"Атырау қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі" мемлекеттік мекемесінің ережесіне өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Атырау облысы Атырау қаласы әкімдігінің 2026 жылғы 19 ақпандағы № 325 қаулысы

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 37-бабын, "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 124-бабын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" қаулысына сәйкес, Атырау қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Атырау қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі" мемлекеттік мекемесінің ережесі осы қаулының қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда мазмұндалсын және бекітілсін.

      2. "Атырау қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі" мемлекеттік мекемесі осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Атырау қаласы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қала әкімі Ш. Кейкин

  Атырау қалалық әкімдігінің
2026 жылғы "19" ақпандағы
№ 325 қаулысына қосымша
  Атырау қалалық әкімдігінің
2020 жылғы "15" қазандағы
№ 2234 қаулысымен бекітілген

"Атырау қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі" мемлекеттік мекемесінің ережесі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. "Атырау қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Бөлім) Атырау қаласы аумағында мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт салаларына басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Бөлімнің ведомстволары жоқ.

      3. Бөлім өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Бөлім мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      5. Бөлім азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      6. Бөлім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. Бөлім өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен бөлім басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Бөлімнің құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.

      9. Мекеменің атауы: "Атырау қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі" мемлекеттік мекемесі

      10. Бөлімнің орналасқан жері: Атырау қаласы, С.Сәуірғалиев көшесі, №1 құрылыс, пошталық индексі – 060003.

      11. Мемлекеттік мекеменің құрылтайшысы – "Атырау қалалық әкімі аппараты" мемлекеттік мекемесі. Осы Ереже бөлімнің құрылтай құжаты болып табылады.

      Мекеменің басқару органы – "Атырау қалалық әкімі аппараты" мемлекеттік мекемесі болып табылады.

      12. Бөлімнің қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттерден, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бюджетінен (шығыстар сметасынан) жүзеге асырылады.

      13. Бөлімнің кәсіпкерлік субъектілерімен бөлімнің өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.

      Егер бөлімге заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2-тарау. Мемлекеттік мекеменің мақсаттары мен өкілеттіктері

      14. Мақсаттары:

      1) Атырау қаласы аумағында мәдениет саласындағы мемлекеттік басқаруды жүзеге асыру және мемлекеттік саясаятты іске асыру;

      2) мемлекеттік тілдің қолдану өрісін кеңейту;

      3) Атырау қаласы аумағында дене шынықтыру және спортты дамыту мемлекеттік бағдарламасының іс-шараларын іске асыру;

      15. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      өз құзіреті шегінде мемлекеттік органдардан және басқа да ұйымдардан қажетті ақпаратты, құжаттарды және өзге де материалдарды сұратуға және алуға;

      қолданыстағы заң актілерінде және осы Ереженің функцияларында көзделген басқа да құқықтарды жүзеге асыруға.

      өзінің құзіреті жатқызылған мәселелер бойынша сотта талапкер және жауапкер болуға құқығы бар;

      2) міндеттері:

      Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын сақтауға;

      Бөлімге берiлген құқықтар шегiнде және осы Ережеге сәйкес өзінің өкiлеттiгiн жүзеге асыруға;

      жоғары тұрған органдар мен лауазымды адамдардың Бөлімнің өкiлеттiгi шегiнде шығарылған шешiмдерi мен нұсқауларын орындауға;

      16. Бөлімнің функциялары:

      1) Бөлім қызметінің бағыттары бойынша оның жұмыс өнімділігі мен сапасын арттыру мақсатында ішкі бақылауды жүзеге асырады;

      2) қолданыстағы заңнамаға сәйкес ішкі мемлекеттік қаржылық бақылауды жүзеге асырады;

      3) тиісті саладағы коммуналдық мемлекеттік мекеме мен мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының жергілікті бюджеттен қаржыландыру жоспарларын бекiтедi;

      4) тиісті саладағы коммуналдық мемлекеттік мекеме мен мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорынның филиалдар мен өкiлдiктер құруына келiсiм бередi;

      5) құрылтайшымен келiсiм бойынша коммуналдық заңды тұлғаны қайта ұйымдастыруды және таратуды жүзеге асырады;

      6) кадрлардың бiлiктiлiгiн арттыру, даярлау және қайта даярлау, семинарларды, басқа да оқыту түрлерін және мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт мамандарының тәжiрибе алмасуын ұйымдастырады;

      7) мәдениет, дене шынықтыру және спорт объектілерінің материалдық-техникалық базасын құру және нығайту, олардың инфрақұрылымын дамыту;

      8) мүдделі ведомстволық ұйымдармен бірлесіп іс-шаралар ұйымдастырып, өткізу;

      9) мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт салаларын дамытудың өңірлік бағдарламаларын дайындауға және іске асыруға қатысады;

      10) бағынысты мәдениет және спорт мекемелерінің қызметіне басшылық жасайды;

      11) қалалық мәдени, спорттық көпшілік іс-шаралардың жұмыс жоспарын әзірлеуді және іске асыруды қамтамасыз етеді;

      12) ұлттық, мемлекеттік, мерейтойлық және кәсіби мерекелерді өткізу бойынша бұқаралық шараларды ұйымдастыру;

      13) мәдениет және спорт мекемелерінің штаттық кестесін бекітеді;

      14) мәдениет үйлеріндегі көркемөнерпаздар, халықтық ұжымдар және үйірмелер шығармашылығының дамуына ықпал етеді;

      15) бөлімге қарасты мекемелердің басшысын тағайындау және жұмыстан босату, сондай-ақ аттестаттау жұмыстарын ұйымдастырады;

      16) Тарих және мәдениет ескерткіштерінің бүлінуін, бұзылу қатерін жою туралы хабар береді және тарихи-мәдени мұра объектілерін жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне қосу туралы ұсыныстар енгізеді;

      17) Қазақстан Республикасының Тіл туралы заңнамасының бұзылуына кінәлі лауазымды адамдар мен кәсіпкерлік субъектілерін әкімшілік жауапкершілікке тарту жұмыстарын жүргізеді;

      18) маңдайшаны орналастыру туралы хабарламаларды қабылдауды және қарауды жүзеге асырады;

      19) құрамдас бөліктерге атау беру және оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту бойынша ұсыныстар енгізеді;

      20) мемлекеттік тілді және басқа тілдерді дамытуға бағытталған іс-шараларды жүргізеді;

      21) қала бойынша орнатылатын жарнама мен көрнекі ақпараттың Тіл туралы заңнамаға сәйкестігі бойынша консультациялық жұмыстар жүргізу және келісім беру;

      22) аккредиттелген жергілікті спорт федерацияларымен бірлесіп, спорт түрлері бойынша қалалық спорттық жарыстарды өткізеді;

      23) спорт түрлері бойынша қалалық құрама командаларды даярлауды және олардың облыстық жарыстарға қатысуын қамтамасыз етеді;

      24) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында бұқаралық спортты және ұлттық спорт түрлерін дамытуды қамтамасыз етеді;

      25) спорттық разрядтар мен біліктілік санаттарын беру және олардан айыру бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетеді;

      26) спорттық-бұқаралық іс-шаралардың бірыңғай өңірлік күнтізбесін іске асырады;

      27) мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарына қолжетімділікті, дене шынықтыру және спорт салаларындағы мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі туралы мемлекеттік қызмет тұтынушыларына ақпарат ұсынуды қамтамасыз етеді;

      28) спорттық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін, спорттық мекемелердің қызметкерлерін, бапкерлер құрамын спорттық медальдармен, белгілермен, дипломдармен, грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапаттау мәселелерін белгіленген тәртіп бойынша шешеді;

      29) бюджетті нақтылау, түзету, бекіту кезінде қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне бюджеттік бағдарламалар бойынша қаржыландыру жоспарларының жобасын және бюджеттік өтініштер ұсыну;

      30) бөлім бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстарын ұйымдастыру;

      31) бөлімге қарасты мекемелерден қаржылық есептілікті қабылдау, шоғырландыру, тексеру және талдау жұмыстарын жүргізу;

      32) бөлімге қарасты мекемелердің мүлкін есептен шығаруға келісім береді;

      33) мәдениет және спорт мекемелерінің қызметкерлерін мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапаттау, оларға құрметті және өзге де атақтар беру туралы қала әкіміне, сала басқармаларына ұсыныс енгізу;

      34) соттарда, мемлекеттік органдарда және басқа да ұйымдарда бөлімнің мүддесін білдіру;

      35) қала әкімдігі қаулыларының, әкім шешімдері мен өкімдерінің жобаларын дайындау;

      36) бөлімнің іс-қағаздарын жүргізу және бөлімге түсетін хат-хабарларды өңдеу;

      37) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдау, тіркеу, есепке алу және қарау;

      38) "қызмет бабында пайдалану үшін" грифімен келген құжаттармен іс жүргізуді қамтамасыз етеді;

      39) Қазақстан Республикасының заңдарымен, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерімен көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

3-тарау. Мемлекеттік мекеменің бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      17. Бөлімді басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол бөлімнің жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.

      18. Бөлімнің бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      19. Бөлімнің бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасары болады.

      20. Бөлімнің бірінші басшысының өкілеттіктері:

      1) өзінің орынбасары мен бөлім қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттіктерін анықтайды;

      2) мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдарда бөлімнің мүддесін білдіреді;

      3) Заңнамаға сәйкес бөлім қызметкерлерін, бөлімге қарасты мекемелердің басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады, көтермелейді және оларға тәртіптік жазалар қолданады;

      4) өз құзіреті шегінде бұйрықтар шығарып, өзінің құзіретіне жататын басқа да мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды;

      5) бөлімде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауға бағытталған тиісті шараларды қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың қабылдануы үшін дербес жауапты болады;

      6) бөлімнің жұмыс регламентін және штаттық кестесін бекітеді;

      7) өз құзіреті шегінде қолданыстағы заңнамаға сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      8) бөлімнің бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

4-тарау. Жұмыс режимі

      21. Бөлімнің жұмыс тәртібі ішкі еңбек тәртібінің қағидаларымен белгіленеді және Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының нормаларына қайшы келмеуі тиіс.

5-тарау. Мемлекеттік мекеменің мүлкі

      22. Бөлімнің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Бөлімнің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      23. Бөлімге бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      24. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, бөлімнің өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

6-тарау. Мемлекеттік мекемені қайта ұйымдастыру және тарату

      25. Бөлімді қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Бөлімнің қарамағындағы мемлекеттік мекемелердің тізбесі:

      1) "Құрманғазы атындағы мәдениет сарайы" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны;

      2) "Атырау қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      3) "Бұқаралық спортты дамыту спорт клубы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады