"Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде өртке қарсы қорғанысты ұйымдастыру және қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2024 жылғы 21 қарашадағы № 1365 бұйрығына толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2025 жылғы 27 тамыздағы № 1168 бұйрығы

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде өртке қарсы қорғанысты ұйымдастыру және қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2024 жылғы 21 қарашадағы № 1365 бұйрығына мынадай толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде өртке қарсы қорғанысты ұйымдастыру және қамтамасыз ету қағидаларында:

      мынадай мазмұндағы 6-тараумен толықтырылсын:

      "6-тарау. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери бөлімдері мен мекемелерінің аумағында өрт қауіпсіздігі саласында бақылау және қадағалау

      21. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің өртке қарсы қызметі жұмысының негізгі нысаны Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери бөлімдері мен мекемелерінің аумағын тексеру және профилактикалық бақылау болып табылады.

      22. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері өртке қарсы қызметінің лауазымды адамдары бағынысты құрамаларда, әскери бөлімдер мен мекемелерде өртке қарсы қорғанысты ұйымдастыруға, сондай-ақ штаттық өртке қарсы бөлімшелердің жеке құрамын өрт сөндіру бойынша әрекет етуге даярлау үшін жауапты болады.

      23. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің өртке қарсы қызметі тексеру барысында:

      1) Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 5 шілдедегі № 364 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа әскерлері мен әскери құралымдарының ішкі қызмет жарғысы, өртке қарсы қорғаныс саласындағы бұйрықтар және басқа да басшылық құжаттар талаптарының орындалуы;

      2) өртке қарсы қызметті ұйымдастыру және атқару;

      3) әскери бөлімде (мекемеде) өрт-техникалық комиссияның жұмысын ұйымдастыру;

      4) өртке қарсы қорғаныс саласындағы құжаттардың болуы, жай-күйі және оның жүргізілуі;

      5) өртке қарсы қорғаныс жоспарының толық және сапалы пысықталуы, сондай-ақ оның осы Қағидаларға сәйкес келуі;

      6) электр құрылғысының өрт қауіпсіздігі қағидалары мен нормаларына сәйкес келуі;

      7) жылыту, желдету және электр жабдығы жүйесін күтіп-ұстау;

      8) өрт сөндіру мақсаты үшін судың нормативтік қорымен қамтамасыз етілуі, өрт сөндіретін сумен жабдықтау көзінің жай-күйі;

      9) жеке құрамды, жауынгерлік техниканы, қару-жарақ пен мүлікті эвакуациялау жолының болуы мен күтіп-ұсталуы;

      10) найзағайдан қорғау құрылғысының болуы мен жай-күйі және оны жиі тексеру;

      11) автоматты өрт дабылдамасы жүйесінің ақаусыз болуы;

      12) ағаш конструкцияны арнайы өрттен қорғау құрамымен өңдеу;

      13) алғашқы өрт сөндіру құралының болуы және ақаусыз болуы;

      14) өндірістік ғимаратта, қойма үй-жайында (сақтау орнында) өрт сөндіру есептобының болуы және олардың өз міндеттерінің табелін білуі;

      15) цехта, шеберханада, қоймада және сақтау орнында өрт қаупі бар мүлікті, жанатын сұйықтықты және арнайы киімді сақтау нормалары мен қағидаларының сақталуы;

      16) әскери бөлім (мекеме) жеке құрамымен өрт қауіпсіздігі шаралары бойынша нұсқау берудің өткізілуі;

      17) штаттық (штаттан тыс) взводтың (команданың) жеке құрамын даярлауды және олардың жауынгерлік әзір болуын ұйымдастыру;

      18) өртке қарсы қорғанысты ұйымдастыруды жақсартуда іс жүзінде көмек көрсету;

      19) өртке қарсы қызметті ұйымдастыруда анықталған кемшіліктерді жою негізінде тиісті ұсыныстар беру;

      20) бұдан бұрын анықталған кемшіліктердің жойылуы, алдыңғы тексеру актілері мен нұсқамалары бойынша өртке қарсы іс-шаралардың орындалуы жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырады.

      24. Тексеру бөлімнің (мекеменің) өртке қарсы қорғаныс қызметі бастығының және бөлім командирі орынбасарларының біреуінің қатысуымен жүргізіледі.

      25. Штаттық (штаттан тыс) взводтың қызмет өткеруін тексеру кезінде:

      1) өрт сөндіру депосы мен оқыту-материалдық базаның болуы мен жай-күйі;

      2) өрт сөндіру наряды қызметінің ұйымдастырылуы мен атқарылуы, өрт сөндіру депосында өртке қарсы техниканың күтіп-ұсталуы және ішкі тәртіптің сақталуы;

      3) өрт сөндіру взводының (команданың) жеке құрамымен арнайы даярлықтың ұйымдастырылуы;

      4) штаттық өрт сөндіру взводы (командасы) жеке құрамының жауынгерлік есеп табелі бойынша міндеттерін білуі;

      5) өрт сөндіру құбыртүтігінің жай-күйі, оларды сақтау, жөндеу және күтіп-ұстау қағидаларының сақталуы;

      6) жеке құрамның арнайы жауынгерлік киіммен және керек-жарақпен қамтамасыз етілуі;

      7) бөлімшелердің өрт сөндіру бойынша жауынгерлік әзірлігі;

      8) штаттық өрт сөндіру взводы (командасы) жеке құрамының тактикалық-арнайы даярлық бойынша нормативтерді орындау дұрыстығы тексеріледі.

      Взводтардың (командалардың) жауынгерлік даярлығын қорытынды тексеру кемінде жылына екі рет жүргізіледі.

      26. Штаттан тыс взводта (командада):

      1) жеке құрамның "Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде өрт қауіпсіздігі шаралары туралы нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2023 жылғы 10 ақпандағы № 97 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 31891 болып тіркелген) талаптарын білуі;

      2) жеке құрамның жақын жердегі взводты (команданы) шақыруды, өрт дабылы сигналын беруді және жарақтандырудағы өрт техникасын, жабдық пен құралды қолдана білуі;

      3) осы Қағидалардың 28-тармағына сәйкес взводтың (команданың) жауынгерлік әзірлігі тексеріледі.

      27. Взводтың (команданың) жауынгерлік әзірлігін тексеру кезінде өртке қарсы қорғаныс жоспары бойынша іс жүзіндегі дағдысы мен әрекет етуі тексеріледі.

      Дабыл жарияланған кездегі оқу-жаттығу түрі:

      1) жеке – тек әскери бөлім (гарнизон) взводын (командасын) шақырумен және күштері мен құралдарын өрістетумен;

      2) гарнизондық – гарнизонның өртке қарсы қорғаныс жоспарында көзделген барлық күштер мен құралдарды шақырумен.

      Өрт сөндіру жаттығуын өткізу жоспары мен шартты өртті сөндіру бойынша тапсырмалар сол жерде әзірленеді және оны әскери бөлім командирі (гарнизон бастығы) келіседі.

      Жаттығу барысында төмен температура кезінде және қатты жел соққанда жағдайды қиындататын қосымша тапсырмалар жүзеге асырылады.

      28. Кәсіби даярлықты айқындау мақсатында өрт сөндіру жаттығуы кезінде:

      1) дабылды жариялау;

      2) "өрт" туралы хабарламаны алу;

      3) өрт сөндіру автомобилінің шақыру орнына келуі;

      4) әрбір өрт сөндіру автомобилінің (мотопомпаның) күштері мен құралдарын өрістетудің аяқталуы;

      5) өрт сөндіру құбырынан судың (көбіктің) ағуы;

      6) мүлікті эвакуациялау үшін бөлім жеке құрамының және көлік құралының келуі үшін уақыт белгіленеді.

      29. Взводтың (команданың) іс-қимылы мынадай көрсеткіш бойынша бағаланады:

      1) шартты өртті сөндіру бойынша қабылданған шешімнің дұрыстығы;

      2) күш пен құралдарды өрістетуге команда беру нақтылығы;

      3) өрт сөндіру бөлімшесі жеке құрамының әрекет етуі мен үйлесімдігі;

      4) өрт сөндіру техникасы мен құралының ақаусыздығы.

      30. Әскери бөлімнің (мекеменің) өртке қарсы қорғанысты ұйымдастыруын және оның жай-күйін тексеру нәтижесі бойынша осы Қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес белгіленген нысан бойынша акт жасалады.

      31. Өртке қарсы қорғанысты ұйымдастырудағы және оның жай-күйіндегі кемшіліктерді жою бойынша ұсыныстар нұсқама түрінде қысқа жасалады және орындау мерзімі болады.

      32. Өртке қарсы қорғаныс жай-күйі қанағаттандырарлықсыз деп танылған әскери бөлім (мекеме) қайта тексеріледі.".

      2. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Тыл бастығының басқармасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2023 жылғы 11 шілдедегі № 472 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актілерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiн, Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актілерiнiң эталондық бақылау банкiн жүргiзу қағидалары 10-тармағының талаптарына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33059 болып тіркелген) қол қойылған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде электрондық түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      2) осы бұйрықты алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларының орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жіберуді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық мүдделі лауазымды адамдарға және құрылымдық бөлімшелерге жеткізілсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты
Д. Қосанов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады