Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", "Білім туралы" заңдарына сәйкес Қарағанды облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Қарағанды облысының мектепке дейінгі ұйымдарында тәрбиеленушілерді тамақтандыруға кететін шығындарды өтеу туралы" Қарағанды облысы әкімдігінің 2023 жылғы 20 маусымдағы № 41/01 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6435-09 болып тіркелген) келесі өзгеріс енгізілсін:
1-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"1. Мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған Қарағанды облысының мектепке дейінгі ұйымдарында тәрбиеленушілердің келесі жекелеген санаттарына тамақтандыру үшін шығындар толық көлемде өтелсін:
жетім балаларға және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға;
мүгедектігі бар балаларға;
атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларға, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балаларға;
атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға.".
2. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
3. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.
| Қарағанды облысының әкімі | Е. Бөлекпаев |
