"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 31, 37-баптарына, "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысына сәйкес, Саран қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Саран қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі" мемлекеттік мекемесінің Ережесі осы қаулыға қосымшаға сәйкес бекітілсін.
2. "Саран қаласының ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімі" мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы" Саран қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 26 сәуірдегі № 28/02 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Саран қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 10 тамыздағы № 51/05 қаулысының күші жойылсын.
3. "Саран қаласының ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімі" мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы" Саран қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 26 сәуірдегі № 28/02 қаулысының күші жойылсын.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Саран қаласы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
Саран қаласының әкімі | Д. Бұлқайыр |
Саран қаласы әкімдігінің 2025 жылғы 19 маусым № 47/08 қаулысына қосымша |
"Саран қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі" мемлекеттік мекемесінің ережесі
1. Жалпы ережелер
1. "Саран қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – мемлекеттік мекеме) Саран қаласының аумағында кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы реттеу салаларында басшылықты және мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
2. Мемлекеттік мекеме өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Мемлекеттік мекеме мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі және мемлекеттік тілде өз атауы бар мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
4. Мемлекеттік мекеме азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
5. Мемлекеттік мекеме егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
6. Мемлекеттік мекеме өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіпте мемлекеттік мекеме басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
7. Мемлекеттік мекеме құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
8. Заңды тұлғаның орналасқан жері: индексі 101200, Қазақстан Республикасы, Қарағанды облысы, Саран қаласы, Жамбыл көшесі, 67 үй.
9. Осы Ереже мемлекеттік мекеменің құрылтай құжаты болып табылады.
10. Мемлекеттік мекеменің қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
11. Мемлекеттік органның толық атауы:
мемлекеттік тілде – "Саран қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі" мемлекеттік мекемесі;
орыс тілінде – Государственное учреждение "Отдел предпринимательства и сельского хозяйства города Сарани".
12. Мемлекеттік мекемеге кәсіпкерлік субъектілерімен мемлекеттік мекеменің өкілеттігі болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер мемлекеттік мекемеге заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кірістер, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.
2. Мемлекеттік органның міндеттері мен өкілеттіктері
13. Міндеттері:
1) кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы салаларын дамытудың басым өңірлік бағдарламаларын әзірлеу, оларды іске асыруға қатысу;
2) қала аумағында кәсіпкерлік қызметті және инвестициялық ахуалды дамыту үшін жағдайлар жасау;
3) аграрлық сектордың ұтымды және тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
4) қолданыстағы заңнамаға, мемлекеттік, салалық (секторалдық), өңірлік бағдарламаларға сәйкес агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін мемлекеттік қолдауды жүзеге асыру және қала тұрғындарының қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізуге жәрдемдесу;
5) қала аумағында мемлекеттік Сауда саясатын жүргізу;
6) қала аумағында туристік қызмет саласында мемлекеттік саясатты іске асыру және үйлестіруді жүзеге асыру;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттер.
14. Өкілеттіктері:
1) құқықтары:
1.1) заңды және жеке тұлғалармен азаматтық-құқықтық қатынастарға түсу, шарттар жасасу, қолданыстағы заңнамаға қайшы келмейтін өзге де қызметті жүзеге асыру;
1.2) мемлекеттік органдардан, мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдардан мемлекеттік мекеменің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша қажетті ақпарат, құжаттар, өзге де материалдар, жеке және заңды тұлғалардан ауызша және жазбаша түсініктемелер алу;
1.3) басқа мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметкерлерін олардың басшыларының келісімімен өзіне жүктелген міндеттер мен функцияларға сәйкес мемлекеттік мекеме өткізетін іс-шараларды жүзеге асыруға тарту туралы ұсыныстармен шығу;
1.4) ақпараттық деректердің барлық түрлерін пайдалану, мемлекеттік мекеменің қарауына жатқызылған мәселелер бойынша барлық меншік нысанындағы мемлекеттік органдармен, ұйымдармен және мемлекеттік емес ұйымдармен қызметтік хат алмасуды жүргізу;
1.5) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыру.
2) міндеттері:
2.1) қолданыстағы заңнаманың талаптарына сәйкес жүктелген функциялардың орындалуын қамтамасыз ету;
2.2) Қазақстан Республикасы Заңдарының, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметі актілерінің, облыс, қала әкімінің шешімдерінің, өкімдері мен тапсырмаларының, облыс, қала әкімдігі қаулыларының орындалуын ұйымдастыру және қамтамасыз ету;
2.3) заңды және жеке тұлғалардың өтініштерін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде қабылдау және қарау;
2.4) өз құзыреті шегінде орындау үшін міндетті нормативтік құқықтық актілер қабылдау;
2.5) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыру.
15. Функциялары:
1) жеке кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік саясатын іске асыру;
2) жеке кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдайлар жасау;
3) қалада мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру және орындау үшін жауапкершілікті қамтамасыз ету және атқару;
4) өңірде шағын және орта кәсіпкерлікті және инновациялық қызметті қолдау инфрақұрылымы объектілерін құруды және дамытуды қамтамасыз ету;
5) Жергілікті атқарушы органның жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерімен, Қазақстан Республикасының Ұлттық Кәсіпкерлер палатасымен және нарықтық инфрақұрылым объектілерімен өзара қарым-қатынастарын дамыту стратегиясын айқындау;
6) сараптамалық кеңестердің қызметін ұйымдастыру;
7) жергілікті деңгейде жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдауды қамтамасыз ету;
8) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес әлеуметтік кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын көрсету;
9) инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және іске асыруға қатысу;
10) қала аумағында туризмді дамыту туралы ақпарат жинауды, талдауды жүзеге асыру және облыстың жергілікті атқарушы органына ұсыну;
11) туристік ақпарат, оның ішінде туристік әлеует, туризм объектілері және туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғалар туралы ақпарат беру;
12) агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін мемлекеттік қолдауды жүзеге асыру;
13) агроөнеркәсіптік кешен саласында жедел ақпарат жинауды жүргізу және оны облыстың жергілікті атқарушы органына беру;
14) тиісті өңірде азық-түлік тауарлары қорларының есебін жүргізу және есептілікті ұсыну;
15) агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласында мемлекеттік техникалық инспекцияны жүзеге асыру;
16) бөлімнің құзыретіне кіретін мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын, қолжетімділігін арттыруды қамтамасыз ету;
17) мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алушылардың мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тәртібі туралы хабардар болуын қамтамасыз ету;
18) мемлекеттік органның қызметінде жобалық басқаруды жүзеге асыру;
19) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асыру.
3. Мемлекеттік орган бірінші басшысының мәртебесі мен өкілеттіктері
16. Мемлекеттік мекемеге басшылықты мемлекеттік мекемеге жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.
17. Мемлекеттік мекеменің бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.
18. Мемлекеттік мекеменің бірінші басшысының өкілеттігі:
1) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауға міндетті және ол үшін дербес жауапты болады;
2) мемлекеттік мекеменің жұмысына жалпы басшылықты жүзеге асырады;
3) мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;
4) қала әкімдігінің бекітуіне мемлекеттік мекеменің Ережесі мен құрылымын, сондай-ақ олардағы өзгерістерді ұсынады;
5) мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;
6) мемлекеттік мекеменің атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
7) мемлекеттік органдарда, өзге де ұйымдарда мемлекеттік мекеменің мүдделерін білдіреді;
8) шарттар жасайды;
9) банктік шоттар ашады;
10) заңнамалық актілерге сәйкес мемлекеттік мекеме қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
11) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне көтермелеу шараларын қолданады және тәртіптік жаза қолданады;
12) Қазақстан Республикасының заңнамасымен, осы Ережемен және уәкілетті органмен өзіне жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
13) мемлекеттік мекеменің актілеріне, қаржылық және өкімдік құжаттарына қол қояды;
14) мемлекеттік органдарда, өзге де ұйымдарда мемлекеттік мекеменің атынан өкілдік етеді;
Ол болмаған кезеңде өкілеттіктерді орындауды қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады
4. Мемлекеттік органның мүлкі
19. Мемлекеттік мекеменің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
Мемлекеттік мекеменің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
20. Мемлекеттік мекемеге бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
21. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, мемлекеттік мекеменің өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5. Мемлекеттік органды қайта құру және тарату
22. Мемлекеттік мекемені қайта құру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.