"Қарағанды облысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың қағидаларын бекіту туралы" 2019 жылғы 4 қыркүйектегі № 52/01 Қарағанды облысы әкімдігінің қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Қарағанды облысының әкімдігінің 2026 жылғы 13 сәуірдегі № 24/02 қаулысы

      Қарағанды облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қарағанды облысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың қағидаларын бекіту туралы" 2019 жылғы 4 қыркүйектегі № 52/01 Қарағанды облысы әкімдігінің (Нормативтік - құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5452 болып тіркелген) қаулысына келесі өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қарағанды облысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың қағидалары осы қаулының қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      3. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қарағанды облысының әкімі Е.Бөлекпаев

  Қарағанды облысы әкімдігінің
2026 жылғы "13" сәуірдегі
№ 24/02 қаулысына қосымша
  Қарағанды облысы әкімдігінің
2019 жылғы 4 қыркүйектегі
№52/01 қаулысымен
бекітілген

Қарағанды облысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қарағанды облысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі - Заң) 6-бабы 1-тармағының 39) тармақшасына, "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына, "Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 29 шілдедегі №280 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19123 болып тіркелді) (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар), сондай-ақ Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 117-бабы 3-тармағына сәйкес әзірленді және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін, оның ішінде мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қолдау көздейтін тетіктерді іске асыру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қоры – Қарағанды облысы аумағында аграрлық азық-түлік нарығына реттеушілік әсер ету және азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн құрылған азық-түлiк тауарларының жедел қоры;

      2) азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын жаңарту - азық-түлік тауарларының сақталу мерзімі аяқталғанға дейін оларды өткізу немесе жаңа сақталу мерзімімен немесе келесі жылдың жаңа егінінен дәл сондай көлемдегі азық-түлік тауарларын кейін жеткізе отырып, азық-түлік тауарларының сақталу мерзімі аяқталғанға дейін оларды қайтару;

      3) азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру - сатып алу интервенциялары, азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорына азық-түлік тауарларын орналастыру және сақтау;

      4) азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын пайдалану – тауар интервенцияларын жүргізу және азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын жаңарту мақсатында азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорынан азық-түлік тауарларын өткізу;

      5) арзандатылған баға – мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын әр адамға белгіленген шекті сауда үстемесі шегінде ай сайын белгіленетін жеңілдікпен сатып алатын баға;

      6) ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші (бұдан әрі - ауылшартауарынөндіруші) - ауыл шаруашылығы өнімін өндірумен айналысатын жеке немесе заңды тұлға;

      7) "әлеуметтік әмиян" – жеке тұлғаларды мемлекеттік қолдау шаралары туралы хабарлауға (хабархат), есепке алуға және алуға (көрсетуге) арналған ақпараттандыру объектісі;

      8) жеке тұлғаларды мемлекеттік қолдау шарасы – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дара кәсіпкерлерді және жеке практикамен айналысатын адамдарды, заң консультанттарын қоспағанда, жеке тұлғалардың бақуаттылығын арттыруға бағытталған мемлекеттік көрсетілетін қызметтер немесе өзге де мемлекеттік қолдау нысандары;

      9) мамандандырылған ұйым – агроөнеркәсіптік кешен салаларын тұрақты дамыту, агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін бәсекелестік нарықта жоқ немесе мардымсыз көрсетілетін жекелеген қызмет түрлерімен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының немесе агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ұлттық басқарушы холдингтің шешімі бойынша құрылған немесе өңірлердің экономикасын дамытуға жәрдемдесу үшін құрылған (әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар) ұйым;

      10) проактивті көрсетілетін қызмет – көрсетілетін қызметті алушының өтінішінсіз көрсетілетін қызметті берушінің бастамасы бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызмет;

      11) сатып алу интервенциялары – облыс аумағында бағалар төмендеген кезде, Қазақстан Республикасының аумағында төтенше жағдай енгізілген кезде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмалары шеңберінде мамандандырылған ұйымдардың әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алуы жөніндегі іс-шаралар;

      12) тауарларды қадағалаудың ақпараттық жүйесі – Ұлттық тауарлар каталогын қолдана отырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыру шеңберінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары туралы ақпаратты жинауға және өңдеуге арналған тауарларды таңбалау және қадағалаудың ақпараттық жүйесінің кіші жүйесі;

      13) тауар интервенциялары– бағалар өскен кезде ішкі нарықты тұрақтандыру мақсатында жүзеге асырылатын, азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларынан ішкі нарықта азық-түлік тауарларын өткізу жөніндегі іс-шаралар;

      14) тіркелген баға - өндіруге/сатып алуға, сақтауға, табиғи кемуге (кебуге), межелі орынға дейін жеткізуге кеткен шығындарды, сондай-ақ өнімнің өзіндік құнынан маржалық табысты ескере отырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының бағасы;

      15) форвард – сатып алушы (немесе сатушы) болашақта келісілген шарттармен базалық активті сатып алудың (немесе сатудың) белгілі бір мерзімі өткеннен кейін өзіне міндеттеме алатын туынды қаржы құралы;

      16) цифрлық азық-түлік ваучері – мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушыларға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алу кезінде жеңілдік түрінде берілетін мақсатты қолма-қол ақшасыз қолдау;

      17) шекті сауда үстемесі – ішкі сауда субъектілерінің түпкілікті тұтынушыларға азық-түлік тауарларын өткізуі кезінде бағаны айқындау үшін қалыптастырылатын сауда үстемесі.

      3. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктері осы Қағидаларына сәйкес жұргізіледі.

      4. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерінің тиімді және уақтылы қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында облыстың әкімі Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыруды қамтамасыз ету жөніндегі комиссияны (бұдан әрі - Комиссия) құрады және оның құрамын бекітеді.

      5. Облыс әкімінің орынбасары Комиссияның төрағасы болып табылады, ал Қарағанды облысы әкімдігінің агроөнеркәсіптік кешен саласындағы, кәсіпкерлік қызмет саласындағы, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктері мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері Комиссия мүшелері болып табылады. Комиссия өз қызметін тұрақты негізде жүзеге асырады.

      6. Комиссияның сандық құрамы тақ болуы және кемінде тоғыз адамнан тұруы тиіс. Бұл ретте комиссия мүшелерінің үштен екісі жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің және қоғамдық ұйымдардың өкілдері болуы тиіс. Комиссия хатшысы оның мүшесі болып табылмайды.

      7. Комиссияның құзыретіне мыналар жатады:

      1) Қарағанды облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына тұрақтандыру тетіктерін іске асыру туралы шешім қабылдау;

      2) азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорларын құру және пайдалану тетігін іске асыру мақсатында азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорына сатып алынатын азық-түлік тауарларының тізбесін және олар бойынша шекті сауда үстемесін анықтау;

      3) осы Қағидаларға сәйкес қарыз беру үшін кәсіпкерлік субъектісін анықтау;

      4) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемесін анықтау жөніндегі мамандандырылған ұйымның ұсыныстарын қарау.

      8. Комиссияның құрылуы мен жұмысын ұйымдастыруды Қарағанды облысының әкімдігі қамтамасыз етеді (бұдан әрі - облыс әкімдігі).

      9. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру үшін облыс әкімдігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыратын мамандандырылған ұйымдардан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаларды белгілеу жөніндегі шараларды қоспағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру туралы шарт жасасу жолымен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асырады.

      10. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру туралы шарттың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейінгі үш жылдық кезеңге облыс әкімдігі мамандандырылған ұйыммен тұрақтандыру қорының заттай және ақшалай мәндегі өтпелі активтері туралы міндеттемелері көрсетілген қосымша келісім жасасады.

      Тұрақтандыру қоры таратылған жағдайда, мамандандырылған ұйым азық-түлік тауарларын сатып алу үшін пайдаланылған бюджет қаражатының жергілікті бюджетке қайтарылуын қамтамасыз етеді.

      Егер мамандандырылған ұйымның шешімі бойынша азық-түлік тауарларын өткізу сатып алу бағасынан төмен баға бойынша жүзеге асырылса, онда соманың қайтарылуы сатып алу және өткізу бағаларының айырмасын шегере отырып жүзеге асырылады.

      11. Мамандандырылған ұйымның тұрақтандыру қорын пайдалану кезінде туындаған ұстеме, коммуналдық және өзге де шығыстары азық-түлік тауарларына белгіленген және нарықтық бағалар арасындағы айырма есебінен жыл сайын жабылады.

      12. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаларды белгілеу жөніндегі шараларды қоспағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыратын мамандандырылған ұйымдардың тізбесін Заңның 6-бабы 1-тармағының 4-1) тармақшасына сәйкес агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

      13. Мамандандырылған ұйым облыс әкімдігіне электрондық құжат айналымы, пошта байланысы арқылы не облыс әкімдігінің кеңсесі арқылы қолма-қол осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру барысы туралы ақпаратты ұсынады.

      Облыс әкімдігі Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігіне және Сауда және интеграция министрлігіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тетіктерінің іске асырылу барысы туралы ақпаратты осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша электрондық құжат айналымы арқылы ұсынады.

2-тарау. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру бойынша тетіктерді іске асыру тәртібі

      14. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының нарығын тұрақтандыру мақсатында облыс әкімдігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандырудың мынадай тетіктерін іске асырады:

      1) тұрақтандыру қорларының қызметі;

      2) кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушыларға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізу үшін қарыз беру.

      15. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыруды қаржыландыру көзі облыс әкімдігі бөлетін, оның ішінде бұрын азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыруға бөлінген ақшалай қаражат болып табылады.

      16. Азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорын қалыптастыру шеңберінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіру үшін қайта өңдеуші кәсіпорындарды қаржыландыру белгіленген бағаны белгілей отырып, форвардты қолданумен жүзеге асырылады.

      Форвардтық қаржыландыру әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіру үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарына форвардтық шарттың жалпы сомасының 70 (жетпіс) пайызынан аспайтын алдын ала төлем жасау және өнім жеткізілгеннен кейінгі түпкілікті есеп айырысу шарттарымен жүзеге асырылады.

      17. Форвардтық шарттар шеңберінде сатып алынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының көлемі Комиссия шешіміне сәйкес өңірлік сұраныс негізінде облыс халқының (қалалық немесе жалпы) үш айлық қажеттілігінің 50 пайызына дейін қалыптастырылады.

      18. Мамандандырылған ұйым ауылшартауарөндірушілерді форвардтық шарттар шеңберінде:

      ағымдағы қаржы жылының 1 қазанына дейін келесі жылдың көктемгі-жазғы кезеңінде халықты ерте пісетін көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін;

      ағымдағы қаржы жылының 1 ақпанына дейін келесі жылдың қысқы-көктемгі кезеңінде халықты көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін қаржыландыруды жүзеге асырады.

      19. Мамандандырылған ұйым көкөніс өнімдерін сатуды бастағанға дейін ауылшартауарынөндірушілерде немесе басқа қоймаларда сақтауды жүзеге асырады. Сақтау шығындарын есептеу жергілікті атқарушы органдардың өңірдегі сақтаудың ұқсас түрлеріндегі сақтаудың орташа құны туралы деректері негізінде жүргізіледі.

      20. Белгіленген бағаны бекіте отырып, форвард шеңберінде сатып алынған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізу мамандандырылған ұйым облыстың жергілікті атқарушы органымен бірлесіп бекіткен кесте және белгіленген көтерме/бөлшек сауда бағалары арқылы, оның ішінде көкөніс өнімдерін маусымаралық кезеңде (қысқы-көктемгі кезең: қаңтар, ақпан, наурыз; көктемгі-жазғы кезең: сәуір, мамыр, маусым) немесе ішкі нарыққа реттеуші әсер ету қажет болған жағдайда басқа кезеңдерде жүзеге асырады.

      21. Мамандырылған ұйым бағаны тұрақтандыру мақсатында сатып алатын көкөніс өнімдерінің (қырыққабат, картоп, пияз, сәбіз) көлемі Комиссияның шешіміне сәйкес өңірлік сұраныс негізінде облыс, республикалық маңызы бар қала, астана халқының (қалалық немесе жалпы) үш айлық қажеттілігінің кемінде 30 пайыз мөлшерінде айқындалады.

      22. Мамандандырылған ұйым облыс әкімінің агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік органымен бірлесіп, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің қызметіне мониторинг жүргізеді, ол форвардтық шарт жасалған сәттен бастап көкөніс өнімін өндіру циклының барлық кезеңдерінде, егістікке шығумен қоса жүзеге асырылады.

      23. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктері шеңберінде сатып алынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары "Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 18 және 19-баптарына сәйкес оны сақтау, тасымалдау және өткізу кезінде тамақ өнімдерінің қауіпсіздігіне қойылатын талаптарға сәйкес келуге тиіс.

      24) Облыс әкімдігі мамандырылған ұйыммен бірлесіп бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер, жергілікті атқарушы орган мен мамандырылған ұйымның ресми сайттары арқылы халыққа мынадай ақпаратты жеткізу бойынша ақпараттық жұмыс жүргізеді:

      1) ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарының, тауарлық интервенцияларды жүзеге асыратын сауда объектілерінің орналасқан жерлері тізбесін, көрсете отырып, форвардтық сатып алуды жүргізу тәртібі, оның басталғаны және нәтижелері туралы;

      2) кәсіпкерлік субъектілерінің, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын белгіленген бағамен өткізетін сауда объектілерінің орналасқан жерлері тізбесін көрсете отырып, кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру тәртібі, оны берудің басталғаны және нәтижелері туралы;

      3) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушыларға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын "әлеуметтік әмиян" арқылы цифрлық азық-түлік ваучерлерін пайдалана отырып арзандатылған бағамен өткізетін және кәсіпкерлік субъектілерінің сауда объектілерінің орналасқан жерлері тізбесін көрсете отырып, кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру тәртібі, сондай-ақ оны іске асырудың басталғаны және нәтижелері туралы.

      25) Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тетіктерінің іске асырылу барысы туралы ақпаратты мамандандырылған ұйым сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның тауарларды қадағалау ақпараттық жүйесіне енгізеді.

      26. Үлгілік қағидаларымен регламенттелмеген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың ерекшеліктері (егжей-тегжейлері) осы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыру осы қағидаларында айқындалады.

3-тарау. Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорлары қызметінің тәртібі

      27. Азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорларының қызметі өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру және пайдалану жолымен жүзеге асырылады.

      28. Азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорын қалыптастыру мен пайдалану жөніндегі тетікті іске асыру мақсатында Комиссия сұраныс пен ұсыныстың өңірлік балансының (өндіріс көлемі, азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілуі, олардың тауарларының жылжытылуы, запастардың болуы), егіс алаңдары (жоспарлы), егіннің болжамды шығымы, өткен күнтізбелік жыл ішінде қалыптасқан бағалар туралы мәліметтердің, сондай-ақ өзге де мәліметтер негізінде азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорына сатып алынатын азық-түлік тауарларының тізбесін, сондай-ақ шекті сауда үстемесін айқындайды.

      29. Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру кезінде бюджеттік қаражаттың 70 (жетпіс) пайызы форвардтық шарттар шеңберінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарына бағытталады.

      30. Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорына сатып алуға қажетті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган бекітетін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тізбесінен қалыптастырылады.

      31. Мамандандырылған ұйым өткізетін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемесі "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 19-бабының 1-тармағына сәйкес, Статистикалық жұмыстар жоспарына сәйкес тиісті облыстың, мемлекеттік статистика органдары қалыптастыратын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының ресми нарықтық мәндерінен 10 немесе одан да көп пайызға төмен бағаларды ұстап тұру ескеріле отырып қалыптастырылады.

      32. Комиссия Қарағанды облысының әкіміне сатып алынатын азық-түлік тауарларының тізбесін және олар бойынша шекті сауда үстемесін бекіту туралы ұсынымдар енгізеді.

      33. Облысы әкімдігі Комиссияның ұсынымы негізінде сатып алынатын азық-түлік тауарларының тізбесін және шекті сауда үстемесін бекітеді.

      34. Өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру кезінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алу тікелей өндірушілерден, оның ішінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіде сақтау мүмкіндігі бар форвардтық шарттар мен офтейк-келісімшарттар жасасу арқылы жүзеге асырылады. Егер өндіруші өнімді өткізуді тікелей жүзеге асырмаса, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын азық-түлік тауарларын өткізуге маманданған көтерме сауда жеткізушілерінен (дистрибьютерлерден), сондай-ақ мамандандырылған ұйымнан сатып алу жүзеге асырылады.

      35. Азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларына сатып алынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келуге тиіс.

      36. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын тұрақтандыру қорларына сатып алу кезінде мамандандырылған ұйым ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің, қайта өңдеу кәсіпорындарының, азық-түлік тауарларын өткізуге маманданған көтерме жеткізушілердің (дистрибьюторлардың) қаржылық тұрақтылығына талдау жүргізеді.

      Егер ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші (қайта өңдеу кәсіпорны, азық-түлік тауарларын өткізуге маманданған көтерме жеткізуші (дистрибьютор)) салықтар мен бюджетке міндетті төлемдер, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналары бойынша, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктер, банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар берген кредиттер (қарыздар) бойынша мерзімі өткен берешектің және мамандандырылған ұйым алдындағы орындалмаған міндеттемелердің, сондай-ақ атқару құжаттары бойынша орындалмаған міндеттемелердің, кәсіпкерлік субъектісінің мүлкіне шектеулер мен ауыртпалықтардың жоқтығы бойынша жиынтық талаптарға сәйкес келсе, онда қаржылық тұрақты болып саналады.

      37. Мамандандырылған ұйым статистикалық деректер және басқа да көздер негізінде өңірдің азық-түлік тауарларының ішкі нарығына және агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің нарықтарына тұрақты негізде талдау (өндіріс көлемі және азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілуі, олардың тауарларының жылжытылуы, запастардың, бағалардың болуы) жүргізеді, өңірлік тұрақтандыру қорына сатып алынатын азық-түлік тауарларының көлемін айқындайды және сатып алу интернвенциялары туралы шешімді қабылдайды.

      38. Мамандандырылған ұйымның сатып алу интервенциялары туралы шешімі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру тетіктерін тиімді және уақтылы қолдануды қамтамасыз ету мақсатында қабылданады.

      39. Өңірлік тұрақтандыру қорын пайдалануды тауар интервенцияларын жүргізу және азық-түлік тауарларын жаңарту жолымен мамандандырылған ұйым жүзеге асырады.

      40. Мамандандырылған ұйым аграрлық азық-түлік нарығына реттеушілік ықпал ету қажет баға деңгейінің көтерілуі жағдайында, 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірмей, тауар интервенцияларын жүргізу туралы шешім қабылдайды.

      41. Мамандандырылған ұйым өңірлік тұрақтандыру қорын уақтылы жаңарту мақсатында тұрақты негізде өңірлік тұрақтандыру қорының азық-түлік тауарларының сақталу мерзімдерін қамтамасыз етеді.

      42. Өңірлік тұрақтандыру қорын жаңарту азық-түлік тауарларының сақталу мерзімі аяқталғанға дейін өңірлік тұрақтандыру қорынан азық-түлік тауарларын өткізу немесе кейін дәл сондай көлемдегі жаңа сақталу мерзімімен немесе келесі жылғы жаңа шығымнан азық-түлік тауарларын жеткізе отырып, азық-түлік тауарларының сақталу мерзімі аяқталғанға дейін азық түлік тауарларын қайтару жолымен жүзеге асырылады.

      43. Өңірлік тұрақтандыру қорының азық-түлік тауарларын тауар интервенциялары, азық-түлік тауарларын жаңарту үшін мамандандырылған ұйымдар өздердерінің өткізу нүктелері және (немесе) азық-түлік тауарларын өткізетін сауда объектілері арқылы, сондай-ақ өңдеу кәсіпорындары шекті сауда үстемесі шегінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіру үшін өткізуді жүзеге асырады.

      44. Бұл ретте өңдеу кәсіпорны өндірген дайын азық-түлік тауарының бағасы облыс әкімдігімен бекіткен шекті рұқсат етілген бөлшек сауда бағасынан аспайды және мамандандырылған ұйымның өңдеу кәсіпорнымен жасасқан өткізу туралы шартында айтылады.

      45. Облыс әкімдігі мамандандырылған ұйыммен бірлесіп тауар интервенцияларын жүзеге асыратын сауда объектілерінің орналасқан жері, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру тәртібі туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдары, жергілікті атқарушы органның және мамандандырылған ұйымның ресми сайттары арқылы халықтың назарына жеткізу бойынша ақпараттық жұмыс жүргізеді.

4-тарау. Кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру тәртібі

      46. Облыс әкімдігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру мақсатында мамандандырылған ұйымдар арқылы кәсіпкерлік субъектілеріне Комиссия сұраныс пен ұсыныстың өңірлік теңгерімі (өндіріс көлемі мен азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілу, олардың қозғалысы, қорлардың болуы), егіс алқаптары (жоспарлы), болжамды өнім, өткен күнтізбелік жылдағы қалыптасқан бағалар, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны туралы мәліметтер және өзге де деректер негізінде айқындайтын азық-түлік тауарларының тізбесіне сәйкес қарыз береді. Қарызды беру қайтарымдылық, қамтамасыз етілу және ақылылық шарттарында қарыз шарты жасасу жолымен жүзеге асырылады.

      47. Кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру кезінде бюджеттік қаражаттың 70 (жетпіс) пайызы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарына бағытталады.

      48. Бағаны тұрақтандыру мынадай жолдармен қамтамасыз етіледі:

      1) мамандандырылған ұйымның әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына төмендетілген бөлшек/көтерме бағаларды белгілеуі;

      2) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушыларға цифрлық азық-түлік ваучерлерін пайдалана отырып арзандатылған бағамен өткізу.

      49. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушыларға монетарлық емес мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында мамандандырылған ұйым кәсіпкерлік субъектілеріне (сауда объектілеріне) тиісті өңірдегі мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылардың санын ескере отырып, Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру тетіктерін іске асыруды қамтамасыз ету жөніндегі комиссия айқындайтын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізу үшін қарыздар береді.

      Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны мен мәртебелері туралы деректерді өзектендіруді халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган автоматтандырылған ақпараттық жүйеде жүзеге асырады.

      Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушыға электрондық үкімет порталының eGov Mobile қосымшасы арқылы SMS-хабарлама түрінде хабарландыру жіберіледі, онда цифрлық азық-түлік ваучерін алуға келісімін не бас тартуын растау сұралады.

      Келісім расталған жағдайда цифрлық азық-түлік ваучері "әлеуметтік әмиян" арқылы есепке алынады және тек әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын арзандатылған бағамен сатып алу үшін пайдаланылады.

      Цифрлық азық-түлік ваучерлері ай сайын, есептік айдың алдындағы айдың соңғы күніне мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар болып табылатын отбасының әрбір мүшесіне бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде беріледі.

      Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына ақы төлеу сауда объектісінің кассалық жабдығында QR-кодты оқу (сканерлеу) арқылы жүргізіледі.

      Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бүкіл тізбесін іске асыру цифрлық азық-түлік ваучері есебінен берілетін жеңілдік ескеріле отырып, арзандатылған бағамен жүзеге асырылады.

      Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын таңбалау оларды сәйкестендіруге арналған арнайы жапсырмалармен (стикерлермен) жүзеге асырылады.

      Кассалық жабдықты "әлеуметтік әмиянмен" интеграциялау жүзеге асырылады.

      Тауарларды арзандатылған бағамен өткізу туралы есеп мынадай тәртіппен ұсынылады:

      1) мамандырылған ұйымдар жиынтық есептерді электрондық нысанда облыс әкімдігіне жолдайды;

      2) облыс әкімдігі Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігіне және Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігіне жинақталған ақпаратты ұсынады.

      50. Бағаларды тұрақтандыру мамандандырылған ұйымның әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген төмендетілген бөлшек/көтерме бағаларды белгілеу жолымен қамтамасыз етіледі.

      51. Қарыз беру үшін кәсіпкерлік субъектісін Комиссия айқындайды.

      Кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында мынадай бірыңғай талаптар (өлшемшарттар) белгіленеді:

      1) заңды тұлға немесе дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеудің болуы;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төлеу мерзімі кейінге қалдырылған жағдайларды қоспағанда, кәсіпкерлік субъектісінен алынған құжаттарды қарау күніне салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленетін міндетті зейнетақы жарналары бойынша берешектің болмауы;

      3) екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар берген кредиттер (қарыздар) бойынша мерзімі өткен берешектің болмауы;

      4) меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде (жалға алу/өтеусіз пайдалану/сенімгерлік басқару) азық-түлік тауарларын тиісті сақтауға және азық-түлік тауарларымен сатып алу, дайындық, тарату операцияларын орындауға арналған қойма үй-жайлары мен арнайы жабдығы бар үй-жайлардан тұратын инфрақұрылымдық сауда-логистикалық кешеннің болуы;

      5) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінде болмауы;

      6) мамандандырылған ұйым алдында орындалмаған міндеттемелердің, сондай-ақ атқарушылық құжаттар бойынша орындалмаған міндеттемелердің, кәсіпкерлік субъектісінің мүлкіне шектеулер мен ауыртпалықтардың болмауы;

      7) осы осы қағидалардың 49-тармағына сәйкес міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етудің болуы.

      52. Кәсіпкерлік субъектілерінен өтінімдерді қабылдауды мамандандырылған ұйым жүзеге асырады және Қағидалардың талаптарына сәйкестігін тексергеннен кейін Комиссияның отырысына шығару үшін облыс әкімдігіне жібереді.

      53. Комиссия кәсіпкерлік субъектісін айқындағаннан кейін мамандандырылған ұйым кәсіпкерлік субъектісіне қарыз береді.

      54. Кәсіпкерлік субъектісі мамандандырылған ұйымның қарызын қайтару бойынша міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етеді. Міндеттемелердің орындалуы кепіл, банктік кепілдендіру, үшінші тұлғалардың кепілдік/кепілгерлігі түрінде қамтамасыз етіледі. Міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету заңнамада көзделген жазбаша нысанда ресімделеді.

      55. Қарыз беру шарттары мамандандырылған ұйым мен кәсіпкерлік субъектісі арасында жасалатын қарыз шартында белгіленеді.

      56. Қарыз шарттарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында кәсіпкерлік субъектілерінің мамандандырылған ұйыммен келісу бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізу графигін қалыптастыру, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын белгіленген бағамен толық көлемде өткізу; әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізу фактісін растайтын құжаттарды ұсыну жөніндегі міндеттемелері көзделеді.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген міндеттемелерді орындау бөлігінде қарыз шарты талаптарының орындалмауы немесе тиісінше орындалмауы қарыз шартын елеулі түрде бұзу деп танылады.

      57. Қарыз мерзімі өткен берешекті қайта қаржыландыруға берілмейді.

      58. Қарыз тек ұлттық валютада беріледі.

  Қарағанды облысы бойынша
әлеуметтік маңызы бар
азық-түлік тауарларына бағаларды
тұрақтандыру
тетіктерін іске асырудың қағидаларына
қосымша
  Нысан

Әкімшілік деректерді жинауға арналған нысан

      Ұсынылады: Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы және сауда және интеграция министрліктеріне

      Әкімшілік деректерді өтеусіз негізде жинауға арналған нысан www.gov.kz интернет-ресурсында орналастырылған

      Әкімшілік нысанның атауы: Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру барысы туралы ақпарат

      Әкімшілік деректерді өтеусіз негізде жинауға арналған нысанның индексі: № 1-ӘМАТ нысаны

      Кезеңділік: апта сайын

      Есепті кезең: 20___жылғы_________

      Әкімшілік деректерді өтеусіз негізде жинауға арналған нысанды ұсынатын адамдар тобы: әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаларды белгілеу жөніндегі шараларды қоспағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыратын мамандандырылған ұйым (бұдан әрі – мамандандырылған ұйым), Қарағанды облысы әкімдігі

      Әкімшілік деректерді өтеусіз негізде жинауға арналған нысанды ұсыну мерзімі:

      мамандандырылған ұйым Қарағанды облысы әкімдігіне апта сайын сәрсенбі күндері;

      Қарағанды облысы әкімдігі Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы және сауда және интеграция министрліктеріне апта сайын бейсенбі күндері

      Бизнес-сәйкестендіру нөмірі

     


      Жинау әдіс: электрондық түрде

Тауардың атауы

Сатылып алынған тауарлар

тікелей

форвардтық шарттар мен офтейк-келісімшарттар шеңберінде

берілген қарыздар бойынша

ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер және қайта өңдеу кәсіпорындары

азық-түлік тауарларын сатуға мамандандырылған көтерме жеткізушілер (дистрибьюторлар)

ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер және қайта өңдеу кәсіпорындары

азық-түлік тауарларын сатуға мамандандырылған көтерме жеткізушілер (дистрибьюторлар)

ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер және қайта өңдеу кәсіпорындары

азық-түлік тауарларын өткізуді жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері

тонна

мың теңге

тонна

мың теңге

тонна

мың теңге

тонна

мың теңге

тонна

мың теңге

тонна

мың теңге

1

2

3

4

5

6

7

8

Жалпы қорытынды, тауық жұмыртқасы мен нанды қоспағанда













      кестенің жалғасы

Бар тауарлар

Өткізілген көлем

Қалдық

тұрақтандыру қорларындағы

форвардтық шарттар мен офтейк-келісімшарттар шеңберінде

берілген қарыздар бойынша

тонна

мың теңге

тонна

мың теңге

тонна

мың теңге

өткізу орны

тонна

мың теңге

тонна

мың теңге

9

10

11

12

13

      Атауы: ____________________________________

      Мекенжайы ____________________________________________

      Телефоны __________________________________________

      Электрондық почтасы___________________________

      Орындаушы ______________________________________

      Басшы немесе оның міндетін атқарушы адам:

      ______________________________________ __________________________

      аты және әкесінің аты (бар болса), тегі (электрондық цифрлық қолтаңбасы)

      Күні: 20___ жылғы "____" _________

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады