Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 27-бабына, Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" № 590 қаулысына сәйкес, Түркістан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Түркістан облысының қаржы және мемлекеттік активтер басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже осы қаулының қосымшасына сәйкес бекітілсін.
2. "Түркістан облысының қаржы және мемлекеттік активтер басқармасы" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:
1) жоғарыда көрсетілген Ережені әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін;
2) осы қаулыға қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Түркістан облысы бойынша филиалына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберілуін;
3) осы қаулының ресми жарияланғанынан кейін оның Түркістан облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Түркістан облысы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Облыс әкімі | Н. Көшеров |
| Түркістан облысы әкімдігінің 2025 жылғы " 14 " қазандағы № 211 қаулысына қосымша. |
"Түркістан облысының қаржы және мемлекеттік активтер басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ЕРЕЖЕ (әрі қарай – Ереже) 1 - Тарау. Жалпы ережелер
1. "Түркістан облысының қаржы және мемлекеттік активтер басқармасы" мемлекеттік мекемесі (әрі қарай – Басқарма), облыстық бюджеттің атқарылуын ұйымдастыру және облыстың коммуналдық меншігін басқару салаларында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
2. Басқарманың ведомстволары жоқ.
3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Басқарма ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
6. Егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, Басқарма мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актiлермен ресiмделетiн шешiмдер қабылдайды.
8. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
9. Басқарманың орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Түркістан облысы, Түркістан қаласы, Жаңа қала м/а, 32 көше, 20 ғимарат.
10. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
11. Басқарманың қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
12. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілермен Басқарманың функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер Қазақстан Республиканың Заңнамасында басқаша көзделмесе, Басқармаға заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілген жағдайда, осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.
2 -Тарау. Мемлекеттік органның негізгі мақсаттары мен өкілеттілігі
13. Мақсаттары:
1) облыстық бюджеттің және облыс бюджетінің атқарылуы туралы есепті дайындау және әзірлеу;
2) облыстық коммуналдық меншікті басқару бойынша жұмысты ұйымдастыру.
14. Өкілеттіктері:
1) құқықтары:
өзiне жүктелген мiндеттерi мен функциялары шегiнде шешiмдер қабылдау;
заңнамада белгiленген тәртiппен өз функцияларын жүзеге асыру үшiн мемлекеттiк органдардан, ұйымдар мен жеке және заңды тұлғалардан құжаттарды және ақпаратты сұратып алу, сондай-ақ басқа мемлекеттік органдарға ақпарат ұсыну.
2) міндеттері:
өз құзыретi шегiнде жеке және заңды тұлғалардан келiп түскен мәселелердi қарау;
мемлекеттік активтер мен қаржыны басқару саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
Қазақстан Республикасының заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерін сақтау және орындау.
15. Функциялары:
1) облыстық бюджеттің атқарылуын ұйымдастыру және бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджетті атқару жөніндегі қызметін үйлестіру;
2) мiндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын, жергiлiктi бюджеттер бойынша түсiмдердiң және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын жасау, бекіту және жүргізу;
3) бюджеттік мониторинг жүргізу;
4) өтімділікті басқару;
5) облыстық бюджеттің атқарылуын бюджеттік есепке алуды жүргізу;
6) бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органы белгілеген тәртіпте бюджет есептілігін жасау және ұсыну, облыстық бюджет пен облыс бюджетінің атқарылуы туралы есепті, сондай-ақ шоғырландырылған қаржы есептілігін жасау;
7) облыстың әкімдігіне, ревизиялық комиссиясына, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына, ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органға облыстық бюджеттің атқарылуы туралы есепті ай сайын ұсыну;
8) облыстың жергілікті атқарушы органының борышын өтеу және қызмет көрсету;
9) бюджеттік кредитердің мониторингін жүзеге асыру;
10) жергілікті уәкілетті орган мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелердің мониторингін жүргізу;
11) Түркістан облысы әкімдігінің:
"Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу объектілерінде тұрғын үй және (немесе) пәтер салуды және (немесе) алуды, сатып алуды;
мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын және мемлекеттік жоспарлау жүйесіне кірмейтін өзге де құжаттарды іске асыру шеңберінде сарқынды суларды тазарту құрылысжайларының кешендерін, жылумен, электрмен, сумен жабдықтау және су бұру желілері мен жүйелерін салу және жаңғырту (реконструкциялау, күрделі жөндеу);
мектептерді реновациялауды қаржыландыру үшін мемлекеттік бағалы қағаздар шығаруын жүзеге асыру;
12) жергiлiктi ауқымдағы әлеуметтік, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған, сондай-ақ төтенше жағдайдың құқықтық режимін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар өткізілген жағдайда жергiлiктi атқарушы органның резервiнен ақша бөлу туралы өтініш хаттарды қарау;
13) өз құзыреті шегінде облыстық коммуналдық мүлікті басқару саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және облыс әкімдігіне бекітуге ұсыну;
14) облыстық коммуналдық мүліктің есепке алынуын ұйымдастыру, оның тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету;
15) аудандық коммуналдық мүлікті басқару саласында өздерінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының жұмысын үйлестіру;
16) облыстық коммуналдық мүлікті басқаруды жүзеге асыру, оны қорғау жөнінде шаралар қолдану;
17) облыстық мемлекеттік кәсіпорындардың, мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің даму жоспарларының орындалуын бақылау мен талдауды жүзеге асыру;
18) облыстық коммуналдық мүлікті облыстық коммуналдық заңды тұлғаларға бекіту;
19) облыстық коммуналдық мүлікті, сондай-ақ мүліктік кешен ретінде кәсіпорындарды міндетті түрде жария тыңдаулар өткізе отырып жекешелендіру туралы облыс әкімдігінің қаулысын әзірлеу;
20) облыстық коммуналдық мүлікті, сондай-ақ мүліктік кешен ретінде кәсіпорындарды жекешелендіруді жүзеге асыру, оның ішінде жекешелендіру процесін ұйымдастыру үшін делдалды тарту, жекешелендіру объектісін бағалауды қамтамасыз ету, жекешелендіру объектісінің сатып алу-сату шарттарын дайындау мен жасасуды және сатып алу-сату шарттары талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асыру;
21) облыстық коммуналдық мүліктік жалға беру (жалға алу);
22) коммуналдық мүлікті жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға кейіннен сатып алу құқығынсыз немесе шағын кәсіпкерлік субъектілерінің меншігіне кейіннен өтеусіз негізде беру құқығымен сенімгерлік басқаруға беру туралы облыс әкімдігі қаулысының жобасын дайындау;
23) сенімгерлік басқарушының облыстық коммуналдық мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша міндеттемелерді орындауын бақылауды жүзеге асыру;
24) мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншік түрлерінің бірінен екіншісіне, сондай-ақ жергілікті мемлекеттік басқарудың бір деңгейінен екіншісіне қабылдау және беру;
25) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары негізінде салынған, облыстың коммуналдық меншігіне қабылдауға жататын нысандарды қабылдау бойынша жұмыстарды ұйымдастыру;
26) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптардың, деректерді басқару жөніндегі талаптардың сақталуын қамтамасыз ету;
27) өзіне осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.
3 - Тарау. Мемлекеттік органның бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері
16. Басқарманы басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты.
17. Басқарманың бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.
18. Басқарманың бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.
19. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттігі:
1) қолданыстағы заңнамаға сәйкес Басқарманың және ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың қызметкерлерi үшiн мiндеттi бұйрықтар шығарады;
2) Басқарма қызметкерлерi мен ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың басшыларын тағайындайды және қызметтерiнен босатады;
3) Басқарманың атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
4) сенiм хат бередi;
5) келісімшарттар жасасады;
6) банктік шоттар ашады;
7) заңнамалармен, облыс әкiмi мен әкiмдiгiмен оған жүктелген басқа да функцияларды жүзеге асырады.
Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкiлеттiктерiн қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.
20. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.
4 - Тарау. Мемлекеттік органның мүлкі
21. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
22. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
23. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе Басқарманың өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5 - Тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату
24. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Басқарманың қарамағындағы ұйымдардың тізбесі:
1) "Сарыағаш" Емдеу - оңалту кешені" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
