Көкшетау қалалық мәслихатының 2023 жылғы 24 қарашадағы № С-8/8 "Көкшетау қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Ақмола облысы Көкшетау қалалық мәслихатының 2026 жылғы 15 сәуірдегі № С-33/2 шешімі

      Көкшетау қаласының мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. "Көкшетау қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" Көкшетау қалалық мәслихатының 2023 жылғы 24 қарашадағы № С-8/8 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8654-03 болып тіркелген) шешіміне келесі өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген шешімнің 1-қосымшасында:

      10-тармақтың 4) тармақшасы жаңа редакцияда жазылсын:

      "4) 9 мамыр - Жеңiс күнiне:

      жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге 25 ( жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының (бұдан әрі – КСР Одағы) ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;";

      11-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "11. Әлеуметтік көмек өтініш бойынша толық мемлекеттік қамтамасыз етудегі адамдарды қоспағанда, мұқтаж азаматтардың келесі санаттарына көрсетіледі:

      1) кірістерді есепке алмағанда:

      денсаулық сақтау ұйымдарында есепте тұрған әлеуметтік маңызы бар аурулары (адамның иммунитет тапшылығы вирусы (АИВ) тудыратын ауру, туберкулез, қатерлі ісіктер) бар адамдарға (отбасыларға) аурулардың бір түрі бойынша жылына 1 рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      амбулаториялық емдеудегі белсенді нысандағы туберкулез ауруы бар адамдарға ай сайын 6 айдан артық емес 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      диспансерлік есепте тұрған адамның иммунитет тапшылығы вирусы (АИВ) тудыратын ауруды жұқтырған балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне ай сайын 2 (екі) ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде;

      бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға өтініш бойынша бір рет, босатылған күннен бастап үш айдан кешіктірмей 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Қазақстан Республикасының колледждерінде күндізгі нысан бойынша ақылы негізде оқитын мүгедектігі бар адамдарға, жетімдерге және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға өтініш бойынша оқу орнынан анықтама негізінде жылына 1 рет оқу құнының 100 (жүз) пайызы мөлшерінде;

      "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4, 5, 6 және 7-баптарында көрсетілген адамдарға, "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен белгіленген тәртіпте ақталған, Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін қуғын-сүргіндерге ұшыраған адамдарға, осы оқиғаларда қасақана кісі өлтіргені және милиция қызметкерінің, халық жасақшысының өміріне қастандық жасағаны үшін сотталған, өздеріне қатысты қылмыстық істерді қайта қараудың қолданылып жүрген тәртібі сақталатын адамдарды қоспағанда және де Қағидалардың 11-тармағының 1) тармақшасының он бірінші абзацында көрсетілген адамдарды және абилитация мен оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес санаторийлік-курорттық емделуге қызметтері әзірленген мүгедектігі бар адамдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасы шегінде санаторийлік-курорттық емделуге жолдаманың құнын өтеуге төлем туралы құжаттар негізінде жылына 1 рет 60 (алпыс) айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде;

      Жасына байланысты зейнеткерлерге Қазақстан Республикасы шегінде санаторийлік-курорттық емделуге жолдаманың құнын өтеуге төлем туралы құжаттар негізінде екі жылда 1 рет 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде.

      11-тармақтың 1) тармақшасының он бірінші абзацы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап туындайтын құқықтық қатынастарға таралады.

      2) ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен, жан басына шаққандағы орташа табысты ескере отырып, жылына 1 рет:

      пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      адамдарға (отбасыларға) 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.".

      2. "Көкшетау қаласының мәслихат аппараты" мемлекеттік мекемесі заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы шешімді "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі" мемлекеттік мекемесіне мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы шешімді алғашқы ресми жарияланғаннан кейін "Көкшетау қаласының мәслихат аппараты" мемлекеттік мекемесінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Көкшетау қаласы мәслихатының төрағасы Д. Әкімов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады