Базалық активі ақша (стейблкоин) болып табылатын цифрлық қаржы активтерінің эмитенттері үшін қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптарды бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2026 жылғы 10 сәуірдегі № 31 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 13 сәуірде № 38410 тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Қолданысқа енгізілу тәртібін 4-тармақтан қараңыз.

      "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабы 3-2-тармағының үшінші абзацына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Базалық активі ақша (стейблкоин) болып табылатын цифрлық қаржы активтерінің эмитенттері үшін қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптар (бұдан әрі-Талаптар) бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төлем жүйелері және цифрлық қаржы технологиялары департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы 2026 жылғы 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      2026 жылғы 12 шілдеге дейін:

      1) Талаптардың 8-тармағының 1) тармақшасы қолданысы тоқтатыла тұрсын, осы абзац тоқтата тұру кезеңінде мынадай редакцияда қолданыста болады деп белгіленсін:

      "1) өз функцияларын толық көлемде және эмитенттің ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен жүзеге асыруға мүмкіндік беретін шектерде эмитенттің барлық үй-жайларына, ақпараттық жүйелерге, телекоммуникация құралдарына, құжаттар мен файлдарға рұқсат алу;";

      2) Талаптардың 10-тармағының бірінші абзацы қолданысы тоқтатыла тұрсын, осы абзац тоқтата тұру кезеңінде мынадай редакцияда қолданыста болады деп белгіленсін:

      "10. Эмитент КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚ қарсы іс-қимыл мақсатында ішкі бақылау мәселелері бойынша процестерді автоматтандыру үшін мынадай талаптарға сәйкес келетін автоматтандырылған ақпараттық жүйелерді пайдаланады:".

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкінің Төрағасы
Т. Сулейменов

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржылық мониторинг агенттігі

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
202__ жылғы "__" ________
№ __ қаулысымен
бекітілген

Базалық активі ақша (стейблкоин) болып табылатын цифрлық қаржы активтерінің эмитенттері үшін қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптар

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Базалық активі ақша (стейблкоин) болып табылатын цифрлық қаржы активтерінің эмитенттері үшін қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚҚ туралы заң) 11-бабы 3-2-тармағының үшінші абзацына сәйкес әзірленді.

      Талаптар базалық активі ақша (стейблкоин) болып табылатын цифрлық қаржы активтерінің эмитенттеріне (бұдан әрі – эмитенттер) қолданылады.

      2. Талаптарда Қазақстан Республикасының КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚҚ туралы және "Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы" заңдарында көзделген ұғымдар, сондай-ақ мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) ерекше операция (мәміле) – қаржылық мониторингті жүзеге асыратын және КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚҚ туралы заңның 10-бабының 2-тармағына сәйкес қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға, жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл бойынша өзге де шаралар қабылдайтын уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) айқындаған, сондай-ақ эмитенттер дербес әзірлеген күдікті операцияны айқындау белгілерін ескере отырып, КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚҚ туралы заңның 4-бабының 4-тармағына сәйкес міндетті түрде зерделенуге тиіс клиент операциясы (мәмілесі);

      2) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату), терроризмді қаржыландыру және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыру тәуекелдері (бұдан әрі – КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚ тәуекелдері) – эмитенттерді қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату), терроризмді қаржыландыру және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыру (бұдан әрі – КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚ) процестеріне әдейі немесе байқаусыз тарту тәуекелдері

      3) КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚ тәуекелдерін басқару – КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚ тәуекелдерін анықтау, бағалау, мониторингтеу, сондай-ақ оларды барынша азайту бойынша эмитенттер қабылдайтын шаралардың жиынтығы (қызметтерге, клиенттерге, сондай-ақ клиенттер жасайтын операцияларға қатысты);

      4) шекті операция – клиенттің ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен жасайтын, КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚҚ туралы заңның 4-бабының 1-тармағына сәйкес қаржылық мониторинг жүргізілуі тиіс операциясы.

      3. Эмитенттер КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚ қарсы іс-қимыл мақсатында ішкі бақылауды:

      1) КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚҚ туралы заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ету;

      2) эмитенттердің ішкі бақылау жүйесінің тиімділігін цифрлық қаржы активтері мен қолданылатын технологиялардың ерекшеліктерін және ұштасқан тәуекелдерді (операциялық, беделді, құқықтық)ескере отырып, КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚ тәуекелдерін басқару үшін жеткілікті деңгейде ұстап тұру;

      3) эмитенттерді, олардың лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерін КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚ процестеріне тартуды болдырмау мақсатында жүзеге асырады.

      4. Эмитенттер КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚ қарсы іс-қимыл мақсатында мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру шеңберінде КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚ қарсы іс-қимыл мақсатында ішкі бақылау қағидаларын (бұдан әрі – ішкі бақылау қағидалары) әзірлейді және қабылдайды.

      Ішкі бақылау қағидаларында КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚҚ туралы заңның 11-бабында көзделген, эмитенттер Талаптарға сәйкес дербес әзірлейтін және эмитенттердің ішкі құжаттары не осындай құжаттардың жиынтығы болып табылатын бағдарламалар қамтылады.

2-тарау. КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚ қарсы іс-қимыл мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру бағдарламасы

      5. Эмитенттің ішкі құжаттарында белгіленген тәртіппен эмитентте жоғары білімі, КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚҚ туралы заңға және "Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мінсіз іскерлік беделі бар, ішкі бақылау қағидаларын іске асыруға және сақтауға жауапты тұлға (бұдан әрі – жауапты қызметкер) тағайындалады.

      6. КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚ қарсы іс-қимыл мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру бағдарламасында мыналар қамтылады, бірақ олармен шектелмейді:

      1) мәліметтерді тіркеу, сондай-ақ КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚ қарсы іс-қимыл мақсатында ішкі бақылауды іске асыру барысында алынған құжаттар мен ақпаратты сақтау тәртібі;

      2) нысаналы қаржылық санкцияларды қолдану және клиенттің (оның өкілінің) және бенефициарлық меншік иесінің КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚҚ туралы заңның 12-бабына сәйкес жасалған терроризмді және экстремизмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалар тізбесінде (бұдан әрі – Тізбе) және КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚҚ туралы заңның 12-1-бабына сәйкес жасалған жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалар тізбесінде (бұдан әрі – ЖҚҚТҚ тізбесі) болуын тексеру тәртібі;

      3) Тізбеден және ЖҚҚТҚ тізбесінен клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтер алып тасталған кезде нысаналы қаржылық санкциялардың қолданылуын тоқтату тәртібі;

      4) эмитенттер қызметкерлерінің өздеріне белгілі болған, эмитенттердің қызметкерлері жол берген КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚҚ туралы заңды, сондай-ақ ішкі бақылау қағидаларын бұзу фактілері туралы хабардар ету тәртібі;

      5) эмитенттерді бақылайтын заңды тұлғалар белгілеген КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚ қарсы іс-қимыл жөніндегі талаптардың сипаттамасы (бар болса).

      7. КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚ қарсы іс-қимыл мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру бағдарламасына сәйкес жауапты қызметкердің функцияларында мыналар қамтылады, бірақ олармен шектелмейді:

      1) эмитент әзірлеген ішкі бақылау қағидаларының және (немесе) оларға өзгерістердің (толықтырулардың) болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың сақталуын мониторингтеу;

      2) КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚҚ туралы заңға сәйкес уәкілетті органға хабарламалардың ұсынылуын ұйымдастыру және ұсынылуын бақылау;

      3) эмитенттердің басшылығын Тізбеден, ЖҚҚТҚ тізбесінен анықталған клиенттер және нысаналы қаржылық санкцияларды қолдану бойынша қабылданған шаралар туралы хабардар ету;

      4) клиенттердің операцияларын күдікті операциялар ретінде тану және эмитенттердің ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен уәкілетті органға хабарламалар жіберу қажеттілігі туралы шешімдер қабылдау;

      5) КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚҚ туралы заңда және (немесе) клиенттермен жасалған шарттарда көзделген жағдайларда және эмитенттің ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен клиенттердің операцияларын жүргізуді тоқтата тұру не бас тарту туралы шешімдерді қабылдау не эмитенттердің басшылығымен келісу.

      8. Жүктелген функцияларды орындау үшін жауапты қызметкерге мынадай өкілеттіктер беріледі, бірақ олармен шектелмейді:

      1) өз функцияларын толық көлемде және эмитенттің ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен жүзеге асыруға мүмкіндік беретін шектерде эмитенттің барлық үй-жайларына, цифрлық жүйелерге, телекоммуникация құралдарына, құжаттар мен файлдарға рұқсат алу;

      2) өз функцияларын жүзеге асыру кезінде алынған ақпараттың жасырындылығын қамтамасыз ету.

      9. Эмитент тәуекелге бағдарланған тәсілді ескере отырып, КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚ қарсы іс-қимыл мақсатында ішкі бақылау жүйесінің тиімділігіне тәуелсіз бағалау жүргізуді қамтамасыз етеді.

      Мұндай бағалауды ішкі бақылау қағидаларын іске асыруға қатыспайтын тұлға немесе ұйым жүргізе алады.

      10. Эмитент ішкі бақылау мәселелері бойынша процестерді автоматтандыру үшін КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚ қарсы іс-қимыл мақсатында ұйымның ішкі бақылау талаптарына сәйкес келетін цифрлық жүйелерді пайдаланады.

3-тарау. КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚ тәуекелдерін басқару бағдарламасы

      11. Эмитент КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚ тәуекелдерін басқаруды ұйымдастыру мақсатында КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚ тәуекелдерін басқару бағдарламасын әзірлейді.

      12. Эмитент КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚ тәуекелдерін басқару бағдарламасын іске асыру кезінде КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚҚ туралы заңның 11-1-бабының 6-тармағына сәйкес КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚ тәуекелдері есебінен жарияланған ақпаратты ескереді.

      13. КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚ тәуекелдерін басқару бағдарламасында мыналар қамтылады, бірақ олармен шектелмейді:

      1) КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚ тәуекелдерін басқаруды ұйымдастыру тәртібі;

      2) мыналарға қатысты тәуекелдердің негізгі санаттарын ескере отырып, КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚ тәуекелдерін бағалау әдістемесі (клиенттің типі, елдік тәуекел және қызметтер/өнімдер тәуекелі бойынша):

      клиенттің тәуекел деңгейі;

      эмитенттің қызметтеріне (өнімдеріне) КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚ тәуекелдерінің әсер ету дәрежесі;

      3) клиенттер тәуекелдерінің деңгейін қайта қарау үшін беру тәртібі, мерзімдері мен негіздері.

      4) жаңа өнімдерді және жаңа іскерлік тәжірибені, соның ішінде жаңа беріліс механизмдерін әзірлеуге (іске қосуға), сондай-ақ жаңа және бұрыннан бар өнімдер үшін жаңа немесе дамып келе жатқан технологияларды пайдалануға дейін туындайтын КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚ тәуекелдерін анықтау және бағалау тәртібі.

      14. КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚ тәуекелдерін бағалау кезінде эмитент ақша қаражатына айырбастауға, жасалатын операциялардың жылдамдығы мен көлеміне, сондай-ақ трансшекаралық операцияларда пайдалануға байланысты тәуекелдерді қоса алғанда, базалық активі ақша болып табылатын цифрлық қаржы активтерін шығару, орналастыру, айналысқа жіберу және өтеу ерекшеліктерін ескереді.

      15. Мәртебесі және (немесе) қызметі КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚ тәуекелін арттыратын клиенттердің типтеріне мыналар кіреді, бірақ олармен шектелмейді:

      1) жария лауазымды тұлғалар, олардың жұбайлары және жақын туыстары;

      2) шетелдік қаржы ұйымдары;

      3) "Астана" халықаралық қаржы орталығының аумағында қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді шығаруды және олардың айналымын жүзеге асыратын тұлғалар;

      4) операциялардың мақсаты мен сипаты туралы жеткілікті ақпарат болмаған кезде цифрлық активтер қызметтерінің провайдерлері қызмет көрсетпейтін цифрлық активтердің әмияндарын пайдалана отырып операцияларды жүзеге асыратын клиенттер;

      5) қызметі қолма-қол ақшаның қарқынды айналымымен байланысты заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер, оның ішінде:

      ойын бизнесін ұйымдастырушылар, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде онлайн-казино қызметінен қызметтер көрсететін не табыс алатын тұлғалар;

      туристік қызметтерді, сондай-ақ қолма-қол ақшаның қарқынды айналымына байланысты өзге де қызметтерді ұсынатын тұлғалар;

      6) "өмірді сақтандыру" саласы бойынша қызметті жүзеге асыратын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары, сақтандыру брокерлері;

      7) қызметін сақтандыру агенттері ретінде жүзеге асыратын тұлғалар;

      8) жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату жөніндегі делдалдық қызметті жүзеге асыратын тұлғалар;

      9) қорлардың, діни бірлестіктердің ұйымдық-құқықтық нысанындағы коммерциялық емес ұйымдар;

      10) Талаптардың 17-тармағында көрсетілген шет мемлекеттерде орналасқан (тіркелген) тұлғалар, сондай-ақ Қазақстан Республикасында орналасқан осындай тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктері;

      11) эмитент айқындаған мәртебесі және (немесе) қызметі КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚ тәуекелін арттыратын клиенттердің қосымша түрлері (бар болса).

      16. Мәртебесі және (немесе) қызметі КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚ тәуекелін төмендететін клиенттердің типтеріне мыналар кіреді, бірақ олармен шектелмейді:

      1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоса алғанда, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары бақылайтын заңды тұлғалар;

      2) мемлекеттік мекемелердің немесе мемлекеттік кәсіпорындардың ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, сондай-ақ ұлттық басқарушы холдинг не дауыс беретін акцияларының жүз пайызы (қатысу үлестері) ұлттық басқарушы холдингке тиесілі заңды тұлғалар құрған заңды тұлғалар;

      3) екінші деңгейдегі банктер, Қазақстан Республикасының резиденттері -сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары, Қазақстан Республикасының резиденттері - бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары.

      17. Эмитент осы тармақта көрсетілген шет мемлекеттерде қызметті жүргізуге, осындай шет мемлекеттер (аумақтар) клиенттеріне қызмет көрсетуге, осындай шет мемлекеттердің қатысуымен операцияларды жүзеге асыруға байланысты елдік тәуекелді бағалайды.

      Мыналар өздерімен жасалатын операциялар КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚ тәуекелін ұлғайтатын шет мемлекеттер (аумақтар) болып табылады:

      1) КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚҚ туралы заңның 4-бабының 4-тармағына сәйкес уәкілетті орган жасайтын Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының (ФАТФ) ұсынымдарын орындамайтын не жеткілікті орындамайтын мемлекеттер (аумақтар) тізбесіне енгізілген шет мемлекеттер (аумақтар);

      2) Біріккен Ұлттар Ұйымы (бұдан әрі – БҰҰ) Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларымен қабылданған халықаралық санкциялар (эмбарго) қолданылатын шет мемлекеттер (аумақтар);

      3) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген оффшорлық аймақтар тізбесіне сәйкес оффшорлық аймақтар ретінде сипатталатын шет мемлекеттер (аумақтар);

      4) эмитент басқа факторлардың (сыбайлас жемқорлық, есірткілердің заңсыз өндірілуінің, айналымының және (немесе) транзитінің деңгейі туралы мәліметтер, халықаралық терроризмді қолдау туралы мәліметтер және басқалар) негізінде КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚ жоғары тәуекелін көрсетуші ретінде анықтаған шет мемлекеттер (аумақтар).

      18. Талаптардың 12, 13 және 14-тармақтарында көрсетілген тәуекел факторларына сәйкес эмитенттің қызметтеріне КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚ тәуекелдерінің әсер ету дәрежесін бағалау кезінде мыналарды қоса алғанда, бірақ олармен шектелмей, эмитент тәуекелдің қорытынды дәрежесіне әсер ететін мынадай қосымша мәліметтерді ескереді:

      1) эмитент уәкілетті органға клиенттердің күдікті операциялары туралы жіберген хабарламалардың саны;

      2) эмитент уәкілетті органға клиенттердің шекті операциялары туралы жіберген хабарламалардың саны.

      19. Эмитент КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚ тәуекелдерін басқару бағдарламасын іске асыру шеңберінде қатысушы Талаптардың 12, 13 және 14-тармақтарында көрсетілген тәуекел санаттары мен факторларын ескере отырып, клиенттерді жіктеу бойынша шаралар қабылдайды.

4-тарау. Клиенттерді (олардың өкілдерін) және бенефициарлық меншік иелерін сәйкестендіру бағдарламасы

      20. Эмитенттер клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін тиісінше тексеру бойынша КЖ/ТҚҚ/ЖҚҚТҚ туралы заңның талаптарын іске асыру мақсатында клиенттерді (олардың өкілдерін) және бенефициарлық меншік иелерін сәйкестендіру бағдарламасын әзірлейді.

      Клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру – эмитенттердің клиент (оның өкілі) туралы мәліметтерді тіркеу және олардың дәйектілігін тексеру, бенефициарлық меншік иесін анықтау және ол туралы мәліметтерді тіркеу, іскерлік қатынастардың болжамды мақсатын анықтау және белгілеу бойынша іс-шараларды жүргізуі.

      21. Эмитенттер клиенттерді сәйкестендіру шеңберінде алынған мәліметтерді клиенттің досьесіне енгізеді, оны эмитенттер клиентпен іскерлік қатынастардың бүкіл кезеңі ішінде және олар тоқтатылған күннен бастап кемінде 5 (бес) жыл сақтайды.

      22. Клиентті, оның өкілін және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру бағдарламасында мыналар қамтылады, бірақ олармен шектелмейді:

      1) эмитенттердің іскерлік қатынастар орнатудан және (немесе) операция жүргізуден бас тарту, сондай-ақ іскерлік қатынастарды тоқтату туралы шешім қабылдау рәсімін, негіздері мен мерзімдерін қоса алғанда, клиенттерді қызмет көрсетуге қабылдау тәртібі;

      2) клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру тәртібі, оның ішінде клиентті тиісінше тексерудің оңайлатылған және күшейтілген шаралары рәсімдерінің ерекшеліктері;

      3) эмитенттердің қызмет көрсетудегі немесе қызмет көрсетуге қабылданатын клиенттердің (олардың өкілдерінің) және бенефициарлық меншік иелерінің арасынан жария лауазымды тұлғаларды, олардың жұбайлары мен жақын туыстарын анықтауына бағытталған шаралардың сипаттамасы.

      Жария лауазымды тұлғаларға, олардың жұбайларына және жақын туыстарына жатқызылған клиенттерге, олардың өкілдеріне және (немесе) бенефициарлық меншік иелеріне қатысты эмитент тиісті тексерудің күшейтілген шараларын, сондай-ақ операциялардың күшейтілген мониторингін және осындай клиенттер туралы мәліметтерді жаңартуды қолданады.

      4) клиенттің (оның өкілінің) және бенефициарлық меншік иесінің Тізбеде және ЖҚҚТҚ тізбесінде болуын тексеру тәртібі.

      5) цифрлық активтерді аудару ашықтығын қамтамасыз ету тәртібі, оның ішінде цифрлық активтермен операциялар жүргізу кезінде жөнелтуші мен алушы туралы мәліметтерді алу, беру және сақтау тәртібі, сондай-ақ мұндай мәліметтер болмаған, толық емес не бір-біріне қайшы келген жағдайларда эмитент қызметкерлерінің іс-қимыл тәртібі айқындалады.

      Аталған тәртіп аясында эмитент цифрлық активтерді жөнелтуші мен алушы туралы мәліметтерді алуды және тіркеуді қамтамасыз етеді, оның ішінде, бірақ олармен шектелмей, төмендегілерді қамтиды:

      операция туралы мәліметтер, оның ішінде цифрлық активтің түрі, сомасы, операция жасалған күні мен уақыты, пайдаланылған блокчейн (таратылған тізілім) және эмитентінің ішкі құжаттарында көзделген өзге де мәліметтер.

      Цифрлық активтерді жөнелтуші туралы:

      тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) немесе заңды тұлғаның атауы;

      клиентті сәйкестендіруге мүмкіндік беретін мәліметтер;

      цифрлық активтер әмиянының мекенжайы не операцияны жүзеге асыру үшін пайдаланылатын өзге бірегей идентификатор;

      бар болған жағдайда – жөнелтушіге қызмет көрсететін цифрлық активтер қызметтерін көрсетуші провайдер туралы мәліметтер.

      Цифрлық активтерді алушы туралы:

      тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) немесе заңды тұлғаның атауы;

      алушының цифрлық активтер әмиянының мекенжайы не өзге бірегей идентификаторы;

      бар болған жағдайда – алушыға қызмет көрсететін цифрлық активтер қызметтерін көрсетуші провайдер туралы мәліметтер.

      6) цифрлық активтер қызметтерін провайдерлер қызмет көрсетпейтін цифрлық активтер әмияндарының мекенжайларына цифрлық активтерді аудару кезінде не цифрлық активтердің осындай әмиянының иесі (бенефициарлық меншік иесі) туралы мәліметтерді белгілеу және тексеру жөніндегі тәуекелге бағдарланған шараларды қоса алғанда, осындай мекенжайлардан цифрлық активтерді алу кезінде тиісті тексеру шараларын қолдану ерекшеліктері эмитенттің ішкі құжаттарында көзделген жағдайларда.

      23. Клиенттің бенефициарлық меншік иесін анықтау, оның меншігі мен басқару құрылымын белгілеу жөніндегі іс – шаралар құрылтай құжаттары және осындай клиенттің акцияларын ұстаушылар тізілімі (қатысушылар тізілімі), қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылған заңды тұлғалардың бенефициарлық меншік иелерінің тізілімі бұдан әрі – БМИ тізілімі) не басқа көздерден алынған мәліметтер негізінде жүргізіледі.

      24. Анықталған бенефициарлық меншік иелері туралы мәліметтер БМИ тізіліміне енгізіледі.

5-тарау. Клиенттердің операцияларын мониторингтеу және зерделеу бағдарламасы

      25. Эмитент КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚҚ туралы заңның клиентті тиісінше тексеру бойынша, сондай-ақ шекті және күдікті операцияларды анықтау және олар туралы хабарламаларды уәкілетті органға жіберу бойынша талаптарын іске асыру мақсатында клиенттердің операцияларын мониторингтеу және зерделеу бағдарламасын әзірлейді.

      26. Эмитент клиенттердің операцияларын мониторингтеу және зерделеу бағдарламасы шеңберінде клиенттер жасайтын операцияларды қаржыландыру көзі туралы мәліметтерді қоса алғанда, клиенттер (олардың өкілдері) және бенефициарлық меншік иелері туралы қосымша мәліметтерді жаңарту және (немесе) алу бойынша, сондай-ақ клиенттердің операцияларын зерделеу және шекті, ерекше және күдікті операцияларды анықтау бойынша іс-шаралар жүргізеді.

      27. Клиенттердің операцияларын мониторингтеу және зерделеу бағдарламасында мыналар қамтылады, бірақ олармен шектелмейді:

      1) КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚҚ туралы заңның 10-бабының 2-тармағына сәйкес уәкілетті орган айқындаған, сондай-ақ эмитенттер дербес әзірлеген күдікті операцияны айқындау белгілерінің негізінде жасалған күдікті операциялар белгілерінің тізбесі;

      2) жауапты қызметкердің клиент операциясын саралау туралы шешім қабылдау тәртібі, негіздері мен мерзімі;

      3) уәкілетті органға шекті және күдікті операциялар туралы хабарламаларды ұсыну тәртібі.

      28. Операцияны шекті операция ретінде саралаудың заңдылығы бөлігінде күмән туындаған кезде, сондай-ақ ерекше немесе күдікті операция анықталған кезде көрсетілген операцияны анықтаған эмитенттің қызметкері жауапты қызметкерге осындай операция туралы хабарлама жібереді.

6-тарау. Эмитенттің қызметкерлерін КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚ қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша даярлау және оқыту бағдарламасы

      29. Эмитенттің қызметкерлерін КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚ қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша даярлау және оқыту бағдарламасының (бұдан әрі – оқыту бағдарламасы) мақсаты – эмитент қызметкерлерінің КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚ қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының, сондай-ақ ішкі бақылау қағидаларының және КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚ қарсы іс-қимыл саласындағы эмитенттің өзге де ішкі құжаттарының талаптарын орындауы үшін қажет білім алуы және дағдыларды қалыптастыруы.

      30. Оқыту бағдарламасы КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚҚ туралы заңның 11-бабының 8-тармағында көрсетілген КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚ қарсы іс-қимыл саласында даярлау және оқыту бойынша қаржылық мониторинг субъектілеріне қойылатын талаптарға сәйкес әзірленеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады