Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 16-бабының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Көлік саласындағы мемлекеттік тапсырманың құнын белгілеу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Қаржы және корпоративтік басқару департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың электрондық көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің интернет-ресурсында ресми жарияланғаннан кейін орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің аппарат басшысына жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министрдің міндетін атқарушы | М. Калиакпаров |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
Қазақстан Республикасы Көлік министрінің 2025 жылғы 20 маусымдағы № 195 бұйрығымен бекітілген |
Көлік саласындағы мемлекеттік тапсырманың құнын белгілеу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Көлік саласындағы мемлекеттік тапсырманың құнын белгілеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 16-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және мемлекеттік тапсырманы орындаудың құнын белгілеу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) тікелей шығыстар – қызмет көрсетумен тікелей байланысты шығыстар;
2) жанама (әкімшілік) шығыстар – мемлекеттік тапсырманы орындаудың өзіндік құнына тікелей қатысы жоқ шығыстар;
Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар мен терминдер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қолданылады.
2-тарау. Көлік саласындағы мемлекеттік тапсырманың құнын белгілеу тәртібі
3. Мемлекеттік тапсырманың құнын белгілеу кезінде орындаушының негіздеуші құжаттармен расталған тікелей және жанама (әкімшілік) шығыстары (орындаушының штат кестесі, есептеулер, шарттардың көшірмелері, кемінде 3 (үш) баға ұсынысы) ескеріледі.
4. Мемлекеттік тапсырманың құнына ықтимал шығындарға арналған резервтерді қалыптастыру жөніндегі шығыстар, өткен кезеңдердегі өзге де борыштар мен залалдарды жабу жөніндегі шығыстар, ақпараттық ілгерілету жөніндегі шығыстар (жарнама), демеушілік көмек, айыппұлдар, өсімпұлдар мен тұрақсыздық айыбы, сондай-ақ сыйлықақы төлемдеріне, мастер-класстар өткізуге және өкілдік шығыстарға арналған шығыстар енгізілмейді.
5. Тікелей шығыстарға мыналар жатады:
1) мемлекеттік тапсырманы тікелей орындайтын ұйымдар персоналының еңбегіне ақы төлеу;
2) мемлекеттік тапсырманы тікелей орындайтын персоналға салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, сондай-ақ әлеуметтік аударымдар;
3) мемлекеттік тапсырманы тікелей орындайтын персоналдың іссапар шығыстары;
4) сарапшыларды тарту;
5) байланыс қызметтері;
6) үй-жайларды жалға алу;
7) мемлекеттік тапсырманы орындау үшін тікелей пайдаланылатын ақпараттық дерекқорларға қол жеткізу және жазылу;
8) коммуналдық қызметтер;
9) мемлекеттік тапсырманы орындау үшін тікелей пайдаланылатын аударма қызметтер.
6. Жанама (әкімшілік) шығыстарға мыналар жатады:
1) әкімшілік – басқару персоналының еңбек ақысы;
2) мемлекеттік тапсырманы тікелей орындайтын персоналға төлемдермен байланысты қоспағанда, салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер;
3) міндетті сақтандыру түрлері;
4) өзге де шығыстар (режимдік объектілерді күзету қызметтері, полиграфиялық және типографиялық шығыстар, курьерлік қызметтер және өзгелер).
7. Шығыстарды тиімді жоспарлауды қамтамасыз ету мақсатында әкімшілік шығыстар мемлекеттік тапсырманы орындауға бөлінген тиісті қаржы жылына арналған бюджет қаражаты сомасының 20 (жиырма) пайызынан аспайды.