ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз.
БҰЙЫРАМЫН:
1. "Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің террористік тұрғыдан осал объектілерін және террористік тұрғыдан осал ішкі сауда объектілерін терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2023 жылғы 5 қазандағы № 366-НҚ бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33534 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің террористік тұрғыдан осал объектілерін және террористік тұрғыдан осал ішкі сауда объектілерін терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықта:
16-тармақтың бірінші және екінші бөліктері алып тасталсын;
17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"17. Террористік тұрғыдан осал объектілерге жатқызылған Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің қарамағындағы ұйымдар объектілерінің және осы Нұсқаулықтың 76-тармағы 2) тармақшасының алтыншы абзацында көзделген 2.5-топ объектілерінің меншік иелері, иелері, басшылары немесе өзге де уәкілетті лауазымды адамдары күзет қызметтерін көрсетуге, оның ішінде, террористік тұрғыдан осал объектілерді күзетуге лицензиясы бар күзет қызметі субъектісімен күзет қызметтерін көрсету туралы шарт жасасады.";
19-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"19. Объектінің басшысы (осы Нұсқаулықтың 76-тармағы 2) тармақшасының алтыншы абзацында көзделген 2.5-топтағы объектіні қоспағанда) өткізу режимін ұйымдастыру тәртібін, оны қамтамасыз етуге және бақылауға жауапты адамдарды айқындайды.";
22-тармақ алып тасталсын;
74-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Осы Нұсқаулықтың 76-тармағы 3) тармақшасында көзделген үшінші топ объектілерін жарақтандыру Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2019 жылғы 1 шілдедегі № 602 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18961 болып тіркелді) Азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының айналымы қағидаларына сәйкес қамтамасыз етіледі.";
76-тармақ мынадай редакцияда жазылсын;
"76. Терроризм актісін жасаудың ықтимал қауіптілік дәрежесін және оның ықтимал салдарын ескере отырып, объектілер мынадай топтарға бөлінеді:
1) бірінші топқа Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен оның ведомстволарының орталық аппараттары орналасқан әкімшілік ғимараттар жатады;
2) екінші топқа сауда алаңы 500 (бес жүз) шаршы метр және одан да асатын сауда объектілері, келушілерге қызмет көрсетуге арналған залдардың жиынтық ауданы 500 (бес жүз) шаршы метр және одан да асатын қоғамдық тамақтандыру объектілері:
сауда алаңы 500-ден (бес жүз) 2000 (екі мың) шаршы метрге дейінгі сауда, қосалқы, әкімшілік-тұрмыстық үй-жайлармен, азық-түлік, азық-түлік емес тауарларды қабылдауға, сақтауға және оларды сатуға дайындауға арналған үй-жайлармен қамтамасыз етілген сауда объектілері (бұдан әрі – 2.1-топ объектілері);
келушілерге қызмет көрсетуге арналған залдардың жиынтық ауданы 500-ден (бес жүз) 2000 (екі мың) шаршы метрге дейінгі қоғамдық тамақтандыру объектілер (бұдан әрі – 2.2-топ объектілері);
сауда алаңы 2000 (екі мың) шаршы метрден асатын азық-түлік, азық-түлік емес тауарларды сатуға маманданған, сауда, әкімшілік-тұрмыстық, қойма үй-жайларымен және өз аумағының шекаралары шегінде автокөлік құралдарын қоюға арналған алаңмен (олар болған жағдайда), сондай-ақ қоғамдық тамақтандыру объектілерімен (олар болған жағдайда) және өзге де объектілермен (олар болған жағдайда) қамтамасыз етілген сауда объектілері (бұдан әрі – 2.3-топ объектілері);
келушілерге қызмет көрсетуге арналған залдардың жиынтық ауданы 2000 (екі мың) шаршы метрден асатын қоғамдық тамақтандыру объектілері (бұдан әрі – 2.4-топ объектілері);
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің м.а. 2015 жылғы 27 наурыздағы № 264 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11148 болып тіркелді) Ішкі сауда қағидаларының 2-тармағы 62) тармақшасында көзделген жалпы ауданы 20 000 (жиырма мың) шаршы метрден асатын сауда-ойын-сауық орталықтары (бұдан әрі – 2.5-топ объектілері);
3) үшінші топқа сауда алаңына қарамастан аумағында атыс қаруы мен оқ-дәрілер саудасы жүзеге асырылатын объектілер жатады.";
83, 84, 85 және 86-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"83. Бірінші топтағы объектілер аумағының ғимараттарын, құрылыстарын және қоршауларын инженерлік-техникалық нығайту бұзушылардың объектіге және оның ішіне кіруін еңсеру қиынға соғуын қамтамасыз етуі тиіс.
84. Бірінші топ объектілерінде бақылау-өткізу пункттерінің саны және олардың орналасуы адамдар мен көлік құралдарының қажетті өткізу қабілетін қамтамасыз етуі тиіс.
85. 2.1-топтың және 2.2-топтың объектілері 78-тармақта көзделген іс-шараларға қосымша дабыл берудің мобильді немесе стационарлық құралымен ("дабыл түймелері") жарақтандырылады.
86. 2.3-топтың және 2.4-топтың объектілері 78 және 85-тармақтарда көзделген іс-шараларға қосымша күзет дабылы жүйесімен (ықтимал қауіпті учаскелердің болуына байланысты) жабдықталады.";
87-тармақ алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 87-1, 87-2, 87-3, 87-4, 87-5-тармақтармен толықтырылсын:
"87-1. 2.5-топтағы объектілер 78, 85 және 86-тармақтарда көзделген іс-шараларға қосымша:
1) объектінің жекелеген ғимараттарына, үй-жайлары мен аймақтарына санкцияланған қолжетімділікті, сондай-ақ олардан шығуды қамтамасыз ету мақсатында кіруді бақылау және басқару жүйесімен (олардың мақсатын ескере отырып);
2) объектінің кірулерінде келушілерді жете тексеру үшін пайдаланылатын жете тексерудің техникалық құралдарымен жабдықталады.
87-2. Келушілерге қатысты жете тексерудің техникалық құралдарын пайдалану Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 9 тамыздағы № 611 Жарлығымен бекітілген Терроризм актісі қатерінің туындауы туралы ақпарат мониторингінің және халықты хабардар етудің мемлекеттік жүйесін ұйымдастыру және оның жұмыс істеуі қағидаларына (бұдан әрі – Мониторинг қағидалары) сәйкес тиісті аумақта террористік қауіптілік деңгейлерін белгілеу кезінде ұйымдастырылады.
Тиісті аумақта террористік қауіптілік деңгейлері белгіленгеннен және бұл шешім Мониторинг қағидаларына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жарияланғаннан кейін келушілердің объектіге кіруі тек жете тексерудің техникалық құралдарын пайдалану арқылы қамтамасыз етілуі тиіс.
Осы мақсатта объектінің әкімшілігі жете тексерудің техникалық құралдарының объектіде бар болуын және оның қажеттілік туындаған жағдайда пайдалануға дайындығын қамтамасыз етеді.
Объект әкімшілігі оның ерекшеліктері мен келу көрсеткішіне сүйене отырып, жете тексерудің техникалық құралдарымен жабдықталатын келушілерге арналған кірулердің саны мен орналасқан жерін дербес айқындайды. Егер әкімшіліктің шешімі бойынша барлық кіреберістер жете тексерудің техникалық құралдарымен жабдықталуы тиіс болмаған жағдайда, қалған кірулер күзет қызметінің субъектісі қызметкерлерінің міндетті бақылауымен тек келушілердің шығуы үшін пайдаланылуы тиіс. Кірулерді жете тексерудің техникалық құралдарымен жабдықтауға және келушілердің шығуын бақылауға қатысты объект әкімшілігінің бұл шешімдері күзет қызметі субъектісімен күзет қызметін көрсету туралы шартта бекітіледі.
Егер объектіге кіру объект ғимаратына бөлек кірулер арқылы да (дүкендер, қоғамдық тамақтандыру объектілері және басқа объектілер арқылы) қамтамасыз етілген жағдайда, бұл кірулер террористік қауіптілік деңгейі белгіленген кезеңге жабылуы тиіс. Бұл кірулер егер жоғарыда аталған күзет қызметі субъектісімен күзет қызметін көрсету туралы шартта олардың жете тексерудің техникалық құралдарымен жабдықталуы немесе шығуды бақылау үшін күзет бекетімен қамтамасыз етілуі көрсетілген жағдайда жұмыс істеуі мүмкін.
Терроризм қауіптілігінің деңгейі белгіленген аумақтың шекарасы шегінде орналасқан объект әкімшілігі өзінің интернет-ресурстарында (әлеуметтік желілердегі аккаунттарда) шектеу шараларының енгізілуі және объектіге барған кезде жете тексеруден өту қажеттілігі туралы ақпарат жариялайды.
Сондай-ақ қол жүгін тексеру қажеттілігін ескере отырып, оның саны мен көлемін барынша азайтудың орындылығы туралы ескерту жарияланады.
Жете тексеруден өтуден және қол жүгін жете тексеруге тапсыруға бас тартқан келушілерге объектіге кіруге рұқсат етілмейді. Кірулерде шектеу шараларын енгізуді көздейтін осы Нұсқаулықтан үзінділер орналыстырылады.
87-3. Жете тексерудің техникалық құралдарына портативті (ықшам, жылжымалы) металл іздегіш, стационарлық металл іздегіш жатады.
Жете тексеру кезінде қолданылатын барлық техникалық құралдар мынадай қауіпсіздік талаптарына сай болуы тиіс:
1) электр тогымен зақымдануды болдырмайтын қорғаныш тұйықталу контурын қамтиды;
2) электр қауіпсіздігін қамтамасыз етеді;
3) бұйымдарда қолданылатын материалдар адам денсаулығы үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
87-4. Портативті (ықшам, жылжымалы) металл іздегіш қондырғыны жылжыту жылдамдығы секундына 0,2 – 0,5 метр болған кезде 0,12 – 0,15 метр қашықтықтағы металл заттарды (өлшемі 100х100х1 миллиметр болат тілімше) табуды, металл зат болғанда дыбыстық сигнал беруді қамтамасыз етуге тиіс.";
87-5. Стационарлық металл іздегіш мынадай талаптарға сай болуы тиіс:
1) адам денесінде және оның киімінде объектілерге кіргізуге тыйым салынған металл заттарды табу мүмкіндігі;
2) тыйым салынған металл зат табылған жағдайда автоматты түрде жарықпен және дыбыспен сигнал беру мүмкіндігі;
3) биіктігі кемінде 2 метр және ені 0,76 метр ойығы бар аркасы, сондай-ақ сезгіштік деңгейін өзгерту мүмкіндігі болуға тиіс.";
83-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"93. Объектіні күзету телевизиялық жүйесіне кіретін бейнебақылау жүйелеріне қойылатын техникалық талаптар Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 2020 жылғы 27 қазандағы № 69-қе бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21693 болып тіркелген) бекітілген Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің жұмыс істеу қағидаларында көзделген бейнебақылау жүйелерінің ең төменгі техникалық шарттарына сәйкес келуге тиіс.
Объектінің (жалға алынатын алаңдардағы жалға алушыларды қоса алғанда) бейнебақылау жүйесінің бейнекөрінісін полицияның жедел басқару орталықтарына не аумақтық ішкі істер органдарының кезекші бөлімдеріне беру мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.".
2. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Ақпаратты қорғау және жұмылдыру дайындығы департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғаннан күнінен кейін оны Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрі |
А. Шаккалиев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық қауіпсіздік комитеті
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрлігі
