Шығыс Қазақстан облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. "Шығыс Қазақстан облысының елді мекендерінің жасыл екпелерін жасау, күтіп-баптау және қорғау қағидаларын бекіту туралы" Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2024 жылғы 12 сәуірдегі № 12/98-VIII шешіміне мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген шешіммен бекітілген Шығыс Қазақстан облысының елді мекендерінің жасыл екпелерін жасау, күтіп-баптау және қорғау қағидаларында:
19-тармақтың 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"5) жалпыға ортақ пайдаланылатын орындарда жасыл екпелерді тиімді басқару үшін бірыңғай цифрлық база құру, оның ішінде жасыл екпелер санының қолданыстағы құрылыс және санитариялық нормаларға сәйкестігін белгілеу;";
39-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"39. Ағаштарды кесуді рұқсат беру рәсімдеріне сәйкес уәкілетті органның рұқсаты бойынша осы жер учаскесіне қызмет көрсететін ұйымдар жүргізеді.";
58-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"58. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 31 қазандағы № 1034 қаулысымен бекітілген Өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерінің тізбесіне енгізілген жасыл екпелер заңсыз жойылған (кесілген) не олардың құрып кетуіне алып келген бүлінген жағдайда – бір жүз еселенген мөлшерде жүзеге асырылады.";
59-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"59. Өсімдіктер дүниесіне келтірілген залалдың мөлшерін Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 23 ақпандағы № 61 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы заңнамасын бұзудан келтірілген зиянның мөлшерлерін есептеуге арналған базалық мөлшерлемелерге (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 31997 болып тіркелген) сәйкес уәкілетті орган ведомствосының тиісті аумақтық бөлімшелері есептейді.".
2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы | Д. Рыпаков |
