"Қазақстандық жұмыскерлердің тәлімгерлігін ұйымдастыру қағидаларын және шетелдік жұмыс күшін тартатын жұмыс берушілерге қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 18 маусымдағы № 197 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2026 жылғы 26 мамырдағы № 197 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 28 мамырда № 38812 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстандық жұмыскерлердің тәлімгерлігін ұйымдастыру қағидаларын және шетелдік жұмыс күшін тартатын жұмыс берушілерге қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 18 маусымдағы № 197 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 34507 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгінiң кейбiр мәселелерi туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 18 ақпандағы № 81 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлігi туралы ереженің 15-тармағы 119-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстандық жұмыскерлердің тәлімгерлігін ұйымдастыру қағидалары және шетелдік жұмыс күшін тартатын жұмыс берушілерге қойылатын талаптар (бұдан әрі – Қағидалар) осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы тармақтың 1) және 2) тармақшалары орындалғаннан кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Заң қызметі департаментіне орындалуы туралы ақпараттарды ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      2026 жылы 12 шілдеден бастап Қағидалардың 2-тармағының 9) тармақшасы мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:

      "9) Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасы (бұдан әрі - ҰБЖ цифрлық платформасы) – Заңның 6-бабы 1-тармағында көрсетілген ақпаратты қамтитын, "Электронды еңбек биржасы" жұмыспен қамту бірыңғай цифрлық жүйесінің порталы.".

      Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
А. Ертаев

  Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрі 2026 жылғы
26 мамырдағы № 197 бұйрығына
қосымша
Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрінің
2024 жылғы 18 маусымдағы
№197 бұйрығымен бекітілген

Қазақстандық жұмыскерлердің тәлімгерлігін ұйымдастыру қағидалары және шетелдік жұмыс күшін тартатын жұмыс берушілерге қойылатын талаптар

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстандық жұмыскерлердің тәлімгерлігін ұйымдастыру қағидалары және шетелдік жұмыс күшін тартатын жұмыс берушілерге қойылатын талаптар (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 18 ақпандағы № 81 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлігi туралы ереженің 15-тармағының 119-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және қазақстандық жұмыскерлердің (бұдан әрі – жұмыскер) тәлімгерлігін ұйымдастыру мен шетелдік жұмыс күшін тартатын жұмыс берушілерге қойылатын талаптарды белгілеу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) жұмыскер – жұмыс берушімен еңбек қатынастарында тұратын және еңбек шарты бойынша жұмысты тікелей орындайтын жеке тұлға;

      2) жұмыс беруші – жұмыскер еңбек қатынастарында болатын жеке немесе заңды тұлға;

      3) жұмыс берушінің актілері – жұмыс беруші шығаратын бұйрықтар, өкімдер, нұсқаулықтар, қағидалар, ережелер, ауысымдық кестелер, вахта кестелері, демалыс кестелері, сондай-ақ еңбек қатынастарын және еңбекпен тікелей байланысты өзге де қатынастарды реттейтін, жұмыс беруші шығаратын өзге де актілер;

      4) кәсіптік біліктілік – кәсібі бойынша еңбек функцияларын орындау үшін талап етілетін құзыреттерді меңгеруді сипаттайтын кәсіптік даярлық дәрежесі;

      5) кәсіптік біліктілікті тану – кәсіптік біліктілікті тану – кандидаттың (бұдан әрі – жұмыскер) кәсіптік стандарттардың талаптарына, ал олар болмаған кезде "Кәсіптік біліктілік туралы" Қазақстан Республикасы Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес біліктілік талаптарына сәйкестігін бағалау және шешім қабылдау рәсімі;

      6) кәсіптік біліктілікті тану орталығы (бұдан әрі – тану орталығы) – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен аккредиттелген, кәсіптік біліктілікті тануды жүзеге асыратын заңды тұлға;

      7) кәсіптік біліктілікті тану туралы құжат – кандидаттың (жұмыскердің) кәсіптік біліктілігінің белгілі бір кәсіп бойынша еңбек функцияларын орындауға қойылатын талаптарға сәйкестігін куәландыратын құжат;

      8) тәлімгер – өндіріс немесе қызметтер көрсету саласы технологияларын меңгерген, өндірістік оқыту мен кәсіптік практикаға басшылықты жүзеге асыратын кәсіпорынның (ұйымның) білікті жұмыскері;

      9) Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасы (бұдан әрі - ҰБЖ цифрлық платформасы) – Заңның 6-бабы 1-тармағында көрсетілген ақпаратты қамтитын, "Электронды еңбек биржасы" жұмыспен қамту бірыңғай ақпараттық жүйесінің порталы.

2-тарау. Жұмыскерлердің тәлімгерлігін ұйымдастыру тәртібі

      3. Тәлімгерлік мыналарды қамтиды:

      1) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 279 бұйрығымен бекітілген Жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру және ұзарту, сондай-ақ корпоративішілік ауыстыруды жүзеге асыру қағидалары мен шарттарына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32977 болып тіркелген) сәйкес бірінші, екінші, үшінші және төртінші санаттағы шетелдік жұмыс күші қатарынан тәлімгерді бекіту;

      2) осы Қағидалардың қосымшасына сәйкес нысан бойынша жұмыс берішінің актісімен тәлімгер бекітілгеннен кейін 5 (бес) жұмыс күні ішінде бекітілетін жұмыс беруші мен тәлімгердің Тәлімгерлік жоспарын (бұдан әрі – Жоспар) бірлесіп әзірлеу және іске асыру;

      3) Жоспарды іске асыру туралы тәлімгердің есеп жасау (ерікті түрде);

      4) Заңның 15-бабына сәйкес кәсіби біліктілікті тану орталықтарында тәлімгерлік жүргізу кезеңінде (қажет болған жағдайда) тәлімгерліктің қорытындылары бойынша жұмыскердің ерікті түрде кәсіптер тізіліміндегі кәсіп бойынша кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен (қажет жағдайда) өтуі.

      4. Жұмыскерлердің біліктілігін арттыру мақсатында 6 (алты) айдан 12 (он екі) айға дейінгі кезеңге жұмыс берушімен шетелдік жұмыскерді тарту барысында тәлімгер бекітіледі.

      Тәлімгер жұмыскерлерге олардың кәсіптік біліктілігінің жүзеге асырылатын қызмет бейіні мен саласына сәйкес келуін ескере отырып, кәсіби білімін, біліктілігін және тәжірибесін беру үшін бекітіледі.

      Тәлімгерді бекіту жұмыс берушінің актісімен оны жұмысқа қабылдаған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде тәлімгерлік мерзімін көрсете отырып ресімделеді.

      Жұмыскерді кадр қызметі 3 (үш) жұмыс күні ішінде жұмыс берушінің актісімен тәлімгерді бекіткеннен бастап тәлімгердің тағайындалуы туралы хабардар етеді.

      Жұмыс беруші тәлімгерге бекітілетін жұмыскерлердің санын тәлімгердің негізгі еңбек қызметін ескере отырып, бірақ 3 (үштен) артық емес анықтайды.

      5. Жоспар мынадай сатыларды қамтиды:

      1) жұмыскерді өндірістік процестермен және жұмыс технологиясымен таныстыру;

      2) тәлімгердің басшылығымен еңбек функцияларын бірлесіп орындау;

      3) тәлімгердің үйлестіруімен еңбек функцияларын өз бетінше орындау;

      4) кәсіптік біліктіліктерді тану рәсімін қоса алғанда (қажет болған жағдайда), тәлімгер берген кәсіби білім мен дағдыларды бағалау.

      6. Тәлімгер тәлімгерлік аяқталғанға дейін 3 (үш) жұмыс күн бұрын тәлімгерлік кезеңінде жұмыскердің алған білімі мен дағдылары қамтылған Жоспардың іске асырылуы туралы есебін дайындайды.

      Тәлімгер жоспарды іске асыру туралы есепті кәсіпорынның кадр қызметіне тәлімгерлік аяқталған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде жібереді.

      Кадр қызметі меңгерілген дағдылар және кәсіптік біліктіліктерді тану (болған жаңдайда) нәтижелері туралы деректерді қамтитын қорытынды есепті ресімдейді.

      7. Жұмыскер ерікті түрде кәсіптер тізіліміндегі кәсіп бойынша ("Электронды еңбек биржасы" порталында) кәсіптік біліктілікті тану қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 6 қыркүйектегі №374 бұйрығымен бекітілген Кәсіптік біліктілікті тану қағидаларында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33387 болып тіркелген) көзделген тәртіппен кәсіптік біліктілікті тану үрдісі жүзеге асырылады.

      Кәсіптік біліктілікті тану туралы құжат кадр қызметіне сақтау үшін беріледі.

      Кадр қызметі тәлімгерлікке қатысты құжаттарды жұмыс берушінің құжат айналымы қағидаларында белгіленген мерзімде жұмыскерлер мен тәлімгерлердің жеке істерінде сақтауды қамтамасыз етеді.

      8. Тәлімгерді алмастыру 5 (бес) жұмыс күнінен артық емес мерзімде тәлімгердің басқа жұмысқа ауысқан немесе жұмыстан шыққан кезден, сондай-ақ тәлімгерлікті жүзеге асыру мүмкін болмаған (сырқаттану, іссапарда, демалыста болу) жағдайларда жүзеге асырылады.

      Тәлімгер алмастырылған жағдайда жұмыс беруші кадр қызметі арқылы жұмыскерлерді хабарландырады және тәлімгердің ауысқаны туралы Жоспарға өзгерістер енгізеді.

3-тарау. Тәлімгерлікті ұйымдастыру кезінде шетелдік жұмыс күшін тартатын жұмыс берушілерге, тәлімгерлерге және жұмыскерлерге қойылатын талаптар

      9. Тәлімгерлік кезеңінде шетелдік жұмыс күшін тартатын жұмыс берушілерден:

      1) Жоспарда шетелдік жұмыскердің тәлімгерлік жүргізу кезеңінде, оны Қазақстан Республикасына тартуға негіз болған Заңның 15-бабына сәйкес қажет болған жағдайда ҰБЖ цифрлық платформасында тиісті мамандық бойынша кәсіптік біліктіліктерін тану туралы құжатты бере отырып (ол болған жағдайда), қазақстандық жұмыскердің тиісті кәсіп бойынша тану орталықтарында кәсіптік біліктіліктерін тану рәсімінен өтуін қоса алғанда, шетелдік жұмыскердің тәжірибесін, құзыреттерін, дағдыларын беруді қамтамасыз ететін шараларды көздеу;

      2) тәлімгерлікті ұйымдастыру қажетті жағдайлар жасауға бағытталған шараларды қабылдау;

      3) Жоспардың орындалуына айына кемінде бір рет мониторингті жүзеге асыруға және қажет болған жағдайда оны тәлімгермен және жұмыскермен келісу арқылы түзетуді қамтамасыз ету;

      4) Жоспардың орындалуын бақылау, құжаттаманы жүргізу және кадр қызметімен өзара іс-қимыл жасауды қоса алғанда, тәлімгерлікті ұйымдастыру және үйлестіру үшін жауапты адамды тағайындау;

      5) Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 6 қыркүйектегі №374 бұйрығымен бекітілген Кәсіптік біліктілікті тану қағидаларының 17-тармағына сәйкес жұмыскер кәсіптік біліктіліктерін тану рәсімінен өтпеген жағдайда, жұмыс беруші оқытуды, тағылымдамадан өтуді және (немесе) тәлімгерлікті ұйымдастыруды қоса алғанда, кейіннен жұмыскерді кәсіптік біліктіліктерін тану рәсімінен қайтадан өтуге жібере отырып, анықталған сәйкессіздіктерді (кәсіби білімінің, тәжірибелік дағдылардың және жұмыс тәжірибесінің жеткіліксіздігі) жою жөніндегі шараларды қамтамасыз ету;

      Кәсіптік біліктіліктерді тану рәсімінен өтпеу еңбек шартын бұзу немесе жұмыскерді еңбек міндеттерін орындаудан шеттету үшін негіз болып табылмайды.

      6) Жоспарды орындау үшін жағдай жасау (жұмыс орны, құрал-жабдықтар, өндірістік үрдістерге қол жетімділік);

      7) тәлімгер мен жұмыскердің өзара іс-қимыл жасау мүмкіндігін қамтамасыз ету;

      8) тәлімгерді осы Қағидалардың 8-тармағына сәйкес алмастыру талап етіледі.

      Заңның 15-бабы 3-тармағына сәйкес кәсіптік біліктілікті ерікті негізде тану кандидаттың қаражаты немесе Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де қаражат есебінен не Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген тәртіппен жұмыс берушінің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      10. Тәлімгерлікті ұйымдастыру кезінде тәлімгерден:

      1) Жоспарды іске асыру;

      2) жұмыскердің кәсіби дағдылары мен білімін дамытуын қамтамасыз ету, сондай-ақ оны Қазақстан Республикасына тартуға негіз болған тәжірибе мен құзыреттердің берілуін;

      3) жұмыскерге кеңес беру талап етіледі.

      11. Тәлімгерлікті ұйымдастыру кезінде жұмыскерден:

      1) Жоспарды және тәлімгердің ұсынысын сапалы және өз мерзімінде іске асыру;

      2) Заңның 15-бабына сәйкес тиісті біліктілігі бойынша тану орталықтарында (ол болған жағдайда) кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен өту (қажет болған жағдайда) талап етіледі.

  Қазақстандық жұмыскерлердің
тәлімгерлігін ұйымдастыру
қағидалары және шетелдік
жұмыс күшін тартатын жұмыс
берушілерге қойылатын
талаптарға қосымша
Нысан
Бекітемін
___________________________
(жұмыс берушінің лауазымы
және
Т.А.Ә. (ол болған жағдайда))
______________________
  (бекіту мерзімі)

Тәлімгердің жұмыс жоспары

      Тәлімгердің Т.А.Ә. (ол болған жағдайда): _________________________

      Жұмыскер (лер) дің Т.А.Ә. (ол болған жағдайда):___________________

      Тәлімгерлікті өткізу кезеңі: 20 _ ж._ _ бастап 20 _ ж._ _ дейін.

Саты

Іс-шаралар

Өтетін күні мен уақыты

Орындауды бағалау (күні, тәлімгердің қолы)

1

Өндірістік процестермен және жұмыс технологиясымен танысу

Кіріспе кездесу өткізу (тәлімгерліктің мақсаттарын, міндеттерін және форматтарын айқындау)



Жұмыскердің (жұмыскерлердің) лауазымдық міндеттерімен танысу



Өндірістік процестермен және технологиялармен танысу



Нормативтік құқықтық актілерді және ішкі регламенттерді зерделеу



Кәсіби дағдылар мен білімге бастапқы бағалау жүргізу



2

Тәлімгердің басшылығымен еңбек функцияларын бірлесіп орындау

Еңбек функцияларын бірлесіп орындау



Жұмысты орындау әдістері мен технологияларын тәлімгердің көрсетуі



Тәлімгердің бақылауымен практикалық тапсырмаларды орындау



Өндірістік кейстерді талдау



Жұмыскерге (жұмыскерлерге) консультация беру және сүйемелдеу



Аралық нәтижелерді бағалау



3

Тәлімгерді үйлестіру кезінде еңбек функцияларын дербес орындау

Жұмыскердің (жұмыскерлердің) еңбек функцияларын дербес орындауы



Апталық міндеттерді белгілеу



Тәлімгермен тұрақты кездесулер (ілгерілеуді талқылау)



Міндеттердің орындалу тиімділігін бағалау



4

Тәлімгермен берілген кәсіби біліктілікті атну үрдісін қоса алғанда кәсіби дағдылар мен білімді бағалау (қажет болған жағдайда)

Кәсіби білім мен дағдыларды қорытынды бағалау



Тестілеуді өткізу және практикалық тапсырмаларды орындау



Қол жеткізілген нәтижелерді талдау



Одан әрі даму бойынша ұсынымдар дайындау



Қажет болған жағдайда – кәсіби біліктілікті тану рәсімінен өтуді ұйымдастыру



Тәлімгерлікті аяқтау



      Тәлімгер: _____________ /____________________________________/

      (күні) (Т.А.Ә. (ол болған жағдайда), қолы)

      Жұмыскер(лер):_____________ /_______________________________/

      (күні) (Т.А.Ә. (ол болған жағдайда), қолы)

      Жұмыс беруші (қажет болған жағдайда): _______ /________________/

      Ескерту: жоспар саланың, нақты кәсіпорынның (ұйымның), кәсіптің және жұмыскер (лер) дің біліктілік деңгейінің ерекшелігіне бейімделуі мүмкін.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады