Қарқаралы аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Қарқаралы аудандық мәслихатының 2024 жылғы 16 мамырдағы VIII-22/166 "Қарқаралы ауданының Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №6598-09 болып тіркелген) шешіміне, келесі өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген шешімнің 1 қосымшасы осы шешімнің қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Аудандық мәслихаттың төрағасы | С.Оспанов |
| Қарқаралы аудандық мәслихатының 2026 жылғы 16 сәуірдегі № VIII-50/389 шешіміне қосымша |
Қарқаралы ауданының Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қарқаралы ауданының Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі –қағидалар) Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне, Қазақстан Республикасының "Ардагерлер туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына (бұдан әрі –үлгілік қағидалары) сәйкес әзірленді және Қарқаралы ауданында әлеуметтік көмек көрсету тәртібін, оның мөлшерлерін белгілеуді және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негiзгi терминдер мен ұғымдар:
1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты "бір терезе" қағидаты бойынша ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;
2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша республикалық маңызы бар қала, астана, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
3) әлеуметтік көмек – жергілікті атқарушы орган (бұдан әрі – ЖАО) мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;
4) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органы;
5) әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйым – екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының тиісті түрлеріне қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар ұйымдар, "Қазпошта" акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелері;
6) ең төмен күнкөрiс деңгейi – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кiрiс;
7) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесiне тура келетiн үлесi;
8) мереке күндерi – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттiк мереке күндерi;
9) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;
10) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
11) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайын зерттеп-қарау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;
12) шекті мөлшер – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері;
13) цифрлық құжаттар сервисі – "электрондық үкімет" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторға бекітіп берілген және ақпараттандыру объектілерінен алынған мәліметтер негізінде қалыптастырылған электрондық түрдегі құжаттарды көрсетуге және пайдалануға арналған объектісі;
14) "электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан әрі – портал) – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, барлық шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік және өзге де қызметтерге қол жеткізудің "ортақ терезесі" дегенді білдіретін ақпараттандыру объектісі;
15) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы.
3. Әлеуметтік кодекстің 71-бабының 4 тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1 тармағының 2) тармақшасында, 11- бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12- бабының 1 тармағының 2) тармақшасында, 13- бабының 2) тармақшасында, 17- бабында көрсетілген тұлғаларға әлеуметтік көмек осы қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.
4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, тоқсан сайын, жылына бір рет) көрсетіледі, өтініш берілген айдан бастап жүзеге асырылады.
5. Жылына бір рет әлеуметтік көмек көрсету үшін мереке күндерінің және атаулы күндерінің тізбесі:
1) 15 ақпан – Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні;
2) 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні;
3) 26 сәуір – Чернобыль атом электр станциясындағы апатты жою күні;
4) 7 мамыр – Отан қорғаушы күні;
5) 9 мамыр – Жеңіс күні;
6) 1 қазан – Қарттар күні;
7) қазан айының екінші жексенбісі – Қазақстан Республикасының Мүгедектігі бар адамдар күні;
8) 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні.
Мереке күндері мен атаулы күндерге орай әлеуметтік көмек айлық есептік көрсеткіштің кемінде 2,5 еселенген мөлшерінде белгіленеді және күнтізбелік бір жылда бір рет тағайындалады.
Бірнеше негіз болған жағдайда мереке күндеріне және атаулы күндерге орай әлеуметтік көмек бір негіз бойынша ғана тағайындалады.
6. Учаскелiк және арнайы комиссиялар өз қызметiн Қарағанды облысының әкімдігі бекiтетiн ереженiң негiзiнде жүзеге асырады.
2- тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі
7. Алушылардың тізбесі және мереке күндері мен атаулы күндерге ақшалай төлемдер түріндегі әлеуметтік көмектің шекті мөлшері:
1) 15 ақпан - Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні:
оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлер - 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш;
Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерiге - 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш;
бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерiне - 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш;
Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшiн бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлерге - 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш;
бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн басқа кезеңдерде атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай - ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезiнде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшiлерге - 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш;
Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар – ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына - 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш;
2) 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні:
құрамында бірге тұратын кәмелетке толмаған төрт және одан көп балалары, оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар көпбалалы отбасыларға - 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш;
"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көп балалы аналарға - 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш;
3) 26 сәуір – Чернобыль атом электр станциясындағы апатты жою күні:
1986-1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, салдарларын жоюға қатысқан адамдарға - 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш;
1988-1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркiмен кеткен) адамдарға - 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш;
Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларына - 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш;
сәуле ауруының салдарынан қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың, сондай-ақ қайтыс болуы белгіленген тәртіппен Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың сынақтардың әсеріне байланысты болған азаматтардың отбасыларына - 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш;
Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдар және мүгедектігі ата-анасының бiрiнiң радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына - 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш;
4) 7 мамыр – Отан қорғаушы күні:
басқа мемлекеттердің аумақтарындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, атап айтқанда:
бұрынғы КСР Одағы үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес басқа мемлекеттердің аумақтарындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери - Теңiз Флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерi, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса алғанда) - 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш;
1992 жылғы қыркүйек – 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне - 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш;
2003 жылғы тамыз – 2008 жылғы қазан аралығындағы кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілері - 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш;
1986 – 1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрыңғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына - 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш;
бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасыларына - 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш;
5) 9 мамыр – Жеңіс күні:
жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестiрiлген адамдарға:
майдандағы армия бөлiмдерiнiң әскери қызметшiлерiне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшiн белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептелiп жазылған, сол қалаларда Ұлы Отан соғысы кезеңінде қызмет өткерген әскери қызметшiлер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына - 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық лауазымдар атқарған не сол кезеңдерде майдандағы армия бөлімдерінің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгіленген жеңілдікті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда болған Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, бұрынғы КСР Одағының iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк әскерлерi мен органдарының ерiктi жалдамалы құрамаларының адамдарына - 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш;
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында шет елдердің аумағында партизан отрядтары, астыртын топтар және басқа да фашизмге қарсы құралымдар құрамында фашистік Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан адамдарға - 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш;
Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсіпорындарында, мекемелері мен ұйымдарында жұмыс істеген және "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтарға - 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш;
Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарға - 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш;
жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген адамдарға, атап айтқанда:
қызметтік мiндеттерін атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан, не майданда болуына немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген мемлекеттерде қызметтік мiндеттерін орындауына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген, бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына - 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш;
басқа елдердегі майдандағы әскери контингенттерге қызмет көрсеткен және ұрыс қимылдары жүргiзілген кезеңде жаралануы, контузия алуы, мертігуі не ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген тиiстi санаттардағы жұмысшылар мен қызметшiлерге - 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш;
еңбек ардагерлеріне:
Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған адамдарға - 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш;
1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға - 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш;
адамдардың басқа санаттарына:
қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына, атап айтқанда:
бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн (қызметтік мiндеттерді) атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан қаза болған (хабар – ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң, партизандардың, астыртын әрекет етушілердің Қазақстан Республикасының "Ардагерлер туралы" Заңының 4-6 баптарында аталған адамдардың отбасыларына - 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш;
Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, жергiлiктi әуе шабылуына қарсы қорғаныстың объектiлiк және авариялық командаларының өзін-өзі қорғау топтарының жеке құрамы қатарындағы адамдардың отбасылары, Ленинград қаласының госпитальдары мен ауруханаларының қаза тапқан жұмыскерлерінің отбасыларына - 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш;
бұрынғы КСР Одағының Қорғаныс министрлiгiнің, iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарына әскери мiндетiн өтеу жиындарына шақырылған, қоғамға жат көрiнiстерге байланысты төтенше жағдайлар кезiнде қоғамдық тәртiптi сақтау жөнiндегi тапсырмаларды орындау барысында қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң, басшы және қатардағы құрам адамдарының отбасыларына - 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш;
қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен, қайтыс болған) адамның асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақы төленетiн балаларына мен басқа да асырауындағыларына - 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш;
Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің ата-аналарына және екінші рет некеге тұрмаған жесірлері - 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) - 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш;
6) 1 қазан – Қарттар күні:
75 жастан асқан және жоғары жастағы адамдарға - 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш;
7) қазан айының екінші жексенбісі – Қазақстан Республикасының Мүгедектігі бар адамдар күні:
бірінші, екінші, үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға - 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш;
жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға, бірінші, екінші, үшінші топтағы мүгедектігі бар балаларға 10 (он) айлық есептік көрсеткіш;
8) 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні:
Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін, осы оқиғаларда қасақана кісі өлтіргені және милиция қызметкерінің, халық жасақшысының өміріне қастандық жасағаны үшін сотталған, өздеріне қатысты қылмыстық істерді қайта қараудың қолданылып жүрген тәртібі сақталатын адамдарды қоспағанда, қуғын-сүргіндердің қолданылуы жағдайларында танылғандарға - 95 (тоқсан бес) айлық есептік көрсеткіш.
8. Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар негіз болады:
1) дүлей зілзала салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;
2) өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;
3) әлеуметтік мәні бар сырқатының болуы;
4) республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста жергілікті өкілді органдар белгіленген шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы.
Дүлей зілзала немесе өрт салдарынан мүлкіне зиян келгенде әлеуметтік көмек меншік иесінің тіркелген жеріне қарамастан зиян тиген мүлік орналасқан жер бойынша көрсетіледі.
Әлеуметтік көмек көрсету және (немесе) адамның (отбасының) материалдық-тұрмыстық жағдайын зерттеп-қарау үшін жоғарыда көрсетілген негіздер бойынша көмек түрлерінің тізбесін жергілікті өкілді органдар бекітеді.
Арнайы комиссиялар әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытынды шығарған кезде жергілікті өкілді органдар бекіткен азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу негіздерінің тізбесін басшылыққа алады.
9. Алушылар санатының тізбесі, әлеуметтік көмектің шекті мөлшерлері және әлеуметтік көмекке жүгіну мерзімдері:
1) дүлей зілзала салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтірілген жағдайда, орташа жан басына шаққандағы табысы ескерілместен, қиын өмірлік жағдай туындаған күннен бастап алты ай ішінде – бір реттік, шекті мөлшері 100 (жүз) айлық есептік көрсеткіш;
2) өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтірілген жағдайда, орташа жан басына шаққандағы табысы ескерілместен, қиын өмірлік жағдай туындаған күннен бастап алты ай ішінде – бір реттік, шекті мөлшері 150 (жүз елу) айлық есептік көрсеткіш;
3) әлеуметтік мәні бар сырқатының болған кезде орташа жан басына шаққандағы табысы ескерілместен әлеуметтік көмек көрсетіледі:
туберкулезбен ауыратын адамдарға Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының "Облыстық фтизиопульмонология орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының тізіміне сәйкес жылына 1 (бір) рет, 20 (жиырма) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
адамның иммун тапшылығы вирусынан туындаған ауруы бар балаларға Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасының "Қарағанды облыстық ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығы" коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының тізіміне сәйкес - ай сайын, 2 (екі) ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде;
4) әлеуметтік мәні бар сырқатының болған кезде әлеуметтік көмек, осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетілген тұлғалар санатын қоспағанда, Қазақстан Республикасының тиісті қаржы жылына арналған заңнамасына сәйкес белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейінің 1 (бір) еселенген мөлшерінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы бар адамға - жылына 1 (бір) рет, 20 (жиырма) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетіледі.
5) жан басына шаққандағы орташа табысы республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің 1 (бір) еселенген мөлшерінен аспайтын жағдайда:
бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға қиын өмірлік жағдай туындаған күннен бастап алты ай ішінде – бір реттік, 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға қиын өмірлік жағдай туындаған күннен бастап алты ай ішінде – бір реттік, 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.
6) Қазақстан Республикасының шегінде санаторий-курорттық емделуге әлеуметтік көмек көрсетіледі:
бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды санаторий-курорттық емделуге алып жүретін, абилитация мен оңалтудың жеке бағдарламасында жеке көмекшінің әлеуметтік қызметі бар, Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы санаторий-курорттық емделуге жолдаманы таңдаған адамдарға – жылына 1 (бір) рет, санаторий-курорттық ұйымда болу құны 14 күннен аспайтын мерзімге өтеледі, нақты шығындар сомасы мөлшерінде, бірақ халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын кепілдендірілген соманың 70 (жетпіс) пайызынан аспайтын мөлшерде;
Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге, еңбек ардагерлеріне орташа жан басына шаққандағы табысы ескерілместен – жылына 1 (бір) рет, санаторий-курорттық ұйымда болу құны 14 күннен аспайтын мерзімге өтеледі, нақты шығындар сомасы мөлшерінде, бірақ мүгедектігі бар адамдар үшін белгіленген санаторий-курорттық емделудің кепілдендірілген сомасынан аспайтын мөлшерде;
Санаторлық-курорттық емделуге жеке абилитация және оңалту бағдарламасы (ИПАР) әзірленген мүгедектігі бар ардагерлерге санаторлық-курорттық емделуге әлеуметтік көмек төленбейді.
70 (жетпіс) жасқа толған және одан асқан зейнеткерлерге, адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінен аспайтын жағдайда – жылына 1 (бір) рет, санаторий-курорттық ұйымда болу құны 12 күннен аспайтын мерзімге өтеледі, нақты шығындар сомасы мөлшерінде, бірақ халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын кепілдендірілген соманың 70 (жетпіс) пайызынан аспайтын мөлшерде (абилитация мен оңалтудың әзірленген жеке бағдарламасына сәйкес санаторий-курорттық емделу қызметтері ұсынылған мүгедектігі бар адамдарды қоспағанда).
Бірнеше негіздер болған жағдайда санаторий-курорттық емделуге әлеуметтік көмек тек бір негіз бойынша ғана тағайындалады.
Әлеуметтік көмек өтініш негізінде келесі құжаттар қоса берілген жағдайда көрсетіледі:
жеке басты куәландыратын құжат не цифрлық құжаттар сервисінен алынған электрондық құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін);
шот-фактура;
орындалған жұмыстар актісі;
табысы ескерілетін санаттар үшін адамның (отбасының) табыстары туралы мәліметтер;
екінші деңгейдегі банктегі не "Қазпочта" акционерлік қоғамындағы шот нөмірі туралы мәліметтер.
Санаторий-курорттық емделу орнына дейін және кері қайту жолақысы санаторий-курорттық ем алушының өз қаражаты есебінен төленеді.
7) қатты отынды сатып алуға – жалғызбасты адамдарға, жалғыз тұратын қарт адамдарға, зейнеткерлік жасқа жеткен және мүгедектігі бар адамдарға, тұрғылықты жері бойынша еңбекке қабілетті кәмелетке толған балалары жоқ, тұрақты тіркелген және жеке тұрғын үйлерде жергілікті (пешпен) жылытуы бар, сол тұрғын үйдің меншік иелері болып табылатын, өздерінде және отбасы мүшелерінде басқа тұрғын үйі жоқ, сондай-ақ жан басына шаққандағы орташа табысы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейінің 2 (екі) еселенген мөлшерінен аспайтын адамдарға – жылына 1 (бір) рет, жылыту маусымына 16 (он алты) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
қатты отынды сатып алуға – аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға), тұрақты тіркелген және жеке тұрғын үйлерде жергілікті (пешпен) жылытуы бар, сол тұрғын үйдің меншік иелері болып табылатын, өздерінде және отбасы мүшелерінде басқа тұрғын үйі жоқ, сондай-ақ жан басына шаққандағы орташа табысы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейінің 1 (бір) еселенген мөлшерінен аспайтын адамдарға – жылына 1 (бір) рет, жылыту маусымына 16 (он алты) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Бір жеке тұрғын үйде қатты отынды сатып алуға әлеуметтік көмек алуға құқығы бар бірнеше адам бірге тұрған жағдайда, өтемақы олардың тек біреуіне ғана төленеді.
8) коммуналдық қызметтерді төлеуге және отын сатып алуға әлеуметтік көмек көрсетіледі:
басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне;
1986–1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарын жоюға қатысқан адамдарға;
1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға;
Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдар және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына.
Әлеуметтік көмектің мөлшері жан басына шаққандағы орташа табыс ескерілместен, азаматтардан өтініш талап етілмей, "Мемлекеттік корпорация" филиалы ұсынған тізімдер бойынша жылына 1 (бір) рет, жылыту маусымында қазан айында 24 (жиырма төрт) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетіледі.
9) әлеуметтік көмек ақшалай төлем түрінде Қарқаралы ауданының мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленіп және білім алып жатқан балалары бар көп балалы отбасыларға Қарағанды облысы білім басқармасының "Қарқаралы ауданының білім бөлімі" мемлекеттік мекемесі ұсынған тізім негізінде тоқсан сайын көрсетіледі, мөлшері уәкілетті орган бекіткен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы ата-аналардың нақты төлеген шығындарының 50 % (елу пайызын) құрайды, бірақ әрбір балаға 5 айлық есептік көрсеткіштен аспайды.
Әлеуметтік көмек көрсету үшін отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 26 мамырдағы № 181 "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеу қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32609 болып тіркелген) сәйкес есептеледі.
10. Алушылардың жекелеген санаттары үшін атаулы күндер мен мереке күндерінде әлеуметтік көмектің мөлшері облыстың ЖАО келісімі бойынша бірыңғай мөлшерде белгіленеді.
11. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды, ол оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытындыда көрсетеді.
3-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі
12. Мереке күндері мен атаулы күндерге орай әлеуметтік көмек алушылардың өтініштері талап етілмей көрсетіледі.
Әлеуметтік көмекті алушылардың санаттарын ЖАО айқындайды.
Әлеуметтік көмекті алушылардың тізімдері мемлекеттік корпорацияға не өзге ұйымдарға сұрау салу негізінде не уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерінен электрондық түрде қалыптастырылады.
13. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына берілетін әлеуметтік көмекті алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан (немесе Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 167-бабына сәйкес берілген сенімхат бойынша өкілі) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне немесе мемлекеттік корпорацияға Үлгілік қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінішпен немесе Үлгілік қағидаларға 1-1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша порталға электрондық түрдегі өтінішпен жүгінеді.
Жазбаша өтініш берген кезде құжаттарды қабылдайтын маман "электрондық үкімет" шлюзі арқылы мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың тиісті ақпараттық жүйелеріне (бұдан әрі – АЖ) Үлгілік қағидаларға 1-2-қосымшаға сәйкес нысанда сұрау салу қалыптастырады.
АЖ-да мәліметтер сәйкес келмеген (болмаған) кезде өтініш беруші өтінішке мынадай құжаттарды қоса береді:
1) жеке басын куәландыратын құжат не цифрлық құжаттар сервисінен алынған электрондық құжат (жеке басты сәйкестендіру үшін);
2) адамның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер (адамның (отбасы мүшелерінің) табысына қарамай тағайындалатын әлеуметтік көмекті алу үшін адамның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер ұсынылмайды);
3) мұқтаждар санатына жатқызу негіздерінің болу фактісін растайтын төменде көрсетілген құжаттардың бірі:
дүлей зілзала салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келу фактісін растайтын құжат;
өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келу фактісін растайтын құжат;
әлеуметтік маңызы бар сырқатының болу фактісін растайтын құжат.
Салыстырып тексеру үшін құжаттардың төлнұсқалары және көшірмелері ұсынылады. Салыстырып тексерілгеннен кейін құжаттардың төлнұсқасы өтініш берушіге қайтарылады.
Өтініш беруші құжаттар топтамасын толық ұсынбаған және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынған кезде Үлгілік қағидаларға 1-3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуметтік көмек көрсетуге өтінішті қабылдаудан бас тарту туралы қолхат беріледі.
Өтініш беруші әлеуметтік көмекке портал арқылы электронды түрде жүгінген кезде мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың АЖ-на қажетті мәліметтерді алу үшін өтініш берушінің өзі сұрау салады.
Бұл ретте мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың АЖ-нан келіп түскен электрондық өтініш пен мәліметтерді өтініш беруші өзінің ЭЦҚ-мен куәландырады.
14. Өтініштерді, оның ішінде электрондық өтініштерді әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган түскен жұмыс күні ішінде, ал жұмыс күнінен тыс келіп түскен жағдайда – өтініш түскен күннен кейінгі бірінші жұмыс күні тіркейді.
Осы қағидалардың 8-тармағы 1), 2) және 4) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш түскен кезде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімі өтініш берушінің құжаттарын тұлғаның (отбасының) материалдық жағдайын зерттеп-қарау үшін 1 (бір) жұмыс күні ішінде учаскелік комиссияға жібереді.
15. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша Үлгілік қағидаларға 2, 3-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша тұлғаның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акт жасайды, тұлғаның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне жібереді.
Кент, ауыл, ауылдық округ әкімі учаскелік комиссияның актісі мен қорытындысын алған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде оларды қоса берілген құжаттарымен бірге әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға жібереді.
16. Әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттар жетіспеген жағдайда әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшін қажетті мәліметтерді тиісті органдардан сұратады.
17. Қажетті құжаттардың бүлінуіне, жоғалуына байланысты өтініш берушінің оларды ұсынуға мүмкіндігі болмаған жағдайда әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешімді өзге уәкілетті органдар мен ұйымдардың тиісті мәліметтерді қамтитын деректері негізінде қабылдайды.
18. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган учаскелік комиссиядан немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімінен құжаттар түскен күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұлғаның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.
19. Арнайы комиссия құжаттар түскен күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытынды шығарады, қорытынды оң болған кезде әлеуметтік көмектің мөлшерін көрсетеді.
20. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттары тіркелген күннен бастап 8 (сегіз) жұмыс күні ішінде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытындысы негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Осы қағидалардың 16 және 17-тармақтарында көрсетілген жағдайларда әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган өтініш берушіден немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімінен құжаттарды қабылдаған күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту негіздері анықталған кезде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган шешім қабылдағанға дейін кемінде үш жұмыс күні бұрын өтініш берушіні бас тарту туралы алдын ала шешім туралы, сондай-ақ алдын ала шешім бойынша ұстанымды білдіруге мүмкіндік беру үшін тыңдау өткізілетіні туралы хабардар етеді.
Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган тыңдаудың уақыты мен күнін белгілейді, ол:
өтініш берушіні бейнеконференц-байланыс немесе өзге де коммуникация құралдары арқылы тыңдауға шақыру;
ақпараттық жүйелерді пайдалану;
өтініш берушіге өзінің ұстанымын баяндауға мүмкіндік беретін өзге де байланыс тәсілдері арқылы жүзеге асырады.
Өтініш беруші әкімшілік істі алған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде алдын ала шешімге қарсылығын білдіруге немесе айтуға құқылы.
Өтініш беруші өз қарсылығын ауызша білдірген жағдайда әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган, лауазымды тұлға тыңдау хаттамасын жүргізеді.
Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган, лауазымды тұлға өтініш берушіні тыңдау хаттамасымен танысуға мүмкіндігімен қамтамасыз етуге міндетті.
Өтініш беруші танысқаннан кейін үш жұмыс күні ішінде тыңдау хаттамасына өз ескертулерін беруге құқылы.
Ескертулерді қарау нәтижелері бойынша әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган Үлгілік қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуметтік көмек көрсету (көрсетуден бас тарту) туралы шешім қабылдайды.
21. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган өтініш берушіге Үлгілік қағидаларға 5-қосымшаға (бас тартқан жағдайда – Үлгілік қағидаларға 6-қосымшаға) сәйкес әлеуметтік көмек көрсету туралы қабылданған шешім туралы хабарлама жолдайды.
Егер әлеуметтік көмек көрсетуге өтініште мобильді азаматтар базасында тіркелген ұялы телефон нөмірі көрсетілсе, әлеуметтік көмек көрсету (көрсетуден бас тарту) туралы хабарлама өтініш берушінің ұялы телефонына sms-хабарлама жіберу арқылы автоматты режимде жолданады.
Өтініш берушінің ұялы телефонына sms-хабарлама жіберу мүмкіндігі болмаса, әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган немесе мемлекеттік корпорация әлеуметтік көмек көрсету (көрсетуден бас тарту) туралы хабарламаны басып шығарады және оны өтініш беруші өзі келген кезде береді.
Өтініш портал арқылы берілген болса, әлеуметтік көмек көрсету (көрсетуден бас тарту) туралы хабарлама шешім қабылданған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің жеке кабинетіне портал арқылы автоматты режимде жіберіледі.
22. Мынадай:
1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;
2) адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден өтініш беруші бас тартқан, жалтарған;
3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді органдар белгілеген шектен артық болған;
4) уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінен әлеуметтік көмек тағайындау, осы негіз бойынша төлемді жүзеге асыруға өтініш беру фактісін растайтын мәліметтер алынған жағдайларда әлеуметтік көмек көрсетуден бас тартылады.
23. Әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру Қарқаралы ауданның бюджетінде ағымдағы қаржы жылына көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.
Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік көмек көрсету сомаларын аударады.
Мемлекеттік корпорация әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органнан алынған әлеуметтік көмек сомаларын әлеуметтік көмек алушылардың банктік шоттарына аударады.
Әлеуметтік көмекті есептеу және көрсету кезінде тиынмен есептелген барлық сомалар тиын сомасына қарамастан, бір теңгеге дейін дөңгелектеледі.
24. Мынадай:
1) алушы қайтыс болған;
2) алушы тұрақты тұру үшін Қарқаралы ауданынан тыс кеткен;
3) алушы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарына тұруға жіберілген;
4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің анық еместігі анықталған;
5) әлеуметтік көмек көрсетуге негіз болмай қалғаны туралы мәліметтер анықталған жағдайларда әлеуметтік көмек көрсету тоқтатылады.
Осы тармақтың 3) тармақшасы осы қағидалардың 8-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша тағайындалған әлеуметтік көмекті төлеуге қолданылмайды.
Осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар басталғаннан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.
Осы тармақтың 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар басталған күннен бастап тоқтатылады.
25. Әлеуметтік көмектің артық төленген сомалары ерікті түрде қайтарылады, заңсыз алынған сомалар ерікті түрде немесе сот тәртібімен қайтарылуға тиіс.
26. Әлеуметтік көмек көрсетуді мониторингтеу мен есепке алуды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.
27. Атаулы күндер мен мереке күндеріне төленетін әлеуметтік көмек алушылардың санаттарын қалыптастыру үшін әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган зейнетақы мен жәрдемақы алатын белсенді азаматтардың мәліметтерін алуға уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелеріне сұрау салуға бастама жасайды.
Зейнетақы мен әлеуметтік көмек көрсету жәрдемақысын алушылар жөніндегі мәліметтер Үлгілік қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қалыптастырылады.
28. Әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім қабылдаған кезде уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелері арқылы әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмекті мемлекеттік корпорация арқылы төлеу процесіне бастама жасайды.
29. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган қабылдаған әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім негізінде мемлекеттік корпорация:
біржолғы төлемдер бойынша – күн сайын;
ай сайынғы және тоқсан сайынғы төлемдер бойынша – төлем жасалатын айдың алдындағы айдың 27-і күні әлеуметтік көмек төлеу үшін бюджет қаражатына сұранысты қалыптастырады.
30. Сұраныс қалыптастырылғаннан кейін мемлекеттік корпорация келесі жұмыс күнінен кешіктірмей әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінім жібереді.
Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінім түскеннен кейін екі жұмыс күні ішінде мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомалары туралы өтінімде көзделген сома шегінде ақшалай қаражат аударады.
Айдың 27-і күнінен кейін түскен әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомалары туралы өтінімдер бойынша ақшалай қаражатты әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган келесі айдың 1-і күнінен кейін мемлекеттік корпорацияға аударады.
31. Мемлекеттік корпорация трансферттер түскеннен кейін екі жұмыс күні ішінде төлем кестесіне сәйкес төлем тапсырмаларын қалыптастырады және алушылардың банктік шоттарына төлеуді жүзеге асырады.
32. Әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйымнан әлеуметтік көмек сомасы қайтарылған кезде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйымнан мәліметтер алғаннан кейінгі үш жұмыс күні ішінде ақпараттық жүйеге тиісті өзгерістер енгізеді.
33. Мемлекеттік корпорация ағымдағы айдың соңғы жұмыс күнінен кешіктірмей мемлекеттік корпорацияның шотына түскен әлеуметтік көмектің артық есептелген (төленген) сомаларын әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға аударады.
34. Әлеуметтік көмек төлеуге байланысты банктік қызметтерге ақы төлеу мемлекеттік корпорация мен әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган арасында жасалатын шарт негізінде жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
