Астана қаласының қалалық қоғамдық көлігінде қолданылатын тарифтік саясатты бекіту туралы

Жаңа

Астана қаласы әкімдігінің 2025 жылғы 29 желтоқсандағы № 503-5081 қаулысы

      "Автомобиль көлігі туралы" Қазақстан Республикасы Заңы 14-бабы 2-1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес Астана қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Астана қаласының қалалық қоғамдық көлігінде қолданылатын тарифтік саясат осы қаулыға қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2. "Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы" мемлекеттік мекемесінің басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) осы қаулыны бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне жіберуді;

      2) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оның Астана қаласы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Астана қаласы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      Әкім Ж. Қасымбек

  Астана қаласы әкімдігінің
  2025 жылғы 29 желтоқсандағы
№ 503-5081 қаулысына
қосымша

Астана қаласының қалалық қоғамдық көлігінде қолданылатын тарифтік саясат

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Астана қаласының қалалық қоғамдық көлігінде қолданылатын тарифтік саясат (бұдан әрі – Тарифтік саясат) "Автомобиль көлігі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабына сәйкес әзірленген және Астана қаласының қалалық қоғамдық көлігіндегі тарифтерді реттеудің қағидаттарын, мақсаттарын және тетіктерін айқындауға бағытталған.

      2. Тарифтік саясат Астана қаласында жүзеге асырылатын автобустармен тұрақты жолаушылар тасымалы қызметтеріне (маршруттық көлік құралдарымен) тарифтерді қалыптастыру, белгілеу және қолдану қағидаттарын айқындайтын негізгі құжат болып табылады.

      3. Осы Тарифтік саясат субсидиялау шарттарына және (немесе) әлеуметтік маңызы бар маршруттарды қызмет көрсету шарттарына сәйкес жұмыс істейтін, қалалық және қала маңындағы тұрақты маршруттарда тасымалдау қызметтерін орындайтын тасымалдаушыларға қолданылады.

      4. Тарифтік саясаттың мақсаты халыққа қолжетімді, экономикалық негізделген тарифтерді белгілеу арқылы халықтың, тасымалдаушылардың және мемлекеттің мүдделері арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету, сондай-ақ қоғамдық көлік жүйесінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету болып табылады.

2-тарау. Тарифтік реттеудің негізгі қағидаттары

      5. Астана қаласының қоғамдық көлік саласындағы тарифтік реттеу мынадай қағидаттарда негізделеді:

      әлеуметтік әділдік – халықтың барлық санаттары, соның ішінде әлеуметтік осал топтар үшін қолжетімді тарифтерді белгілеу;

      экономикалық дәлелділік – тарифтерді тасымалдаушылардың нақты пайдалану шығындарына, жылжымалы құрамды жаңарту және тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігіне сәйкес айқындау;

      жариялылық және ашықтық – тарифтерді есептеу және белгілеу рәсімдерінің ашықтығын, ақпараттың қоғамдық қолжетімділігін қамтамасыз ету;

      тарифтердің саралануы – төлем тәсіліне, жүріс қашықтығына, маршрут түріне және жолаушыларға қызмет көрсету шарттарына байланысты әртүрлі тарифтерді қолдану;

      инновация және цифрландыру – тарифтік саясатты қалыптастыру кезінде электрондық төлем жүйелерін, мониторинг және жолаушылар ағынын есепке алу жүйелерін пайдалану;

      экологиялық тұрақтылық – тасымалдаушыларды экологиялық таза отын түрлерін (газ, электр энергиясы) пайдалануға ынталандыру.

3-тарау. Тарифтік саясаттың мақсаттары

      Тарифтік саясаттың мақсаттары:

      1) Астана қаласының қоғамдық көлік жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету;

      2) халық үшін көлік қолжетімділігі деңгейін арттыру;

      3) жылжымалы құрамды жаңартуға инвестиция тарту үшін жағдай жасау;

      4) жолақыны қолма-қол емес төлемге көшуге ынталандыру;

      5) тасымалдаушылардың залалсыз жұмыс істеуін қамтамасыз ете отырып, әлеуметтік бағыттылығын сақтайтын экономикалық тұрғыдан негізделген тарифтік модельді қалыптастыру болып табылады.

4-тарау. Тарифтерді қалыптастыру және реттеу тетіктері

      6. Қалалық тұрақты жолаушылар тасымалы тарифтерін Астана қаласының әкімдігі бекітіледі және барлық бағдарлар үшін бірдей болып табылады.

      7. Тарифтерді қалыптастыру кезінде мынадай құрамдас бөліктер ескеріледі:

      қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайы;

      халықтың табыс деңгейі;

      қызмет көрсету шығындары (жанармай, техникалық қызмет көрсету, жөндеу, қосалқы бөлшектер);

      жалақы қоры және міндетті аударымдар;

      тасымалдаушылардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету қажеттілігі;

      қоғамдық көліктің азаматтардың барлық санаттары үшін қолжетімділігін сақтау қажеттілігі.

      8. Тариф негізді шығындарды жабуға және тасымалдаушыға тұрақты қызметін қамтамасыз ету үшін қажетті минималды пайданы алуға мүмкіндік болатындай етіп бекітіледі.

      9. Жеңілдік тарифтері және азаматтардың жекелеген санаттарын жол жүру төлемінен босату "Астана қаласы азаматтарының жекелеген санаттарына қалалық бағдарлардың жолаушылар көлігінде жол жүруге төлем төлеуден босату түрінде әлеуметтік көмек көрсету тәртібі туралы" Астана қаласы мәслихатының 2017 жылғы 20 шілдедегі № 167/21-VI шешіміне сәйкес жүргізіледі. Аталған жеңілдіктер бойынша тасымалдаушылар шығындарын өтеу жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      10. Астана қаласы әкімдігінің шешімі бойынша тариф бағдар түріне, жол жүру билеті түріне, төлем әдісіне, сондай-ақ жол жүру қашықтығына немесе өткен аялдамалар санына байланысты саралануы мүмкін.

      11. Тарифтік саясат инфляция мен эксплуатациялық шығындардың өсуін ескере отырып, тарифтерді индексациялау мүмкіндігін қарастырады.

5-тарау. Өтемақы мен субсидиялау көздері

      12. Әлеуметтік маңызды бағдарлар бойынша тасымалдау жүргізу салдарынан пайда болатын тасымалдаушылардың шығындары Астана қаласының бюджеттік қаражаты есебінен, тиісті Субсидиялау ережелерінде белгіленген тәртіппен өтеледі.

      13. Субсидияның мөлшері бекітілген тариф пен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес анықталған есептік тариф арасындағы айырмашылық негізінде анықталады.

      14. Субсидия көлемі жыл сайын Астана қаласы мәслихатының шешімімен бюджеттік жоспарлау аясында бекітіледі.

6-тарау. Қорытынды ережелер

      15. Тарифтік саясатты жүзеге асыруды бақылау Астана қаласының көлік саласындағы атқарушы органға жүктеледі.

      16. Тарифтік саясатқа өзгерістер мен толықтырулар белгіленген тәртіпте қажеттілігіне қарай, әлеуметтік-экономикалық жағдайлар мен қаланың көлік қажеттіліктерін ескере отырып енгізіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады