Қазақстан Республикасы Су кодексінің 26-бабының 1-тармағының 3) тармақшасына, "Ортақ су пайдаланудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 19-1/252 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген № 11434) сәйкес, Абай облысы мәслихаты ШЕШТІ:
1. Абай облысында ортақ су пайдалану ережелері осы шешімнің қосымшамына сәйкес бекітілсін.
2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Абай облысы мәслихатының төрағасы | Ш. Байбеков |
Абай облысы мәслихатының 2025 жылғы 25 маусымдағы № 28/188-VIII шешімімен бекітілді |
Абай облысында ортақ су пайдалану ережелері
1. Абай облысында ортақ су пайдаланудың осы ережелері (бұдан әрі – Ереже) Қазақстан Республикасы Су кодексінің 26-бабының 1-тармағының 3) тармақшасына (бұдан әрі – Кодекс), "Ортақ су пайдаланудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 19-1/252 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген № 11434) сәйкес әзірленді және Абай облысында жергілікті өкілді органдарының өңірлік жағдайлардың ерекшеліктерін ескере отырып ортақ су пайдалану қағидаларын белгілеу тәртібін айқындайды.
2. Ортақ су пайдалану халықтың мұқтаждарын қанағаттандыру үшiн су объектiлерi жекелеген жеке немесе заңды тұлғаларға бекiтiлiп берiлмей және судың жай-күйiне әсер ететiн құрылыстар немесе техникалық құрылғылар қолданылмай жүзеге асырылады.
3. Ортақ су пайдалануды жүзеге асыру үшін арнайы рұқсат талап етілмейді.
4. Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, жеке және заңды тұлғалардың ортақ су пайдалану объектілеріне халықтың кіруін қоршаулар, күзет пункттерін, тыйым салатын белгілер орнату жолымен шектеуіне жол берілмейді.
5. Экологиялық, техникалық және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық қауiпсiздiгi мақсатында ортақ су пайдалану шектелуi немесе оған тыйым салынуы мүмкiн.
6. Ортақ су пайдалануға:
1) шаруашылық-ауыз су мақсаттарын қанағаттандыру үшін;
2) ықтимал сел қаупі бар су объектілерін қоспағанда, рекреациялық мақсаттарда;
3) кеме қатынасы және шағын кемелерді пайдалану үшін;
4) мал суару үшін су объектілерін пайдалану жатады.
7. Шаруашылық-ауыз су мақсаттарын қанағаттандыру үшін жер үсті су көздерінен су алу судың жай-күйiне әсер ететiн құрылыстар немесе техникалық құрылғылар қолданылмай жүзеге асырылады.
8. Су объектілері мен су шаруашылығы құрылысжайларындағы көпшіліктің демалуына, туризм мен спортқа арналған жерлерді экологиялық талаптар мен адам өмірінің қауіпсіздігін сақтай отырып, су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы, қоршаған ортаны қорғау саласындағы және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті органдармен келісім бойынша облыстың жергілікті атқарушы органдары белгілейді.
9. Кеме қатынасы санатына жатқызылған Қазақстан Республикасының жер үстi су объектiлерi, оларды осы мақсаттарға пайдалануға толық немесе iшiнара тыйым салынған не олар оқшау пайдалануға берiлген жағдайларды қоспағанда, ортақ пайдаланудағы су жолдары болып табылады.
Су объектiлерiн кеме қатынасы санатына жатқызу тәртiбi, кеме қатынасы, әуе кемелерінің ұшуы (қонуы) үшін пайдаланылатын кеме қатынасы су жолдарының тiзбесi және оларды пайдалану қағидалары Кодекске сәйкес бекітілетін қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
10. Су объектiлерiн мал суару үшiн пайдалануға санитарлық қорғау аймақтарынан тыс жерде және суат алаңдары мен су объектiлерiнiң ластануы мен қоқыстануын болғызбайтын басқа да құрылғылар болған жағдайда жол берiледi.
11. Облыстың жергілікті өкілді органды мәслихаттың кезекті немесе кезектен тыс сессиясы барысында азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында өңірлік жағдайлардың ерекшеліктерін ескере отырып, ортақ су пайдалану қағидаларында тиісті өңірдің аумағында орналасқан су объектілерінде шомылу, ауыз су және тұрмыстық қажеттіліктерге су алу, мал суару, шағын кемелерде және басқа да жүзу құралдарында жүзу жүзеге асырылмайтын жерлерді айқындайды.
12. Облыстың жергілікті атқарушы органдары тиісті аумақтарда орналасқан су объектілерінің, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің жай-күйі туралы халықты хабардар етуді жүзеге асырады.
13. Оқшау немесе бірлесіп су пайдалануды жүзеге асыратын су пайдаланушы, егер облыстың жергілікті өкілді органының шешiмдерiнде өзгеше белгiленбесе, Кодекске сәйкес ортақ су пайдалану шарттары немесе оған тыйым салу туралы жариялайды.
14. Ортақ су пайдаланудың шарттарын немесе оған тыйым салынатынын жариялау үшін оқшау немесе бірлесіп су пайдалануды жүзеге асыратын су пайдаланушы облыстың жергілікті өкілді органына ортақ су пайдаланудың шарттарын немесе оған тыйым салынатынын белгілеудің қажеттігі негізделген ұсыныс енгізеді.
15. Облыстың жергілікті өкілді органы мәслихаттың кезекті немесе кезектен тыс сессиясы барысында ортақ су пайдаланудың шарттарын немесе оған тыйым салынатынын белгілеу бойынша тиісті шешім қабылдайды және оны үш жұмыс күні ішінде су пайдаланушыға жолдайды.
16. Жарияланған ортақ су пайдаланудың шарттары немесе оған салынатын тыйымдар шаруашылық-ауыз су мақсаттарын қанағаттандыру үшін ортақ су пайдалануды жүзеге асыруды шектемеуі тиіс.
17. Су пайдаланушы облыстың жергілікті өкілді органынан оң шешім алғаннан кейін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, сондай-ақ, арнайы ақпараттық белгілер арқылы халықты шомылуға жол берілмейтіні және ортақ су пайдалануды жүзеге асырудың басқа шарттары туралы хабардар етуді қамтамасыз етеді.
18. Ортақ су пайдалану үшін су объектілерін пайдалану кезінде жеке және заңды тұлғалар:
1) су объектілерін ұқыпты пайдалануы;
2) су объектілерін пайдаланудың белгіленген режимін сақтауы;
3) су объектілерінде мәдени, спорттық және басқа да іс-шараларды өткізу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауы;
4) су объектілерін және іргелес аумақтарын тиісті санитарлық нормаларға сай ұстауға, тұрмыстық, құрылыс және басқа да қалдықтармен қоқыстауға, іргелес аумақтарды ластаудың алдын алу және жою жөніндегі іс-шараларды уақытылы жүзеге асыруы тиіс.
19. Ортақ су пайдаланудың су объектілерін пайдалану кезінде:
1) су объектісін ластауға және қоқыстауға;
2) шомылуға арналған орындарда киім жууға және жануарларды шомылдыруға;
3) ескерту немесе тыйым салу жазулары бар арнайы ақпараттық белгілер қойылмаған орындарда шомылуға;
4) арнайы ақпараттық белгілерді өз еркімен алып тастауға, бұзуға және жоюға;
5) аумақта жанар-жағар май материалдарын сақтауға;
6) көлікке жанар май құюды, жууды және жөндеуді жүзеге асыруға;
7) су объектілерінде және оларға тікелей жақын жерде кәмелетке толмаған балаларды үлкендердің қарауынсыз тастауға жол берілмейді.