Жол жүрісі қағидаларында реттелмеген бөлікте Астана қаласында жол жүрісін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Астана қаласы мәслихатының 2026 жылғы 19 наурыздағы № 393/51-VIII шешімі. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 1 сәуірде № 38259 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз.

      "Жол жүрісі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабы 1-1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес Астана қаласының мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Жол жүрісі қағидаларында реттелмеген бөлікте Астана қаласында жол жүрісін ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) осы шешімге қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2. Осы шешім 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін Қағидалардың 12, 13, 14, 15 және 16-тармақтарын және Қағидаларға қосымшаны қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Астана қаласы мәслихатының
төрағасы
Т. Зейнұлқабден

  Астана қаласы мәслихатының
2026 жылғы 19 наурыздағы
№ 393/51-VIII шешіміне
қосымша

Жол жүрісі қағидаларында реттелмеген бөлікте Астана қаласында жол жүрісін ұйымдастыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жол жүрісі қағидаларында реттелмеген бөлікте Астана қаласында жол жүрісін ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жол жүрісі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 17-бабы 1-1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және мыналарды:

      көлік құралдарының аялдау немесе тоқтап тұру, оның ішінде орынтұрақ кеңістіктерін ұйымдастыру және олардың жұмыс істеуі қағидаларын;

      "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (бұдан әрі – Кодекс) сәйкес ұсталған көлік құралдарын арнаулы алаңдар мен тұрақтарға жеткізуді (эвакуациялауды), оларды уақытша сақтауды, көлік құралдарын жеткізу (эвакуациялау) және сақтау, қайтару құнын төлеуді;

      Астана қаласында қорғаныш конструкциялары мен реттеуші элементтерді (шлагбаумдар және басқа да қоршаулар) орнатуды қоса алғанда, жол жүрісі қағидаларында реттелмеген бөлікте Астана қаласында жол жүрісін ұйымдастыру тәртібін айқындайды.

      2. Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) арнаулы алаң немесе тұрақ – Астана қаласының жергілікті атқарушы органының (бұдан әрі – әкімдік) шешімі бойынша құрылатын және Кодекске сәйкес ұсталған көлік құралдарын уақытша сақтауға (тоқтап тұруға) арналған коммуналдық меншік болып табылатын алаң немесе тұрақ;

      2) Жол жүрісін ұйымдастыру орталығы – "Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әкімдік айқындаған, жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлға;

      3) көлік құралын жеткізу (эвакуациялау) – эвакуациялау құралдарын (бұдан әрі – эвакуатор) пайдалана отырып, Кодекске сәйкес ұсталған көлік құралдарын оларды уақытша сақтауға арналған арнаулы тұрақтарға немесе алаңдарға мәжбүрлеп орнын ауыстыру процесі;

      4) көлік құралының иесі – көлік құралының меншік иесі, сондай-ақ көлік құралын шаруашылық жүргізу құқығында немесе жедел басқару құқығында не өзге де заңды негізде (жалдау құқығы, тиісті органның осы адамға көлік құралын беру туралы өкімі) иеленетін адам. Өзінің қызметтік немесе еңбек міндеттерін орындауына орай, оның ішінде көлік құралының меншік иесімен немесе өзге де иесімен жасалған еңбек немесе азаматтық-құқықтық шарт негізінде немесе мәмілені жазбаша нысанда ресімдеместен, олардың ерік білдіруі негізінде көлік құралын басқаратын адам көлік құралының иесі болып табылмайды;

      5) уәкілетті орган – Астана қаласының аумағында жолаушылар көлігі, автомобиль жолдарын салу және жөндеу, жол инфрақұрылымы саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік мекеме.

2-тарау. Көлік құралдарының аялдау немесе тоқтап тұру, оның ішінде орынтұрақ кеңістіктерін ұйымдастыру және олардың жұмыс істеуі қағидалары

      3. Астана қаласының аумағында арнайы бөлінген және әкімдік белгілеген белгілермен және (немесе) таңбалармен белгіленген орындардан тыс жерде мынадай көлік құралдарының:

      1) қалалық инфрақұрылым объектілерін күтіп-ұстау, жинау немесе жөндеу жөніндегі жұмыстарды орындайтын коммуналдық қызметтердің көлік құралдарын қоспағанда, рұқсат етілген ең жоғары массасы үш мың бес жүз килограмнан астам жүк автомобильдерінің;

      2) электр самокаттардың, электр қозғалтқышы бар велосипедтердің және шағын электр көлік құралдарының тоқтап тұруына жол берілмейді.

      4. Жеке немесе заңды тұлғаларға меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде тиесілі орынтұрақ кеңістіктері (жеке орынтұрақ кеңістіктері) Қағидалардың талаптарына, Астана қаласының дизайн-кодына, Астана қаласы мәслихатының (бұдан әрі – мәслихат) 2024 жылғы 2 қазандағы № 229/28-VIII шешімімен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1397-01 болып тіркелген) бекітілген Астана қаласының аумағын абаттандыру қағидаларына (бұдан әрі – Абаттандыру қағидалары) сәйкес келтірілуге тиіс.

      5. Меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде жеке орынтұрақ кеңістігін иеленетін тұлға:

      1) тірек-қимыл аппараты бұзылған жүргізушілер немесе тірек-қимыл аппараты бұзылған немесе көру қабілетінен толық айырылған адамдарға қызмет көрсететін көлік құралдарының жүргізушілері басқаратын көлік құралдарының тұрағына арналған арнаулы орынтұрақ орындарының болуын;

      2) шұғыл, авариялық, жедел және коммуналдық қызметтердің көлік құралдарының тәулік бойы кедергісіз өтуін және (немесе) баруын қамтамасыз етеді.

      6. Астана қаласының орынтұрақ кеңістігінің жүктемесін талдау мақсатында жол жүрісін ұйымдастыру орталығы Астана қаласының жергілікті атқарушы органының коммуналдық меншігіндегі, оның ішінде иеленуге, пайдалануға немесе басқаруға берілген жер учаскелерінде орналасқан орынтұрақ кеңістіктерін басқаруды жүзеге асыратын субъектілермен ақпараттық өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді. Субъектілер ақпаратты – нақты уақыт режимінде, ал техникалық мүмкіндік болмаған кезде жол жүрісін ұйымдастыру орталығымен келісілген тәртіппен және мерзімдерде береді.

      Орынтұрақ кеңістіктерінің жүктемесі туралы ақпарат бос емес және бос орынтұрақ орындарының саны туралы мәліметтерді қамтиды.

      7. Уәкілетті орган Жол жүрісін ұйымдастыру орталығының ұсынысы бойынша ақылы коммуналдық орынтұрақтардың орналасу орындарын белгіленген тәртіппен бекітілген жол жүрісін ұйымдастыру схемаларына және қала құрылысы құжаттамасына сәйкес:

      1) жер учаскелеріне құқықтар берілмей ұйымдастырылатын ортақ пайдаланылатын жерлерде;

      2) Астана қаласының жергілікті атқарушы органының коммуналдық меншігіндегі жер учаскелерінде айқындайды.

      8. Ақылы коммуналдық орынтұрақтар мынадай түрлерге бөлінеді:

      1) көше – көше-жол желісінің шекараларында орналасқан (жүру бөлігі, жүріс бөлігінің кеңейтілуі, орынтұрақ қалталары, жүріс бөлігімен шектесетін тротуарлардың шеттері), қорғаныш конструкцияларымен және реттеуші элементтермен (шлагбаумдар мен басқа да қоршаулармен) жабдықталмаған, сондай-ақ коммуналдық меншіктегі жер учаскелерінде орналасқан жүріс бөлігінен тыс, жекелеген жер учаскелеріндегі алаңдар (қоғамдық және іскерлік объектілердегі алаңдар, тосқауыл қоятын орынтұрақтар және басқалар);

      2) жабық – көлік құралдарын сақтауға (тоқтап тұруына) арналған және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес ұйымдастырылған бір немесе көп деңгейлі инженерлік құрылыстарды қоса алғанда, арнайы жабдықталған ғимараттар (ғимараттардың бөліктері), құрылыстар (құрылыстардың бөліктері) болып табылатын аумақтар.

      9. Ақылы коммуналдық орынтұрақтар жол белгілерімен, таңбалармен және жол жүрісін ұйымдастырудың өзге де техникалық құралдарымен белгіленеді.

      10. Ақылы коммуналдық орынтұрақтарда мынадай ақпарат қамтылуға керек:

      1) нақты аймаққа қолданылатын тариф;

      2) орынтұрақ үшін ақы төлеу тәсілдері;

      3) Жол жүрісін ұйымдастыру орталығының байланыс орталығының телефон нөмірлері.

      11. Ақылы коммуналдық орынтұрақтардың жұмыс режимі, пайдаланушылардың және Жол жүрісін ұйымдастыру орталығының құқықтары мен міндеттері, тараптардың жауапкершілігі және Қағидаларда реттелмеген басқа да мәселелер әкімдіктің интернет – ресурсында орналастырылатын ақылы коммуналдық орынтұрақтарды пайдалану туралы жария шартта (бұдан әрі –жария шарт) белгіленеді.

      12. Ақылы коммуналдық орынтұрақтарды пайдаланғаны үшін тарифтеу Қағидаларға қосымшаға сәйкес және Қағидалардың 13, 14, 15 және 16-тармақтарының ережелері ескеріле отырып айқындалады.

      13. Көшедегі ақылы коммуналдық орынтұрақтарды пайдаланғаны үшін ақы көлік құралының орынтұрақ орнында болған әрбір сағаты үшін алынады және оның мөлшері әкімдік айқындайтын тарифтік аймаққа байланысты болады.

      Жол жүрісін ұйымдастыру орталығының интернет-ресурсы арқылы берілген тұрғын немесе коммерциялық үй-жай иесінің өтініші бойынша жария шартқа сәйкес тиісті тұрғын үйге іргелес аумақта орналасқан ақылы коммуналдық орынтұрақтарды тегін пайдалану ұсынылады. Ақылы коммуналдық орынтұрақтарды тегін пайдалану бір үй-жайға бір көлік құралынан артық берілмейді.

      14. Астана қаласының аумағында мынадай тарифтік аймақтар белгіленеді:

      1) 1-аймақ (ең жоғары орынтұрақ сұранысы аймағы) – орынтұрақ сұранысының жоғары деңгейі тұрақты және орынтұрақ орындарымен қамтамасыз етілуі шектеулі қала аумағы, оның шегінде көлік құралдарын орналастыру жол жүрісінің өткізу қабілеті мен қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді, осыған байланысты ақылы коммуналдық орынтұрақтарды пайдаланғаны үшін төлемақының жоғары мөлшері қолданылады;

      2) 2-аймақ (орташа орынтұрақ сұранысы аймағы) - құрылыс салудың аралас функционалдық мақсаты есебінен қалыптастырылатын орынтұрақ сұранысының қарқындылығы ауыспалы қала аумағы, оның шегінде ақылы коммуналдық орынтұрақтарды пайдаланғаны үшін төлемақының орташа мөлшері қолданылады;

      3) 3-аймақ (орынтұрақ сұранысы төмен аймақ) – орынтұрақ орындарымен жеткілікті қамтамасыз етілген және орынтұрақ сұранысының қарқындылығы төмен қала аумағы, оның шегінде ақылы коммуналдық орынтұрақтарды пайдаланғаны үшін төлемақының төмендетілген мөлшері қолданылады не ақылы орынтұрақ режимі көлік сұранысын қайта бөлу мақсатында шектеулі уақытша кезеңдерде белгіленеді.

      15. Жабық ақылы коммуналдық орынтұрақтарды пайдаланғаны үшін ақы көлік құралының орынтұрақ орнында болған әрбір сағаты үшін алынады және оның мөлшерін әкімдік әрбір орынтұрақ үшін жеке айқындайды.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген ақылы коммуналдық орынтұрақтарда көлік құралының орынтұрақта болу уақыты күнтізбелік бір тәулік ішінде қатарынан сегіз сағаттан асқан жағдайда тәуліктік ақы төлеуге, сондай-ақ жария шартқа сәйкес абонемент негізінде ай сайынғы ақы төлеуге жол беріледі.

      16. Заңның 42-1-бабы 4-тармағының екінші бөлігіне сәйкес ақылы коммуналдық орынтұрақтарды пайдаланғаны үшін төлемақыдан тиісті растайтын құжат негізінде мыналардың:

      1) Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдары ардагерлерінің, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, еңбек ардагерлеріне теңестірілген ардагерлердің;

      2) бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдардың, мүгедектігі бар баланың заңды өкілдерінің;

      3) "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I немесе II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көп балалы аналардың;

      4) Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтардың;

      5) электромобиль иелерінің;

      6) көк және (немесе) қызыл түсті жарқылдауық маяктары қосылған жедел және арнайы қызметтердің көлік құралдары босатылады.

      17. Ақылы коммуналдық орынтұрақтарды әкімшілендіруді уәкілетті органмен жасалған келісім негізінде Жол жүрісін ұйымдастыру орталығы жүзеге асырады.

      18. Коммуналдық орынтұрақ кеңістіктерінің аумағын жинауды Астана қаласы аудандары әкімдерінің аппараттары жүзеге асырады.

      19. Ақылы коммуналдық орынтұрақтарды пайдаланғаны үшін төлемді бақылау мынадай тәсілдердің бірімен:

      1) Жол жүрісін ұйымдастыру орталығының ішкі құжаттарында белгіленген кесте бойынша орынтұрақтарды айналып өтетін және белгілі бір көлік құралының белгілі бір кезеңділікпен нақты орынтұрақ орнында болуын тіркейтін орынтұрақты автоматтандырылған бақылау көлік құралдарымен;

      2) фото- және бейнетіркеу құралдарын, кіруді және шығуды бақылау құрылғыларын (шлагбаумдарды) және көлік құралдарын автоматтандырылған есепке алуға, орынтұрақ режимін бақылауға және Қағидаларға сәйкес белгіленген бұзушылықтарды тіркеуге арналған өзге де жабдықты қоса алғанда, стационарлық белгіленген техникалық құралдардың жиынтығы болып табылатын орынтұрақты бақылаудың стационарлық кешендерімен жүзеге асырылады.

      20. Көлік құралдарының иелеріне Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы айқындаған және оның интернет-ресурсында көрсетілген тәсілдермен ағымдағы күннің 23 сағат 59 минутына дейін көшедегі ақылы коммуналдық орынтұрақтарда орынтұраққа қою фактісі бойынша ақы төлеуге мүмкіндік беріледі.

3-тарау. "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес ұсталған көлік құралдарын арнаулы алаңдар мен тұрақтарға жеткізу (эвакуациялау), оларды уақытша сақтау, көлік құралдарын жеткізу (эвакуациялау) және сақтау, қайтару құнын төлеу

      21. Кодекске сәйкес ұсталған көлік құралдарын арнаулы алаңдарға немесе тұрақтарға жеткізуге (эвакуациялауға), оларды әкімшілік құқық бұзушылықтар жасау кезінде уақытша сақтауға байланысты қызметті Жол жүрісін ұйымдастыру орталығы ақылы негізде Заңның 17-бабы 1-1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес мәслихат шешімімен айқындалатын мөлшерде жүзеге асырады (бұдан әрі – көлік құралдарын жеткізгені (эвакуациялағаны) және уақытша сақтағаны үшін ақы).

      22. Көлік құралының арнаулы алаңда немесе тұрақта уақытша сақтауда болуының мерзімі Қағидалардың 30-тармағына сәйкес жасалатын көлік құралын қабылдау-тапсыру актісінде көрсетілген күн мен уақыттан бастап есептеледі.

      Көлік құралын уақытша сақтағаны үшін төлем көлік құралының уақытша сақтауда болған әрбір толық сағаты үшін алынады және Астана қаласының коммуналдық меншігіндегі арнаулы алаңдарда, тұрақтарда көлік құралдарын уақытша сақтағаны үшін төлемақы мөлшеріне қарай айқындалады.

      Төленуге жататын сағаттардың санын анықтаған кезде толық емес сағат көлік құралы иесінің пайдасына кему жағына қарай дөңгелектенеді.

      Қағидалардың 40-тармағына сәйкес ресімделетін қабылдау-тапсыру актісінде көрсетілген күн мен уақыт көлік құралының уақытша сақтауда болу мерзімінің аяқталу күні мен уақыты деп танылады.

      23. Көлік құралдарын арнаулы алаңдарға немесе тұрақтарға жеткізу (эвакуациялау) және көлік құралдарын қайтару тәулік бойы жүзеге асырылады.

1-параграф. Ұсталған көлік құралдарын арнаулы алаңдарға немесе тұрақтарға жеткізу (эвакуациялау) тәртібі

      24. Жол жүрісін ұйымдастыру орталығы қызметкерінің көлік құралын арнайы алаңға немесе тұраққа жеткізу (эвакуациялау) процесі мыналарды әрекеттерді қамтиды:

      1) көлік құралын көзбен шолып қарап-тексеру актісін электрондық және (немесе) қағаз түрінде ресімдеу;

      2) ақауларды, жарықшақтарды, ойықтарды, ластануларды және өзге де сыртқы зақымдарды қоса алғанда, анықталған ерекшеліктерді көрсете отырып, көлік құралының сыртқы жай-күйін сипаттау;

      3) көлік құралын фото - және (немесе) бейнетіркеуді, сондай-ақ көлік құралын тиеу, жеткізу, түсіру және арнаулы алаңға немесе тұраққа орналастыру рәсімдерін жүзеге асыру;

      4) фото материалдарды көлік құралын көзбен шолып қарап-тексеру актісіне қосу;

      5) көлік құралын ұстауды және пайдалануға тыйым салуды жүзеге асыратын лауазымды адамның, сондай-ақ көлік құралын эвакуациялауды жүзеге асыратын Жол жүрісін ұйымдастыру орталығы қызметкерінің көлік құралын көзбен шолып қарап-тексеру актісіне қол қоюы;

      6) көлік құралын эвакуаторға тиеу;

      7) көлік құралын арнаулы алаңға немесе тұраққа тасымалдау;

      8) көлік құралын арнаулы алаңда немесе тұрақта түсіру.

      25. Көлік құралын арнаулы алаңдарда немесе тұрақтарда уақытша сақтау үшін жеткізу (эвакуациялау) көлік құралының жүргізушісі ол болмаған кезде ялдау немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзған жағдайларда, сондай-ақ жүргізушілер жолда қараусыз қалдырған көлік құралдарына, олардың орналасқан жерін анықтау мүмкін болмаған кезде қолданылады.

      26. Егер ұсталған көлік құралын басқарған көлік құралының иесі келіп, ұстау себептерін жойса, Қағидалардың 24-тармағының 1), 2), 3) 4), 5) және 6) тармақшаларында көзделген әрекеттер жүргізілмейді, ал басталған әрекеттер тоқтатылады

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген жағдайда ұсталған көлік құралын басқарған көлік құралының иесі:

      1) егер көлік құралын эвакуаторға тиеу жүзеге асырылмаған болса, көлік құралын жеткізгені (эвакуациялағаны) үшін ақы төлемейді;

      2) егер көлік құралын эвакуаторға тиеу жүзеге асырылса, көлік құралын жеткізу (эвакуациялау) ақысының 50% мөлшерінде көлік құралын жеткізгені (эвакуациялағаны) үшін ақы төлеуді жүргізеді.

      Көлік құралын арнаулы алаңға немесе тұраққа тасымалдау басталған жағдайда көлік құралын жеткізу (эвакуациялау) үшін төлем толық көлемде жүзеге асырылады.

      27. Көлік құралын жеткізу (эвакуациялау) көлік құралының бүлінуін, адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіруді, сондай-ақ қоршаған ортаға зиян келтіруді болдырмайтын қауіпсіздік талаптары мен техникалық сипаттамалар сақтала отырып, эвакуатор қолданыла отырып жүзеге асырылады.

      28. Көлік құралын тиеу және тасымалдау кезінде тасымалдау процесінде көлік құралының орын ауыстыруын, құлауын не өзге де бақылаусыз орын ауыстыруын болдырмайтын оның сенімді бекітілуі және эвакуаторда орнықты орналасуы қамтамасыз етіледі.

      29. Көлік құралын тасымалдау жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге не еңсерілмейтін күш мән-жайларының туындауына байланысты жағдайларды қоспағанда, аралық аялдамаларсыз тікелей арнаулы алаңға немесе тұраққа жүзеге асырылады.

      30. Көлік құралын уақытша сақтауға беру электрондық және (немесе) қағаз түрінде жасалатын қабылдау-тапсыру актісімен ресімделеді, онда мыналар:

      1) көлік құралының арнаулы алаңға немесе тұраққа нақты келген күні мен уақыты;

      2) көлік құралы туралы мәліметтер (маркасы, моделі, мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісі);

      3) көлік құралын ұстау және жеткізу (эвакуациялау) негіздемесі;

      4) көлік құралын жеткізуді (эвакуациялауды) жүзеге асырған тұлға (орган) туралы мәліметтер;

      5) көлік құралын уақытша сақтауға қабылдаған Жол жүрісін ұйымдастыру орталығының қызметкері туралы мәліметтер көрсетіледі.

      31. Қабылдау-тапсыру актісіне қол қойылғаннан кейін Жол жүрісін ұйымдастыру орталығы уақытша сақтауға қабылданған көлік құралы туралы ақпаратты әкімдіктің интернет-ресурсында арнаулы алаңның немесе тұрақтың мекенжайын, көлік құралын пайдалануға тыйым салу негіздерін, арнаулы алаңның немесе тұрақтың байланыс деректерін, жұмыс режимін және төлем тәртібін көрсете отырып орналастырады.

2-параграф. Ұсталған көлік құралын арнаулы алаңдар мен тұрақтарда уақытша сақтау тәртібі

      32. Әрбір көлік құралы электрондық түрде, ал техникалық мүмкіндік болмаған жағдайда қағаз түрінде жүргізілетін көлік құралдарын уақытша сақтауға қабылданған есепке алу және тіркеу журналына мәліметтер енгізу арқылы міндетті түрде есепке алуға және тіркеуге жатады.

      33. Уақытша сақтауға қабылданған көлік құралдарын есепке алу және тіркеу журналында Қағидалардың 30-тармағында белгіленген қабылдау-тапсыру актісінен мәліметтер көрсетіледі

      34. Қоса беріліп отырған материалдармен бірге көзбен шолып қарап-тексеру актісі (бұдан әрі – уақытша сақтау материалдары) көлік құралы иесіне қайтарылған күннен бастап кемінде үш ай электрондық түрде сақталуға тиіс.

      35. Уақытша сақтау кезеңінде көлік құралы оның бүлінуін, жинақтылығының жоғалуын не оған рұқсатсыз кіруді болдырмайтын қауіпсіздік талаптары сақтала отырып, арнаулы алаңда немесе тұрақта орналастырылады.

      36. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды, сондай-ақ көлік құралын қарап-тексеру, қызмет көрсету және қайтару мақсатында уәкілетті адамдардың әрекеттерін қоспағанда, бөгде адамдардың уақытша сақтаудағы көлік құралдарына кіруіне жол берілмейді

      37. Уақытша сақтау кезеңінде көлік құралының бүлінуі, жинақтылығының жоғалуы не жай-күйінің өзге де өзгерістері анықталған кезде фото- және бейнетіркеу қолданыла отырып, тиісті акт жасалады, ол көлік құралын уақытша сақтау материалдарына қоса тіркеледі.

      38. Жол жүрісін ұйымдастыру орталығы көлік құралының иесін оның талабы бойынша уақытша сақтау материалдарымен таныстыру мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

3-параграф. Арнаулы алаңдарда немесе тұрақтарда орналастырылған көлік құралдарын қайтару тәртібі

      39. Кодекске сәйкес ұсталған, арнаулы алаңдарға немесе тұрақтарға орналастырылған көлік құралдары ұстау себептері жойылғаннан кейін және көлік құралдарын жеткізгені (эвакуациялағаны) және уақытша сақтағаны үшін ақы төленген жағдайда олардың иелеріне қайтарылуға жатады.

      40. Көлік құралын қайтару Жол жүрісін ұйымдастыру орталығына электрондық және (немесе) қағаз түрінде берілген иесінің немесе оның заңды өкілінің өтініші бойынша мынадай құжаттар ұсынылған кезде жүзеге асырылады:

      1) еркін нысандағы өтініш;

      2) ұстау себептерінің жойылғанын растайтын құжаттар;

      3) жеке куәлік (паспорт немесе жеке басын куәландыратын өзге де құжат);

      4) көлік құралын тіркеу туралы куәлік;

      5) сенімхат немесе көлік құралын алу құқығын растайтын өзге де құжат (көлік құралын заңды өкіл алған жағдайда);

      6) көлік құралын жеткізгені (эвакуациялағаны) және оларды арнаулы алаңдарда немесе тұрақтарда уақытша сақтағаны үшін ақы төленгенін растайтын құжаттың көшірмесі;

      7) әкімшілік жаза қолдану туралы қаулының, айыппұл төлеу қажеттілігі туралы нұсқаманың орындалғанын немесе қысқартылған іс жүргізу бойынша айыппұл төлеуді растайтын құжаттың көшірмесі (Кодекстің 377, 400, 403 (екінші бөлігі), 406 (жетінші және сегізінші бөліктерін қоспағанда), 476, 478 (екінші бөлігі), 571 (бесінші, алтыншы, жетінші және сегізінші бөліктері), 573, 575, 593, 628-баптарға сәйкес ұсталған шетелдіктерге немесе шетелдік заңды тұлғаларға тиесілі көлік құралдары үшін);

      8) "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім.

      41. Жол жүрісін ұйымдастыру орталығының қызметкері Қағидалардың 40-тармағында көзделген осы құжаттардың болуын тексереді. Құжаттарды тексергеннен кейін көлік құралы көлік құралының иесіне қабылдау-тапсыру актісімен беріледі, ол уақытша сақтау материалдарына қоса тіркеледі

      42. Қағидалардың 30 және 40-тармақтарында көрсетілген құжаттарды сақтау мерзімі Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 25 тамыздағы № 236 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33339 болып тіркелген) бекітілген Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттама жасау, құжаттаманы басқару және электрондық құжат айналымы жүйелерін пайдалану қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      43. Көлік құралын ұстау, жеткізу және пайдалануға тыйым салу туралы шешім заңсыз деп танылған жағдайда енгізілген төлем қайтарылуға жатады.

      44. Жол жүрісін ұйымдастыру орталығының қызметкері ұсталған көлік құралдарын есепке алу журналында тіркеп, берілген күні мен уақытын, иесі (заңды өкілі) туралы деректерді және ұсынылған құжаттарды көрсете отырып, көлік құралын нақты беруді жүзеге асырады.

4-тарау. Қорғаныш конструкциялары мен реттеуші элементтерді (шлагбаумдар мен басқа да қоршауларды) орнату

      45. Қорғаныш конструкциялары мен реттеуші элементтерді (шлагбаумдар мен басқа да қоршауларды) орнату жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көлік және жаяу жүргіншілер ағындарын ретке келтіру, сондай-ақ көлік құралдарының көше-жол желісінің жекелеген учаскелеріне, тұрғын аймақтарға және орынтұрақ кеңістіктеріне рұқсатсыз кіруін болғызбау мақсатында жүзеге асырылады.

      46. Қорғаныс (қоршау) конструкцияларының түрлері:

      1) қоршаулар – аумақты қоршау және оның шекараларын белгілеу үшін пайдаланылатын құрылыстар (металл, ағаш, тас және кірпіш, бетон, тор, пластик, аралас және өзге де);

      2) тірі қоршаулар – учаскені аймақтарға бөлуге қызмет ететін тығыз отырғызылған өсімдіктер.

      47. Реттеуші элементтердің типтері:

      1) шлагбаумдар – көлік құралдарының өтуін шектейтін арнайы конструкциядағы арнайы қоршау жебесі түріндегі механикалық құрылғылар;

      2) таранға қарсы құрылғылар – күзетілетін объектінің аумағына кіре берісте орнатылатын және көлік құралының ішке рұқсатсыз өтуінен көлік құралының бұзылуына дейін оны мәжбүрлеп тоқтату арқылы қорғауға арналған физикалық қорғаудың инженерлік құралдары;

      3) боллардтар – белгілі бір аумақтарда көлік құралдарының жүруін шектеу үшін пайдаланылатын жылжымалы немесе стационарлық бағаналар;

      4) қақпа – аумаққа өтетін жолды жабу үшін пайдаланылатын аумақтың қорғаныс (қоршау) конструкцияларының жылжымалы бөлігі.

      48. Қағидаларда белгіленген тәртіпті бұза отырып, жалпы пайдалану аумақтарында қорғаныш конструкциялары мен реттеуші элементтерді (шлагбаумдар мен басқа да қоршауларды) орнатуға жол берілмейді.

      49. Қағидалар жеке тұрғын үйлер орналасқан жер учаскелерінен басқа, меншік нысанына қарамастан объектілерде қорғаныш конструкциялары мен реттеуші элементтерді (шлагбаумдар мен басқа да қоршауларды) орнатуға қолданылады.

      50. Қорғаныш конструкциялары мен реттеуші элементтерді (шлагбаумдар мен басқа да қоршауларды) орнату уәкілетті органмен және Жол жүрісін ұйымдастыру орталығымен келісім бойынша, олар Абаттандыру қағидаларының талаптарына, жол жүрісін ұйымдастыру схемаларына, сондай-ақ халықтың мобильділігі төмен топтарын қоса алғанда, жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіздік пен қолжетімділік талаптарына сәйкес келген жағдайда жүзеге асырылады.

      51. Уәкілетті орган қорғаныш конструкциялары мен реттеуші элементтерді (шлагбаумдар мен басқа да қоршауларды) нақты орнату орындарын айқындау, сондай-ақ оларды орнатуға, жөндеуге немесе бөлшектеуге қажеттілікті анықтау мақсатында қорғаныш конструкциялары мен реттеуші элементтерді (шлагбаумдар мен басқа да қоршауларды) түгендеуді жүргізеді.

      52. Жеке және заңды тұлғалардың қорғаныш конструкцияларын және реттеуші элементтерді (шлагбаумдар мен басқа да қоршауларды) орнатуды келісуі электрондық түрде Астана қаласы әкімдігінің Жол жүрісін ұйымдастыру орталығының ақпараттық жүйесінде цифрлық картада орналасқан жерін көрсете отырып, электрондық нысанды толтыру арқылы жүзеге асырылады.

      53. Жол жүрісін ұйымдастыру орталығы бес жұмыс күні ішінде қорғаныш конструкциялары мен реттеуші элементтердің (шлагбаумдар мен басқа да қоршаулардың) орналасуының келісілген схемасын береді.

      54. Жеке және заңды тұлғалар келісілген схемамен келіспеген жағдайда қорғаныш конструкциялары мен реттеуші элементтердің (шлагбаумдар мен басқа да қоршаулардың) орналасу схемасын түзету туралы өтініш береді.

      Қорғаныш конструкциялары мен реттеуші элементтердің (шлагбаумдар мен басқа да қоршаулардың) орналасу схемасын түзету Қағидалардың 52-тармағында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

      55. Қорғаныш конструкциялары мен реттеуші элементтерді (шлагбаумдар мен басқа да қоршауларды) орнату қатаң түрде қорғаныш конструкциялары мен реттеуші элементтердің (шлагбаумдар мен басқа да қоршаулардың) орналасуының келісілген схемасына сәйкес жүзеге асырылады.

      56. Қорғаныш конструкциялары мен реттеуші элементтерді (шлагбаумдар мен басқа да қоршауларды) орнату кезінде қызмет көрсететін ұйым және диспетчерлік қызметпен байланыс тәсілдері туралы ақпарат орналастырылады.

      57. Астана қаласының аумағында орналасқан реттеуші элементтер тәулік бойы қашықтықтан басқару мүмкіндігімен жарақтандырылады және қолмен немесе автоматты түрде ашуға, оның ішінде шұғыл, авариялық, жедел және коммуналдық қызметтердің кедергісіз өтуіне арналған тетіктермен жабдықталады.

      58. Шұғыл, авариялық, жедел және коммуналдық қызметтердің кедергісіз өтуі реттеуші элементтерді автоматты түрде ашу тетіктерінің бағдарламалық қамтамасыз етуін синхрондау арқылы іске асырылады.

      59. Баруға (өтуге) кедергі келтіретін реттеуші элементтердің ақаулығы болған және ақаулықты жедел жою мүмкін болмаған кезде меншік иелері ақаулық жойылғанға дейін еркін жол жүруді қамтамасыз етеді.

  Жол жүрісі қағидаларында
реттелмеген бөлікте Астана
қаласында жол жүрісін
ұйымдастыру қағидаларына
қосымша

Коммуналдық ақылы орынтұрақты пайдалану үшін тарифтеу

1-аймақ

200 теңге/сағ

2-аймақ

150 теңге/сағ

3-аймақ

100 теңге/сағ


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады