"Ішкі сауда қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 наурыздағы № 264 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің м.а. 2026 жылғы 14 тамыздағы № 235-НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 17 тамызда № 39603 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Ішкі сауда қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 наурыздағы № 264 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11148 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      аталған бұйрықпен бекітілген Ішкі сауда қағидаларында:

      2-тармақ:

      мынадай мазмұндағы 9-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "9-1) бақылау (сәйкестендіру) белгісі – сәйкестендіру құралын қамтитын және тауарларды таңбалауға арналған, қолдан жасаудан қорғау элементтері (құралдары) бар қатаң есептіліктің бланкісі (құжаты) (қорғалған полиграфиялық өнім);"

      мынадай мазмұндағы 37-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "37-1) материалдық жеткізгіш – қолдан жасаудан қорғау элементтерін (құралдарын) қамтитын немесе қамтымайтын және сәйкестендіру құралын түсіруге, сақтауға және беруге арналған бақылау (сәйкестендіру) белгісі немесе кез келген материалдан жасалған объект;";

      мынадай мазмұндағы 62-1) және 62-2) тармақшаларымен толықтырылсын:

      "62-1) сәйкестендіру коды – сауда қызметінде тауарларды бірмәнді сәйкестендіру мақсатында Тауарлардың ұлттық каталогында қамтылатын, тауар түрлеріне берілетін және штрих-код түрінде ұсынылған, машинамен оқылатын нысандағы символдардың бірегей реттілігі;

      62-2) сәйкестендіру құралы – штрихтық код түрінде ұсынылған немесе радиожиілік белгісіне жазылған, не автоматты сәйкестендірудің өзге де құралын (технологиясын) пайдалана отырып ұсынылған, машинамен оқылатын нысандағы символдардың бірегей реттілігі;";

      мынадай мазмұндағы 68-1) және 68-2) тармақшаларымен толықтырылсын:

      "68-1) тауар кіші санаты – бір тауар санаты шегінде ұқсас функционалдық сипаттамалары мен тұтынушылық қасиеттері бар тауарларды біріктіретін тауар санатының бөлігі;

      68-2) тауар санаты – ортақ функционалдық мақсаты және тұтынушылық қасиеттері бойынша біріктірілген, тұтынушылардың бір ғана қажеттілігін қанағаттандыруға арналған және бірыңғай ассортименттік блок шеңберінде ұсынылған тауарлардың жиынтығы;";

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Кейіннен сату үшін азық-түлік тауарларын сатып алу және (немесе) өткізу Қазақстан Республикасының тиісті ұлттық стандарттарын қолдана отырып, ал олар болмаған жағдайда осы Қағидалардың қосымшасына сәйкес жүзеге асырылады.";

      16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "16. Сатушы тауардың атауын, оның сортын, тауардың салмағы немесе бірлігі бағасын көрсете отырып сатылатын тауарларға нақты ресімделген баға белгілерінің болуын қамтамасыз етеді.";

      46-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "46. Заманауи форматтағы сауда объектісіне дәстүрлі қызмет көрсету әдісімен ұштастыра отырып өзіне-өзі қызмет көрсету әдісі бойынша жұмыс істейтін, сондай-ақ сауданың қосымша қызметтерін көрсететін, төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді жүзеге асыруға арналған жабдықтың (құрылғының) болуы, жоғары еңбек өнімділігі және тауарлардың мамандандырылған немесе аралас ассортименті бар сауда алаңының шаршы метрінен сату, өз аумағының шекарасы шегінде автокөлік құралдарын қоюға арналған алаңмен 1, 2, 3, 4 және 5-санаттағы стационарлық сауда объектісі жатады.";

      49-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "49. 1, 2, 3 және 4-санаттағы сауда объектілерінде тауарларды сатуды жүзеге асыру кезінде ішкі сауда субъектілері:

      1) Қазақстанда шығарылған тауарларын жақын жерде орналасқан бірнеше Қазақстанда шығарылған тауарларына орнатуға рұқсат етілетін арнайы маңдайшамен немесе "Қазақстанда жасалған" деген жазумен қою орындарын белгілейді;

      2) кросс-сауда-саттықты пайдалана отырып үлкен сұранысқа ие өнімдермен қатар "Қазақстанда жасалған" деген жазуы бар Қазақстанда шығарылған тауарлары бар;

      3) қазақстандық азық-түлік және азық-түлік емес тауарларын сауда алаңында және (немесе) сөре кеңістігінде кемінде 30% көлемінде орналастырады

      әрбір тауардың кіші санаты бойынша – тиісті тауарддың кіші санаты алып жатқан сауда алаңынан және (немесе) сөре кеңістігінен;

      әрбір тауардың санаты бойынша – тиісті тауардың санаты алып жатқан сауда алаңынан және (немесе) сөре кеңістігінен;

      сауда объектісі бойынша – азық-түлік және азық-түлік емес тауарлар алып жатқан сауда алаңынан және (немесе) сөре кеңістігінен.

      4) қазақстандық тауарлардың әрбір тауардың санаты мен әрбір тауардың кіші санатын қою орталық аймағында, тұтынушылар үшін көзбен және физикалық қолжетімді орындарда (көз деңгейінде), сұранысы жоғары өніммен қатар орналастырылуын қамтамасыз етеді.

      Көрсетілген көлемде қазақстандық азық-түлік және (немесе) азық-түлік емес тауарлары болмаған жағдайда тиісті тауардың санаты мен тауардың кіші санатына көздеелген тауарларды қоюдың қалған орындары және (немесе) сөре кеңістігі осы Қағидалардың 50-тармағының үшінші бөлігінің талаптарын сақтай отырып, өзге тауарлармен толтырылады.";

      51-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "51. Сөре кеңістігінің үлесі келесі формула бойынша анықталады:

      А = В / С * 100, қайда

      А – Қазақстандық тауарлардың сөре кеңістігінің үлесі, пайыз;

      В – сөреде қазақстандық тауарлар фейсингтерінің саны, бірлік;

      С – сөредегі фейсингтердің жалпы саны, бірлік.

      Үлесті есептеу әрбір тауардың кіші санаты, әрбір тауардың санаты және тұтастай сауда объектісі бойынша жеке жүзеге асырылады.";

      мынадай мазмұндағы 192-1-тармақпен толықтырылсын:

      "192-1. Тауарларды электрондық сауда алаңы арқылы сату үшін электрондық сауда алаңы мен сатушы арасында жасалатын шарттарда сатушының Заңның 32-бабы 3-тармағының 3-1) тармақшасында және 4-тармағында көзделген талаптарды сақтауы жөніндегі шарттар көзделеді.";

      196 тармақ мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшасымен толықтырылсын:

      "1-1) электрондық сауда алаңдарында тауарларды іздеу нәтижелерін көрсету кезінде "Қазақстанда жасалған" айырым белгісі бар тауарларға басымдық беруді қамтамасыз ететін бағдарламалық қамтамасыз ету, іздеу сұрауы іздеу нәтижелерін қалыптастыру кезінде қолданылатын пайдаланушының дербестендірілген іздеу параметрлеріне негізделген жағдайларды қоспағанда;";

      197-тармақ мынадай мазмұндағы 1-1), 1-2) және 1-3) тармақшаларымен толықтырылсын:

      "1-1) екі факторлы аутентификацияны қолдана отырып, жарнамалық хабарландырулар орналастыратын тұлғаларды тіркеу және сәйкестендіру бойынша Қазақстан Республикасының ұялы байланыс операторында тіркелген абоненттік нөмірді көрсету арқылы және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген сәйкестендірудің өзге тәсілдерін;

      1-2) сату, жалға беру немесе тұрғынжайды өзге де иеліктен шығару туралы хабарландыруды орналастыратын тұлғаның тұрғынжайдың авариялық және (немесе) ескі деп танылғаны туралы мәліметтерді көрсету мүмкіндігін;

      1-3) жарнамалық хабарландыруларды орналастыруы және таратуы кезінде пайдаланушылардың алаяқтық белсенділігі белгілерін анықтау және болдырмау мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің алаяқтыққа қарсы орталығымен интеграцияны қамтамасыз ететін бағдарламалық қамтылымды;";

      229-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "229. Ішкі сауда субъектілері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемесінің мөлшерін он бес пайыздан аспайтын мөлшерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізу шарттарында көрсетілген өндірушінің босату бағасынан немесе көтерме жеткізушінің сатып алу бағасынан белгілейді.

      Ішкі сауда субъектілеріне жол берілмейді осы Қағидаларда белгіленген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемесінің мөлшерін бұзуға, оларға шекті жол берілетін бөлшек сауда бағаларының жоғарылауына ықпал етуге жол берілмейді.

      Ішкі сауда субъектісі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары бірнеше өндірушіден немесе көтерме жеткізушіден болған жағдайда шекті сауда үстемесінің мөлшерін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарын жеткізу шартында көрсетілген ең төмен құны бар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарына өндірушінің босату бағасынан немесе көтерме жеткізушінің сатып алу бағасынан он бес пайыздан аспайтын мөлшерде белгілейді.

      Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізу шарттарын жасасу кезінде шекті сауда үстемесінің мөлшері белгіленеді.

      Сауда үстемесін әлеуметтік маңызы бар тауарларды тасымалдауға және (немесе) импорттауға байланысты және (немесе) электрондық сауда кезінде жеткізу қызметтеріне арналған шығындарға және (немесе) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 25 қарашадағы № 717 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12484 болып тіркелген) бекітілген бөлшек саудадағы азық-түлік тауарларының табиғи кему нормалары шегінде азық-түлік тауарларының табиғи кемуіне байланысты шеккен және құжаттамалық расталған шығындардың шамасына ұлғайтуға жол беріледі.

      Тауарды өткізуге байланысты өзге де шығындар осы Қағидаларда белгіленген сауда үстемесі шегінде ескеріледі және оның мөлшерін ұлғайтуға әкеп соқпайды.

      Ішкі сауда субъектілері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілермен шарттар жасасады.";

      көрсетілген қағидаларға қосымшаны мынадай мазмұндағы 52-1 және 52-2 реттік нөмірелері жолдармен толықтырылсын:

52-1

ҚР СТ 4014-2025 Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын айқындау жөніндегі нұсқаулық

52-2

ҚР СТ 1756-2024 Сауда қызметтері

      2. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Ішкі сауданы дамыту департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын ол ресми жарияланғаннан кейін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының сауда және интеграция вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Сауда және интеграция
министрінің міндетін атқарушы
А. Бижанова

 

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ішкі істер министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады