Оқыту тілін қосымша қолдауды қажет ететін, қазақ тілінде оқитын бірінші сыныптардың білім алушыларына арналған бейімдеу бағдарламасын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің м.а. 2026 жылғы 24 ақпандағы № 47-НҚ бұйрығы

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 42-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Оқыту тілін қосымша қолдауды қажет ететін, қазақ тілінде оқитын бірінші сыныптардың білім алушыларына арналған бейімдеу бағдарламасы бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрыққа қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту бірінші вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министрдің міндетін атқарушы М. Мелдебекова

  Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрінің
2026 жылғы 24 ақпандағы
№ 47-НҚ бұйрығымен
бекітілген

Оқыту тілін қосымша қолдауды қажет ететін, қазақ тілінде оқитын бірінші сыныптардың білім алушыларына арналған бейімдеу бағдарламасы

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Оқыту тілін қосымша қолдауды қажет ететін, қазақ тілінде оқитын бірінші сыныптардың білім алушыларына арналған бейімдеу бағдарламасы (бұдан әрі – Бейімдеу бағдарламасы) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 42-1) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығымен бекітілген Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29031 болып тіркелген) сәйкес әзірленген және бірінші сыныпта білім алушылардың тілдік және әлеуметтік бейімделуіне бағытталған іс-шараларды іске асырудың мазмұны мен ұйымдастырылуын айқындайды.

      2. Бейімдеу бағдарламасының мақсаты – білім алушылардың қазақ тілінде базалық коммуникативтік дағдыларын қалыптастыру және олардың оқу бағдарламаларын меңгеруге және білім беру ортасында өзара әрекеттесуге дайындығын қамтамасыз ету.

      3. Бейімдеу бағдарламасының міндеттері:

      1) педагогтердің және қатарластарының ауызша сөйлеуін түсіну дағдыларын қалыптастыру;

      2) оқу және тұрмыс жағдайларында диалогтік және монологтік сөйлеу дағдыларын қалыптастыру;

      3) білім алушылардың белсенді және пассивті сөздік қорын кеңейту;

      4) бірінші сынып деңгейінде оқу және жазу бойынша базалық дағдыларды қалыптастыру;

      5) білім алушылардың білім беру ортасында тілдік және әлеуметтік бейімделу дағдыларын қалыптастыру.

2-тарау. Бейімдеу бағдарламасы

      4. Бейімдеу бағдарламасының базалық мазмұны мыналарды қамтиды:

      1) оқу сабақтары – білім алушылардың тілдік қажеттіліктерін ескере отырып білім беру процесін ұйымдастыру, қазақ тілінде ауызша және жазбаша сөйлеудің базалық дағдыларын қалыптастыру;

      2) сынып сағаттары – әлеуметтік-эмоционалдық бейімделуге, коммуникативтік және тілдік дағдыларды дамытуға, мектептегі мінез-құлық қағидаларын қалыптастыруға бағытталған сабақтар;

      3) сыныптан тыс іс-шаралар – тілдік ортаны қолдауға, сөздік қорды кеңейтуге және қазақ тіліндегі сөйлеу құрылымдарын бекітуге бағытталған танымдық, шығармашылық, спорттық және әлеуметтік сипаттағы іс-шаралар.

      Бейімдеу бағдарламасын іске асыру көлемі аптасына кемінде 2 академиялық сағатты құрайды және білім беру ұйымы білім алушылар мен педагогтердің негізгі оқу жүктемесін ескере отырып жоспарлайды.

      5. Оқу сабақтары мәтіндерді, тапсырмаларды және сөйлеу жағдаяттарын іріктеу кезінде тірек ретінде пайдаланылатын бірінші сыныптың ортақ тақырыптары негізінде құрылады. Ортақ тақырыптар "Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру деңгейлерінің жалпы білім беретін пәндері мен таңдау курстары бойынша үлгілік оқу бағдарламаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 16 қыркүйектегі № 399 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29767 болып тіркелген) бекітілген әрбір оқу пәні бойынша Үлгілік оқу бағдарламаларында көзделген және білім беру процесінің сабақтастығын, пәнаралық байланыстардың қалыптасуын және қоршаған ортаны жүйелі қабылдауды қамтамасыз етеді.

      Ортақ тақырыптар:

      1. Өзім туралы

      2. Менің мектебім

      3. Менің отбасым және достарым

      4. Бізді қоршаған әлем

      5. Саяхат

      6. Салт-дәстүр және фольклор

      7. Демалыс және хобби

      8. Дені сау ұрпақ - ел болашағы

      Оқу сабақтарының мазмұны:

Тоқсан

Ортақ тақырыптар

Мазмұны

Тілдік мақсат / дағды

I
(1–8 апта)

"Өзім туралы",
"Менің отбасым және достарым"

Амандасу, танысу.
Жеке мәліметтер: аты, жасы;
Отбасы: ана, әке, аға, қарындас/сіңлі, әпке және басқалар.
Қарапайым тұрмыстық тіркестер: "Менің атым…", "Маған ... ұнайды";
Түстер, 1–10 сандары.
Негізгі құрылымдар: "Бұл …", "Мен …".

Өзін таныстыру;
отбасы мүшелерін атау;
қарапайым сұрақтарға жауап беру; өтініш немесе қалауын білдіру.

II
(9–16 апта)

"Менің мектебім",
"Бізді қоршаған әлем"

Мектеп: сынып, мұғалім, кітап, дәптер.
Мінез-құлық ережелері;
Қоршаған заттар.
Кеңістіктік түсініктер: жоғары/төмен, оң/сол;
1–20 сандары.

Мұғалімнің нұсқауларын түсіну; заттарды сипаттау;
мектеп заттарын атау;
күнделікті жағдайларда қарапайым сөйлеу құрылымдарын қолдану.

III
(17–24 апта)

"Саяхат", "Салт-дәстүр және фольклор"

Саяхат: көлік түрлері (автобус, велосипед, машина), табиғат (тау, көл, орман), ертегі кейіпкерлері, эмоциялар (қуаныш, қорқыныш, көңіл-күй), қозғалыс етістіктері;
Дәстүрлер мен фольклор: халықтық мерекелер мен дәстүрлер (Наурыз, туған күн), ертегілер мен аңыздар, дәстүрлі бұйымдар мен киімдер, эмоциялар (қуаныш, құрмет, таңдану), әрекет және қарым-қатынас етістіктері (ойнау, ән айту, би билеу, сөйлеу).

суретті және әрекеттерді сипаттау; қозғалыс пен әрекетке қатысты сөйлем құрылымдарын қолдану;
қысқа сюжет, ертегі немесе аңызды әңгімелеп беру;
кейіпкерлердің эмоцияларын жеткізу;
мерекелер мен дәстүрлер туралы айту.

IV
(25–33 апта)

"Демалыс және хобби", "Дені сау ұрпақ - ел болашағы"

Демалыс және хобби: ойындар, спорт, сүйікті іс-әрекеттер, бос уақыт.
Салауатты ұрпақ: салауатты өмір салты, пайдалы тағам, дене жаттығулары, жеке гигиена, денсаулыққа қамқорлық;
Қарапайым тұрмыстық және оқу фразалары, әрекеттер мен эмоциялардың сипаттамалары;
Хобби, іс-әрекеттер және күнделікті істер туралы айтуға арналған сөздер мен тіркестер;
Оқиғаларды сипаттауда сандарды, түстерді және қарапайым грамматикалық құрылымдарды қолдану.

өзінің демалысы мен сүйікті іс-әрекеттері туралы айту;
күнделікті өмірдегі әрекеттер мен оқиғаларды сипаттау;
эмоциялар мен қалауларды білдіретін сөйлемдерді қолдану;
денсаулық және салауатты өмір салты туралы әңгіме жүргізу;
тоқсан тақырыптарына байланысты қысқа әңгімелер мен оқиғаларды баяндау.

      6. Сынып сағаттарының жоспары білім алушыларда қалыптасуы тиіс негізгі құзыреттер мен дағдыларға сәйкес бағыттар бойынша құрылады:

      1) мектеп өміріне бейімделу және үйренісу (1–4 апта) – қауіпсіздік сезімін қалыптастыру, оқу ортасымен таныстыру, мінез-құлық ережелерін меңгеру, қазақ тілін мектеп ортасында бастапқы деңгейде қолдану;

      2) қазақ тілінің базалық коммуникативтік формулалары (5–12 апта) – амандасу, қоштасу, қарапайым сұрақтар мен жауаптарды меңгеру, қазақ тілінде базалық деңгейдегі қарым-қатынас дағдыларын қалыптастыру;

      3) академиялық сөздік қорды дамыту (13–20 апта) – мектеп пен күнделікті тұрмысқа қатысты тақырыптар бойынша сөздік қорды кеңейту, объектілерді, іс-әрекеттерді, эмоциялар мен оқиғаларды сипаттау дағдыларын дамыту;

      4) әлеуметтік-эмоционалдық бейімдеу (21–26 апта) – қоршаған ортамен өзара әрекеттесу дағдыларын, эмоцияларды басқару, ынтымақтастық және әлеуметтік жауапкершілік дағдыларын дамыту;

      5) тілдік даму мен коммуникацияны нығайту (27–33 апта) – сөйлеу құрылымдарын бекіту, байланыстырып сөйлеу дағдыларын қалыптастыру, диалогтік және монологтік қарым-қатынасты қолдау, тілді практикалық жағдайларда қолдану.

Тоқсан

Тақырыптар

Іс-әрекет түрі

Жұмыс формасы

Тілдік мақсат / дағды

I
(1–8 апта)

Өзім туралы

Амандасу, танысу

Танысу шеңбері, "Менің есімім ... " ойыны

Өзін таныстыру, аты-жөнін айту, амандасу сөздерін қолдану

Жеке мәліметтер

Өзің туралы айтып бер

Әңгіме, карточкалар

Жасын, атын айту, "Менің атым…", "Менің жасым … " тіркестерін қолдану

Менің отбасым

Отбасы мүшелері

Жұптық жұмыс, шағын қойылым

Отбасы мүшелерін атау, "Бұл – менің анам" сияқты қарапайым сөйлемдер құрастыру

Қарапайым тұрмыстық тіркестер

Тілектері мен қалаулары

"Саған не ұнайды?" ойыны

"Маған … ұнайды" деп өз қалау-жігерін білдіру, "Саған … ұнай ма?" деген сұрақтар қою

Түстер,
1–10 сандары

Ойын тапсырмасы

Карточкалар, "Түс/санды тап" ойыны

Түстер мен сандарды атау және оларды сөйлем ішінде қолдану

II
(9–16 апта)

Менің мектебім

Сынып, мұғалім, заттар

Сыныпқа экскурсия, талқылау

Мектептегі заттарды атау, оларды сипаттау, сұрақтар қою

Мінез-құлық ережелері

Қауіпсіздік

Жағдаяттық ойындарды талқылау

Нұсқаулықтарды түсіну, "Болады/Болмайды" сияқты рұқсат пен тыйымды білдіретін тіркестерді қолдану

Қоршаған заттар

Кеңістік ұғымдары

"Кім қайда?" ойыны

"Биік/аласа", "оң/сол" сөздерін қолдану, заттардың орналасуын сипаттау

1–20 сандары —

Практикалық тапсырма

Ойын арқылы орындау, заттарды санау

Сандарды атау және оларды қарапайым сөйлемдерде қолдану

III
(17–24 апта)

Саяхат

Көлік, табиғат

Сурет бойынша әңгіме құрастыру, шағын қойылым

Нысандарды сипаттау, "жүреді", "жүгіреді", "жүзеді" сияқты қимыл сөздерін қолдану

Эмоциялар мен әрекеттер

Қуаныш, қорқыныш, көңіл күй

Рөлдік ойын, талқылау

Эмоцияларды білдіретін сөздерді қолдану, кейіпкерлердің әрекеттерін сипаттау

Салт-дәстүр мен фольклор

Халықтық мерекелер

Әңгімелеу

Мерекелер туралы айту, тақырыптық лексиканы қолдану

Ертегілер мен аңыздар

Кейіпкерлер мен оқиғалар

Оқу, сахналық қойылым

Қысқа сюжетті қайта айтып беру, кейіпкерлердің эмоцияларын білдіру

IV
(25–33 апта)

Демалыс және хобби

Сүйікті істер

Талқылау, мини-сұхбат

Хоббиі туралы айту, өз қалауларын білдіру

Дені сау ұрпақ

Пайдалы тағам, гигиена

"Пайдалы ма, зиян ба?" ойыны әдеттерді сипаттау

Денсаулыққа қатысты лексиканы қолдану, әрекеттер мен әдеттерді сипаттау

Әрекеттер мен оқиғалар

Тұрмыстық жағдайлар

Рөлдік ойындар, талқылау

Әрекеттер мен оқиғаларды сипаттау, "Мен істеймін…", "Ол істейді…" деген сөйлемдерді құрастыру

Қорытынды сағат

Қайталау және практикалық қолдану

"Мектеп/Дүкен" рөлдік ойыны, топтық жұмыс

Үйренген сөздер мен құрылымдарды қолдану, диалог жүргізу, оқиғаларды әңгімелеп беру

      7. Бейімдеу бағдарламасы шеңберіндегі сыныптан тыс іс-әрекет коммуникативтік дағдыларды дамытуға және өзара әрекеттесудің әртүрлі жағдайларында қазақ тілін қолдануға бағытталған танымдық, шығармашылық, спорттық және әлеуметтік бағдарланған іс-шаралар арқылы іске асырылады.

      Тілдік орта қалыптастыруға арналған сыныптан тыс іс-шаралар:

Жұмыс түрі

Өткізу орны / формасы

Тілдік мақсат / дағды

1

Танымдық қызмет

Мектеп кітапханасына экскурсия

Сөздік қоры кеңейту, жаңа сөздермен танысу, нысандарды сипаттау дағдыларын қалыптастыру

Мектеп мұражайына, өлкетану экспозицияларына бару

Заттарды сипаттау үшін мақсатты сөздерді қолдану, қарапайым сөйлемдер құрастыру

Қуыршақ театрына, балалар қойылымдарына бару

Тыңдалымды түсіну, қысқаша әңгімелеп беру және эмоционалды реакцияны дамыту

Табиғатты бақылау, күнделік жүргізу

Қысқа ауызша сипаттамалар құрастыру, өсімдіктер, жануарлар, ауа райы сөздерін қолдану

"Кітап апталығына", көрмелерге қатысу

Оқу, әңгімелеп беру, қазақ тілінде пікірлер мен әсерлерді білдіру

2

Шығармашылық қызмет

Сурет салу, аппликация, шеберлік сабақтары

Әрекеттер мен материалдарды сипаттайтын сөздерді қолдану, "Мен сурет саламын…", "Бұл …" тіркестерін құрастыру

Ертегіге иллюстрациялар байқауы

Сөздік қоры кеңейту, сурет бойынша қысқа әңгімелер құрастыру

Таңғы жиындар, мерекелік іс-шаралар

Диалогтік сөйлеуді дамыту, амандасу, құттықтау және қысқа фразаларды қолдану

3

Тілдік орта бойынша жұмыс

Тілдік ойындар ("Сөзді тап", "Сурет бойынша әңгімелеп бер")

Сөздік қоры мен диалогтік сөйлеуді белсендіру, сөйлеу үлгілерін бекіту

Диалогтарды модельдеу, шағын қойылым

Диалог құру тәжірибесін дамыту, коммуникация және әңгімелеп беру дағдылары

Ата-аналармен бірлескен мини-марафондар: оқу және жазу

Үйде сөйлеу дағдыларын бекіту, сөздік қор мен грамматикалық құрылымдарды кеңейту

4

Әлеуметтік-тәрбие қызметі

Сынып сағаттары: достық, өзара көмек

Қарым-қатынас дағдыларын қалыптастыру, күнделікті сөйлеу формулаларын қолдану

Мектеп ережелерімен таныстыру

"Ереже" тақырыбы бойынша сөздер мен тіркестерді қолдану, нұсқауларды түсіну дағдыларын дамыту

Эмоциялық мәдениетті дамыту ойындары

Эмоцияны білдіретін, қолдау көрсететін фразаларды қалыптастыру

5

Спорттық-сауықтыру қызметі

Қозғалмалы ойындар, мини-эстафеталар

Командалық сөздерді, бағдарларды, әрекеттерді сипаттайтын сөздерді қолдану

Ауада серуендеу

Қоршаған ортаны талқылау, бақылауларды қазақ тілінде сипаттау

6

Отбасымен бірлескен жұмыс

Ашық есік күндері, шығармашылық жобалар

Ата-аналардың қатысуымен ауызша сөйлеу тәжірибесі, бірлескен іс-әрекет арқылы сөздік қорды кеңейту

7

Қоғамдық пайдалы қызмет

"Таза сынып", "Таза аула" акциялары

Әрекеттерді, командаларды, нұсқауларды сипаттайтын сөздерді қолдану, коммуникациялық бастаманы дамыту

Аудан/қала музейлеріне, театрларға, көрмелерге экскурсия

Тыңдалымды түсіну, оқиғаларды әңгімелеп беру, мәдениет пен өнер тақырыбы бойынша сөздік қорды кеңейту

      Ескерту:

      Бейімдеу бағдарламасының мақсаты мен міндеттеріне қол жеткізуді сақтай отырып, тақырыптар мазмұнын өзгертуге болады.

      8. Бейімдеу бағдарламасын іске асыру кезінде білім беру ұйымы қауіпсіз және қолдаушы тілдік ортаны құруды қамтамасыз етеді, оның ішінде білім алушылардың мектеп қызметкерлерімен өзара іс-қимыл жасауын және мектеп ортасында мінез-құлық пен қарым-қатынас дағдыларын қалыптастыруды қамтиды.

      Мектептегі қызметкерлердің рөлі мен міндеттері:

Қызметкер

Міндеттері

Қазақ тілінде сөйлеу формулаларының мысалдары

Күзетші

білім алушыларды кіреберісте қарсы алу;
қауіпсіз келіп/кетуін бақылау; мектеп аумағында бағыт табуға/бағыттау бойынша көмектесу

"Сәлеметсіз бе!", "Бұл сенің сыныбың", "Кімге барайын деп едің?"

Медицина қызметкері

денсаулықты және физикалық жүктемеге бейімделуді бақылау; күн тәртібі мен гигиена бойынша кеңес беру.

"Сенің дене қызуың қалыпты", "Қолыңды жууды әдетке айналдыра ғой"

Кітапханашы

сыныптан тыс оқу және экскурсиялар ұйымдастыру; әңгімелер мен сөздік ойындар арқылы тілдік ортаны қолдау.

"Бұл кітапты оқып көрейік", "Сурет бойынша әңгіме айтып бер"

Қызмет көрсету персоналы (асхана)

тамақтану кезінде қарым-қатынас дағдыларын қолдау; қарапайым нұсқауларды қазақ тілінде қолдану.

"Отыра ғой", "Қарның ашып қалмады ма? Тамақ іше ғой", "Тамақтан кейін қолыңды жууды ұмытпа!"

Пән мұғалімдері және жоғары сынып білім алушылары

сөйлеу түрлері мен ережелерінің бірізділігін қамтамасыз ету;
рөлдік ойындарда, шағын сахналық ойындарда және экскурсияларда көмек көрсету.

"Кім бірінші айтады?", "Бұны қалай жасау керек?"

      9. Бейімдеу бағдарламасы аяқталғаннан кейін білім беру ұйымы білім алушылардың тілдік және әлеуметтік бейімделудің ең төменгі деңгейіне қол жеткізуін қамтамасыз етеді, оған мыналар кіреді:

      1) педагогтердің және қатарластарының қарапайым ауызша нұсқауларын түсіну;

      2) қарапайым диалогтерге қатысу және қарапайым айтылымдарды тұжырымдау;

      3) негізгі тақырыптық бағыттар бойынша базалық сөздік қорды пайдалану;

      4) қарапайым сөздерді, сөйлемдерді және қысқа мәтіндерді оқу және жазу;

      5) элементарлық грамматикалық құрылымдарды қолдану;

      6) мінез-құлық қағидаларын сақтау және бірлескен қызметке қатысу;

      7) қазақ тілінде қарапайым ойларды, іс-әрекеттерді және оқиғаларды білдіру;

      8) оқу және күнделікті қарым-қатынаста қазақ тілін қолдану.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады