"Электрондық үкімет" порталы және ақпараттандыру объектілері арқылы көлік құралдарын бастапқы мемлекеттік тіркеу бойынша пилоттық жобаны жүргізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2025 жылғы 9 қазандағы № 754 және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің 2025 жылғы 7 қазандағы № 499 бірлескен бұйрығы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Қолданысқа енгізілу тәртібін 5-тармақтан қараңыз.

      "Мемлекеттік қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 22-бабына сәйкес, мемлекеттік қызметтер көрсету процесін тұрақты жетілдіру, тиімділігін арттыру мақсатында және Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысының 2024 жылғы 14 қазандағы № 5 хаттамасы 1-тармағының 3-тармақшасын орындау шеңберінде БҰЙЫРАМЫЗ:

      1. "Электрондық үкімет" порталы және ақпараттандыру объектілері арқылы көлік құралдарын бастапқы мемлекеттік тіркеу жөніндегі пилоттық жоба іске қосылсын.

      2. Қосымшаға сәйкес Пилоттық жобаны іске асыру алгоритмі бекітілсін.

      3. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетіне қамтамасыз етуді тапсыру:

      1) осы бірлескен бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      2) осы бірлескен бұйрыққа мемлекеттік органдар басшыларының соңғысы қол қойған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберуді.

      4. Осы бірлескен бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ішкі істер вице-министрі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бірлескен бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 2026 жылғы 31 тамызға дейін қолданылады.

      Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрі
________ Е.С. Сәденов
      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары -
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі
___ Ж. Мадиев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

  бұйрығына қосымша

"Электрондық үкімет" порталы және ақпараттандыру объектілері арқылы көлік құралдарын бастапқы мемлекеттік тіркеу жөніндегі пилоттық жоба алгоритмі

1 тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Алгоритм көлік құралдарының жекелеген түрлерін көлік құралдарының сәйкестендіру нөмірі бойынша мемлекеттік тіркеу, есепке алу және есептен шығару, сондай-ақ көлік құралдарын тіркеу туралы куәліктер мен мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін беру жөніндегі мемлекеттік қызметті пилоттық жобаны іске асыру тәртібін айқындайды. Бұл қызмет "электрондық үкімет" порталы және ақпараттандыру объектілері арқылы Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген немесе көлік құралдарын өндірушілердің ресми дилерлері әкелген көлік құралдарын бастапқы мемлекеттік тіркеу кезінде көрсетіледі.

      2. Көлік құралдарын "электрондық үкімет" порталы және ақпараттандыру объектілері арқылы бастапқы тіркеу кезінде жоғары сұранысқа ие және сақтауға қалдырылған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін таңдау мүмкін емес.

      3. Бұл Алгоритмде келесі қысқартулар қолданылады:

      1) ЭҮП – "Электрондық үкімет" порталы және ақпараттандыру объектілері

      2) ЖТ МДБ - "Жеке тұлғалар" мемлекеттік деректер базасы;

      3) МАБ - мобильдік азаматтар базасы;

      4) ӘӨБТ - "Әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімі" ақпараттық жүйесі;

      5) ЭЦҚ - электрондық цифрлық қолтаңба;

      6) ЭҚЖЖ - Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші;

      7) ЖСН - жеке сәйкестендіру нөмірі;

      8) ХҚКО - Халыққа қызмет көрсету орталығы;

      9) МТНБ - мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі;

      10) КҚТК – көлік құралын тіркеу туралы куәлік.

      4. "Электрондық үкімет" порталы және ақпараттандыру объектілері арқылы көлік құралдарын бастапқы мемлекеттік тіркеу процесіне мынадай кезеңдер қамтылады:

      1) ЭҚЖЖ бойынша тексеруден өтіп, сатушы тарапынан (заңды тұлға –көлік құралдарын сату қызметін) көлік құралын бастапқы тіркеуге өтінімге бастамашылық жасау. ЭҚЖЖ сәйкес келмеген жағдайда - қызмет көрсетудің мүмкін еместігі туралы хабарламаны шығару, ЭҚЖЖ сәйкес келген жағдайда - келесі қадамға өту;

      2) Сатушы VIN-кодты енгізеді және ЭҮП ақпараттық жүйелерден мәліметтер бойынша тексеру жүргізеді;

      3) Көлік құралдарының электрондық паспорттары жүйесі бойынша тексеру. Мәліметтер болмаған жағдайда - қызмет көрсетудің мүмкін еместігі туралы хабарламаны шығару, мәліметтер болған жағдайда - келесі қадамға өту;

      4) Кедендік төлемдерді төлеу жөніндегі мәліметтерді тексеру. Мәліметтер болмаған кезде-қызмет көрсету мүмкін остігі туралы хабарламаны шығару, мәліметтер болған кезде-келесі қадамға өту;

      5) Кәдеге жарату төлемін төлеу жөніндегі мәліметтерді тексеру. Мәліметтер болмаған жағдайда - қызмет көрсетудің мүмкін еместігі туралы хабарламаны шығару, мәліметтер болған жағдайда - келесі қадамға өту;

      6) Сатушы Сатып алушының ЖСН (жеке тұлға) енгізеді және ЭҮП ЖТ МДБ мәліметтері бойынша тексеру жүргізеді;

      7) Сатып алушының өзекті мәртебесін және оның дербес деректерін алу үшін ЖТ МДБ-ға сұрау салу. Мәліметтер болмаған жағдайда - дұрыс ЖСН енгізу қажеттілігі туралы хабарламаны шығару, мәліметтер болған жағдайда - келесі қадамға өту;

      8) ЭҮП сатып алу-сату шарттары туралы деректерді алу үшін электрондық қол қою жүйелеріне сұраным жолдайды. Мәліметтер болмаған жағдайда - қызмет көрсетудің мүмкін еместігі туралы хабарламаны шығару, мәліметтер болған жағдайда - келесі қадамға өту;

      9) Сатушы өтінімге ЭЦҚ арқылы қол қояды;

      10) Сатып алушы ЭҮП жеке кабинетінде көлік құралын бастапқы тіркеуге өтінімнің түскені туралы хабарлама алады және өтінімді келісімдейді, содан кейін деректерді толтыруға көшеді;

      11) ЭҮП сатып алушының өзекті мәртебесін және оның дербес деректерін алу үшін ЖТ МДБ-ға сұрау салуды жүзеге асырады. Мәліметтер болмаған жағдайда - қызмет көрсетудің мүмкін еместігі туралы хабарламаны шығару, мәліметтер болған жағдайда - келесі қадамға өту;

      12) ЭҮП көлік құралдарының электрондық паспорттары жүйесі бойынша тексеру жүргізеді. Мәліметтер болмаған жағдайда - қызмет көрсетудің мүмкін еместігі туралы хабарламаны шығару, мәліметтер болған жағдайда - келесі қадамға өту;

      13) ЭҮП сатып алу-сату шарттары туралы деректерді алу үшін электрондық қол қою жүйелеріне сұраным жолдайды. Мәліметтер болмаған жағдайда - қызмет көрсетудің мүмкін еместігі туралы хабарламаны шығару, мәліметтер болған жағдайда - келесі қадамға өту;

      14) ЭҮП сатып алушыда әкімшілік айыппұлдардың бар-жоғын тексеру үшін ӘӨБТ-ға сұраным жолдайды. Төленбеген айыппұлдар болған жағдайда -төлеу және қайта беру қажеттілігі туралы хабарламаны шығару, төленбеген айыппұлдар болмаған жағдайда - келесі қадамға өту;

      15) Сатып алушы дайын құжаттарды алу үшін тізбеден қажетті ХҚКО таңдап, МТНБ -ның қажетті түрін көрсетеді;

      16) ЭҮП тіркелген нөмірді алу үшін МАБ-ға сұраным жолдайды. Тіркелген нөмір болмаған жағдайда - сатып алушының нөмірді енгізуі және келесі қадамға өтуі, нөмірді алған жағдайда - келесі қадамға өту;

      17) Сатып алушы ЭҮТШ арқылы қажетті баждар мен алымдарды төлейді;

      18) Сатып алушы өтінімге ЭЦҚ арқылы қол қояды;

      19) Өтінім өңделгеннен кейін ЭҮП қызметтің сәтті көрсетілгені туралы хабарламаны не дәлелді бас тартуды көрсетеді.

      5. Облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың) полиция департаменттерінің әкімшілік полиция басқармалары көлік құралының сәйкестендіру нөмірі бойынша көлік құралдарының жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу және есепке алу қағидаларына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету бойынша шаралар қабылдайды. Аталған Қағидалар Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 2 желтоқсандағы № 862 бұйрығымен бекітілген (Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10056 болып тіркелген).

      6. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің "Ақпараттық-өндірістік орталық" республикалық мемлекеттік кәсіпорны көлік құралдарын тіркеу куәліктерін уақтылы басып шығару бойынша шаралар қабылдайды.

      .

2 тарау. Көрсетілетін қызметті алушы мен Мемлекеттік корпорацияның өзара әрекет ету тәртібі

      7. Қызметтің сәтті көрсетілгені туралы хабарламаны алғаннан кейін Сатып алушы ресепшнге дайын құжаттарды (КҚТК және МТНБ) алу үшін таңдалған ХҚКО-ға жүгінеді.

      8. Сатып алушы ХҚКО қызметкеріне жеке басын куәландыратын құжатты немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжатты ұсынады, ал ХҚКО қызметкері дайын құжаттарды беру үшін электрондық кезек талонын береді.

      9. Сатып алушы Беру секторының қызметкеріне жеке басын куәландыратын құжатты немесе цифрлық құжаттар сервисінен өтінім нөмірі көрсетілген электрондық құжатты ұсынады.

      10. Беру секторының қызметкері ЭҮП-тен келіп түскен өтінімге сәйкес КҚТК және МТНБ береді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады