"Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы" мемлекеттік мекемесі қызметінің кейбір мәселелері туралы

Жаңа

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2026 жылғы 21 қаңтардағы № 8 қаулысы

      "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 65-бабы 3-тармағына сәйкес Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес "Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы" мемлекеттік мекемесінің ережесі бекітілсін.

      2. Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы:

      1) осы қаулыға қол қойылған күннен бастап бес күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі көшірмелерін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жариялау үшін "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына электрондық түрде жіберуді;

      2) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.

      3. "Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы" мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы" Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2025 жылғы 30 сәуірдегі № 104 және "Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы" мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы" Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2025 жылғы 30 сәуірдегі № 104 қаулысына толықтырулар енгізу туралы" Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2025 жылғы 9 қыркүйектегі № 224 қаулыларының күші жойылды деп танылсын.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Шығыс Қазақстан облысының әкімі Н. Сақтағанов

  Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің
2026 жылғы " 21 " қантардағы
№ 8 қаулысына
қосымша

"Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы" мемлекеттік мекемесінің ережесі

1 тарау. Жалпы ережелер

      1. "Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) өнеркәсіптік әлеуетті, жеке кәсіпкерлікті және сауданы дамыту салаларында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Басқарма мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі және мемлекеттік тілде өз атауы жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      4. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      5. Басқармаға егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген болса, оның мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      6. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      7. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      8. Заңды тұлғаның орналасқан жері: 070019, Қазақстан Республикасы, Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласы, М. Горький көшесі, 40.

      9. Мемлекеттік органның толық атауы: "Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы" мемлекеттік мекемесі.

      10. Осы Ереже аталған Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Басқарманың қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық және (немесе) жергілікті бюджеттерден жүзеге асырылады.

      12. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарма өкілеттігі болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер Басқармаға заңнамалық актілермен табыс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кірістер егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2 тарау. Мемлекеттік органның міндеттері мен өкілеттіктері

      13. Міндеттері:

      1) қолданыстағы заңнамада белгіленген шектерде жеке кәсіпкерлікті, өнеркәсіпті, жер қойнауын пайдалануды, сауданы қолдау және дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру;

      2) экономиканың басым секторларын дамыту процесінде мемлекет пен бизнестің тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз ету.

      14. Өкілеттіктері:

      1) Құқықтары:

      Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария етуге қойылатын талаптарды сақтай отырып, Басқармаға жүктелген функцияларды жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратты мемлекеттік органдардан, өзге де ұйымдардың лауазымды тұлғаларынан және жеке тұлғалардан сұрату және алу;

      реттелетін салалардағы орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшыларымен меморандумдар (келісімдер) жасасу;

      Басқармаға жүктелген функцияларды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың мамандарын, сондай-ақ шетелдік және жергілікті сарапшылар мен мамандарды жұмысқа тарту;

      Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде айқындалған тәртіппен, сондай-ақ олармен келісім бойынша тиісті мемлекеттік органдардың бірлескен актілері негізінде басқа да мемлекеттік органдармен, коммерциялық емес және халықаралық ұйымдармен өзара ic-қимыл жасау;

      Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен мәслихаты бекітетін бағдарламаларды әзірлеуге қатысу;

      Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен соттарда және басқа да мемлекеттік органдарда жауапкер, талапкер, үшінші тұлға ретінде, оның ішінде облыс әкімінің, облыс әкімдігінің атынан әрекет ету;

      облыстың жергілікті атқарушы органының шешімі бойынша облыстық коммуналдық мүлік құрамындағы акционерлік қоғамдар акцияларының мемлекеттік пакетін және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердегі қатысу үлестерін иелену және пайдалану құқықтарын жүзеге асыру;

      заңнамалық актілерде, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыру.

      2) міндеттері:

      Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау;

      Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде алынған коммерциялық, қызметтік, заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты жария етпеу;

      жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде белгіленген тәртіппен және мерзімдерде қабылдау және қарау;

      Мемлекет басшысының, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің, сондай-ақ өзге де жоғары тұрған мемлекеттік органдардың тапсырмаларының уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз ету;

      Басқармаға бөлінген бюджет қаражатын толық, уақтылы және тиімді пайдалануды қамтамасыз ету;

      реформалар курсын, басқа да мемлекеттік бағдарламалық құжаттарды түсіндіру барысы туралы облыс әкіміне талдамалық анықтама дайындау бойынша жұмысты үйлестіру;

      мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерге сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету;

      мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді алу кезінде қажетті жағдайлар жасау;

      көрсетілетін қызметті алушыларға мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібі туралы толық және анық ақпаратты қолжетімді нысанда ұсыну;

      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес орталық мемлекеттік органдарға, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдеріне, өзге де көрсетілетін қызметті берушілерге, Мемлекеттік корпорацияға мемлекеттік қызметтер көрсету үшін, оның ішінде ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы қажетті құжаттар мен ақпаратты ұсыну;

      қызметкерлердің мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы біліктілігін арттыру, сондай-ақ мүгедектігі бар тұлғалармен қарым-қатынас жасау дағдыларына үйрету;

      көрсетілетін қызметті алушылардың шағымдарын қарау және оларды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгіленген мерзімдерде қарау нәтижелері туралы хабардар ету;

      көрсетілетін қызметті алушылардың мемлекеттік көрсетілетін қызметті орындау сатысы туралы ақпарат алу мүмкіндігін қамтамасыз ету;

      көрсетілетін қызметті алушылардың бұзылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруге бағытталған шараларды қабылдау;

      мемлекеттік қызметтер көрсету үшін пайдаланылатын, сондай-ақ оларды көрсету үшін қажетті өзекті мәліметтерді қамтитын ақпараттық жүйелердің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету;

      ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен мемлекеттік қызмет көрсету сатысы туралы мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне деректерді енгізуді қамтамасыз ету;

      егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде ақпараттық жүйелерде сақталған заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалану үшін көрсетілетін қызметті алушының жазбаша келісімін немесе ұялы байланысының абоненттік құрылғысы арқылы электрондық цифрлық қолтаңбасымен расталған келісімін алу;

      мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерде көзделген жағдайларда мемлекеттік қызметтер көрсету үшін цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжаттарды пайдалану;

      Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда және негіздер бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуден бас тарту;

      заңнамалық актілерде, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыру.

      15. Функциялары:

      1) жеке кәсіпкерлікті қолдау және дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады, кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы мен орындалуын қамтамасыз етеді және жауапты болады;

      2) әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік гранттар береді;

      3) шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жобалары үшін жетіспейтін инженерлік инфрақұрылымды жеткізу түрінде қолдау көрсетеді;

      4) жергілікті атқарушы органдардың жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерімен, Ұлттық палатамен және нарықтық инфрақұрылым объектілерімен өзара қарым-қатынастарын дамыту стратегиясын айқындау жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      5) сараптамалық кеңестің қызметін ұйымдастырады;

      6) облыс қалалары мен аудандарының әкімдіктерімен бірлесіп шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік қолдау шаралары бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді;

      7) реттеушілік әсерді талдау нәтижелерін қарайды және реттеушілік әсерді талдау бойынша жұмыс жай-күйі туралы есептерді кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органға ұсынады;

      8) бизнес-эмигранттардың уақытша тұруға берілген рұқсаттарының қолданылу мерзімін ұзарту немесе қысқарту жөніндегі өтініштерді қарау және беру бойынша арнайы комиссияның жұмысын ұйымдастырады;

      9) Бірыңғай есеп беру күнін ұйымдастырады және өткізеді;

      10) қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатқан сотталғандардың еңбегін пайдаланатын өндірістерді ашуға кәсіпкерлік субъектілерін тарту арқылы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері аумағында олардың жұмыспен қамтылуына жәрдемдеседі;

      11) өңірдің өнеркәсіптік саясатын қалыптастыруға және іске асыруға қатысады;

      12) тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібі салаларындағы жетекшілік ететін кәсіпорындар бойынша деректерді қалыптастырады және талдайды;

      13) жүктелген өкілеттіктер шегінде шикізаттық емес экспортты дамыту және ілгерілету жөніндегі жұмыстарды жүргізеді;

      14) кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру және кен іздеушілік операцияларды жүзеге асыру үшін жер қойнауын пайдалану құқығын береді;

      15) жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын, мемлекеттік меншіктегі теміржолдарды салу (реконструкциялау) және жөндеу, сондай-ақ гидротехникалық құрылыстарды қайта жаңғырту және жөндеу үшін пайдаланылатын кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерімен және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу арқылы жазбаша рұқсат беру жолымен құқық береді;

      16) Қазақстан Республикасының "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" кодексі қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге, кен іздеушілікке берілген лицензиялар мен шарттардың талаптарының сақталуына бақылауды жүзеге асырады;

      17) кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру және кен іздеушілік операцияларын жүргізуге мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

      18) жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен пайдалы қазбалар жатқан аумақтарды құрылыс салуға пайдалану үшін рұқсат береді;

      19) кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге және кен іздеушілікке берілген лицензиялар туралы ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етеді;

      20) жер қойнауын пайдалану құқығының және жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің ауысуына рұқсат береді;

      21) жылжымалы мүлік кепілін тіркеу саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) кепілін тіркеуді жүзеге асырады;

      22) жер қойнауын пайдалану шарттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша келіссөздер жүргізу жөніндегі жұмыс тобының жұмысын ұйымдастырады;

      23) жер қойнауын пайдалану мәселелері жөніндегі сараптамалық комиссияның жұмысын ұйымдастырады;

      24) кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған шарттар бойынша комиссияның жұмысын ұйымдастырады;

      25) қатты пайдалы қазбаларды, кең таралған пайдалы қазбаларды барлау және/немесе өндіру, жер қойнауы кеңістігін пайдалану, кен іздеушілік операцияларының салдарын жою жөніндегі комиссиялардың жұмысын ұйымдастырады;

      26) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдарымен, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерімен, су ресурстарын қорғау және пайдалану жөніндегі бассейндік су инспекцияларымен келісу арқылы кен іздеушілік қызметті жүзеге асыруға арналған аумақтарды айқындайды;

      27) заңды тұлғаларға түсті және қара металдардың сынықтары мен қалдықтарын жинау (дайындау), сақтау, қайта өңдеу және өткізу жөніндегі қызметті бастауға рұқсат береді;

      28) сауда саясатын жүргізуді қамтамасыз етеді;

      29) өз құзыреті шегінде сауда қызметі субъектілерінің қызметін реттейді;

      30) Шығыс Қазақстан облысының аумағында сауда қызметіне қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі шараларды әзірлейді;

      31) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленетін шекті жол берілетін бөлшек сауда бағаларының мөлшеріне мониторинг жүргізеді;

      32) халықты сауда алаңдарымен қамтамасыз етудің ең төменгі нормативіне қол жеткізу жөніндегі шараларды әзірлейді және іске асырады;

      33) ішкі сауда субъектілеріне, оның ішінде отандық өндірістегі азық-түлік тауарларын өткізетін субъектілерге экономикалық ынталандыру шараларын қолданады;

      34) электрондық сауданы дамытады;

      35) отандық сауда желілерін дамытады;

      36) Шығыс Қазақстан облысының өнеркәсіптік кәсіпорындарының проблемалық мәселелерін шешу үшін ғылыми кеңестің жұмысын ұйымдастырады;

      37) өңірде ғылымды дамытудың басым бағыттарын айқындайды және өңірде іске асырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды қаржыландыруды ұйымдастырады;

      38) ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға және ұсыныстар әзірлеуге, өңірде қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізу жөніндегі жұмысты үйлестіруге қатысады;

      39) тиісті аумақта ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын қамтамасыз етеді;

      40) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын қаржыландыру үшін жеке кәсіпкерлік субъектілеріне гранттар тартуға жәрдемдеседі және оларды бірлесіп қаржыландыруға қатысады;

      41) өнім шығаратын және (немесе) жаңа технологияларды енгізетін бірлескен өндірістер құру мақсатында жеке кәсіпкерлік субъектілерінің, квазимемлекеттік сектордың ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерімен өзара іс-қимылын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жүзеге асырады;

      42) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің (оның ішінде шетелдік), квазимемлекеттік сектордың ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерімен өзара іс-қимылын қамтамасыз ету үшін ғылым жөніндегі кеңестер құрады;

      43) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды (практикалық қолдануды) жүзеге асыратын заңды тұлғаларды, оның ішінде стартап-компанияларды құруға және (немесе) олардың жарғылық капиталдарына қатысады;

      44) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға жәрдемдесу бағдарламаларының іске асырылуына мониторинг жүргізеді;

      45) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды әдістемелік қамтамасыз ету мәселелері бойынша уәкілетті органмен және салалық уәкілетті органдармен бірлесіп қатысады;

      46) ғылымды дамытудың басым бағыттары бойынша ұсыныстар енгізеді;

      47) мемлекеттік тапсырыс шеңберінде қолданбалы ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды әзірлеуді ұйымдастырады және олардың іске асырылуын жүзеге асырады;

      48) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органының мемлекеттік тапсырысы шеңберінде орындалған қолданбалы ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар бойынша есептерді бекітеді;

      49) жүктелген құзыреттер шегінде инвестициялық саясатты тарту және іске асыру жөніндегі үйлестірушімен бірлесіп жұмыс жүргізеді;

      50) ақпараттық қауіпсіздік саясатының талаптарына сәйкес ақпараттық қауіпсіздік бойынша жұмыстарды жүргізеді;

      51) экономиканың басым секторларын айқындау жөнінде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсыныстар енгізеді;

      52) жүктелген өкілеттіктер шегінде цифрлық технологияларды дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысады;

      53) жергілікті мемлекеттік басқарудың мүддесі үшін Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

3-тарау. Мемлекеттік орган басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      16. Басқармаға басшылықты оған жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болатын басшы жүзеге асырады.

      17. Басқарма басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      18. Басқарма басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.

      19. Басқарма басшысының өкілеттіктері:

      1) Басқарма жұмысын ұйымдастырады және оған басшылық жасайды және Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз функцияларын жүзеге асыруына дербес жауапты болады;

      2) қолданыстағы заңнамаға сәйкес Басқарма басшысының орынбасарлары мен Басқарма бөлімдері басшыларының міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;

      3) Басқармада сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимылға бағытталған шараларды қабылдайды және осы шаралардың әрекетсіздігі үшін дербес жауапты болады;

      4) қолданыстағы заңнамаға сәйкес Басқарма қызметкерлерін лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

      5) қолданыстағы заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма қызметкерлерін көтермелейді, оларға тәртіптік жаза қолданады;

      6) Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде белгіленген тәртіппен облыс әкімінің ұйымдастырушылық қызметіне қатысты келіп түскен петицияларды қарайды;

      7) өз өкілеттіктері шегінде бұйрықтар шығарады;

      8) Басқарма бөлімдері туралы ережелерді және Басқарма қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;

      9) мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Басқарманың мүдделерін білдіреді;

      10) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Басқарма басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін атқаруды қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі

      20. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      21. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      22. Басқарма егер заңнамада өзгеше белгіленбесе, өзіне бекітілген мүлікті және оған қаржыландыру жоспары бойынша берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетінше иеліктен шығаруға немесе оған өзге тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      23. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Басқарманың қарамағындағы ұйымдардың тізбесі:

      24. "Ертіс" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" акционерлік қоғамы.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады