GSM-шлюздерді (сим-бокстарды) әкелу, тіркеу, өткізу және қолдану қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің 2025 жылғы 28 қазандағы № 541/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 29 қазанда № 37246 болып тіркелді

      "Байланыс туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабы 1-тармағының 19-24) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған GSM-шлюздерді (сим-бокстарды) әкелу, тіркеу, өткізу және қолдану қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары –
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі
Ж. Мадиев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
орынбасары –
Жасанды интеллект және
цифрлық даму министрі
2025 жылғы 28 қазандағы
№ 541/НҚ бұйрығымен
бекітілген

GSM-шлюздерді (сим-бокстарды) әкелу, тіркеу, өткізу және қолдану қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы GSM-шлюздерді (сим-бокстарды) әкелу, тіркеу, өткізу және қолдану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Байланыс туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 8-бабы 1-тармағының 19-24) тармақшасына сәйкес әзірленді, және GSM-шлюздерді (сим-бокстарды) әкелу, тіркеу, өткізу және қолдану тәртібін анықтайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) байланыс операторы – байланыс қызметтерін көрсететін және (немесе) байланыс желілерін пайдаланатын, Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген жеке немесе заңды тұлға;

      2) мобильді байланыстың жаһандық жүйесі қауымдастығының дерекқоры (GSMA) – абоненттік құрылғының өндірушісі мен моделін оның сәйкестендіру коды бойынша бір мәнді сәйкестендіруге арналған, оның ішінде GSMA қара тізіміне енгізілген бұғатталған мобильді құрылғылар туралы мәліметтерді халықаралық деңгейде қамтитын халықаралық ақпараттық ресурс;

      3) ұялы байланыс қызметтерін ұсынуға рұқсат етілген GSM-шлюздердің (сим-бокстардың) тізілімі (бұдан әрі – ақ тізім) – Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі міндетін атқарушының 2018 жылғы 23 мамырдағы № 226 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17028 болып тіркелді) бекітілген ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын тіркеу қағидаларына (бұдан әрі – СКДҚ қағидалары) сәйкес мәліметтері сәтті верификацияланған және ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларының сәйкестендіру кодтарының дерекқорына енгізілген GSM-шлюздердің (сим-бокстардың) абоненттік құрылғыларының тізімі;

      4) ұялы байланыс қызметтерін ұсынуға тыйым салынған GSM-шлюздердің (сим-бокстардың) тізілімі (бұдан әрі – қара тізім) – ұялы байланыс абоненттік құрылғыларының сәйкестендіру кодтарының дерекқорына енгізілмеген, мынадай негіздер бойынша:

      сәйкестендіру коды GSM-шлюзінің (сим-бокстардың) жаһандық ұялы байланыс жүйесі қауымдастығының (GSMA) дерекқорының қара тізіміне енгізілген;

      GSM-шлюздердің (сим-бокстардың) сәйкестендіру коды дұрыс емес немесе өзгертілген;

      GSM-шлюздерде (сим-бокстарда) өндіруші зауыт берген сәйкестендіру коды жоқ GSM шлюздерінің (сим-бокстарының) тізімі;

      5) ұялы байланыс қызметтерін ұсыну шектелген GSM-шлюздердің (сим-бокстардың) тізілімі (бұдан әрі – сұр тізім) – СКДҚ қағидаларына сәйкес ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларының сәйкестендіру кодтарының дерекқорына уақытша енгізілген ақ және қара тізімдерге енгізілмеген GSM-шлюздердің (сим-бокстардың) тізімі;

      6) ұялы байланыс операторы – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұялы байланыс қызметтерін көрсететін байланыс операторы;

      7) GSM-шлюздер (сим-бокстар) – телефон трафигін жалпыға ортақ телекоммуникация желілерінен және VoIP желілерінен тікелей GSM стандарты ұялы байланыс желісіне және кері аударуға мүмкіндік беретін құрылғылар;

      8) GSM-шлюздердің (сим-бокстардың) автоматты қызмет көрсету жүйесі –иеленушіге USSD сұрау жіберу жолымен немесе СКДҚ қағидаларына сәйкес Жеке кабинет, не ұялы байланыс операторы арқылы басқа да техникалық мүмкіндіктерді пайдалану жолымен абоненттік құрылғыны дербес тіркеу мүмкіндігін беретін кешендік қызмет көрсету жүйесі;

      9) GSM–шлюздердің (сим-бокстардың) сәйкестендіру кодтарының дерекқоры (бұдан әрі – дерекқор) – СКДҚ қағидаларына сәйкес мынадай:

      GSM-шлюздері (сим-бокстары) иеленушілерінің жеке сәйкестендіру нөмірлері (бұдан әрі – ЖСН) (жеке тұлғалар үшін) немесе бизнес-сәйкестендіру нөмірлері (бұдан әрі – БСН) (заңды тұлғалар үшін);

      GSM-шлюздердің (сим-бокстардың) сәйкестендіру кодтары туралы мәліметтерді қамтитын дерекқорды басқарудың аппараттық-бағдарламалық кешені;

      10) GSM-шлюздердің (сим-бокстардың) сәйкестендіру кодтары дерекқорының операторы (бұдан әрі – Дерекқор операторы) – Заңға сәйкес айқындалатын, GSM-шлюздердің (сим-бокстардың) сәйкестендіру кодтарының дерекқорын қалыптастыруды, оның жұмыс істеуін, оны жүргізуді, сүйемелдеуді және дамытуды қамтамасыз ететін және СКДҚ қағидаларына сәйкес осы ресурстарға қол жетімділікті беретін заңды тұлға.

      Осы ретте ұялы байланыс операторлары желіні, ақпараттық жүйелерді және бағдарламалық қамтылымды жаңғырту бойынша барлық шығындарды өздері көтереді, сондай-ақ СКДҚ қағидаларына сәйкес Дерекқор ресурстарына қол жеткізу үшін Дерекқор операторына қызмет ақысын төлейді;

      11) GSM-шлюздің (сим-бокстың) сәйкестендіру коды – өндіруші зауыттың байланыстың құрылғысына беретін коды, ол оған осы құрылғы қосқан кезде ұялы байланыс операторының желісіне беріледі;

      12) GSM-шлюздерді (сим-бокстарды) верификациялау (бұдан әрі – верификация) – GSM-шлюздер (сим-бокстар) туралы мәліметтерді тексеру.

2-тарау. GSM-шлюздерді (сим-бокстарды) әкелу тәртібі

      3. GSM-шлюздерді (сим-бокстарды) әкелуді осы Қағидаларға сәйкес тек байланыс саласында қызметтер көрсетуге лицензиясы бар байланыс операторлары (бұдан әрі – Оператор) ғана жүзеге асырады.

      4. Байланыс саласында қызмет көрсетуге лицензиясы бар операторлардың тізбесі Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің интернет-ресурсында: www.gov.kz/memleket/entities/maidd/about көрсетілген.

      5. Қазақстан Республикасының аумағына GSM-шлюздерді (сим-бокстарды) әкелу тәртібі "Тарифтік емес реттеу шаралары туралы" Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2015 жылғы 21 сәуірдегі № 30 шешімімен және Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2020 жылғы 30 сәуірдегі № 168/НҚ бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20563 болып тіркелді) бекітілген "Импорттан өзгеше жағдайларда, азаматтық мақсаттағы, оның ішінде басқа тауарлардың құрамына кіріктірілген не кіретін радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге қорытындылар және (немесе) олардың импортына лицензия беру" мемлекеттік қызметін көрсету Қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

3-тарау. GSM-шлюздерді (сим-бокстарды) тіркеу

      6. Қазақстан Республикасының аумағында жасалған және Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген GSM-шлюздер (сим-бокстар) тіркеуге жатады.

      GSM-шлюздерді (сим-бокстарды) тіркеу (қайта тіркеу) өтеусіз негізде жүзеге асырылады.

      7. GSM-шлюзді (сим-боксты) тіркеу (қайта тіркеу) үшін оның иеленушісі GSM-шлюздер (сим-бокс) қызмет көрсетудің автоматтандырылған жүйесі арқылы немесе Дерекқор операторының https://www.rfs.gov.kz сайтында көрсетілген кеңсесіне жүгініп, мынадай:

      1) ЖСН (жеке тұлға үшін) немесе БСН (заңды тұлға үшін);

      2) GSM-шлюздің (сим-бокстың) сәйкестендіру коды туралы мәліметтерді ұсынады.

      Сонымен бірге, ұсынылған мәліметтердің дұрыстығына GSM-шлюздің (сим-бокстың) иеленушісі жауапты болады.

      8. Дерекқор операторы осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген мәліметтерді алған сәттен бастап жеке тұлғалар үшін 3 (үш) жұмыс сағаты, заңды тұлғалар үшін 6 (алты) жұмыс сағаты ішінде СКДҚ қағидаларына сәйкес верификация жүргізеді:

      1) дерекқорда GSM-шлюздің (сим-бокстың) басқа иеленушіге тіркелген ұқсас сәйкестендіру кодының болуын;

      2) Қазақстан Республикасының ұялы байланыс желілерінде оны сәтті верификациялау нәтижелері негізінде пайдаланудың заңдылығын растау бөлігінде GSM-шлюздің (сим-бокстың) сәйкестендіру коды туралы Дерекқорда мәліметтердің болуын тексеруді орындайды.

      9. Осы Қағидалардың 8-тармағының 2) тармақшасында көзделген верификация нәтижесінде Қазақстан Республикасының байланыс желілерінде құрылғыны пайдаланудың даңдылығын растау бөлігінде GSM-шлюздың (сим-бокстың) сәйкестендіру коды туралы мәліметтер болмаған жағдайда, Дерекқор операторы осы Қағидалардың 8-тармағында белгіленген мерзімдерде GSM-шлюз (сим-бокс) туралы мәліметтерді сұр тізімге енгізеді.

      Бұл ретте сұр тізімге енгізілген GSM-шлюзға (сим-боксқа) ұялы байланыс қызметтеріне қолжетімділікті ұсыну мерзімі GSM-шлюз (сим-бокс) ұялы байланыс операторының желісіне бастапқы қосылған сәттен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күнді құрайды.

      10. Осы Қағидалардың 9-тармағында белгіленген мерзім өткеннен кейін, Дерекқор операторы жеке тұлғалар үшін 3 (үш) жұмыс сағаты, заңды тұлға үшін 6 (алты) жұмыс сағаты ішінде сұр тізімге енгізілген GSM-шлюздың (сим-бокстың) сәйкестендіру коды туралы мәліметтерді өзектендіру мақсатында оны Қазақстан Республикасының ұялы байланыс желілерінде пайдаланудың заңдылығын растау бөлігінде осы Қағидалардың 8-тармағының 2) тармақшасында көзделген қайта верификациялауды жүзеге асырады.

      11. Верификациялау нәтижелері бойынша Дерекқор операторы жеке тұлғалар үшін 2 (екі) жұмыс сағаты, заңды тұлға үшін 4 (төрт) жұмыс сағаты ішінде GSM-шлюзді (сим-боксты) тіркеуден (қайта тіркеуден) бас тартады, төмендегі негіздер болған жағдайда:

      1) GSM-шлюзді (сим-боксты) қара тізімге енгізу және Операторларға тиісті хабарлама жіберу;

      2) осы Қағидалардың 10-тармағында көзделген GSM-шлюзды (сим-боксты) қайта верификациялаудың теріс нәтижесі, Дерекқор операторы GSM-шлюзі (сим-боксы) туралы мәліметтерді қара тізімге көшіру және Операторларға тиісті хабарлама жіберу.

      12. Дерекқор операторының GSM-шлюзді (сим-боксты) тіркеу (қайта тіркеу) рәсімі мынадай мерзімдерде:

      1) жеке тұлғалар үшін 4 (төрт) жұмыс сағатқа дейін;

      2) заңды тұлғалар үшін 8 (сегіз) жұмыс сағатқа дейін жүзеге асырылады.

      Осыған қатысты мерзім келесі негіздер бойынша сәтті верификациялаудан бастап есептеледі:

      1) GSM-шлюзін (сим-боксын) мобильді байланыстың жаһандық жүйесі қауымдастығы (GSMA) дерекқорының ақ тізіміне енгізу және операторларға тиісті хабарлама жібереді;

      2) осы Қағидалардың 10-тармағында көзделген GSM-шлюзді (сим-боксты) қайта верификациялаудың оң нәтижесі болғанда, Дерекқор операторы GSM-шлюз (сим-бокс) туралы мәліметтерді ақ тізімге көшіру және Операторларға тиісті хабарлама жібереді.

      GSM-шлюзді (сим-боксты) дерекқорда тіркеуге (қайта тіркеуге) дейін Оператор GSM-шлюзді (сим-боксты) өзінің желісінде тіркейді, сонымен бірге GSM-шлюздің (сим-бокстың) байланыс қызметтерін көрсету тоқтатылады.

      13. GSM-шлюздің (сим-бокстың) иеленушісінің GSM-шлюздердің (сим-бокстардың) автоматты қызмет көрсету жүйесі арқылы өтініш (бұдан әрі – Өтініш) беру немесе https://www.rfs.gov.kz сайтында көрсетілген Дерекқор операторының кеңсесіне жүгіну арқылы өз құрылғысын тіркеуден алып тастауға мүмкіндігі бар.

      14. Дерекқор операторы GSM-шлюздің (сим-бокстың) тіркеуден шығару рәсімі мынадай мерзімдерде:

      1) жеке тұлғалар үшін 4 (төрт) жұмыс сағатқа дейін;

      2) заңды тұлғалар үшін 8 (сегіз) жұмыс сағатқа дейін жүзеге асырылады.

      Бұл ретте мерзім Өтінішті алған сәттен бастап есептеледі.

      15. Дерекқоры операторы Өтінішті алған сәттен бастап жеке тұлғалар 3 (үш) жұмыс сағаты, заңды тұлғалар үшін 6 (алты) жұмыс сағаты ішінде осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген мәліметтерді дерекқордан шығарады және Операторларға дерекқордан GSM-шлюзді (сим-боксты) тіркеуден алып тастағаны туралы хабарлайды.

      16. Операторлар GSM-шлюздің (сим-бокстың) тіркеуден алып тастағаны туралы хабарлама алған сәттен бастап 1 (бір) жұмыс сағаты ішінде осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген GSM-шлюз (сим-бокс) туралы мәліметтерді өздерінің оқшауланған жүйелерінен жойып, осы GSM-шлюз (сим-бокс) бойынша байланыс қызметтерін тоқтатуға тиіс.

4-тарау. GSM-шлюздерді (сим-бокстарды) өткізу

      17. GSM-шлюздерді (сим-бокстарды) өткізуді осы Қағидаларға сәйкес Оператор ғана жүзеге асырады.

      18. GSM шлюздердің (сим-бокстардың) артық мөлшері туындаған жағдайда, оператор оларды Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес шарт негізінде байланыс саласында қызмет көрсетуге лицензиясы бар басқа байланыс операторларына өткізуге мүмкіндігі бар.

      Шартқа әрбір берілетін GSM-шлюздердің (сим-бокстардың) атауы, саны және құны көрсетілген қабылдау-тапсыру актісі қоса беріледі.

      19. Қазақстан Республикасы ұялы байланыс желілерінде пайдаланудың заңдылығы сәтті верификациямен расталған GSM-шлюздер (сим-бокстар) өткізуге жатады.

5-тарау. GSM-шлюздерді (сим-бокстарды) қолдану

      20. Оператор ұялы байланыс қызметтерін пайдалану үшін GSM-шлюздерін (сим-бокстарды) пайдаланады.

      21. GSM-шлюздері (сим-бокстары) ұялы байланысты корпоративтік телефон жүйелеріне интеграциялау үшін қолданылады, бұл қоңырау шығыстарын оңтайландыруға және телефон трафигін басқаруда икемділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

      22. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 119 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13340 болып тіркелді) бекітілген Трафикті өткізуді қоса алғанда, телекоммуникация желілерінің қосылу және өзара іс-қимыл жасау қағидаларын және өзара есеп айырысу тәртібіне сәйкес ортақ пайдаланатын телекоммуникация желілеріне және арнайы желілерге бір уақытта қосылатын GSM-шлюздерді (сим-бокстарды) пайдалана отырып, трафикті өткізуді ұйымдастыруға жол берілмейді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады