Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 38, 39, 42-баптарына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 39-бабына, "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 17, 124-баптарына, "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысына, "Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік басқару базалық құрылымын бекіту туралы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 маусымдағы № 608 қаулысына, "Алматы облысының басқару схемасын бекіту туралы" Алматы облыстық мәслихатының 2026 жылғы 10 наурыздағы № 47-270 шешіміне сәйкес Алматы облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Алматы облысының балалар құқықтарын қорғау басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) құрылсын.
2. Басқарма туралы ереже осы қаулының қосымшасына сәйкес бекітілсін.
3. "Алматы облысы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде Басқарманы аумақтық уәкілетті органдарда мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Алматы облысы әкімі аппаратының басшысына жүктелсін.
5. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Облыс әкімі | М. Сұлтанғазиев |
| Алматы облысы әкімдігінің 2026 жылғы 11 наурыздағы № 61 қаулысына қосымша |
"Алматы облысының балалар құқықтарын қорғау басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы
ЕРЕЖЕ
1-тарау. Жалпы ережелер
1. "Алматы облысының балалар құқықтарын қорғау басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) қоғамда адамгершілік басымдықтар мен рухани бағдарларды қалыптастыру, Алматы облысының аумағында балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша үйлестірудің тиімді жүйесін құру салаларында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
2. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Басқарма мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады.
4. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
5. Басқарманың, егер оған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарабы болуға құқығы бар.
6. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен рәсімделетін шешімдер қабылдайды.
7. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.
8. Басқарманың орналасқан жері: индексі 040800, Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, 4 шағын ауданы, 62/2
9. Мемлекеттік органның толық атауы – "Алматы облысының балалар құқықтарын қорғау басқармасы" мемлекеттік мекемесі.
10. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
11. Басқарманың қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
12. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен облыс әкімі аппаратының өкілеттігі болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер заңнамалық актілермен Басқармаға кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кірістер, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке бағытталады.
2-тарау. Мемлекеттік органның мақсаттары мен міндеттері
13. Мақсаттары:
1) балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
2) балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету, оларды кемсітуге жол бермеу;
3) балалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің негізгі кепілдіктерін нығайту, сондай-ақ бұзушылық жағдайларында олардың құқықтарын қалпына келтіру.
14. Өкілеттіктері:
1) құқықтары:
1.1. меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды адамдарынан заңнамада белгіленген тәртіппен қажетті ақпарат пен материалдарды сұрату және алу;
1.2. Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қолданыстағы заңнаманы қолдану бойынша түсініктемелер беру;
1.3. Басқарма құзыретіне жатқызылған қызмет саласындағы халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысу;
1.4. Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен, сондай-ақ тиісті мемлекеттік органдардың бірлескен актілері негізінде олармен келісім бойынша басқа мемлекеттік органдармен, халықаралық ұйымдармен, сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушылармен өзара іс-қимыл жасау;
1.5. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Басқарманың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында сотқа жүгіну, талап қою;
1.6. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында құзырлы органдарға жүгіну;
1.7. өз құзыреті шегінде консультативтік-кеңестік және сараптамалық комиссиялар құру;
1.8. Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кеңестер, семинарлар, конференциялар, дөңгелек үстелдер және өзге де іс-шаралар өткізу.
2) міндеттері:
2.1. Басқарма қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі мен мемлекеттік қызмет саласындағы уәкілетті орган ұйымдастырған біліктілікті арттыру және қайта даярлау курстарына қатысуын қамтамасыз ету;
2.2. қызметкерлерді көтермелеуге, тәртіптік жаза қолдануға және алып тастауға ұсыныс жіберу;
2.3. Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін, арыздары мен шағымдарын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қарау;
2.4. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде алынған коммерциялық, қызметтік, заңмен қорғалатын өзге де құпияны қарайтын ақпаратты жария етпеу;
2.5. мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің қолжетімділігін хабардар болуын қамтамасыз ету;
2.6. отбасы және балалар саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарының қолжетімділігін қамтамасыз ету;
2.7. отбасы және балалар саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың оларды көрсету тәртібі туралы хабардар болуын қамтамасыз ету;
2.8. отбасы және балалар саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы уәкілетті органдарға тиісті ақпарат пен есептілікті ұсыну;
2.9. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру.
15. Функциялары:
1) қоғамда адамгершілік басымдықтары мен рухани құндылықтарды қалыптастыруда, балалардың құқықтарын қорғауда, сондай-ақ өмірдің қиын жағдайына тап болған балаларға көмек көрсету мәселелері бойынша әртүрлі мемлекеттік, қоғамдық және халықаралық ұйымдардың қызметінде ведомствоаралық ынтымақтастық пен іс-қимылдарды үйлестіруді қамтамасыз ету;
2) балалардың құқықтарын қорғау саласында азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының, сондай-ақ балалардың өмір сүру сапасына қатысты құқықтық және әлеуметтік кепілдіктердің сақталуын қамтамасыз ету;
3) Алматы облысының әкіміне өңірдегі балалардың жағдайы туралы жыл сайынғы баяндама дайындау;
4) өз құзыреті шегінде балалардың құқықтарын қорғау саласының әртүрлі аспектілеріне зерттеулер жүргізу;
5) әлеуметтік жетімдікке, балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен қанаудың алдын алу жөніндегі шаралар кешенін іске асыру;
6) өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды Білім басқармасына жүгінген немесе оның тарапынан анықталған жағдайда тіркеу және есепке алу; оларға көмек көрсету және заңды құқықтарын іске асыру мен өмір сүру сапасын жақсарту үшін жағдайлар жасауға жәрдемдесу;
7) "Балалардың әл-ауқатының индексі" жыл сайынғы мониторингін жүзеге асыру;
8) балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, сондай-ақ қоғамда адамгершілік басымдықтары мен рухани бағдарларды қалыптастыру бойынша ақпараттық-түсіндіру және ағартушылық қызмет;
9) балалардың құқықтарын қорғау саласында жергілікті атқарушы органдарға әдістемелік басшылықты жүзеге асыру, сондай-ақ балалардың құқықтарын қорғау саласында мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыратын үкіметтік емес ұйымдарға ақпараттық-консультациялық, әдістемелік қолдау көрсету;
10) облыстың, аудандардың/қалалардың кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялардың отырыстарына қатысу;
11) әлеуметтік жетімдіктің, аутодеструктивті мінез-құлықтың, балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен қатыгез қарым-қатынастың, бала еңбегінің ең нашар түрлерінің алдын-алу және жолын кесу бойынша аудандық/қалалық білім бөлімдерінің қызметін үйлестіруді жүзеге асыру; қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларға көмек көрсету, олардың өмір сүру сапасын жақсартуға жағдай жасауға ықпал ету, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың тәрбиеленушілерін отбасына орналастыруды ілгерілету;
12) балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен буллингке қарсы ұлттық ақпараттық науқан жүргізу;
13) психологиялық дағдарыс жағдайында жүрген балалар мен олардың отбасыларына шұғыл психологиялық көмек көрсету жүйесін ұйымдастыру;
14) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерінде (арыздарында, шағымдарында), сұрау салуларында, ұсыныстарында, пікірлерінде және хабарламаларында көтерілетін жүйелік мәселелерді талдау, мониторинг жүргізу және анықтау;
15) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген және оларға қайшы келмейтін балалардың құқықтарын қорғау саласындағы жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде өзге де функцияларды жүзеге асыру;
16) Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен, Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен, сондай-ақ олардың өңірдегі өкілдерімен, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетімен, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің аумақтық органдарымен үкіметтік емес ұйымдарымен және балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелері бойынша өзара іс-қимылды жүзеге асыру.
3-тарау. Мемлекеттік орган басшысының мәртебесі, өкілеттіктері
16. Басқармаға басшылықты Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын басшы жүзеге асырады.
17. Басқарма басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.
18. Басшының өкілеттіктері:
1) Басқарманың құрылымы мен штат кестесін бекітеді;
2) өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша құқықтық актілер шығарады, Басқарманың барлық қызметкерлері үшін міндетті болып табылатын сұрақтар бойынша нұсқау береді;
3) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Басқарманың атынан өкілдік етеді;
4) сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге және мемлекеттік қызмет туралы заңнама талаптарын сақтауға бағытталған шараларды қабылдау бойынша жалпы басшылықты жүзеге асырады, қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын сақтауын қамтамасыз етеді;
5) Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің, сондай-ақ атқарушылық және еңбек тәртібінің сақталуына бақылау жүргізеді;
6) өз қызметкерлерінің, құрылымдық бөлімшелер басшыларының және Басқарма қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;
7) Қазақстан Республикасының Президентінің заңдары мен актілеріне сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Басқарма басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.
4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі
19. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
Басқарманың мүлкі оған мемлекет берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
20. Басқармаға бекітілген мүлік облыстық коммуналдық меншікке жатады.
21. Егер заңнамада өзгеше белгіленбесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және оған қаржыландыру жоспары бойынша бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті дербес иеліктен шығаруға немесе оған өзге тәсілмен билік етуге құқылы емес.
5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату
22. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
