Қарағанды облысында құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын азаматтарды көтермелеудің түрлері мен тәртібін, сондай-ақ оларға ақшалай сыйақы мөлшерін айқындау туралы

Жаңа

Қарағанды облысының әкімдігінің 2026 жылғы 17 наурыздағы № 18/03 қаулысы

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", "Құқық бұзушылық профилактикасы туралы" заңдарына сәйкес Қарағанды облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Осы қаулының қосымшасына сәйкес Қарағанды облысында құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын азаматтарды көтермелеудің түрлері мен тәртібі, сондай-ақ оларға ақшалай сыйақының мөлшері айқындалсын.

      2. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қарағанды облысының әкімі Е. Бөлекпаев

  Қарағанды облысы әкімдігінің
2026 жылғы 17 наурыздағы
№ 18/03 қаулысына
қосымша

Қарағанды облысында құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын азаматтарды көтермелеудің түрлері мен тәртібі, сондай-ақ оларға ақшалай сыйақының мөлшері

1. Көтермелеудің түрлері

      1. Құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын қоғамдық көмекшілерді көтермелеудің түрлері:

      1) алғыс жариялау;

      2) грамотамен наградтау;

      3) ақшалай сыйақы төлеу;

      4) білім беру және біліктілікті арттыру бағдарламалары бойынша оқуға жіберу;

      5) ұйымға, кәсіпорынға көтермелеу туралы ұсынулар жіберу;

      6) құқық бұзушылық профилактикасына елеулі үлес қосқан адамдар үшін мемлекеттік наградамен және құрметті атақпен наградтау туралы ұсыныстар енгізу болып табылады.

      2. Қазақстан Республикасының "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық фактісі бойынша фото және бейнежазба қоса тіркелген хабарламаны уәкілетті органдарға жолдаған азаматтар құқық бұзушыдан өндірілген айыппұл сомасынан ақшалай сыйақымен көтермеленуі мүмкін.

2. Көтермелеудің тәртібі

      3. Осы тәртіп Қарағанды облысында құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын азаматтарды көтермелеуді ұйымдастырудың мәселелерін реттейді.

      4. Құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын азаматтарды көтермелеу мәселелері ішкі істер органдарының ұсынуы бойынша Қарағанды облысының қалалары мен аудандары әкімдіктері жанынан құрылатын комиссияларда (бұдан әрі – Комиссия) қаралады.

      5. Құқық бұзушылық профилактикасына белсенді қатысатын азаматтарды көтермелеу туралы ұсыныс Қарағанды облысы Полиция департаментінің басқармалары мен полиция бөлімдерінің бастықтары тарапынан комиссияның қарауына енгізіледі.

      6. Комиссия жергілікті атқарушы органдарда қоғамдық көмекші ретінде тіркелмеген азаматтарды да, егер олар құқық бұзушылықтардың алдын алуға, жолын кесуге немесе ашуға ықпал еткен болса, көтермелеуге құқылы.

      7. Көтермелеуге негіз болып комиссия қабылдайтын хаттамалық шешім табылады.

      8. Ақшалай сыйақы төлеу үшін комиссия қабылдаған шешімге сәйкес Қарағанды облысы Полиция департаментінің басқармалары мен полиция бөлімдерінің бастықтары қосымша бұйрық шығарады.

3. Ақшалай сыйақының мөлшері

      9. Ақшалай сыйақы мөлшерін қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесін, сонымен қатар онымен немесе оның қатысуымен құқыққа қарсы әрекет нәтижесінде келтірілуі мүмкін залалдың алдын алған көлемін есепке ала отырып, ақшалай сыйақының мөлшері комиссиямен белгіленеді және 10 еселік айлық есептік көрсеткіштен аспайды.

      10. Ақшалай сыйақы төлеу Қарағанды облысы Полиция департаменті тарапынан облыстық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады