

      1. Алғыс жариялау.

      2. Грамотамен наградтау.

      3. Ақшалай сыйақы төлеу.

      Ақшалай сыйақы айлық есептік көрсеткіштің 10 еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде төленеді.

      4. Білім беру және біліктілікті арттыру бағдарламалары бойынша оқуға жіберу.

      5. Ұйымдарға, кәсіпорындарға көтермелеу туралы ұсынымдарды жолдау.

      6. Құқық бұзушылық профилактикасына елеулі үлес қосқан адамдарды мемлекеттік наградамен марапаттау және оларға құрметті атақ беру туралы ұсыныстар енгізу.

      Жергілікті атқарушы органдар құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын азаматтарды көтермелеудің өзге де шараларын қолдануға құқылы.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады