БҰЙЫРАМЫН:
1. "Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде қаржылық және шаруашылық қызметті ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 29 шілдедегі № 399 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15598 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде қаржылық және шаруашылық қызметті ұйымдастыру қағидаларында:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Әскери басқару органы (бұдан әрі – ӘБО), ҚР ҚК республикалық мемлекеттік мекемелері (бұдан әрі – РММ) қаржылық және шаруашылық қызметін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларын, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жалпыәскери жарғыларын, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның және Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрықтарын, сондай-ақ өзге де нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алады.";
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"4. Әскердi қаржылық қамтамасыз ету мынадай элементтердi қамтиды: бюджеттiк жоспарлау және қаржыландыру, қаражатты орынды жұмсау, оны есепке алу, есептілік және пайдаланылуын тексеру.";
24-тармақтың 9) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"9) жолданымдарды қараудың немесе қолданыcтағы заңнамаға қайшы келетiн шешiмдер шығарудың белгiленген мерзiмiн бұзған жағдайда гарнизонның әскери қызметшілеріне және олардың отбасы мүшелеріне, азаматтық персоналына, азаматтарға жеке мәселелері бойынша консультация беру және қабылдау жұмысын жүргізеді.";
48-тармақтың 6) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"6) ағымдағы жылғы 1 наурызға дейін ЖСД ӘБО-ның жиынтық бюджеттік сұранымы бюджет жөніндегі комиссия хаттамасының көшірмесімен бірге ЭҚД-ға жіберіледі.
ЖСД ӘБО-ның жиынтық бюджеттік сұранымы екі данада жасалады, оған ЖСД ӘБО қаржы бөлімшесінің бастығы, ЖСД ӘБО басшысы қолтаңба қояды, ЖСД ӘБО елтаңбалы мөрімен куәландырылады. Бір данасы ЭҚД-ға жіберіледі, ал екіншісі белгіленген тәртіппен ЖСД ӘБО іс жүргізуінде жеке іске тігіледі.
Бұл ретте ЭҚД-ға жіберілетін данада негіздейтін құжаттардың және (немесе) баға ұсыныстарының қосымша екі данасы болуға тиіс.";
54-тармақтың 6) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"6) ағымдағы жылғы 1 наурызға дейін ӘБО-ның жиынтық бюджеттік сұранымы бюджет жөніндегі комиссия хаттамасының көшірмесімен бірге ЭҚД-ға жіберіледі.
ӘБО-ның жиынтық бюджеттік сұранымы екі данада жасалады, оған ӘБО қаржы бөлімшесінің бастығы, ӘБО басшысы қолтаңба қояды, ӘБО-ның елтаңбалы мөрімен куәландырылады. Бір данасы ЭҚД-ға жіберіледі, ал екіншісі белгіленген тәртіппен Құжаттаманы басқару қағидалары 170-тармағының талаптарына сәйкес ӘБО іс жүргізуінде жеке іске тігіледі.
Бұл ретте ЭҚД-ға жіберілетін данада негіздейтін құжаттардың және (немесе) баға ұсыныстарының қосымша екі данасы болуға тиіс.";
113-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"113. Төленбейтін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрілік заттарды, медициналық бұйымды және арнайы емдік өнімді сатып алуға шығысты жоспарлауды медициналық бөлімше бастығы жүзеге асырады.
Медициналық бөлімше бастығы шығысты жоспарлау кезінде жоспарлы кезеңге төленбейтін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрілік заттардың, медициналық бұйымның және арнайы емдік өнімнің қажетті тізбесі мен санын айқындайды. Төленбейтін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрілік заттардың, медициналық бұйымның және арнайы емдік өнім тізбесі айқындалғаннан кейін осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша тауарға, жұмыс пен көрсетілетін қызметке қажеттілік есебі (талдау) жүргізіледі.";
139-тармақтың 3) тармақшасы алып тасталсын;
185-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Қол қоюға құқығы бар лауазымды адамдардың ЭЦҚ-сы үшінші тұлғаларға бермей, лауазымды адамдардың өзінде сақталады.";
190-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"1) жұмыскер РММ басшысына қызметтік іссапарға кетуге баянат береді, ол қызметтік іссапардың мақсатқа сәйкестігі тұрғысынан тікелей бастықпен келісіледі. Баянат Іссапар жоспарын жасауға және орындауға жауапты құрылымдық бөлімшенің бастығымен келісіледі. Ол "Іссапар жоспарының № __ тармағына сәйкес келеді" деген белгі қояды және күндер санын, іссапарға жіберілген жерді, төленбейтін тұрғын үймен қамтамасыз етілу жағдайын көрсетеді. Кейін қаржы бөлімшесінің бастығы жоспарланған қаражатты көрсетіп, баянатты келіседі. Жұмыскерлер тобы қызметтік іссапарға кеткен жағдайда баянатты топ құрамын көрсетіп, тек топ басшысы жазады;";
196-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Бұл ретте жұмыскердің баянаты Іссапар жоспарын жасауды және орындауды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшенің бастығымен бірлесіп, Іссапар жоспарының іс-шараларын қайта бөлу, күн саны, іссапарға жіберу орны және төленбейтін тұрғын үймен қамтамасыз етілу, сондай-ақ қаржы бөлімшесінің бастығымен қаражаттың үнемделуі мәніне келісіледі.";
200-тармақтың 2) және 3) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
"2) Қазақстан Республикасының шегінде өз мүлкін жеткізгені үшін мемлекет есебінен өтемақы;
3) келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерге, қатардағы жауынгер және сержант құрамына Қазақстан Республикасының жоғары білім беру ұйымында бакалавриат білім беру бағдарламасы бойынша оқуға жұмсалған шығынды өтеу;";
203-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"203. Қолма-қол ақшамен есеп айырысуды жүзеге асыруға ЭҚД-мен келісу бойынша жол беріледі, ол үшiн РММ-да касса жабдықталады.
Касса – бұл қолма-қол ақшаның сақталуын қамтамасыз ету үшін техникалық талаптарға сәйкес арнайы жабдықталған (өрт-күзет дабылдамасы, металл есіктер, терезе торлары) және қолма-қол ақшаны қабылдауға, беруге және уақытша сақтауға арналған оқшауланған үй-жай.
РММ басшысы қолма-қол ақшаны сақтау және жеткізу кезiнде олардың сақталуын қамтамасыз ететiн қажеттi жағдайларды жасайды.
Оларды жеткізу кезінде ақша қаражатының сақталуы осы Қағидаларға 32-1-қосымшаға сәйкес ақшаны жеткiзу кезінде кассирдi (қаржы бөлiмшесiнiң бастығын) күзету тәртiбiне сәйкес жүзеге асырылады.
Қолма-қол ақшаны жеткізу осы Қағидаларға 32-2-қосымшаға сәйкес қолма-қол ақшаны жеткізу тәртібіне сәйкес жүзеге асырылады.
Кассаның жұмысына қатысы жоқ адамдарға касса үй-жайына кiруге жол берілмейді.";
204-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"204. Қолма-қол ақшаны, чек кiтапшаларын, қатаң есептiлiк бланкiлерiн есепке алу жөнiндегi кiрiс-шығыс кiтаптары және касса кiтабы мемлекеттiк мекемеде сейфтерде немесе отқа жанбайтын металл шкафтарда сақталады, олар касса жұмысы аяқталғаннан кейiн кiлтпен жабылады және кассир сүргiш мөрмен мөрлейдi.
Сейфтер мен металл шкафтардың кiлттерi, сондай-ақ мөрлер кассирде сақталады. Кассир оларды келiсiлген орындарда қалдырмайды, бөгде адамдарға бермейдi, есепке алынбаған телнұсқаларын жасамайды.
Мөрленген пакеттердегi, қобдишалардағы және басқа да орамдардағы кiлттердiң есепке алынған телнұсқалары РММ басшысында сақталады, Тоқсанына бiр реттен сирек емес оларды комиссиялық тексеру жүргiзiледi. Кiлттiң жоғалғаны анықталған кезде РММ басшысы болған оқиға туралы iшкi iстер органдарына хабарлайды және металл шкафтың құлпын дереу ауыстыруға шаралар қабылдайды.
Кассада осы мемлекеттiк мекемеге тиесiлi емес қолма-қол ақшаны және басқа да құндылықтарды сақтауға жол берiлмейдi.
Касса үй-жайы мен металл шкафтарды ашар алдында кассир құлыптардың, есіктердің, терезе торларының, есіктердегі мөрлердің сақталуын, күзет дабылдамасының ақаусыздығын тексереді.
Мөр бүлiнген немесе алынған, құлыптар, есiктер мен торлар сынған жағдайда кассир бұл туралы дереу мемлекеттiк мекеменiң басшысына баяндайды, ол болған оқиға туралы iшкi iстер органдарына хабарлайды және iшкi iстер органдарының қызметкерлерi келгенге дейiн кассаны күзетуге шаралар қабылдайды.";
205-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"205. Кассир өзi қабылдаған барлық құндылықтың сақталуына толық материалдық жауапкершiлiкте болады.
Касса құжаттарына қол қою құқығы жүктелген лауазымды адамдар кассирдiң мiндеттерiн атқаруға жіберілмейді.
Кассир болмаған кезеңде РММ басшысының жазбаша өкiмi бойынша кассирдiң мiндеттерiн толық материалдық жауапкершiлiк туралы онымен шарт жасаса отырып, РММ-ның басқа жұмыскерлерi атқара алады.
Кассир кенеттен жұмыста болмай қалған жағдайда (сырқаттанып қалуы және басқа себептермен) оның есебiндегi қолма-қол ақшаны РММ басшысының бұйрығымен тағайындалған адам ЖТК-ның қатысуымен дереу қайта санайды. Құндылықтарды қайта санау және беру нәтижесi туралы ЖТК мүшелерінің қолтаңбасын қоюмен акт жасалады.";
206-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"206. Әрбір айдың соңғы жұмыс күні кассир бухгалтерлік құжаттама нысанына 73-қосымшаға сәйкес № 381 "Кассалық операция бойынша жинақтау ведомосы" нысаны бойынша 1-мемориалдық ордерін жасайды және тігеді және қаржы бөлімшесінің бастығына тексеруге ұсынады.
Қаржы бөлімшесінің бастығы 2 жұмыс күні ішінде қоса берілген құжатымен бірге ұсынылған ордерді Бухгалтерлік құжаттама нысанына 67-қосымшаға сәйкес № КО-1 нысаны бойынша кассалық кіріс ордерінің, Бухгалтерлік құжаттама нысанына 68-қосымшаға сәйкес № КО-2 нысаны бойынша кассалық шығыс ордерінің болуын және толтырылу сапасын, сондай-ақ Бухгалтерлік құжаттама нысанына 69-қосымшаға сәйкес № КО-3а нысаны бойынша кіріс және шығыс кассалық құжатын тіркеу журналымен және Бухгалтерлік құжаттама нысанына 70-қосымшаға сәйкес № КО-4 нысаны бойынша кассалық кітаппен бірдей болуын тексереді.";
207-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"207. ЖТК кассада құндылықтардың жетiспеуiн немесе артық шығуын анықтаған кезде актiде жетiспеушiлiк немесе артық шығу сомасы және олардың пайда болу жағдайлары көрсетiледi.
Касса тәртiбiн сақтауды РММ басшысы, қаржы бөлiмшесiнiң бастығы және кассир жүзеге асырады.";
мынадай мазмұндағы 208-1-тармақпен толықтырылсын:
"208-1. Кассалық операцияларды есепке алу, қолма-қол ақшаны қабылдау және беру Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 12 мамырдағы № 223 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есеп жүргізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.";
мынадай мазмұндағы 208-2-тармақпен толықтырылсын:
"208-2. Бюджет қаражаты қолданыстағы заңдардың, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрi бұйрықтарының талаптарына және бекiтiлген жоспарлау құжаттарына сәйкес тiкелей мақсаты бойынша жұмсалуға тиiс.
Шығыс ақша құжаттарын ақша құжаттарын бекiту (қол қою) құқығы бар РММ-ның тиiстi лауазымды адамдары бекiтедi (қол қояды).
Ақтау құжаттарына қол қою кезінде мыналар тексеріледі:
1) жасалатын операцияның заңдылығы;
2) жасалатын операциялардың тиісті көздер есебінен ақшалай қаражатпен қамтамасыз етілуі;
3) құжаттың барлық деректерінің (деректемелерінің) дұрыс толтырылуы;
4) есеп айырысулар мен жиынтық сомалардың дұрыстығы;
5) құжаттарды ресімдеуге негіз болған құжатта заңды лауазымды адамдардың қолтаңбасының болуы.
Барлық ақша құжаты мұқият тексерiледi және содан кейiн қаржы бөлiмшесiнiң бастығы қол қояды.";
мынадай мазмұндағы 208-3-тармақпен толықтырылсын:
"208-3. РММ есеп айырысулары өз мiндеттемелерi бойынша қолма-қол ақшасыз тәртiппен жүргiзiледi.
Қолма-қол ақшаны пайдалана отырып, бір ай ішінде жиынтық мәнде 50 еселенген АЕК-тен аспайтын мөлшерде есеп айырысуды жүзеге асыруға жол беріледі.
Қолма-қол ақшаны алуға шектеу:
1) шетелдік іссапар шығыстарына;
2) өкілдік шығындарға;
3) барлау, қарсы барлау, жедел-іздестіру қызметінің шығындарына қойылмайды.
РММ-ның лимитiнен жоғары бюджеттiк шоттардан қолма-қол ақшаны пайдалануға Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрiнің экономика және қаржы жөнiндегi орынбасарының жазбаша рұқсаты бойынша жол берiледi.";
мынадай мазмұндағы 208-4-тармақпен толықтырылсын:
"208-4. Қолма-қол ақшаны қабылдау және жұмсау жоспарланған іс-шаралар бойынша қатаң жүзеге асырылады.
Қолма-қол ақшаға қажеттілікті 50 еселенген АЕК-тен тыс айқындау үшін ай сайын 10-ы күніне дейін ЭҚД-мен және ҚР ҚМ мүдделі құрылымдық бөлімшелерімен келісілген Қолма-қол ақшаны қабылдау және жұмсау жоспары бекітіледі.";
мынадай мазмұндағы 208-5-тармақпен толықтырылсын:
"208-5. РММ барлау, қарсы барлау, жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыруға көзделген қаражатты қоспағанда, чек бойынша да, сол сияқты банктің корпоративтік төлем карточкасын қолдану жолымен де алынған қолма-қол ақшаны қызмет көрсететін банктен ақша алған күнді қоспағанда, 3 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде кассада сақтайды.
Барлау, жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыруға көзделген қаражатты қоспағанда, кассаға қабылданған қолма-қол ақша оны қабылдаған күннен бастап 3 жұмыс күнiнен кешiктiрiлмей қолма-қол ақшаның тиiстi бақылау шоттарына есепке алу үшiн банкке тапсырылады.
Ақшаны қолма-қол ақшаның тиiстi бақылау шоттарына алдын ала тапсырмай пайдалануға жол берiлмейдi.
Есепті жылдың 31 желтоқсанына мемлекеттік мекеменің кассасындағы қолма-қол ақшаның қалдығы банкке тапсырылады.";
261-тармақтың 7-тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"7) төленбейтін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дербес сатып алуды қоса алғанда, алдыңғы қаржы жылында дәрілік заттар мен медициналық бұйымның әрбір атауы бойынша нақты тұтыну;";
285-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"285. Материалдық жауапты адам сенімхаттың пайдаланылғанын растайтын құжатты ұсынбағанда не пайдаланылмаған сенімхатты белгіленген мерзімде қайтармағанда қаржы бөлімшесінің бастығы бұл туралы қызметтік тергеп-тексеруді тағайындайтын РММ басшысына қағазнда немесе электрондық құжат нысанында баяндайды.";
288-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Бұл ретте бір мезгілде тиісті бөлімшенің бастығы қағазда немесе электрондық құжат нысанында РММ басшысына келіп түскен мүлікті қабылдауды жүзеге асыру қажеттігі туралы баяндайды.";
316-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Негізгі құралдар мен материалдық емес активті комиссия арқылы беруді ұйымдастыру үшін тиісті бөлімше бастығы РММ басшысына комиссия арқылы беруді жүзеге асыру қажеттілігі туралы қағазда немесе электрондық құжат нысанында баяндайды.";
376-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Бұл ретте тиісті бөлімше бастығы бір мезгілде әскери мүлікті жөндеуге беруді ресімдеу қажеттілігі туралы РММ басшысына қағазда немесе электрондық құжат нысанында баяндайды.";
413-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"413. Әскери мүліктің бар-жоғы және қозғалысы туралы есеп беру нәтижесі бойынша қаржы бөлімшесінің бастығы РММ басшысына есепті кезеңнің жабылу нәтижесі туралы қағазда немесе электрондық құжат нысанында баяндайды.";
414-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"414. РММ басшысы қаржы бөлімшесі бастығының баянаты негізінде есепті айдан кейінгі әрбір айдың 25-і күніне дейін есепті кезеңнің жабылу нәтижесі туралы жоғарғы ӘБО-ға қағазда немесе электрондық құжат нысанында баяндайды.";
475-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"475. Түгендеу аяқталғаннан кейін РММ басшысы түгендеу нәтижесінің ведомосын қоса беріп, түгендеудің аяқталғаны туралы жоғарғы ӘБО-ға қағазда немесе электрондық құжат нысанында баяндайды.";
реттік нөмірі 24-жол мынадай редакцияда жазылсын:
"
24 | жоғарғы | медицина | Төленбейтін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесіне кірмеген азаматтық медициналық мекемедегі медициналық көрсетілетін қызмет |
";
осы бұйрыққа 27 және 28-қосымшаларға сәйкес 32-1 және 32-2-қосымшалармен толықтырылсын;
2. "Өткізуден түскен ақша өз билігінде қалатын, кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілген Қарулы Күштер мемлекеттік мекемелерінің тауарына (жұмысына, көрсетілетін қызметіне) тарифті (бағаны) бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2025 жылғы 11 маусымдағы № 683 бұйрығына мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Өткізуден түскен ақша өз билігінде қалатын, кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілген Қарулы Күштер мемлекеттік мекемелерінің тауарына (жұмысына, көрсетілетін қызметіне) тарифте (бағада):
1-қосымша осы бұйрыққа 29-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
3. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Экономика және қаржы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2023 жылғы 11 шілдедегі № 472 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімін, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерiнiң эталондық бақылау банкiн жүргiзу қағидалары 10-тармағының талаптарына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33059 болып тіркелген) қол қойылған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде электрондық түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларының орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жіберуді қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
5. Осы бұйрық мүдделі лауазымды адамдарға және құрылымдық бөлімшелерге жеткізілсін.
6. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты |
Д. Қосанов |
Ақшаны жеткiзу кезінде кассирдi (қаржы бөлiмшесiнiң бастығын) күзету тәртiбi
Кассирмен (қаржы бөлiмшесiнiң бастығымен) бірге жүру үшiн қарулы күзет бөлiнедi. РММ-да қарауыл болмаған жағдайда қарулы күзетті қаржы бөлiмшесi бастығының өтiнiмi бойынша әскери полиция органы бөледi.
Қаржы бөлiмшесi бастығының қатысуымен штаб бастығы қарулы күзетке нұсқау бередi.
Қарулы күзет:
1) белгіленген уақытта қаржы бөлімшесі бастығының қарамағына келуге;
2) кассирмен (қаржы бөлiмшесiнiң бастығымен) бірге жүруге, оның жанында тұруға;
3) банк ғимаратынан ақшаны алып шыққан кезде және автомобильге қарай жүрген кезде тұрып ату үшін дайын қалыпта қарумен оның оң жағынан артта 2-3 қадам жерде қозғалуға;
4) кассирге (қаржы бөлімшесінің бастығына) күдікті адамдар жақындаған жағдайда оларды тоқтатуға;
5) қаруды кассирге (қаржы бөлiмшесiнiң бастығына) немесе қарауылға анық шабуыл жасалған жағдайда ғана қолдануға;
6) автомобильге отырғызу кезінде кассир (қаржы бөлімшесінің бастығы) машинаға (кассир артқы орындыққа, қарулы күзет – жүргізушінің жанына) отырғанға дейін автомобильдің алдында 2-3 қадам жерде тұруға;
7) автомобильмен жүріп келе жатқан кезде қырағылықты әлсіретпеуге және шабуылға тойтарыс беруге дайын болуға;
8) бөлімге келгеннен кейін кассирмен (қаржы бөлімшесінің бастығымен) қаржы бөлімшесінің үй-жайына дейін бірге жүруге және онымен ақшаны сейфке салғанға дейін қалуға;
9) қаржы бөлiмшесi бастығының рұқсатымен бөлiмшеге кетуге;
10) бөлімшеге келгеннен кейін өзінің командиріне және штаб бастығына баяндауға міндетті.
Кассирмен (қаржы бөлiмшесiнiң бастығымен) бірге жүру үшiн бөлiнетiн қарулы күзетке орындалатын тапсырма және оны орындау тәртiбi туралы мәлiметтердi жария етуге тыйым салынады.
________ әскери бөлімі штабының бастығы (РММ бастығының орынбасары) __________________________________ (әскери атағы, қолы, тегі және инициалы)
Тәртіппен таныстым (қарулы күзет)
__________________________________
(әскери атағы, қолы, тегі және инициалы)
Қолма-қол ақшаны жеткізу тәртібі
Ақшаны жеткізу үшiн оның қарсаңында қаржы бөлiмшесi бастығының автомобиль қызметi бастығына (орталықтандырылған бухгалтерия үшін автомобиль техникасымен қамтамасыз ететін РММ автомобиль қызметінің бастығына) берген өтiнiмi бойынша автомобиль бөлiнедi.
Жүргізуші:
1) әскери бөлім кассирінің (қаржы қызметінің бастығының) жеке басын білуге;
2) өтiнiмде көрсетiлген уақытта оған келуге;
3) бағыт бойынша банкке (банктен) жол жүруге:
____________________________________________________________________
____________________________________________________________________
(бару мен қайтудың нақты бағытын көрсету)
4) кассирді (қаржы қызметінің бастығын) автомобильде, ғимараттың банк кіреберісінде күтуге. Ешкіммен сөйлеспеуге және автомашина жанына бөгде адамдардың жиналуына жол бермеуге;
5) жолда жүру кезінде белгілі бір бағыттан ауытқымауға, аялдамауға, бөгде жолаушыларды алмауға;
6) бөлімге келгеннен кейін парк бойынша кезекшіге баяндауға міндетті.
________ әскери бөлімі штабының бастығы (РММ бастығының орынбасары) ___________________________________ (әскери атағы, қолы, тегі және инициалы)
Тәртіппен таныстым, жүргізуші
_____________________________
(әскери атағы, қолы, тегі және инициалы)
| Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2026 жылғы 25 маусымдағы № 690 бұйрығына 29-қосымша Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2025 жылғы "11" маусымдағы № 683 бұйрығына 1-қосымша |
