Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының жүйесіндегі тұрғын үй комиссиялары қызметінің қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2025 жылғы 29 тамыздағы № 110 бұйрығы

      "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 77-бабының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының жүйесіндегі тұрғын үй комиссиялары қызметінің қағидалары бекітілсін.

      2. Күші жойылды деп танылсын:

      1) "Қазақстан Республикасы әскери прокуратура органдарының тұрғын үй комиссиясының қызметі қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2017 жылғы 25 тамыздағы № 89 бұйрығы (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылы 26 қыркүйекте № 15754 болып тіркелген);

      2) "Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының прокуратура органдарында әскери қызмет өткеру мәселелері бойынша кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2019 жылғы 21 маусымдағы № 55 бұйрығының 1-тармағының 2) тармақшасы (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 27 маусымда № 18910 болып тіркелген).

      3. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Кадрлық жұмыс департаменті Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық көшірмесін ресми жариялау және Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрық Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерінің, прокуратураның ведомстволары, мекемелері мен білім беру ұйымының басшыларына, бас әскери және бас көлік прокурорларына, облыстардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорларға, өңірлер мен гарнизондардың әскери прокурорларына, аудандық көлік прокурорларына, аудандық және оларға теңестірілген прокурорларға жіберілсін.

      5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      6. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Бас Прокуроры
Б. Асылов

  Қазақстан Республикасы
Бас Прокурорының
2025 жылғы 29 тамыздағы №110
бұйрығымен бекітілген

Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының жүйесіндегі тұрғын үй комиссиялары қызметінің қағидалары

1- тарау. Жалпы ереже

      1. Осы Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының жүйесіндегі тұрғын үй комиссиялары қызметінің қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының жүйесіндегі тұрғын үй комиссиялары (бұдан әрі - Тұрғын үй комиссиясы) қызметінің тәртібін айқындайды.

      2. Тұрғын үй комиссиялары прокуратура органдары жүйесінің мемлекеттік мекемелері жанынан құрылатын, тұрғын үй мәселелері бойынша шешімдер шығаруға уәкілетті, тұрақты негізде жұмыс істейтін алқалы органдар болып табылады.

      3. Тұрғын үй комиссиясының құрамы мемлекеттік мекеменің бірінші басшысының бұйрығымен бекітіледі.

      4. Тұрғын үй комиссиясы кемінде бес адамнан тұратын тақ саннан құралады.

      5. Тұрғын үй комиссиясының төрағасы мемлекеттік мекеменің бірінші басшысы, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасында – Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры Аппаратының басшысы болып табылады.

      6. Тұрғын үй комиссиясының хатшысы Тұрғын үй комиссиясының мүшесі болып табылмайды және дауыс беруге құқығы жоқ.

      7. Тұрғын үй комиссиясының құрамына:

      кадр қызметінің басшысы;

      ішкі қауіпсіздік бөлімшесінің басшысы (бар болса);

      қаржы бөлімшесінің басшысы;

      Тұрғын үй комиссиясының хатшысы;

      қоғамдық бірлестіктердің өкілдері (бар болса);

      мемлекеттік мекеменің өкілдері кіреді.

      8. Тұрғын үй комиссиясының төрағасы және тұрғын үй комиссиясының барлық мүшелері дауыс беруге құқылы.

      9. Тұрғын үй комиссиясының хатшысы кадр қызметінің прокурорлары және өзге де жұмыскерлері қатарынан тағайындалады.

2-тарау. Тұрғын үй комиссиясының міндеттері мен функциялары

      10. Тұрғын үй комиссиясының негізгі міндеті мемлекеттік мекеменің тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру, тұрғын үйді жекешелендіру не айырбастау, сондай-ақ прокуратура органдары жүйесі кадрларының құрамына тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін есептеу, тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау туралы заңды шешім қабылдау болып табылады.

      11. Тұрғын үй комиссиясының функциялары:

      1) қызметкерлердің, әскери қызметшілердің, прокуратура органдары жүйесінің өзге де қызметкерлерінің не "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңда көзделген жағдайларда, прокуратура органдары жүйесінен шығарылған Қазақстан Республикасы азаматтарының және олардың отбасы мүшелерінің (бұдан әрі – үміткерлер) оларды тұрғын үйге мұқтаж деп тану, мемлекеттік мекеменің тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру, сондай-ақ мемлекеттік мекеменің теңгерімінде тұрған қызметтік тұрғын үйді жекешелендіру не айырбастау туралы берген баянаттарын (арыздарын) қарау;

      2) қызметкерлердің және әскери қызметшілердің тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін есептеу, тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау туралы баянаттарын (арыздарын) қарау;

      3) прокуратура органдары жүйесінде қызмет өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) тұрғын үй төлемдерін алушылардың отбасы мүшелерінің біржолғы тұрғын үй төлемдерін тағайындау және жүзеге асыру туралы арыздарын қарау;

      4) үміткердің ұсынған құжаттарын тексеру;

      5) үміткерлердің баянаттарын (арыздарын) қанағаттандыру туралы шешім қабылдау не "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген талаптарға сәйкес уәжделген бас тарту шығару;

      6) тұрғын үйді жалдау (қосымша жалдау) шартын жасау және ұзарту мәселесін қарау;

      7) тұрғын үйге мұқтаж үміткерлер кезегінің тізімін жасай отырып, олардың есебін жүргізу;

      8) "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 73-бабында айқындалған жағдайларда тұрғын үйге мұқтаж үміткерлерді есептен шығару туралы шешім қабылдау;

      9) жекешелендіруге жататын тұрғын үйді коммуналдық тұрғын үй қорына ауыстыруды жүзеге асыру;

      10) үміткерлердің істерін (материалдарын) сақтау және жүргізу;

      11) үміткерлерден түсіндірме алу;

      12) мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардан үміткерлер және олардың жылжымайтын мүлкі туралы ақпарат алу;

      13) Қазақстан Республикасының Тұрғын үй заңнамасында белгіленген өзге де мәселелер болып табылады.

3-тарау. Тұрғын үй комиссиясының қызметін ұйымдастыру

      12. Тұрғын үй комиссиясы отырысты қажеттілігіне қарай, бірақ тоқсанына бір реттен кем емес өткізеді. Тұрғын үй комиссиясының отырысы, егер оған Тұрғын үй комиссиясы мүшелерінің кемінде үштен екісі қатысса, заңды деп есептеледі. Тұрғын үй комиссиясының мүшелерін алмастыруға жол берілмейді.

      13. Тұрғын үй комиссиясының хатшысы Тұрғын үй комиссиясы отырысының хаттамасын (бұдан әрі – хаттама) еркін түрде жүргізеді. Тұрғын үй комиссиясының шешімі хаттамада көрсетіледі.

      Хаттамаға Тұрғын үй комиссиясының барлық құрамы қол қояды.

      14. Үміткерлердің баянаттарын (арыздарын) қарау олардың қатысуынсыз жүргізіледі.

      15. Тұрғын үй комиссиясының мүшелері өздерінің ерекше пікірін жазбаша баяндай отырып, оны хаттамаға қоса бере алады, бұл туралы хаттамаға белгі қойылады.

      16. Тұрғын үй комиссиясының шешімдері дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен қабылданады.

4-тарау. Тұрғын үй комиссиясының қызметін тоқтату

      17. Тұрғын үй комиссиясы мемлекеттік мекеме таратылған немесе қайта ұйымдастырылған кезде өз қызметін тоқтатады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады