Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар желісінің нормативін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2026 жылғы 4 маусымдағы № 231 бұйрығы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 08.06.2026 бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі Әлеуметтік кодексінің 12-бабы 5) тармақшасының отыз бірінші абзацына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар желісінің нормативі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Арнаулы әлеуметтік қызметтер департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрыққа қол қойылғаннан кейін күнтізбелік бес күн ішінде оны мемлекеттік және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жолдауды;

      2) осы бұйрықты ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2026 жылғы 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.

      Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
А. Ертаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрі
2026 жылғы 4 маусымдағы
№ 231 бұйрығына
қосымша

Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар желісінің нормативі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар желісінің нормативі (бұдан әрі – Норматив) Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 12-бабы 5) тармақшасының отыз бірінші абзацын орындау үшін әзірленді және Қазақстан Республикасы аумағында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар желісінің нормативтерін белгілеуге бағытталған.

      2. Норматив арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж деп танылған адамдар үшін мемлекет кепілдік берген әлеуметтік қолдау деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған.

      Бұл ретте арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар желісі (бұдан әрі – Ұйымдар желісі) деп халықтың қажеттіліктерін ескере отырып, әртүрлі нысандар мен жағдайларда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ететін мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың жиынтығы түсініледі.

      3. Осы Нормативтің мақсаттары мыналар болып табылады:

      арнаулы әлеуметтік қызметтердің халық үшін, оның ішінде шалғай және ауылдық елді мекендерде тұратын адамдар үшін аумақтық және физикалық қолжетімділігін қамтамасыз ету;

      қызмет алушылардың жеке қажеттілігін ескере отырып, қызметтерді уақтылы көрсетуді қамтамасыз ету;

      Қазақстан Республикасының заңнамасының талаптарына сәйкес арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемі мен сапасын қамтамасыз ету.

      4. Ұйымдар желісін қалыптастыру халықтың қажеттілігін кешенді талдау негізінде жүзеге асырылады және мынадай факторларды есепке алуды қамтиды:

      әкімшілік-аумақтық бірліктің халық саны;

      белгіленген тәртіппен арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж деп ресми танылған адамдар саны;

      мүгедектік құрылымы, оның ішінде санаттар, тіршілік әрекетінің шектелу дәрежесі және нозологиялық топтар;

      қызмет алушылардың жас құрылымы (балалар, еңбекке қабілетті жастағы адамдар, егде жастағы адамдар);

      көлік инфрақұрылымының даму деңгейі және аумақтық қолжетімділік;

      өңірдің әлеуметтік-демографиялық және экономикалық ерекшеліктері.

2. Желіні қалыптастыруға жалпы тәсілдер

      5. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды құру Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексімен белгіленген олардың құзыретінің шеңберінде, оның ішінде халыққа әлеуметтік қызмет көрсетуді ұйымдастыру және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі өкілеттіктерді қоса алғанда, жергілікті атқарушы органдармен жүзеге асырылады.

      Бұл ретте жергілікті атқарушы органдар өңірдің даму стратегиясының құжаттарын және қызметтерге болжанатын қажеттілікті ескере отырып, ұйымдар желісін жоспарлауды қамтамасыз етеді.

      6. Ұйымдар желісі арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жағдайларын ескере отырып қалыптастырылады және мынадай түрлерді қамтиды:

      қызмет алушылардың тәулік бойы тұруын және қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін стационарлық ұйымдар;

      тәулік бойы тұрусыз күндізгі уақытта қызмет көрсететін жартылай стационарлық ұйымдар;

      қызмет алушылардың тұрғылықты жері бойынша қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін үйде қызмет көрсететін ұйымдар;

      дағдарыстық жағдайларда қысқа мерзімді көмек пен қолдау көрсететін уақытша болу ұйымдары.

      7. Ұйымдар желісін қалыптастыру кезінде жергілікті атқарушы органдар мыналарды қамтамасыз етеді:

      өңір аумағында ұйымдардың біркелкі орналасуы;

      әртүрлі қызмет көрсету нысандары арасындағы сабақтастықты қоса алғанда, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің үздіксіздігі;

      халықтың ағымдағы және перспективалық қажеттілігін ескере отырып, ұйымдар желісін кезең-кезеңімен дамыту;

      бюджеттік және бюджеттен тыс қаражатты тиімді пайдалану.

3. Қызмет алушылар санының ең төменгі шекті мәндері

      8. Ресурстарды ұтымды пайдалану және экономикалық орындылықты қамтамасыз ету мақсатында қызмет алушылар санының ең төменгі шекті мәндері белгіленеді:

      республикалық маңызы бар қалаларда, астанада және облыстық маңызы бар қалаларда – арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж кемінде 50 адам болған кезде;

      аудандық маңызы бар қалаларда, аудандарда, кенттерде және ауылдық округтерде – стационарлық, жартылай стационарлық типтер және үйде қызмет көрсету жағдайларында арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж кемінде 25 адам болған кезде.

      9. Жекелеген жағдайларда, негізделген әлеуметтік қажеттілік болған кезде (оның ішінде қолжетімділігі қиын аумақтар, әлеуметтік тәуекелдің жоғары деңгейі немесе қызмет көрсетудің баламалы нысандарының болмауы) жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша қызмет алушылар саны аз болған кезде де ұйымдарды құруға жол беріледі.

4. Стационарлық типтегі ұйымдар

      10. Стационарлық типтегі ұйымдар тұрақты бөгде күтімге және тұруға мұқтаж адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету үшін құрылады және мынадай нысандарда жұмыс істейді:

      арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары;

      әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары;

      жобалық қуаттылығы 50 орынға дейінгі шағын сыйымдылықтағы үйлер.

      11. Стационарлық типтегі ұйымдардың қуаттылығы белгіленген қажеттіліктен шыға отырып айқындалады, бұл ретте ең төменгі сыйымдылық кемінде 50 төсек-орынды құрайды.

      12. Стационарлық ұйымдарды құру кезінде тұру жағдайларына қойылатын талаптар, ортаның қолжетімділігі, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ әлеуметтік, медициналық, оңалту және психологиялық қызметтердің кешенін көрсету қажеттілігі ескеріледі.

5. Жартылай стационарлық типтегі ұйымдар

      13. Жартылай стационарлық типтегі ұйымдар тәулік бойы тұрусыз арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге арналған және мынадай нысандарда құрылады:

      күндізгі болу бөлімшелері (орталықтары);

      мүгедектігі бар адамдар және (немесе) мүгедектігі бар балалар үшін оңалту орталықтары;

      мүгедектігі бар адамдар мен қарттарға арналған аумақтық орталықтар;

      жобалық қуаттылығы 50 орынға дейінгі шағын сыйымдылықтағы үйлер.

      14. Жартылай стационарлық ұйымдардың қызметі қызмет алушыларды әлеуметтік бейімдеуге, оңалтуға, тіршілік әрекетін қолдауға және қоғамға кіріктіруге бағытталған.

      15. Мұндай ұйымдардың жұмыс режимі қызмет алушылардың қажеттіліктерін ескере отырып белгіленеді және келудің икемді кестесін көздеуі мүмкін.

6. Үйде қызмет көрсететін ұйымдар

      16. Үйде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдары жанындағы құрылымдық бөлімшелер (бөлімдер, қызметтер) түрінде құрылады.

      17. Үйде қызмет көрсету Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 22 маусымдағы № 230 бұйрығымен бекітілген арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдардың қызметі қағидаларының 25-тармағына сәйкес мынадай санаттарға көрсетіледі.

      18. Қызметтер көрсету үшін негіз Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен арнаулы әлеуметтік қызметтерге жеке қажеттілікті бағалауды жүргізу болып табылады.

      Үйде қызмет көрсету ұйымдары бір-бірінен 5 (бес) километрден астам радиуста құрылады.

      19. Үйде қызмет көрсету қызметтерінің жұмысы әлеуметтік қызметкерлер арасындағы жүктемені ұтымды бөлуді және көлік қолжетімділігін қамтамасыз етуді қоса алғанда, атаулылық, қолжетімділік және уақтылылық қағидаттарын ескере отырып ұйымдастырылады.

7. Уақытша болу ұйымдары

      20. Уақытша болу ұйымдары қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға қысқа мерзімді көмек көрсету үшін арналған және мынадай нысандарда құрылады:

      әлеуметтік бейімдеу орталықтары, белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарға, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және (немесе) пробация қызметінде есепте тұрған адамдарға арналған түнгі болу үйлері;

      дағдарыс орталықтары, әлеуметтік көмек орталықтары, адам саудасының және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандарына арналған баспаналар.

      Әлеуметтік бейімдеу орталықтарында қызмет алушылар үшін қажет болған жағдайда құрылымдық бөлімшелер – түнгі болу бөлімшелері және әлеуметтік патрульдің мобильді қызметтері құрылады.

      Түнгі болу үйлері (бөлімшелері) ұйымға жүгінген, бірақ қаңғыбастық өмір салтын өзгерткісі келмейтін адамдарға ыстық тамақ берусіз түнгі уақытта (жазғы уақытта сағат 21-ден 9-ға дейін, қысқы уақытта сағат 18-ден 10-ға дейін) төсек-орын береді.

      Әлеуметтік патрульдің мобильді қызметтері күндізгі уақытта белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарға олардың көшеде болатын орындарында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді. Жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша әлеуметтік патрульдің мобильді қызметтері түнгі уақытта да қызмет көрсетеді.

      21. Уақытша болу ұйымдарын құру:

      республикалық маңызы бар қалаларда, астанада және облыстық маңызы бар қалаларда – міндетті түрде;

      халық саны 100 000 адамнан асатын аудандық маңызы бар қалаларда;

      халық саны 50 000 адамнан асатын аудандарда – жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады