Автомобиль көлік құралдарын тоқтатқан кезде мемлекеттік кірістер органдары лауазымды адамдарының іс-қимыл жасау қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 23 қазандағы № 622 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 24 қазанда № 37225 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 18-1-бабы 8-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Автомобиль көлік құралдарын тоқтатқан кезде мемлекеттік кірістер органдары лауазымды адамдарының іс-қимыл жасау қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының Қаржы министрі М. Такиев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Реcпубликасының
Қаржы министрі
2025 жылғы 23 қазандағы
№ 622 Бұйрықпен бекітілген

Автомобиль көлік құралдарын тоқтатқан кезде мемлекеттік кірістер органдары лауазымды адамдарының іс-қимыл жасау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Автомобиль көлік құралдарын тоқтатқан кезде мемлекеттік кірістер органдары лауазымды адамдарының іс-қимыл жасау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 18-1-бабының 8-тармағына сәйкес әзірленген және автомобиль көлік құралдарын тоқтатқан кезде ұтқыр топ құрамына енгізілген мемлекеттік кірістер органдары лауазымды адамдарының (бұдан әрі – лауазымды адам) іс-қимыл жасау тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) автомобиль көлік құралын тоқтату – Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының, Еуразиялық экономикалық одақтың (бұдан әрі – ЕАЭО) кеден заңнамасының, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасының сақталуын тексеру мақсатында кедендік бақылау жүргізу үшін кедендік бақылау аймағынан тыс жерлерде автомобиль көлік құралының, оның ішінде тауарларды халықаралық тасымалдауды жүзеге асырмайтын көлік құралының қозғалысын әдейі тоқтату;

      2) ұтқыр топ – кедендік бақылау аймақтарында және олардан тыс жерлерде Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының, ЕАЭО кеден заңнамасының, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасының сақталуын қамтамасыз етуге уәкілетті екі және одан да көп лауазымды адамдардан тұратын лауазымды адамдардың көшпелі тобы.

      3. Лауазымды адамдар "Жол жүрісі қағидаларын, Көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерді, көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түсті-графикалық схемалар бойынша боялуға тиіс жедел және арнайы қызметтер тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 534 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33003 болып тіркелген) Жол жүрісі қағидаларын сақтай отырып, сондай-ақ Кодекстің 18 және 18-1-баптарында және осы Қағидаларда көзделген тәртіппен автомобиль көлік құралын тоқтатады.

2-тарау. Автомобиль көлік құралдарын тоқтатқан кезде мемлекеттік кірістер органдары лауазымды адамдарының іс-қимыл жасау тәртібі

      4. Автомобиль көлік құралын тоқтату кезінде лауазымды адам мынадай іс-қимылдарды жүзеге асырады:

      1) кеудеге тағылатын бейнетіркегішті (бейнежетон) іске қосады;

      2) көлік құралын, оның ішінде халықаралық тауар тасымалын жүзеге асырмайтын автомобиль көлік құралын басқарушы адамға (бұдан әрі – жүргізуші) түсінікті болатын дауыс зорайтқыш құрылғының көмегі арқылы не бір мезгілде ысқырық сигналымен қол немесе таяқша қимылымен белгі береді;

      3) автомобиль көлік құралы тоқтағаннан кейін автомобиль көлік құралына жақындайды, өзін таныстырады және жүргізушінің талабы бойынша таныстыру үшін қызметтік куәлігін немесе сәйкестендіру картасын көрсетеді;

      4) автомобиль көлік құралын тоқтатудың негізін түсіндіреді және жүргізушіге Кодекстің 18-1-бабының 1-тармағына сәйкес автомобиль көлік құралын тоқтату туралы талапты ұсынады, сондай-ақ бейнетіркегішке (бейнежетонға) жазылып жатқаны туралы ауызша нысанда хабардар етеді.

      Автомобиль көлік құралдарын тоқтату туралы талапты тіркеу күнтізбелік жылға басталатын және нөмірленетін, тігілетін және мемлекеттік кіріс органы басшысының (оны алмастыратын адамның) қолымен және мемлекеттік кіріс органының мөрімен бекітілетін автомобиль көлік құралдарын тоқтату туралы талаптарды тіркеудің арнайы журналында жүзеге асырылады;

      5) кедендік бақылауды жүргізу мақсатында автомобиль көлік құралын жолдың жүру бөлігінен тыс жерге өтуін қамтамасыз етуді талап етеді;

      6) жүргізушіден автомобиль көлік құралына және ондағы тауарларға, сондай-ақ көлік құралына және тауарларға арналған құжаттарға қол жеткізуді қамтамасыз етуді сұратады;

      7) жүргізуші ұсынған автомобиль көлік құралын және ондағы тауарларды, сондай-ақ құжаттарды осы Қағидалардың 5-тармағына сәйкес тексереді жүргізеді.

      5. Автомобиль көлік құралын тексеру шеңберінде лауазымды адам автомобиль көлік құралы тоқтаған сәттен бастап екі (2) сағаттан аспайтын уақыт ішінде:

      1) автомобиль көлік құралының мемлекеттік нөмірін, автомобиль көлік құралының сәйкестендіру нөмірін (VIN) автомобиль көлік құралына берілген тіркеу құжаттарында көрсетілген мәліметтермен салыстыруды;

      2) Кодекстің 412 және 413-баптарына, сондай-ақ "Кедендік жете тексеруді және қарап-тексеруді жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 14 ақпандағы № 188 бұйрығына (бұдан әрі – №188 бұйрық) (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16464 болып тіркелген) сәйкес автомобиль көлік құралына және ондағы тауарларға кедендік жете тексеруді және (немесе) кедендік қарап-тексеруді жүргізуді;

      3) Кодекстің 428-бабының 1, 2, 3 және 4-тармақтарына, сондай-ақ "Кедендік бақылаудың техникалық құралдарының тізбесі мен қолдану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 30 қаңтардағы № 84 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16504 болып тіркелген) сәйкес бейнетіркегішті (бейжетонды) және бейнекамераны және өзге де кедендік бақылау техникалық құралдарын пайдаланып фототүсірілімді, аудио- және бейнежазбаны;

      4) салынған сәйкестендіру құралдарының бар-жоғын, бүтіндігін тексереді және оларды көліктік (тасымалдау), коммерциялық және кедендік құжаттарда көрсетілген және (немесе) мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйесінде қамтылған мәліметтермен салыстыруды;

      5) сәйкестендіру құралы салынған жағдайда автомобиль көлік құралының жүк бөлімі тентінің және біріктіру арқанның бүтіндігін тексереді;

      6) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына, ЕАЭО құқығын құрайтын актілерге және заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуге тыйым салынған тауарлардың жоқтығын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына, ЕАЭО құқығын құрайтын актілерге және заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуге шектеу қойылған тауарларға қатысты шектеулердің сақталуын тексереді;

      7) кедендік және өзге де құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеруді, автомобиль көлік құралындағы тауарлар туралы мәліметтерді (сипаттамаларды) көліктік (тасымалдау), коммерциялық, рұқсат беру және тасымалданатын тауарларға арналған кедендік құжаттарда көрсетілген мәліметтермен салыстыруды жүзеге асырады.

      Бұл ретте кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тасымалданатын автомобиль көлік құралдары бойынша, сондай-ақ көліктік (тасымалдау), коммерциялық және өзге де құжаттарда көрсетілген тауарлар туралы мәліметтерді транзиттік декларацияда мәлімделген және мемлекеттік кірістер органының ақпараттық ресурстарында қамтылған мәліметтермен салыстыру жүргізіледі;

      8) сәйкестендіру құралдарымен міндетті таңбалануға жататын тауарларды таңбалау туралы мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйесінде бар мәліметтерді пайдалана отырып, оларды санау арқылы тексереді.

      6. Егер автомобиль көлік құралын тексеру кезінде сәйкестендіру құралдары алынған жағдайда, лауазымды адам мұндай сәйкестендіру құралдарын ауыстырады немесе жүргізушіге оларды ауыстыруға рұқсат береді және Қазақстан Республикасының Кодексінің 427-бабы 5-тармағының екінші абзацында көзделген сәйкестендіру құралдарын өзгерту, алып тастау, жою немесе ауыстыру туралы акт жасайды не ұсынылған көліктік (тасымалдау), коммерциялық немесе кедендік құжаттарға сәйкестендіру құралдарының өзгертілгені, алып тасталғаны, жойылғаны немесе ауыстырылғаны туралы белгі қояды.

      7. Автомобиль көлік құралын тексеру аяқталған кезде лауазымды адам Кодекстің 18-1-бабы 3-тармағына сәйкес уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша автомобиль көлік құралын тоқтату туралы актіні (бұдан әрі – АКҚ тоқтату туралы акт) 2 (екі) данада жасайды, оның бір данасы жүргізушіге табыс етіледі, ал екіншісі материалдарға тіркеледі.

      8. Кедендік бақылау нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын, ЕАЭО кеден заңнамасын, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасын бұзу белгілері анықталған және (немесе) расталған жағдайда лауазымды адам Кодекстің 18-1-бабының 4-тармағында айқындалған сақтау орнына кедендік жете тексеруді және (немесе) кедендік қарап тексеруді жүргізу туралы шешім қабылдайды.

      Лауазымды адам автомобиль көлік құралы тоқтатылған жерде жүргізушіге АКҚ тоқтату туралы актімен бірге Кодекстің 18-1-бабының 4-тармағына сәйкес уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша автомобиль көлік құралын сақтау орнына жеткізу туралы талапты береді.

      9. Осы Қағидалардың 8 және 10-тармақтарында көзделген құжаттарды бергеннен кейін, лауазымды адам жүргізушінің автомобиль көлік құралын және ондағы тауарларды сақтау орнына дейін жеткізуін алып жүреді.

      Жүргізуші автомобиль көлік құралын сақтау орнына жеткізу туралы талапты орындаудан бас тартқан не ол мұндай талапты орындамаған кезде автомобиль көлік құралы мен ондағы тауарлар осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес ұсталуға жатады.

      Бұл ретте ұсталған автомобиль көлік құралдарын және ондағы тауарларды сақтау орнына тасу (тасымалдау) уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

      10. Жүргізушіге, сондай-ақ автомобиль көлік құралын тоқтаған немесе сақтау орнында болған автомобиль көлік құралына және (немесе) тауарларға қатысты өкілеттігі бар басқа тұлғаға (оның уәкілетті өкіліне), лауазымды адам №188 бұйрықпен бекітілген Кедендік жете тексеруді және қарап-тексеруді жүргізу Қағидаларына 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша кедендік жете тексеруді және (немесе) кедендік қарап-тексеруді жүргізудің орны мен уақыты туралы хабарламаны табыс етеді.

      11. Фототүсірілімдер, аудио және бейнежазбалар цифрлық форматта мемлекеттік кірістер органының серверлерінде 3 (үш) жыл бойы сақталады.

      12. Жүргізуші Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік (сотқа дейінгі) немесе сот тәртібімен мемлекеттік кірістер органдарының және (немесе) оның лауазымды адамдарының шешіміне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдануға (дау айтуға) құқылы.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады