Резервтегі әскери қызметті өткеріп жүрген әскери қызметшілердің жауынгерлік дайындық бойынша сабақтардан немесе жиындардан, дағдарыстық ахуалдар кезіндегі жиындардан өту қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 2025 жылғы 8 желтоқсандағы № 114/қе бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 10 желтоқсанда № 37578 болып тіркелді

      "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 40-4-бабының 1-тармағына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Резервтегі әскери қызметті өткеріп жүрген әскери қызметшілердің жауынгерлік дайындық бойынша сабақтардан немесе жиындардан, дағдарыстық ахуалдар кезіндегі жиындардан өту қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының бірінші орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрықпен Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілері және жұмыскерлері қатысты бөлігінде таныстырылсын.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы
Е. Сагимбаев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық қауіпсіздік
комитеті Төрағасының
2025 жылғы 8 желтоқсандағы
№ 114/қе
бұйрығымен бекітілген

Резервтегі әскери қызметті өткеріп жүрген әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлық бойынша сабақтардан немесе жиындардан, дағдарыстық ахуалдар кезіндегі жиындардан өту қағидалары

      1. Осы Қағидалар резервтегі әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметшілермен (бұдан әрі – резервтегі әскери адамдар) жауынгерлік даярлық бойынша сабақтардан немесе жиындардан, дағдарыстық ахуалдар кезіндегі жиындардан өту тәртібін айқындайды.

      2. Резервтегі әскери адамдардың жауынгерлік даярлық бойынша сабақтардан немесе жиындардан өтуі олардың арналуына сәйкес міндеттерді орындауға дайындығын қамтамасыз етуге бағытталған әскери басқару органдары мен бөлімшелерінің оқыту мен үйлестіру процесін (бұдан әрі – резервтегі әскери адамдардың жауынгерлік дайындығы) қамтиды.

      3. Резервтегі әскери адамдардың жауынгерлік даярлығының мақсаты олардың арналуына сәйкес міндеттерді уақтылы өрістетуді, қолдануды және тиімді орындауды қамтамасыз ететін жеке және ұжымдық дайындық деңгейін ұстап тұру және арттыру болып табылады.

      4. Резервтегі әскери адамдардың жауынгерлік даярлығының міндеттеріне мыналар жатады:

      1) бөлімшелерді жауынгерлік (жедел-қызметтік) әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру кезінде, сондай-ақ қызметтік, жауынгерлік және арнайы міндеттерді орындау кезінде қызметтік және арнайы міндеттерді орындауға дайындау;

      2) шекара нарядтары, экипаждар, есептоп, ауысымдар мен бөлімшелер құрамында әрекет етуге даярлау, жауынгерлік машық деңгейін арттыру;

      3) қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа үлгілерін меңгеру, оларды пайдалану, техникалық қызмет көрсету және қолдану, қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша практикалық дағдыларды игеру;

      4) моральдық-психологиялық және физикалық қасиеттерді, оның ішінде батылдылақты, шыдамдылықты, ептілікті, күйзеліске төзімділікті және аса күрделі жағдайларда әрекет ету қабілетін қалыптастыру.

      5. Резервтегі әскери адамдардың жауынгерлік дайындығы басқару органдары мен бөлімшелерде жауынгерлік (жедел-жауынгерлік) даярлықты ұйымдастыруды реттейтін құқықтық актілерге сәйкес ұйымдастырылады.

      6. Резервтегі әскери адамдар әскери қызмет өткеретін бөлімшенің бастығы (командирі) резервтегі әскери адамдарды жауынгерлік даярлаудың жетекшісі болып табылады.

      Жауынгерлік даярлық бойынша сабақтар айына күнтізбелік үш күнге дейінгі, бірақ жылына күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде өткізіледі. Жауынгерлік даярлық бойынша сабақтарды өткізіп алған кезде резервтегі әскери адам көрсетілген сабақтарға бөлімше бастығымен (командирімен) келісу бойынша басқа бос уақытында қатысады. Ұзақтығы күнтізбелік отыз күн болатын жауынгерлік даярлық бойынша жиындар осы жиындардың соңғы күндерінде екі демалыс күні беріле отырып, жылына бір рет өткізіледі.

      7. Резервтегі әскери адамдардың даярлық деңгейін бағалау үшін басқару органдары мен бөлімшелердің жауынгерлік (жедел-жауынгерлік) даярлығын ұйымдастыруды реттейтін құқықтық актілерде бекітілген тәртіпте жауынгерлік даярлық бойынша жиындардың қорытынды кезеңінде жеке және штаттық (құрама) бөлімше құрамында бақылау сабақтары өткізіледі.

      8. Резервтегі әскери адамдар қызмет өткеретін бөлімшенің жауынгерлік даярлығын ұйымдастыратын басқару органы жауынгерлік даярлық бойынша оқу жылына:

      1) алғаш рет – резервтегі әскери қызметті өткеру туралы келісімшарт жасалғаннан кейін үш күн ішінде;

      2) кейіннен – жыл сайын 30 қарашаға дейін сабақтар мен жиындар өткізу кестесін әзірлейді.

      Жауынгерлік даярлық бойынша сабақтар мен жиындар өткізу кестесінде өткізілетін іс-шаралардың атауы, олардың өткізу мерзімі (жиындардың, сабақтардың басталу және аяқталу күні мен уақыты) көрсетіледі.

      Жауынгерлік даярлық өткізу кестесін бөлімше бастығы (командирі) бекітеді және бекітілген күннен үш жұмыс күні ішінде резервтегі әскери адамдарға жеткізіледі.

      Бекітілген кестеден үзінді резервтегі әскери адамға негізгі жұмыс орнына ұсыну үшін беріледі.

      Жауынгерлік даярлықты өткізу кестесі өзгерген жағдайда резервтегі әскери адамдар бұл туралы бес жұмыс күні ішінде хабардар етіледі.

      9. Резервтегі әскери адамдардың дағдарыстық ахуал кезіндегі жиындардан өтуі дағдарысты ахуалды оқшаулау және жою үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайда бөлімше (мекеме) құрамында іс-шараларды орындауды қамтиды.

      Дағдарыс жағдайы жарияланған кезеңде резервтегі әскери адамдар резервте әскери қызмет өткеретін бөлімшенің бастығы (командирі) айқындайтын тәртіппен және мерзімде бөлімшеге келеді.

      10. Дағдарыс жағдайлары кезіндегі жиындардың басталуы мен аяқталуы туралы шешімді Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы немесе оны алмастыратын тұлға қабылдайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады