"Мемлекеттік ұлттық табиғи парктерде туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 5 наурыздағы № 73 бұйрығына өзгерістер және толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің 2026 жылғы 19 мамырдағы № 97 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 20 мамырда № 38757 тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Мемлекеттік ұлттық табиғи парктерде туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 5 наурыздағы № 73 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 27066 болып тіркелген) сәйкес мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік ұлттық табиғи парктерде туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру қағидаларында:

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      " 3. Ұлттық парктерде туристік және рекреациялық қызмет Ұлттық парктiң қорғалуын және жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету үшін қажетті әкiмшiлiк-шаруашылық мақсаттағы объектiлерді орналастыру, шаруашылық қызмет жүргiзу, әуесқойлық (спорттық) балық аулауды, жануарлар дүниесін жалпы пайдалануды ұйымдастыруды қоса алғанда, келушiлерге қызмет көрсету, танытым орталықтарын, рекреациялық орталықтарды, жабайы жануарларды өсіруге және күтіп-бағуға арналған вольерлерді, балық өсіру шаруашылығын, қонақүйлер, кемпингтер, музейлер мен туристерге қызмет көрсетудiң басқа да объектiлерiн салуды және пайдалануды жүзеге асыру, туристік, рекреациялық және шектеулі шаруашылық қызмет аймақтарында рекреациялық жүктемелердің нормаларын ескере отырып, демалу алаңқайлары мен тамашалау алаңдарын, жағажайларды, қайық станцияларын, суда жүзетін көлік түрлері мен жағажай құрал-жабдығын жалға беру пункттерін орнату жолымен жүзеге асырылады.

      Балық шаруашылықтарын орналастыру үшін учаскелер беру мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы бар биологиялық негіздеме болған кезде жүзеге асырылады.

      Балық шаруашылығын жүргізу сумен қамтамасыз етудің тұйық циклімен балық өсіру шаруашылықтарын ұйымдастыру тәсілімен жүзеге асырылады.";

      15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "15. Ұлттық парктердің учаскелері туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру үшін бес жылдан жиырма бес жылға дейінгі мерзімге ұзақ мерзімді пайдалануға беріледі. Бұл учаскелерді беруді осы Қағидаларға сәйкес тікелей Ұлттық парк жүзеге асырады.

      Ұлттық парктің учаскелері танытым орталықтарын, рекреациялық орталықтарды, қонақүйлерді, музейлерді және туристерге қызмет көрсетудiң басқа да объектiлерiн орналастыру үшін ұзақ мерзімді пайдалануға беріледі.";

      35-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "35-1. Шаруашылық қызметі шектеулі аймақтағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың учаскелері мемлекеттік органдарға және мемлекеттің жарғылық капиталда жүз пайыз қатысуымен олардың еншілес және (немесе) үлестес ұйымдарға ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлері босалқы жерлерге ауыстырылмай, жануарлардың өріс аудару жолдары ескеріле отырып, туризм объектілеріне инженерлік инфрақұрылымды (жолдарды, көпірлерді, электр беру желілерін және басқа да коммуникацияларды) жобалау, салу және оларға қызмет көрсету үшін табиғат қорғау ұйымымен жасалған, туризм объектілеріне инженерлік инфрақұрылымды жобалау, салу және оларға қызмет көрсету үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың учаскелерін ұзақ мерзімді пайдалануға беру туралы шарттың негізінде Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша және (немесе) Үкімет жанындағы Инвестициялық штаб мақұлдаған инвестордың қаражаты есебінен іске асырылатын инвестициялық жобалар бойынша, сондай-ақ мемлекеттік резиденцияларды күтіп-ұстау, оларға қызмет көрсету және олардың жұмыс істеуі үшін ұзақ мерзімді пайдалануға беріледі.

      Туризм объектілеріне инженерлік инфрақұрылымды (жолдарды, көпірлерді, электр беру желілерін және басқа да коммуникацияларды) жобалау, салу және оларға қызмет көрсету үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың учаскелерін ұзақ мерзімді пайдалануға беру туралы шарт Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін үлгілік шарттың негізінде жасалады.

      Туризм объектілеріне инженерлік инфрақұрылымды (жолдарды, көпірлерді, электр беру желілерін және басқа да коммуникацияларды) жобалау, салу және оларға қызмет көрсету үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың учаскелерін ұзақ мерзімді пайдалануға беру туралы шартта жүргізілетін жұмыстардың атауы, олардың орындалу мерзімдері мен талаптары, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі экологиялық талаптар, бүлінген жерлерді рекультивациялау жөніндегі іс-шаралар және оларды жүргізу мерзімдері көрсетіледі.".

      2. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Экология және табиғи ресурстар министрі
Е. Нысанбаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Туризм және спорт министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады